Авторлар 11 страница
Шәкерім қоғамның одан әрі даму жолдарын үнемі ізденуде болды. Ол адамдар өмірін жақсартуға тырысқан ғалымдарды мысал келтіреді. Олардың кейбіреулері адам өмірі жаратқан иесін танумен түзеледі десе, кейбіреулері үкімет жойылса, әркім өз бетімен өмір сүрсе түзеледі деді. Ал, біреулер оқу біліммен, халықты ағартумен адам өмірі түзеледі деді. Біреулері бай, кедейді теңеумен түзеледі десе, біреулері тәрбиемен түзеуге болады деді. Өмірдің өзі - тіршілік таласы. Сондықтан адам өмірін жаралыстың өзі солай жаратқан, бірін-бірі жеп, талап, таласып өмір сүрмек дегендер де болған. Шәкерімнің өзі бұл идеялардың ешқайсысы адам жаратылысын өзгерте алмайтынына сенімді болды. Жақсы өмірдің негізін ол “адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл” деп санайды. Жеке тұлғаның әлеуметтік мінез-құлқы осы мінездемелердің болуымен анықталады, ол жеке адамдардың мінез-құлық нысандарын қалай болса солай бейнелеуге жол бермейді. Кез келген әлеуметтік әрекет әлеуметтік мәнділігін ұғынумен және басқаға ұстаным берумен қатар жүреді. Қазақ қоғамындағы жеке адамның социумда өмір сүруі мен мәртебелік позициялары социумның интеракциялаушы элементтері арасындағы айқын әлеуметтік арақашықтықты қажет етеді. “Бай мен кедейді теңеу, байдың малын кедейге бөліп беру - кедейді еріншектік, еңбексіз мал табуға дағдыландырып жіберетін жол” [14, 138-б.].
Шәкерім қазақ қоғамының әлеуметтік және саяси дамуының бірнеше жолдары бар деп біледі: біріншіден, партияларға, олардың әдемі үндеулері мен ұрандарына көзсіз ере бермеу, олардың мүдделері үшін дау-дамай мен жік-жікке бөлінуге ұрынбау, онда ұтылатын тек қара халық. Халық өзінің адал еңбегіне сүйене отырып, партияның жаршыларына қарайламай, сенімді де түзу жолмен алға басуға тиіс. Екіншіден, қазақ халқы дауласуды, мал ұрлауды, жікке бөлінуді және басқа да теріс қасиеттерді артқа тастап, басқа өркениетті халықтар сияқты білім алуға, ғылымға ұмтылуға тиіс, мұнда байлардан үміт жоқ, олардың ойындағысы тек баии түсу, сонан соң көңілі марқайып, елге мақтану - бұл олардың өмірлік мақсаты. Үшіншіден, оқуға, еңбекке жағдай туғызылған қалалар, елді мекендер салу, осының бәріне балаларды жасынан тәрбиелеу қажет, бұларсыз, - деп жазады Шәкерім, - қазақтарда қазір күш жоқ, ысырапшылдық бар, өткен ұрпақ құндылықтарын дамытуда мақсатқа ұмтылу жоқ, демек қазақтар әлі өзін әлемде басқа халықтар арасында белгілі бір мәдениеті мен тарихы бар халық, ұлт ретінде өзін бекіте алған жоқ [15, 52-б.].
Шәкерім өзі діндар адам болған, бірақ бұл оның дін мен адамның өзара әрекетін, оның қоғамдық қатынастарға ықпалын талдауына кедергі болған жоқ. Ол қазақтардың заңнамалық жиыны “Ескі жолын” шариғат заңымен салыстыра талдайды. Шәкерім шариғатты қатып қалған қасаң қағида емес, қоғамдық реттеудің бейімделген құралы дейді. Қасаң қағида болуы молдалардың іс-әрекетінен. Әртүрлі даулар туралы мақалдарды салыстыра отырып, Шәкерім тарихи процесс барысындағы қоғамдық нормалардың орнықтылығы мен өзгергіштігін көрсетеді. Шығыс ғалымдарының қоғам туралы ілімінің дәстүрлерін жалғастыра отырып, Шәкерім қоғамның сәтті болуы әділ басқару арқылы жүзеге асады деп есептейді. “Әкімшілік басына арлы, ақылды адамдарды қойып, сол адамдардың бұйрығы, ақылы бойынша туған, туашақ адамдарды, жастарды қазына қарауына алуға заң шығару керек те, ол заңды бұзғандарды жазалау керек” [14, 138].
Қоғам мен оның даму жолдары Ш.Уәлихановтың еңбектерінде көрініс тапқан. Прогресшіл идеяларды таратушылар болған ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының шоқ жұлдызы осы Шоқаннан бастау алады. Сол кезеңнің ойшылдары мен қоғам қайраткерлерінің айрықша белгілері олардың Ресейдің ғылыми орталықтарында алған зайырлы білімдерімен қоса өз халқына терең берілгендігінде. Ш.Уәлиханов ағартудың философиялық принциптерін әлеуметтік қатынастар саласына жүйелі таратқан ойшылдардың бірі. Бұл оған әлеуметтік дамудың бірқатар проблемаларының өзіндік, аса айрықша шешімдерін беруге, өзінің социологиялық тұжырымдамасын жасауына мүмкіндік берді” [16, 284-б.].
Ш.Уәлихановтың социологиялық тұжырымдамасы адамзат табиғаттың бір бөлшегі болып табылатындығын, жалпы объективті сыртқы әлем сияқты заңдылықтармен дамитынын түсінуге құрылған. Бұл тұрғыдан алғанда табиғат пен қоғам арасында принципті айырмашылық жоқ және болмақ та емес. Өсімдіктер әлемінің қолайлы жағдайды талап ететіні сияқты қоғам да өзінің кедергісіз дамуы үшін қолайлы жағдайды талап етеді. Алайда ғалым табиғат заңдары мен қоғам арасындағы айырмашылықты ажыратып көрсетеді. Табиғаттың дамуы физикалық заңдарға негізделсе, қоғамда олар әлеуметтік заңдардың күшімен, яғни қоғамдық өмірдің әр түрлі жақтарымен, тайпалық организм өмірінің шарттарымен толығады.
Ш.Уәлиханов Орта Азияның дәстүрлі қауымдастықтарының тұрмысын, экономикалық құрылысын, мәдени нормативтерін зерттейді.
Қоғамдық даму туралы сөз ете отырып, ол “табиғи-тарихи” дамуға аяқ тірейді, адам мен адам қоғамын табиғат дамуының нәтижесі ретінде қарастырады, тарихтан тыс және жалпыға ортақ этникалық нормалар мен мұраттарды теріске шығарады. Адамдардың түсінігі мен көзқарастары тікелей тайпалық организм шарттарымен және қоршаған орта мен стихияның басқа да шарттарымен анықталады. Ағарту идеяларын таратушы Ш.Уәлиханов әлеуметтік құндылықтар мәселелеріне олардың әлеуметтік маңыздылығы мен тарихи ақталуы тұрғысынан қарайды.
Ш.Уәлиханов өзінің “Қазақтар туралы жазбалар” (“Записки о киргизах”) атты еңбегінде қазақтардың тыныс-тіршілігінің жан-жақты қырларын тәптіштеп зерттейді. Этникалық атауынан бастап соттық-қуыным нормалары мен құндылықтарына дейін. Қырғыздың генеалогиялық тамырын ғалым алғаш рет құрылымдық тәртіппен сипаттайды, мәртебелік-рөлдік позицияларын ашып береді. “Генеалогиялық естеліктер бойынша қырғыз-қайсақтар әр түрлі екі бастамаға жатады: ақсүйектер - күн нұрынан жаралған тектілер және қаралар - ешқандай артық тылсым қасиеті жоқ қарапайым құл-құтандар” [17, с.7]. Уәлиханов стратификациялық құрылымның анықтамасына “каста” ұғымын қолданады. “Халық сословиелерге бөлінген сияқты екі кастаға бөлінеді: манаптар мен қара бұқаралар”. Билік пен бағыну қатынастары ежелгі орда негізін салушының ұрпағы ретіндегі манаптың патриархалдық құқығына құрылған. Бұл билік біртіндеп “өсіп, ақыр-соңында құл иеленушілер мен құлдардың рақымсыз қатынастарына айналды” [17, 3-б.]. Биліктің сипаттамасы шектеусіз: манап қара халықтың толық қожайыны, оларды сата да, өлтіре де алады. Билік қатынастары үрей мен қаталдыққа құрылған, манаптың жоғары тектілігі қарапайым халықты (demos) бағынуға, қорқып өмір сүруге мәжбүр етуге негіз болып табылады. “Барлық түрік текті көшпенді халықтар неғұрлым патриархалдық бастау алатын бағыныштылық нысанға ие болып келген және қазір де солай, ал моңғол немесе моңғолдық қол астында болған орда халықтары өз құрамына екі элементті қамтиды - ақ және қара сүйек” [17, 39-б].
Уәлихановтың еңбектерінде қазақ қоғамы тарихи ретроспективада және нағыз шынайылықта зерделенеді. ХІХ ғасырдың аяғы - ХХ ғасырдың басындағы өзгермелі процестер жан-жақты талданған.
Қоғамдағы әлеуметтік қарама-қайшылықтардың негізгі көзі материалдық өндіріс тәсілдері мен соның негізіндегі таптарға бөліну емес, үкіметтің негізделмеген саясаты, оның қате қадамдары мен әрекеттері. “Сот реформасы туралы жазбаларында” Уәлиханов ақталған реформаларды енгізуді жақтайды. Экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар халыққа қызмет етуі тиіс, “өйткені әрбір адам жеке немесе жалпы адамзат ұжымдасып өз дамуында түпкілікті бір мақсатқа - өзінің материалдық әл-ауқатын жақсартуға тырысады, прогресс дегеннің мәнісі осында жатыр” [15, 35-б.]. “Реформалар дұрыс болғанда, яғни олар қоғамдық организмнің салауатты дамуын жолға қоятын сөзсіз болатын прогресс заңдарына негізделгенде ғана сәтті болады” [18, 198-б.].
Ш.Уәлиханов саяси үстемдікті меншіктен жоғары қояды. Ол Азия жағдайында рақымсыз нысандағы, ешкім де, ештеңе де шектей алмайтын билікті пайдалана отырып, оның иелері халықты тонайды және оның есебінен мықтап байиды деп есептейді.
Ағарту идеялары Қазақстандағы білім беру жүйесінің негізін қалаушы Ы.Алтынсариннің қызметінде нақты іске асты. Білімді тек құндылық қана емес, әлеуметтік прогресс құралы деп те түсінген ол білім беру жүйесін балаларды да, ересектерді де оқытудың өзіндік әдістемесімен және құрылымымен институттандыра білді. Ғалым әрі педагогтің нақты әлеуметтік қызметі білімді қоғам қалыптастыруға, жаңа салауатты өмір салтын құруға бағытталды. Бұл ретте Ы.Алтынсарин оның жолдары мен әдістерін өз заманындағы көшпенді халықтың қоғамдық байланыстарын, қарым-қатынастарын, дәстүрлі басқару институттарын және мәдениетін ғылыми-әдістемелік талдау негізінде таңдап алды. “Қазақтың соры” (“Горе киргиза”) (1882) атты жазбасында Ы.Алтынсарин патшалықтың әкімшілік реформалары мен оны жүзеге асырудың әлеуметтік базасы сәйкес келмейтіндігін көрсетеді. Мәселен, жер мәселелерін шешуде халықтың жерді пайдалану тәсілдерімен санаспайды. Патшалық Ресейдің заңдарына сәйкес белгіленген сайлау тәртібі одан да өткен сорақы болды. Ы.Алтынсарин сайлаудың Қазақстанда бұрын да болғанын көрсете отырып, бұрын хандарды мұндай іске алдын ала белгіленген сайлағыштар емес, әрбір ру мен бөлімшедегі жасы мен орны үлкен ақсақалдар сайлаған, олардың ақсақалдығы қандай да бір сайлаумен емес, басқалармен салыстырғандағы артық қабілеттерімен өзінен-өзі мойындалған [4, 124-б.].
Ы.Алтынсарин өзінің жазбасында патша үкіметінен 1868 жылғы Уақытша ережені қазақтардың халықтық салт-дәстүрін, тұрмыс жағдайын және көзқарастарын ескере отырып, “жеке билейтін орыс немесе қазақ бастықтардың билікқұмарлығына жол бермеу үшін халықтың өзі лайықты сот пен өкіметті сайлап алуы үшін” қайта қарауды сұрайды [4, 124-б.].
Қазақтардың әлеуметтік жағдайын қарастыра отырып, Ы.Алтынсарин қоғамды кедейлік пен байлықтың мәртебесін анықтайтын, меншіктің негізі болып табылатын малға ие болу белгілері бойынша құрылымдайды. ғалымның мүлік иеленудің төрт түлік малдың санымен өрнектелетін жоғарғы және төменгі шекараларын зерделегенін ерекше атап өткен жөн. Қазіргі тілмен айтқанда мұны кедейлік пен байлықтың деңгейін ақшаға шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейімен салыстырылған кірістері бойынша зерделеу деп атауға болар.
Мұндай зерттеулерді патшалық, кейіннен кеңестік басшылардың елемеуі коллективтендіру жылдарында орта шаруашылықтың негізгі тобын кулактар деп жоюға әкеп соқты. Алтынсариннің айтуы бойынша қазақтардың орта шаруашылығы 300 - 400 бас жылқыны, 400 - 500 қойды, 20 - 40 түйені және 50 - 60 сиырды құрайды [19, 98-б.], бұл меншік нысандары мен шаруашылық жүргізу әдістерімен таныс емес жаңа басқарушылардың көзіне орасан көп боп көрінді. Бұл орайда Ы.Алтынсариннің зерттеулері өз заманы үшін әлеуметтік реформалардың дұрыс саясатын жасауға және жүзеге асыруға арналған мәлімет ретінде маңызды болды.
Ұдайы өсудің көшпенділік тәсілі, оның әлеуметтік ұйымы қандай да бір натурализмді, механицизмді, эволюционизмді қалыптастырды. Мысалы, Уәлиханов қоғам мен оның дамуы үшін, біріншіден, географиялық ортаға; екіншіден “тайпалық организм шарттарына” шешуші мән береді.
Белгілі қазақ ақыны С.Торайғыров Батыстың білімін меңгеру қазақтарға қысқа тарихи кезеңде материалдық және рухани дамудың жоғары деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік береді деп есептеген [20]. Әлеуметтік-саяси көзқарас тұрғысынан ол социализмді болашақтың қоғамы және оны құру үшін қазақтар Еуропаның оқу-білім бар жұрттарымен теңесу қажет деп жариялады. С.Торайғыровтың ұсынысы бойынша мұндай мәдени өрлеу үшін мың жыл емес, бар-жоғы жиырма-отыз жыл қажет. Бастысы - Еуропа елдері салған жолмен, олардың қателіктерін қайталамай, тек жетістіктерін пайдалана отырып жүру. Қазақтың социологиялық ойына тән нәрсе билік туралы, адамдардың өзара қарым-қатынастары туралы, туыстық пен мемлекет туралы ұғымдар мен түсініктер адамның тыныс-тіршілігінің нақты әлеуметтік шынайылықтарынан бастау алады. Абстрактілі ойлар адам болмысына барынша жақын, заттардың мәні адамзат қауымдастығына келтірер пайдасы мен зияны тұрғысынан түсіндіріледі. Бұл орайда қазақтың әлеуметтік дәстүрі қазақ қоғамының шынайы мүмкіндіктерімен және әлеуетті күштерімен қоян-қолтық астасып жатыр.
Сонымен, Қазақстанның социологиялық ойы қалыптасуының іргелі негіздері болып табылатын мына факторлар. Бірінші негізгі қабатта өз дәуірінің дарабоз ойшылдары ретіндегі Абай мен Шәкерімнің мұралары. Олардың дүниетанымында шығыс философиясының, адам мен қоғамды тану теориясының үздік дәстүрлері көрініс тапқан. Олар қазақ қоғамының дамуына рухани және ізгілік бастауларын, жалпы адамзат құндылықтарына жол салған. Олардың ілімінің, көзқарастарының маңызы және шығармашылық мұрасы қоғамдық сананың орнықты принциптерімен сипатталады. Олар Қазақстан қоғамы дамуының қазіргі кезеңінде ерекше өзекті.
Екінші мәдени және ғылыми қабат ХІХ ғасырдың аяғы - ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының өкілдері болып табылады. Ш.Уәлиханов пен Ы.Алтынсариннен бастап қазақтың ұлттық зиялыларының шоқ жұлдызы жасақталады, оның айрықша белгілері қазақтардың дүниетанымының ұлттық нысандары мен зайырлы білімдерінің нәтижесінде алған демократиялық көзқарастарын ұштастыруы болып табылады. Батыстың классикалық білімдерін, патшалық режим жағдайындағы ресейлік еркін ой иелерінің демократиялық идеяларын, Шығыс ілімдерінің дәстүрлік негіздерінің және көшпенді мәдениеттің сүзгіден өтуі дүниені қабылдаудың ерекше нысандары мен қоғамды зерделеудің белгілерін қалыптастырды.
Қазақстанда социология ғылымының қалыптасуы
(ретроспективті шолу)
Отандық социологияның қалыптасуы едәуір дәрежеде бұл ғылымның кеңестік қоғам дәуірінде дамуымен байланысты. Социология ғылымының осы кезеңдегі қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін атап өтейік.
ХХ ғасырдың басында Ресейдегі социологияның дамуы өрлеу үстінде болды. 1917 жылғы революцияға дейін мұнда айтарлықтай жоғары интеллектуалдық әлеует қалыптасты. Ол мыналардан көрінді:
а) академиялық социологияның теориялық зерттеулері басым маркстік емес дәстүрінен - Н.И. Кареев, П.А. Сорокин, К.М. Тахтарев және басқалар;
б) саяси күресте социологияны радикалдандыру басым марксистік дәстүрмен - А.А. Богданов, В.И. Ленин, Е.А. Энгель және басқалар. [21, 72‑б.].
Ресейде ХХ ғасырдың басында басталған социологияның институттану процесі 1922 жылы Лениннің “Жауынгер материализмнің маңызы туралы” (“О значении воинствующего материализма”) мақаласы жарық көргеннен кейін тоқтап қалды, онда оқыту процесіне коммунистік бақылау туралы мәселе қойылған еді. 1918 - 20 жылдары құрылған социология кафедралары қудалауға ұшырады. Нәтижесінде П.А. Сорокин, Г.Д. Гурвич сияқты және т.б. қоғамтанушы көрнекті ғалымдар елден көшіп кетті, бұл социологияның ғылым ретінде дамуын мемлекеттік жүйенің қадағалауында өмір сүру және ғылыми дәстүрлерін үзіп алу қаупін төндірді. Сонымен қатар, ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы социология белгілі бір дәрежеде жемісті болды. Саяси өкіметтің жаңа түрі орнағаннан кейін өтпелі кезеңдегі революциялық түрленулер нәтижесінде тапсыз социалистік қоғам (буржуазиясыз тарих) - коммунизмнің алғышартын жасау үшін қажет нәрсенің бәрі деп есептелді. Бұл тұрғыдан да кеңестік социология жаңашыл сипатқа ие болды: оның объектісі қоғамдық меншік негізінде құрылатын қоғам болды [21, 73-б.].
Әлеуметтік еңбектер мен социологиялық зерттеулерді қатаң ұстау, ал кейіннен тыйым салу сталиндік саясат тарапынан іс жүзінде ғана емес, теориялық жағынан да жүріп жатты. “Бүкілодақтық коммунистік (большевиктік) партиясы тарихының” қысқаша курсына (1938) арнап И.В. Сталин жазған “Диалектикалық және тарихи материализм туралы” бөлімінде әлеуметтік білімнің тұтас бір саласы - тарихи материализм - философиялық білімнің аясына “қайтарылды”. Н.Н. Бухариннің тарихи материализм теориясына сәйкес қоғамдық ғылымдар арасында қоғамдық өмірдің жеке саласын емес, барлық күрделілігімен бірге жалпы қоғамдық өмірді қарастыратын екі аса маңызды ғылым бар. Ондай ғылым, бірінші жағынан, тарих болып табылады, екінші жағынан - социология... Тарих белгілі бір орында белгілі бір уақытта қоғамдық өмір ағыны қалай өтетінін баяндайды... Социология жалпы мәселелер қояды: қоғам деген не? Оның дамуы немесе күйреуі неден болады? Қоғамдық құбылыстардың әр түрлі қатарлары (шаруашылық, құқық, ғылым және т.б.) бір-біріне қандай қатынаста болады? Олардың дамуын немен түсіндіруге болады? Қоғамның тарихи нысандары қандай? Олардың алмасуын немен түсіндіруге болады? және т.с.с. Социология қоғамдық ғылымдар ішіндегі неғұрлым жалпысы (абстрактілісі)... тарих социологиялық қорытындылар мен жалпылаулар үшін материал береді... Социология өз кезегінде... тарих үшін зерттеу тәсілдерін немесе әдісін көрсетеді” [22].
Осы теориялық тұжырымдар негізінде социологияның маңызды құрамдас бөліктері - оның теориясы мен ұғымдық аппараты- тек қана философиялық деңгейде қарастырылатын болды. Қоғамды нақты зерттеудің социологиялық әдістері айналымнан шығарылып тасталды. Әлеуметтік өмір процестерін, құбылыстарын нақтылай зерттеуге қатаң тыйым салынды. Социология көп жылдар бойы қоғамдық таным нысаны ретінде өмір сүруін тоқтатты.
Социологияның біршама бой көтеруі ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында “хрущевтік жылымық” дейтін кезеңде ғана атап өтілді. 1962 жылы Кеңестік социологиялық ассоциация құрылды, ол социологияның ресми институттануын білдіретін еді. Мәскеу және Ленинград университеттерінің философия факультеттерінде социологиялық лабораториялар құрыла бастады (Ю.В. Арутюнян және В.А. Ядов), 1960 жылы КСРО ҒА Философия институтында социология бөлімі ашылды, оны Г.В. Осипов басқарды. 1968 жылы Нақты әлеуметтік зерттеулер институты және оның басқа қалалардағы бөлімдері жұмысын бастады [21, 336-б.]. Қазақстанда 1964 жылы ҚазКСР ҒА Құқық философиясы институтының жанындағы қылмыстың әлеуметтік-психологиялық проблемаларын зерделеу жөніндегі топ ұйымдастырылды, оны заң ғылымдарының кандидаты У.Жекенбаев басқарды. Топ қылмыс социологиясы саласындағы проблемалармен шұғылданды. ғылыми өмірдегі маңызды оқиға КСРО-ға Батыстың көрнекті ғалымдары Р.Аронның, Р.Мертонның, Т.Парсонстің келуі болды (1958 - 64).
1970-ші жылдары Қазақстанда мына бағыттар бойынша бірнеше социологиялық топтар құрылып, жұмыс істеді:
· ұлттық қатынастардың дамуын басқару проблемаларын зерделеу жөніндегі топ (1970), жетекшісі - Сужиков М.М.;
· ғылыми-техникалық революцияның (ҒТР) рухани-идеологиялық салдарларын зерделеу жөніндегі топ (1974), жетекшісі - Черняк В.А.;
· Қазақ политехникалық институты жанындағы өнеркәсіптік социология лабораториясы (1975), жетекшісі - Батырбеков М.Б. [23, 140-б.].
Осы даму кезеңінде социология марксистік әдістеме шеңберінде белгілі бір тәжірибе жинақтады. Осы жылдарда қазақстандық авторлардың - С.Н. Соскин, А.А. Рогачев, У.М. Ысқақов, А.Ш. Алтаев, Н.А. Аитов сияқты ғалымдардың социологиялық зерттеулер нәтижесі бойынша алғашқы ғылыми еңбектері, социалистік қоғамның, еңбек ұжымының, қала мен ауылдың әлеуметтік құрылымы проблемаларын зерделеуге социологиялық зерттеулер әдістерін қолдану жөніндегі әр түрлі әдістемелік ұсынымдары жарыққа шықты. Л.А. Байдельдиновтің, Ө.К. Шеденовтің, Д.А. Доржтің және т.б. еңбектерінде социологиялық ғылымның қолданбалы жақтары қарастырылды. Социологиядағы жеке тұлғаның проблемалары Ғ.Ғ. Ақмамбетовтің, Т.М. Дәуітовтің [24] және т.б. еңбектерінде қаралған.
ҚазКСР ғылым Академиясының жанындағы социология секциясы жұмыс істеген қысқа мерзім ішінде социологиялық зерттеулердің тұтас сериялары жүргізілді, олардың нәтижелері В.А. Сапрыкиннің, В.А. Черняктің, Т.С. Сәрсенбаевтің [25] және т.б. монографияларында көрсетілген. Бұл жұмыстардың құндылығы социологиялық зерттеулер жасағанында. Зерттеушілер бір мезгілде социологиялық зерттеулердің бірнеше әдістерін қолданған. В.А. Черняк өзінің социологиялық зерттеулерінің материалдары негізінде атеизм социологиясының негізін салушы болды, оның зерттеулерінің әдістемесі мыналарды қамтыды: 1) халықтың мәдениеті мен тұрмысын іріктеп тексеру; 2) құдайға мінәжат ету орындарына еніп бақылау; 3) әлеуметтік ақпаратты айқындау, белгілеу жөніндегі іс-шаралар кешені, оның ішінде, біздің көзқарасымызша, фокус топтық зерттеу; 4) құжаттарды - қолжазба материалдарды, мұрағат көздерін, мерзімді баспасөзді зерделеу; 5) қоғамдық пікірді зерделеу [26]. Аталмыш зерттеулер көпфакторлы сапалық және сандық сипаттамаларымен ерекшеленді, бұл қазіргі заманғы жаппай қолданылатын сауалнама жүргізу әдістерімен салыстырғанда өзіне назар аудартады. Алайда әлемдік социологиялық практикадан, атап айтқанда американдық зерттеу әдістерінен бойды аулақ ұстау ғалымдарды зерттеулерге өте сақтықпен қарауға және жүргізетін зерттеулеріне марксистік дәйектеме келтіруге мәжбүр етті, бұл зерттеулердің сандық әдістерін, олардың инструментарийлерін жасауға және мәліметтерді өңдеуге қиындық туғызды.