Таксономиясы.
Тұқымдастығы: Bacillaceaceae.
Туыстастығы: Bacillus.
Түрі: B.anthracis.
Морфологиясы. Тізбектеліп орналасқан, грам-оң, ірі, қозғалмайтын, спора түзетін таяқшалар (32- сурет). Спора таяқша ортасында орналасады, мөлшері микроб жасушасының диаметрінен аспайды. Иесінің ағзасында қоздырғыш капсула түзеді. Капсуласы шіріту микрофлораның әсеріне тұрақты, сондықтан шіріген мәйіттен дайындаған жағындыда бос капсулаларды анықтауға болады (микробтардың «көлеңкесі»). Жағындыда капсуланы анықтау үшін Леффлер әдісімен метилен көгімен бояйды (жасушалар – аспан көк түске, ал капсулалары – қызыл түске боялады).
Күйдіргі бациллаларының споралары сопақша, тірі ағзада және ашылмаған мәйітте споралар түзе алмайды. Спора түзу үшін бос оттегі мен арнайы температура (12-420С) қажет. Қоздырғыштың қоршаған ортаға жоғары сезімталдығын қамтамасыз ететін фактор - спора түзу қабілеті; суда споралар 10 жылға дейін, топырақта – 30 жылдан артық уақыт сақталына алады.
Дақылдандыру.Күйдіргі микробы – факультативті анаэроб, қарапайым қоректік орталарда жақсы өседі, оптимальды өсу температурасы 34-37әС, орта рН- 7,2-7,5. Тәулік бойы инкубациялағаннан кейін ЕПА-да немесе Хоттингер агарында ірі, кедір бұдыр, шеттері тегіс емес, иректелген тармақшалары бар, R-пішінді колониялар түзеді. Микроскоптың кіші үлкейткішімен қарағанда, «медузаның басы» немесе «арыстанның жалына» ұқсайды. Бацилланың R-пішіні вирулентті штамдарына тән болып келеді.
Сұйық қоректік орталарда мақта түйіршігі секілді өседі, сілкіген кезде ыдырап кетпейді де орта мөлдір түрінде қалады.
Пенициллин қосылған қоректік орталарда 3-6 сағат инкубациялағаннан кейін бациллалар сферопласттарға айналып, тізбектеліп орналасады. Жағындыда «маржан алқасына» ұқсас болып орналасады («маржан алқа» тесті).
Ферменттік белсенділігі. Глюкоза, сахароза, фруктоза, мальтозаны қышқылға дейін және крахмал мен инулинді ыдыратады. Протеолиттік және липолитикалық белсенділікке ие. Крахмалды гидролиздейді, ацетилметилкарбинол түзеді. 10-12% етпептонды желатинді ортаға шаншу әдісімен егіп, 2-3 күн 22әС инкубациялағаннан кейін, шаншу жолында төменге қарай біртіндеп кішірейген ақ жолақтар түрінде өскен (төңкерілген шырша) колониялар көрінеді; 3-5 күннен кейін желатин «ұйық» (воронка) түрінде сұйылып кетеді.
Топырақтағы бациллалармен салыстырғанда түйнеме бацилласы фосфаттарды ыдыратпайды, баяу және аздап сарыуызды сұйық қоректік ортаны коагуляциялайды (5-7 тәулікте 370С), ал басқа бациллалар 6-10 сағатта ыдыратады. Сүтті 3-5 тәулікте ұйытады, содан кейін бәсеңдеп пептонизациялайды және ыдыратады, нәтижесінде аммиак бөлініп қоңыр пигмент жинақталады.
Антигендік қасиеті.Күйдіргі микробының негізгі екі антигені болады.Жасуша қабырғасында соматикалық, полисахаридтік антигені бар, температураға тұрақты, бұған қарсы антиденелер бөлінбейді, дақылдарда және мәйітте ұзақ сақталынады. Асколидің приципитациялық реакциясымен анықталады. Ал капсулалық протейндік антиген фагоцитарлық әсерге қарсы тұрады.
Патогенділік факторлары. Күйдіргі микробының патогенділік факторларына экзотоксині мен капсуласы жатады.
Экзотоксин күйдіргі патогенезінде және спецификалық иммунитеттің түзілуінде негізгі орын алады.Ол үш ақуыздық компоненттерден құралады: І – ісіну факторы (ІФ); ІІ – протективтік антиген (ПА); ІІІ – леталдық фактор (ЛФ). Бұл компоненттер өз бетінше улы емес, бірақ ІФ мен ПА қосарланып тіндердің ісінуін шақырады, ЛФ мен ПА – экспериментальдық жануарлардың өлімін тудырады, сондықтан қазіргі кезде екі токсин аталынып отырады – ісіну (ІФ+ПА) және леталдық (ЛФ+ПА).
Микроб капсуласы олардың макрофагтарға адсорбциялануынан және фагоцитоздан сақтандырып, макроорганизмнің ағзалары мен тіндерінде еш бөгетсіз көбейіп таралуына мүмкіндік береді.
Резистенттілігіқоздырғыштың тіршілік ету формасына тікелей байланысты болады.Тірі организмде қоздырғыш вегетативті түрде болады, сыртқы ортада тұрақты спора түзеді. Вегетативтік формаларының тұрақтылығы төмен: 100әС-та бірден жойылады, 55-60әС-та 30-40 минуттан кейін жойылады, қалыпты концентрациядағы дезинфекциялаушы ерітінділерде бірнеше минуттан кейін жойылады. Қоздырғыш споралары жоғары тұрақтылықпен ерекшеленеді, сондықтан қоршаған ортада өте ұзақ уақыт сақталына алады: 15-20 минут қайнатқанға шыдайды, 120әС-та автоклавтаған кезде 20 минутқа шыдайды, төменгі температурада, сұйық азот және кейбір дезинфектанттар әсер еткенде, құрғатуда, суда бірнеше жыл, ал топрыақта ондаған жылдар бойы өмірге қабілеттілігін сақтайды.
Эпидемиологиясы. Күйдіргі қоздырғышына сезімтал болып келетіндер - ірі және ұсақ қара мал, жылқылар, түйелер, шошқалар, жабайы жануарлар.Күйдіргі барлық жерде таралған. Қазақстан Республикасында 1500-нан астам қауіпті жерлер (топырақты ошақтар) барлық облыстарда орналасқан. Бұл індетке адамдардың жалпыламай сезімталдығы бар, бірақ адам эпидемиялық тізбекте кездейсоқ нысана.
Адамдар арасындағы аурудың деңгейі жануарлар, әсіресе үй жануарлары, арасындағы эпизоотия таралуымен байланысты. Инфекцияның көзі - ауру жануарлар. қоздырғыштың топырақта ұзақ сақталуы жануарлар арасында түйнеменің эндемиялық ауруының тууына себеп болады. Инфекцияның таралу жолдары әртүрлі: қатынасты – тұрмыстық (жануарларды қарағанда, терісін алғанда, ауру жануарлардың терісі мен жүнінен өнім жасағанда), аэрогенді (микробы бар шаңды жұтқанда), тағамдық (ауру жануарлардың шала өңделген етін қолданғанда) және трансмиссиялық (шыбын-шіркейлер қан сорғанда).
Күйдіргі бойынша Қазақстандағы эпизоотолого-эпидемиологиялық жағдай:
1787 СҚП (СНП);
2677 эпизоотикалық және эпидемиялық ошақтар;
1948 жыл мен 2005 жыл аралығында 1852 ауырған жағдайлар тіркелген, оның ішінде 55 өліммен аяқталған;
25000 бас ауыл шаруашылық жануарлары өлім – жітімге ұшыраған.
Патогенезі.Күйдіргі қоздырғышы – макроорганизмде тез көбеюге қабілетті, лимфо- және гематогенді жолмен таралатын, тек қана өзіне тән терминальдық септицемия шақытарын инвазивтілігі жоғары микроб.
Қоздырғыштың негізгі ену қақпасы зақымдалған тері, сирек жағдайда тыныс алу және ас қорыту жолдарының шырышты қабаттары болып табылады. Қоздырғыштың енген жерінде күйдіргі карбункулы пайда болады. Қозғалғыш макрофагтардың қоздырғышты лимфа тамырларына тасымалдап, алып баруының салдарынан, жақын жатқан лимфа түйіндерінде лимфааденит дамиды.Үрдістің генерализациялануы, яғни қоздырғыштың қан арқылы бүкіл ағзаға таралуы терілік формасында сирек кездеседі. Күйдіргілік сепсис негізінен қоздырғыш тыныс алу немесе ас қорыту жолдарының шырышты қабықтары енген кезде дамиды.
Күйдіргінің патогенезінің негізінде, қоздырғыштың экзотоксинінің әсерінен туындайтын - спецификалық токсемия жатыр. Күйдіргілік токсин леталдық, ісінулік, протективтік және иммунодепрессивтік белсенділікке ие, сонымен қатар фагоцитозды басып, тіндердің ісінуімен көрінетін жергілікті қабыну шақырады, инфекциондық үрдістің терминалдық фазасында екіншілік шок тудырады. Негізінен лимфатикалық жүйе, қан және көкбаур зақымдалады.
Инкубациялық кезеңінің ұзақтығы - бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, көп жағдайда 2-3 күн.
Клиникалық көріністері. Қазіргі кезде күйдіргінің клиникалық түрлері жайында бірлескен тұжырым жоқ. Соңғы шығып жатқа талқылауларда негізгі екі түрі айқындалып көрсетіледі: сыртқы зақымдану (терілік) түрі және ішкі (септикалық) түрі.
Сыртқы (терілік) түрі адамдар арасында ең жиі кездесетін түрі (95-98%), карбункулез, эдематоз, буллездік, рожа тәріздес және көздің зақымдлауы түрінде көрініс береді. Бұлардың арасында жиі кездесетін карбункулезді түрі шеттері қарайған, некроздалған ортасы жансызданған, жан жағы және оған жақын орналасқан лимфа түйіндері ісінген ойық жара түрінде көрініс береді. Карбункулдың даму кезеңдері: дақ- папула – везикула – пустула – ойық жара. Көбіне терінің ашық жерлері зақымдалады – қол, бет, мойын терілері.Сепсиске асқынданбаған терілік түрі толық жазылап кетеді. 10-20% жағдайда өліммен аяқталады.
Ішкі (септикалық) түрі өкпелік, ішектік және септикалық түрлерге бөлінеді. Күйдіргінің өкпелік түрінде спора аспирациялық жолмен жұққан жағдайда ауру ағымы өте ауыр өтеді. Қоздырғыш енгеннен 2-3 күннен кейін, кейбір жағдайда бірнеше сағаттан кейін «тұмауға тән» симптомдар пайда болады: жалпы әлсіздік, бас пен бұлшық еттердің ауыруы, мұрыннан су ағу, көз жасаурау, дауысы қарлығып жөтелу. Интоксикация жоғарылаған сайын науқастың жағдайы күрт нашарлай бастайды, әлсіздік, дененің ауырсынуы, кеуде қысылып ауа жетіспеуі, ентігу, қалтырау, дене температурасының 39-41әС көтерілуі мазалайды. Қақырық алдымен көпіршіктеніп, кейіннен біртіндеп шырыш, қан аралас болады, қан көп мөлшерде шыға бастаған кезде «таңқурай тосабы» сияқтанып кетеді. Өкпенің ісіну симптомдары карқындай бастайды. Тез арады жүрек – қан тамырларының жетіспеушілігі дамып, тахикардия болады. Науқас есін жоғалтпайды, оларда үрейлену, алаңдау сезімдері дамиды, жүректік - өкпелік жетіспеушілік салдарынан қайтыс болады. Күйдіргінің бұл түрі 2-5 тәулікке созылады.
Ішектік түрі адамдар арасында сирек кездеседі. Аурудың бастапқы кезеңінде жалпы әлсіздік, бас ауыру, бас айналу, көмей ашып, жұтынғанда ауру сезімі болады, дене қалтырап қызуы 38-39әС-қа көтеріледі. Біраз уақыт өткеннен соң іштің тоқтамай немесе толғақ тәріздес ауыруы, жүректің айнуы, қан құсу, қан аралас іш өтуі сияқты симптомдар қосылдаы. Үрдіс таралған кезде көкірек қуысы ағзаларының зақымдалғандығын көрсететін белгілер пайда бола бастайды. Науқаста үрейлену, алаңдау, қорқу сезімдері дамиды. Жүрек қызметінің декомпенсациясы қарқындайды: артериалдық қысымның төмендеуі, жіп тәріздес пульс. Дерт 3-4 күнге созылады. Науқас жүректік жетіспеушілік салдарынан қайтыс болады.
Септикалық түрінде интоксикация өте қарқынды түрде дамиды, тері және ішкі ағзаларда көптеген қанталаулар болады, әсіресе мидың қабықтарында қанталау (аутопсияда «кардинал телпегі») жиі байқалады. Клиникалық көрінісінде ауырланған түрдегі инфекциялық-токсикалық шок симптомдары басым болады. Күйдіргінің септикалық түрі өз алдына өтуімен қатар басқа түрлерінің асқынуы ретінде болуы да мүмкін. Біріншілік сепсис кезінде жұққан кезден бастап 2-3 тәулікте науқас қайтыс болуы мүмкін, ал басқа түрлерінің асқынуы кезінде сепсистің белгілері пайда болғаннан 1-2 күннен кейін қайтыс болады.
Иммунитеті.Аурудан кейін тұрақты, жасушалық-гуморальды, бөлінген антиденелердің басым көпшілгі антитоксикалық болып табылатын иммунитет қалыптасады, дегенмен рецидивтер болуы мүмкін.
Микробиологиялық диагноз қою. Микробиологиялық зерттеудің мақсаты: күйдіргі қоздырғышын табу, оның антигендерін анықтау және организм сенсибилизацияланғандығын дәлелдеу.
Негізгі зерттеу әдістері: бактериоскопиялық, бактериологиялық, биологиялық, аллергиялық, Асколи бойынша термоприцепитация реакциясы.
Зерттеуге алынатын заттар:
везикула және карбункула бөлінділері, сыдырылып түскен қабыршақ (струп) (терілік түрінде);
қақырық (өкпелік түрінде);
нәжіс (ішектік түрінде);
қан (барлық түрлерінде);
мәйіт материалдары (зақымданған ағзалар мен тіндер, қан мен көк бауыр);
топырақ, тері, жануарлардың жүні, жемі, су, қоршаған орта объектілерінен шайындылар және т.б.
Патологиялық затты зертханалық зерттеу келесі кезеңдерден тұрады:
Сынамаларды зерттеуге даярлау.
Бастапқы зерттеу затын микроскопта қарау.
Қоректік орталарға себу.
Зертханалық жануарларға жұқтыру.
Антиген және антиденелерді табу мақсатында серологиялық реакциялдар қою.
Зерттеу мерзімдері:
Микроскопиялық – келіп түскен күні.
Бактериологиялық – үш тәулікке дейін.
Биологиялық - 10 тәулікке дейін.
Қоршаған орта объектілерінен алынған заттарды, тері мен жүнді бөгде микрофлорадан арылту үшін су моншасында 80әС-та 20 минут термиялық өңдеуден өткізеді. Қоздырғыштың вегетативтік формасы бар заттарды (науқас адам мен жануарлардан алынған заттар, патологиялық материалдар, жануарлардың еті және т.б.) өңдемейді.
Бактериоскопиялық әдіс. Патологиялық материалдан бірнеше жағынды дайындап, ауада кептіріп, 96ә спиртке 3% сутектің асқын тотығы ерітіндісін қосып 30 минут фиксациялайды. Сонан соң жағындыларды қыздырып немесе ауада кептіріп (люминисцентті микроскопиялау үшін) қояды. Жағындыларды грам әдісімен бояйды, капсуланы анықтау үшін Ребигер, Гинс, Михин немесе Романовский-Гимзе әдістерімен бояйды.
Капсуланы анықтау үшін ең тиімді әдіс Ребигер ерітіндісімен бояу болып табылады. Ребигер ерітіндісінің құрамына: 15-20г генцианвиолетті 100мл 40% формалинда ерітіп, бөлме температурасында бірнеше сағат ұстап, сүзгіден өткізіп дайындайды. Жағындыны 15-30секунд, 1 минут бояйды. Бірақ жағындыны бояу барысында оның фиксацияланбағандығын естен шығаруға болмайды, сондықтан жағындыны зарарсыздандыру үшін, микроскопиялап болғаннан кейін, тез арада жағындыны толығымен 6% сутектің асқын тотығының ерітіндісіне батырып тастау қажет. Жаңа алынған патологиялық материалдан жасалынған жағындыда микроб денесі күлгін түске ал капсуласы солғын қызғылт немесе қызыл-күлгін түске боялады.
Люминисцентті микроскопиялау кезінде микробтар вегетативті немесе спора күйінде байқалуы мүмкін. Спецификалық реакция кезінде жасушалардың (споралардың) шеттері анық жарқырап көрінеді.
Бактериологиялық әдіс. Жеткізілген зерттеу затына байланысты сынамаларды келесі қоректік орталарға: Хоттингер агарына, ЕПА-ға, немесе дифференциальды-диагностикалық орталарға, Хоттингер сорпасына немесе ЕПС-ға себеді.
Бір сынаманы 5-10 табақшаға сепкен жөн, себіндіні шпатель көмегімен жасау керек, ал ластанған заттарды сепкен кезде «аздыру» әдісін қолданған жөн. Себінділерді термостатта (36-37әС) 18-20 сағат инкубациялайды.
Биологиялық әдіс. Зерттеуге дайындалған затты натрий хлоридінің изотоникалық ерітінідісінің аз мөлшерінде эмульгациялап, 0,2-0,5мл мөлшерінде екі ақ тышқанның және 0,5-1мл мөлшерінде екі теңіз шошқасының санының ішкі жағына енгізеді. Жануарлар 1-3 күннен кейін, кейде одан да кеш, септицемиядан өледі. Сынаманы енгізген жерде ісік пен гиперемия байқалады. Тірі қалған жануарларды 10 тәулік бойы бақылауға алады.
«Маржан алқа тесті» - модификацияланған жеделдетілген түрі. Хоттингер сорпасына 20% инактивацияланған жылқы сарысуын және 0,5 Бірл.\мл пенициллин қосады. Стерилділікті сақтай отырып, ортаны 2-3мл-ден пробиркаларға құйып, оған 2 тамшыдан сорпалық немесе агарлық дақылдан идентификациялауға арналған ілмекпен себеді. Себінділерді 37әС, 3 сағат инкубациялайды. Сонан соң жағынды дайындап, фиксациялайды, метилен көгімен бояп микроскопта қарайды. Жағындыда күйдіргі бациллалары тізілген шарлар түрінде орналасады, - бұл микроб жасушасының қабырғасына пенициллиннің әсерінің салдары. Спора түзетін сапрофиттер пенициллинге төзімді болып келеді.
Капсула барын бірнеше әдіспен анықтауға болады:
дақылды 1% бикарбонатты агарға сеуіп, 10-50% СО2 енгізілген анаэростатта немесе эксикаторда инкубациялайды (37 0С). 18-24 сағат өткеннен кейін спора түзе алатын дақылдар ірі, шырышты колониялар түзеді. Регибер бойынша және капсула-соматикалық люминесценциялаушы күйдіргі сарысуымен боялған жағындыларда капсуламен қоршалған таяқшалар тізбегі анық көрінеді;
дақылды Хенкстің сұйық қоректік ортасын себеді. Пробиркаларды стерильді тығындармен тығындап, 16-18 сағат (37 0С) инкубациялайды. Капсула түзетін күйдіргі жасушаларын, дақылдан алынған жағындыны микроскопиялау арқылы анықтайды;
биосынамалық жануарлардың мәйітін ашқаннан кейін перитониалдық экссудаттан, каннан, ағзалардан таңбалық жағындылар алып Регибер әдісімен немесе метилен көгімен бояу арқылы анықтайды. Микроскоппен қараған кезде дайындалған жағындыларда қысқа тізбектеліп немесе бөлек жасушалар күйінде, сырты қызғылт капсуламен қоршалған микробтар көрінеді.
Қой эритроциттерін гемолиздеу қабілетін ЕПА-да немесе 3-5% қойдың дефибринделген қаны қосылған Хоттингер ортасында зерттейді. Дақылды ілмекпен агар секторларына себеді. Нәтижесін 18-20 сағат (37 0С) инкубациялағаннан кейін ескереді. Күйдіргі микробы басқа спора түзуші сапрофиттермен салыстырғанда бұндай уақыт аралығында қой эритроциттерін ерітпейді.
Лецитиназалық белсенділігін сұйық саруызды немесе саруыз қосылған Хоттингер агарында анықтайды. Күйдіргі микробы сұйық ортада бірнеше тәулік бойы инкубациялаған кезде саруызды ұйытпайды. Тығыз ортада өсірген кезде колонияларының айналасында лайланған ақшыл аймақ түзілмейді.
Антибиотитерге сезімталдығын анықтаған кезде міндетті түрде пенициллин, тетрациклин және рифампицин сіңірілген қағаз дискілерді қолданады, бұл күйдіргі микробының тағыда бір дифференциалдық белгісі болып табылады, себебі бір туыстастыққа жататын сапрофиттер бұл антибиотиктерге тұрақты болып келеді.
Асколи бойынша термоприцепитация реакциясы. Бұл реакция күйдіргі антигенін жара қабыршақтарынан, ескірген заттардан, аурудан өлген жануарлардың терісі мен ағзаларынан, шірінділерден алынған зерттеу заттарынан табуға мүмкіндік береді. Ұсақтап дайындалған затты натрий хлоридінің 0,9% ерітіндісімен 1:10 –ға сұйылтып, 5-10 минут бойы қайнату арқылы экстракциялайды. Алынған экстрактты бірнеше рет сүзгіден өткізіп, мөлдір болғанша тазартады.
Жіңішке пробиркаларға күйдіргінің приципитациялаушы 0,2-03мл сарысуын құяды, сонан соң дайындап қойған экстрактты пастер пипеткасымен баяу, қабаттап құяды. Егер реакция оң болса 15 минуттан кейін, сұйықтықтар жанасқан жерінде лайланған сақина түзіледі. Егер реакция күмәнді болса сақина 15 минут өтіп кеткеннен кейін, кешірек пайда болады. Реакция теріс болған жағдайда сақина мүлдем түзілмейді.
Аллергиялық сынама. Күйдіргі кезінде аллергиялық әдісті қолдануға көрсетулер: ауыруға ретроспективті диагноз қою; эпидемиологиялық зерттеу; вакцинациялайтын адамдарды анықтау.
Диагноз қою үшін күйдіргі антигенімен (антраксин) тері-аллергиялық сынама жасалынады. Антраксинді 0,1мл мөлшерде сол қол білегінің ішкі жағына, тері ішіне енгізеді. Реакция нәтижесін 24-48 сағаттан кейін ескереді. Реакция оң болған жағдайда науқастанудың бірінші күндерінде енгізу жерлерінде гиперемия және инфильтраттар байқала бастайды.
Генетикалық зерттеу әдістері жоғары сезімталдылықпен сипатталады, аз уақыт аралығында бірен - саран кездесетін жасушаларды табуға мүмкіндік береді.
Күйдіргінің Қазақстандық штамдарын Keim Clade генотиптеу барысында олардың “A” генотиптік тобына жататындығы анықталды, бұл топ жер шарында кеңінен таралған.
Штаммдардың 89,8% A1a, 7,95% - A3b, 2,27% - А4в генетикалық топтарына жатады. Р.Кайм бойынша генотиптеу - KZ 1-12 ішінен 12 генотип бөлініп алынған.
Қазақстан аумағында күйдіргі қоздырғыштарының әртүрлі генотиптерінің географиялық таралуы:
KZ 12-ШҚО-ның шалғай аудандарында кездеседі.
KZ 9-ОҚО-да жиі кездеседі.
KZ 11 – Қазақстан мен Қырғызстанның оңтүстік өңірлерінде жиі кездеседі.
KZ 1-Қазақстанның Ресеймен шекаралас жатқан батыс өңірлерінде кездеседі.
KZ 4-бүкіл Қазақстанға таралған.
Поилмераздық тізбектік реакция (ПЦР) жоғары сезімталдылыққа ие, қатаң спецификалық болуына байланысты дақылдандырусыз, сынамадан бірден қоздырғышты табуға мүмкіндік береді. Кемшіліктеріне - оның қымбаттылығы, күрделі құралдың және жоғарыстандартты генетикалық таңбалар мен реактивтерді талап етуі жатады.
Емдеуі. Күйдіргіге қарсы арнайы иммундыглобулин мен патогенетикалық емдеу (аурудың ағымының ауырлығына байланысты енгізілген сұйықтықтың көлемі күн сайын 0,5 – 1,0л аралығында болуы керек) жүргізіледі. Пенициллиндер, тетрациклиндер және фторхиналондар қатарына жататын антибиотиктер жақсы нәтиже береді.
Алдын алуы.Қазіргі кездетөрт типті вакцина қолданылады:
Тірі; бұл Bacillus anthracis-тің капсуласыз штамдарының лиофильді кептірілген споралары.
Химиялық (молекулалық); бұл тиісті заттарға (тасымалдаушыларға) сіңдірілген протективті антиген (бір ақуыздық молекула).
Қосарланған; бұл тірі споралар мен протективті антиген.
Рекомбинантты; сәйкес келетін басқа бактериялардың генетикалық аппаратына қондырылған, макроорганизмнің иммундық жауабын тудыруға қабілетті ДНҚ.
Вакцинация эпидемиялық көрсеткіш бойынша, яғни мал шаруашылығы және мал өнімдерін дайындаумен айналысатындар арасында жүргізіледі. Бейспецификалық сақтандыру ветеринарлық-санитарлық шаралардың кешенімен бірлесіп өткізіледі: инфекцияның ошақтарын анықтап алғаннан соң, сол жерлерде нұсқауларға сәйкес жою жұмыстарын жүргізеді.
14.4.3. Спора түзетін Clostridium туыстастығына жататын бактериялар
Clostridium туыстастығына жататын грам оң бактериялар, қозғалғыш (өте сирек жағдайда қозғалмайтын), домалақ немесе сопақша келген спора түзетін таяқшалар, сондықтан пішіні ұршық тәрізді болып келеді (грекше kloster - ұршық) (33- сурет). Дегенмен, тұрып қалған дақылдарда тинкториалдық қасиетін өзгертеді. Хемоорганотрофтар, қантты ыдырату және протеолитикалық қасиеттерге ие. Ерекше белгілері – көмірсуларды ашытады және анаэробты жағдайда майлы қышқылдар мен газ бөлінгенге дейін ыдыратады. Көптеген түрлері қатал облигатты анаэробтар, солардың ішінде аэротолерантты түрлері кездеседі. Анэробтардың 80 түрінің ішінде адамдар арасында 20 түрі патогенді болып келеді.
14.4.3.1. Анаэробты инфекция қоздырғыштары
Анаэробты инфекция – анаэробтар тудыратын жұқпалы ауру, жалпы интоксикациямен, тіндердің некроздануымен және олардың ыдырауымен сипатталады. Әдетте анаэробты инфекцияны жарақат инфекция деп түсінеді, бірақ анаэробтар кез-келген ағзалар мен тіндерді зақымдай алады.
Анаэробты инфекция қоздыратын облигатты анаэробтар 2 топқа бөлінеді: спора түзетін бактериялар (клостридиялар) және спора түзбейтін бактериялар (клостридиялық емес анаэробтар) (14.15-кесте).
14.4.3.1.1. Жарақаттық анаэробты инфекция қоздырғыштары. Газды гангрена.
Газды гангрена – жарақаттық, экзогендік анаэробты инфекциялар тобына жататын дерт болып табылады. Ағымының жылдамдылығы мен өлім-жітімнің жоғары болуымен ерекшеленеді. Аталған жарақат инфекция – патогенді клостридиялар жұққан жағдайда пайда болады.
Кесте 14.15.
Адамға патогенді клостридиялардың негізгі дифференциалдық белгілері
Түрі | Спора-лары | Аэроб жағд-да өсуі | Лецитин | Липаза | Желатн гидролизі | Индол | Метаболизмнің негізгі өнімдері |
C.botulinum: I - топ II - топ III - топ IV – топ | С* С С Д* | - - - - | - - + - | + + + - | + + + + | - - - - | ССҚ*, МҚ*, (иМҚ*), иВҚ* ССҚ, МҚ ССҚ, МҚ, ПҚ* ССҚ, ПҚ,МҚ |
C. tetani | С | - | - | - | + | ± | ССҚ, МҚ, ПҚ |
C.perfringens | Сб* | - | + | - | + | - | ССҚ, МҚ |
C.difficile | С | - | - | - | ± | - | ССҚ, МҚ, иМҚ, ВҚ* , иВҚ, иКҚ |
C.sordelli | С | - | + | - | + | + | ССҚ |
C.novyi A | С | - | + | + | + | - | ССҚ, ПҚ, МҚ |
C.novyi B | С | - | + | - | + | - | ССҚ, ПҚ, МҚ |
C.histoliticum | С | ± | - | - | + | - | ССҚ |
C.septicum | С | - | - | - | + | - | ССҚ, МҚ |
C.bifermentans | С | - | + | - | + | + | ССҚ |
C.sporogenes | С | - | - | + | + | - | ССҚ, МҚ, иВҚ |
C.tertium | С | + | - | - | - | - | ССҚ, МҚ |
C.ramosum | Д*/С | - | - | - | - | - | ССҚ |
C.butiricum | С | - | - | - | - | - | ССҚ, МҚ |
C.bryantii | Д/С/Т* | - | + | - | - | - | ССҚ, МҚ, СтҚ |
Ескерту*: ССҚ- сірке су қышқылы, СтҚ– сүт қышқылы, Сб– субтерминалді, С– сопақша, Т – терминалді., Д – домалақ,
ВҚ - валериан қышқылы, иВҚ - изовалериан қышқылы, иКҚ– изокапрон қышқылы, иМҚ- изомай қышқылы, МҚ - май қышқылы.
Газды гангренаның клиникалық сипаттамасы жұмсақ тіндерде (бұлшық еттерде, тері асты май қабаттарында) үдемелі ісік пайда болып, олардың некроздануымен, сонымен қатар патологиялық ошақта газ түзуімен көрініс береді (14.16-кесте).
Кесте 14.16.