Таксономиясы.

Тұқымдастығы: Coxiellaceae.

Туыстастығы: Coxiella

Түрі: Coxiella burnetii.

Морфологиясы мен дақылдандырылуы. Олар грам теріс, қозғалмайтын, майда кокк немесе таяқша тәрізді құрылымдар. Coxiella burnetii вирустардан зат алмасуының автономдылығымен ерекшеленетін облигатты жасушаішілік паразиттер. Жасуша дақылында, тауық эмбрионының сарыуыз қапшығында өсіріледі.

Резистенттілігі.Физикалық, химиялық факторларға тұрақты. 90 градусқа дейін қыздырғанда 1 сағаттан аса сақталады, қоршаған ортада ұзақ сақталады.

Эпидемиологиясы, клиникалық көріністері.Қоздырғышқа зертханалық және ауылшаруашылық жануарлары өте сезімтал. Ку-қызбасы барлық жерде таралған. Сүткқоректілер, құстар, буынаяқтылардың көптеген түрлерінде Coxiella burnetii паразиттік өмір сүреді. Үй жануарлары мен кеміргіштердің кейбір түрлері эпидемиялық қауіптілік тудырады. Қоздырғыштың табиғи ошақтардағы таралу жолы – трансмиссиялық (кенелердің 70 астам түрлері). Ауылшаруашылық ошақтарында инфекция көзі ірі және ұсақ қара малдар, жылқылар, түйелер болып табылады. Қоздырғыш ауа – тамшылы жолмен (ауру жануардың терісін өңдегенде) және тағам арқылы (ауру жануардың сүт және сүт өнімдерін қолданғанда) жұғады. Науқас адамнан сау адамға ауру жұқпайы. Қоздырғыш қанға түсіп, көптеген ағзаларға таралады, әсіресе өкпені зақымдайды. Ағымы қызбалық аурулар сияқты.

Иммунитеті.Ку – қызбамен ауырғандарда ұзаққа созылатын тұрақты иммунитет қалыптасады, қайталап ауыруы сирек кездеседі.

Микробиологиялық диагноз қою.Қаннан, қақырықтан, зәрден қоздырғышты бөліп алуға негізделген. Осы мақсатпен науқастан алынған материалды теңіз шошқасына, тышқандарға жұқтырады. Теңіз шошқасының көкбауырынан қоздырғышты тауып, тауық эмбрионында дақылдандыру жолымен бөліп алады. Серологиялық диагноз қою үшін АР, КБР, ИФТ қолданылады, антигенмен тері – аллергиялық сынама жүргізілуі мүмкін.

Емдеуі.Антибиотиктерден тетрациклин (тетрациклин, доксициклин, моноциклин) және хинолон қатарын (ципрофлоксацин, офлаксоцин және т.б.) қолданады.

Алдын алуы.Бейспецификалық алдын алу үшін санитарлық- ветеринарлық шаралар жүргізіледі. Иммунитет тудыру үшін М-44 штамынан алынған тиімді тірі вакцина қолданылады

14.8. Спирохеталар және басқа ирекше, иілген бактериялар

Таксономиясы. Спирохеталар Spirochaetaсеае, Treponemataceae, Leptospiraceae, Brachyspiracae тұқымдастығына біріктірілген, Spirochaetaes сыныбына, Spirochaetales қатарына жататын Treponema, Borrelia, Leptospira, Brachyspira туыстастығының медицинадағы орны ерекше.

Морфологиясы. Спирохеталар (spira - иірім, chaite- шаш) иірімделген, нәзік, қозғалғыш бактериялар. Спирохета денесі протоплазматикалық цилиндрді қоршайтын көп қабатты сыртқы жасушалық қабықшадан тұрады. Протоплазматикалық цилиндр цитоплазмалық мембранамен қоршалған цитоплазманы құрайды. Протоплазмалық цилиндрдің айналасында, жасуша қабығының тереңінде қозғалатқыш аппарат орналасады, ол периплазматикалық талшықтардан (фибриллалардан – эндоталшықтар ) құрылған. Фибриллалар қабықша мен протоплазматикалық цилиндр арасында орналасады. Фибриллалардың бір ұшы цитоплазмалық цилиндрдың полюсына, блефаропластқа тіркелген, ал келесі ұшы бос. Жасушаның екі шетінен саны бірдей фибриллалар шығады. Бір жасушада периплазматикалық фибриллалардың саны спирохета түріне байланысты 2-100 дейін болады. Лептоспираларда бұл эндоталшықтар қабықшаға бекіп, өстік жіпшені құрайды. Периплазматикалық фибриллалар спирохеталардың қозғалғыш аппараты болып келеді(өз өсінде айналу, иілу, жылжу). Олар талшықты бақтерияларға қолайсыз қоймалжың ортада қозғалуға қабілетті. Капсулалары мен споралары болмайды, бірақ циста тәрізді құрлым түзуге қабілетті.Спирохеталар-Грам теріс. Дифференциалды бояу тәсілі – Романовский-Гимзе әдісі. Осы бояу әдісімен туыстасық ерекшелігін ажыратуға болады. Күмістендіру әдісімен де бояуға болады.

Дақылдандыруы және ферменттік белсенділігі. Хемоорганотрофтар. Спирохеталардың арасында аэробтар, микроаэрофилдер, факультативті анаэробтар және қатал анаэробтар кездеседі. Көміртек және энергия көзі ретінде көмірсулар, амин қышқылдар, липидтерді туыстық ерекшелігі бойынша қолданады. Жасанды қоректік орталарда өсуі таксономиялық және тіршілік жағдайына байланысты. Дақылдандыру үшін күрделі қоректік орталарды қажет етеді, құрамында сарысу, тіндік экстракттар болуы қажет. Өсуі баяу. Осы қатардың кейбір өкілдері қолайсыз жағдайларда циста және L-пішінге айналады. Спирохеталар көлденеңінен бөлініп көбейеді, кейде циста түзіп және дәндерге бөлшектеніп көбейе алады.

Эпидемиологиясы. Спирохеталардың арасында суда, топырақта өз бетінше тіршілік ететін, және де әр түрлі жануарлармен ассоцияцияланған жағдайда болатын түрлері кездеседі. Адам патологиясында үш туыстастық маңызды: трепонема, боррелия, лептоспира. Трепонемалар - мерез, фрамбезия, пинта, беджель; боррелиалар – эпидемиялық, биттік, аргастық кенелік беррелиоздар, иксод кенелік боррелиоздар, қайталама сүзек; лептоспиралар - лептоспироз, брахиспироз ауруларын қоздырады.

14.8.1. Трепонемалар (Treponema туыстығы)

Морфологиясы мен тинкториалдық қасиеттері.Трепонема туыстастығына 10 түр және түршелер жатады. Грам және Романовский-Гимзе бояу әдістерімен нашар боялады. Морфологиясы күміспен импрегнациялау, фазалы-контрастты және түнекайдынды микроскопта қарау әдісімен анықталады. Жасушаның әр полюсында бір фибриллалар орналасады. Сұйық қоректік орталарда бір мезгілде айналмалы және үдемелі қозғалулар жасайды.

Ферменттік белсенділігі. Патогенді трепонемалар микроаэрофилдер, жасанды қоректік орталарда өспейді. Патогенді емес трепонемалар катал анаэробтар, күрделі қоректік орталарда өседі.

Эпидемиологиясы. Табиғатта бос тіршілік ететін трепонема туыстастығының түрлері кездеспейді. Трепонемалар әртүрлі жануарлардың ауыз қуысында, асқорыту жолдарында, жыныс мүшелерінде мекендейді. Адам ауыз қуысы микрофлорасында трепонемалардың келесі түрлері кездеседі: Treponema denticola, Treponema macrodenticum, Treponema orale, Treponema vincentii. Соңғы түрі фузобактериялармен бірлесіп фузоспирохетоз дамуына қатысады – Венсан-Плаут-некрозды баспа (ангина) қоздырады.

Адамның патологиясында Treponema pallidum маңызды рөл атқарады: үш түршеге бөлінеді - pallidum (мерез қоздырғышы), endemicum (эндемиялық мерез қоздырғышы), pertenue (фрамбезия қоздырғышы) және carateum (пинта қоздырғышы).

14.8.1.1. Мерез. Бозғылт трепонема (Treponema pallidum).

Мерез – Treponema pallidum, (pallidum түршесі ) тудыратын жүйелі, созылмалы, жұқпалы венерологиялық ауру.