Авторлар 1 страница

 


І бөлім. СОЦИОЛОГИЯНЫҢ ҰҒЫМДЫҚ АППАРАТЫ

1-тарау. СОЦИОЛОГИЯ ҒЫЛЫМЫ

Социологияның объектісі мен пәні

Кез келген ғылымды зерделеу алдымен оның объектісін, пәнін, басқа ғылымдар жүйесіндегі және қоғам өміріндегі орны мен рөлін айқындаудан басталады. Социология ғылымының осынау белгілерін ол жайындағы түсініктің қазіргі кездегі пікірталасына және социологиялық мектепке тәуелділігіне назар аудара отырып қарастырамыз.

“Социология”термині - екі сөзден құралған: латынның socіetas - қоғам және гректің logos - сөз, түсінік, ілім деген сөздерінен. Демек, этимологиялық тұрғыдан алғанда социология “қоғам туралы ғылым” немесе “қоғам туралы ілім” дегенді білдіреді. Бірақ бұл біршама абстрактілі ой, өйткені адамзат қоғамы өзінің заңды көріністерімен көптеген қоғамдық ғылымдардың пәні болып табылады. Сондықтан да социология пәнін қандай да бір басқа қоғамдық ғылым пәнінен бөлек қарауға болмайды. Ол үшін ең алдымен социологияның объектісі мен пәнінің ара жігін ажыратып алған жөн.

Ғылыми таным объектісіне зерттеу қызметі бағытталатын объективті шынайылық ретіндегі нәрсенің бәрі жатады. Нақты ғылымның зерттеу объектісі туралы әңгіме болғанда объективті шынайылықтың қандай да бір бөлігі тұтас зерттелмейді, сол ғылымның ерекшелігімен анықталатын жағынан бастап қана зерттеледі. Объективті шынайылықтың нақты бөлігінің басқа жақтары бұл жағдайда қосалқы нәрсе ретінде немесе берілген объектінің міндетті шарты ретінде қарастырылады.

Объект дегеніміз белгілі бір немесе ерекше қасиеті бар объективті шынайылықтың жеке бір бөлігі немесе элементтерінің жиынтығы. Және де объективті шынайылықтың бір саласының өзі көптеген ғылымның зерттеу объектісі бола алады. Мысалы, физикалық шынайылық - көптеген жаратылыстану және техникалық ғылымдардың, ал әлеуметтік шынайылық - қоғамдық және гуманитарлық ғылымдардың зерттеу объектісі. Қоғам адамдардың өзара әрекетінің өнімі ретінде саналы, күрделі құбылыс және барлық қоғамдық ғылымдар үшін ортақ зерттеу объектісі болып табылады. Алайда осы ғылымдардың әрқайсысының өзіндік ерекшеленген зерделеу объектісі бар. Сондықтан көптеген қоғамдық ғылымдардың объектісі тұтас қоғам емес, оның қандай да бір жағы немесе көрінісі. Экономика ғылымдарының ерекшеленген объектісі – қоғамдық өмірдің материалдық игіліктерді өндіру, бөлу, алмасу және тұтыну сияқты өзіне тән жақтары. Қоғам өмірінің экономикалық саласынан едәуір өзгеше жағы – саяси биліктің ұйымдастырылуына, қызмет етуіне және дамуына байланысты саясат саласы болып табылады. Және де ол - саяси ғылымдардың ерекшеленген объектісі болып табылады. Бірқатар ғылымдар - мәдениеттану, әлеуметтік психология, педагогика және басқалар - қоғамның рухани өмірін, рухани құндылықтарды өндіру және бөлу, адамдардың рухани сұраныстарын қанағаттандыру жолдарын, нысандары мен әдістерін зерделеуге арналған [1].

Ғылыми білімнің объектісі мен пәні бір-біріне дәл келе ме? Жоқ, дәл келмейді, өйткені кез келген ғылымның объектісі таным процесінің бағытталған нәрсесі болып табылады, ал пәні қызметін объектіні құрайтын тікелей зерделеуге жататын жақтары, байланыстары, қарым-қатынастары атқарады [2]. Егер де ғылым объектісі - объективті дүниенің қандай да бір бөлігін танытатын шынайылық дейтін болса, ал ғылымның пәні - осы шынайылықтың ғылыми және тәжірибелік көзқарас тұрғысынан неғұрлым маңызды заңды байланыстары мен қарым-қатынастарын анықтау жолымен, сол шынайылықты абстрактілі деңгейде қайта тудыру. Кез келген ғылымның пәні объективті дүниенің жай ғана бір құбылысы немесе процесі емес, оның зерделенетін объектісінің дамуы мен қызмет етуінің басқа ғылым емес, тек қана осы ғылым үшін ерекшеленген белгілі бір заңдылықтарын бөліп қарауға мүмкіндік беретін теориялық абстрактілеу нәтижесі болып табылады. Мұндай абстрактілеу (зерделенетін объектінің үлгісін жасау) әлеуметтік шынайылылықтың социологтың қызметі бағытталған “бөлігін”, “саласын”, “қырларын” анықтайды.

Сонымен, ғылымның пәні ол зерделейтін объектіге тепе-тең емес. Ғылымның пәні тұрақты бола алмайды және таным процесінің өзі сияқты үнемі қозғалыс, даму, қалыптасу үстінде болады. Ғылымның пәндік саласының қозғалысы екі шешуші факторға: бір жағынан ғылыми білімнің прогресіне, екінші жағынан қоғамның өзгермелі сұранысына, әлеуметтік сұранымға тәуелді [3]. Социологияның пәндік саласы аталған факторлардың ықпалымен қалыптасқандықтан және қалыптасып жатқандықтан социология өз пәнін анықтауда өзгеріске ұшырамай тұра алмайды. Енді біз социология тарихының ішінен оның пәні туралы ұғымның қалай өзгергенін қарастырамыз.

Социологияның негізін қалаушы О.Конт социологияның пәнін жалпыға ортақ келісім негізін құрайтын тұтас алынған қоғам деп түсінді. Бұл келісім өз кезегінде адамзат тарихының және адамның өз табиғатының бірлігіне арқа сүйейді. О.Конт оң социологиялық білімді табиғи-физикалық процестерге ұқсатып құрды. Социологияны әлеуметтік физика деп түсіну, оның пәндік саласын әлеуметтік статикаға және әлеуметтік динамикаға бөлу осыдан келіп шыққан.

Ағылшын философы әрі ғалымы Г.Спенсер социологияны әлеуметтік институттардың табиғи эволюциясы нәтижесінде ондағы жіктелу тұтасумен ұштасатын әлеуметтік организм ретіндегі қоғам туралы ғылым деп білді.

Неміс кәсіби социологиясының атасы Ф.Теннис социологияның өзі жасаған тұжырымдамасы шеңберінде теориялық және қолданбалы социологиямен қатар салыстырмалы оқу пәні ретінде эмпирикалық социологияны бөліп қарайды. Ол индуктивтік әдіске арқа сүйейді және жалпы ұстанымдар ретінде теориялық социология ұғымдарын пайдаланады. Теннистің ойынша социология пәнін әлеуметтіліктің, қоғамдастықтың барлық түрлері және олардың негізін адамдардың өзара әрекеті құрайды.

Француз социологиялық мектебінің негізін қалаушы Э.Дюркгейм үшін дербес және ерекшеленген ғылым ретіндегі социологияның пәні әлеуметтік фактілерді зерделеу болды, оларды “заттар ретінде”, қоғамдық тұтастықты нығайтатын наным, ұжымдық сана жүйесіне қатысты функционалдылық көзқарасы тұрғысынан түсіндірілуге тиіс нәрсе ретінде қарастыру қажет. Осы тұжырымдамаға сәйкес “егер де олардың мүшелері оқшауланған кездегі әрекетінен гөрі мүлде өзгеше ойлайтын, әрекет ететін және сезінетін” [4] әлеуметтік топтарды зерделеуге тиіс. Басқаша айтқанда, оның түсінігінде социология дегеніміз әлеуметтік институттар, олардың генезисі және жұмыс істеуі туралы ғылым.

Неміс социологы М.Вебердің көзқарасы бойынша социологияның пәнін анықтау әлеуметтік мінез-құлықты түсінумен тығыз байланысты. М.Вебер үшін социологияның пәні дегеніміз әлеуметтік іс-әрекеттердің мән-мағынасының, әлеуметтік қарым-қатынастар мәнінің және олардың әрекет субъектісіне арналған құрылымдарының тұтас жиынтығы. Бұл позитивтік-баяндаушы емес, түсінікті социология болуға тиіс.

Социология пәні туралы американ социологы П.Сорокиннің түсініктері қызықты. Ол барлық ғылымдарды үш топқа - объективті нақты өмірдің органикалық бөлігін зерделеумен шұғылданатын ғылымдарға, органикалық емес бөлігі және “органика үстілік” немесе әлеуметтік мәдени бөлігін зерделейтін ғылымдарға бөледі. Объективті шынайылықтағы органикалықтан тыс феномендер саласын адамның ментальдік, ойлау қызметінде көрініс табатын әлеуметтік феномендер құрайды. Бұл салаға тіл, ғылым мен техника, дін, философия, өнер, құқық, этика, адамдардың әдет-ғұрыптары мен мінез-құлықтары жатады. Социология ғылымдардың үшінші тобына кіреді және органикалықтан тыс феномендер үшін ортақ нәрселерді зерделейді. Сонымен социология барлық категориядағы әлеуметтік феномендерді, сондай-ақ оларды біріктіретін қарым-қатынастар мен өзара байланыстар туралы жалпы ғылым болып табылады.

Американ социологиясының классигі Т.Парсонс социологияны мінез-құлықтардың өзара іс-әрекеттері мен атқаратын рөлдерінен - құндылықтардың жалпы иерархиясына бағытталған өзара іс-қимылдардан тұратын, мәдени үлгілер, ережелер мен мәртебелердің институциялануына негізделетін құрылымдарға сүйенетін, әлеуметтік жүйелерді зерделейтін ғылым деп біледі.

Символикалық интеракционизмнің негізін қалаушы Дж.Г. Мид социология жануарлардың мінез-құлқынан принципті түрде өзгеше болатын адамның мінез-құлқының механизмін түсінуге тырысуы тиіс деп есептейді. Әлеуметтік өзара әрекет механизмін оның барлық деңгейлері мен ипостасьтарында барабар түсіну міндеті жеке тұлғаның ішкі дүниесі мен оған себепші болатын факторларды түсінген жағдайда ғана шешуге болады. А.Шюцтің пайымдауы бойынша социологияның пәні “интерсубъективтіліктің”, яғни жеке адамдар бірін-бірі қалай түсінетіндігінің, дүние туралы жалпы қабылдау мен жалпы түсінік қалай қалыптасатындығының проблемасы болып табылады. Шюцтің интерсубъективтілікті талдаулары кәдуілгі білімнің социологиялық іргетасын - феноменальді социологияның бүгінгі таңдағы неғұрлым толық жасалған тұжырымдамаларының бірінің іргетасын қалады.

Қазіргі заманғы ресейлік социолог-ғалымдар қалыптасқан дәстүрге сәйкес социологиялық білім пәнін анықтаған кезде қандай да бір әлеуметтік құбылысты шешуші нәрсе ретінде бөліп қарайды. Ондай құбылыстардың қатарына, топтық өзара әрекет, әлеуметтік қатынастар, әлеуметтік ұйымдар, әлеуметтік әрекет жүйелері, әлеуметтік мінез-құлық, әлеуметтік топтар, адамзат қауымдастығының нысандары, әлеуметтік процестер, әлеуметтік өмір, қоғам, әлеуметтік құрылымдар жатады.

Қазіргі көзқарастарды, тұжырымдамалар мен теорияларды талдау социология пәні анықтамаларын үш негізгі топқа бөлуге мүмкіндік береді.

Социология пәні ретінде бірінші топты социология пәнінің қалай болған күнде де қоғамды қарастыратын анықтамалары құрайды. Мысалы, Э.В.Тадевосян жетекшілік еткен авторлар ұжымы мынадай анықтама береді: социология - қоғамның ұйымдастырылуының, қызмет етуінің және дамуының жалпы және ерекшеленген әлеуметтік заңдылықтары, адамдардың, олардың қауымдастықтарының және жалпы қоғамның әрекеттері мен өзара іс-қимылдарында жүзеге асуының жолдары, нысандары мен әдістері туралы ғылым [5].

Екінші топта - функционалдық анықтамалар, оларға сәйкес сан қырлы әлеуметтік жүйелер, яғни адамдардың өзара қарым-қатынасының қандай да бір реттелген жиынтықтары социология объектісі деп жарияланады.

Мәселен, В.А.Ядов социология пәнін былай тұжырымдайды: социология - әлеуметтік қауымдастықтар мен олардың өзін-өзі ұйымдастыру нысандары: әлеуметтік жүйелердің, әлеуметтік құрылымдар мен институттардың қалыптасуы, дамуы және қызмет етуі туралы ғылым. Бұл әлеуметтік субъект - қауымдастықтардың белсенділігінен болатын әлеуметтік өзгерістер туралы ғылым; алуан түрлі әлеуметтік қауымдастықтардың арасындағы өзара байланыс және өзара әрекет механизмдері ретіндегі әлеуметтік қарым-қатынастар туралы ғылым; әлеуметтік іс-әрекеттер мен бұқаралық мінез-құлықтың заңдылықтары туралы ғылым [6].

С.С.Фроловтың пікірінше, социология - қоғамның құрылымдарын, олардың элементтері мен өмір сүру шарттарын, сондай-ақ сол құрылымдардағы әлеуметтік процестерді зерделейтін ғылым [7].

Үшінші топтағы социология пәнін түсіндіруде антропоорталықтық көзқарас жатыр, оған сәйкес адам компоненті социология пәнін анықтауда негізгі компонент болады. Волков Ю.Г., Нечипуренко В.Н. және басқалар “социология - адамдар арасындағы әлеуметтік қарым-қатынастар процесінде, жеке адамдар мен топтар арасындағы өзара әрекет пен өзара байланыс процестерінде пайда болатын себеп-салдар байланыстарын ашып көрсетуді алдына мақсат етіп қоятын адамның мінез-құлқы туралы ғылымның саласы” деген қорытынды жасайды[8].

Адамтану аспектісі А.И. Кравченконың оқулықтарындағы зерттеу проблемаларын талдаған кезде байқалады. Оның тұжырымдауынша, социологияның негізгі пәні мәртебесі мен рөлі болып табылады, мәртебесі пәннің статистикалық бейнесін, ал рөлі - динамикалық бейнесін береді [9].

Ж.Т. Тощенконың анықтамасы бойынша социология - азаматтық қоғам мүшелері ретіндегі адамдардың санасы мен мінез-құлықтарының қозғаушы күштері туралы ғылым. Социология пәні мыналарды қамтиды: өзінің барлық қарама-қайшы дамуындағы шынайы қоғамдық сана; санада қалыптасатын білімдердің, ұстанымдардың, құндылық бағыт-бағдарлардың, сұраныстар мен мүдделердің пәндік көрініс табуы (нысаны мен мазмұны бойынша) ретіндегі адамдардың қызметі, шынайы мінез-құлқы; адамдардың шынайы санасы мен қызметі, шынайы мінез-құлқы дамитын және жүзеге асатын жағдайлар [10].

Жоғарыда аталған анықтамаларға жасалған қысқаша шолу барлық көзқарастардың макро- не микросоциологиялық парадигмалармен арақатынаста болатынын көрсетеді. Макротеоретиктер қоғамның ғаламдық заңдарын ашып көрсетуге талпына отырып қоғамның, мәдениеттің, әлеуметтік институттардың, әлеуметтік жүйелер мен құрылымдардың, ғаламдық әлеуметтік процестердің ұғымдарын пайдаланады. Микротеоретиктер қоғам туралы философияшыл болудан бас тарта отырып, жалпы жеке адамдардың түрлі әлеуметтік жағдайлардағы мінез-құлқын, олардың әрекеттерінің себеп-салдарын, жеке тұлғалар арасындағы өзара әрекет механизмдерін және басқа да нақты мәселелерді зерделеумен шұғылданады.

Осыдан барып социологияны анықтаған кезде бір-бірінен мүлде бөлек екі көзқарас келіп шығады: бірі - оның пәнін қоғамдық организмнің тұтастығы, әлеуметтік ұйымдар мен жүйелер туралы ғылым ретіндегі өрістету бағытында болса, екіншісі - әлеуметтік процестер мен бұқаралық мінез-құлықтар туралы ғылым ретінде анықтау. Бірінші көзқараста социология демографиялық, экономикалық және саяси ғылымдармен ұштасса, екіншісінде әлеуметтік психологиямен ұштасады.

Макросоциологияның дамуы қазіргі заманғы теориялық социологияның қалыптасуына, ал микросоциологияның дамуы эмпирикалық (қолданбалы) социологияның қалыптасуына алып келді деген түсінік бар. Мұндай баға негізсіз емес, бірақ толық мәнінде ақиқат нәрсе деп мойындауға болмайды. Макросоциологияда да, микросоциологияда да теориялық және эмпирикалық деңгей бар. Макросоциологтар (Э.Дюркгейм, М.Вебер, Ф.Теннис, П.Сорокин, т.б.) эмпирикалық социологиялық зерттеулермен белсене айналысқан, ал микросоциологтар (мысалы, американ социология мектебінің өкілдері) маңызды социологиялық теориялардың негізін қалаған.

Қазіргі микро- және макросоциологияның жақындасуы оның объектісі мен пәнін қазіргі заман тұрғысынан түсіну үшін аса маңызды. Бұл жақындасу макротеоретиктер де, микротеоретиктер де материяның әлеуметтік нысанының алғашқы “клеткасы” болатынын және қоғамды да, нақты адамдардың мінез-құлқын да социологиялық талдау ісін содан бастау қажеттігін мойындауда бір-бірімен үндес екендігінен көрінеді.

В.А. Ядовтың пікірі бойынша, қазіргі заманғы социологияның пәндік саласы іс жүзінде екі бағытта қайта қаралуда. Біріншіден, әлеуметтік кеңістіктің ауқымы мен сапасын басқаша көру тұрғысынан оның жаһандануы бағытында (оның негізінде жалпыадамзаттық проблемаларды шешу үшін барлық мектептердің, бағыттардың социологтарының күш-жігерін, теориялық-әдістемелік көзқарастарын біріктіруге ұмтылыс жатыр). Екіншіден, “әлеуметтіктің” өзге талдамалық бірлігін іздеу тұрғысынан. Егер де классикалық социологияда мұндай бірлікті қоғамдық тұтастықтың құрылымдық нысандары (әлеуметтік институттар, қауымдастықтар, мәдениеттің нормативтік үлгілері және т.б.) деп түсінетін болса, ал модернистік кейінгі көзқараста әлеуметтіктің бұл “клеткасы” болатын нәрсе қоғамдық субъектінің немесе әлеуметтік агенттің іс-әрекеті ретінде әлеуметтік өзара байланыстардың күрделі жүйесіне енген әрекетшіл, шығармашыл бастамасы мағынасындағы құбылыс болып табылады [11].

Социология оқшауланбай, басқа қоғамдық ғылымдармен тығыз қарым-қатынаста дамып келеді. Социология пәнінің анықтамасы ғылым ретінде оның басқа қоғамдық ғылымдардан өзгешелігі неде екендігін көрсетіп қана қоймай, қоғамдық ғылымдар жүйесіндегі орнын неғұрлым дәл анықтауға, сондай-ақ олардың жеке түрлерімен қаншалықты тығыз байланысты екендігін айқындауға мүмкіндік береді. Қоғамды зерделеуге деген социологиялық көзқарастың ерекшелігін нақты анықтап алу үшін социологияның әлеуметтік философиямен, тарихпен, саясаттанумен, экономикалық ғылыммен және басқа қоғамдық ғылымдармен арақатынасын және өзара әрекетін қарастырудың маңызы зор.

Социология және әлеуметтік философия. Әлеуметтік философия дегеніміз философияның қоғамның сапалық өзіндік ерекшеліктерін және оның табиғаттан өзгешеліктерін ұғынуға арналған бөлімі. Ол қоғамның өмір сүруінің мәні мен мақсатының, оның дамуының, тағдыры мен перспективаларының, бағыттылығының, қозғаушы күштерінің және оның дамуының проблемаларын талдайды. Әлеуметтік-философиялық ой-толғанымдардың пәндік саласы қоғам өмірін зерттеу, ең алдымен олардың бел ортасында өмірдің маңызды проблемалары тұратын дүниетанымдық проблемаларды шешу тұрғысынан зерттеу болып табылады.

Әлеуметтік философия мен социологияның зерттеу объектілерінің бір-біріне дәл келетін тұстары өте көп. Әлеуметтік философия да, социология да қоғамды тұтас, жүйелі түрде, оған енетін бірліктерін интегралдық құрылым ретінде қарастырады. Бұл осы ғылымдардың бір-бірімен ерекше тығыз байланысын анықтайтын ортақ сипаты. Алайда социологияның объектісі мен пәні нақтылырақ, қоғамның дамуын аса жоғары деңгейдегі абстракциямен сипаттайтын әлеуметтік философияның объектісімен және пәнімен салыстырғанда абстрактілігі аз. Әлеуметтік философия қоғамдық проблемаларды логикалық ой-толғаныс тізбегінде дамитын белгілі бір ұстанымдарды басшылыққа ала отырып шешеді. Социология болса басқа қоғамдық ғылымдардың нәтижелерін пайдала отырып эмпирикалық тексерілетін әлеуметтік фактілерді жинауға және талдауға, осы ғылымның шеңберінде алынған тиісті эмпирикалық мәліметтерді тұжырымдауға сүйенеді.

Неғұрлым көбірек тұжырымдалған заңдар мен категорияларды білу әрқашан да азырақ тұжырымдалған заңдар мен категорияларды зерделеуге дұрыс жол табудың қаншалықты қажетті алғышарты болса, әлеуметтік философия социологияның соншалық жалпы теориялық және әдістемелік негізі болады. Қоғамның әлеуметтік құрылымы да, оның жеке элементтері де тұтас нәрсенің бір бөлігін сол нәрседен тыс түсінуге болмайтындығы сияқты, тұтас қоғамның мәнін, оның әр түрлі салаларының өзара әрекетін және т.б. түсінуден тыс терең әрі ойдағыдай зерделене алмайды. Екінші жағын алар болсақ, социология қоғамдық өмірді оның бар күрделі сан қырлылығын нақты талдай отырып, әлеуметтік философияның ұғымдық аппаратын және пәндік мазмұнын байытуға, олардың шынайы өмірмен, тәжірибемен байланысын ұлғайту және тереңдету негізінде оның ережелері мен қорытындыларын айқындауға және нақтылауға ықпал етеді.

Социология және тарих. Тарих - ежелгі қоғамдық ғылымдардың бірі. Тарих қоғамды хронологиялық түрде нақты зерттейді. Ол бұрынғы өткен әлеуметтік оқиғаларды зерделеуге бағытталған, әр түрлі дәуірлер туралы олардың оқиғаларын қадағалай және оларды кеңістіктік-уақыттық тұтастық ретінде сипаттай отырып, мәліметтер жинайды. Осылайша ол әр түрлі әлеуметтік құбылыстар мен қоғамның даму кезеңдері туралы нақты материал жинақтайды. Бір айырмашылығы, ғылым ретінде социологиядағы ең басты нәрсе - өткен және осы шақтағы әлеуметтік тәжірибені жалпыландыру, берілген әлеуметтік құбылыстардың, оқиғалардың, процестердің осы қатарындағы қайталанатындарын, тұрпаттыларын, мән-мағыналық заңдылық­тарын бөліп қарау. Сонымен социология тарихқа қарағанда неғұрлым жоғары абстракциялық деңгейдегі ғылым болып табылады. Іс жүзінде социология тарих (сондай-ақ басқа ғылым да) беретін мәліметтерді пайдаланады, әлеуметтік құбылыстардың жеке түрлерінің ортақ қасиеттерін атап өтеді және олардың типологиялық бейнесін береді.

Егер тарих қоғамдық өмірдің барлық салаларын, жақтарын, пайда болу нысандарын зерттейтін болса, ал социология қоғамдағы “әлеуметтікті” ғана зерделейді. Тағы бір атап өтетініміз, тарих ғылымы тек болған және тарихқа енгендерді ғана зерделейтін болса, социология өз ізденістерін қазіргі заманға көбірек бұрады және өзіне қажетті элемент ретінде әлеуметтік болжам жасауды қамтиды. Социология мен тарихтың өзара қарым-қатынасы ең алдымен әлеуметтік ережелер мен қорытындылар тікелей тарихи фактілерді, тарихи тәжірибені тұжырымдауға сүйенетіндігімен айқындалады. Екінші жағынан алғанда, әлеуметтік философиямен бірге социология тарих ғылымының жалпы теориялық және әдістемелік негізі болады.