Таксономиясы.

Тұқымдастығы: Ricketsiacеае.

Туыстастығы: Rickettsia.

Түрі: Rickettsiaricketsii.

Дақылдандыруы. Сезімтал жасушаның цитоплазмасы мен ядросында өмір сүреді. Әр түрлі кене ағзаларында және дақылдық жасушаларда жақсы өсіп - көбейеді. Тауық эмбрионының сары қапшығында және теңіз шошқаларының ағзасында жинақталады. Жасуша дақылдарында негативті колониялар (ақтандақтар) түзеді, гемолитикалық қасиеті айқын көрінеді. Сезімтал биологиялық үлгі ағзаларында токсикоз тудырады. Романовский - Гимзе немесе Гименес әдістерімен жақсы боялады.

Патогенділік және антигендік қасиеттері. Қоздырғыштың табиғаттық штамының вируленттілігі кең көлемде құбылмалы. Осы топқа жатататын риккетсиялармен жалпы антигенге ие.

Резистенттілігі. Қоршаған орта факторларының әсеріне тұрақсыз. Кең қолданылатын дезинфектанттар әсерінен жылдам жойылады. Дегенмен, кене ағзаларында бірнеше айлар сақталады.

Эпидемиологиясы.Әр түрлі туыстастыққа жататын кенелер арқылы тарайды: орман кенесі – D.andersoni, D.occidentalis, ит кенесі - D.vaziabilis, бразилиялық кене - A.cajensis, A.ameircanum, A.masculatum, A.cayennense. Зертханаларда құрамында риккетсиялары бар аэрозоль арқылы жұғу мүмкін.

Ауру Америка аймағынан басқа жерде кездеспейді. Табиғатта қоздырғыштың айналымы жабайы жануарлар, кеміргіштер және кенелер арқылы, ал адамдар арасында – ит пен кене көмегімен жүреді. Бұл аурумен балалар мен жас өспірімдер жиі ауырады: еркектер екі есе жиі ауырады. Ауру жаз айларында жиі кездеседі.

Патогенезі мен клиникалық көріністері. Жасырын кезеңі орташа 6-8 (2-14 күн) күн. Басталуы – жедел (бастың қатты ауыруы, жарықтан қорқу, миалгия мен құсу), клиникалық көріністері жайылмалы панваскулиттің нәтижесінде дамиды, содан кейін қан құрамында коагуляциялық - антикоагуляциялық және комплемент жүйелерінде бұзылыстар пайда болады. Диагноз қоюда үштік белгілерге назар аудару қажет: кененің шағуы және сонымен қарым - қатынаста болуы; бүкіл денесіне таралған және алақан мен табаңда да орналасатын макулалық-папулалық бөртпелер; жоғары температурамен сипатталатын қызба. Көбінесе кене шаққан жерінде алғашқы аффект болмайды. Ем қабылдамағанда өлім жітім 35% жетеді.

Иммунитеті.Толық зерттелмеген, ол туралы әдеби мәліметтер жарияланбаған.

Микробиологиялық диагноз қою. Қорытынды диагнозы серологиялық әдіспен дәлелденеді: КБР, ЖИФР т.б.

Емдеуі. Кең спектрлі антибиотиктер қолданылады (тетрациклин, диоксициклин).

Алдын алуы.Жалпымедициналық сақтану шаралары қолданылады. Арнайы алдын алу, яғни вакцина егу жасалмаған.

14.7.2. Ориенциялар (Цуцугамуши қоздырғышы)

Цуцугамуши (жапон тілінен аударғанда кене ауруы дегенді білдіреді, синонимі жапондық өзен қызбасы) - алғашқы қабыну ошағы теріде болатын, бөртпе шығатын, лимфа түйіндерінің ұлғаюымен сипатталатын Orientia tsutsugamushi тудыратын жұқпалы табиғи - ошақты ауру. Ауру қоздырғышын 1930 жылы жапон ғалымдары Нагайо мен Огата ашты.

Таксономиясы. Orientia tsutsugamushi (бұрын Riсkettsia tsutsugamushi) түрі 6 серологиялық варианттардан тұрады. Ориенциялар – грам теріс таяқша тәрізді бактериялар,

Тұқымдастығы: Rickettsiacеае.

Туыстастығы: Orientia.

Түрі: Orientia tsutsugamushi.

Морфологиясы мен дақылдандыруы.Риккетсия жасушалары кокк пішінді немесе таяқша пішінді. Жасушалар өлшемдері 0,3 - 0,5 мкм х 0,8 - 2 мкм. Грам теріс боялады. Романовский - Гимзе әдісімен бояғанда қара күлгін түске боялады және мононуклеарлы жасушалардың цитоплазмасында орналасады, ядросына енбейді. Ауру қоздырғышы сарыуыз қапшығында, сүтқоректілер жасушаларында, тауық эмбрионының хорионаллантоис қабығында дақылданады. Токсин түзеді.

Антигендік қасиеті.2 антигені бар: ерітілген жіне корпускулярлы. Антигендік қасиеті бойынша Orientia тsutsugamushi сероварларға (Gillian, Karp, Kato, Fan, Schon, Kawasaki, Kuroki, Shimoshi және т.б.) бөлінеді. Зертханалық жануарлардың арасынан маймылдар, теңіз шошқалары, атжалмандар, суырлар, ақ тышқандар бұл ауруға сезімтал және оларда инфекцияның жайылмалы түрі дамиды.

Резистенттілігі.Orientia тsutsugamushi кептіруге, қоршаған орта әсерлеріне төзімді. Бөлме температурасында тез жойылмайды, -70оС температурада ұзақ уақыт сақталады. Дезинфектанттарға сезімтал.

Эпидемиологиясы. Ауру табиғи - ошақтық инфекцияқа жатады. Инфекция көзі - тышқан тәріздес кеміргіштер. Ауру қоздырғышын тасымалдаушы – тұқымдастығы Trombiculidae (туыстастығы Leptotrombidiumжәне Neotrombicula) қызыл денелі кене дернәсілі. Қоздырғыш табиғатта кеміргіштерде, қалталы және жәндіктермен қоректенетін жануарларда сақталады. Ауру дернәсілдердің анағұрлым белсенді кезеңінде, яғни маусым - қыркүйек айлар аралығында тіркеледі, және де Қиыр Шығыста жиі кездеседі.

Патогенезі мен клиникалық көріністері. Риккетсиялар ауру кенелердің дернәсілдері шаққанда ағзаға түсіп, қанға енеді. Қан тамырларының эндотелиінде көбейіп, түйіндер түзеді. Ауру жалпы әлсіздікпен басталады. Инкубациялық кезеңі 7 күннен 18 күнге дейін созылады. Клиникалық көрінісі қызбамен, бөртпемен сипатталады; аурудың ағымы ауыр, өлім-жітімдігі жоғары. Ауру 2 - 3 аптаға созылады. Ауыр жағдайда ОЖЖ мен жүрек - қантамыр жүйесі зақымданып энцефалит, гепатит, нефриттер дамып, көкбауыр үлғаяды.

Иммунитеті. Аурудан кейін иммунитет ұзаққа созылмайды, тұрақсыз, штамдық - арнайылық. Қайталап ауыру байқалады.

Микробиологиялық диагноз қою антиденелерді анықтауға негізделеді: КБР, ГАТР, ИФТ. Басқа бөртпе сүзектермен дифференциациялау қажет. Ауру қан сарысуында антиденелер 2-ші аптаның аяғында пайда болып 5 - 6 апта сақталады. Микроиммундыфлюоресценция реакциясын қояды. Барлық O. тsutsugamush-дiң 3 классикалық штамдары (Gillian, Karp, Kato сероварлары) ауру сарысуымен 1:1024 титрінде әсерлеседі. Теріс нәтижелі титр 1:64. Сондай-ақ бірнеше антигенмен КБР, ELISE реакциясы, иммунды пероксидазамен қойылатын реакциялар қолданылады. Риккетсия ДНҚ-ын (ПТР көмегімен) анықтауға болады. Ауру қоздырғышының таза дақылын бөліп алу үшін аурудан бірінші күні алынған қанды (0,1-0,2 мл) ақ тышқандарға жұқтырады.

Емдеуі.Тетрациклин қатарындағы антибиотиктер мен левомицетин, доксициклин және хлорфеникол қолданылады.

Алдын алуы. Адамдарды қызыл денелі кенелердің (дернәсілдердің) шағуынан қорғау және оларды жою. Арнайы алдын алуы жоқ.

14.7.3. Коксиеллалар (Ку– қызбаның қоздырғышы)

Қу-қызбасы - (ағылшынша Query – белгісі анық емес) – клиникалық көрінісі полиморфты, өкпенің зақымдалуымен сипатталатын, Coxiella burnetii тудыратын зоонозды жұқпалы ауру. Алғашқы рет 1937 жылы Ф. Бернет және М. Фримен Австралияда ауру адамнан бөліп алған.