Кредиттер саны: 3 7 страница
Стратегия Қазақстанның жоспарлы экономикадан нарыққа, тоталитарлықтан либералдық саясатқа көшетінін белгіледі. Стратегия негізінде мемлекет мемлекеттік меншік үлесінің 30-40 пайызға дейін қысқартты. Алға қойған экономикалық мақсаттарға жету үшін тиісті бюджеттік, салықтық, қаржы-несиелік және әлеуметтік саясатты жүзеге асыру кезінде экономиканы реттеудің жанама тәсілдерін қолдану ойластырылды. 1992 жылдың басында жобаланған «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы»:
1. тұрақты әлеуметтік-саяси жағдайдың сақталуын;
2. ұлттық валютаның табысты енгізілуін;
3. халықаралық қаржы институттарына енуді;
4. экономиканың әкімшіл-әміршіл принциптерінен түбегейлі бас тартуын жүзеге асырды. Осының нәтижесінде халықаралық қауымдастықтың Қазақстанды мойындауы – экономика саласын реформалаудың алғашқы кезеңіндегі басты жетістігі болды.
1994 жылғы Меморандум ақша-несие және банк жүйелерін түбегейлі реформалады. Теңге бағамын тұрақтандырып, инфляцияны ауыздықтады. Қаржыны тұрақтандыруға жеткізді.
1997 жылы қабылданған «Қазақстан 2030» бағдарламасында айқындалған ұзақмерзімді басымдықтар ел экономикасын модернизациялауды жүзеге асыруда негізге алынды. Стратегия Қазақстан Республикасын тұрақты дамуына жетелейтін негізгі жеті басымдықты айқындады:
1. ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК. Аумақтық тұтастығын толық сақтай отырып, Қазақстанның тәуелсіз егемен мемлекет ретінде дамуын қамтамасыз ету.
2. ІШКІ САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ҚОҒАМНЫҢ ТОПТАСУЫ. Қазақстанға бүгін және алдағы ондаған жылдар ішінде ұлттық стратегияны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық біртұтастықты сақтап, нығайта беру.
3. Шетел инвестициялары мен ішкі жинақталымдардың деңгейі жоғары ашық нарықтық экономикаға негізделген ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУ. Экономикалық өрлеудің нақтылы, тұрлаулы және барған сайын арта түсетін қарқынына қол жеткізу.
4. ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТАРЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ, БІЛІМІ МЕН ӘЛ-АУҚАТЫ. Барлық қазақстандықтардын, өмір сүру жағдайларын, денсаулығын, білімі мен мүмкіндіктерін ұдайы жақсарту, экологиялық ортаны жақсарту.
5. ЭНЕРГЕТИКА РЕСУРСТАРЫ. Мұнай мен газ өндіруді және экспорттауды қалыпты экономикалық өрлеу мен халықтың тұрмысын жақсартуға жәрдемдесетін табыс алу мақсатында жедел арттыру жолымен Қазақстанның энергетикалық ресурстарын тиімді пайдалану.
6. ИНФРАҚҰРЫЛЫМ, ӘСІРЕСЕ КӨЛІК ЖӘНЕ БАИЛАНЫС. Осы шешуші секторларды ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға, саяси тұрақтылық пен экономикалық өрлеуге жәрдемдесетіндей етіп дамыту.
7. КӘСІБИ МЕМЛЕКЕТ. Ісіне адал әрі біздің басты мақсаттарымызға қол жеткізуде халықтың өкілдері болуға қабілетті Қазақстанның мемлекеттік қызметшілерінін, ықпалды және осы заманғы корпусын жасақтау.
Осы ұзақ мерзімді басымдықтардың әрқайсысы бір жылдық, үш, ал кейіннен бес жылдық жоспарларда белгіленген нақты іс қимылдарды жүзеге асыру механизмі арқылы орындалуда. Үшінші басымдық Қазақстан Республикасында нарықтық экономикаға өтудің басты бағдарларын анықтады. Оған сәйкес салауатты экономикалық өрлеу стратегиясы мықты нарықтық экономикаға, мемлекеттің белсенді рөліне және айтарлықтай шетел инвестицияларын тартуға негізделуі тиіс еді. Ол мынадай 10 принципті көздеді:Мемлекеттің белсенді рөл атқара отырып, экономикаға араласуының шектеулі болуы. Экономикалық реформалардың табысы мен олардың жекелеген учаскелерде тежелуі мемлекеттің рөлін қайта қарастыруды талап етті. Орталықтағы және жергілікті жерлердегі өкімет экономикаға араласудың барлық түрімен, дән себу, егін жинау және басқалармен айналысуды тоқтатуға тиіс. Мемлекет жекеше сектор басты рөл атқаратын нарықтың заңды шеңберлерін құра отырып, экономикада маңызды, бірақ шектеулі рөл атқаруға тиіс. Яғни, меншік құқықтарын ресімдеуге, бәсекелес рынок пен монополияға қарсы күресті реттеудің сенімді құралдарын құруға, фискальды және монетарлық саясатты қолдауға, әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға, қажетті инфрақұрылымды, білім беруді, денсаулық дамытуды қамтамасыз етуге және мықты экономикалық саясат жүргізуге бағытталған құқықтық және нормативтік база жасауды аяқтау көзделді.
Теория мен әлем елдерінің тәжірибесіне сәйкес, нарық дамымаған, нарықтық кеңістік әкімшілік жүйенің қалдықтарына толған жерлерде мемлекет нарықты дамыту мен ол кеңістікті тазарту үшін араласуға тиіс. Экономиканың өзі тұрақсыз дамудың аралық кезеңінде тұрғанда, мемлекеттің реттеуші рөлі мен араласуы бара-бар болуға тиіс.
Жаңа әлемдік экономикалық үлгілерге сай болу үшін мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен сапасын едәуір көтеруге, жекеше сектор мен ұлттық капиталға жәрдемдесуге, оларды ынталандыруға және олардың белсенділігін арттыруға міндетті болдық. Бұл міндетті орындауда Қазақстан Республикасы механизм ретінде жекешелендіру үдерісін жүзеге асырды. Мемлекет түу басынан-ақ өнеркәсіпке ықпал етушілік жетегінде еріп кетпейтіндей және шығынға белшесінен батқан кәсіпорындарды қолдай алмайтын деңгейде болды. Меншік иелері табының болуы нарықтық экономиканың түйінді элементі болып табылады. Жекешелендіру Қазақстанда әр түрлі тиімді де ынталы меншік иелерінің қалыптасуына қолайлы жағдай туғызып, жаңа экономикалық және қоғамдық қатынастар үшін кеңістік ашып берді. Мемлекеттік меншікті жекешелендіру төрт кезеңмен жүргізілді. Бұл кезеңдердің әрқайсысы өз мақсаттары мен міндеттерін көздеді. Әрбір кезеңнің өз ерекшелігі болды. Реформа жекешелендірудің төрт түрін: шағын, жаппай, жекелеген жобалар және агроөнеркәсіп кешені бойынша жекешелендірулерді қарастырды. Шағын жекешелендіру қысқа мерзімде жүргізіліп, алты мыңнан астам нысандар өткізілді. Бүгінде экономиканың жеке меншік секторы тұтастай алғанда республиканың өндірістік әлеуетінің 90%-ынан астамына билік етеді. Шағын және орта бизнестің өкілдері қалыптасты, бейімделді және олардың қатары кең қанат жайып жалғасуда. Мемлекеттік мүлікті жекешелендіру жүзеге асырылып, дамыған нарықтың стандарттарына сай шаруашылық орта қалыптасты. Жекешелендіру үрдісі – бұл әрқашанда мүлік бөлінісі. Социалистік тарихы бар кез келген мемлекет жекешелендіруді жүргізіп, мемлекеттік мүлікті әділ және тиімді бөлудің проблемаларымен ұшырасты. Әрине, біздің республикамызда да жекешелендіру кезінде істің бәрі дау-шарсыз өткен жоқ. Өйткені, ол кезде жұрт «жеке меншік» деген ұғымның өзінен қорықты. Алайда жекешелендірудің әрбір кезеңін жүргізген уақытта, бірінші кезекте, халық пен мемлекеттің мүддесі көзделді. Бүгінде қоғамдық тамақтандыру мен сауда, жеңіл, тағамдық, өңдеуші өнеркәсіп, түрлі қызмет көрсетулер, агроөнеркәсіп өндірісі және т.б. секілді маңызды салалар экономиканың мемлекеттік секторынан толықтай шығарылды. Энергетика және шикізат салаларының үлкен бөлігі де жеке меншік секторға тиесілі.
1994-1997 жылдардың ішінде Қазақстанның экономикалық стратегиясы макроэкономиканы тұрақтандыруға бағытталды, бұл мемлекеттік бюджеттің тапшылығын қысқарту мен қатал монетарлық және несие саясатын дәйекті жүргізу механизмін білдіреді. Халықаралық тәжірибенің сабақтары айқын. Экономикалық жоғары табыстарға қол жеткізген кез келген ел жедел экономикалық өрлеудің алдындағы кезеңде жоғары инфляцияны жою жөнінде барлық шараларды міндетті түрде қолданған және кейін макроэкономикалық көрсеткіштерді белгіленген шекте ұстап тұруды қатаң қадағалаған. Бұл жолдан ауытқығандар сәтсіздікке ұшырады.
Бірінші Азиялық Барыс болу үшін Қазақстанның басымдықтарының қатарына макроэкономикалық көрсеткіштер саласындағы алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибе енгізілуге тиіс болды. Ол - инфляция мен бюджет тапшылығының төмен болуын, ұлттық валютаның күшеюін, жинақтау нормасының жоғары болуын көздейді. Бұл рецепт Жапонияда, Кореяда, Индонезияда, Тайвань мен Чилиде іске асты. Қазақстанда да 1994 жылы Жоғарғы Кеңестің отырысында жарияланған «Президенттік Меморандумның» негізінде сәтті іске асты. 1994 жыл көптеген аспектілерде бетбұрыс жылы болды. Меморандум ақша-несие және банк жүйелерін түбегейлі реформалауды көздеді. Елімізде жарты жылдан бері ұлттық валюта қолданылып жатқан. Келесі батыл қадам теңге бағамын тұрақтандыру мен жойқын инфляцияны ауыздықтауға бағытталды. Мемлекет қалыптасқан дағдарыс жағдайынан шығудың жалғыз ғана жолы ретінде қаржыны тұрақтандыруға жетуді негізгі міндет етіп қойды. Қазақстан өзінің барлық шығындарын, бұған қоса түрлі тікелей және жасырын дотацияларын, субсидияларын, сондай-ақ мемлекеттік органдарды ұстаудың шығындарын қысқартатынын қолға алды. Үкіметтен бюджеттік кірістер мен шығыстарды қатаң бақылау талап етілді. Экономиканың жекелеген салалары мен тармақтарының пайдасын көздеп немесе оларға қысым жасап ықпал етушілік атаулының жолы кесілді. Мемлекеттік бюджет мемлекеттің саяси құралы болып табылатыны, оның корпоративтік, аймақтық және басқа да мүдделер үшін талан-таражға салынбайтыны мемлекеттік деңгейде мәлімделді. Бұл кезеңде алға қойылып отырған мақсаттарды жүзеге асыруда Ұлттық Банктің Жоғарғы Кеңес пен Үкіметке тәуелсіздігі оңтайлы шара болды. Дәл осы уақытта мемлекеттік аппаратты қысқарту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген шаралар жүргізілді. Кеңес өкіметі кезінде облыстар мен аудандар санын көбейту үшін орталықтан ақша қағу сәнге айналған еді. Бұл мемлекеттік шенеуніктер санын тым ұлғайтып жіберді. Республиканың бірінші басшысы Саяси Бюроның мүшелігінен үміткер болу үшін, Украинадағы секілді, облыстардың санын кемінде 20-ға жеткізу қажет болатын. Бізде олардың саны 19-ға жеткізілген. Кезекте 20-шы облыс тұр еді. Бірақ оған үлгермеді. Осының бәрі дотациядағы облыстар мен аудандар санын ұлғайтты. Бірақ та олар экономикалық әлеуеті жағынан да, адам саны жағынан да қойылған талаптарға сай келмеді. Есесіне әр облыста, әр ауданда биліктің барлық құрылымы болды: обком, облатком, облыстық сот, облыстық ІІБ, облыстық халыққа білім беру бөлімі, облыстық денсаулық сақтау бөлімі және солардың аудандық бөлімшелері. Мұндай бюрократтық жеті басты айдаћар кез келген жаңалықты немесе бастаманы оң көрмеді. Дәл сол себепті әкімшілік реформа біз жария етіп, қолға алған реформалар шеңберіндегі алғашқы қадамдардың бірі болды. 1994 жылы оңтайландыруды жүргізудің есебінен 19-дың орнына 14 облыс және 230-дың орнына 169 аудан құрылды. 25 мың қызметкер қысқартылып, миллиондаған теңгенің қаржысы үнемделді, мұның бәрі зейнетақы мен еңбекақыны төлеуге жұмсалды. Сол бір Ресейдің өзінде Қазақстандық реформадан кейін, тек он жылдан соң ғана, осыған ұқсас әкімшілік реформалауды жүргізуге алғашқы талпыныстар жасалды.
Сол кезеңде Үкімет үшін екінші бір маңызды мақсат – көлік, энергетика және минералдық ресурстар секілді түйінді салаларға шетелдік ірі инвестицияларды барынша көбірек тарту болды. Себебі, Қазақстанның шетел капиталынсыз, технологиясынсыз және тәжірибесінсіз жедел экономикалық өрлеу мен жаңартуға қалай қол жеткізетінін көз алдымызға елестету қиын еді. Қазақстанның инвестициялық ахуалы ешбір табиғи байлық қоры жоқ, тіпті ауыз су мен құрылысқа қажетті құмды көршілес Малайзия мемлекетінен сатып алып отырған Сингапур мемлекетіне қарағанда әлдеқайда қолайлы еді. Дегенмен, Қазақстан үшін шетелдік инвесторларды тарту өте күрделі мәселелердің шеңберінде жүзеге асты. Мысалы, шын мәнінде біздің экономикалық тәуелсіздігімізге негіз қалаған «ғасыр келісім шарты» атанған «Шеврон» компаниясымен жасасқан келісім шартты мысалға келтіруге болады. Президенттің Жарлығымен Инвестициялар жөніндегі мемлекеттік комитетті құрып, оған тікелей инвестицияларды қорғаудағы саясатты іске асыру құқығы бар Қазақстандағы бірден-бір мемлекеттік орган мәртебесінің берілуі мәселені шешуде едәуір жеңілдік туғызды.
Дүниежүзілік тәжірибеге сүйене отырып Қазақстан шетелдік инвесторларды тартуда консенсус және компромисс ережелеріне мойынсұнып, құқықты нормативтік базаны жетілдіріп, инвесторлардың қызметі үшін оңтайлы инфрақұрылымды жасақтап, әсіресе көлік және байланыс салаларына жіті көңіл бөлінді.
«Қазақстан – 2030» стратегиясында жеке ұзақмерзімді басымдық ретінде қарастырылған энергетика саласы Президенттің жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауында экономика саласын оңайландырудың сара жолы ретінде айшықталады. Президенттің Қазақстан халқына жыл сайын Жолдау арнау дәстүрі «Қазақстан стратегиясы – 2030»-дан басталды. Әрбір мұндай Жолдау – Стратегияның құрамдас бөлігі және Қазақстан жолының құрамдас бөлігі. Президенттің жыл сайынғы жолдау Президенттің «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты 2005 жылғы жолдауы Қазақстан Республикасындағы саяси және экономикалық модернизациялау үдерісінің айшықты бағыттары мен оларды жүзеге асырудың жолдарын белгіледі. Жолдауға сәйкес «әуелі экономика содан кейін саясат» деген айқын қағидат ескеріле отырып, демократияландыру бағытында алға жылжу механизмдері белгіленді. Мемлекеттік, саяси және қоғамдық институттарды реформалауға бірыңғай әрі біртұтас тұрғыдан келуді көздейтін саяси реформалардың жалпыұлттық бағдарламасы ұсынылды. Мұндай механизмнің мәні - Қазақстанды батыс демократиясының дәстүрлері мен қағидаттарына және Оңтүстік Шығыс Азияның іргелі мемлекеттерінің тәжірибесіне, Қазақстанның көпұлтты және көпдінді халқының дәстүрлеріне сәйкес одан әрі демократияландыру. Бағдарлама Демократияландыру және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссияның қатысумен жүзеге асырылуы тиіс болды. Атқарушы билік жүйесі орталықсыздандыру бағытында атқарушы билікті реформалауды одан әрі жүргізу әкімдердің сайланбалылығын енгізу арқылы көзделген. Саяси жүйедегі мұндай өзгеріс қоғамның демократиялануы мен саяси плюрализмнің дамуына оңтайлы серпіліс берілуі деп ой қорытуға болады. «Электронды Үкімет» қалыптастыруды жеделдету қоғамдағы бюрократиялық процестерді ауыздықтатудың бірден бір механизмі. Жолдау шеңберінде биліктің заң шығарушы тармағының саяси беделін күшейту, Конституцияның әлеуетін кемелдендіру, алқа билер институтын енгізу арқылы биліктің үш тармағын оңтайландыру механизмдері көрсетілген.
«Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты 2007 жылғы жолдау Қазақстан Республикасының конституциялық реформасына негіз болды. Нәтижесінде, Парламент депутаттарының жалпы саны 154 мүше санына дейін ұлғайтылды. Сенат конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, Сенаттың он бес депутатын Республика Президенті тағайындайды. Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын жүз жеті депутаттың тоқсан сегізі жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы депутат мандатын иеленеді. Мәжілістің тоғыз депутатының Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайлануы саяси жүйені модернизациялауда республиканың көпконфессионалдылығының жоғары билік эшелонында ескерілуінің айғағы. Консенсус және конструктивті өзара ықпалдастықтың арқасында Қазақстан Республикасында заң шығарушы билік трансформациясы өте сауатты түрде жүргізілді. Конституциялық реформаның негізінде мәжіліс депутаттары санының ұлғайтылуы, Қазақстан Республикасында партиялық жүйесінің дамуының кемелденген шағын айқындайды.
Алдымен экономика, кейін саясат еген қарапайым тағылымды басшылыққа алғанымызбен жаңа экономиканы құру – қиын да тәуекелді міндет. Оны шешу кезінде Қазақстан Республикасы «2003-2015 жылдарға арналған Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму стратегиясына» арқа сүйейді. Оның бірінші кезеңін жүзеге асыру отандық экономиканың құрылымы мен оның өсу динамикасын түбегейлі өзгертуге мүмкіндік берді. Стратегия мақсатына жету біздің экономиканың табиғи ресурстардың әлемдік бағасының конъюнктурасына тәуелді болу проблемасын шешеді, диверсификациялау арқылы экономиканың шикізат бағытынан бас тартуына жағдай туғызатын болады, сервистік-технологиялық экономикаға көшу үшін негіздер қаланатын болады. Біздің сарапшылардың есептеулері бойынша, индустриялық-инновациялық саясаттың жүргізілуі экономикалық өсу қарқынын кемінде жылына 8,8-9,2 пайыз көлемінде қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар, индустриялық-инновациялық даму Стратегиясы – бұл бар болғаны дайындық кезеңі ғана. Әлемде постиндустриялық қоғамның орнауы әлі аяқталып біткен жоқ. Қазақстанда әлі де секіріс жасап, индустриялы-дамыған елдердің қатарына кіру мүмкіншілігі бар. Аталмыш Стратегияны жүзеге асыру оқиға барысын күрт өзгертуі және елімізді осы секіріске дайындауы керек болды. Осы арада бұл секірісті қайда бағыттау керек деген негізгі мәселе бой көрсетеді. Бір жағынан, қолда бар әлеуетті пайдалану қажет, себебі тірі қалу түйсігінің талап етуі бойынша Қазақстан «секіріс» жасау үшін тау-кен металлургиясы, ауыр өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы секілді біршама дәстүрлі салаларға, сондай-ақ – ядролық энергия мен космостық технологияларды дамытуға табан тіреуі керек. Екінші жағынан – инновациялар мен жоғары технологиялар есебінен экономиканың өнімділігін арттыруға қарай жылжуы қажет. Мұның өзі экономиканың қабілеттілігі мен тұрақты экономикалық өсуге жетудің шешуші факторы болып табылады. Біз үшін Финляндия өнеге бола алады. Бұдан бұрын не күшті ғылыми базасы, не алдыңғы қатарлы өнеркәсібі болмаған, бес миллиондық халқы бар, солтүстіктегі кішкентай ғана ел, жоғары технологиялық дамуды тірек ете отырып, бүгінде әлемдегі айырықша бәсекеге қабілетті экономика ретінде мойындалып отыр. Финдік ұлттық өндірістік модель немесе «финдік инновациялық керемет» бүгінде әлемдегі ерекше тиімділердің бірі болып танылды.
Бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыруда мемлекеттік холдингтердің рөлі мен орны өте жоғары. Осы орайда, әлемдік нарықта Қазақстанның экономикалық мүдделерін ілгері жылжыту негізгі міндеті болып табылатын ірі ұлттық компанияларды біріктірген «Самұрық» мемлекеттік холдингі құрылды. Даму институттары қызметін үйлестіріп, индустриялық жобаларды қаржыландыруға және экономиканы диверсификациялауға көмектесуге тиіс «Қазына» орнықты даму қоры ашылды.
Әлем жұртшылығын алаңдатып отырған экономикалық дағдарыс уақытында Қазақстан экономикасын тұрақтандыруда мемлекеттік холдингтердің аграрлық салада, үлескерлердің мәселесіне қатысты шешуші роль атқарғандығы мәлім.
Кеңес одағының ыдырауы, Орталық Азия мемлекеттерін дүрліктірген дағдарыстық жағдай барлық посткеңестік мемлекеттерді тығырыққа тиеді. Тәуелсіздік жылдарынан кейінгі Қазақстан жағдайында жоспарлы - әкімшілдік экономикадан нарықтық қатынасқа «көшу» керектігі, демократиялық режимді енгізу қажеттігі айқын болды. Алайда, экономика және саясаттану ғылымы жаңа тенденцияларға сай келетін нарықтық экономикаға, демократиялық режимге көшудің айқын моделін бере алмады. Барлық қалған әлемді «қуып жетушінің» жағдайындағы Қазақтан республикасының алдында экономикалық жүйені, жалпы мемлекеттік құрылымды, оның ең түпкі негізінен бастап, тіпті әрбір қазақстандықтың ой өрісіне дейін осыған бейімдеу қажет болды.
Қазақстан бірінші болып посткеңестік кеңістікте нарықтық экономиканың институттарын құрумен қатар, мемлекеттік басқару және реттеу секілді әлемдік тәжірибеде мойындалған стратегиялық жоспарлауды таңдап алды. Ли Куан Ю-дың саяси кредосына негізделген «Әуелі экономика, ал сонан соң саясат» деген Н.Назарбаевтың саяси ұстанымы нарықтық қатынастарға негізделген демократиялық мемлекетті құруда қалтқысыз үлгі болды. Өтпелі дәуірде сәтті таңдап алынған саяси-экономикалық үлгі– күшті президенттік билік және оған қоса жедел де қарқынды экономикалық реформалар. Қазақстандық үлгінің мәні мемлекеттік билікті әлсіретпестен, нарықтық экономиканың негіздерін жасауға және демократияландыруға бағытталған, сонымен бірге «естен тандырмайтын», түбегейлі реформалардың жиынтығына саяды. Әрине, бұл жол тек экономикалық үлгіні, жалпы конституциялық ережелерді, сонымен бірге саяси режимді, инфрақұрылымды және конфессионалдық қатынастарды қамтитын саяси модернизациялық үлгі.
Пән бойынша дәрістерге арналған әдістемелік нұсқаулар
Өткен материалды әрі қарай өңдеу. Өтілген дәріс материалын әрі қарай өңдеу өзіндік жұмыстың неғұлым маңызды түрі болып табылады. Материал неғұрлым терең де толығырақ өңделсе, соғұрлым өзге де өзіндік жұмыстарды орындауда жеңіл болады. Алғашқы сабақтан бастап, өтілген дәріс материалымен жүйелі де үнемі жұмыс жасау кейінгі дәрістер материалдарын түсіну мен семинарлық және лабораториялық сабақтар материалдарын меңгерудің қажетті шарты болып табылады.