Отбасы социологиясы 8 страница

Монтескьенің билікті бөлу туралы ілімінің бұрынғы тұжырымдамалармен салыстырғанда елеулі жаңалығы болды. Біріншіден, ол еркіндіктің либералды түсінігі мен билікті бөлу тетігін конституциялық бекіту идеясымен біріктірді. Ағартушы “еркіндікті тек заңдар, тіпті негізгі заңдар орнатады”, деп тұжырымдайды. Екіншіден, Монтескье ара жігі ашылуға тиісті биліктің құрамына сот органдарын қосады. Басқаша айтқанда, заң шығарушы және атқарушы өкілеттіктердің аражігін ашуға негізделген әрі басқару жүйесі болып табылатын парламентаризмді негіздеу судьялардың тәуелсіздігі принципімен толықтырылды. Монтескье қарастырған үштік (заң шығарушы, атқарушы және сот билігі) кейіннен конституционализм теориясының классикалық формуласына айналды. Өзінің ілімінде ол сол заманның либералды буржуазиясының неғұрлым танымал болған идеяларын біріктіріп, айтарлықтай дәйекті доктрина құрды. Билікті бөлудің идеологиялық теориясы корольдік абсолютизмге қарсы бағытталып, буржуазия мен дворяндықтың ымыраласуына жәрдемдесті.

Монтескьенің ілімі социологиялық ойдың дамуына орасан зор үлес қосты. Орыстың көрнекті социологы Н.Кареев былай деп жазды: “Егер де социология әлі жоқ кезде социолог атына ие болу құқығы бар бір адам болса, ол құқық Монтескьеге тиесілі екенін мойындамай тұра алмаймыз”.

XVІІІ ғасырдың орта шенінде ағартушылар арасында прогрестің рационалистік теориясықалыптаса бастайды. Бұл теория бойынша адамзат, қоғам, әлеуметтік институттар түрлі қарама-қайшылықтарға, ауыртпалықтар мен келеңсіздіктерге қарамастан біртіндеп және үздіксіз қарқында дамып, жетіле түсіп өрлеумен болды. Осынау прогресс негізінде ғылымның, техниканың, өнердің дамуын тездеткен адамзат ақыл-ойының жетістіктері жатыр. Адамның табиғат берген ақыл-ойының өзі сол адамның өзінің жетілуіне және өз ортасының, соның ішінде әлеуметтік ортасының жетілдіруіне итермелейді. Прогрестің рационалистік теориясы едәуір дәрежеде антропологиялық сипатта болды: ол сонымен бірге әлеуметтік және адамзаттық прогресс теориясы болды.

Прогрестің рационалистік теориясы француз философы, математигі және саяси қайраткері Жан-Антуан Кондорсенің (1743 - 1794) автор қайтыс болғаннан кейін жарық көрген “Адамзат ақыл-ойы прогресінің тарихи келбетінің нобайы” (1795) шығармасында жан-жақты дамытылып, бір арнаға түсті. Кондорсе адамның ақыл-ой мүмкіндіктері шексіз екені және адамның жетіле беру қабілеті туралы қағидаға сүйенеді. Екінші жағынан адамның мұндай шексіз мүмкіндіктеріне табиғатта да ешқандай шек қойылмаған, оның өрістеуі біздің планетамыз өмір сүріп тоқтатқанда ғана барып тоқтауы мүмкін.

Кондорсе адамзат тарихында адамзаттың прогрессивті даму кезеңдерін құрайтын, бірін-бірі біртіндеп алмастыратын он дәуірді бөліп көрсетеді. Бұл дамудың негізінде ғылымның, техника жетістіктерінің, шаруашылықтың, саяси режимдердің дамуымен жүзеге асатын ақыл-ой прогресі жатады. Ақыл-ой прогресі түрлі адасушылықтармен, дерексіздіктермен, нанымдармен күресте жүзеге асады.

Социологияның басқа да ізашарлары тәрізді Кондорсе әлеуметтік дүниеде, табиғаттағы сияқты, бұрыннан белгілі және “жаратылыстану ғылымдарында сенімнің бірден бір іргетасы болып табылатын” әлі таныла қоймаған жалпы заңдар әрекет етеді, деп пайымдайды. Ол адамзаттың болашаққа үмітін үш маңызды жағдайға салды: ұлттар арасында теңсіздікті жою, әр түрлі таптар арасындағы теңдік прогресі және адамның нақты жетілуі [32].

Кондорсе идеялары К.А. де Сен-Симон мен оның мектебінен тікелей жалғасын тапты. К.А. де Сен-Симон үшін прогресс - табиғаттың әмбебап заңы: ол адамдарды тіпті еркінен тыс басқарады. Қоғамдық прогрестің негізі - ғылыми білімнен, техникалық жетістіктерден, индустриядан және осы салаларда прогресті жүзеге асыратын адамдардан көрініс тапқан ақыл-ойда.

Сен-Симонның пайымдауынша қоғам өзінің прогрессивті дамуында әскери түрден өнеркәсіптік түрге ауысады. Қоғам тарихында еңбек формалары прогрессивті жолмен ауысып жатады: құлдықтан - крепостниктікке, одан кейін - еркін еңбекке және ең соңында - қауымдастыққа. Ғылымға негізделген, жаңа қоғам мен жаңа мораль біріншіден - еңбек сүйгіштік принципін, еңбектің міндеттілігі мен әркімнің еңбек ету мүмкіндігін, екіншіден - бауырмал болу және бір-біріне көмектесу принципін ұстанады. “Жаңа христиандықтың” бұл принциптері қазіргі адамзат жақындап келе жатқан қоғамдық прогрестің шыңы болып табылады. Сондықтан Сен-Симон “Осы уақытқа дейін көрсоқыр уағыз өтіп кетті деп келген алтын ғасыр әлі алдымызда”деген оптимистік болжам жасайды. Әлеуметтік заңдардың, оның ішінде прогресс заңының болатынына деген сенім социологияның осынау жартысының ғылыми және реформаторлық ізденістерінің басты қайнар көзі болды.

Сен-Симонның еңбегі, бір мезгілде дүниетанымның екі формасының - социалистік және социологиялық формасының қалыптасуына негіз болды: олардың екеуін де ол қоғам идеясымен біріктіреді. Социологиялық дүниетанымды ол ерекше бір қуатты механизм немесе организм болып табылатын, алайда қоғам туралы жаңа ғылым негізінде күрделі жөндеуден өткізу қажет болатын әлеуметтік реализм рухында түсінді. 1813 ж. ол былай деп жазды: “...Қоғам дегеніңіз іс-әрекетінде ешқандай түпкі мақсат жоқ, себеп-салдары жекелеген индивидтердің зорлық-зомбылығы ғана болатын бірден-бір нәтижесі - өткінші және мардымсыз кездейсоқ оқиғалар болып келетін тіршілік иелерінің жәй ғана шоғырлануы емес”. Керісінше, қоғам дегеніңіз ең алдымен, барлық бөлшектері тұтас нәрсенің қозғалуына барынша жәрдемдесетін керемет қуатты машина. Адамдардың бірігуі үлкен бір организмді құрайды, оның мықтылығы немесе әлсіздігі органдарының тапсырылған қызметін қаншалықты мінсіз орындалуына байланысты” [33].

К.А. де Сен-Симонның мектебінде “әлеуметтік қозғалыс”, “социализм” және “социология” түсініктері қалыптасты. Бұл түсініктердегі түбір сөздер (лат. “socіus”, серіктес, одақтас, “sjcіetas”, қауымдастық, қоғам дегенді білдіреді) қоғам идеясының алғашында біртұтас нәрсе болған интеллектуалды және реформаторлық бағыттар үшін түйінді болғандығын білдіреді. “Социализм” және “социология” терминдері сол сен-симонистік ортада пайда болды: бірінші терминнің телавторы Пьер Леру деген сен-симондық болса, екіншісін Сен-Симонның шәкірті Огюст Конт енгізді.

Сөйтіп, социология алғашында социализм сияқты, қоғамдық идеяның теориялық ой-толғаныстары мен тәжірибелік ұмтылыстарының алдына қойған жалпы “әлеуметтік қозғалысының” бір бөлшегі ретінде қарастырылды. Қоғамның онтологиялық мәртебесі біршама өзгерді: қоғам дүниетанымдық парадигмаға айналды. Адамның қолымен жасалған жасанды түрден ол адамның өмір сүруінің, саясаттың, құқықтың, мемлекеттік өмірдің әр түрлі жақтарын анықтайтын шындықтың іргелі саласына айналды. Қоғамның, әлеуметтіліктің, адамның өмір сүруінің әлеуметтік табиғатының алғашқы мән-мағынасын дәлелдей келе, “әлеуметтік қозғалыстың” әр түрлі бағыттары социологияның объектісі түсінігін қалыптастырып, оның онтологиялық негізін жасады. Бұл негіздеу алғашында таза ғылыми, социологиялық бола алмады: себебі, социология ғылым ретінде әлі қалыптаса қоймаған болатын және өзінің танымдық тәсілдерімен өз қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін дәлелдей алмайтын еді. Социология да, социализм де өзінің қалыптасуында синтездік ілім болды: олар бір мезгілде саяси, моральдік, діни, экономикалық, философиялық, ғылыми болды. Екеуінде де реформаторлық, ғылыми, утопиялық, тіпті мистикалық элементтер кездесетін.

Кейіннен социализм мен социология екі түрлі түсінікке айналды. Бірінішісі түрлі коммунистік және ұжымдық тенденциялармен қосыла отырып, реформаторлық, революциялық және утопиялық салаларда топтасты, әйтсе де ғылымға жүгінуден бас тартқан жоқ. Екіншісі тез арада тек ғылыми салаға ауысып, дүниетаным саласында әрі социалистік, әрі антисоциалистік, либералды принциптермен ұштастырды. Социалистер әділетті қоғам мұратын (өздерінің түсінігіне қарай) құрастырып, жүзеге асыра бастаса, социологтар болса шынайы қоғам мен оның даму тенденцияларын зерттеумен айналысты.

Неміс ағартушылығы

 

Классикалық неміс философиясы қоғамдық теорияның дамуында үлкен рөл атқарды. Өткен доктриналарды сын тезінен өткізе отырып, неміс философтары теориялық таным методологиясын жүйелі түрде зерттеуге кірісті. Бұл тенденция классикалық неміс идеализмі өкілдерінің еңбектерінде неғұрлым толық жүзеге асты.

Неміс ағартушылығының көрнекті өкілі Иммануил Кант(1724 - 1804) болды. Оның творчествосынан жаратылыстану мәселелері мен жалпы “метафизикадан” адам мәселесіне дейінгі белгілі бір эволюцияны байқауға болады. Өзінің қоғамдық көзқарастарын ол алғашында шағын мақалалар топтамасында көрсетті, оған “Жалпы тарих идеясына дүниежүзілік-азаматтық көзқарас” және “Мәңгілік дүние” еңбектері кірді. Ал кейін “Әдет-ғұрып метафизикасы” (1797) трактатында тұжырымдады.

Адамның мінез-құлқы мәселелерін қарастыра келе, Кант долбарлы идеяларға басты назар аударады. Оның пайымдауынша, егер табиғатты тануда “ақиқаттың қайнар көзі тәжірибе болса”, онда адамгершілік заңдарын адамдар арасындағы қатынастардан шықты деуге болмас еді. Сондықтан мораль мен құқықтың жаратылыстану ғылымдарына ұқсас ғылыми теориясын құру мүмкін емес. Ақыл-ой тұрғысынан алғанда, моральдік философияның мақсаты - адам өзінің эмпирикалық тіршілігінде ұстанатын мінез-құлықтың жалпы ережесін көрсету.

Кант қарастырған сыни рационализм методологиясының XVІІІ ғасыр ағартушылары қарастырған рационалистік тұжырымдамалардан біршама ерекшелігі бар. Кант алдымен олардың адамның ақыл-ойына берген түсініктемесімен келіспейді. Оның көзқарасына сәйкес, ақыл-ой адамның ерекше қасиеті ретінде толығымен жеке адамда емес, тұтас адамзатта - бірін-бірі үздіксіз алмастырып отыратын ұрпақтар легінде дамиды. Оның доктринасында ағарту алғаш рет бүкіл әлемдік-тарихи процесс мәніне ие болды, осы процесс барысында адам мәдениет прогресі арқылы табиғатқа тәуелділігінен арылып, еркіндік алды. Кант сондай-ақ мәдениеттің жетілуіне адамдардың барлық ұрпақтары қатысады, бірақ олардың көпшілігі адамзат дамуының жалпы жолдарын түсінбей, өз мақсаттарын ұстана отырып, ойланбай әрекет етеді деп көрсетті. Осыдан келіп парасаттылық дегеніміз тәжірибені тұжырымдау емес, мәдениеттің өскелең нәтижесі деген қорытынды шығады.

Осы идеяларды негіздеу - әлеуметтік заңдардың, әсіресе адамдардың субъективті ниеттері тарихтағы объективті нәтижелерге сәйкес келмейді дейтін ерекшелігін үйрену жолында аса ірі алға жылжу болды. Канттың пікірінше, адамгершілік және құқықтық заңдардың көзі адамдардың ақыл-ойы немесе еркін ерік-жігері болды. Ойшылдың ойынша, адам өзінің бүкіл адамзат алдындағы жауапкершілігін түсінген жағдайда ғана моральдік тұлғаға айнала алады. Барлық адамдар өзара тең болғандықтан, әр индивидте басқа индивид үшін абсолюттік адамгершілік құндылық болады.

“Әдет-ғұрып метафизикасында” табиғи құқықтың өзіндік анықтамасы берілген. Руссоның жолын қуған Кант объективті құқық болмайтын гипотетикалық табиғи күйдің тұжырымдамасын ұстанды. Адамның өзінде о бастан-ақ бір ғана құқық - парасаттылықты таңдау еркіндігі болды. Бұдан адамдардың мынадай бөлінбейтін моральдік қасиеттері шығады: ол теңдік, өз ойларымен бөлісу қабілеттілігі және т.б. Мемлекетке дейінгі күйде адам субъективті табиғи құқыққа ие болды, соның ішінде меншік құқығы, бірақ ол индивидтің табиғи күшінен басқа еш нәрсемен қамтамасыз етілмеген. Мұндай субъективті өкілеттердің жиынтығын үстемдік етуші дәстүрге қарама-қарсы Кант жеке құқық деп атады. Оның пікірінше, жеке құқық көпшілікке арналған заңдар бекітілген мемлекетте ғана шынайы құқықтық және кепілдемелік сипатқа ие болады.

Әлеуметтік-саяси құбылыстарды түсіндірудегі долбарлы көзқарас принципіне сәйкес Кант мемлекеттің пайда болуы жөніндегі мәселені шешуден бас тартты. Осы арқылы ол табиғи құқықтар тұжырымдамасына сәйкес мемлекеттің келісім арқылы орнауы бұрын да болған және болашақта идеалды саяси биліктің құрылуына негіз болатын қарама-қайшылықты жоюға ұмтылады. Канттың ойынша алғашқы келісім ойша құрылады, ол қоғамдағы феодалдық-абсолюттік құрылымды өзгерту қажеттілігін негіздеуге арналған.

Кант құқықтық мемлекет жөніндегі осы заманғы ілімдердің негізгі идеялары мен принциптерін тұжырымдады. “Әдет-ғұрып метафизикасында” мемлекетті құқықтық заңдарға бағынған көптеген адамдардың жиынтығы деп көрсетті. Мұнда мемлекеттің басты белгісі ретінде заңның үстемдік құруы аталады. Сонымен бірге Кант қазіргі нақты мемлекеттер жайында емес, “идеядағы, яғни таза құқықтық принциптерге сәйкес өмір сүруге тиісті мемлекет” жайында айтып отырғандығын нақтылай түседі.

Тұрақты құқықтық тәртіпке кепілдеме беруші мемлекет қоғамдық келісім мен халық егемендігі бастамалары негізінде құрылуы тиіс. Руссо сияқты Кант та, егер заң шығару билігін халық жүзеге асыратын болса, онда барлық азаматтарға тең құқықтар берілер еді деп есептейді. Философтың ойынша, азаматтарды бақытты етуді ойлау мемлекеттік биліктің міндетіне жатпайды. Осы позициялар тұрғысынан ол мемлекеттік билікті үш басты органға бөледі - заң шығарушы (парламент), атқарушы (үкімет) және қорғаушы (сот). Кант үшін мемлекетті құру жолында билікті бөлу мен субординация жүйесі басты орын алды.

Канттың қоғамдық-саяси көзқарастары әлі күнге дейін басты назарға алынып, зерттеліп, талқыланып, пікірталас тудыруда. Канттың философиясы адам мен құқыққа құндылықты жақындатып зерттеумен байланысты. “Екі нәрсе біздің жанымызды әрдайым жаңа таңданыстар мен ізгілікке толтырады, деп жазды Кант. Біз оларды қаншалықты жиі ойымызға алып, толғансақ, олар да соншалықты биікке көтеріле береді. Бұл - біздің үстіміздегі жұлдызды аспан әрі біздің санамыздағы моральдік заңдар. Адамға мақсат ретінде қарау керек, себебі әр адам еркін ерік-жігер мен адамгершілік заңдарын таратушы болғандықтан, ол ғарыш сияқты, соншалықты үлкен әрі шексіз болып табылады. Осыдан барып, жеке тұлғалардың қоғамдық болмысының шарты ретінде және барлығына тең еркіндікті қамтамасыз ету тәсілі ретінде құқыққа деген көзқарас қалыптасады.

Кант философиясының осы қағидасы ХІХ ғасырдың екінші жартысында тұлғаны әлеуметтік қауымдар мен заңдылықтарға бағындыратын социологиялық тұжырымдамалар кең тарала бастаған кезде оны танымал етті.

Гегельдің (1770 - 1831) ұлы еңбегі мынада: ол тұңғыш рет бүкіл табиғи, тарихи және рухани әлемді процесс ретінде қарастырып, оның үнемі қозғалыста, өзгерісте, қайта құрылып даму үстінде болатынын көрсетіп және осы қозғалыс пен дамудың арасындағы ішкі байланысты ашуға талпыныс жасады. Гегельдің бүкіл әлеуметтік философиясынан заңды прогрессивті даму идеясы көрініп отырады. Тарихи дамуды “әлемдік рухтың” өзіндік ашылуы ретінде түсіне отырып, ол тарихты мәні - еркіндік санасындағы прогресс деп дәлелдеді.

Гегель философиясының маңыздылығы - онда диалектикалық дүниетаным мен оған сәйкес диалектикалық зерттеу тәсілінің жүйелі түрде берілгендігінде. Гегель диалектикасының негізінде түрлі дамудың, мейлі табиғат болсын, қоғам болсын, адам ойлауының болсын, қайнар көзі - өздігінен даму болып табылатын идеалистік түсінік жатыр.

Неміс философының аса күрделі және мазмұнды еңбегінің бірі “Рух феноменологиясы” (1806) Гегельдік жүйеге өзіндік кіріспе болып табылады. Мұнда ол субъект пен объект қайшылықтарын қарастыратын жеке сана көзқарасын жеңіп шығу мақсатын алға қояды. Бұл қайшылықты сананың үдемелі дамуы жолымен жеңуге болады және бұл даму барысында жеке сана адамзаттың өзінің тарихи жолында өткен барлық кезеңдерден өтуі тиіс болатын. Сонымен, Гегель өзінің басқа да көптеген классиктердің университеттік білім алған замандастары сияқты тарихи білімнің бай қазынасына философиялық мән және философиялық түсінік береді. Сөйтіп, ол белгілі бір мағынадағы сатыны ұсынады, бұл саты бойынша әрбір жеке адам адамзат жинаған рухани тәжірибеге, әлемдік мәдениетке араласып, қарапайымнан философиялыққа дейін көтерілуге мүмкіндік алды. Осы сатыда кез келген индивид, данышпан болмаса да, дүниеге және өзіне әлемдік тарих, субъект пен объект, “сана” мен “зат” арасындағы қайшылықтар болмайтын, абсолюттік теңдік және ойлау мен болмыс үйлестігі болатын “әлемдік рух” тұрғысынан қарай алады.

Мән мен құбылыс бірлігі жөніндегі диалектикалық қағида тұрғысынан Гегель Канттың “өзіндік затты” тануға болмайтындығы жайындағы ілімін қабылдамады; табиғатта танып білуге кедергі болатын заттар жоқ деп есептеді. Әлемнің саналы дамуы - Гегель философиясының негізгі тақырыбы. Біздің назарымыздағы кез келген объектіні тек оның пайда болуы мен дамуы тұрғысынан түсінуге болады. Бүкіл әлемдік даму өзінің негізінде абсолюттік идеяның дамуымен себепті байланысты және үш негізгі кезеңге бөлінеді: шығыстық, антикалық және германдық.

Гегель қоғамды әлеуметтік реализм рухы тұрғысынан түсіндіріп, оның өзі мүшелерінен тәуелсіз, өз заңдары бойынша дамитындығын айтады. Адам еркіндігінің даму сатыларын қарастыратын әлеуметтік құрылымды Гегель үш түргебөледі: отбасы, азаматтық қоғам және мемлекет.

Гегельдің ілімі бойынша азаматтық қоғамға жеке меншіктің негізінде құрылатын қатынастар, сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтаушы заңдар мен мекемелер (сот, полиция, бірлестіктер) кіреді. Гегельдің айтуынша азаматтық қоғам үш топқа бөлінеді: жер иеленуші (дворяндар - мұраға қалған иеліктер мен шаруашылықтардың меншік иесі), өндірістік (фабриканттар, саудагерлер, қол өнер иелері) және жалпы (шенеуніктер).

Азаматтық қоғам индивидтердің, олардың бірлестіктері мен таптар мүдделерінің әр түрлілігі салдарынан заңдар мен соттардың болуына қарамастан қоғамда пайда болатын әлеуметтік қайшылықтарды үнемі қадағалап отыра алмайды. Бұл үшін одан жоғары тұратын саяси билік - мемлекет құрылуы тиіс. Гегель қоғамдағы түрлі әлеуметтік антагонизмдерді тек құқықтық жолдармен жою мүмкін емес екенін түсіне отырып, қоғамдағы келісім мәселелерін саясат тәсілдерімен шешуді ұсынады. Оның ілімінде мемлекет рухани тұтас нәрсе (идеялық-саяси бірлік) ретінде көрінеді де, онда құқықтық азаматтық қоғамда орын алатын қайшылықтар болмайды. Гегель мемлекеттің объективті және субъективті жақтарын ашып көрсетеді.

Объективті жағынан, мемлекет жария билік ұйымы болып табылады. Мемлекеттік құрылым туралы ілімінде Гегель конституциялық монархияны жақтап, демократия идеяларын сынайды. Дұрыс құрылған мемлекет, оның ойынша, биліктің үш түріне ие болады: заң шығарушы, үкімет және князь билігі (биліктер төменнен жоғарыға қарай саналған). Билікті бөлу принципін қолдана отырып, Гегель сонымен бірге, олардың бір-біріне қайшы келуіне жол берілмеуін атап көрсетеді. Биліктің жекелеген түрлері тұтас, бөлінбейтін билікті құруы керек. Оның жоғарғы көрінісі монархтың билігі болады.

Заң шығару мәжілісі, Гегельдің ойынша, түрлі топтар өкілдерінен құрылуы тиіс. Жоғарғы палатасы мұрагерлік принципі бойынша дворяндардан құрылады, төменгі палатасы - депутаттар палатасы - бірлестіктер мен серіктестіктердің азаматтарынан сайланады.

Азаматтардың заң шығарушы органды құруы - үкіметке әр түрлі топтардың мүдделерін жеткізу үшін қажет. Мемлекет басқаруда шешуші рөл үкімет билігін жүзеге асыратын шенеуніктерге беріледі. Жоғарғы мемлекеттік шенеуніктер түрлі тап өкілдеріне қарағанда, мемлекеттік мақсат-мүдделерді терең түсінеді. Шенеуніктік бюрократияны дәріптей отырып, Гегель оны “заңдылық тұрғыдан алғанда” мемлекеттің басты тірегі деп атады.

Князьдік билік мемлекеттік механизмді біртұтас етіп біріктіреді. Философияның сөзімен айтқанда көркейген монархияда заң басқарады, ал монарх “менің айтқаным болады” деп қана отырады.

Субъективті жағынан мемлекет рухани қауымдастық (организм) болып табылады, оның мүшелері патриотизм рухы мен ұлттық бірлікті санасына сіңірген. Гегель мұндай мемлекеттің негізі дін формасындағы халықтық рух деп есептейді. Біз мемлекетті жердегі құдай ретінде құрметтеуіміз керек, деп жазды ол. Мемлекет - құдайдың дүниедегі салтанатты шеруі.

Гегель бұдан бұрынғы екі ғасырдағы философ-рационалистерге қарағанда, қоғамды адамдардың саналы іс-әрекеттінің жемісі деп есептемейді. Ол адамдардың мақсаты мен ұмтылыстарының және олардың іс-әрекетінің шынайы әлеуметтік нәтижелерінің арасында үлкен айырмашылықтардың бар екендігін көрсетеді. Ұлы философтың қоғамдық-саяси доктринасының методологиясы мен теориялық мазмұны әлеуметтік ойдың дамуына ұзақ уақыт терең ықпал етті. Гегельдің өз заманындағы қоғам мен мемлекетке көзқарастарының ескіруіне қарамастан, оның азаматтық қоғамның дербестігі туралы, қоғамдық құрылымның еңбек бөлінісіне тәуелділігі туралы пікірлері социологияның дамуында үлкен орын алады.