Саяси жетекшілік

 

Белсенді саяси рөлге ұмтылушы тұлға саяси социологияның жеке зерттеу объектісін білдіреді. Бұл жағдай жетекшілердің, әсіресе саяси жетекшілердің қоғамдағы процестерге айтарлықтай әсер етумен байланысты.

Саясаттағы жетекші - бұл өз айналасына көптеген адамдарды топтастыра алушы, саяси процеске қатысушылар арасында өз беделін мойындата алушы қасиетке ие адам. Идеалды тұрғыда жетекші - ол ақыл мен ерік, саяси күш-жігерді ұйымдастырушы, қандай да бір партияны немесе қозғалысты басқарушы. Жетекшілерсіз саяси әрекет жоқ, тек бақылаусыз қозғалыс бар. Оларсыз бұқара тобыр ғана. Міне сондықтан да, жетекшілерді табу, өсіру және ұсыну мәселесі өмірде ең күрделі мәселе болып табылады.

Қазіргі заманғы әдебиеттерде саяси жетекшілікті, жетекшіге қажетті жеке қасиеттерді бағалауда, жетекшінің әрекетіне тән қызметтерді талдауда, оның жүріс-тұрыс стильдерін бейнелеуде көптеген типологиялар бар. Саяси жетекшілікті типологияға бөлудің ең кең тараған түрінің бірі М.Вебер тарапынан жасалған. Оның негізіне, қандай да бір қайраткерді жетекші деп мойындап, оның соңынан еруге дайын болатын адамдар дәлелдеулерін талдау енгізілген болатын.

Жетекшінің бірінші түрі - “дәстүрлі”. Бұл тип жетекшіні баламасы жоқ, “біздің әкелеріміз де аталарымыз да осылай істеген, біз де солай істейміз” деген принцип бойынша қабылдайды. Мұндай типтегі дәлелдеуге мысал ретінде монархиялық мұраттарды қабылдау немесе тайпалық көсемдердегі бағыну әдетін келтіруге болады. Ел басында кім болмасын, оның жеке қасиеттеріне қарамай, ол талассыз сюзерен ретінде (жоғары басқарушы, патша) ал бағынушылары оған тәуелді ретінде (мемлекеттік тұлғаға тәуелді адам) қабылданады.

Екінші түрі - “заңды” немесе “бюрократиялық” тұлға, оны да формальді деп атауға болады. Бұл жетекшіге тұлға ретінде бағыну емес, оның басқару баспалдағындағы орнына, оның мәртебесіне - шеніне бағыну. Бұл жеке бір кейіпкердің емес, қызмет бабы мен орынның жетекшілігі.

Үшінші түрі - “харизмалық”. Бұл оның ойларының өзіне көпшілікті баурап алуына, санасына әсер ете алу қасиетіне тәуелді жетекшіліктің тұлғалық типі.

Қазіргі уақытта жетекшілікті типтеудің ең бір терең өңделген түрі - ол үш негізгі әлеуметтік деңгейде іс-әрекеттің сипаты мен ауқымына қарай қалыптасқан.

Саяси жетекшіліктің бірінші деңгейі - ол сол қоғамда билікке ие тұлғалардың кіші тобының деңгейі (президенттің айналасындағылар, парламенттің, генералитеттің, т.б. басшылары). Бұл жерде жетекші осы топтың іс-қимылын біріктіруші, бағыттаушы және ұйымдастырушы ең беделді тұлға. Одан жылдам шешім қабылдау, жауапкершілікті өз мойнына алу, топ қатысушыларының мүдделерін қанағаттандыруға қол жеткізу қабілеттері талап етіледі. Бұл деңгейде басқару стилі, жетекшінің жеке қасиеттері шешуші мағынаға ие болады.

Екінші деңгей - саяси қозғалыста оның билік үшін күресіндегі үлкен әлеуметтік топтың (топ, тап, партия) жетекшілігі. Енді бұл жерде жетекшінің жеке қасиеттері бірінші кезекке шықпайды, оның халықтың сол бөлігінің мүддесін білдіріп, қорғай алу қабілеті алға шығады. Осы мүдделерді қанағаттандыру үшін стратегия құрастырып, оған қол жеткізу құралдарын ойлап табу қасиеті - жетекшінің басты құндылығы. Жетекші бейнесі топтардың саяси көңіл-күйлері мен үміттерінің символы болып қосарланып, бітісіп кетеді. Мұндай жетекшіге тек интегративтік (біріктірушілік) қана емес, сонымен бірге прагматикалық қасиетте қажет.

Үшінші деңгей - саяси жетекшілік басқарушылық қатынастар жүйесінде, жалпы қоғам, халықтың көпшілік бөлігінің алдында тұрған міндеттерді шешуді қамтитын әлеуметтік институт ретінде ұсынылады. Үшінші деңгейде жетекшінің тұлғалық сипаттамалары айтарлықтай әлсіз түрде әсер етеді.

 

Қоғамдық пікірдің саяси социологиясы

 

“Қоғамдық пікір” (publіc opіnіon) ұғымы алғаш рет ХІІ ғасырда қолданған деп саналады. Бұл ұғымның авторы ағылшын жазушысы және мемлекет қайраткері Д.Солсбери деп танылады. Бір қызығы, “қоғамдық пікір” ұғымының пайда болуы ағылшын Парламентінің қазіметімен байланысты болғанға ұқсайды. Бұл ұғымды пайдалану оны ел, халқы жағынан қолдауды білдіретін болды. ХVІІІ ғасырда “publіc opіnіon” жалпы ұғым ретінде қалыптасты.

Кеңестік ғылымда қоғамдық пікір көбіне таптық пікірден жалпы халықтық пікірге ауысудың қандай да бір өтпелі кезеңі ретінде қабылданды. Басқа сөзбен айтқанда, қоғамдық пікір қандай да бір бірлік, біркелкілік деңгейге ие болу ретінде түсіндірілді.

Кеңестік зерттеушілер қоғамдық пікірді рухани немесе рухани-тәжірибелік құбылыс ретінде қарастырды. Онымен қоса қоғамдық пікірдің тұтастай ғылыми қаңқасы жалпыға әйгілі марксшілдік-лениндік болмыс сананы анықтайды деген қағидаға келіп тірелді.

Пьер Бурдьенің пікірінше, қоғамдық пікірді зерттеу тұтастай саяси саланың бастамасы мен қызметіне жатады. “Қоғамдық пікірді бүгінгі күйінде байқап білу - ол саяси әрекеттің құралы; мүмкін оның ең маңызды қызметі, қоғамдық пікір тек жеке дара пікірлерді жинау жолымен алынатын императив ретінде өмір сүреді деп сендіруден және қандай да бір орташа арифметикалық пікір немесе орташа пікір болады деген идеяны ендіруден тұратын шығар”.

Пьер Бурдье, сұраулардың нәтижелері мен қоғамдық пікір ұғымының сәйкессіздігі мәселесін анықтай отырып, оның принциптік сәйкес келмейтіндігін көрсетті. Онымен қоса бұл жағдай социологиялық сұраулар, зерттеулер қоғамдық пікірден институционалды жоспарда бөлектеніп, дербестеніп кеткендігін көрсетті. Сұраулар индустриясы қоғамдық пікірді зерттеуде өзінің біршама тұрақты орнын тапты. Сонымен қатар, феноменді толық көлемде қамту олардың қолынан келмеді. Сұраулар көпшілік саласының бір бөлігі ретінде оның тек жекелеген құрамдас бөліктерін түсінуге қабілетті.

Қоғамдық пікірге өзінің әлеуметтік мәні бойынша бірнеше категориялар жақын. Олардың біріншісі қоғамдық сана, өте жоғары деңгейдегі әлеуметтік нақтылықты көрсетеді. Қоғамдық пікір қоғамның санасына қатысты өзіндік бейнесі бар эмпирикалық алаңқай болып табылады. Қоғамдық сананы зерттеу үшін социологиялық білімнің операциялануының айтарлықтай күрделі рәсімі қажет. Қоғамдық пікірге қарағанда қоғамдық сана тікелей өлшенуі мүмкін емес. Басқаша айтқанда, онда қоғамдық сана әлеуметтік мән ретінде тек пікір айтуы, пайымдауы, әлеуметтік субъектілер позициясы арқылы зерттелуі мүмкін, олар өз жиынтығында қоғамдық пікір болып табылады.

Поляк зерттеушісі Е.Вятр саяси сана социологиясын үш проблемалық салаға бөлді: саяси позициялар, қоғамдық пікір және идеология. “Бұл проблемалардың бәрін, олардың саяси қатынастарының объектісі болып табылатын жеке даралық немесе ұжымдық санаға жататындығы біріктіреді, онысымен қоғамдық пікірдің бірден бірнеше тәуелділіктері анықталады. Біріншісі - тік күйінде. Қоғамдық пікір саяси сананың құрамы болып табылады. Қоғамдық пікір феноменінің әрекет ету аумағы саяси санада жұмылдырылған.

Қарапайым және теориялық сана факторы қоғамдық пікірдің қызмет етуінің ұйымдаспаған және ұйымдасқан, динамикалық және статикалық бастамасын анықтайды. Қарапайым сана адамдардың ағымдағы оқиғалар мен құбылыстарға көзқарасын білдіреді. Қоғамның өмір сүру саласының жағдайлары қаншалықты әр түрлі бейнеде болуы мүмкін болса, дерлік соншалықты қарапайым сана әр түрлі бейнеде болады. Ол адамның ойлау, бақылау, толғану, т.б. қасиеттеріне мүмкіндік болғанша болмыстың бүкіл жай-күйін көрсетуге тырысады.

Теориялық сана қарапайым сана сияқты мобильді болуы мүмкін емес, өйткені күнделікті эмпирикаға теориялық сипат беруін байыту процесі әлеуметтік субъектілердің күнделікті рефлекстік әрекетіне қажетті уақытына қарағанда өте көп уақыт алады. Осыған орай теориялық білім қоғамдық сананы тұрақтандырады, қарапайым санамен туындайтын қайшылықты төмендетеді.

Қоғамдық пікір мен қоғамдық сананың бірнеше ерекшеліктері көрсетілген.

Біріншіден, қоғамдық сана жетілген мағынасында болады. Қоғамдық пікір болса, нақты көрініске ие (баспасөзде, теледидарда, шерулерде, т.б.) әлеуметтік құбылыс ретінде жіктелінеді.

Екіншіден, бұл құбылыстарда оларды білдіретін субъектілердің айырмашылықтары көрінеді: “қоғамдық сана ұғымы қандай бір абсолюттік субъектті меңзесе, қоғамдық пікір де нақты сол эмпирикалық белгіленетін субъектілермен байланысты”.

Үшіншіден, қоғамдық пікір деп қоғамдық сананың күйі ғана емес, сонымен қоса қоғамдық сананың ең қозғалғыш және серпінді бөлігі деп аталады, ал олардың тербелуін кейде алдын ала сезу мүмкін емес. Өз жұмысында қоғамдық пікірді қоғамдық сананың қазіргі кездегі өзекті әлеуметтік және саяси процестерге үн қосатын бөлігі дейді.

Өз кезегінде қоғамдық пікір бірнеше нақтылы категорияларға жіктеледі. Олардың арасынан зерттеушілер әлеуметтік көңіл-күйлер мен саяси қызығушылықтарға баса назар аударуда.

Қоғамдық пікір өз табиғатында плюралистік болып келеді. Керек десеңіз, көпшілікті қолдаушы қандай да бір пікірлер болғанмен де, барлық уақытта оларға жартылай немесе тіпті толық келіспейтін топтар болады.

Нақтылы бір сұрақтар бойынша пікірлердің қандай да бір бағыттылығы, шоғырланғандығы жайлы сөз жүретін болса, онда бұл жерде әңгіме қоғамдық пікірлер жайлы емес әлеуметтік көңіл-күй жайлы болып жатқанына байланысты болады. Көңіл-күй дегеніміз өзіндік бейнесі бар қоғамдық пікірдің саяси әрекетінің бағыттары болып табылады.

Пікірді қалыптастырушы ең маңызды факторлер ретінде жеке және қоғамдық мүдделер алға шығады.

Қоғамдық мүдде қоғамдық және жеке дара пікірлерді салыстыру арқылы қалыптасады. Ал жеке мүдделердің принциптік шекаралары жоқ және болмыстың барлық саласына қатысты болуы мүмкін. Қоғамдық мүдделердің шеңберлері жеке мүдделерге қарағанда көбірек шектелген болып келеді. Ол көбіне әлеуметтік тәртіп құбылыстарымен тұйықталады. Мәселе адамдардың үлкен топтарын толғандырғанда, әсер еткенде ғана қоғамдық мәселеге айналады.

Жеке мүдде бүтіндей құр бос сандалып, тез өтіп кететін түрде болуы мүмкін. Қоғамдық мүдде қоғам үшін принциптік түрде мәні бар мәселеде ғана бекітілген.

Бірқатар авторлардың ойынша, қоғамдық пікір дегеніміз ұжымдардың қажеттіліктерін білдіруші мүдделер мен талпыныстар, көзқарастар мен түсініктердің интегралдық көрініс беруі болып табылады.

Саяси қатынастардың мүдделері әлеуметтікке қарағанда бірқатар ерекшеліктерге ие. Саяси мүдделер ережелерді анықтау мүмкіндігіне ие болу үшін қандай да бір әлеуметтік институт құрылымында абыройлы орынға ие болуды көздейді. Әлеуметтік мүдде басқа ұғым және көбіне қайта өркендетудің социологиялық категориясымен байланысты. Әрбір индивид, ең алдымен өзінің өмірлік маңызы бар қажеттіліктерін қанағаттандыруға және болашақта оларды қанағаттандыру үшін күш-жігер жұмсаудың азғантай шығынымен байланысты болғанын қалайды.

Саяси және әлеуметтік мүдделер арасындағы айырмашылық саяси әрекеттесулердің өзіндік ерекшелігін анықтайды. Саясат, бізге мәлім болғандай, инидивидтің немесе индивидтер тобының басқа индивидтерге немесе индивидтер тобына, процестерге, институттарға немесе т.б. нәтижелі түрде бағындыру немесе бақылау орнатуға қол жеткізу мақсатымен әсер етуге, ықпал жасауға бағытталған саналы әрекеті.

Саясилық - бұл, экономикада - пайдалы мен зиянды, эстетикада - керемет пен дарынсызды, моральда - жақсылық пен жамандықты айыру сияқты дос пен жаудың айырмашылығы. Саяси қарама-қайшылық - ол ең қарқынды қарама-қайшылық немесе ең шеткі және кез келген нақтылы қарама-қайшылық саяси қарама-қайшылықтың өзі.

Мұндай жағдайдан келіп шығатын қорытынды, саяси мүдделер қарама-қайшылықтардың бірлігі мен күресі негізінде құрылады. Яғни, саяси мүдделердің табиғаты өзінен-өзі дуалистік болып табылдады. Біреулері билікке қол жеткізу үшін күреседі, ал екіншілері оны сақтап қалу үшін күреседі. Осыдан саяси мүдделер мен қоғамдық пікірдің айырмашылығы анықталады. Біріншісі қарама-қарсы, екіншілері қарама-қайшылықты синкреттік бейнеде көрінеді.

Саяси салада ақиқат болмай, тек мүдделер ғана болады. Олар саяси процестің тікелей қозғаушы күшін білдіреді. Мүдде - ол қажеттілік, әлі күнге дейін қол жетпегенге қол жеткізу, адамдардың бастамаларын, күш-қуатын бағыттай отырып, не нәрсе қозғап отырады, ортақ мақсаттарға қол жеткізуге итермелейтін не дегенге қызығушылық.

Саяси мүдделер, әдетте бүркемеленген ортада көрінеді. Ол қоғамда билікке қол жеткізудің өзіне тән ерекшелігімен байланысты. Ол үшін ірі әлеуметтік топтардың мүдделерінің қорғаушысы немесе жалпы ұлттық мүдделердің қорғаушысы ретіндегі ұстанымда болу қажет. Тек жеке көзқарас пен мүддені қорғай отырып кез келген қоғамда түсіністік пен танылуға қол жеткізу. Сол себепті саясатта мүдделер, әдетте бүркемеленген формада, тікелей емес, жанама әдістерде көрінеді. Әдістемелік тұрғыдан алғанда, қоғамдық пікір мүдделер мәнінен гөрі білдіру формасында өте маңызды болады.

Мүдде барлық саяси топтар үшін қозғаушы фактор болып табылады. Алайда ол жария деңгейінде, саясатта пікір, көзқарас, пайымдау формасына ие бола бастайды. Олар өз жиынтығында саяси позиция ұғымында қалыптасады және өз жалғасында саяси топтардың әрекеті үшін негізгі болып табылады, яғни ұстанымға ие болады.

Сайлаулар саяси процестегі қоғамдық пікірдің кескінін көрсету механизмі ретінде. Сайлау жүйесін мемлекеттік деңгейде қолда бар қоғамдық пікірді оның өзіндік ерекшелігі бар белгілерін жоғалтып алуға жол бермей пайдалануға мүмкіндік беретін жобалаушы ретінде елестетуге болады. Сайлау “билік деңгейіндегі көзқарастардың, пікірлердің кең жиынтығын қайта ортаға тастауы сияқты. Яғни сайлаулар қоғамдық пікірдің сандық, әсіресе сапалық сипаттарын көруге мүмкіндік беретін айна іспеттес.

Э.Лейкман және Дж. Ламберт сияқты сайлау жүйелерінің атақты теоретиктері сайлаудың мынадай міндеттерін бөліп көрсетеді:

1. Сайлаушылардың қоғамдық пікірлерінің негізгі бағыттарын білдіретін парламентті қалыптастыру.

2. Сайлаушылардың көпшілігінің еріктеріне сәйкес келетін үкімет.

3. Жеке қасиеттері басқару қызметін атқаруға сәйкес келетін өкілдерді сайлау.

4. Күшті және тұрақты үкімет.

Сонымен, сайлау жүйесін зерттеушілер сайлаулардың бірқатар бірінші кезектегі міндеттерін алға тартты. Ол қоғамдық пікірдің негізгі бағыттарын көрсете білетін мемлекеттің заң шығарушы органдары болып табылады. Басқаша айтар болсақ, бұл орган қоғамдық топтардың әлеуметтік мүдделерін білдіруге тиісті.

Сайлау бұқара халықтың ерік-жігерінің және психологиялық дайын болуының арқасында қоғамдық пікірдің рационалды (интеллектуалды) ұйытқысын құрайтын көзқарастарын, білімдерін және т.б. іске асырады. Соның нәтижесінде ерік-жігер бастамасы қоғамдық пікірдің көбінесе рухани білімнен рухани-тәжірибелік білімге айналуына жол ашады.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты сайлау жүйесінің теоретиктері Э.Лейкман және Дж.Ламберт көрсеткендей сайлаудың негізгі міндеттері тікелей қоғамдық пікір институтымен байланысты деп тұжырым жасауға болады. Яғни, сайлау қоғамдық пікірдің рационалдық, эмоционалдық және ерік-жігер құрамдас бөліктерінің көріну механизмдері екенін білдіреді.

Бір қызығы, авторлар “сайлаушылардың қоғамдық пікірі” деген бір анықтамаға келіп тірейді. Яғни, олар қоғамдық пікір дегенге оның негізінде сайлаушылар корпусы ұсынылуын айтқысы келеді. Шынында да сайлауларда қандай да бір мемлекеттік орынға үміткерлерді таңдауда қоғамдық пікір анықтаушы мәнге ие болады. Ол дауыс беруге құқығы бар азаматтар немесе елдің бүкіл ересек тұрғындары тарапынан қалыптасады.

Сайлау механизмінен басқа қоғамдық пікірді білдіруші механизм ретінде басқа институттар да бар екенін айту керек. Оның қатарында өзінің деңгейі мен диалогтік ауқымдарының құрылымы формасында алға шығатын мүдделерді келістірудің парламенттен тыс механизмдері және т.б. бар.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Амелин В.Н. Социология политики. - М., 1992.

2. Амелин В.К, Дегтярев А.А. Социология политики: становление и современное состояние // Социология в России / Под ред. В.А. Ядова. М., 1998.

3. Бурдье П. Социология политики / Пер. с фр. - М., 1993.

4. Введение в политологию. Авт-сост. Джунусова Ж.Х., Булуктаев Ю.О., Акимова А.М. - Алматы, 1998.

5. Вебер М. Класс, статус и партия / Пер. с англ. В.Чесноковой // Социальная стратификация. Вып. 1. - М., 1992. - С. 19-38.

6. Вебер М. Основные социологические понятия // Вебер М. Избранные произведения. - М., 1990.

7. Вятр Е. Социология политических отношений. М., 1979.

8. Доган М., Пеласси Д. Сравнительная политическая социология. М., 1994

9. Дюверже М. Политические партии. М., 2000.

10.Масловский М.В. Политическая социология бюрократии. М., 1997.

11.Михелъс Р. Социология политической партии в условиях демократии // Антология мировой политической мысли. Т.2 / Отв. ред. Т.А. Алексеева. М., 1997.

12.Политическая социология: Российская академия управления курс лекций. - М., 1993.

13.Политическая социология. Ростов н/Д: Феникс, 1997.

14.Политология. Учебник для студентов высших учебных заведений. Под общей редакцией А.Н. Нысанбаева. Алматы, 1998.

15.Современная западная социология: Словарь. -М., 1990.

16.Тощенко Ж.Т., Бойков В.Э. Политическая социология: состояние, проблемы, перспективы // СОЦИС, 1990. (9.

17.Тощенко Ж.Т. Социология. Общий курс. - М., 1994.

18.Шварценберг Р.Ж. Политическая социология. (В.3-х ч.). Пер. с фран. - М.: Б. И., 1992.

19.Энциклопедический социологический словарь. М., 1995.

20.Американская социология. М., 1975. С.205-206.

21.Аитов Н.А. Общество переходного периода. Алматы, 1994.


3-тарау. ҒЫЛЫМ, БІЛІМ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ СОЦИОЛОГИЯСЫ

Ғылым социологиясы

 

Ғылым социологиясы - социологиялық білімнің жаңа саласы. Ол ғылымтанудың бір тармағы болып шықты, бірақ қоғам дамуының кезеңінде басқа ғылыми пәндермен - тарих және философия ғылымымен, экономика және ғылыми іс әрекет ұйымдарымен өзара тығыз байланыстылығын жалғастырып келеді. Сонымен қатар, ғылым социологиясы ғылым саласындағы адам санасының және іс-әрекетінің әлеуметтік құрамдас бөлігін анықтауды өзінің міндеті етіп санайтын білім беру социологиясының міндетіне қатысты барлық сұрақтарды жиі қамтитын болды. Ғылым социологиясы - өндірістің маманданған формасын, білімнің жинақталуы мен қолданылуын, яғни ғылымның өзіндік ерекшелігі бар әлеуметтік институт ретінде қалыптасуын реттейтін социологияның бір саласы. Ғылым социологиясының пәнін жасауға қатысатын ұжымдар мен индивидтер интеграциясына, яғни ғылыми қоғамның қалыптасуына, оларды материалдық өндірістік жүйеге енгізудің түрлі формаларын, білім мен әлеуметтік басқаруды, еңбек бөлінісі мен іс-әрекетпен алмасуды, олармен реттеуші қызметтің орындалуын қамтамасыз ететін әр түрлі механизмдер мен процестер жатады. Осыған орай, ғылым социологиясы өзінің назарын төмендегілерге аударады:

- біріншіден қоғам мен ғылымның өзара қатынастары қалай жасалады;

- екіншіден қоғамның тиімді қалыптасуы үшін ғылыми ұйымдардың әлеуметтік мәселелері мен оның қызметтерінің қандай мәні бар;

- үшіншіден, ғылым адамдары өздерін қалай көрсетеді, қазіргі қоғамда олар өздерінің орындарын, рөлі мен жауапкершіліктерін қалай сезінеді.

Ғылым социологиясы, сонымен бірге мынадай мәселелермен айналысады: ғылымның құрылымы, басқару мен білім дамуындағы ғылымның рөлі, ғылымның басқа әлеуметтік институттармен өзара әрекеттесуіндегі мәселелер, мәселен, экономикамен, саясатпен, мәдениетпен, экологиямен, т.б.; ғылымдағы іргелі және қолданбалы зерттеулердің ара-қатынасы; ғылым социологиясының өзінің тарихы, ғылым социологиясы саласындағы әр түрлі теориялық тұжырымдамаларды, әсіресе қазіргілерін зерттеу; ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру және жобалау, т.б.

Ғылым социологиясы алғаш рет ХІХ ғасырда М.Вебердің еңбегінде анықталған. “Білім социологиясы” теориясының іргелі негізін ХХ ғасырдың басында К.Мангейм жасаған. Ғылым социологиясының дамуындағы өрлеу 1930-жылдары Роберт Мертонның “ХVІІ ғасырда Англиядағы ғылым, білім, қоғам” атты еңбегінде іске асырылған. П.Сорокин мен Т.Парсонс ғылымды қоғамның құрамдас бөлігі ретінде қарастырады. Ғылым социологиясының когнитивті (танымдық) тұжырымдамасын М.Малкей мен Д.Блур ұсынды. Олар ғылымның танымдық жағын әлеуметтілікке тәуелді етіп қойды. Ғылым толығымен ғылыми іс-әрекеттің субъектісіне тәуелді қойылған. Ғылым социологиясының когнитивті мектебі өзінің көптеген жақтастарын АҚШ пен Еуропада тапты. Осы мектептің негізінде ғылымды әлеуметтік конструкция ретінде қарастыратын “конструктивистік бағдарлама” (К.Кнорр - цетипа), релятивистік бағдарлама (У.Коллинс), этнометодологиялық бағдарлама (Г.Гарфинкель, С.Уолгар) қалыптасты. Ғылым социологиясы Еуропада американдық мектептің өте зор ықпалымен дамуда. ХХ ғасырдың екінші жартысында ғылым социологиясының мәселелері Ұлыбритания, Голландия, Франция, Скандинавия елдерінде қарқынды дамыды. ХХ ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап ғылым социологиясы КСРО-да қалыптаса бастады. Әлеуметтік мәні бар ғылымның мәселелерімен айналысқан ірі ғалымдар: С.Ф.Ольденбург, И.А. Боригевский, В.И. Вернадский, Ю.А. Филипченко, С.Г.Струмилин т.б. 60-жылдары ғылым социологиясы бойынша арнайы еңбектер пайда болды. Мұндай еңбектің авторлары: Г.Н. Волков, Г.М.Добров, А.А. Зворыкин, С.Р.Микулинский, В.Ж.Келле, И.В.Блауберг, Г.Г.Юдин, В.П.Садовский т.б.

Қазақстандағы ғылыми зерттеулер мен ғылыми ұйымдар мәселелерін академик Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, А.Нүсіпбеков сияқты атақты қазақ ғалымдары өз еңбектерінде қарастырған. Қазақстанның философиялық мектебі ХХ ғасырдың екінші жартысында ғылымның философиялық және социологиялық мәселелерін қарастырған бірнеше кітап шығарды. Оларға академик Ж.М. Әбділдиннің, А.Х. Қасымжановтың, М.Сужиковтың, Ә.Нысанбаевтың, М.Орынбековтың, М.Хасановтың еңбектерін жатқызуға болады. Ғылым социологиясының мәселелері М.Тәжин, Н.Аитов, М.Аженов, К.Габдуллина, Л.Я.Гуревич сияқты социологтардың еңбектерінде жарық көрді.

Ғылым қазіргі қоғамда негізгі әлеуметтік институт болып табылады. Қазіргі барлық қоғамдардың жоғары дәрежеде өмір сүруі алдыңғы қатарлы ғылыми білімге тәуелді. Ғылымның дамуы тек қана қоғамның өмір сүруінің материалдық жағдайына ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік туралы түсінікке де байланысты. Ғылымның институттандырылуы, яғни ғылымның маңызды қоғамдық ғылымға айналуы - салыстырмалы түрде жаңа құбылыс. ХХ ғасырдың басына дейін ғылым ең алдымен ақыл-ой элитасы өкілдерінің маманданбаған қызметтері формасында өмір сүрді, осындай ақиқаттың таным формасы ретінде көрінді. Оның тез дамуы ХХ ғасырда ғылыми білімнің жіктелуі мен мамандануына әкеп соқтырды. Арнайы пәндерді салыстыра қарағанда тар мамандандырылған бағытты меңгеру қажеттілігі тиісті мамандарды ұзақ уақыт дайындау институтының пайда болуын алдын ала анықтады. Ғылыми жаңалықтардың технологиялық салдары оларды құрастыру мен өндірісте табысты қолдану процесіне жеке адамның және мемлекеттің қаржыларын салуды қажет етті.

Маманданған зерттеулерді үйлестіру қажеттілігі ірі зерттеу орталықтарының пайда болуына әкелді, ал табысты түрдегі пікірлер мен ақпараттардың алмасуындағы қажеттілік - сол және сол сияқты ұқсас салаларда жұмыс істейтін формальді емес ғалымдар қауымдастықтарының пайды болуына әкелді. Осы сияқты формальді емес ұйымдардың болуы жеке ғалымның ғылыми ойының дамуындағы негізгі бағытында болуына, өзіндік ерекшелігі бар сұрақтарға жауап алуына, жаңа тенденцияларды сезінуіне, өзінің жұмысына сыни ескертпелерді бағалауына мүмкіндік береді. Ғалымдар қауымдастығының пайда болуы, ғылымның жоғарылаған рөлі мен арналған бағытын, ғалымдарға әлеуметтік және этикалық талаптардың әлеуметтік мәнін сезіну, ерекше ережелерді анықтап қалыптастыру қажеттілігін анықтап берді. Оны сақтап отыру ғылымның ең маңызды міндеті болуы керек. Ғылым принциптерін қалыптастыру 1942 жылы Р.Мертон тарапынан ұсынылған болатын [1]. Олардың қатарында: универсализм, коммунализм, қызықпаушылықжәнеұйымдасқан скептицизм бар.

Универсализм принципі ғылым мен оның жаңалықтары біртұтас және әмбебап сипатта болатынын білдіреді. Жеке ғалымдардың ешқандай жеке сипаттамалары - яғни нәсілдік, таптық немес ұлттық белгілері олардың жұмысын бағалағанда қандай да бір мәнге ие емес. Зерттеу тек қана олардың ғылыми абыройларымен ғана бағалануы тиіс.

Коммунализм принципіне сәйкес ғылым ешқандай ғылыми зерттеушінің жеке басының меншігі болуы мүмкін емес, ғылыми қауымдастықтың кез келген мүшесі үшін қол жетерлік деңгейде болуы керек. Ғылым жалпылама бөлінген ғылыми мұраға негізделеді және ғалымдардың арасынан ешкім өзінің ғылыми жаңалықтарының меншік иесі болып саналмайды (технологияға қарағанда патенттік заң шығарушылық арқылы қорғалуға жататын жетістіктер).

Қызықпаушылық принципі жеке мүдделерін ойлау ғалымының кәсіби рөліне қойылатын талабына сәйкес емес екендігін білдіреді. Әрине ғалым мойындалуына мүдделі болып, оның жұмысының жағымды бағасына қызығушылығы болуы мүмкін. Осындай мойындаулар ғалымға жеткілікті түрінде қызмет ету керек немесе оның басты мақсаты ғылыми білімді ұлғайтуға ұмтылу үшін қызмет ету.

Ұйымдасқан скептицизм принципі бойынша ғалым тиісті фактілер толық анықталғанша тұжырым жасамай шыдау керек. Дәстүрлі немесе төңкеріс сипатындағы ғылыми теорияның ешқайсысы сыни емес түрде қабылдануы мүмкін емес. Ғылымда сындық талдауға жатпайтын тиым салынған сала болуы, тіпті егер саяси-діни қасаң қағидалар осыған кедергі болатын болса да мүмкін емес. Ғылым жәй ғана ілімдердің жинақталуын білдірмейді. Теориялар пайда болады, қолданылады және көнереді. Қолданылып жүрген білім ешқашан соңғылықты және дәлелді болып табылмайды. Ғылымда еш нәрсе мүлде соңғы түрінде дәлелденуі мүмкін емес, кез келген ғылыми “заң” үшін әрқашан ерекше жағдайға орын бар. Жалғыз мүмкіндік болып болжамды жоққа шығару мүмкіндігі қалады, сондай-ақ ғылыми білім болашақта әшкереленуі мүмкін әшкереленбеген болжамдардан тұрады [2]. Ғылым мен догманың айырмашылығы осыдан көрінеді.

Ғылым - адамзаттың рухани құндылығы. Ғылымның мақсаты - ақиқатты түсіну. Ғылым әрқашан табиғат, қоғам, мәдениет құбылыстарындағы жаңалықтарды ашуға ұмтылады. Ғылымның әлеуметтік институт ретінде өзінің құрылымы бар, белгілі бір байланыстарға және басқа әлеуметтік институттармен қатынасқа түседі. Ғылым мемлекетпен, саясатпен нақтылы бір қатынаста болады. Бұл қатынаста ең маңызды рөлді өзінің саясатымен мемлекет атқарады. Ғылымның жағдайы көбіне мемлекет саясатының ғылымға деген қатынасымен анықталады. Ғылым, сондай-ақ экономикамен байланысты. Бұл жерде ең бірінші кезектегі жетістіктер өндіріс пен экономикада қойылатын техникалық, математикалық, жаратылыстану ғылымдары сөз болып отыр. Осында социологиялық мәселелер туындайды, мысалы, теориялық және қолданбалы зерттеулер мәселелері, олардың бір-бірімен сәйкестілігі, ғылыми жаңалықтарды тікелей өндірістік тәжірибеге енгізу мәселелері, ғылым және өндіріс мәселелері.

Ғылым социологиясы ғылым мен дін, ғылым мен өнегелілік, ғылым мен білім беру, ғылым мен ғылым айналасындағы білім сияқты әлеуметтік институттардың өзара әрекеттесуін зерттеуге көп көңіл бөледі. Ерекше қызығушылықпен көрсететін мәселе мысалы, ғылым мен білімнің өзара әрекеттсуі. Білім беру - ғылыми білімді жеткізуді іске асыратын процесс. Сондықтан білім беру процесіндегі тиімділік пен нәтижелер нақтылы ғылымның қазіргі күйіне тәуелді. Білім және ғылым бірге өмір сүреді, бірге қалыптасады, олар бір-бірінсіз дами алмайды. Білім әрқашанда ғылымның дамуына серпін береді, нақты ғылымның әлсіз буындарын анықтайды. Ал ғылымның міндеті болып жаңа білімдерді жасау жатады. Ғылым мен қоршаған ортаның өзара әрекеттесулері қазіргі кезде өзекті мәселе. Басқаша айтқанда, бұл мәселені ғылым және экологияның сәйкестігі ретінде анықтауға болады. Бұл жерде әңгіме тарихи ресурстарды игеру процесінде жаратылыстану және техникалық ғылымдар жаңалықтарын қолдану жөнінде болып отыр. Іргелі ғылымдар жаңалықтары мен оны тәжірибеде қолдану негізінде қазіргі әлемде ең жетілген технологиялар бір-бірімен байланысты, яғни машина, құрал-жабдықтар мен басқа қондырғылар адам мүддесінің ыңғайына қарай барлық қоршаған ортаны өзгертуге қабілетті. Осы ғылыми жетістіктер және жоғары технологиялар адам игілігі үшін жұмысты жеңілдетеді және жоғары өнімді етіп жасайды, айталық, адам өнімді көбірек жинай алады, табиғаттан мұнай мен газды шығара алады, т.б.

Ғылым және технологияның мақсаттары әр түрлі. Ғылымның мақсаты - табиғатты танып-білу. Технологияның мақсаты - табиғат туралы білімді тәжірибеде қолдану. Технология барлық қоғамда дерлік қолданылады. Ғылыми білім табиғатта болып жататын принциптерді түсінуге әрекет жасайды. Мұндай білім алдыңғы қатарлы технологияның дамуы үшін қажет. Ғылым мен технология арасындағы байланыс салыстырмалы түрде айтқанда жақында құрылды, бірақ ғылыми-техникалық революцияның пайда болуына, модернизация процесінің дамуына, қазіргі әлемнің түбегейлі өзгеруіне алап келді. Технологияның қоғамға әсерінің маңызы соншалық, ол қоғамның жалпы дамуының қозғаушы күшінің технологиялық шапшаңдығына негіз жасайды (технологиялық детерменизм). Алайда технологиялық дамудың нақтылы салдары осы даму шеңберінде болып жатқан мәдениеттің сипатына тікелей тәуелді. Әр түрлі мәдениеттер технологиялық жаңалықтарды мойындамайды, ескермейді, қолда бар нормаларға, құндылықтарға, күтулерге, билеп төстеуші ұмтылыстарға сәйкес қабылдайды. Шапшаң ғылыми, технологиялық даму өмірге ең маңызды мәселелердің бірін алып келді. Термоядролық қару, генетикалық инженерия - адамның өміріне қауіп төндіретін ғылыми жетістіктердің кейбір мысалдары ғана. Тек жалпы адамзат деңгейінде ғана осындай мәселелер шешімін таба алады. Бұл жердегі әңгіме өз мәніне қарай әлемдік ғылымды бүкіл адамзат игілігі үшін табысты дамыту бағытында бағыттаушы әлеуметтік бақылаудың халықаралық жүйесін құрудың қажеттілігі жайында болып отыр.

Ғылым социологиясының пәндік саласындағы келесі мәселе ғылымның күйін, елдегі іргелі және қолданбалы зерттеулерді дайындау, оларды басқару мен қаржыландыру проблемалары. Осы мәселені біздің республика мысалында қарастырып көрейік. Қазақстанда ғылым белгілі бір жетістіктерге жетті. Республикада 49 мемлекеттік жоғары оқу орындары мен Ұлттық ғылым академиясы, салалық ғылыми зерттеу институттары, ғылыми бірлестіктер, орталықтарда ақылы негізде жұмыс істейтін және министрлік пен мекемелердің басқа ғылыми құрылымында мыңдаған ғылыми қызметкерлер мен ғылымның әр түрлі өзекті мәселелерін зерттеушілер жұмыс істейді. Республикада ғылымның алдыңғы қатарлы салаларына жататындар: математикалық, химиялық және бірнеше гуманитарлық ғылымдар. Республикада жыл сайын жүздеген докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалады, экономикалық мәні бар үлкен ғылыми еңбектер орындалады. Ғылымды Білім және ғылым министрлігі үйлестіреді. Бұл министрліктің құрамында Ұлттық ғылым академиясы мен оның институттары және Жоғарғы аттестациялық комитет бар. Ғылымды қаржыландыру мемлекет тарапынан іске асырылады, бірақ ғылыми жұмыстың қандай да бір бөлігі коммерциялық негізде жүргізіліп, нақты бір тапсырыс бойынша жасалынады, яғни тапсырыс беруші тарапынан қаржыландырылады. Ғылыми өнім сатылады және сатып алынады. Қазіргі кезде тақырыптар мен мәселелерді зерттеу құқығы байқау негізінде іске асырылады. Жобалар сараптамаларда талқыланады, тек талапқа сәйкес келгендері ғана конкурстық іріктеуден өте алады. Сондай-ақ ғылыми зерттеу ұйымдарындағы мәселелерді бөліп көрсету керек. Бұл ең алдымен ғылыми зерттеулерді қаржыландыру мәселесіне тиісті. Аз уақыт бұрын академиялық институттар осы жағдайдағы қиындықтарды бастан кешірді, бірақ қазіргі кезде бұл мәселе азды-көпті шешілуде, яғни мемлекет бюджеттен көбірек ақша бөлетін болды. Осындай мәселелердің көбісі нақтылы социологиялық зерттеулерді қажет етеді.

Қазіргі кезде Қазақстан ғылымының алдында ғалымдар қауымдастығының және ең алдымен республика үкіметінің күшімен шешілуі тиіс міндеттер пайда болуда, атап айтқанда:

өзінің кадрлық ғылыми-техникалық әлеуетінің сапасын жоғарылату;

ғылыми кадрлар мобильділігінің ұлғаюы және олардың еркін түрде көшіп-қонуы республикада ғалымдарға қолайлы өмір жағдайын туғызу қажеттілігін меңзейді;

ғылымға мемлекет тарапынан да, сонымен қатар үкіметтік емес құрылымдар тарапынан да қаржының құйылуын ұлғайту;

ғалымның және жалпы ғылымның әлеуметтік мәртебесін жоғарылату бойынша мемлекет пен азаматтық қоғам тарапынан іс-шаралар жасау. Ғылымды адамзаттың ең жоғарғы құндылығының бірі ретінде қарастыру;

теориялық зерттеу саласындағы жетістіктер республиканың тұтас экономикасы, өндірістің тәжірибелік қажеттіліктері үшін қолданылуы тиіс. Ғылым қоғамның тікелей өндіріс күшіне айналуы керек;

ғылымды басқаруды реформалауда тиімді және ондай басқарудың жан-жақты пысықталған нұсқаларын іздеу процесін жалғастырған жөн.

Ғылым мемлекет пен қоғам өмірінде маңызды рөл атқарады. Ғылым социологиясында ғылымның бірнеше функциясы бар:

1. Танымдық. Бұл ғылымның ең негізгі қызметі. Ғылымның көмегімен адамдар дүниені терең таниды, жаңалықтар жасайды.

2. Синтетикалық. Бұл қызметтің көмегімен жеке анық білімдер бірігіп, біртұтас жүйенің болуы іске асырылады.

3. Әдістемелік. Теорияның негізінде зерттеу іс-әрекетінің алуан түрлі әдістері, амалдары мен тәсілдері қалыптасады.

4. Түсіндірмелі. Бұл қызметтің негізінде алуан түрлі құбылыстардың себептері мен басқа да байланыстары айқындалады, олардың мәнді сипаттамалары ашылады, т.б.

5. Болжаушы. Ғылым сонымен бірге болжауға, әлеуметтік, табиғи және басқа процестердің даму барысын алдын ала көре білуге бағытталған.

6. Идеологиялық. Ғылыми білімдер, әсіресе гуманитарлық білімдер қандай да бір әлеуметтік топтар мен таптардың әрекеттері мен мүдделеріне сәйкес келеді және көрсетілуі мүмкін қандай да бір идеологиялық, саяси, құқықтық, философиялық және басқа да ойлардың ауыртпалықтарын алып жүреді.

7. Тәрбиелік. Ғылыми білімдер, ғылым адамдарды әлемге объективті түрде қарауға, әлемді терең тануға және өзінің біліміне сәйкес іс-әрекет жасауға тәрбиелейді. Ғылым адамды тәртіпке келтіреді, оның қылықтарын ойластырған түрде жасайды.

8. Экономикалық. Ғылыми жаңалықтар елдің экономикалық күшін нығайту үшін мүмкіндік туғызады, материалды байлықты молайтады, оны дамыған және алдыңғы қатарлы етіп жасайды.

9. Мәдениеттанушылық. Ғылым мәдениеттің бір бөлігі. Ғылымды игеру халықтың, адамдардың жалпы мәдениетін көтереді, оларға өркениетті сипат береді. Алайда ғылым адамның жүріс-тұрысына, ар-ожданына, жалпы мәдениетіне механикалық түрде тікелей әсер етпейді. Ғалымдар ғылым мен мәдениет арасында айтарлықтай қарама-қайшылық болатынын баса айтады.