Риккетсиялар
Rickettsiacеае тұқымдастығы - грам теріс облигатты жасушаішілік паразиттер тобы, олар адамдарды, жануарлар, құстар және буынаяқтыларды зақымдайды. Барлық риккетсиялар облигатты жасуша ішілік паразиттер болып келеді. Риккетсиялар вирустар мен бактериялар арасынан орын алады. Вирустар сияқты, риккетсиялар майда пішінді микроорганизмдерге жатады және мезоэндотелия жасушаларының ядросы мен цитоплазмаларында өсіп өнеді. Қарапайым қоректік орталарда өспейді, тірі және ауыспалы жасушаларда дақылданады. Бактерияларға ұқсас нуклейн қышқылының 2 түрі (ДНҚ мен РНҚ) бар, көп қабатты жасуша қабығы бар және цитоплазмасында дәнге ұқсас қосындылары бар, L-пішінге өте алады, гемолизин, токсиндер түзеді, фагтары бар. Арнайы антигендік қасиетке ие. Риккетсия жасушалары полиморфты:
кокк пішінді, овоидты-эллипсоидты, диаметрі 0,2 - 0,5 мкм, гомогенді - дәнді, осы пішінде иесінің жасуша ішінде жиі кездеседі, бұл пішін қоздырғыштың жедел жасуша іші көбейгенін көрсетеді;
таяқша пішінді – ұзындығы 1-4 мкм, протоплазмасы нашар боялатын, екі шетінде бір дәннен орналасқан, қоздырғыштың интенсивті көбеюімен сипатталады;
жіптәрізді немесе «мицелиальды» - ұзындығы 10 - 40 мкм нашар боялатын көп дәнді протоплазмамен, инфекцияның басталумен сипатталады;
ұзынша таяқшалар - 0,5 х 3 - 4 мкм, екі ұшында 2 - 4 жұп дәндері (үлкендігі 20 - 70 нм) бар, баяу көбеюмен сипатталады.
Эпидемиологиясы. Адам және жануарлар арасында таралуы тасымалдаушылардың (кенелер, биттер) көптігімен байланысты. Риккетсиялар тудыратын аурулардың жалпы аталуы - риккетсиоздар. Риикетсиоздар – дене қызбасымен сипатталатын трансмиссивті аурулар тобы.
Таксономиясы. Rickettsiaceae тұқымдастығы келесі туыстастықтардан тұрады: Rickettsia, Orientia, Ehrlichia, Coxiella. Қазіргі жіктелуі бойынша Rickettsiaсeae тұқымдастығы альфа-1 - протеобактериялар класына жатады және 3 туыстық кіреді: Rickettsia, Orientia, Ehrlichia. Coxiella туыстығы осы тұқымдастықтан шығарылып гамма-протеобактериялар класына жатқызылған. Альфа-2 - протеобактерияларға Bartonellaceae тұқымдастығы жатқызылған.
14.7.1. Бөртпе сүзек тобына жататын риккетсиялар.
Эпидемиялық бөртпе сүзегі (Typhus exanthematicus және Брилль-Цинссер аурулары) – Rickettsia prowazekii тудыратын жұқпалы ауру, дене қызбасы, арнайы бөртпелермен, ОЖЖ және қан тамырларының зақымдануымен өтетін антропонозды жедел жұқпалы ауру.
Таксономиясы. Бөртпе сүзегінің қоздырғышы осы инфекцияны ашу жолында қайтыс болған АҚШ ғалымы Н. Риккетс және Чехия ғалымы С. Провацек құрметіне аталған.
Тұқымдастығы: Rickettsiacеае.
Туыстастығы: Rickettsia.
Түрі: Rickettsia prowazekii.
Морфологиясы, дақылдандыруы және антигендік қасиеті.R. prowazekii - грам теріс таяқшалар, Романовский - Гимзе әдісі бойынша қызыл түске боялады. Олардың субмикроскопиялық құрылысы грам теріс бактериялардың құрылымына ұқсас. Жаусуша ішіндегі R. рrowazekii-ді электронды микроскопта қарағанда микрокапсуласын көруге болады.
Негізгі екі антигені бар: беткейлі орналасқан термостабилді топтық- спецификалық липополисахарид және ерімейтін соматикалық түрлік-спецификалық термолабилді ақуызды - полисахаридті кешен. Провацек риккетсиясының генетикалық инженерия әдісімен үш ақуызды антигені анықталды. Бөртпе сүзегінің қоздырғышы - жасуша цитоплазмасында көбейетін жасушаішілік паразит. Токсикалық және гемолитикалық қасиетке ие. Оны тауық эмбрионының сары уыз қапшығында, жасуша дақылында және сезімтал жануарларда (тышқан, теңіз шошқасы, ор қоян) өсіреді.
Провацек риккетсиясы қоршаған ортаға тұрақсыз. Жоғары температураға, антибиотиктерге, дезинфекция ертінділеріне өте сезімтал, дегенмен төменгі температурада, биттің құрғақ экскременттерінде ұзақ сақталады (6 тәуліктен 3 жылға дейін).
Эпидемиологиясы. Инфекция көзі – ауру адам. Тасымалдаушысы науқастың қанын сорған киім биттері. Риккетсия бит ішегінің эпителийінде көбейеді және де ішек қуысына бөлінеді, биттердің сілекей бездерінде және қан сорғыш мүшесінде риккетсиялар болмағандықтан шаққан кезде жұқпайды. Адамның зақымдануы бит шаққан жерді қасыған кезде олардың экскременттерін теріге жағып, риккетсиялардың кіруіне жағдай жасалынады. Бөртпе сүзегінің пайда болуы мен таралуы биттеумен (педикулез) байланысты. Бөртпе сүзегі көне заманнан белгілі, дегенмен жеке ауру ретінде XIX ғасырдың аяғында тіркелді. Ауру барлық жерде кездеседі. Бөртпе сүзегінің эпидемиясы соғыс, аштық, әлеуметтік дағдарыстарға, яғни санитарлық-гигиеналық деңгейдің, адамдардың өмір сүру жағдайларының төмендеуіне байланысты. Бұрынғы кезде өлімге шалдығуы 80% дейін болған. Қазіргі уақытта бірен-саран (спорадикалық жағдайда), көбінесе Брилль-Цинссер ауру түрінде кездеседі. Бұл ауру бұрын бөртпе сүзегімен ауырғандарда қоздырғыш тасымалдаушы болмасада дамитын эндогенді спорадикалық инфекция. Аурудан биттерге жұғып, бөртпе сүзегінің эпидемиясы қайта дамуы мүмкін. Бөртпе сүзегінің қоздырғышына адам организмі қыс-көктем уақытында сезімтал болып келеді. Ал Брилль-Цинссер ауруы жыл мезгіліне тәуелді емес және қарт адамдар ауырады. Ауру дамуына хирургиялық ауыр операциялар, аштық, басқа аурулар, стресс септік болуы мүмкін.
Патогенезі.Риккетсиялар қанға түсіп, қан тамырларының қабырғасында орналасқан эндотелий жасушасына енеді, сонда көбейеді және эндотоксин бөледі. Токсин әсерінен эндотелий жасушалары бұзылып, риккетсиялар қайта қанға түседі. Ұсақ қан тамырлардың, капиллярлардың зақымдануына байланысты мида, бүйректе, миокардта және басқа да ағзаларда микроайналым бұзылуы нәтижесінде менингоэнцефалит, миокардит, гломерулонефрит дамиды. Науқас жазылған соң риккетсиялар адам ағзасында ұзақ уақыт сақталуы ықтимал, бұл бөртпе сүзегінің рецидивтік түріне әкелуі мүмкін.
Клиникалық көріністері.Инкубациялық кезеңі - орташа 12 - 14 тәулік. Ауру ағымын 3 кезеңге бөледі: бірінші 4 - 5 күн бөртпе пайда болғанша; аурудың масимальды айқындалуы 5 - ші күннен 10 - 12-ші күнге дейін; реконвалесценция кезеңі (2 - 3 апта). Аурудың белгілері бойынша ауыр, орташа және жеңіл түрге бөлінеді. Аурудың негізгі белгілері: дене температурасы 38 - 390С, сандырақтау, естудің нашарлауы, бастың қатты ауыруы, миалгия, қан тамырларының зақымдану әсерінен розеолозды-петехиальды бөртпемен сипатталады. Ауру дене қызуының көтерілуімен, бастың қатты ауыруы, ұйқысыздық, сандырақтаумен басталады; 4 - 5 күннен кейін тері капилляларының кеңеюі және оның зақымдану нәтижесінде ерекше бөртпелер пайда болады. Ауыр жағдайда жүрек және ми зақымдануының асқынулары дамуы мүмкін.
Организмде ауруға қарсы пайда болған иммунитет әсерінен Брилль-Цинссер ауруы жеңіл өтеді. Бөртпе розеолозды және аз мөлшерде, олардың дамуы мен сипаты бөртпе сүзегіне ұқсас.
Микробиологиялық диагноз қою.Науқас ағзасынан риккетсияны бөліп алу қиындықтар тудырады. Негізгі диагноз қою әдісі – серологиялық. Науқастардан алынған әртүрлі материалдардан (қан сарысуы) риккетсиялық антиген немесе антиденелерді анықтау үшін ПГАР, АР, КБР, ИФР, ИФТ қолданылады. Бөртпе сүзегінің және Брилль-Цинссер ауруын ажырату «иммунологиялық ес» феноменіне негізделген. Бөртпе сүзегінде алғашқыда IgM, содан кейін IgG түзіледі. Ал, Брилл ауруында IgG тез түзіледі.
ПГАР. Гетерогенді аглютининдерден босату үшін зерттелінетін сарысуды 30 мин 560 С-та қыздырып изотоникалық ерітіндімен 1:10-нан 1:5120-ға дейін сұйылтады. Қой эритроциттерін сезімтал ету үшін (диагностикум дайындау) R. рrowazekii ерітілетін фракциясынан тұратын құрғақ антигенді жиі қолданады. Сарысудың максимальды титрін анықтайтын антигеннің жұмыс мөлшерін алдын ала анықтайды. Пробиркада немесе ойшықтарда 0,4 мл антиген ерітіндісін 0,1 мл үш мәрте натрий хлоридінің изотоникалық ерітіндісімен шайылған сезімталды эритроциттермен араластырады. Бақылау алдын ала иммунды және қалыпты сарысумен сезімталдырылған эритроциттер; сезімталмаған эритроциттер зерттелінетін сарысумен және сарысусыз, сондай-ақ сарысу тек қана құйылған пробиркаларда атқарылады. Реакция талдауы 370 С-та 2 сағат инкубациялағаннан кейін бақылауда эритроцит тұнбаға түскенде жүргізіледі. Сосын талдауды 24 сағат бөлме температурасында инкубациялағаннан кейін, эритроциттер «қолшатыр» мен «түйме» тәріздес тұнба түзуіне қарай қорытынды жасалады... Диагностикалық титр 1:250 болып есептеледі және қайта қойғанда титрі өседі.
Агглютинациялық реакция R. рrowazekii-мен (Вейгля реакциясы) микросопиялық әдіспен шыныда немесе макроәдіспен пробиркада қояды (Мосинг, Шульман бойынша және т.б.). Микроскопиялық агглютинацияда зертелінетін сары судың сұйылтуларын (1:20, 1:40, 1:80 және т.б.) ілмекпен шеттеріне вазелин жағылған жабын шыныларға енгізеді. Оған жіңішке созылған пастер түтікшесімен натрий хлоридінің изотоникалық ерітіндісінде араластырылған жұмыртқа сарыуызында, кеміргіштердің өкпесінде дақылданған R. рrowazekii-дің корпускулярлы антигенін немесе құрғақ антигенін қосады. Жабын шынының ортасына антигенді бақылауға тамызады. Оны ойығы бар заттық шыныға жабады. РАР нәтижесін 370 С-та 1 - 2 сағат немесе бөлме температурасында 24 сағат инкубациялағаннан кейін диафрагмасы тарылған микроскопта қарап тіркейді.
КБР. Реакцияда корпускулярлы немесе ерітілген антиген қолдалынады. КБР жалпы кесте бойынша қояды: көлемі – 1,25 мл, суықта (40 С-та 18 сағат) немесе термостатта (370 С-та 1 сағат) байланысады. Комплементті мұқият титрлейді. Гемолитикалық жүйені 370 С-та 30 минут инкубациялағаннан кейін қосады. Бөртпе сүзегін эндемиялық сүзектен ажырату үшін R. рrowazeki-лік екі антигенмен және Музер антигенімен (R. typhi) қояды. Бөртпе сүзегінде диагностиаклық титрі аурудың 6-8 күні 1:80 және жоғары, 2-4 аптада кейін 1:1280-1:5150 болып есептеледі. Бөртпе сүзегімен бұрын ауырғандарда рекация нәтижесі оң болады.
Емдеуі. Риккетсиоздарды емдеу үшін ең қолайлысы - тетрациклин, левомицетин, рифампицин т.б. антибиотиктер қолдану.
Алдын алуы.Биттеудің алдын алу және жою шараларын жүргізу қажет. Арнайы сақтандырудың яғни тірі әлсіз вирулентті вакцина (ЖКСВ-Е) егудің тек қана қосымша маңызы бар. Отан соғысы жылдары өлтірілген вакцина кең қолданылды. Құрғақ аралас бөртпесүзек вакцинасы шығарылады: ерітілген Провачек риккетсиясының антигені (вирулентті Брейнль штамм) және лиофильді кептірілген стерильді сиыр сүтіндегі Провачек риккетсиясы (авирулентті штамм - Мадрид Е). Тері астына 0,25 мл вакцина енгізгенде 2 жылдан аз емес уақытқа созылатын иммунитет дамиды, 2 жылдан кейін ревакцинация жүргізіледі.
14.7.1.1. Эндемиялық (бүргелік) бөртпе сүзегінің қоздырғышы
Эндемиялық немесе атжалмандық бөртпе сүзегі (табардилло) – атжалмандарда кездесетін зоонозды жедел қызбалы ауру. Инфекция қоздырғышы – Rikettsia typhi, биологиялық және антигендік қасиеті бойынша Провацек риккетсиясына ұқсас, қоздырғыштың тасымалдаушысы – бүргелер болып табылады. Инфекция қоздырғышын 1917 жылы M.N. Neil ашты. Бұл ауру атжалмандар ауруы кездесетін жерде қоныстанған адамдардың арасында анда-санда кездеседі. Атжалман бөртпе сүзегін анықтау және эпидемиялық бөртпе сүзегінен оны ажырату үшін спецификалық антигендермен серологиялық реакциялар қою қолданады.
Морфологиясы және дақылдандыруы.Riсkettsia рrowazekii-мен салыстарғандаRiсkettsia typhi жасушаларының полиморфизмдігі шамалы. Жасуша үлкендігі 0,35 - 13 мкм. Грам теріс. Здродовский әдісімен қызылға боялады. 350 С-та тауық эмбрионында және жасушалар дақылында жақсы өседі. Эмбриондарда таңдақ түрінде өседі. Буынаяқтылар жасушаларына енсе ядросы мен цитоплазмасында өседі.
Антигендік қасиеті.Риккетсиялар антигендері екі типті:біріншісі – ерігіш, термостабильді,Riсkettsia рrowazekii-менжәне Proteus vulgaris ОХ19, ОХ2 пен жалпы, ортақ; екіншісі – түр арнайы, термолябильді. Микроорганизмде жасушамен байланысқан эндотоксині бар. Токсинінің антигендік құрылымы R. рrowazekii-дің эндотоксинінен өзгеше болып келеді.
Рзистенттілігі.Қоршаған ортада жақсы сақталады. Бүргелердің кепкен нәжісінде 40 күнге дейін сақталады. Лиофилдегенде және төменгі температурада ұзақ уақыт сақталады. Күнделікті қолданатын дезинфектанттарға сезімтал.
Эпидемиологиясы. Ауру қоздырғышының табиғатта сақтайтындар кеміргіштер (тышқандар, атжалмандар) мен олардағы эктопаразиттер (егер оларға риккетсияларды трансвариальды жолмен берілсе). Риккетсияларды бүргелер, атжалман биттері, гамаз кенелері таратады. Кеміргіштерден риккетсиялар сыртқы ортаға зәрлері арқылы тарайды.
Атжалман ағзасында риккетсиялар 16,5 ай, ал тышқандарда – 3 айдан ұзақ сақталады. Басқа жануарлар инфицирленген кеміргіштерді жеп ауырады. Атжалман биттері Xenopsylla cheopsis және Ceratophyllus fasciatus қоздырғыштың негізгі таратушылары. Бірақ адамдарды атжалман кенесі Bdelonyssus bacoti шаққанда жұғады. Кенелер Riсkettsia typhi-ды трансвариольды береді. Риккетсиялар адам организміне жәндіктердің экскременттері теріге, көзге, мұрынға жағылғанда, кеміргіштердің зәрімен ластанған тағамдармен немесе ауру тасымалдаушылардың кепкен инфицирленген нәжістері бар аэрозольдермен енеді. Адамнан адамға қоздырғыш тарамайды. Ауру біртіндеп басталады және кеміргіштер саны тамыз - қараша айларында көбейгенде эндемиялық сипатқа ие болады. Аурумен барлық жастағылар ауырады.
Патогензі мен клиникалық көріністері.Ауру қоздырғышына маймылдар мен қояндар төзімді. Аталық теңіз шошқасының іш қуысына ауру қанын немесе ауру қоздырғышының дақылын еккенде осы ауруға тән белгі дамиды – риккетсиозды периорхит. Теңіз шошқасының тері үстіне, көз конъюнктивасы, ауыз бен мұрын кілегей қабатына жұқтырғанда қызба дамиды. R. typhi-ге тышқандар мен атжалмандар аса сезімтал. Жануарлар эктопаразиттер арқылы бір-біріне ауруды жұқтырады.
Эндемиялық бөртпе сүзек қандық инфекцияға жатады. Клиникалық белгілері бөртпе сүзегіне ұқсас, бірақ онымен салыстырғанда жеңіл өтеді. Инкубациялық кезеңі 5-тен 15 тәулікке дейін созылады. Ауру тоңумен, бас аурумен басталады, сосын дене қызуы 39 - 400 С температураға көтеріледі. 4 - 8 күннен кейін таңбалы-папулезды бөртпе пайда болып, 5 - 10 күн сақталады. Бөртпе аурулардың 30% болмайды, 50% -да – бауыр мен көк бауыр үлкейеді. Ауру кезінде асқынулар ОЖЖ мен жүрек-қантамыр жүйесінде болуы мүмкін. Ауру болжамы жақсы. Бірақ өлім қарт адамдар арасында 2 - 3% жетеді.
Иммунитеті.Жазылғаннан кейін антимикробты және антитоксикалық иммунитет дамиды.
Микробиологиялық диагноз қою. Эндемиялық және эпидемиялық бөртпе сүзектері бір-біріне ұқсас болғандықтан диагноз қою клиникалық, эпидемиялық және зертханалық көрсеткіштері бойынша жүргізеді. Диагноз қоюды нақты жүргізу үшін аурудың 3 - 5 мл қанын теңіз шошқасы еркекігінің іш қуысына егеді. 4 - 8 күн аралығында жануарда қызба мен периорхит дамиды. Қабынған қабықтан алынған жағындыны карболды фуксинмен және Циль-Нильсен бойынша көкпен бояғанда «Музер жасушаларын» көреміз – көкке боялған мезотелия жасушалары мен ішіндегі риккетсия жиынтығы- қызыл түске боялады. РА, КБР, ГАТР бөртпе сүзегіндегі кесте бойынша жасалады.
Бірінші апта соңында серологиялық дифференциациялауды Riсkettsia typhi және Riсkettsia рrowazekii антигендерін қолданып агглютинация реакциясы және КБР көмегімен жасайды. Басқа антигендермен салыстырғанда антидене титрі Музер антигенінен 2-8 есе жоғары болу керек.
Емдеуі мен алдын алуы.Емдеу - тетрациклин мен левомицетиннің көмегімен жүргізіледі. Көрсетілімдер бойынша арнайы алдын алу үшін R. typhi-денжасалған өлтірілген вакцина қолданады. Кеміргіштерді жою үшін дератизациялық шараларды жүргізу, сонымен қатар ас тағамдарын олардан қорғау қажет.
14.7.1.2. Солтүстік азиялық кенелік бөртпе сүзегі
Кенелік риккетсиоз – алғашқы ошағында регионарлы лимфа түйіндерінің ұлғаюымен, бөртпемен, қызбалық жағдаймен сипатталатын, Rickettsia sibirica тудыратын жұқпалы табиғи – ошақты ауру. Ауруды 1936 жылы Е.М. Миллем «кене қызбасы» деген атпен бірінші болып зерттеген. 1949 жылы П.Ф. Здродовский мен Е.М. Голиневич ауру қоздырғышын (Rickettsia sibirica) бөліп алды.