Коринебактериялар (Corynebacterium)

Коринебактериялар грам оң, тік немесе сәл иілген, дұрыс емес пішінді, нәзік таяқшалар, шеттері доғалданған немесе қолшоқпар тәрізді болып келеді(35- сурет). Екі шеттеріндегі жуанданулар жасуша ішінде кездесетін «валютин», басқаша атағанда Бабеш-Эрнст дәндерінің арқасында болады, бұлар полиметафосфаттардан тұрады, қоректік зат қоры болып табылады. Қозғалмайды, спора түзбейді, қышқылдарға сезімтал. Факультативті анаэробтар. Өсіп - көбею үшін арнайы қоректік орталарды қажет етеді (сары су немесе қан қосылған қоректік орта). Каталаза түзеді. Табиғатта кеңінен таралған, адамның және жануарлардың қалыпты микрофлора құрамына кіреді.

Туыстастыққа 20-дан астам түрлер кіреді. Басым көпшілігі шартты-патогенді болып табылады. Типтік өкілі - Corynebacterium diphtheriae. Шартты патогенді коринебактериялар түрлері: C. pseudodiphtheriticum, C.xerosis, C.uclerans, C.cistidis. Адам патологиясындағы маңызы бар коринебактериялар 14.18-кестеде келтірілген.

14.6.1.Дифтерия қоздырғышы (Corynebacterium diphtheriae)

Дифтерия (күл) - Corynebacterium diphtheriae туғызатын антропонозды, ауа-тамшылы жолмен тарайтын токсинемиялық жұқпалы ауру. Көмей, жұтқыншақ, кеңірдек т.б. ағзаларда фибринозды қабынумен және организмнің жалпы интоксикациясымен сипатталады. Аурудың аталуы грек сөзінен diphthera – үлбір, қабықша, тері – деген мағынаны білдіреді. Ол аурудың клиникалық белгілерімен байланысты. Дифтерия қоздырғышын Т. Клебс 1883ж ашып, Ф. Леффлер 1884ж таза дақылын бөліп алған.

Кесте 14.18

Адам патологиясында клиникалық маңызы бар коринебактериялар

Corynebacterium туыстастығының түрлері Қоздыратын аурулары
C. diphtheriae Дифтерия
C. ulcerans Иммунды тапшылығы бар адамдағы баспа.
C. jeikeium (JK тобы) Жұмсақ тіндердің инфекциясы, септицемиясы.
C. urealiticum (D2 тобы)   Зәр шығару жолының инфекциясы (пиелонефрит, цистит және басқа оппортунистік инфекциялар)
C. minutissimum Эритразма, оппортунистік инфекциялар.
C. xerosis Оппортунистік инфекциялар.
C. pseudodiphtheriticum Эндокардит, оппортунистік инфекциялар.
C. striatum Оппортунистік инфекциялар.
Arcanobacterium haemolyticum Созылмалы тонзиллиттер, терінің зақымдалуы.