Таксономиясы.
Тұқымдастығы: Lactobacillaceae
Туыстастығы:Lactobacillus
Түрі:. L. casei, L. acidophilus, L. fermentum, L. salivarius, L. plantarum, L. brevis, L. buchneri
Морфлогиясы. Таяқша тәрізді бактериялар, пішіні әртүрлі (ұзын таяқшадан коккобациллаларға дейін кездеседі). Көптеген түрлері қозғалмайды ( қозғалатындар перитрихтар), спора түзбейді. Грам оң. Ескі дақылдар мен ортаның рН жоғарылағанда грам теріске боялуы мүмкін. Типтік өкілі - Lactobacillus delbrueckii. (34-сурет)
Дақылды өсіру. Облигатты анаэроб, кейбір штамдары аэротолерантты, капнофилдер. Әр түріне тән күрделі өсу факторларын қажет етеді: аминқышқылдары, витаминдер, пептиндер, көмірсулар, нуклеин қышқылдары. Температуралық оптимумы – 30-400С. Анаэробты жағдайда тиогликолят және цистеин қосылған қоректік орталарда жақсы өседі. Қанды агарда ірі сұр түсті, S-пішінді колониялар түзеді, сонымен қатар, ұсақ альфа-гемолизі бар колониялар пайда болады. Сүт, бауыр және ашытқы экстрактісін қосқан тығыз қоректік ортада газ түзетін лактобациллалар ақ түсті жұмсақ кілегейлі колониялар түзеді. Газ өндірмейтін лактобациллалар колониялары – жалпақ және ойықтау. Сирек жағдайда қою сарғыштан қызыл түске дейінгі пигмент түзеді.
Ферменттік белсенділігі. Хемоорганотрофтар. Каталаза және цитохромоксидазаны түзбейді. Қанттарды ыдыратады. Глюкозаны ыдыратқанда рН деңгейі бірліктің бір сатысына төмендейді. Желатин мен казеинді ыдыратпайды, индол мен күкірт сутегін бөлмейді. Биохимиялық белсенділігі бойынша қатал гомоферментативті, қатал гетероферментативті және факультативті-гетероферментативті лактобациллалар болып бөлінеді. Облигатты гомоферментативті лактобациллалардың глюкоза, фруктоза, галактоза, мальтоза және сорбитті 85% көбінесе сүт қышқылына дейін ыдыратады. Облигатты гетероферментативті лактобациллалар глюкоза, арабиноза, ксилоза, рамнозаны 50% шамалы дәрежеде сүт қышқылына дейін ыдыратады. Факультативті-гетероферментативті лактобациллалар аралық қасиетке ие.
Патогенділік факторлары. Көбінесе патогенділік қасиеті жоқ.
Экологиясы. Адамның ауыз қуысы, ішек және қынаптың қалыпты микрофлорасының өкілі болып келеді. Ауыз қуысында кездесетіні: L.casei, L.acidophilus, L.fermentum, L.salivarius, L.plantarum, L.brevis, L.buchneri. Тоқ ішекте олардың мөлшері 106-1010 дәрежеге жетеді . Негізгі түрлері - L.casei, L.acidophilus, L.fermentum, L.salivarius, L.plantarum, L.brevis. Лактобациллалар туатын әйелдер қынабының қалыпты микрофлорасының басты өкілі болып келеді (105-107). Көбінесе кездесетін түрлері - L.casei, L.acidophilus, L.fermentum, L.cellobiosis.
Резистенттілігі. Қоршаған ортаға түскенде бірден жойылады. Пенициллинге, клиндамицинге, цефалотинге және кең қолданатын антисептиктер мен дезинфектанттарға сезімтал.
14.5.Листериялар (Listeria туыстастығы)
Листериоз – Listeria monocytogenes қоздыратын, фекальды-оральды жолмен берілетін, клиникалық көрінісі полиморфизммен ерекшеленетін жұқпалы ауру, оның ішінде менингиттік, сепсистік және жүктілерде ұрықты зақымдайтын түрлері жиі кездеседі. Листериоз қоздырғышын М.Хапфес 1911 жылы ашқан.