Сезім ерекшеліктері

Адам сезімі дара тұлғалық қасиет. Осыған орай әр адам нақты жағдайда бір зат не құбылысқа өзінше баға беріп, белгілі бір, екінші адамдағыға ұқсамайтын көңіл кейпіне беріледі. Әрқандай сезім жеке тұлғаның мәнді сипатын білдіреді.

Сезімдер адамның қоршаған дүниеге қатынасын ғана білдіріп қоймастан, ол жөніндегі ақпарат көзі де болып табылады. Бұл тұрғыдан нысан бейнесі эмоцияның танымдық тарапы болады да, ал сол мезеттегі адам кейпі сезімнің субъектив элементін танытады.

Сезімдер адамның қасиеттерімен тығыз баланысты. Субъект қажеттігі және сол қажеттікті қанағаттандыруға бағытталған ерекше қызметіне орай сезімдер екі ірі топқа бөлінеді. Біріншісі - қажет заттардың объектив мазмұнына жаңа, айрықша мән қосып, оларды қанағаттандыру әрекетінің сеп-түрткісіне (мотив) айналдырушы сезімдер. Бұл эмоциялар психологияда жетекші ниеттер аталған (В.К.Вилюнас).

Екінші эмоциялық құбылыстар тобына - жетекші ниет, яғни басталған ішкі не сыртқы іс-әрекет ізімен туындайтын сезімдер кіреді. Бұлар сол әрекеттердің орындалуына тиімді не кедергі болған жағдайларға (үміт, ыза), жетіскен нәтижелерге (қуаныш, өкініш) немесе қалыптасқан не мүмкін болар ситуацияларға (қатерлену, сенімді болу) субъекттің қатынасын сипаттайды. Мұндай сезімдік толғаныстар жетекші ниеттерге негізделгенінен әдейі немесе ырықтыдеп аталады. Сезім екі себептен пайда болады, бірін-шісі - адамның объектке қатынасын айқындайтын қажет-тіктер; екіншісі - адамның осы нысанның тиісті қасиеттерін түсініп, оны санада бейнелеу қабілеті.

Сезімдердің өзіндік ерекшелігі олардың қарама-қарсылықты (полярлы) сипатынан көрінеді. Мұндай сипат қарапайым әсерленуге де (рахаттану-қысылу), сондай-ақ күрделі толғаныстарға да (ұнату - жеккөру, қуаныш - мұң, көңілді - қайғылы, т.б.) тән.

Сезімдерге ғана тән аса маңызды сипат - олардың бірігімді (интегралды) келуі. Сезім бүкіл денені билеп, адам кейпін ерекше әсерге бөлейді. Барша дене қызметтерінің басын бір сәтте біріктірумен (интегрировать) сезім өздігінен организмге пайдалы не зиян әсердің хабаршы қызметін атқарады. Сезімдік сигнал әсер орны мен дененің жауап әрекеті айқындалмай жатып та санаға жетуі мүмкін.

Сезімдердің және бір маңызды ерекшелігі - олардың денедегі тіршілік әрекеттерментікелей байланыста болуы. Сезім ықпалынан адамның ішкі тән қызметі өзге­ріске түседі: қорқыныш - жүрек ауруларына соқтырып, ашу - бауырды, жабырқау мен мұң - асқазанды бұзады (М.И.Аствацатуров).

Сезімдер тарихи-әлеуметтік негізге ие. Олар әртүрлі халықтарда, әртүрлі кезеңдерде мән-мағынасы мен көріну формасын ауыстырып отырған. Қоғам дамуымен сезімдер де өзгеріп барады.

Сезім ұдайы қозғалыста болып, тұрақты және ауыспалы элементтердің тұтастай бірлігінен құралады: пайда болу - өрбу - шыңына жету - сөну.

Көп түрлілігі мен күрделі болуынан сезімдерді жете танып, қалтқысыз басқару мүмкін емес. Бұл жағдай өз сезіміңді суреттеп, айтып беру үшін сөз жеткізе алмауда байқалады: қолданған сөздердің мәні бұлынғыр, көңіл-күй қалпына сәйкес болмай шығады.

 

3. Сезім қызметтері

Адам сезімдері ұзаққа созылған филогенетикалық даму тарихына байланысты көптеген ерекше сипаттағы қызметтерді атқаратын болды.

Сезімнің бейнелеу қызметіоқиғаларға жалпыланған баға беруде көрінеді. Көңіл-күйдің бүкіл ағзаны билеуінен, сезім арқылы біз қандай да әсердің пайдалы не зиянды екенін оның салдары денеге белгілі бір таңба түсірмей тұрып-ақ байқап, жауап не қорғаныс әрекетке келеміз. Мысалы, жолды кесіп, өтіп бара жатқан жолаушы көшедегі көлік қозғалысын барластырумен әртүрлі деңгейдегі қорқыныш сезімінде болуы мүмкін.

Сезімнің ақпараттық не бейнелеу мүмкіндігі ниеттеу немесе ынталандыру қызметімен тікелей байланысты. Мысалы, жолаушы алдына жақындап қалған транспортты көре, қауіп төнгенінен, қадамын жеделдете түседі. Затқа не одан кері бағытталған құмарлық, тілек, ұмтылыс эмоцияның өзіне тән, одан ажыралмас, бірлікті құбылыстар (С.Л.Рубинштейн). Алда тұрған мәселенің шешілу жолына бағыт беретін де осы сезімдер.

Оқу процесіне тікелей қатысына байланысты сезім қуаттау, қолдау қызметін де атқарады. Күшті эмоционалды көңіл-күйге себепші болған оқиғалар оқушы санасында жеңіл қабылданып, ұзақ уақыт есте сақталады. Табыс не сәтсіздік сезімдері баланың оқуға болған ынтасына күш, қуат беріп не оны тіпті өшіріп жіберуі мүмкін.

Белгілі сәтте маңыздылау қажеттікті таңдау барысында сол қажеттілікке негіз болар көп сеп-түрткілердің таласы туындайды. Осы жағдайда сезімнің ауысу қызметі іске қосылып, эмоция адамды қандай да талғамға бағыттайды. Мысалы, адам өзінің тума жан сақтау ниеті мен қоғамда қабылданған әлеуметтік талаптар арасындағы қарама-қарсылықты жеңе алмай, күйзеліске түсетіні белгілі, яғни қандай да әрекетті істейін десе - өз тіршілігіне зиян, істемесе - ұят, көпшіліктің сынына ұшырайды. Осындай қорқыныш және борыш, қорқыныш және ұят тайтала-сында сезім мәнін, оның өз талғам-талабына сай келу, келмеуін барластырумен адам көздеген іс-әрекетін сол сәттегі қажетті арнаға ауыстырады.

Жоғарыда аталған сезім қызметімен сыбайлас эмоцияның икемдесу қызметін да атап өткен жөн. Ч.Дарвиннің пікірінше, сезімдер тіршілік иелерінің өз қажеттігіне орай келген жағдайларды анықтау құралы ретінде пайда болған. Дер кезінде организмде пайда болған эмоциядан жануар қоршаған ортаға икемделу мүмкіндігіне келген.

Сезімнің коммуникативтік (ақпарат алмасу) қызметі де адам өмірінде үлкен маңызға ие. Ым-ишара, дене қозғалыстары сезімдік белгі ретінде адамның өз толғаныстарын, қоршаған орта заттары мен құбылыстары жөніндегі өз қатынас-талғамын басқаларға жеткізуге жәрдемін тигізетіні белгілі. Ым-ишара, қас-қабақ қимылдары, дене қалпы, үн ырғағы - бәрі де сезім "тілі" болуымен, адам ойынан гөрі, оның көңіл-күй кейпін айқындау танытады.

Коммуникативтік қызмет аймағында сезім арқылы адам өзін қоршаған сыртқы ортаға не ішкі жан дүниесіне ықпал жасау қабілетіне ие. Мысалы, әлі есейе қоймаған сәби шатқаяқтап жылауымен ата-анасын өз дегеніне көндіретінін сезе қояды да, бұдан былай осы әдісті жиі қолданып, мүддесіне жетуді әдетке айналдырады.

 

1. Сезім түрлері

Адам сезімінің көріністері әрқилы: қарқынды да ұзаққа созылған, созылыңқы, бірақ әлсіз (қайғы); күшті, бірақ қысқа мерзімді (қуаныш) - болуы мүмкін. Сонымен бірге, сезімдер тереңдігі, саналылығы, тектілігі (генетически), пайда болу және сөну шарттары, денеге әсері, даму желісі, бағыты, көріну тәсілі ж.т.б. жағынан әрқилы сипатты келеді. Сезімнің ішкі жайылу аймағы мен сыртқы әрекеті де бірдей емес.

Субъектив толғаныстарға байланысты сезімдер екі топқа бөлінеді: тіршілік қажеттіктерді қанағаттандырып, рахатқа бөлеуші ұнамды сезімдер; тіршілік қажеттіктердің орындалмауынан қанағаттанбау кейпіне түсіретін жағымсыз сезімдер. Орындалып жатқан адам қажеттіктерінің деңгейіне орай сезімдер қарапайым және күрделі келеді. Қарапайымдары - ашу, қорқыныш, уайым, қызғаныш, күндеушілік ж.т.б.; күрделілері - моральдық, эстетикалық және отан сүйгіштік.

Көріну әлпетіне орай барша эмоционалдық қалыптар келесідей түрлерге жіктеледі: көңіл-күй, кейіп, эмоция, аффект, стресс, фрустрация, құмарлық, жоғары сезімдер.

Көңіл (чувственный тон) - субъектке қандай да эмоционалды реңкті сақтап қалуға не жоюға ықпал жасаушы психикалық процестің ерекше сигналдық түрі: кейбір түр-түс, дыбыстар, иістер өздерінің негізгі мәніне байланыссыз біздің есімізге түсуден жағымды не жағымсыз сезімдер тудырады. Мысалы, жақсы ән, тәтті тағамның өзі де ұнамай қалуы мүмкін. Мұның бәрі біздің сол сәттегі көңілімізге байланысты. Егер көңіл тұрақты жиіркенушілікпен ұштасса, бұл идиосинкразия сырқатының белгісі.

Кейіп (настроение) - біраз уақыт бойы адамның көңілін билеп, мінез-құлыққа әсер ететін жалпы эмоция-лық күй. Өмір тіршілігінде адамның сезімі бір объектіге бағытталып, оған қуанады не күйзеледі, біреуді сүйеді, бір нәрседен шошиды. Адам кейпінің көрінісі белгілі сезімге, себептерге байланысты. Мысалы, ұнамсыз хабар естіген адамның көңілі түсіңкі болып, оның бойын қобалжу, уайым билейді. Жүмысы сәтті болып, реттеле бастаса, оның кө­ңілі тасиды, шаттық лебі ұзаққа созылады.

Эмоция (сезім шарпуы) - сезімнің тікелей қатынастағы уақытша көрінісі. Мысалы, сахнадағы айтыскер ақындардың бір ауыз тапқыр сөзіне бола, көрермендердің бір мезет дүрілдете қол соғып, қошемет айқай салуы.

Іс-әрекетке ықпал жасау тұрғысынан эмоциялар стеникалық және астеникалық болып бөлінеді. Стеникалық эмоциялар адамға қуат беріп, іс-әрекетке ынталандырады. Бұл жағдайда адам "тау қопаруға" дайын тұрады. Керісінше, кейде толғаныстан адамның аяқ алысы байланады, енжарлық басады - бұл астеникалық эмоция көрінісі.

Қуаныш - орындалуы күмәнді болып тұрған қажеттіліктің толық қанағаттандырылуына байланысты туындайтын ұнамды эмоционалды күй.

Таңдану - күтілмеген оқиғаға байланысты пайда болатын эмоциялық белгі. Таңдану бұрыннан бар сезімдерді тежейді. Осыдан зейін толығымен таңдануға себеп болған нысанға ауысады, кейін ол қызығушылық ниетке жол ашады.

Қасірет - алғашында азда болса сенім күттірген маңызды өмір қажеттігінің орындалмауы не оның орын-далмайтыны жөнінде ақпарат алудан болатын жағымсыз эмоциялық күй.

Қаһар - субъектте өте маңызды қажеттіктің күшті кедергіге ұшырап, орындалу мүмкіндігінің кенеттен жойылуына байланысты пайда болып, дүлей көрініс беретін ұнамсыз эмоциялық қалып.

Жеркену - тікелей қатынаста болған объекттердің (заттар, адамдар, құбылыстар, оқиғалар ж.т.б.) жеке адам идеологиясына, адамгершілік не эстетикалық талғамына ымы­расыз қарама-қарсылықты болуынан туындайтын ұнам­сыз сезім түрі.

Жек көру - адам аралық қатынастарда субъекттің көзқарас, өмірлік салты мен сезім объекті қылықтарының бір-біріне сәйкес келмеуінен жүз беретін ұнамсыз көңіл-күй.

Қорқыныш - субъектте өз тіршілігіне шын немесе болуы мүмкін қатер жөнінде ақпарат алумен бірге пайда болатын сезімдік құбылыс.

Ұят - субъекттің өз қылық-әрекеттері, ниеттері және сырт келбетінің басқалар күткендей не өз принциптеріне орайлас болмағанын түсінуден келіп шығатын ұнам­сыз сезім түрі.

Эмоциялық толғаныстар бір текті болмайды. Бір объекттің өзі біріне бірі қайшы келген әрқилы сезімдік күйді пайда етеді. Бұл құбылыс амбивалентті (екі ұшты) деп аталады.

Өте күшті эмоциялық әрекет көрінісі - аффект қысқа да қарқынды өтуімен ерекшеленеді. Бұл сезім құбылысы субъект үшін өте қажетті болған өмір жағдайларының кенеттен өзгеріске түсуінен болады. Аффектте адамның қозғалыс әрекеттері ұстамсыз күйге келіп, іш­кі ағзалар қызметі күйзеліске ұшырайды: тілден қалады, жүрегі ұстайды, есінен танады ж.т.б. Бұл қорыққаннан да, қатты қуаныштан да болады.

Адамның көңіл-күйінің кейпін білдіретін жәйттің бірі психологияда фрустрация (көңілдің бұзылуы, межелі істің жүзеге аспай қалуы) деп аталады. Жоспарланған ісі мен мүдделі мақсаты түрлі себептер мен кедергілерге ұшырып, адам оған ренжиді, көңілі құлазып, қайғырып, күйзеледі, ашуға булығады. Қанағаттанбаушылық сезімінен жан дүниесі қиналады. Адамның сезімі мен эмоциясы жағымсыз күйге ұшырайды. Фрустрациялық жағдайда көңіл өшпенділік, кейіс пен қаһар тудыруға бейім келеді.

Эмпатия - қайғы-қасіретті жағдайлар мен қиын-шылықтарға ұшыраған өзгелерге жанашырлық білдіріп, со­лардың ауыр халі өз басыңа түскендей сезіну.

Қүмарлық. Құмарлық көрінісі анық, ұзақ уақытқа созылады. Ол әрқашан белгілі бір затқа бағытталады. Құмарлық - адамның белсенді іс-әрекетін оятатын күшті сезім.

 

5. Жоғары деңгейдегі сезімдер

Адам жан дүниесінің сыры қоршаған ортаға әсер-леніп қана қоймай, оның құпияларын танып білуге ұмтылуында. Мұндай әрекет адам сезімінің жоғары деңгейдегі саналы әрекетін, эстетикалық талғамы мен адамгершілік-моральдық қасиеттерін сезіне білетін көңіл-күйіне байланысты. Жоғары деңгейдегі сезімдердің ақыл-ой (интеллектік), эстетикалық және моральдық-адамгершілік түр-лері бар.

Ақыл-ой (интеллект) сезімі адамның таным әрекетімен байланысты. Сезімнің бұл түрі - балалардың оқып білім алуға, ересектердің өз қызметіне, шығармашылық пен өнерге деген көңіл-күй қатынасы. Адамның шындықты тануға деген ақыл-ой сезімі ең алдымен таңданудан басталады. Таңдану кісіні әрбір нәрсенің, құбылыстың, оқиғаның мән-жайын жан-жақты танып, оларды тереңірек түсінуге жетелейді, оның ізденімпаздық әрекетін туды-рады. Іздену барысында адам түрлі жорамалдардан бастап, теориялық тұжырымдар жасайды. Ақыл-ой сезімі - адамның кез-келген іс-әрекетіндегі рухтандырушылық маңызы зор көңіл-күй.

Эстетикалық сезім - объектив шындықты бейнелеп, оның әсемдігі мен сұлулығын, жарасымдылығы мен сенімділігін қабылдап, оған әсерленудегі көңіл-күй. Әсемдікті қабылдап, оған сүйсіну, ләззаттанып, рухани күшін арттыру сезімі - адамның өмір тіршілігінде біртіндеп қалыптасатын жағдай.

Эстетикалық сезім - мазмұны мен мағынасы және түр-сипаты жағынан ауқымы кең ұғым. Психология эстетикалық сезімді табиғат пен адам қоғамындағы әсемдіктің адамның жан дүниесінде бейнеленіп, оның мінез-құлқына, дүниетанымына ықпал етіп отыратын жағымды құбылыс, сонымен қатар көңіл-күйін шалқытып, іс-әрекеттерін өрістетуші ықпал ретінде қарастырады.

Адамгершілік-моральдық сезімдер қоғам талабына орай адамның өз мінезінің лайық не лайық еместігін сезінген көңіл-күйін білдіреді. Адамгершілік сезімі моральдық сезім деп те айтылады. "Мораль" - "морале" деген француз сөзі. Мағынасы - адамгершілік. Адамгершілік сезім қоғамның тарихи дамуына байланысты. Қоғамның экономикалық жағдайы, саяси-идеялық бағдары, ондағы таптар мен топтардың әлеуметтік жағдайы - мұның бәрі адамгершілік сезім көрінісінен байқалып тұрады.

Адамгершілік сезімінің принципі мен жалпы негізі - белгілі бір қоғамдық-экономикалық сатыларда әлеумет мүшесінде қалыптасып отыратын мінез-құлық көріністері. Гуманистік және демократия үстемдік ететін қоғамдағы адамгершілік сезімдер - борыш сезімі, әркімнің өз халқы алдындағы азаматтық қасиеттерін құрмет тұтуы, әрбір адамның жеке-даралық қасиеттерін сыйлау, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық, отбасындағы өзара сыйластық және әр түрлі ұлттар мен ұлыстардың, этностардың өкілдеріне деген жалпы гуманистік қарым-қатынас. Адамның жоғары деңгейдегі сезімдерінің қалыптасып, дамып отыруы ең алдымен өзінің жеке басына деген жауапкершілікті сезінуінде жатыр. Екіншіден, ол отбасындағы тағылым-тәрбиеге, мектеп пен қоғамдық ұйымдардың қамқорлығына орай өрістейді.

10-дәрісбаян

Ерік

Жоспары:

1.Ерік туралы түсінік.

2.Еріктің физиологиялық негіздері.

3.Ерік туралы психологиялық көзқарастар мен теориялар.

4.Ерік әрекеттерін талдау.

5.Жеке тұлғаның ерік салалары.

6.Ерікті дамыту және тәрбиелеу.

Ерік - бұл адамның мақсатты жұмыс орындау барысында кезіккен сыртқы және ішкі кедергілерді жеңуімен байланысты өз қылық әрекеттерін қолдап, реттей білу қасиеті. Ерік өмірдің ауыртпалық түскен жағдайларында белсенділік көтеріп, өзін-өзі реттеудің (саморегуляция) көзі болумен түгелдей сана басқарымында болады. Адамның өз әрекет-қылығын реттестіре алу қабілетінің негізінде жүйке жүйесінің өзара ықпалды қозу мен тежелу байланыстары жатыр. Осы принциптерге сай ерік саналы өзіндік басқарумен бірге белсенділік арттыру, немесе ынталандыру және реттеу қызметтерін де атқарады.

Ерік, яғни ырықты әрекеттер - ырықсыз қимыл - қозғалыстар негізінде пайда болады.

Ерік-тік қылықтың ерекшелігі оның “мен қалаймын” емес, “мен міндеттімін” толғанысының жетегінде болуы. Біздің барша өміріміз ұдайы еріктік әрекеттер мен әдеттегі қылықтарымыздың өзара байланысты қатынасына тұрады. Ырықсыз қозғалыстарға қарсы қойылатын саналы әрекеттер адамға тән бола келіп, ниеттелген мақсатқа жетуге бағдарланады. Еріктік қылықтың басты көрсеткіші де нақ мақсатқа бағытталған саналы әрекет.

Мақсатқа жетуде қандай да қиыншылықтарды же-ңу сол мақсаттың мән-мағынасын терең түсіне білуге және адамның өз борышын саналы байыптауына тәуелді. Мақсат неғұрлым маңызды болса, адам соғұрлым қандай да кедергіден қаймықпайды.