Білім беру социологиясы

 

Білім беру педагогика, психология, философия, тарих, экономика, социология секілді ғылымдар қатарын зерттеудің объектісі мен пәні болып табылады. Олардың әрқайсысы өздеріне тән шекарасын зерттейді. Білім беру социологиясы - білім жүйесін әлеуметтік институт ретінде және оның қоғаммен өзара әрекеттестігін зерттейтін ғылыми пән. Социологияның мұндай ерекше саласының бөлініп шығуы білімнің тарихи ауыспалы жүйесіне және шартты дербестігіне, оларды тудырушы қоғамдық қатынастар шеңберінде қоғамның дамуы мен қызмет етуіне белсенді әсер ете алу қабілеттілігіне негізделген.

Білім беру социологиясының пәні әлеуметтік институт ретінде білім (оның қоғамдағы қызметі мен басқа институттармен өзара байланысы), әлеуметтік ұйым ретіндегі оның мекемелері (мектеп, ЖОО, т.б.), сонымен бірге білім саласындағы әлеуметтік саясат болып табылады. Білім беру социологиясы, сондай-ақ білім жүйесінің әлеуметтік институт ретінде қоғаммен және оның негізгі элементтерімен өзара әрекеттесулері: қоғамдық өндіріс элементтері, экономикалық қатынастар элементтері, саяси жүйе элементтері, рухани өмір элементтері мәселесін зерттейді. Білім жүйесі мен оның жеке кіші жүйелер ішінде пайда болатын әлеуметтік мәселелерге (мектеп, кәсіби оқу орны), оқытушы мен оқушы арасындағы өзара қатынас, ұжым мен топ арасындағы қатынас, мектеп сыныптары ішіндегі қатынас саласындағы мәселелерге келетін болсақ, мұндай мәселелер білім беру социологиясының саласы ретінде педагогика социологиясын қалыптастырады [3].

Білім беру социологиясының өзіндік ерекше міндеттері бар [4]:

білім алудағы қажеттілікті зерттеу, қоғам өмірі мен жеке өмірдегі оның рөлін, түсініп, бағалау;

олардың әлеуметтік маңыздылық контекстіндегі білім сапасын және деңгейін бағалау;

қоғам мен білім алушылардың білімге қатынасы, оның әлеуметтік құндылықтарын зерттеу;

әлеуметтік мәртебенің факторы ретінде білімнің рөлін көрсету;

рухани қажеттіліктер мен мүдделер динамикасына оның әсер ету деңгейін анықтау.

Білім беру социологиясының негізін М.Вебер және Э.Дюркгейм қалаған. Олар білімнің әлеуметтік қызметтерін, оның экономикалық және саяси процестермен байланысын, сонымен қатар социологиялық көзқарас бойынша оқу орындары мен педагогикалық процестерді зерттеді. Кейінірек Т.Парсонс білімді қазіргі қоғамда әлеуметтендіру институты ретінде зерттеуді, оқу орындары мен оның элементтерін әлеуметтік жүйе ретінде қарастыруды ұсынды (рөлдер мен нормалар жүйесі). Осы тұрғыдан алғанда мектептер, сыныптар, әлеуметтік психологиялық орта, топтық процестер, жанжалдың шығу тегі, оқыту тәсілі, социометриялық құрылымдарға ие болатын білім алушылардың бейресми топтары зерттеледі. Н.Гросс, Р.Будон, Р.Коллинс білім алушының әлеуметтік жағдайын, оның оқу жүйесіндегі жетістіктерін, сондай-ақ білім мен әлеуметтік стратификацияның байланысын талдауға назар аударады.

Білім беру жүйесі - әлеуметтік институттың ең маңыздыларының бірі. Функционалды көзқарас бойынша білім жүйесі индивидтердің әлеуметтенуін қамтамасыз ететін институционалды құрылымдар қатарында. Индивидтің әлеуметтенуі - индивидумдар өздері өмір сүретін қоғамда тиімді жұмыс істеу үшін өмір сүру арқылы сапасын дамыту процесі. Әлеуметтендіру мәдениеттің сабақтастығын, оның ұрпақтан ұрпаққа берілуін қамтамасыз етеді. Алғашқы әлеуметтендіруді (баланың әлеуметтендіруі) алып жүруші агенттер болып отбасы табылады, әлеуметтендіру көбінесе стихиялы сипатта болады. Осылармен қатар өмір бойы әрекет етіп индивидтер әлеуметтендіруші агенттіктер, қоғамның құрылымдары болып табылады (саяси, заңдық, діни, БАҚ, т.б.). Бұл жерде әлеуметтендіру басымдылығы бойынша мақсатты бағытталған сипатта болады. Қазіргі қоғамда саналы әлеуметтенудің шешуші құралы білім жүйесі болып табылады. Олардың әрекет ету процесінде сонымен қатар әлеуметтену процесінің екі жақты қызметі туындайды - мәдениетті жеткізу және тұлғаның дамуы.

Мақсатты бағытталған әлеуметтендірудің тарихи, институционалды құрылымы осы кезге дейін қоғамның аз ғана бөлігін қамтыды және біртұтас саяси, діни, әскери және экономикалық элитаны қалыптастыру мақсатын көздеді. Қазіргі кезде білім беру жүйесі өзінің маңыздылығы, мазмұны, көлемі жағынан қоғам өмірінде шешуші рөл атқарады. Егер өткен ғасырларда білім жетістігі тарихи, экономикалық табыссыз, бірақ элита тобының пұрсатты тар өкілдерінің мәртебелі құрамында болса, қазіргі кезде қоғамның өндіріс әлеуеті маманданған білімнің кең таралғанымен анықталады. Қазіргі демократиялық саяси жүйенің басты талабына бұқаралық білімнің таралуы жатады.

Білім тұлғаның дамуына, өзін-өзі көрсетуіне көмектеседі. Сонымен бірге білім тәжірибелік және символдық сипаттағы маңызды міндеттерінің орындалуын қамтамасыз етіп, қоғам үшін шешуші маңызды орын алады. Мәдениетті жеткізу қызметі дәстүрлі құндылықтарды арнайы емес тиісті білім беру жүйесінде сақтау және оларды жоғалтып алуын толғандыратын тарихи бағыт алған сана-сезім ашық көрінетін қоғамдарда көрініс береді. Білімнің бұл қызметінің жүзеге асуы гуманитарлық жиынтық пәндерінің қолдауынан көрінеді - қоғам тарихы, тіл, әдебиет, география, дін және философия.

Мәдениетті жеткізу қызметінің іске асуымен байланысты туындайтын мәселелер қатарына мәдени мұраның кертартпалы қорғаушы элементтерін оның серпінділігін сақтауға мүмкіндік беретін, дәстүрге сыни баға бере отырып, құрметтейтін мәдениет элементтері мен үйлестіру мәселесі жатады (олардан тыс, мәдени құндылықтарды жеткізу мүмкін емес) [5].

Білім беру жүйесі қоғамның бірігуіне маңызды үлес қосады. Қазіргі көптеген елдер әр түрлі этникалық, діни, нәсілдік топтармен сипатталады. Білім тарихи тағдырдың қауымдастық сезімін, осы біртұтас қоғам қатарына жататынын қалыптастыруға өзінің үлесін қосады және осындай топтардың ұлттық мәдени ерекшеліктерін сақтай отырып, мәдени интеграция шеңберіндегі ортақ құндылықтарды, қалауларды, мұраттарды және ұмтылыстарды жасап шығаруға көмектеседі.

Білім жүйесі рухани өмірдің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Ол жастардың алған білімі негізінде өмірге дайындығын іске асырып, қалыптасқан қоғамдық институттардыңіс-әрекетін қамтиды.

Білім беру өзінің құрылымы бар шағын жүйені көрсетеді. Негізгі элементтер ретінде әлеуметтік қауымдастық, әлеуметтік ұйым ретіндегі оқу-тәрбиелеу мекемесін (оқытушылар мен оқушылар) және социомәдени іс-әрекетінің түрі ретінде оқу процесін көрсетуге болады. Білім жүйесі мына принциптер бойынша құрылады әрі бірнеше буындардан тұрады: мектепке дейінгі тәрбие беру жүйесі, жалпы білім беру мектебі, кәсіби-техникалық білім, жоғары оқу орыннан кейінгі кадрларды қайта даярлау мен біліктілікті жоғарлату жүйесі, т.б. Білім беру социологиясы білім жүйесінің көрсетілген әр деңгейінің әлеуметтік мәселелерін зерттейді.

Мектепке дейінгі мекемелер. Мектепке дейінгі мекемелердің адам тәрбиесінің, оның еңбекқорлығы мен басқа қасиеттерінің негізін қалау процесінде маңызы зор. Қоғамның маңызды институттарының бірі ретінде мектепке дейінгі мекемелердің әлеуметтік қызметтерін былай бөліп көрсетуге болады:

· жас баланың тәни және психологиялық денсаулығын қорғау және нығайту;

· балалардың білім алуға, жан-жақты дамуына және мектепте оқуға жалпы мәдени психологиялық құқығын жүзеге асыру;

· құрдастары ортасында әлеуметтік мінезін қалыптастыру (балалар ұжымында, қарым-қатынаста және белсенді өзара әрекеттесуде);

· қоршаған әлеуметтік орта мен отбасының даму мүмкіндігінің шектелген себебі бойынша дамуда айрылғандардың орнын толтыру;

· әйелдер мен балалардың тұлғалығын жетілдіру және қоғамдық еңбек үшін қолайлы жағдай жасау;

· мектепке дейінгі және келесі өмір барысында баланың тұлға болып қалыптасуы мүддесі үшін ата-ана және үлкен адамдармен психология-педагогикалық және әлеуметтік-ағартушылық жұмыс [6].

Мектеп. Мектептегі оқытудың тек балалардың жартысын ғана қамтитын мектепке дейінгі тәрбиеден айырмашылығы баршаға ортақтығында. Барлық жастарға орта білім беру мекемесін бітіруге мүмкіндік пен кепілдік беріледі. Жастар орта білім алған соң еңбектік және қоғамдық-саяси өмірге араласады. Индустриялы қоғамда мектеп дербес өмір сүретін, жас буын мен жас адамның тұлғасын тәрбиелеу мен әлеуметтендіруде негізгі институт болып табылады. Әлеуметтендіру институты ретінде мектептің рөлі әрқашан айтарлықтай жоғары болған, алайда индустриялы өндірісте ата-аналардың жұмыспен қамтылуы мен екі ұрпақтық отбадан қарапайым отбасыға өтуіне байланысты отбасының тәрбиелік рөлінің төмендеуі себебінен ол одан да ұлғая түседі. Әр текті қоғамда мектеп деңгейі мен бағыты, сонымен бірге білімнің мақсаты мен міндеті бойынша жіктелген. Мектеп қабырғасында оқыту және мектептен тыс ұйымдастырылған іс-әрекет балалар мен жастардың тіршілік әрекеті барысында ерекше рөл атқарады. Ол табиғи талапты, бейімділікті, қабілеттілікті қарқынды байытып, дамытады, жан-жақты қызығушылықты қалыптастырады, өнегелі тәрбиенің факторы болып табылады, саналы тәртіпті нығайтады, қоғамның талабын орындауға үйретеді.

Жалпы білім беру мектебін аяқтау жас бала үшін болашақта өмірлік жолын, мамандығын, айналысатын іс-әрекетін таңдауды білдіреді. Мектеп бітірушісі осы нұсқалардың біреуіне тоқтала отырып, кәсіби білімнің қандай да бір түріне жоғары баға береді.

Кәсіби білімді, яғни кәсіби техникалық және жоғары маман алуды зерттеу үлкен орын алады. Кәсіби техникалық білім өндірістің қажеттіліктерімен, жастарды өмірге жедел әрі тезірек енгізу формасымен тікелей байланысты. Кәсіби-техникалық дайындық әр түрлі шығындарға қарамастан білім алудағы маңызды арна болып қала береді. Білім беру социологиясы үшін білім алушылардың білім себебі оқытудың тиімділігі оның мамандық жоғарылатудағы рөлі мен халық шаруашылығындағы мәселелерді шешудегі рөлі маңызды. Сонымен бірге, қазіргі кезде осы білім түрінің деңгейі жоғары деп айта алмаймыз, өйткені түлектердің жоғары білім алуға бағдары арнайы орта білімнен басым түсуде. 90-жылдардың басындағы жастардың әлеуметтік кәсіби бағыттылығының қарама-қайшы тәжірибесі, алға қойған мақсаттары оны қоғамда шынайы орындалуы арасындағы айырмашылықтар олардың айтарлықтай маңызды және терең дағадарыста екенін көрсетіп отыр [7].

Жоғары білім беруге келетін болсақ, социология үшін жастарды оқыту түрлерінің әлеуметтік мәртебесін анықтау, болашақтағы ересек өмірдің мүмкіндігі мен рөліне баға беру, қоғамдағы субъективті талпыныс пен объективті қажеттілігінің сәйкестігі, дайындықтың сапасы мен тиімділігі маңызды.

Білім қоғамдық өмірдің барлық саласымен байланысты. Экономика білім беру саласының материалдық базасын анықтайды, оның мазмұнын пәндер құрылымы, мамандық және мамандану тұрғысын, жоспарын негіздейді. Саяси сала, сондай-ақ білім жүйесіне тікелей әрекет жасайды. Қоғамдағы режимге (демократиялық және тоталитарлық) және оның түрлеріне (ашық және жабық) байланысты білім беру жүйесінің мазмұны мен оған сәйкес келетін құрылымдары қалыптасады. Сонымен бірге социомәдени орта макро- және микро- деңгейде білім берудің барлық жүйесіне әсер етеді. Бұл жерде әңгіме қоғам мен отбасының өнегелі және діни құндылықтары жайлы болып отыр.

Сонымен қоса білім - тиісті тәуелсіздігі бар, қоғамның дамуы мен жұмыс істеуіне белсенді әрекет көрсететін қабілеті бар автономды жүйе. Білім беру деңгейіне қоғамның экономикалық күйі мен еңбек ресурстарының сапасы байланысты. Білім жүйесі азаматты қалыптастыра отырып, қоғамдық өмірдің саяси саласына да ықпал етеді.

Сонымен бірге, білім мәдени-тәрбиелік қызмет арқылы қоғамның рухани өміріне әсер етеді. Мектепке дейінгі тәрбиелеу жүйесі және жалпы білім беру мектебі болашақта кез келген кәсіби дайындықтың талабы болып табылатын тұлғаның жалпы мәдениетін қалыптастырады.

Білім беру жүйесі қоғамның әлеуметтік құрылымына “шығуды” әлеуметтік жіктелген қызметтің көмегімен іске асырады. Білім қоғамның әлеуметтік кәсіби құрылымының өндіруші факторы ретінде көрінеді. Сонымен қатар, ол әлеуметтік ауыспалылық пен әлеуметтік мобильділіктің арнасы болып табылады.

Қазақстандағы білім беру жүйесі қазір өзінің элементтері мен буындарына қатысты негізгі өзгерістерді бастан кешіруде. Мемлекеттік оқу орындарымен бірге баламалы, жеке меншік оқу орындары пайда болды. Білімнің нұсқалық формаларын таңдау мұмкінідігі кеңеюде. Дәстүрлі бұқаралық мектеппен бірге бір бағыт ұстанған сыныптар мен пәндерді тереңдетіп оқытатын лицейлер, гимназиялар, колледждер, мектептер пайда болып келеді. Тегін білім беру жүйесімен қатар барлық буындарда бала-бақшадан университетке дейін ақылы білім беру өмір сүріп келеді.

Қазіргі жағдайда Қазақстанда білім беру жүйесінің алдында мазмұнды және құрылымдық-ұйымдастырушылық сипаттағы міндеттерді шешу мәселесі тұр. Мазмұнды көзқарас бойынша құндылықтық іргелілікті қалыптастыру, өзіне жалпы адамзат мұратының үздік үлгілерін және ұлттық тарихи-мәдени мұрасына ие принциптерді жанастыратын білім жүйесіндегі гуманитарлық білімнің базалық негіздерін дамыту мен орнына келтіру қажет.

Ұйымдастырушылық мәселелер қатарына мемлекеттік білім беру мекемелерін және ақысыз білім беруде кең етек алып бара жатқан мемлекеттік емес ақылы білім беру мекемелерімен үйлестіру мәселесі жатады (дәл айтқанда “ақысыз білім беру ұғымы” анық емес, ол оқушылар үшін тегін бірақ мұндай білім беру мемлекеттік бюджет арқылы салық төлеушілер тарапынан төленеді). ҚР Конституциясымен кепілдік берілген мұндай білімнің маңызды әлеуметтік мәні айқын. Оның мазмұны мен дамуы мемлекеттік бөджет көлеміне және ондағы осы мақсатқа бөлінген қаржыға тікелей байланысты. Сонымен бірге ақылы мемлекеттік емес білім берудің қатар даму заңдылығы айқын. Оның қол жетерлігі азаматтардың кіріс деңгейіне тікелей тәуелді. Ақылы білім беру жүйесі мұндай мекемелердің материалдық кеңейуіне, мұғалімдерінің жоғары жалақы алуын қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді. Мұғалімдер құрамын байқау негізінде жақсартуға, оқытудың жоғары деңгейіне үміткер болуына, мұндай білім беруде маманданудың пайда болып жатқан жаңа талаптарына икемді түрде өз қатынасын білдіруіне мүмкіндік береді. Білімнің ақылы жүйесінің даму барысына қарай оның шынайы элиталық сипаты көрінеді.

Ақырында білім беру саласында әмбебап принцип көрінеді: қымбат болған нәрсе үздік сапаға ие және жоғары бағаланады. Мұндай жүйенің анық көрінетін әлеуметтік қызметі осындай. Оның жасырын (латентті) қызметі білім беру деңгейіндегі, сапасындағы жіктелу азаматтардың табыс деңгейіне қарай жіктелуін білдіріп қана қоймай, сонымен қатар өз түлектеріне әлеуметтік баспалдақ бойынша жоғары жылжуда және тиісті әлеуметтік ұстанымдарға ие болуда әлеуметтік мобильділік үшін ең үздік алғаш қадамдық жағдайларды ұсынуынан келіп шығады, яғни қоғамның әлеуметтік құрылымына өз үлесін қосады.

Білім беру мекемелерін зерттеу пәні ресми және бейресми құрылым, балалар мен жеткіншектер ұйымдарының ерекшеліктері, әлеуметтік-психологиялық аспектідегі мұғалімнің мамандығының әлеуметтік мәртебесі, оқу ұжымындағы өзін-өзі басқару мен басқарудың өзіне тән ерекшелігі болып табылады. Білім беру социологиясында әлеуметтік саясат мәселелері үлкен орын алады, оның негізігі міндеті - білімнің әр түрлі қызметтерін оңтайландыру, әр түрлі салада (өндірісте, ғылымда, мәдениетте, басқаруда) оның тиімділігін арттыру. Сондай-ақ, жалпы қоғам дамуында оның адам факторын белсендірудегі рөлі анық.

 

Мәдениет социологиясы

 

“Мәдениет” термині латын сөзінен шыққан, алғашында мәдениет деп табиғи себептерден туындаған өзгерістерге қарағанда, адамның әсер етуімен болатын табиғи объектідегі барлық өзгерістер түсіндірілді. Кейінірек “мәдениет” сөзі жинақталып, қорытылды, сөйтіп онымен адам қолымен жасалғанның барлығы атала бастады. Осы тұрғыдан алып қарасақ, мәдениет алғашқыда жаратылыста табиғаттың үстіне адам қолымен жасалған “екінші табиғат” ретінде көрінеді. Мәдениет материалдық және рухани өндіріс нәтижелерін қамтиды. Бұл - мәдениетке жалпы философиялық көзқарас.

Социологияда мәдениет сөзі кең мағынада өзіндік ерекшелігі бар, генетикалық жолмен берілмейтін, адамның өмір сүру ортасы мен өзара әрекеттесуінің құралдары, амалдары, формалары, үлгілері мен бағдарламалардың жиынтығы деп түсіндіріледі. Тар мағынада мәдениет социологияда адамның нақтылы бір тобына тән, ұжымдық қолдауға ие болатын құндылықтар, сенімдер, жүріс-тұрыс үлгілері мен нормалар жүйесі ретінде түсіндіріледі [8].

Социологияда мәдениет әр түрлі әлеуметтік жағдайларға тап болған адамдардың өзара түсіністіктерін қамтамасыз ететін, заттарды тарату мен сақтауға, меңгеруге, жасауға бағытталған әлеуметтік қатынастарда көрінетін және әлеуметтік табиғатқа ие болуға қиын динамикалық білім ретінде қарастырылады.

Социологиялық зерттеудің объектілері болып қазіргі қоғамда өмір сүретін меңгеру формалары мен әдістерінің нақтылы бөлінуі, мәдениет объектілерін жасау мен жеткізу, мәдени өмірдегі тұрақты және өзгермелі процестер, әлеуметтік факторлар мен механизмдердің байланыстырушылары деп айтылады. Бұл тұрғыда социология кең таралған, тұрақты және әлеуметтік қауымдастықтың, топтың, табиғи және әлеуметтік қоршауларымен жалпы қоғам мүшелерінің қатынастарының уақыт бойынша қайталанып отыратын көп түрлі формаларын, қауымдастық мәдениетінің даму деңгейін анықтайтын мәдениеттің даму динамикасын зерттейді.

Мәдениет социологиясы көптеген қызметтер атқарады, олардың негізігілері: ғылыми-танымдық, білім беру және тәжірибелік қызметтер. Ғылыми-танымдық қызметі арқасында мәдениет социологиясы мәдени процестердің өзгерісіне немесе қолдауына, нәтижесіне әсер ететін әлеуметтік факторлар мен механизмдер, қазіргі жағдайдағы мәдени динамика заңдылықтарының өзіне тән ерекшелігі туралы шынайы білімді қамтамасыз етеді.

Білім беру қызметі қоғам мүшелері арасында тиісті білім таратуға бағытталған. Оның мақсаты - қазіргі қиын әлеуметтік-мәдени жағдайда олардың бағыт алуына, олар туралы ойлардың бүгінгі мазмұнын ашу мен негіздеуге көмектесу.

Тәжірибелік қызметтің мақсаты мәдени өзгерістер мен мәдени саясаттың мақсатты бағытталған ғылыми негізін өңдеп шығару. Социологияда мәдениет бірінші кезекте оның әлеуметтік аспектісінде, яғни әлеуметтік өзара әрекеттесулердің нәтижелері мен процестеріне көзқарасы тұрғысынан қарастырылады. Бұл мағынада мәдениетті зерттеу аумақтық бөліну мен әлеуметтік топқа бөлінудің қандай да бір жағдайында болатын қоғам мүшелерінің өзінің әлеуметтік-мәдени ортасындағы күрделі және көп өлшемді қоғамдық процестерді игеру, ұғыну және өзгеруін зерттеуді білдіреді.

Социологияда рухани мәдениеттегі әр түрлі элеметтердің жұмыс істеуіне көп көңіл бөлінеді. Алғашқы және маңызды элемент танымды, белгі-символдық элемент, яғни қандай да бір түсініктер мен ойларда қалыптасқан, тілде айқындалған білім. Тіл - адам тәжірибесін шоғырланудың, сақтаудың, жеткізілудің объективті формасы. Тіл нақтылы мәндермен үйлестірілетін белгілер мен символдардың жүйесі болып табылады. Белгілер мен символдар қатынас жасау барысында басқа ілімдердің өкілдері ретінде көрінеді, олар туралы ақпарттар жеткізу мен өзгерту, алу мен сақтау үшін қолданылады. Белгілер мен символдар әрқашан нақтылы мәнге ие болады. Адамдар белгілер мен символдардың мәнін түсінуді білім беру процесінде игереді. Дәл осылар оларға айтылған мен жазылғанның мәнін түсінуге мүмкіндік береді.

Мәдениеттің екінші аса маңызды құрамдас бөлігі құндылықтық-танымдық жүйе болып табылады. Құндылық - бұл осы немесе басқа қоғамдық заттардың қасиетін, қызығушылықтарын, ниеттерін, қажеттіліктерін қанағаттандыру құбылысы. Құндылықтар өзінің қажеттіліктерін әлеуметтік субъект деп ұғыну нәтижесінде, олардың қоршаған әлем заттарымен ара қатынасында қалыптасады. Әлеуметтік субъектінің құндылық жүйесіне әр түрлі құндылықтарды жатқызуға болады:

1. Өмірлік мағынасы бар (жамандық пен жақсылық туралы, өмірдің мақсаты мен мәні туралы ойлар);

2. Әмбебап: а) виталды (өмір, денсаулық, жеке қауіпсіздік, тұрмыс-жағдай, отбасы, туыстар, білім, мамандық, құқықытық тәртіп, т.б.); ә) қоғамдық мойындау (еңбек сүйгіштік, әлеуметтік жағдай, т.б.); б) өзара тұлғалық қатынас (адалдық, риясыздық, мейірімділік); в) демократиялық (сөз бостандығы, еркіндік, ұлттық егемендік, т.б.);

3. Партикулярлы: а) отаны мен отбасына бауыр басу; ә) фетишизмдік (құдайға сену, абсолютке ұмтылу).

Социологияда құндылықтар, ең алдымен адамның жүріс-тұрысы мен қоғамдық өмірдің әлеуметтік нормативтік қызметінде қарастырылады. Құндылықтың нақ осы қызметі оларды социологиялық зерттеудің арнайы пәніне айналдырады.

Құндылықты қатынастар өзінің жеке өмір сүруін әлеуметтік норма көрінісінен табады. Социологияда норма дегенде тек жалпы ереже ғана емес, сонымен бірге бұқаралық көрініс процестерінің шынайы өмір сүретін типі түсіндіріледі. Адамның жүріс-тұрысына сәйкес әлеуметтік норма ретіндегі қазіргі қоғамның көптеген өкілдеріне тән, әдеттегі әлеуметтік байланыстар мен қатынастарды бейнелейтін осындай жүріс-тұрыс көрініс береді және қабылданады немесе жиі-жиі кездеседі деуге болады. Жалпы қабылданған норманы көрсететін шынайы жүріс-тұрыстың объективті және субъективті аспектілері болады. Объективті мағынада норма қоғамдық қызығушылықтар мен қажеттіліктерге, мазмұны мен формасы сәйкес келетін сыртқы қылықтарымен айқындалады. Субъективтіде нормативтік мінез-құлықтың идеологиялық және психологиялық аспектісі қоғамдық және жеке дара санада ұсынылған деп айқындалады. Әлеуметтік норма өздерінің қылықтарының қоғамдық мәні мен әлеуметтік құндылықтарын азды-көпті түсінген адам ретінде түсіндіріледі. Бұл үлгі жүріс-тұрыс дәледеуінде маңызды рөл атқарады [9].

Мәдениеттің синтетикалық формасы ырым, әдет-ғұрып, салт-дәстүр сияқты жүріс-тұрыс үлгілері болып табылады. Ырым бұл өзіне осы немесе басқа әлеуметтік идеяларды, ойларды, нормалар мен құндылықтарды іске асыратын және қандай да бір ұжымдық сезімді тудыратын ұйымдық іс-әрекеттің символдық-таптаурын жиынтығы. Ырымның күші оның адамдарға деген эмоционалдық-психологиялық әрекетінде жатыр. Ырымда құндылықтар мен мұраттардың осы және басқа нормаларын игеру емес, сонымен бірге ырымдық әсерге қатынасқандармен бірге әсерленушілігі болып жатады.

Әдет-ғұрып - бұл топтық іс-әрекеттің үйреншікті, қалыпты ең ыңғайлы және жеткілікті кең таралған әдістері. Адамдардың жаңа ұрпақтары қоғамның үйреншікті әдістерін жартылай санасыз түрде еліктеу арқылы, жартылай саналы түрде оқыту арқылы қабылдайды. Әр адам бала кезінен көптеген көне мәдени элементтердің қоршауында болады. Ол үнемі көз алдында осы ережелерді көргендіктен, өзі үшін ең дұрыс және ең қолайлы болып қала береді. Бала өсіп-өніп, үлкейген соң, олардың пайда болуы туралы ойланбастан оған өзінен-өзі белгіленген құбылыс ретінде қарайды. Мысалы, амандасу үшін ол дағдылы түрде оң қолын созады, бірақ бір кездері мұндай ым жәй амандасуға қарағанда үлкен мән, дәлірек айтсақ, қолда қару жоқ екендігін білдірген. Қоғамда әдет-ғұрыптар саны өте көп. Жабайы қоғамның өзінде де бірнеше мыңдаған әдет-ғұрыптар болған, ал қазіргі индустриалды қоғамда олардың саны көбейе түсуде [10].

Салт-дәстүр - бұл мұраттар мен құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жазбаша немесе ауызша түрде тасымалдау, жеткізу, қолдау және сақтау процесі. Салт-дәстүр адам мәдениетінің барлық салаларын қамтиды. Салт-дәстүрсіз адамзат тарихында ешқандай мәдениет өмір сүре алмайтынымен қоса, онсыз кез келген адамдар қауымдастығының өмір сүруін көз алдымызға елестету мүмкін емес, ал салт-дәстүр - бұл мәдениет және өркениет қоғамы онсыз өмір сүре алмайтын жалпы рухани негіз. Бір сөзбен айтқанда, салт-дәстүр - жеке адамның, топтың, халықтың және адамзаттың мәдени ұқсастығы мен тарихи зердесінің құрамында болатын құндылықтар, нормалар, идеялар, әдет-ғұрыптар жиынтығы. Қазіргі социологиялық еңбектерде салт-дәстүрді жайлап үйрену мен ұзаққа созылған қандай да бір қоғамдық талаптар ғана емес, сонымен бірге адамның өмір сүруіне қажетті жағдайларға негізделуі деп қарастырады. Сол себептен салт-дәстүрдегі қажеттілік бір уақытта босататын, жаншитын адамдар жүрегіне жол салатын маңызды қажеттілік болып табылады. Социологиялық анықтамалар қатарында, сонымен бірге салт-дәстүрді әмбебап мәдениет құбылысы ретінде қарастыратын мағыналар да бар [11].

Салт-дәстүр барлық әлеуметтік жүйелерде қызмет етеді және олардың өмір саласындағы қажетті жағдай болып табылады. Салт-дәстүрге немқұрайды қатынас қоғам мен мәдениет дамуындағы мирасқорлықтың бұзылуына, адамзаттың құндылықтық жетістіктерінің жоғалуына алып келеді. Салт-дәстүр алдында соқыр бас ию кертартпалық пен қоғамдық өмірде тоқырау туғызады.

Мәдениет әр түрлі деңгейдегі қоғамдық өзара байланыста қандай да бір нақтылы формада қызмет атқарады. Мәдениет болмысының бұл нақтылы формасын көрсету үшін социологияда субмәдениет түсінігі қолданылады. Субмәдениет - бұл көбінесе оларды алып жүретіндердің ойлауы мен өмір стилін анықтайтын, өздерінің комплекстерімен, әдет-ғұрыптарымен, нормаларымен, ерекшеленетін автономды тұтастай білім.

Социологияда субмәдениеттің пайда болуын қоғамдық субмәдени және мәдени қажеттіліктеріне жағымды жауап ретінде (кәсіби мәдениет) және қоғамда үстемдік етуші мәдениет пен әлеуметтік құрылымдарға жағымсыз әсер ретінде (деликвентті субмәдениет, яғни қоғамның қылмыстық топтар мәдениеті) қарастырылады. Ұлттық, дінаралық, кәсіби субмәдениеттерді, ұйымдар мен әлеуметтік топтар, т.б. субмәдениетін атап көрсетуге болады. Субмәдениеттің қалыптасуының әлеуметтік базасы жасы үлкен-кішілі топтар, әлеуметтік топтар, ірі бейресми бірлестіктер болып табылады. Субмәдениет түсінігі әлеуметік топтар қатарын мамандандыру, урбанизациялау әсерінен болатын мәдениеттің бірігу мен жіктеу процестерін және мәдени салт-дәстүрден ұзап кетуге әкелетін әлеуметтік мобильділіктің күшею процестерін зерттеп білуге көмектеседі.

Социологияның маңызды мәселесі басқа мәдениеттің адамдармен бағалануы. Адамдар көбінесе өздерінің мәдениетіне қарамай басқа мәдениеттерді бағалауға бейім. Мұндай позиция этноцентризм деп аталады. Этноцентризм қандай да бір деңгейде барлық қоғамға тән, керек десеңіз артта қалған елдердің өзі бір нәрседе өзінің қалғандардан артықшылығын сезінеді. Этноцентризм сияқты қиын мәдени құбылыстың жағымды сәттері этноцентризмнің нақтылы айқын көрінісі бар топтар басқа мәдениетке және субмәдениетке толығымен шыдамды топтарға қарағанда өмір сүруге аса дәрменді болып келетіндігінен көрінеді. Этноцентризм топтарды шоғырландырады, оның әл ауқаты үшін құрбан болу мен азаптануды ақтайды; онсыз отан сүйгіштіктің пайда болуы мүмкін емес. Этноцентризм - ұлттық сана-сезімнің, керек десеңіз әдеттегі топтық адалдықтың пайда болуының қажетті жағдайлары. Әрине, этноцентризмнің жағымсыз пайда болулары да мүмкін, мысалы, ұлтшылдық, басқа қоғам мәдениетіне теріс қарау. Бірақ көп жағдайларда этноцентризм шыдамды формаларда пайда болады. Біз этноценотризм құбылысымен күнде кезігеміз, жынысы, жасы бойынша басқа аймақтардың, басқа ұйымдардың өкілдерімен салыстырғанда және әлеуметтік топ өкілдерінің әлеуметтік үлгілеріндегі айырмашылық болғанда, барлық жағдайда адамдармен жиі ұшырасамыз.

Этноцентризмге мәдениетті релятивизм қарсы тұрады. Оның негізгі тұжырымы мынада, егер ниеттер мен құндылықтар өздерінің жеке меншік мәдениетінің әлемінде ұқсамайтын болса, бір әлеуметтік топтың мүшелері басқа топтардың ниеттері мен құндылықтарын түсіне алмайды. Басқа мәдениетті түсіну үшін оның нақтылы белгілерін, дамуының ерекшеліктері және оқиғаларын байланыстыру керек. Әрбір мәдени элемент өзі бір бөлігі болып табылатын мәдениеттің ерекшеліктерімен ара қатынаста болу қажет. Бұл элементтің құндылығы мен мәні тек қана қандай да бір мәдениеттің контекстінде қаралуы мүмкін. Мәдени релятивизмге сәйкес жеке мәдени жүйенің нақтылы элементтері дұрыс және жалпылама қабылданған болып табылады, өйткені олар өздерін дәл осы жүйеде жақсы көрсетті; ал басқалары дұрыс емес және қажетсіз деп саналады, өйткені оларды қолдану осы қоғамда немесе осы әлеуметтік топта ауру мен жанжалды салдарды туғызар еді. Қоғамда мәдениетті қабылдау мен дамытудың ең тиімді жолы - этноцентризм мен белгілердің және мәдени релятивизмнің сәйкес келуі, индивид өзінің тобының немесе қоғамының мәдениеті үшін мақтаныш сезімін сезіне отырып және осы мәдениеттің негізгі үлгілеріне жолын қуушылық ойын айта отырып, сол уақытта басқа әлеуметтік топтардың өмір сүруге құқы бар екенін мойындай отырып, сол топтар мүшелерінің жүріс-тұрысын, мәдениетін түсінуге қабілетті.

Мәдениет қоғам өмірінде маңызды рөл атқарады, ол ең алдымен адамзат тәжірибесін сақтау және жеткізуден құралады. Бұл рөл бірнеше қызметтер қатары арқылы іске асырылады:

1) Мәдениеттің білім беру тәрбиелік қызметі. Индивид әлеуметтенуінің арқасында тұлға, қоғам мүшесі, адам болып қалыптасады, яғни барлық адамзаттың және өзінің әлеуметтік тобының, өзінің халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, нормаларын, құндылықтарын, рәміздерін, тілдерін, білімдерін игереді. Тұлғаның мәдени деңгейі оның әлеуметтенуінен - мәдени мұраға орналасуынан, сонымен қатар жеке дара қажеттіліктерінің даму дәрежесінен көрінеді. Тұлғаның мәдениеті, әдетте дамыған шығармашылық қабілеттерімен, эрудициясымен, өнер туындысын түсінуімен, ана тілі мен шет тілін жетік меңгеруімен, ұқыптылықпен, сыпайылықпен, жоғары өнегелілікпен ұқсастандырылады.

2) Мәдениеттің интегративтік және дезинтегративтік қызметі.Э.Дюркгейм өз зерттеулерінде осы қызметке ерекше көңіл бөледі. Э.Дюркгейм бойынша мәдениетті игеру адамдарда, қандай да бір қауымдастықтарда, қауымдық сезімін бір ұлтқа, халыққа, дінге, топқа жату сезімін қалыптастырады. Осылайша мәдениет адамдарды шоғырландырады, қауымдастықтың тұтастығын қамтамасыз етіп, біріктіреді. Осы үлкен қоғамдастықтар мен қауымдастықтар ішінде мәдени жанжалдар пайда болуы мүмкін. Осылайша мәдениет дезинтеграциялану қызметін атқарады.

3) Мәдениеттің реттеуші қызметі. Әлеуметтендіру процесі барысында құндылықтар, мұраттар, нормалар мен жүріс-тұрыс үлгілері тұлғаның сана-сезімінің бөлшегіне айналады. Олар адамдардың жүріс-тұрыстарын реттейді және қалыптастырады. Мәдениет адам әрекет жасай алатын шеңберді анықтайды деуге болады. Мәдениет адамның отбасындағы, мектептегі, өндірістегі, күнделікті тіршіліктегі жүріс-тұрысын реттейді, өйткені ол тиым салу мен ережелер жүйесін қамтиды. Бұл тиым салу мен ережелерді бұзу қоғамдастықтармен бекітілген және институционалды мәжбүрлеудің әр түрлі формасы мен қоғамдық пікір күштерінен қолдау алатын қандай да бір санкциялардың әрекет етуіне алып келеді.

Мәдениет дамуындағы ең маңызды сәттердің бірі - мәдениет үлгілерінің таралуы. Француз мәдениет зерттеушісі А.Моль осы процесс жолында пайда болатын мәдени үлгілер мен бөгеттердің таралуының әр түрлі кезеңдерін анықтауға болатын қазіргі қоғамда мәдениетті таратудың әмбебап үлгісін өңдеп шығарды [12]. А.Мольдың үлгісі бойынша мәдени үлгілерді таратудың кез келгені шығармашылық тұлғаның іс-әрекетінен басталады, олардың әрқайсысы өздерінің ақылды іс-әрекетінің, экспериментінің, бұрынғы тәжірибелері негізінде кейбір әлеуметтік топтарда қолдану үшін өзінің сапасы бойынша жарамды өнім жасайды. Жаңа мәдени үлгіні көрсеткен кіші топта ол алғаш рет бағаланады. Ондай жағдайда, егер үлгі кіші топ мүшелерін қанағаттандырса, онда ол қабылданады және ол микро ортада мәдени үлгінің алғашқы таратылуы болып саналады. Осында мәдениет нормалары мен құныдылықтардың таратылуы аяқталады. Қандай да бір отбасына немесе шағын жұмысшылар ұжымдарына тән және үлкен әлеуметтік жиынтықтарға таралмайтын нормаларды жиі байқауға болады.

Мәдениет үлгісінің әрі қарай таралуы үшін біріншіден, үлкен топтармен қоғамдар шегінде құндылықтары мен мәні болу керек, екіншіден, бұқаралық ақпараттар құралдары көмегімен үлкен аудиторияға жеткізілуі және көбейтілуі керек. Бұқаралық ақпарат құралдары әлеуметтік құндылықтарды қалын қауымға немесе макро ортаға дейін жеткізеді. Алайда бұқаралық ақпараттар көмегімен таралған идеяларды бұқаралық мәдениеттің бір бөлігі деуге болмайды. Біз күнде үлкен аумақта ақпараттар аламыз, бірақ одан игеру үшін аз ғана бөлігін аламыз. Егер де жаңа мәдени норма немесе құндылық кең аудиториямен, микро ортамен мәдениеттің пайдалы, қажетті бөлігі ретінде қабылданатын болса, егер де ол қазіргі қоғамның басқа мәдениет үлгілерімен таласта төтеп бере алса, онда ол осының бөлігі болып қалыптасады. Әрі қарай қолдану барысында мәдени үлгі адамдармен игеріледі, тұлғаның жеке дара мәдениетіне ажырамас бөлік ретінде енеді, процесс қайталана береді.

Мәдениеттің икемділігі, оның қоршаған ортаға бейімделу және өзгеру қабілеті көбінесе мәдени үлгілердің негізін құратын жаңа идеялардың айналу жылдамдығына байланысты.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Яковлев А.М. Социальная структура общества. - М.: Издательство “Экзамен”, 2003. - С.176-177

Поппер К. Логика и рост научного знания. - М.: 1983

Филиппов Ф.Р. Социология образования . - М, Наука, 1998. -С.153.

Тощенко Ж.Т. Социология. Общий курс. - 2-е изд., доп. и перераб. - М.: Прометей: Юрайт. - М, 2001. - 331

Яковлев А.М. Социальная структура общества. - М.: Издательство Экзамен, 2003. - С.171.

Калдыбаева Т.Ж. Социальные проблемы дошкольного образования в Казахстане //СОЦИС. - 2000. - 4. - С.66.

Руткевич М.Н, Потапов В.П. После школы: Социально-профессиональные ориентации молодежи. - М., 1995.

Радугин М.М, Радугина К.А. Социология. Курс лекций. -М.: Владос, 1995. -С.51.

Джаманбалаева Ш.Е. Социология девиантного поведения. -Алматы, Қазақ университеті, 1999. - С.15.

Фролов С.С. Социология. Учебник для высшых заведений. -М.: Издательская корпорация Логос, 1998. - С.63.

Маркович Д.Ж. Общая социология. Учебник. - М., 1998, С.341.

Мескон М., Альберт М., Хедаури Ф. Основы менеджмента. -М., 1992. - С.94.