САЯСИ ПРОЦЕСС 6 страница

«Саяси мәдениет» терминін ғылыми айналымға ХҮІІІ ғасырда немістің философ ағартушысы И.Гердер енгізген. Ал, саяси ғылымда «саяси мәдениет» түсінігін концепция ретінде ХХ ғасырда америка саясаттанушысы Г.Алмонд енгізген.

Ғылыми әдебиетте «саяси мәдениет» түсінігі екі мағынада – кең және тар мағынада қолданылады.

Кең мағынадағы «саяси мәдениет» түсінігі ол қоғамдық саяси институттармен және саяси процестермен, саяси дәстүрмен, саяси практикада қолданылып жүрген нормалармен, идеялармен, концепциялармен және пікірлермен түрлі қоғамдық саяси институттармен өзара қатынасы туралы т.с.с., бүтіндей алғанда саяси қарым-қатынаспен байланыстағы белгілі бір елдің рухани мәдениетін қамтиды. Мұнда ол сол кезеңдегі бүтіндей жүйеге адамдардың белгілі бір бағдарын және ұстанымдарын қамтиды. Мұнда ол қоғамдық саяси институттар мен маңызды ойын ережелерінен, жекелеген адамдардың өзара қарым-қатынас принциптерінен, қоғам мен мемлекеттің өзара қатынас принциптерінен құралады.

«Саяси мәдениет» түсінігі тар мағынада тек қана адамдардың саяси тәжірибесі, білімі, ұстанымы, көзқарасы, стереотипі, концепциясы, болмысы ғана емес, сонымен бірге саяси субъектілердің іс-қимылы мен қызметі; саяси құбылыстарға баға берудегі азаматтардың өресі мен хабардарлығы, жете білушілігі; адамдардың саяси этика, мінез-құлық, іс-әрекетінің формасы – топтастырылған жүйесі болып табылады.

Саяси мәдениет дегеніміз – билік пен азаматтардың өзара қарым-қатынасына қатысты позициясының құндылығының және мінез-құлық кодексінің жиынтығы болады. Сонымен қатар, саяси мәдениетке мыналарды жатқызуға болады: саяси білім, фактілер, оған ықыласты болуы; саяси құбылыстарға баға беруі, биліктің жүзеге асыруға тиіс оқиғаларға қатысты пайымдары; саяси позицияға деген көңіл-күйі, мәселен, Отанға деген сүйіспеншілік, дұшпанға деген жек көрушілік; белгілі бір қоғамда қалай әрекет етуді айқындайтын саяси іс-әрекеттің үлгісі.

Бүтіндей алғанда саяси мәдениет дегеніміз саяси саланың сапалық сипаттамасы, оның дамуының өлшемі болып табылады.

Саяси мәдениет дегеніміз қарым-қатынастардың жүйесі және сонымен бір мезгілде ұрпақтардың бірін-бірі ауыстырудағы туындайтын және қайта туындап жататын процестер болып табылады. Бұл құбылыс үнемі қозғалыста болып, дамып, өзінің мазмұны мен түрлері, құбылыстары арқылы тарихты тұрақты байытып отырады. Бұлар қоршаған әлемнің өзгерістеріне, өндірістік революция болсын, ғылыми техникалық, компьютерлік, ақпараттық және өзгедей революциялар болсын, олардың бәрін де тез сезінеді.

Саяси мәдениет дегеніміз құндылықтардың және ұстанымдардың, білімнің және көзқарастың, құралдар мен тәсілдердің, көріністер мен өмір нормаларының, бағыт-бағдарлардың және олардың белгілерін білдіретін жүйе болып табылады. Мұның бәрі жалпылама қабылданған және саяси тәжірибемен реттелген, қоғамның барлық мүшелерінің саяси іс-қимылдарын реттеуші құбылыс болып табылады. Саяси мәдениет жеке тұлғалар мен саяси биліктің арақатынасының арналарына қызмет етеді. Оның негізгі міндеті жүзеге асыру жолында ешқайсысын шеттетіп ығыстырмай, қайта керісінше адамдарды саяси жүйе мен саяси іс-әрекетке тарту болып табылады. Саяси мәдениет дегеніміз саяси институттардың қалыптасуы мен дамуына айтарлықтай ықпал ететін қоғамдық сана мен ортақ мәдениет элементтерінің кешенді жиынтығы болып табылады. Ол бүтіндей алғанда саяси процестерге және халықтың саяси іс-әрекетіне мән беріп, бағдар сілтейді. Кез-келген нақты қоғамға өзіне тән, өзіндік ерекшелігі бар саяси мәдениеттің негізінің үлгісі сәйкес келеді.

Саяси мәдениет дегеніміз саяси білімдердің, саяси сананың, саяси көзқарастың және саяси құндылықтардың, сондай-ақ саяси іс-әрекеттің бірлігі болып табылады. Адамдардың саяси білімі тәжірибеде тексерілген саяси санасын, білімін қалыптастырып, оның көзқарасына айналып, саяси құндылықтардың белгілі бір жүйесі болады. Адамдар осыны басшылыққа алып, іс жүзінде саяси іс-әрекетімен өзінің білімін іске жаратады.

Саяси мәдениетті құндылықтар мен ұстанымдар жүйесі ретінде сипаттауға болады. Оны халықтың басым көпшілігі саяси ынтымақтастықтың субъектісінің сапасы ретінде қабылдайды. Бұған саяси жүйесіне қатысты түпкілікті көзқарас, ұстаным, бағыт-бағдар, белгілер жатады. Саяси мәдениет белгілі бір мағынада қоғамның сол кезеңдегі басқару формасының заңдылығы деп қабылданған таным-түсініктің деңгейі болып сол тұстағы ойындар ережесі әрекетіне мойынсұнған саяси әрекеттілікке бой ұрғандық шеңберінде ұғынылады.

Саяси мәдениеттің ұстанымы мен өмірге бейімділігінің маңызды бір факторы сол кезеңдегі жүйенің және белгілі бір саяси режим кезеңдерінің заңды болуы ретінде мойындалады. Сонымен қатар саяси мәдениетті құрайтын құндылықтар, бағыт-бағдарлар, ұстанымдар, стереотиптер жүйесінде саяси жүйенің қалыптасуы мен сақталуына қабілетті элементтер негізгі орын алады. Қоғамның барлық мүшелерінің жағымды құндылықтарының санын, олардың жекелеген компоненттерінің арасындағы, олардың тұрақтылығын, өмірге бейімділігі консенсусының деңгейі айқындайды.

Сонымен бірге бірқатар саясаттанушылардың пайымдағанындай, саяси мәдениетті қоғамның кеңінен түсінгеніндей құндылықтардың, көзқарастардың және белгілердің ғана жүйесі, сол тұстағы саяси жүйеге қатынасына «жағымды» ұстаныммен ғана шектеліп қарастыру заңды бола қоймайды. Өз тұсындағы жағдайды өзгерту жөнінде талап білдіретін саяси танымды, ұстанымды және құндылықтарды жалпы көпшіліктің таным-түсінігі, ұстанымы және баға беруі арқылы үзілді-кесілді жоққа шығарудың соңы зардапты болатынына айрықша мән беру қажет. Көбінесе қоғамның көпшілігінің пікірімен келісе қоймайтын жағдаяттар белгілі бір саяси мәдениет пен бүтіндей саяси жүйенің маңызды болмысы мен даму үрдісіне ықпал етеді. Мұндайды мойындамаған жағдайда капиталистік елдердің тарихында солшыл және оңшыл радикализм түрлері қазіргі кезеңде ондағы жағдайды өзгерту талабын білдіріп отырғанын ұғыну мүлде мүмкін болмас еді.

Саяси мәдениет дегеніміз қоғамның рухани мәдениетінің бір бөлігі болып табылады да, ол өмірдің басқа салаларымен тығыз байланыста болады. Сонымен, саяси мәдениет құқықтық мәдениетпен, адамгершілік мәдениетімен, идеялогиямен[108] т.с.с. табиғи байланыста болмақ.

Сонымен саяси мәдениет дегенді белгілі бір елдің, жекелеген таптардың, әлеуметтік топтардың, жеке тұлғалардың саяси өмір салтының интегралды сипаттамасы ретінде ол ондаған жылдар бойы ұрпақтардың саяси дәстүрі саяси практиканың сол кезеңдегі іс-қимыл нормасы деп қарастыруға да болады. Саяси мәдениеттің құрамды элементтері ретінде ол ондаған жылдар бойы ұрпақтардың саяси дәстүрі, саяси практиканың сол кезеңдегі дағдысы бола отырып түрлі қоғамдық саяси институттар арасындағы өзара қарым-қатынас жөнінде идеясы, концепциясы және пайымы т.с. сияқтыларды қамтиды. Ол жеке тұлғалардың саяси бағдарларын айқындап, адамдардың қоғамдық-саяси қарым-қатынасқа, іс жүзіндегі саясатқа араласуын қамтамасыз ете отырып, олардың саяси құндылықтарын, нормалары мен идеяларын, сондай-ақ мемлекеттің саясатына деген, саяси партияларға деген қарым-қатынасын қалыптастырып бұл орайдағы саясаттың жүзеге асырылуына қатысуына негіз болады.

Саяси мәдениеттің мазмұнын, мәнін оның құрылымы арқылы түсінуге болады. Саяси мәдениеттің құрылымы ерекше. Бүтіндей алғанда, саяси мәдениеттің құрылымында танымдық, адамгершілік баға берушілік және мінез-құлықтық элементтерді бөліп көрсетуге болады.

Саяси мәдениеттің танымдық элементі саяси білім, саяси білімділік, саяси сана, саяси ойлау тәсілі болып құралады. Саяси мәдениеттің танымдық элементі азаматтардың білімі мен түсінігін бағдарлайды: елдің Конституциясы мен мұнан өзге де заңдарын, ірі саяси күштердің бағдарламалық жағдайын; мемлекеттің, партияның және қоғамдық саяси органдар мен ұйымдардың қызметі мен құрылымын; негізгі саяси нормалар мен процедуралар, «саяси ойындардың ережесі»; елде қалыптасқан саяси қатынастар; азаматтардың қоғам мен мемлекетті басқаратын қоғамдық-саяси өмірге қатысу жолдары мен түрлері; халықаралық өмірдің жетекші саяси процестері.

Саяси мәдениеттің адамгершілік баға берушілік элементі саяси нысандар жөнінде белгілі бір түсінік пен пайымды бағдарлайды. Бұл дегеніміз әдетте саяси нысандар мен оқиғаларға қатысты бағалы өлшемдер қолдануды талап етеді. Саяси мәдениеттің құндылық қатынасы құрылымында жалпы мәдени бағдар, билікке деген көзқарас, саяси құбылыстарға деген көзқарас пен қарым-қатынас атап көрсетіледі. Мұнда саяси сезім, дәстүрлер, идеалдар, түсініктер, нақты мақсаттар маңызды роль атқарады. Қоғамның саяси мәдениеті мен оның әр мүшесінің саяси мәдениетінің дәрежесі идеялық – баға берушілік ұстанымы, нақты саяси іс-қимылының нормасы арқылы анықталады.

Саяси мәдениеттің мінез-құлықтық элементі негізгі мынандай бөліктерден тұрады: мемлекеттік құжаттардың жобаларын талқылауға және плебисциттер мен референдум өткізу шараларына қатысуын азаматтардың өздерінің ұғынуы; қоғамның саяси өміріне – жиындарға, шерулерге, саяси ереуілдерге, пикеттерге қатысуының түрлері мен дәрежесі; мемлекеттік институттар мен қоғамдық ұйымдардың өзара қарым-қатынасының түрлері мен дәрежесі, сондай-ақ, саяси партиялар мен қоғамдық саяси ұйымдарға мүше болуы; әр түрлі компаниялардағы, қоғамдық саяси іс-қимылдар мен және т.б. шараларға қатысуы.

Сонымен қатар, саяси мәдениеттің мінез-құлықтық элементіне саяси ұстанымдар, саяси белсенділік түрлері, қоғамдық саяси қызметтің түрлері, ерекшелігі, үлгісі, бүтіндей алғанда саяси дағдысы жатады.

Кез-келген саяси мәдениеттің маңызды элементі оның саяси белгісі –символы болып табылады. Саяси символ дегеніміз аса маңызды саяси идеалдардың шартты бейнесі, оларды насихаттау мен орнықтырудың аса маңызды құралы. Мемлекеттің елтаңбасы, саяси партияның эмблемасы, ұлттық жалаудың түсі, ордендер және өзге де осы секілді белгілер міне, нақ осындай мәнге ие болады. Символдардың топтастырушылық және жұмылдырушылық мәні болады, саяси позицияның үгіт-насихатының құралы қызметін атқарады. Ұлттық мемлекет пайда болғаннан бері саяси көсемдер ұлттық символдарды жасап пайдаланып келеді. Мұндай символдарға жалау, әнұран, Конституция, мерекелер, ресми сапарлар, ресми шаралар және т.с.с. жатады. Мұның бәрі адамдардың көңілін баурай отырып, олардың бірін-бірі түсініп, топтаса отырып белгілі бір әрекеттерге қатысуына ынталандырады.

Саяси мәдениет құрылымдық дәреже жағынан қарастырғанда айтарлықтай күрделі құбылыс екенін атап айтқан жөн. Оның негізгі құрылымдық үш деңгейі болады. Олар: дүниетанымдық, азаматтық және саяси деңгейі.

Мұның бәрін бір-бірімен саяси дүниетаным жымдастырып, орнықтырады. Ал, саяси дүниетаным дегеніміз адамдардың, жекелеген топтардың немесе әлеуметтік топтардың ортақ дүниетанымының құрамды бір бөлігі болады. Адамдардың саяси бағдарының сипатына, қолдауына немесе қарсы шығуына басты себеп қоғамда таным-түсінікті қалыптастыратын жүйе ұстанымының (позициясының) басым болуы және оның баға берушілік пен нормативті ұстанымдарының, адамдарға, бүтіндей алғанда қоғам мен бүкіл әлемге деген іргелі көзқарастың ықпалы күшті болады.

Саяси мәдениетте дүниетанымдық деңгей саяси мәдениеттің іргетасы болып табылады. Осындай деңгейде саяси әлемде адамдардың өзіндік бағыт-бағдар ұстануы орнығып, белгілі бір саяси бағдар мен саяси қалыптасқан нормаларды таңдайды. Мұндай таңдау адамдардың өмірге деген позициясынан, жекелеген немесе ұжымдық құндылықтарды мойындаудан өрбіп, Батыс немесе Шығыс өркениетінің нормаларына, олардың идеологияларына, зорлық-зомбылыққа, қатынасына орай қалыптасады.

Саяси мәдениеттің азаматтық деңгейі саяси мәдениеттің өзегін қалыптастырады. Мұндай деңгей адамдардың жалпы билік етудің орталығы және мәжбүр етушіліктің тетігі ретінде билікке деген қатынасын білдіреді. Адамдар саяси өмірмен араласқанда билік пен өзінің қатынасы және оның мүмкіншілігінен мұндағы орны қалыптасатыны сөзсіз. Міне, осының негізінде ол өзінің азаматтық құқы мен міндетін айқындайды. Нақ осындай азаматтық деңгейде азаматтардың билікке бағынышты болуының әділетті екені жөніндегі және билікке қатысты азаматтардың құқығының басымдығы (еркіндігі) жөніндегі сенімі қалыптасады. Мұндай іштей сенім көптеген адамдарда олардың партиялық немесе саяси топтарға деген әуестілігіне қарағанда барынша маңызды.

Саяси мәдениеттің азаматтық деңгейінің даму процесінде саяси мәдениеттің саяси деңгейі қалыптасады. Осындай мазмұнда өзіндік саяси құбылысқа деген – мемлекет пен мемлекетаралық байланыстан бастап, азамат ретіндегі өзіндік сезінуге дейін адамдардың саясаттағы субъекті ретіндегі құндылық бағдары қалыптасады; сөйтіп, адам мен саясаттың өзара қатысы түпкілікті «ұғынылады»; адам өміріндегі саясаттың мәні айқындалады. Құндылық бағдарлар саяси (немесе бейсаяси) болып орнығады. Адамдар саяси мәдениеттің саяси биігіне көтерілген соң қоғамның саяси өміріне араласады немесе саясаттан мүлде шеттеп қалады. Мұнда адамдардың белгілі бір топтары саясатты «бақылаушы» болады. Мұндайлар өздерінің мәселелерін бәз біреулер бәзбір кезде шешеді деп үміттенеді.

Саяси мәдениеттің құрылымдық деңгейі мен элементтері өзара тығыз байланыста болып, біртұтас тұрақты және жүйелі іс-қимылға айналатынын айтудың маңызы зор. Мұнда саяси мәдениеттің мәні мен маңызын терең ұғыну үшін саяси мәдениеттің типтері мен қызметінің ерекшелігін талдаудың маңызы зор.

2. Саяси мәдениеттің типтері мен қызметі

Тарихта саяси мәдениеттің өзгеру процестерін, белгілі бір саяси қауымдастықтың саяси мәдениетінің ерекшелігін бейнелеу үшін саяси мәдениеттің типі деген ұғым енгізілген. Саяси мәдениеттің типі дегеніміз – тарихи уақыттың белгілі бір кезеңдерінде, белгілі бір тарихи ортада өмір сүрген қалыпты дағдыға ие, бір немесе бірнеше мемлекеттің шеңберіндегі оқиғалар мен саяси өрлеуге деген көзқарастары бірдей адамдардың барынша ортақ дағдылары мен саяси санасы болып табылады. Мұндай типтердің ерекшеленіп бөлінуіне негіз болатын объективті және субъективті факторлар болуы мүмкін.

Саяси ғылымда саяси мәдениеттің көптеген типтері бар екенін айта кету керек. Саяси мәдениеттің типтерін тұңғыш рет Американың әлеуметтанушылары Г.Алмонд пен С.Верб тереңдеп зерттеді. 1958 жылдан 1962 жылға дейін олар Ұлыбританияда, Батыс Германияда, Италияда, Мексикада және АҚШ-та саяси мәдениетті кең көлемде салыстыра зерттеу тәсілін қолданды. Олардың зерттеулерінің нәтижелері мен оның негізінде жасалған концепция «Азаматтық мәдениет» деген кітапқа енгізілді. Онда саяси мәдениеттің үш типі: патриархалдық, басыбайлылық және белсенділік ерекше бөлінді.

Саяси мәдениеттің патриархалдық типіне жергілікті құндылықтарға – қауымдастыққа, руға, рулық қауымға, деревняға, тайпаға т.с.с. азаматтардың бағдар алуы тән болып келеді. Сонымен патриархалдық мәдениетті ұстанған адамдар белгілі бір тұлғаға, көсемге, шаманға бағдар ұстанады. Мұндай қауымдастық мүшелерінің саяси жүйе туралы білімнен хабары болмайды, олардың саяси бағдары экономикалық және діни бағдардан ажырамаған. Сондықтан патриархалдық мәдениетті ұстанған адамдар саяси жүйеден ештеңе күтпейді. Мысалы, Африкадағы тайпаларға патриархалдық саяси мәдениет тән. Оларда атқаруға тиіс арнайы саяси роль деген болмайды. Жергілікті көсемдер мен шамандардың орталық үкіметпен ешқандай қатысы болмайды да, олармен қарым-қатынасы белгілі бір нормалармен айқындалмайды. Патриархалдық саяси мәдениет индустриальды дамушы елдерде де сақталып қалуы мүмкін. Мұндағы азаматтардың көпшілігінің көзқарасы өздерінің өңірлері, тұратын қалалары т.с.с. шеңберінен аспайды.

Саяси мәдениеттің басыбайлылық типі дегеніміз – мәдениеттің тәуелді және бағынышты болуы. Саяси мәдениеттің басыбайлы типі саяси институттары, мекемелері мен ұйымдары және т.с.с. бар қоғамдарға тән. Алайда мұндағы саяси билік «жоғарыдан төменге» деген саяси нормаға айналып, игілікке бөленемін немесе жазалауға ұшыраймын деген оймен жоғарғылардың әмірін орындаушылық саяси дағды болып қалыптасады. Мұндай саяси мәдениет азаматтардың саяси белсенділігі барынша төмен дәрежедегі қоғамда орын алады. Ол негізінен бәсең сипатқа ие және адамдарды саяси жүйеге қатысудан шеттетеді. Сөйтіп, адамдар мұнда саяси саналы бола тұра тек қалыптасқан дәстүрді ғана бағдарға алады.

Саяси мәдениеттің белсенділік типі дегеніміз индивидтердің саяси өмірге белсене қатысуымен ерекшеленетін саяси мәдениет болып табылады. Мұнда азаматтар сайлау арқылы өздерінің мүддесін білгірлікпен қорғайды. Мүдделер тобы, партиялар саясатты қалыптастыру процесіне ықпал етеді. Сонымен қатар олар саяси жүйеге өздерінің адалдығын, заңға мойынсұнушылығын және қабылданған шешімдерді құрметтеуін аңғартып отырады.

Алайда, саяси мәдениеттің мұндай типтері өмірде таза күйінде кездесе қоймайды[109]. Олар қай уақытта болсын, қай елде болсын бір-бірімен араласып, бірін бірі ығыстырып жатады. Сондықтан да Г.Алмонд пен С.Вербтің пайымдағанындай өмірде олар араласқан түрде көрініс береді. Мысалы, нақты өмірде саяси мәдениеттің патриархалдық және басыбайлылық типтерінің элементтері патриархалды-басыбайлық тип болып, саяси мәдениеттің патриархалдық және белсенділік-патриархалды-белсенділік тип болып, саяси мәдениеттің басыбайлылық және белсенділік-басыбайлы-белсенділік типі болып қалыптасады.

Маркстік әдебиетте, ішінара саяси мәдениет көбінесе дәстүрлік, сословиелік, буржуазиялық, социалистік, т.с.с. болып бөлінеді. Сонымен қатар әдебиетте саяси мәдениет демократиялық, авторитарлық, авторитарлық-патриархалдық, тоталитарлық, сондай-ақ, архаикалық, элитарлық, өкілділік, жоғары азаматтылықтың саяси мәдениеті т.с.с. болып өзге типтерге де бөлінеді.

Саяси мәдениеттің барынша кең тараған түрі авторитарлық, тоталитарлық және жаппай көпшілік саяси мәдениет болып табылады. Саяси мәдениетте өзіндік ерекшелігі бола тұра авторитарлық және тоталитарлық саяси мәдениеттің көптеген ортақ белгілері болады. Сондықтан да әдебиетте олар көбінесе бірге сипатталады. Саяси мәдениеттің авторитарлық және тоталитарлық түріне бір жағынан қоғамдық санаға үстемдік жасайтын көріністер, идеялар, наным-сенім, көсемдердің, адамдар тобының, т.с.с. ерекше қабілеті тән болып келеді. Екінші жағынан мұндай саяси мәдениет адамдардың ортақ қасиеттерінің ерекшелігі билік ететін көсемге, адамдар тобына, партияға, т.с.с. адамдардың саяси іс-әрекетінде басым болып келеді. Мұндай саяси мәдениетке бір мақсатқа жетуге, қарым-қатынастың бірқалыпқа түсуіне және оның іс-әрекетіне, жеке тұлғалардың топтардың ішіне араласып кетуіне, т.с.с. қол жеткізу үшін материалдық, интеллектуальдық және өзге ресурстарға бағыныштылығы тән.

Жаппай көпшілік саяси мәдениет жалпы алғанда бұқара халықтың пайдалануына есептелген мәдени құндылықтар өндірісі түрінде болатынын көрсетеді. Сонымен қатар, жаппай көпшілік саяси мәдениет дегеніміз адамдардың саяси іс-әрекетті тұтынушылығын барынша енжарлы қалыптасатындай болуға және нарық заңы бойынша қалай болса солай пайдаланылатын идеологиялық «рецепт» болуға есептелген – баға берудің, құндылықтардың, дағдылардың үлгілерінің, т.с.с. жиынтығы болып табылады. Жаппай көпшілік саяси мәдениет көбінесе қоғамның жоғары тобына тән элитарлық саяси мәдениетке қарама-қарсы (антикод) ретінде қарастырылады. Шын мәнінде мұндай мәдениеттердің ортақ жағдаяттары аз емес. Мұндай саяси мәдениетті ұстанушылардың түсінігі әдетте өмір шындығын бұрмалауға саяды. Бұл екі саяси мәдениет сән үлгісі мен жарнамадан ажырамайтын тұтынушылық идеясымен тікелей байланысты болып келеді.

Шынайы демократиялық саяси мәдениетке адамдардың қамтамасыз етілуі мен құрметтелу құқы және еріктілігі, халықтың мемлекеттік және қоғамдық істерді басқаруға шынайы қатысуы, шын мәніндегі халық билігінің орнығуы тән болып келеді.

Саяси өмірді қалыптастырудың басым механизмі бойынша саяси мәдениет нарықтық және этатистикалық (мемлекеттік-бюрократтық) болып бөлінеді.

Саяси мәдениеттің нарықтық типі –саясат дегеніміз – бизнестің түрі» деген мәнде түзіледі. Онда саясаткер дегеніміз бизнесмен, олардың мақсаты барынша пайда алуға қол жеткізу болады. Саяси шешім дегеніміз ынталы жақтардың арасындағы сауда келісімі, саяси мәселелер сату-сатып алу тұрғысынан қарастырылады. Ал, барлық саяси өмір өзара міндет бөлісу жүйесіне негізделіп, саяси партиялар немесе қысым жасаушылар тобы арқылы жүзеге асырылатын жеке мүдделердің орнығуы дегенге саяды. Мемлекеттің рөлі мынандай тұжырыммен түсіндіріледі: «Жақсы үкімет дегеніміз – барынша аз мөлшерде билік ететін үкімет». Осы тұрғыдан алғанда нарықтық саяси мәдениеттің өзіндік сипаты бәсекелестік күреске күшті бағдар алу және барынша айқын көрінетін индивидуализм болып табылады.