Таксономиясы.

Тұқымдастығы: Bacillaceae

Туыстастығы: Clostridium

Түрі: C.perfringens, C.novyi, C.septicum, C.histoliticum, C.sordellii

Морфологиясы.Клостридиялар – ірі, грам оң, спора түзетін таяқшалар. Клостридиялардың морфологиялық белгісі (бациллалардан ажырататын): спора диаметрі таяқшаның көлденең мөлшерінен үлкен болады, споралары субтерминальды немесе таяқшаның ортасында орналасады.

Газды гангрена клостридиялары зақымдалған тіндерде капсула түзеді.

Дақылдандыруы.Сұйық және тығыз қоректік орталарда анаэробты жағдайда өседі. Ең көп сахаролитикалық белсенділігі бар газды гангрена қоздырғышының түрі: Clostridium perfringens. Ең көп протеолитикалық белсенділігі бар газды гангрена қоздырғышының түрі: Clostridium һistolyticum. Газды гангрена қоздырғыштарын дифференциациялау критерилері: дақылдық, биохимиялық қасиеттері, экзотоксиндері АГ-дері бойынша ажырату.

Ферменттік белсенділігі.Ферменттердің әсер етуінің салдарынан жасушалар спецификалық емес улы заттарға ыдырайды. Патогенді ферменттердің (протеиназа) әсерінен микроб түзетін токсиндердің белсенділігі жоғарылайды, бұлшық еттердің түсі пісірілген ет түсті болып өзгереді. Сонымен қатар бактерия сахаролиттік, протеолиттік және басқа да белсенділіктерге ие. Сахаролиттік белсенділігі глюкозаны, лактозаны, мальтозаны ферменттеп, қышқыл мен газға дейін ыдыратуымен байқалады, протеолиттік белсенділігі желатинді гидролиздеуімен, сүтті ұйытып газ бөлуімен байқалады, ал басқа да белсенділіктеріне лецитеназалық, гемолитикалық және тышқандарға леталдылық белгілерімен айқындалады.

Антигендік қасиеті.C.perfringens түрі 6 сероварларға бөлінеді: А, В, С, Д, Е, Ғ. Бір бірінен бұлар антигендік қасиеттерімен ерекшеленеді. Бұл микроорганизмдердің антигендік қасиеттері тогсигенділігімен тығыз байланысты.

Патогенділік факторлары.C.perfringens-тің 5 типінің ішінде ең жиі газды гангрена қоздыратыны А типі болып табылады. Патогенезінде негізгі патогендік үрдісті дамытатын α-токсин (С фосфолипаза) болып табылады, оны қоздырғыштар өндіріп шығарады.

Сонымен қатар C.perfringens ОЖЖ-не әсер ететін экзотоксин түзеді (мембранотоксиндер, цитотоксиндер, некротоксиндер, энтеротоксиндер), дәнекер тінді, сондай-ақ эритроциттерді ыдырататын гемолизиндік агрессия ферменттерін (коллагеназа, гиалуронидаза, ДНҚаза) бөледі.

Резистенттілігі.Клостридиялардың вегетативті түрлері оттегіге, қышқылға, күн сәулесіне, қышқылдың жоғары температурасына, дезинфекциялық ерітінділерге сезімтал болып келеді. Споралары жоғары температураға, қышқылдарға, және басқа физикалық, химиялық факторларға тұрақты.

Эпидемиологиясы. Адам мен жануарлар ішегінің қалыпты мекендеушісі бола отырып, нәжіспен топыраққа түседі, онда спора түрінде ұзақ жылдар бойы сақталады. Топырақтарда кейбір клостридиялар көбейе де алады.

Кең таралуына байланысты газды гангрена қоздырғыштарын жұқтыру өте жиі кездеседі, әсіресе жаппай жарақаттар алғанда (соғыс, апаттар кезінде), жараға уақытында хирургиялық өңдеу жүргізбегенде жұғу мүмкіндігі жоғары.

Патогенезінің ерекшеліктеріне қабыну реакциясының қарқынды дамуы, ену қақпасының орнында тіннің өліеттенуі, ағзаның жалпы улану симптомдарының айқын көрініс беруі жатады.

Өсу потенциалының жоғары болуының арқасында C.perfringens тіндер мен ағзаларға тез арада таралып, гистотоксикалық және ферменттік – белсенді заттардың арқасында ісіктік-некротикалық реакция береді.

Газды гангренаның дамуына қажетті жағдайлар: жарақаттың сипаты (анаэробты жағдай, өліеттенген тін); макроорганизм жағдайы (шок, қан кету); аэробты микроорганизмдермен ассоциациалануы (коктық флора ж/е т.б.). Қоздырғышының орналасатын жері: инфекцияның ену қақпасы және жан-жағындағы тіндер. Газды гангрена кезінде тез арада ісік пен тін некрозының даму себептеріне қоздырғыштарының ферменттері мен токсиндарінің жоғары белсенділігі жатады.

Емдеу жұмыстарын дер кезінде жүргізбеген жағдайда қоздырғыш шет жақтан орталыққа қарай тез арада тарала бастайды, қанға өтіп анаэробты сепсис дамытады. Қоздырғыш жарақатқа түсу нәтижесінде, әсіресе жарақатта некрозды тіннің болуы мен организмнің резистенттілігі төмендегенде газды гангрена дамиды.

Клиникалық көріністері. Жасырын кезеңі қысқа – 1-3 күн, клиникалық көрінісі әрқилы және ісікке, жарақатта газдың түзілуіне, іріңнің пайда болуына, интоксикацияға байланысты. Басқа микрофлора өкілдерінің (стафилококтар, протей, ішек таяқшасы, бактероидтар) патологиялық процеске қатысуы аурудың ағымын қиындатады.

C.perfringens шақыратын астан уланудың патогенезі: жедел диареялық синдром: А типіне жататын энтеротоксин энтероциттердің плазматикалық мембранасын зақымдайды; некроздаушы энтерит: С типіне жататын энтеротоксин аш ішектің шырышты қабығын зақымдайды.

Иммунитеті.Антитоксикалық, кернеулі, тұрақты емес. Ауырғаннан кейін жеткілікті иммунитет қалыптаспайды. Токсиннен қорғаудың басты маңызы токсинге қарсы иммунитетке негізделген.

Микробиологиялық диагноз қою. Газды гангренаға диагноз қоюдың принципі: қоздырғышты (токсинді) табу; негізгі әдістері: бактериологиялық және биологиялық сынама.

Қоздырғыштар бөліп шығаратын токсин түрін анықтауға мүмкіндік беретін реакция - антитоксикалық сарысумен бейтарапталған токсинді тышқандарға енгізу реакциясы.

Зерттеу материалдары: зақымдалған тіндердің бөлшектері, жараның бөліндісі, қан; оларды микроскопиялық әдіспен зерттейді; бактериологиялық әдіспен зерттеуді анаэробты жағдайда жүргізеді; токсинді БР көмегімен диагностикалық антитоксиндік сарысу арқылы тышқандарда идентификациялайды.

Экспресс-талдау1,5-2 сағаттан кейін негізгі қоздырғышты болжамдық түрде жобалауға мүмкіндік береді. Экспресс-талдау жарықтық микроскопта зерттеу мен ИФР-ден тұрады. Науқастың төсегінің жанында алынған жағындыларды Грам және Гинс бойынша бояйды (капсуласын анықтау үшін), тірі препараттардан «ілінген тамшы» жасап қоздырғыштың қозғалғыштығын анықтайды, жасалынған іс-әрекеттер микроб морфологиясын анықтауды тездетеді.

Жеделдетілген талдау -жасалумерзімі бойынша 18-24 сағаттан аспауы керек, экспресс талдаумен қатар жүргізіледі, ол - қысқа мерзімде байыту және селективті орталарда зерттеу затын дақылдандырып, ары қарай қоздырғыш токсинін анықтау арқылы жүргізіледі.

Бактериологиялық әдіс. Таза дақылдарын бөліп алу мақсатында осы орталарда өсіп шыққан колонпиялардан тығыз орталарға қайта себу жасайды: қантты-қанды агар, Вильсон-Блэр, Вильсон-Хоббс және биік бағаналы агарларға себеді.

Дақылдың идентификациясын ары қарай клостридиялардың биохимиялық және токсигендік сипаттамаларын анықтау арқылы жүргізеді. Қоздырғыштың түрін ажыратып, идентифифкациялау үшін 72 сағат кетеді.

Газды гангренаға диагноз қоюдың критерилері.Әрбір жағдайда оң жауапты клиникалық және зертханалық зерттеулердің нәтижелеріне сүйене отырып береді.

Алғашқы жауап – экпресс-талдау нәтижелеріне сүйене отырып беріледі: 1,5-2 сағат ішінде микроскопта зерттеу және иммундыфлуоресценттік талдау жасау; бұл науқасты емдеу әдістерін коррекциялауға мүмкіндік береді.

Соңғы оң жауап - алғашқы жауап пен келесі алынған нәтижелердің бірінің негізінде беріледі:

науқас немесе мәйіттен алынған заттардан және байыту орталарында өсірілген себінділерлден газды гангрена токсинін немесе қоздырғышын тапқан жағдайда (6-18 сағ.);

науқас қанынан немесе мәйіттен алынған қан, жүрек, көкбауыр себінділерінен газды гангрена қоздырғышын анықтағанда (24 сағ.);

биохимиялық және токсигендік қасиеттеріне байланысты қоздырғыштың түрін анықтағанда (48-72 сағ.).

Емдеуі.Хирургиялық: жарақат айналасындағы зақымданған барлық тіндерді алып тастау. Операциядан кейін кең спектрлі антибиотиктерді, гангренаға қарсы антитоксикалық сарысуды тағайындайды.

Алдын алуы.Газды гангренаның жедел алдын алу және арнайы емдеуі үшін қолданылатнын препараттар: гангренаға қарсы поливалентті антитоксикалық сарысулар. Газды гангренаның арнайы белсенді профилактикасы: гангренаға қарсы анатоксиндерді эпидкөрсеткіш бойынша әскери адамдар мен басқа қауіпті топқа жататындарға енгізеді. Газды гангренаның арнайы емес профилактикасы: жарақатты дұрыс хирургиялық өңдеу, операция кезінде асептика мен антисептиканы сақтау.

Белсенді иммундау үшін газды гангренаға қарсы секстаанатоксинді қолданады; егулер арнайы көрсеткіштер бойынша жүргізіледі (әскери адамдар, жер қазушылар т.б.).