Отбасы социологиясы 3 страница

Социологиялық ойдың дамуын кезеңге бөлу

 

Социологиялық ой дамудың бірнеше кезеңдерінен өткен. Үш кезеңді бөліп қарауға болады - АЛДЫҢҒЫ ТАРИХИ (Ежелгі дүниенің, Орта ғасырлардың және Жаңа заманның әлеуметтік білімі), КЛАССИКАЛЫҚ (ерте және кейінгі классика) және ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ (соғыстан кейінгі және жаңа социология)[1].

СОЦИОЛОГИЯНЫҢ АЛДЫҢҒЫ ТАРИХИ КЕЗЕҢІ- ең алдымен социологиялық білімнің онтологиялық алғышарттарының: қоғам туралы, әлеуметтілік туралы, әлеуметтік шынайылық туралы түсініктердің қалыптасу прроцесі. Бұл алғышарттар ХІХ ғасырдың ортасына қарай қалыптасқан, ал осы уақытқа дейін социологиялық білім ұзақ уақыт бойы әр түрлі әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың: философияның, тарихтың, саяси ­экономияның, құқықтану мен мемлекет теориясының және т.б. құрамында жинақталып, дамыды. Адам мен қоғам проблемасы, өте жақсы қарым-қатынастар мен сол қоғамды дұрыс құру идеялары ерте кездің өзінде ірі ойшылдардың ақыл-ойларынан орын алған. Оқиғаларды уақытын, орнын және қатысушы адамдарын көрсетіп, қарапайым тіркеу ретінде пайда болған әлеуметтік білім біртіндеп талдамалық ой-тұжырымдармен де байи түсті. Әлеуметтік танымдағы жаңа талдамалық деңгейдің пайда болуына адамзат әуелі ежелгі қытай философтарынан, сонан соң көне философияға борыштар. Социологияның бастауларын Мао-цзы даос мектебінің ғұламалары мен даналарының әр түрлі тіршілік мәселелері жөніндегі философиялық астардағы ой-тұжырымдары мен кеңестерінен және қоғамдық өмір тәртібін анықтайтын үндінің “Махабхарата” мәтіндерінен табуға болады.

Платонның “Мемлекет”, Аристотельдің “Саясат” атты жұмыстары әлеуметтік білімнің дамуына жаңа серпін берді және жеке қоғамдық институттарды, атап айтқанда мемлекет, отбасы, құқықты зерделеуге жол салып берді. Көне философтар алғаш рет қоғамдағы адам орнының проблемасына назар аударып, адам мен қоғам туралы ілімді теориялық негізге қойды. Адамдардың дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, өнегелері мен өзара қарым-қатынастарын зерделей, фактілерді жалпылай отырып әлеуметтік философтар қоғамды жетілдіру жөніндегі тәжірибелік ұсыныстармен қисынды аяқталатын тұжырымдамалар жасады.

Шығыс халықтарындағы қоғамдық-социологиялық ойдың аса көрнекті өкілдері әл-Фараби, әл-Бируни, Ибн-Сина болды. Шығыста әлеуметтік білім тарихи тұрғыдан әр түрлі қоғамдық күштердің тарихи шынайылықты игеруінің ерекше түрі ретінде дамыды және Шығыс халықтарының, соның ішінде қазақ халқының қоғамдық санасының қалыптасуында орасан зор рөл атқарды. Ежелгі және ортағасырлық қоғамдарда протосоциологиялық білімнің кейбір, бірақ әлі социология бола қоймаған элементтерін аңғаруға болады. Бүгінгі біздің протосоциологиялық идеяларды социология ретінде қабылдауымыз оларға ретроспективтік көзқарастың, қалыптасып үлгірген, бірақ жалпы алғанда басқа уақытта және басқа жерде қалыптасқан ғылымның позициясы көзқарасының мүмкіндігіне негізделген.

Ғылым ретіндегі социологияның ең жуық, тікелей алғышарттары Жаңа дәуір кезеңінің (ХVІІ - XІХ ғ.) әлеуметтік ойлары болды. Оның өкілдері Англияда Джон Локк, Адам Смитжәне Дэвид Юм; Францияда - Вольтер, Поль Гольбах, Дени Дидро, Шарль Монтескье, Анри Сен-Симон; Ресейде - М.В. Ломоносов, А.Н. Радищев, Н.И. Новиков; Германияда - Готхольд Лессинг, Иоганн Гердер, Иммануил Кант, Иоганн Фихте және т.б.болды.

Ағарту кезеңінің әлеуметтік теориялары өзінің сан алуан түрлілігімен мынадай негізгі идеяларды біріктіреді: адам бостандығын ажырамас табиғи құқық ретінде мойындау; ғылыми білімді адамдарға білім беруге және қоғамды жетілдіруге пайдалану қажеттілігі; философиядағы метафизикалық ойлауды, философиядағы тәжірибе мен экспериментке арқа сүйейтін әлеуметтік теорияларды жасаған кездегі адам мен қоғамға қатысты оймен жасалатын конструкцияларды сынау.

Социология ғылымының ерте және тікелей негізін салушылардың социологиялық ой-пікірлерінде құнды идеялар аз емес. Әйтсе де олар шектелген және ғылым ретіндегі социологиядан өзгеше.

Ғалымдарды протосоциологтер мен социологтарға бөлудіңкем дегенде екі осындай негіздемесі бар:

Біріншіден, протосоциологтардың көбісі үшін әлеуметтік проблемаларды зерделеу негізгі, басты іс емес, философиялық, тарихи және саяси талдаударының бір бөлігі және де философиялық, тарихи және саяси теорияларға тәуелді, туынды бөлігі болды.

Екіншіден, протосоциологтар өздерінде жоқ зерттеудің арнайы әдістерін қолданудың қажеттігін түсінді. Сондықтан олардың тұжырымдамалары жүйелі эмпирикалық зерттеулерге негізделмеген және көп жағдайда оймен тұжырымдалған.

Протосоциология мен социология тарихы арасындағы шекара едәуір дәрежеде шартты. Ғылымның бір күйден екінші күйге өтуі - құбылыс емес, аса ұзақ және кең ауқымды процесс. Социологияның пайда болуы белгілі бір тарихи кезеңде және әлемдік мәдени кеңістіктің белгілі бір нүктесінде қиылысқан бірқатар интеллектуалдық және әлеуметтік факторлардың бірігуінің нәтижесі болды.

Бұл кезең ХІХ ғасырдың алғашқы жартысы, ал болған жері Батыс Еуропа. Кейіннен социология жер шарының әр түрлі әлеуметтік-мәдени ареалдарында дамып, тарады.

Осы жерде ғылымның алдыңғы тарихы аяқталып, оның тарихы басталады.

КЛАССИКАЛЫҚ кезең (ХІХ ғасырдың ортасында пайда болған сәттен Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін) пәннің салыстырмалы түрде алғанда әлсіз жіктелуімен және академиялық мекемелер шеңберіндегі институттану процестерімен сипатталады. Ерте және кейінгі классика арасындағы ажыратушы оқиға - Бірінші дүниежүзілік соғыс және Ресейдегі Октябрь революциясы болды. Ерте классиканы шартты түрде “бір фактор” мектебі деп атауға болады. Бұл уақытта ғалымдар қоғам дамуының әлеуметтік процесін, тарихи процестің бағыттарын анықтайтын басты, шешуші факторды табуға тырысты. Бұл кезеңде неғұрлым кең тараған мектептер органицизм, механицизм, әлеуметтік география, әлеуметтік дарвинизм, нәсілдік-антропологиялық теориялар, психологиялық мектепсияқты мектептер болды. Бұл мектептердің жалпы айырмашылықтары болғанымен оларға тән кейбір ортақ әдіснамалық белгілері болды. Олардың барлығы эволюционизм методологиясына негізделеді. Бұл кезең мектептерінің маңызды белгісі қандай да бір құбылыстың кез келген ғылыми емес түсініктерінен бас тарту болды: мистика да, алдын ала жазылып қойылатын құндылықтар да, апологетика да әлеуметтік ғылымдарда орын алмауы тиіс.

Кейінгі классика кезеңі бірінші дүниежүзілік соғыстың қорытындылары мен Қазан социалистік революциясынан бастап қоғам үшін ашылған баламаларды ұғынудан басталады да екінші дүниежүзілік соғыспен аяқталады. Оны социологиядағы плюралистік көзқарастың бекіген кезеңі деп атауға болады. Бұл уақытта социологиялық методология айтарлықтай алға жылжыды. Бұл кезең социологизмнің әлеуметтік құбылыстарды зерделеудегі басты методологиялық принципі ретінде қалыптасуымен ерекшеленеді (Э.Дюркгейм).

Социологиялық ділдің (менталитеттің) қалыптасуына үлес қосқандар Э.Дюркгейм мен оның социологизм мектебі, М.Вебержәне оның социологиясы;В.Парето және элиталардың айналым теориясы; марксизм еңбекті жатсыну теориясымен бірге; А.Адлер мен К.Юнгтіңеңбектеріндегі психоталдау. Социологияда статистикалық-математикалық ғылымды пайда­лану кең етек жаюда. Бұл ретте Я.Мореноныңсоциометриясы мен П.Лазарсфельдтің бұқаралық коммуникация құралдарын зерттеуі жарқын мысал бола алады. Осы кезеңнің соңына социология ғылымының жоғары беделінің куәгері үкімет тарапынан қоғамның қауіпсіздігі мен қорғанысы үшін шешуші мәні бар зерттеулерге тапсырыс алу фактісі болып табылады. Әңгіме американ ғалымы Г.Лассуэлдің Гитлер мен Сталиннің саяси портретін жасау жөніндегі жұмыстары туралы, Т.Адорноның жетекшілігімен Германия мен АҚШ-та жүзеге асырылған авторитарлық тұлға жасау факторларын зерделеудің халықаралық жобасы туралы болып отыр.

ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ кезең өзінің тарихын екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуынан бастайды. Оның бірінші кезеңі “орта деңгей теориясының” пайда болуы мен қарқынды дамуы аясында өтті. Жеке әлеуметтік проблемаларды зерделеудің жинақталған тәжірибесі социологияның жаңа сапасына секіруге - салалық теориялардың құрылуына мүмкіндік берді. Оларды құруға адам қызметінің кез келген саласын дамытуда және басқаруда тек кәсіптік, мазмұндық қырларын ғана емес, әлеуметтік, ұйымдық жақтарын да ескерудің маңызды екендігін ғылымның, медицинаның, технологияның және бірқатар басқа да әлеуметтік қызмет салаларының мысалында көрсеткен американ ғалымы Р.Мертонның сіңірген еңбегі даусыз.

Социологияның дамуының жаңа кезеңі ХХ ғасырдың 60-шы жылдарынан басталады. Бұл уақытта кеңес ғалымдары мен басқа да социалистік елдердің қоғамтанушылары әлемдік социологиялық ғылымға қосылды. Академиялық ортаның және жалпы қазіргі заманғы қоғамның өміріне жастар мен студенттердің жаппай әлеуметтік наразылық танытуы түбегейлі ықпал етті. Социологияның дамуындағы бұл кезеңді методологиялық плюрализм дәуірі деп атауға болады.

Ғылымның барлық салалары мен тікелей социологияны қозғаған ғылымның институттануының объективті және өте қарқынды процестерінің артықшылықтары ғана емес, кемшіліктері де толық көріне бастады. Ғылыми қауымдастық бірыңғай әмбебап социологиялық теория құрудың мүмкін еместігін түсінуге бет бұра бастады. Бұл жерде сындарлы болатын социология теориясының тұжырымдаушы абстрактілі үлгісін құру ғана емес, теориялық және тәжірибелік тұрғыдан социологияның алдында тұрған әр түрлі міндеттерге бұрыннан бар және жаңадан пайда болған әрбір тәсілдердің мүмкіндіктерін мұқият үйлестіру.

Социологияның дамуының институттану сипаттамалары:

Классикалық кезең. Ерте классикалық кезеңінде социология алғаш рет университеттерге енгізіле бастады, алғашында Батыс Еуропада, кейіннен Солтүстік Америкада, Ресейде және кейбір басқа елдерде. Социология профессорлары, сосын кафедралар, ғылыми журналдар, кәсіптік, ұлттық және халықаралық қауымдастықтар пайда бола бастады. Социологияның институттануының ірі белесі болғандар: 1983 жылы Парижде Халықаралық социология институтының негізі қалануы, 1901 жылы Бірінші дүниежүзілік Орыс қоғамдық ғылымдар Жоғары мектебінің шеңберінде ашылуы, L’Annee Socіologіque және The Amerіcan Journal of Socіology журналдарының ашылуы. Ресейде бұл кезең 1916 жылы М.М. Ковалевский атындағы Орыс социологтары қоғамының құрылуымен аяқталды.

Кейінгі классика кезеңі әлемнің жетекші университеттеріндегі кафедралар мен факультеттердің қарқынды дамуымен, дербес социологиялық зерттеу институттарының пайда болуымен, социологтардың халықаралық ынтымақтастығының одан әрі нығаюымен және жекелеген мектептердің ұлттық шекара шеңберінен шығуымен сипатталады. Соңғы тенденцияның мысалы Франкфурт мектебі бола алады, оның жолын қуушылары Германияда ғана емес, Францияда, Англияда, Швейцарияда және АҚШ-та бар. КСРО-да бұл кезең 1918 жылы елдің жетекші университеттерінде факультеттер құрумен және әлеуметтік проблемалардың кең ауқымды спектріне маманданған инститтуттардың ашылуымен басталды.

Қазіргі заманғы кезең. Соғыстан кейінгі социология университеттер шегінен асып шығады, кәсіпқой социологтардың едәуір саны салалық зерттеу орталықтарында шоғырланады. Басқару менеджменті сияқты әлеуметтік технологиялар немесе саяси болжаудың әр түрлі әдістемелері, мысалы, сараптамалық бағалау және брейнсторминг сияқты танымал әдістері пайда болады және қарқынды дамиды.

Жаңа социология кезеңінде салалық социологиялық ынтымақтастық кеңінен дамиды, салыстырмалы халықаралық зерттеу жобалары кең қанат жаяды, халықаралық социологиялық басылымдар саны артады.

Социология ғылымының дамуының сұлбасы жалпы алғанда осындай. Социологиялық ойдың дамуы кезеңдерінің мазмұнымен нақтырақ танысу үшін нақты тұлғалар мен мектептерді қарастыру қажет.

Ежелгі Шығыс пен Ежелгі Греция мемлекеттеріндегі

әлеуметтік ілімдер

 

 

Ежелгі Қытайдағы әлеуметтік ілімдер

 

Ежелгі Қытайдың әлеуметтік ойының гүлденуі б.з.д. VІ - ІІІ ғасырларға жатады. Ежелгі Қытайдың неғұрлым ықпалды әлеуметтік-саяси ілімдері даосизм, конфуцийшілдік, моизмжәнелегизмболды [2].

Даосизмнің пайда болуы жартылай аңызға айналған дана ЛАО-ЦЗЫ (б.з.д.VІ ғ.) есімімен байланысты. Ол “Дао дэ цзин” (“Дао және дэ туралы кітап”) канондық трактатын жазған деп айтылады. Ілімнің негізінде “дао” (сөзбе-сөз алғанда - жол) ұғымы жатыр. Лао-цзы ізбасарларының түсіндіруі бойынша Дао - абсолюттік дүниенің бастауы. Ол аспан әміршісінің ізашары және өзінің күш-қуаты жағынан одан асып түседі. Дао - барлық тіршілік иелерінің бастау көзі, табиғи пайда болулардың және барлық құбылыстар алмасуының, олардың бір нәрседен екінші нәрсеге өтуінің шексіз ағыны, туу мен өлудің мәңгі иірімі. Адамға ол әлемді билейтін тылсым заң ретінде көрінеді. Жаппай өтімді бұл күштің алдында адамға тек өзінің бишаралығын сезінуден және құштарлықтан босану жолымен өзінің өмірін ұзартуға тырысудан басқа ештеңе қалмайды.

Лао-цзы өзінің адамдық қатынастардың табиғи қарапайымдылығын қалпына келтіруге деген үмітін “даоның керемет құпиясын” көре алады және соңынан халықты ерте алады деген мұрагер ақсүйектерден шыққан ақылды көсемдермен байланыстырады. Даостардың пікірінше, данышпан тақсыр елді бейәрекет әдіспен, яғни қоғам мүшелерінің ісіне белсене араласудан өзін-өзі ұстай отырып басқарады. Лао-цзы өз заманындағы билеушілердің тым әрекетшілдігін, салықтар мен тыйым салатын заңдарды көбейткендіктерін, шексіз соғысқұмарлықтарын бетіне басып отырды. “Билеушінің жақсысы ол туралы халық оның бар екенін ғана білетін адам” [3].

Қытайдың әлеуметтік ойлары тарихындағы аса ықпалды доктриналардың бірі конфуцийшілдіктің негізін қалаушысы КОНФУЦИЙ(б.з.д. 551 - 479 жылдар) болып табылады. Конфуцийшілдіктің негізгі санаттары асыл текті қайраткер, адамды сүю және ритуалдар ережесі ұғымдары болып табылады. Бұл санаттар өзара тығыз байланысты, өйткені оны алып жүрушілердің көзқарасы тұрғысынан қарастырылған біртұтас саяси мұраттың, жалпы принциптер мен нақты нормативтік ұйғарымдардың әр қырын көрсетеді.

Конфуцийге сәйкес мемлекетті тақсырдың басшылығымен асыл текті қайраткерлер басқаруға жаралған. Конфуций адамдарды “жоғарғы” және “төменгі” деп бөлу жойылмайды деп дәлелдеді және асыл тектілерді шығу тегіне байланысты емес, моральдік қасиеттері мен біліміне қарай бөлді. Конфуций ілімінде асыл текті қайраткер - кемел өнегеліліктің үлгісі, өзінің бар мінез-құлқымен мораль нормаларын дәлелдейтін адам. Конфуций мемлекеттік қызметке ұсынуға дәл осы белгілерді алуды ұсынды.

Асыл текті қайраткерлердің басты міндеті - адамды сүюге өзін тәрбиелеу және жан-жақты тарату. Бұл ұғымға Конфуций ерекше, қазіргі заманғы дәлме-дәл келмейтін мазмұн берді. Адамды сүюді отбасылық-әулеттік және патриархалдық қауымдастықтардың өнегелілік құндылықтарына сай келетін мінез-құлық деп түсінді. Адамды сүю: ата-аналардың балаларына қамқорлығын, отбасындағы жасы үлкендерге перзенттік құрмет көрсету, сондай-ақ бір-бірімен туыстық байланыспаған адамдардың әділ қарым-қатынасын қамтыды. Саясат саласына көшірілген бұл принциптер жалпы басқару жүйесінің іргетасы болуға тиіс еді. Оны қайта құруды Конфуций атауларын түзеуден бастады, яғни қоғамдағы лауазымдар мен оның жүктейтін міндеттерінің шын мәніндегі, бастапқы мағынасын қалпына келтіруден бастады. Тақсырға өз қарамағындағы бодандарды өзінің баласындай көру міндеттелді. Ол елдегі азық-түліктің жеткілікті болуын қамтамасыз етуге, оны қарумен қорғауға және халықты тәрбиелеуге тиіс. Бодандарды тәрбиелеу - маңызды мемлекеттік іс, оны өзі үлгі көрсету арқылы жүзеге асыру қажет. Өз кезегінде халық билеушілерге перзенттік құрмет көрсетіп, оларға қалтқысыз бағынуы қажет. Мемлекеттік билікті ұйымдастырудың басты бейнесі Конфуций үшін отбасылық әулеттердегі және рулық қауымдастықтардағы (патронимия) басқару болды. Ойшылдың тұжырымдамасы патерналистік мемлекет мұратын негіздеуге ең ерте жасалған әрекеттердің бірі болып табылады. “Лунь юй” кітабының беттерінде егер де ритуал ережелерін барлық адам сақтайтын болса, онда мемлекеттік басқаруға деген қажеттілік болмай қалады деген ой айтылған. Конфуций мен оның ізбасарлары сол бақытты шақтың тууы үшін бағынбайтындарға қарсы жазалау жорықтары қажет болатындығын жоққа шығармайды. Ең бастысы жазалау жорықтары туралы өкімдерді билеушілері немесе уделдердің сановниктер емес, асыл текті және өз халқын сүюші тақсыр бергендігінде. Жазалауды әкесіндей, яғни адамдарға деген сүйіспеншілікпен қолдану қажет.

Eрте конфуцийшілдіктің әлеуметтік-саяси бағдарламасы жалпы алғанда консервативтік деп бағаланады. Билеуші сословие жаңаруының конфуцийшілдік идеялары артықшылықтарға ие емес топ өкілдерінің есебінен мемлекеттегі түбегейлі қайта құруға алып келе алмады, өйткені ежелгі дәстүрмен тәрбиеленген олар рулық ақсүйектер қорғаштайтын билік ұйымының белсенді қорғаушыларына айналды. Әділ адамдарды ұсыну тұжырымдамасы ескі және жаңа аристократия арасындағы қақтығыстарды әлсіретуді ғана көздеді. Сонымен бірге, доктринаның жеке қағидалары, жоғарыда айтылғандай, прогресшіл мәнге ие болды. Оларға ең алдымен моральдік білімдер мен адамдарды қай сословиелікке жататынына қарамастан оқыту идеяларын жатқызған жөн. Конфуций мен оның шәкірттерінің ағарту қызметі қытай мәдениетінің дамуында орасан рөл атқарды.

Мұрагерлік аристократияның билеуіне сын айтқан моистер мектебінің негізін қалаушы МО-ЦЗЫ (шамамен б.з.д. 479 - 400 жылдар) болды. Оның ілімін оның жолын қуушылар “Мо-цзы” кітабында баяндаған. Моизм әлеуметтік жағдайы тұрақсыз, қарама-қайшылықты ұсақ меншік иелерінің - ерікті жер өңдеушілердің, қолөнершілердің, саудагерлердің, мемлекеттік аппараттағы төмен шен иелерінің мүддесін білдірді. Бір жағынан, олар еңбекші бұқараға жақын болды және белгілі бір дәрежеде олардың сенім-пікірлерін қабылдады, ал екінші жағынан - қоғамда белгілі бір орынды иеленгеннен кейін билеуші төбе топқа жақындауға тырысып бақты, жоғары сословиенің артықшылықтарын өздеріне талап етті. Моистердің ілімін осындай қарама-қайшылықтар жайлаған болатын.

Әлеуметтік төменгі топтың кейбір түсініктерін қайта жаңғырта отырып, моистер мемлекеттік лауазымдарды шығу тегі мен туыстық принциптері бойынша иеленуді айыптады. Олар барлық адамдардың көктегі құдай алдында бірдей екендігін дәлелдеді. Мемлекеттік қызметке шығу тегіне қарамастан неғұрлым ақылды адамдарды ұсыну қажет. Олар осы тұрғыдан мұрагерлік аристократтарда білім туа бітеді деген ойға жол беретін және ақылдылардың ұсынылуын білім деңгейімен шектейтін конфуцийшілдіктің ымырашылдық доктринасын да сынға алды. Мо-цзы ақылдылықтың көзі туа біткен ізгіліктер мен кітап оқу ғана емес, қарапайым халықтың өмірінен алынған білім деп көрсетті. Мемлекет басқару оқытуды қажет етпейді. Адамның мемлекеттік басқаруға қабілеті оның іскерлік қасиеттерімен - қарапайым халыққа қызмет етуді қалауымен, іске қажырлылығымен және т.б. анықталады.

Мо-цзы қалыптасқан атқарушы қызметтің басында ақылды билеушісі бар мемлекетті биліктің керемет ұйымдастырылуы деп есептеді. Биліктің беріктігінің кепілі мен негізі шенеуніктердің тақсырдың еркін бірдей етіп орындауында деп түсінді. Мемлекеттің толық біртұтастығын орнату үшін бірдей ойлауды енгізу, зиянды ілімдерді жою ұсынылды.

“Әрбір адам жақсы немесе жаман нәрсе туралы естігендерін жоғарыда тұрғандарға хабарлауға тиіс, жоғарыдағылар дұрыс деп тапқанды барлығы да дұрыс деп мойындауға, ал жоғарыдағыдар дұрыс емес деп тапқанды барлығы да дұрыс емес деп мойындауға тиіс” [4]. Бұл тәртіпті жасалған қылықтарға сай жазалаулар мен марапаттаулардың көмегімен сақтау қажет болды.

Осылайша моизм тұжырымдамасында теңдік идеялары іс жүзінде сырт қалды; тұжырымдама халықтың басқаруға қатысу ғана емес, мемлекеттік істерді талқылауға қатысу мүмкіндігін де болдырмайтын деспоттық-бюрократиялық мемлекетті мадақтаумен аяқталды. Мемлекет бірлігіне деген Мо-цзы көзқарастары билікті орталықтандыру идеяларына жақын болды.

Ерте легизмнің ірі өкілі ШАНЬ ЯН (б.з.д. 390 - 338 жылдар шамасы) ұсынған реформалардың жобалары мен жарлықтары “Шань цзюнь шу” трактатына (“Шань облысының әміршісі кітабы”) енген. Легизм ілімі оның алдындағы тұжырымдамалардан едәуір өзгеше болды. Легистер саясатты дәстүрлі моральдік баяндаудан бас тартып, билікті атқару техникасы туралы ілімді жасады. Шань Ян осы қайта бағдарлануды жүзеге асыра отырып, патриархалдық тәртіпті жоюға қол жеткізген мемлекеттік міндеттерді атқарған ақсүйектер мен ауқатты қауымшылдардың ұмтылыстарын басшылыққа алды. Саяси теориядан олар басқаларға қарағанда ізгілікті ақыл-өсиеттерді аз күтті. Оларға керегі жалпы мемлекеттік түрлендірулердің салыстыра тексерілген бағдарламасы болатын.