Жанжалды жіктеу 7 страница

Өзгерістер негізінен авторитарлық бір партиялық жүйелерді құлатудан басталды, олар не көп партиялық негіздегі сайлаулар практикасын енгізуді, немесе екі нысанның екеуін де қатар пайдалануды талап етті. Осы елдердің тәжірибесі көрсеткендей, демократия тек саяси еркіндіктерді ғана ұлғайтумен шектелместен, сонымен бірге әлеуметтік-экономикалық дамуға, әсіресе адам әлеуетінің (потенциалының) дамуына септігін тигізді. Сайлаулар түрінде және өзге демократиялық рәсімдер нысанында саяси билік үшін бір-бірімен бәсекелесудің қажеттілігі саясаткерлерді адамдардың мұқтаждары мен мүдделерін ескеруге бейімдірек етеді. Осы фактор сондай-ақ жанжалдарды реттеуге көмектеседі және тұрақтылыққа сеп болады.

Демократиялық принциптер табиғи және сөзсіз түрде адам әлеуетінің (потенциалының) даму тұжырымдамасынан шығады. Демократия сөзі көне грек тілінде “халық билігі” ұғымын білдіреді. Осы термин адам әлеуетінің (потенциалының) даму ұстанымы тұрғысынан демократиялық басқаруға қолданылатын тәсілдің ерекшеліктерін сәтті көрсетеді, өйткені ол халық мүдделерінің басымдылық идеясын жеткізеді: басқару адамдардың мүдделеріне сай болуы тиіс, ал керісінше емес. Қазіргі заманғы мүдделердің алуан түрлілігімен және тайталастығымен сипатталатын “халықтың еркі” сияқты ұғымның осы уақытта қолданылуға құқы бар-жоқтығына тәуелсіз, негіз қалаушы демократиялық принцип – басқару құрылымдарын қалыптастыру (құру) кезінде барлық адамдардың мүдделерін бірдей есепке алу – адам әлеуеті (потенциалы) даму практикасының өзекті элементі болып қала береді, соған ұмтылу қажет.

Сайлаулар аясында дауыс берудің демократиялық жүйесі адам әлеуетінің (потенциалының) даму көзқарасы тұрғысынан басқарудың тағы бір өзекті элементі болып табылады, өйткені сайлаулар практикалық есеп берушілікті қамтамасыз етудің парадигмасы болып көрініс табады, оны анағұрлым тікелей жасауға болар еді. Егер үкімет халықтың мұқтаждары мен мүдделерін қанағаттандырмайтын болса, онда халық оны биліктен айыра алады. Есеп берушіліктің анағұрлым тікелей (тура) болатын өзге нысаны жоқ. Сондай-ақ қатысудың одан да эгалитарлы (теңгермелі) түрі де жоқ. “Бір адам – бір дауыс” принципі әрбір жеке адамға Үкіметті сайлау кезінде өз пікірін білдіру үшін өзгелермен тең құқық береді – ол практикада болмаса да, тіпті болмағанда теория жүзінде қолданылады. Қатысудың өзге нысандары да (түрлері де) мемлекеттік және мемлекеттік емес инстанциялардың (сатылардың) есеп берушілігін қамтамасыз ету үшін әр түрлі себептермен дауыс беруге арналған сауыт халық билігінің тиімділігі жеткіліксіз құралы болып табылатын кезде өте маңызды болуы мүмкін.

Демократиялық қоғамдарда халық қоғамдық өмірге әр түрлі нысандарда қатысады, олар проблеманы дос-жарандарымен, көрші-қолаңдарымен талқылайды, мемлекеттік саясаттың артықшылықтары мен кемшіліктері туралы газеттерге хат жазады, наразылық білдіру демонстрацияларына қатысады, саяси партиялардың немесе кәсіподақтардың қатарына кіреді. Қатысудың осы нысандары қабылданатын шешімдер халықтың тұрмысына ықпал жасайтын жағдайларда олардың өз пікірлерін білдіруіне мүмкіндік береді. Қатысу адамдарды толғандыратын проблемаларға кең жариялылық беретін талқылау үдерістеріне қосылу негізінде қамтамасыз етіле алады. Ашық саяси даулар мен адамдардың оң көзқарастарын білдіруге арналған түрлі каналдар үшін жағдайлардың болуы – демократиялық өмір салтының түпнұсқалық мәні және демократиялық қоғамда шешімдер қабылдау үдерісі тиімділігінің кепілі.

Демократия ең терең ұғымдағы адам әлеуетінің (потенциалының) даму тұжырымдамасымен үйлесетін саяси құрылымның жалқы нысаны болып табылады, өйткені демократия жағдайларында саяси билікке халық санкция жасайды және бақылау жүргізеді. Тіпті ең либерал диктатураның өзі адам дамуы тұжырымдамасымен сыйыспайды, себебі, осы үдеріс барша халықтың төл ісі болуы тиіс, оны “жоғарыдан түсіру” мүмкін емес. Адам дамуы туралы 2000 жылғы Баяндамада көрсетілгендей, демократия билікке талаптанушылардың ашық жарысын көздейтін саяси құрылымның жалғыз нысаны болып табылады және ол адамның барлық – азаматтық, мәдени, экономикалық, саяси және әлеуметтік құқықтарын құрметтеу және көтермелеу қағидаларына қайшы келмеуі керек.

Сонымен бірге осы мемлекеттердің таяудағы әркелкі тәжірибесі, сондай-ақ жинақталған әлемдік тәжірибе мынаны айғақтайды, демократияны тереңдету және оны халықтың мүдделері үшін қызмет істету үдерісі әзірше тек күш алу үстінде ғана. Оның үстіне көптеген елдерде демократия әзірше нық орнығып үлгерген жоқ және оған біршама қауіп төніп тұр. Көп партиялық сайлаулар жүргізетін әлемнің 140 елінің ішінен дүние жүзі халқының небәрі 55 % тұратын 80 елді ғана ең болмағанда демократияның бір ерекшелікті белгісі бойынша толық шамада демократиялық елдер деп атауға болады. 106 ел бұрынғысынша маңызды азаматтық және саяси еркіндіктерді шектеп отыр [1, 2-б.].

Одан бөлек, мынаны естен шығармау керек, барған сайын өзара байланысты бола түскен дүниеде туындайтын көптеген проблемалармен күресуге мәжбүр жаһандық басқару жүйелері, өз азаматтарының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін аянбай күш-жігер жұмсайтын ұлттық үкіметтер, жаһандық немесе ұлттық деңгейлерде әрекет жасайтын және соңғы онжылдықтардағы экономикалық, әлеуметтік және технологиялық өзгерістердің арқасында бетке қалқып шыққан корпоративті не жеке құрылымдар туралы айтсақ та, бір мәселе анық, тиімді демократиялық басқару идеясы әлі шындыққа айналған жоқ. Мыңжылдық даму Мақсаттарын орындау тұрғысындағы тиімді демократиялық басқару туралы да ұмытпаған жөн. Біршама мемлекеттердің қазіргі үрдістерін сақтау кезінде даму саласындағы Мыңжылдық дамуы Мақсаттарын орындаудың, сірә, сәті түсе қояр ма екен, соның ішінде 2015 жылға қарай шектен тыс жоқшылықтың ауқымдарын екі есеге азайту мәселесі. Көптеген елдер қазір осыдан 10, 20, ал кейбір жағдайларда 30 жыл бұрынғыдан кедейлеу. Ынтагерлік толқынының жотасында тұтас қатардағы елдер маңызды экономикалық реформалар, соның ішінде көп партиялық сайлаулар (соңғы 15 жылдың ішінде олардың саны 140-қа жетті) жүргізіп, үміт артқан әрекеттерінің енді түңіліс пен пессимизмге жол бере бастаған фактісі де қатты алаңдатып отыр [1, 2-б.].

Мемлекеттік басқарудың демократиялық жүйесінің қолданылуы міндетті түрде тиімді басқарылатын жүйе екендігін білдірмейді. Демократиялық басқару қазіргі уақытта тиімді басқарудың шарты болып есептелетініне қарамастан, біріншісі екіншісін кепілдемейді. Демократиялық басқару тиімсіз болуы мүмкін, соның ішінде ол ресурстарды үнемсіз жұмсауға апаруы ықтимал.

Сондықтан мемлекеттік басқару үдерісінің тек демократиялық принциптерге ғана емес, сонымен бірге тиімділік пен біліктілік принциптеріне құрылғаны абзал. Басқаша айтқанда, әлеуметтік проблемалар уақтылы және ең аз шығындар арқылы шешілуі тиіс [2, 1-б.].

Демократия негізгі екі принципке негізделеді: қатысу және есеп берушілік. әр адам мемлекеттік істерді басқаруға қатысуға құқылы. Осыған ұқсас, әр адамның үкіметтің қызметі туралы ақпараттарға қол жеткізуге, үкіметке өтінішпен шығуға, сондай-ақ күні ілгері кесіп-пішілмеген әкімшілік және сот механизмдері арқылы әділдікке жүгінуге құқы бар. Нағыз демократия қоғамдық істерді жүргізуде еркектер мен әйелдер арасындағы шынайы серіктестікті ұйғарады. Одан бөлек, демократия адам құқықтарынан ажыратылмайды және ол құқық үстемдігінің принципіне негізделеді, оның кепілі сот институттары мен қадағалаудың тәуелсіз, күні ілгері кесіп-пішілмеген (алдын ала ойластырылмаған) және тиімді механизмдері болып табылады.

Демократиялық басқару талаптарының бірі лайықты құрылымы бар және тиімді жұмыс істейтін институттардың болуы шарт. Осы институттар әлеуметтік шиеленісті бәсеңдетуге мүмкіндік жасаулары және бір-бірімен бәсеке жүргізетін қоғамдық топтардың арасындағы тепе-теңдікті ұстап отырулары тиіс. Демократиялық басқарудың негізгі институттары болып табылатындар:

1. Тиімді жұмыс істейтін саяси партиялар мен түрлі топтар қоғамдастықтарының өкілдік жүйесі.

2. Еркін және әділ сайлауларды, сондай-ақ жалпыға бірдей сайлаушылық құқын кепілдейтін сайлау жүйесі.

3. Билікті бөлісуге, тәуелсіз сот және заңнамалық салаларға негізделетін тежеу және қарама-қарсылықтар жүйесі.

4. Экономиканың мемлекеттік және жеке секторын бақылауға және саяси өмірге қатысудың баламалы түрлерін қамтамасыз етуге шамасы келетін белсенді азаматтық қоғам.

5. Еркін және тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары.

6. Қарулы күштерге және қауіпсіздіктің өзге де күштеріне тиімді азаматтық бақылау жасау.

Демократия әрқашан ұдайы жетілдіріліп отыратын ахуал немесе жағдай түріндегі аяқталмаған үдерісті көрсетеді. Демократияны қолдау қоғамның демократиялық мәдениетін тәрбиелеу мен нығайтуды білдіреді.

Одан бөлек, демократия халықаралық принцип ретінде танылуы тиіс, осы принцип олардың халықаралық қатынастарының контексінде халықаралық ұйымдарға таралады.

Демократияның деңгейін немесе саяси және азаматтық құқықтарды бағалау үшін әр елдер түрлі көрсеткіштерді пайдаланады, олар: соңғы сайлаулардың өткізілген күні; сайлаушылардың қатысуы; әйелдерге дауыс беру құқығы берілген жыл; парламенттегі әйелдер алатын орындардың саны; кәсіподақ мүшелерінің саны; үкіметтік емес ұйымдар; polity коэффициенті ( – 10 ең аз демократиядан + 10 ең жоғары демократияға дейін), азаматтық еркіндіктер, баспасөз бостандығы,

дауыс беру және есеп берушілік, саяси тұрақтылық пен зорлық-зомбылықтың болмауы, құқықтық тәртіп, заң үстемдігі, үкімет қызметінің тиімділігі, сыбайлас жемқорлық пен парақорлық ауқымдарын бағалау индексі [4, 37-б.]. Басқару тиімділігінің субъективті көрсеткіштері бойынша Қазақстан адам әлеуеті (потенциалы) дамуының орташа деңгейіндегі елдер қатарына (АДИ бойынша елдер рейтингінде 2000 жылы 79 орында) жатады. Бұл ретте polity индексі – 4-ке ( – 10-нан 10-ға дейін); азаматтық еркіндіктер 5-ке (7-ден 1-ге дейін); саяси құқықтар 6-ға (7-ден 1-ге дейін); баспасөз бостандығы 70-ке (100-ден 0-ге дейін), дауыс беру және есеп берушілік – 0,80-ге (– 2,5-нан 2,5-ға дейін); саяси тұрақтылық және зорлық-зомбылықтың болмауы 0,29-ға (– 2,5-нан 2,5-ға дейін); заңдылық және құқықтық тәртіп 4,0-ге (0-ден 6-ға дейін); заң үстемдігі – 0,60-қа (– 2,50-ден 2,50-ге дейін); үкімет қызметінің тиімділігі – 0,61-ге (– 2,50-ден 2,50-ге дейін); сыбайлас жемқорлықты бағалау индексі 2,7-ге (0-ден 10-ға дейін); парақорлық – 0,83-ке (– 2,50-ден 2,50-ге дейін) тең [1, 39-б.].

Дәріс 15.

ЭМПИРИКАЛЫҚ ӘЛЕУМЕТТАНУ

Сұрақтар тізімі:

1. Әлеуметтанулық зерттеудің кезеңдері

2. Зерттеу бағдарламасы және оның құрылымы

3. Әлеуметтанулық зерттеудің әдістері

 

Негізгі ұғымдар: сұрау, анкета, интервью, әдіснама, эксперттік сұрау, респондент, статистика, типология, пилотажды зерттеу, барлау, сынау, фокус-топ, тренинг, сұхбат, іріктеу, жоспар және т.б.

Методология (гректің metodoV = methodos - таным тәсілі немесе әрекет тәсілі; және гректің logoV = logos - ұғым; ой, зерде) - 1) танымның ғылыми әдісі туралы ілім; 2) нақты ғылым саласында қолданылатын әдістер жиынтығы. Осы анықтамалардан жалпы ғылым методологиясының, жеке алғанда социология ғылымының басты екі аспектісін қарастыруға болады.

Бірінші аспект- методологияны ілім ретінде түсіну - ғылыми, ғылыми социологиялық зерттеуді қалай жүргізу керек екендігі жөніндегі түсініктің қалыптасу тарихын зерттеумен байланысты. Ғылым методологиясы зерттеу объектісі - ғылыми танудың “механизмін”, “алгоритмін” білдіреді. Осы жерде мына сұраққа жауап берген жөн: ғылым - абстрактылы теориялық білімдерді, шындық туралы түсініктерді қолда бар білімдер арқылы өндіру процесі. Ал алынған білімдердегі нақтылы шындық екі нұсқасында: сипаттамалық және түсіндірмелік түрінде көрсетілуі мүмкін. Сипаттамалық таным, ең алдымен бір нәрсе шындығында қалай болады деген сұраққа жауап беру мақсатында құрылады. Ал, түсіндірмелік таным неге бір нәрсе солай болады деген сұраққа жауап береді.

Кезінде социология ғылымының негізін қалаушы О.Конт социологтар “неге емес, қалай?” деген сұраққа ғана жауап беруі тиіс деген өсиет қалдырған болатын. Сонда ғана социологиялық зерттеулер Конт кезінде шынайылықты ғылыми танудың үлгілері деп санаған жаратылыстану ғылымдарында істелініп жатқанға ұқсас болады деп есептеді ол. Конттың бұл талабы кейін тек социология ғана емес, сондай-ақ көптеген қоғамдық ғылымдар үшін ең басты талапқа айналды және осындай ұстаныммен шынайылықты қабылдау позитивизм принципі (талабы) деп аталды.

Жалпы, социологиялық зерттеудің логикасы оның өткізілу кезеңдерімен анықталады. Социологиялық зерттеу кезеңдерінің көпшілік мақұлдаған жіктелімін келтірейік:

1 кезең. Социологиялық сұрауға дайындалу:

Бағдарлама жасау (мақсаттар мен міндеттер қою, негізгі және жұмыс болжамдарын ұсыну, ұғымдардың операциялануы, репрезентативтілікті есептеу);

Эмпирикалық ақпарат жинау үшін құралдар жиынтығын (сауалнама) жасау.

2 кезең. Эмпирикалық ақпарат жинау:

сұрауды ұйымдастыру (сұхбат алушыларды іріктеп алу, сұрау учаскелерін бөлу, қаржы-техникалық мәселелерін шешу және т.б.);

сұрау жүргізу (респонденттерді іздеу, байланысқа шығу,, сұхбат алу және т.б.).

3 кезең. Социологиялық мәліметтерді өңдеу және түсініктеме беру:

алынған ақпаратты компьютерлік мәліметтер базасына енгізу (макет дайындау, сауалнамаларды енгізу);

сызықтық есептер мен әлеуметтік-демографиялық салалар бойынша есептерді өңдеу және шығару;

4 кезең. Алынған мәліметтерді талдау:

Алғашқы талдау жүргізу (сұрау нәтижесінде анықталған тәуелділіктерді тіркеу, кестелер, диаграммалар жасау және т.б.);

Мәліметтерді қайта талдау (салыстырмалы талдау, қосымша ақпарат тарту, жаңа болжамдар ұсыну);

Зерттеудің соңғы есебін дайындау;

Талдамалық қысқа хаттар, әр түрлі материалдар, мақалалар және т.б. жазу;

Оқулықтың осы бөлімінде социологиялық зерттеу кезеңдерінің әрқайсысында жасалынатын социологтар қызметінің сипаттамасы берілген. Бұл тарауда кез келген социологиялық зерттеуді дайындаудың екі принциптік кезеңдері - оның бағдарламасын және зерттеудің іріктеу есебін жасау жөнінде айтылады.

Социологиялық зерттеудің бағдарламасы

Бағдарлама - эмпирикалық социологиялық зерттеудің негізгі құжаты. Социологияның теориясы мен методологиясы жөніндегі әдебиетте оның мынадай құрылымы көпшілік мақұлданған болып табылады:

1. Зерттеу тақырыбын, проблемасын, пәні мен объектісін тұжырымдау;

2. Зерттеудің мақсаты мен міндеттерін қою.

3. Негізгі ұғымдарды операциялық анықтау және эмпирикалық түсініктемелеу. Өлшем шамасын құру.

4. Зерттеу болжамдарын ұсыну.

5. Зерттеу жоспарлары.

6. Бақылау бірлігін таңдау әдісін анықтау.

7. Алғашқы эмпирикалық мәліметтерді жинау және талдау әдістерін сипаттау.

Бағдарламаның бұл тарауларын жеке қарастырайық.

1. Кез келген ғылыми зерттеу секілді социологиялық зерттеу проблемасы да қазіргі таңда аталмыш ғылымда не белгілі және не белгілі емес деген шектес “жерден” басталады. Өйткені, қандай да бір шамада белгілі нәрсе жөнінде қайтадан зерттеу жүргізудің мәні жоқ болса, тура сол сияқты, зерттеушіге белгісіз нәрсе оның қызығушылық нысаны бола алмайды. Демек, проблемалық жағдай белгілі бір бағытта - белгілі кезеңнен белгісіз кезеңге бара жатқан танымның кезекті кезеңінде қалыптасады. Сондықтан социологиялық проблеманы ғылыми тұрғыдан социология жөнінде базалық ғылыми атағы бар мамандар ғана анықтай алады (яғни алдыңғы тараудың соңында баяндалған алғашқы екі талапқа сәйкес келетіндер). Социология жөніндегі қазіргі методологиялық әдебиеттерде социология проблемаларын екі типке: ғылыми проблемаларға (олар жауаптары социолог-ғалымдарды ғана қызықтырмайтын социология ғылымының ішінде пайда болады) және тәжірибелік проблемаларға (мәселені шешу үшін социолог-зерттеушілер шақырылатын өмір тәжірибесінің әр түрлі салаларында пайда болады) бөлу жиі кездеседі.

Ғылым пәні көптеген оқулықтарда немесе осы ғылым жөніндегі барлық әдебиетте баяндалатыны мәлім. Социолог-зерттеушінің нақ базалық социологиялық (пәндік) білімі басқаларға, мысалы, тиісті базалық білімі бар инженер қажет болатын құрылыс жұмыстарында кездесетін инженерлік проблемаларға қарағанда социологиялық проблеманың өзіне тән ерекшелігін түсінуге көмектеседі. (Соңғы жағдайда инженердің социологиялық проблеманың мәні жөнінде нақтылы ештене айта алмайтындай, социолог та еш нәрсе түсінбейді). Социологтың мұндай базалық білімі зерттелетін социологиялық проблеманың пәндік саласының мазмұнын анықтайды. Социологтың социология пәнін білуі проблемалық жағдайдың мазмұнын айқын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл социологқа зерттегісі келетін және зерттеу соңында қол жеткізуге тура келетін аталмыш проблемалық жағдайдағы белгілі нәрсені түсінуге мүмкіндік береді.

Социологиялық зерттеудің объектісі проблемалық жағдай орын алған әлеуметтік шындықтың бөлігі болып саналады.

2. Социологиялық зерттеудің мақсаттары проблемалық жағдайды шешу болып табылады. Егер социологиялық зерттеу теориялық проблеманы шешуге бағытталған болса, онда зерттеудің нәтижесі әлеуметтік шындықтың бұрын мән бермеген аспектілерін тану болады. Ал егер зерттеу тәжірибелік сипаттағы проблемаларды шешуге бағытталса, онда оның мақсаты проблемалық жағдайдан арылуға әкелетін тәжірибелік қадамдар қабылдау жөніндегі ұсыныстар болады.

Социологиялық зерттеулердің міндеттері нәтижесінде социолог әлеуметтік қайшылықтардан арылу (тәжірибелік проблема кезінде) бойынша қорытынды білімді (теориялық проблема кезінде) немесе ұсынысты жасай алатын зерттеу әрекеттерінің орындалуы болып табылады.

3. Социологиялық зерттеудің мақсаттары мен міндеттерін анықтау барысында проблемалық жағдайдың мазмұнды құрылымының анықталуына әкелетін негізгі ұғымдарды айқындау және түсініктемелеу сияқты социологиялық зерттеу бағдарламасының мазмұнды аспектісі қалыптасады.

Мынадай мысал келтірейік: қайсы бір жоғары оқу орнында студенттердің үлгерімін көтеру мүлдем қолдан келмейді дейік. Жоғары оқу орнының басшылығы бұл проблеманы шешу үшін социологтарды көмекке шақырады. Мұндай жағдай проблеманың іс-тәжірибе саласынан туындауына жатады. Бұл жерде социологтардың әрекеттері келесідей. Олар басшылықпен бірге “Студенттердің үлгерім деңгейін көтеру” деген тақырыпты анықтай алады. Зерттеу тақырыбында проблемалық жағдайдың өзі жасырылған - аталмыш оқу орнында үлгерім төмен және оны көтеру үшін оның басшылығы не істеу керек екенін білмейді, социологтар да бұл мәселе бойынша нақтылы ұсыныстар беруге әзірге дайын емес. Мұндай жағдайда социологиялық зерттеудің мақсаты осы оқу орнындағы студенттердің үлгерім деңгейін көтеруге әкелетін ұсыныстар жасау болады. Зерттеудің міндеті социологиялық зерттеудің нақтылы әдістерін пайдаланумен белгілі бір кезең аралығында осы зерттеуді жүргізу болып табылады.

Социологтар оқу орнындағы оқу процесінің құрылымын, соның ішінде - студенттер үлгерімін көтеру жолдары мен төмендеуінің себептерін анықтауға көмектесетін көптеген социологиялық, педагогикалық және өзге де әдебиеттерді зерттеуге кіріседі. Оқу орнындағы студенттердің үлгерім табиғатын анықтауға көмектесетін бүкіл ғылыми білім осы зерттеуде пәндік саланы білдіреді. Негізгі бөлігінің үлгерімі төмен осы оқу орны студенттері аталмыш зерттеудің объектісі болып табылады.

Жақыннан қарағанда “үлгерім” ұғымының өзі себептік-салдарлық байланыстардың аса көп бөлігінен тұратын күрделі процесс екені белгілі болады. Оларға мыналар жатқызылуы мүмкін: студенттердің болашақ кәсібіне деген қызығушылығы, әр түрлі пәндердің оқытылу стилі мен әдісі, кітапханада кітап қорының және оқу залдарында жеткілікті орындардың болуы, сабақ кестесі, тіпті қысқы және жазғы уақыттарында оқу орны ғимаратындағы бір қалыпты төмен немесе жоғары температуралық режимі де студенттер ықыластылығының, ауыршандылығының себебі болуы мүмкін. Олардың барлығы да студенттердің үлгерім деңгейінің жоғарлауына немесе төмендеуіне әсер етуі мүмкін.

Өз кезегінде, осы себептер тобының әрқайсысы қосымша айқындауды қажет етеді. Мысалы, студенттердің болашақ мамандығына деген қызығушылығы ол мамандықтың беделінің (көпшіліктің пікірінше ол мамандықтың қажеттілігінің) төмендеуіне, аталмыш мамандық бойынша мамандардың тым көп болуына, болашақ мамандар жұмыс істейтін кәсіпорындардың жабылуына және т.б. байланысты болады. Оқу орнында пәндерді оқыту әдісі мен стилі жөніндегі мәселе, өз кезегінде көптеген теориялық және эмпирикалық сәттерге бөлінеді. Социологтарға осының барлығын анықтап, аталмыш зерттеуде қолданылатын анықтамалардың нұсқаларын өз үшін айқындауға тура келеді. Осындай теориялық-методологиялық дайындықтың аяқталысымен социологтар осы зерттеуде қолданылатын негізгі ұғымдардың операциялық анықтамасын жүзеге асырады.