САЯСИ РЕЖИМДЕР 4 страница

Әрине, демократия – идеалды құбылыс емес, бірақ, барлық кемшіліктеріне қарамастан ол осы уақытқа дейін белгілі болып отырған саяси режимдердің ішіндегі ең жақсы және ең әділетті басқару формасы.

Айта кету керек, егер азаматтардың саяси мәселелер бойынша дербес шешімдер қабылдауына жағдайлар жасалып және де олардың мүдделерін биліктің әрекеті қанағаттандырмайтын болса, онда бұл әрекетке олардың қарсы шығуына құқықтары болса, тек сондай жағдайда ғана демократиялық режимдер тиімді жұмыс істейді. Бұл үшін олардың қызмет етуіне кепілдік берілуі қажет. Демократиялық режимдердің қызмет етуінің кепілдіктері мыналар болып табылады: азаматтардың қоғам тарапынан мемлекеттік органдар мен оның аппаратының қызметіне бақылау жасау жүйесінің құрылуы; билікті иемденуге байланысты артықшылықтар жүйесінің жойылуы; азаматтардың өз уақытында және толық саяси ақпараттандырылуы үшін мүмкіндіктердің болуы; депутаттарды кері шақырып алу және шенеуніктерді ауыстыру ісін жеңілдету.

Сонымен, демократиялық режим – бұл дамушы, ілгері жылжушы режим, халық өкіметі – яғни, халыққа барлық билікті, қоғамды және мемлекетті басқарудың шынайы мүмкіндігін олар бақылайтын саяси институттар арқылы беру.

Тұтас алғанда, соңғы он жылдықтарда бүкіл әлемдік ауқымдағы саяси режимдерді демократияландырудың жалпы ағымы жөнінде айтуға болады. Қазіргі кездегі Қазақстанды жаңарту үшін демократияландырудың әлемдік тәжірибесі аса маңызды болып табылады. Қалай болғанда да, бұл қазақстандық қоғамның саяси даму ерекшеліктерін анықтауға және олардың әлемдік ағымдармен ара қатынасын белгілеуге мүмкіндік береді.

Дегенмен, біздің елімізде демократиялық режим орнатылды деп айтуға әлі ерте екендігі анық. Қазіргі Қазақстандағы саяси режим сипаты жағынан мәнісі бойынша авторитарлы-демократиялық режимнің либералдық типіне көбірек жақын. Авторитарлық негіздер ең алдымен, биліктің мемлекет басшысы – президенттің қолына көбірек шоғырландырылғандығынан көрініс береді.

Қазақстанның Президенті – атқарушы және басқарушы биліктің басшысы, бас қолбасшы. Үкіметті қалыптастырудың барлық шексіз құқықтары дерлік оған тиесілі. Сонымен бірге елдің парламенті, бәрінен бұрын Мәжіліс, заңдарды қабылдау, үкімет басшысын және мемлекеттік бюджетті бекітуден басқа қайсыбір шынайы құзырларынан айырылған. Осылайша, биліктің президент пен атқарушы органдардың қолына тым шоғарлануы жағдайында қоғамның тарапынан да, сондай-ақ заң шығарушылар тарапынан да олардың қызметіне үнемі ықпалды бақылау жасау мүмкіндігі іс жүзінде жоқ. Бұл республикалық қаржыны бақылаусыз жұмсауға, сыбайлас жемқорлыққа қолайлы мүмкіндік жасайды. Мұндай жағдайда бақылау құралдары болып бұқаралық ақпарат құралдары және кемеліне жеткен партиялық жүйе қызмет атқаруы тиіс. Алайда, әлеуметтік топтардың мүдделерін анықтауға және білдіруге қабілетті бәсекелес партиялық жүйенің қалыптасуы әлі аяқталып біткен жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарының өзі нарық жағдайында билікке тәуелді болады, өйткені олар мемлекеттің қаржысымен өмір сүреді.

Қазақстан саяси режимінің эволюциясы оның демократияландырылуы бағытында қоғамды саяси лидерлер мен элиталардың субъективизімінен қорғауға мүмкіндік беретін биліктің әр түрлі тармақтары арасындағы функциялар мен құзырлардың неғұрлым ұтымды бөлінісімен байланысты. Қазақстанның алдында әлі шын мәнісіндегі демократияландыру жолын жүріп өтудің ұзақ сапары тұр.

Саяси режимдерді демократияландыру – бұл қоғамдық өмірдің барлық жақтарын ең алдымен, әлеуметтік-саяси қатынастарды, шынайы халық өкіметі мен гуманизмді, адам құқығының басымдығын мойындау негізінде қайта құрудың бәріне ортақ басты бағыт.

Жоғарыда айтылғандардың бәрін қорытындылай келе, саяси режимдер қоғамның саяси жүйесінің функционалдық аспектілерін қарастырады деген тұжырым жасауға болады. Саяси режимдер – бұл саяси билікті және нақты билік институттары мен тармақтарының ұйымдастырылу принциптерін іске асырудың типтері, формалары және әдістері. Ал, адам құқықтары мен бостандықтарының көлемі, мемлекеттік билікті іске асырудың әдістері, мемлекет пен қоғамның арасындағы өзара қатынастың сипаты, саяси шешімдер қабылдауға қоғамның ықпал ету мүмкіндіктерінің болуы немесе болмауы, саяси институттардың қалыптасу тәсілдері, саяси шешімдерді жасаудың әдістері саяси режимдердің сапалы сипаттамасы болып табылады.

 

 

Жетінші тақырып.

ҚОҒАМНЫҢ САЯСИ ЖҮЙЕСІ

Қоғамның саяси жүйесінің проблемалары саясаттанушы ғалымдардың әлеуметтанушылардың, тарихшылардың, заңгерлердің, философтардың айырықша назарын аударып отыр. Мұның өзі түсінікті де. Өйткені төтенше күрделі қарым-қатынастар қалыптасқан қазіргі даму жағдайында қоғамның саяси жүйесін талдаудың маңызы арта түсуде.

Қоғамның саяси жүйесінің тұжырымдамасы саяси ғылымдардың методологиялық арсеналына сапалық жаңалықтар енгізу үшін жасалған ұмтылыс ретінде XX ғасырдың орта шенінде қалыптасты. Әлеуметтік процестерді зерттеуге жүйелік, бихевиористік және құрылымдық-функционалдық тұрғыдан келу қоғамның саяси жүйесі теориясының негізі болып келеді. Бұған қоса саясаттануда осы әдістер тұрғысынан келу қоғамның саяси жүйесін әр түрлі деңгейлерде терең, неғұрлым кешенді талдауға мүмкіндік береді.

Қоғамның саяси жүйесін жұмыс істеп тұрған, біртұтас жанды дүние ретінде қарастыруға болады. Осыған байланысты саяси жүйе арқылы қоғамның әлеуметтік-экономикалық және рухани өмірінің тыныс-тіршілігі жүзеге асырылады, осында әртүрлі қоғамдық күштер мүдделерінің қиылысуы мен қақтығысуы жүріп жатады, билік сипатындағы шешімдер қабылданады деп айтуға болады:. Қоғамның саяси жүйесі алға қойылған мақсаттардың орындалуы үшін әр түрлі саяси субъектілер қызметінің үздіксіздігін, байланыстылығын және оларды сатылап үйлестіруді қамтамасыз етеді. Ол әлеуметтік жанжалдар мен қайшылықтарды шешу механизмін анықтайды, қоғамдық қатынастарды үйлестіреді, әр түрлі қоғамдық күштердің негізгі кұндылықтары бойынша, қоғамдық дамудың мақсаттары мен бағыттары жөнінен консенсусқа жетуіне септеседі.

Сонымен бірге, қоғамның саяси жүйесі таптардың, әлеуметтік топтардың, халықтардың саяси мүдделерін түсінуге, осы мүдделерді білдіретін саяси құбылыстардың өзара байланыстылығы мен өзара тәуелділігін анықтауға мүмкіндік береді. Қоғамның саяси жүйесінің осы және басқа да мәселелерін дұрыс түсіну үшін, ең алдымен, қоғамның саяси жүйесінің ұғымы мен мәнін қарастыру қажет.

1. Қоғамның саяси жүйесі жөніндегі ұғым және оның мәні

Қоғамның саяси жүйесінің осы заманғы тұжырымдамасы оны анықтаудың әр түрлі өлшемдерін ұсынады. Сондықтан, саясаттанушылар арасында бұл ұғымды түрліше түсіндіру қалыптасқан. Бүгінде ғылыми әдебиетте қоғамның саяси жүйесі жөнінде елуге жуық анықтама берілген. Мәселен, бірқатар ғалымдар саяси жүйені идеялар (комплексі) кешені деп білсе, басқа біреулері оны өзара әрекет ету жүйесі ретінде таниды, үшінші біреулері оған белгілі бір элементтердің жиынтығы деген анықтама береді. Алайда Г.Алмонд пен Д.Истонның саяси жүйе жөніндегі (концепциясы) тұжырымдамасы классикалық үлгідегі тұжырымдама болып табылады. Олар қоғамның саяси жүйесін зерттеуге жүйелі тұрғыдан келуді енгізді. Жүйелі тұрғыдан келу көзқарасы бойынша саяси жүйе сырттан болатын импульстарға құлақ асатын өздігінен реттелуші, өздігінен дамушы организм болып табылады.

Ғылыми әдебиетте қоғамның саяси жүйесіне сипаттама беруде институционалдық тұрғыдан келу де атап көрсетілген. Институционалдық тұрғыдан келу дегеніміз, бұл – саяси жүйені айқындауға мемлекеттік, институционалдық саяси ұйымдар арқылы, олардың байланыстары мен өзара байланыс жасау жүйесі арқылы келу деген сөз. Қоғамның саяси жүйесін функционалдық жағынан да қарастыруға болады. Функционалдық жағынан қарастырылатын қоғамдық саяси жүйе мынандай екі бөліктен: саяси билік жүргізу жүйесі мен қоғамдық істерді тікелей басқару жүйесінен тұруы да мүмкін.

Саяси билік жүргізу жүйесі басшылық жасау рөлін атқарады. Саяси билік жүргізуші жүйе – заң шығарушы және басқа да мемлекеттік органдар, сондай-ақ саяси жүйенің өзге де институттары арқылы қоғамдық дамудың негізгі бағыттарын айқындайды, қоғам басшылыққа алатын жалпы принциптерді және әлеуметтік нормаларды орнықтырады.

Атқарушы органдарды, мемлекет пен партияларды, қоғамдық ұйымдар органдары мен қозғалыстарды қамтитын қоғамдық істерді тікелей басқару жүйесі билік жүргізуші бөліктің өкімдері мен талаптарын орындауға, олардың білдірген еріктері мен әлеуметтік топтардың мүдделерін жүзеге асыруға тиіс. Қоғамның саяси жүйесінің екі бөлігінің арасында диалектикалық өзара тәуелділік қалыптасады.

Бүгінде саясаттануда қоғамның саяси жүйесін талдауға жаңа қырынан келу қажет, ал ол синергетика арқылы мүмкін болмақ. Синергетика – бұл өзінің мәні жағынан пәнаралық болып табылатын жаңа ғылыми парадигма. Ол ашық және өзгермелі (нелинейных) қоғамның саяси жүйесінде қалыптасатын өздігінен ұйымдастырылатын, өздігінен басқарылатын процестерді зерттейді. Синергетика – кездейсоқ саяси құбылыстарды жалпы сипаттық белгілерге жатқызады. Синергетикалық тұрғыдан келгенде, кездейсоқтық саяси өмірдің өзіндік, сипаттық қасиеті ретінде қарастырылады. Бұл бағыттағы одан арғы зерттеу, меніңше, синергетика тұрғысынан келуді қоғамның саяси жүйесін танудың және түсіндірудің сенімді методологиясына ұластырады. Саяси микроқұрылымды және саяси өзара әрекеттесуге нақты қатысушылардың мінез-құлқын, сондай-ақ қоғамның саяси жүйесінің құрылымы мен функциясын түсіндіруге негізделген теорияны сипаттайтын тұжырымдаманы келісудің сенімді әдісін табуға жағдай туғызуы да мүмкін.

Қоғамның саяси жүйесі – белгілі бір саяси және құқықтық нормаларға, мәдениеттің құндылықтары мен дәстүрлеріне негізделген қоғамның саяси ұйымдары рөлінің, қатынасының, процестерінің, принциптерінің реттелген құнды жиынтығы болып табылатын саяси институттарды көзге елестететін күрделі, көп қырлы жүйе.

Осыған орай «жүйе» ұғымы қоғамның саяси жүйесінің базалық ұғымы болып табылатынын айтқан жөн. Саяси ғылымдардағы «жүйе» ұғымы биологиядан енген термин екені белгілі. «Жүйе» ұғымы – бұл өзі өмір сүріп отырған сыртқы жағдайлармен өзара әрекеті кезінде өзінің құрылымын өзгертуге бейімделген, солармен біртұтастықты құрайтын, байланыста және қарым-қатынаста болатын элементтердің белгілі бір сапалы жиынтығынан тұратын пән, құбылыс немесе процесс екенін атап көрсетуіміз керек. Ал, «жүйе» ұғымы саяси ғылымдарда саяси шешімдер қабылдау және оны жүзеге асыру процесіне ықпал етуші өзара байланыстарды, әрекетті және құрылымды білдіреді.

Кез келген қоғамдық жүйе бірінің өзгеруі бүкіл тұтастықты және реттілікті бұзбайтындай байланыста болатын көптеген элементтердің белгілі бір жиынтығын болжайды, елестетеді. Дұрысында жүйе неғұрлым жоғары және неғұрлым төменгі сатыдағы жүйелердің болуын, сондай-ақ ішкі жүйе өмір сүруін жоққа шығармайды. Жүйелік методологияны жасаудың негізінде кейбір жалпы ұғымдарды тұжырымдауға, сондай-ақ кез келген құбылыс пен процестерді сипаттап жазуға мүмкіндік беретін әдістемелік тәсілдерді анықтауға ұмтылушылық жатыр. Басты идея өзінің табиғаты бойынша неғұрлым әр түрлі саналатын құбылыстың өзі ортақ қасиеттерімен белгілі болып отырған жүйе ретінде қарастырылатындығына келіп тіреледі. Жүйенің дамуы элементтердің, сондай-ақ басқа да ішкі және сыртқы факторлардың өзгерісіне байланысты. Ал, қоғамның саяси жүйесі қоғамдық-тарихи дамудың нәтижесі болып табылады.

Қоғамның саяси жүйесі жөніндегі ұғым әр түрлі саяси институттардың, әлеуметтік саяси қауымдастықтардың тамыр жайған жиынтық тобын, олардың өзара әрекеті мен өзара қарым-қатынасының нормаларын және принциптерін бейнелейді. Өйткені саяси билік осы нормалар мен принциптер арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қоса қоғамның саяси жүйесі жөніндегі ұғым саяси процестер қалай реттелетінін де, саяси сала қалай қалыптасып, жұмыс істейтінін де көрсетеді.

Қоғамның саяси жүйесі жөніндегі ұғым саяси өмірді қоғамдық өмірдің басқа бөлігінен бөліп қарауды қажет етеді. Сондықтан саяси жүйені қоғамдық жүйенің жиынтық тобының жеке ішкі бағынысты жүйесі ретінде қарастыру керек. Саяси жүйе ішкі бағынысты жүйе ретінде қоғамдық басқа да ішкі бағынысты жүйелермен: әлеуметтік, экономикалық, моральдық, құқұқтық, мәдени, идеологиялық және т.б. өзара әрекетте болады. Саяси жүйе осы қоғамдық қоршаған ортадан өз ресурстарын алады.

Саяси жүйе қоғамдық қоршаған ортамен бірлесе әрекеттесу, соған ықпал ету, сондай-ақ өз қызметін жөнге келтіру арқылы қоғамның әрқилы деңгейлерінде саяси үрдістердің құрылымдық-ұйымдастырушылық интеграциясын қамтамасыз етеді. Қоғамдық-қоршаған ортада биліктің мүдделері мен талаптарын қанағаттандыруға, оларды талдап, қорытындылауға, жалпы мәні бар саяси мақсаттарды орнықтыруға, биліктің қажетті ресурстарын іздестіру мен бөлуге және алға қойған мақсаттарды орындауды қамтамасыз етуге қабілетті біртұтас саяси орталық құрылып қалыптасады.

Біртұтас қоғамдық жүйе шеңберінде ішкі бағынысты жүйелердің бірлесе әрекеттесуінің сипаттамаларын қарастыру барысында қоғамның саяси жүйесінің өзіне тән орнын анықтап алу кажет. Осыған байланысты қоғамның саяси жүйесінің өзге де ішкі жүйеге бағыныстылар алдында өзіне тән «жоғары билікке» ие болатынын атап өткен жөн. Оның мәні мынада – саяси жүйелердің шеңберінде талданылып жасалынған саяси шешімдер, кесімдер, заңдар бүкіл қоғам үшін жалпы білім беретін сипатқа ие болады, яғни қоғамның өзге де бағынысты жүйелеріне тікелей әсер етеді. Сонымен бірге саяси жүйенің төтенше аса жоғары «жеке дербестігі», бағынысты өзге жүйелерге қарағанда азаматтардың іс-әрекеттеріне арнайы құқықтық және саяси нормалар арқылы қатаң реттеліп, әсер ететін ерекше тетігі және қалыптасу деңгейі болады.

Қоғамның саяси жүйесі басқа жүйелерден мыналар арқылы ерекшеленеді: ол әмбебап болып саналады және бүкіл қоғам мен оның барлық мүшелеріне өз бетінше әсер етеді; күш көрсетіп ырыққа көндіру тәсілдерін қолданғанда соны түбегейлі бақылауға ұмтылады; оның міндеттеуге негізделген шешімдерді енгізу құқығын қоғам заңды деп қабылдайды; оның шешімдері беделді-билікті болып саналады және оның жариялылық күшіне орай бұл шешімдердің міндетті түрде орындалуы мүмкін.

«Қоғамның саяси жүйесі» түсінігін осыған біршама жақын өзге де түсініктерден ажырата білу керек. Олардың қатарында мәселен, «қоғамның саяси ұйымы», «қоғамның саяси өмірі», «саяси құрылым», «саяси режим» секілді түрлері болады. Сондықтан «қоғамның саяси жүйесі» түсінігімен салыстырғанда «қоғамның саяси өмірі» деген түсінік аса ауқымды болып саналады. Ол барлық саяси байланыстарды, барлық деңгейлердегі қоғамның өмірінде болып жатқан құбылыстар мен үрдістерді қамтиды. Саяси жүйе – оның кемелділігінің неғұрлым жоғары деңгейде болғанына қарамастан, бұл бар болғаны қоғамның саяси өмірінің бір бөлігі ғана. Қоғамның саяси өмірі үшін жүйелілік белгісі саяси жүйелер секілді оның ерекше сипаты болып саналмайды. «Саяси құрылыс» түсінігі саяси жүйеге де, сонымен бірге қоғамның саяси өміріне де қатысты. «Қоғамның саяси жүйесі» түсінігімен салыстырғанда анағұрлым тар ауқымды болып саналатын «қоғамның саяси ұйымы» түсінігі қоғамның саяси өміріндегі құрылымдық элементтердің біреуін, оның статистикалық бөліктерін құрайтын саяси институттар мен бірлестіктердің жүйесі деген ұғымды білдіреді. «Саяси жүйе» мен «саяси режим» түсініктері өздерінің мазмұндары бойынша бір-біріне өте жақын болады. Сондықтан да олар бір-бірінің синонимдері ретінде пайдаланыла береді. Мәселен, ғылыми әдебиеттерде, сондай-ақ БАҚ-тар «демократиялық режим» – «демократиялық жүйе» деген түсініктер көбінесе бір мағынада қолданыла береді. Алайда, олардың арасында бірқатар өзгешеліктер бар. Саяси жүйенің бір түрінің шеңберінде саяси режимдердің өзіндік ерекшеліктері болуы мүмкін. Олай болса саяси режим дегеніміз – саяси билікті жүзеге асырудын түрлері мен әдістері бойынша бір-бірінен ерекшелінетін неғұрлым ауыспалы түсінік болып табылады.

Қоғамның саяси жүйесінің мәні көп жағдайларда саяси режим арқылы анықталып отырады. Қоғамның саяси жүйесінің мәнін анықтауға келетін болсақ, бұл кезде ғылыми әдебиеттерде кездесетін осы міндетті шешуге арналған көптеген тәсілдерге назар аударған жөн. Бұдан көретініміз, біріншіден, қарастырылып отырған құбылыстың аса күрделі екендігі, екіншіден, ұсынылып отырған сипаттамалардың алға қойған мақсаттарға және зерттеудің пайдаланылып отырған әдістеріне тәуелділігі, саяси жүйенің мәнін анықтау кезінде тұтастай алғанда ең алдымен саясаттың негізгі бағыттарын – қоғамның интеграциясын және «билік» категориясында көрініс тапқан оның имманентті сапасын ескеру қажет. Осыған байланысты қоғамның саяси өмірінің мәні адамдардың іс-әрекеттерінің көріністерінен байқалады деп атап көрсеткен жөн. Бұл көріністер тікелей саяси билік арқылы жүзеге асырылады. Ал саяси билік қоғамның саяси жүйесінің өзегі болып саналады. Сондықтан қоғамның саяси жүйесі саяси билікке тікелей немесе өздерінің ұйымдары мен қозғалыстары арқылы ықпал ете алатын әлеуметтік топтардың, халықтардың сан қырлы мүдделерін білдіреді. Саяси институттар мен құрылымдардың атқаратын кызметтерінің нәтижесінде, сондай-ақ адамдардың басқарушы және басқарылатын саяси рольді орындауы нәтижесінде саяси жүйе қоғамның әр түрлі өміріне мақсатты түрде әсер ете алады. Саяси жүйе тетіктерінің әлеуметтік қатынастарға әсер етуі – құндылықтар мен ресурстарды қоғамның ішінде билік жолымен бөлу қабілетіне негізделген. Осыған орай халыққа белгілі бір мөлшерлі шамалар мен іс-әрекеттерінің нормалары көрсетіліп беріледі.

Міне, осыған байланысты «қоғамның саяси жүйесі» түсінігі мемлекет пен қоғамның арасындағы, мемлекеттік емес деңгейдегі әр түрлі әлеуметтік субъектілердің арасындағы өзара қарым-қатынасының сипаттамасы ретінде пайдаланылады.

Саяси институттар мен құрылымдардың атқарып отырған қызметтерінің, адамдардың «басқарушы және басқарылушы» дейтін саяси рөлдерді орындауының нәтижесінде саяси жүйе қоғамның тыныс-тіршілігінің әр түрлі сипаттарына ықпал етеді.

Саяси жүйе мемлекеттік билікті пайдалану, соған қатысу, соған жету жолында күресу негізінде әлеуметтік қауымдастықтар арасында өндірісті реттейтіндігін және игіліктерді бөлетіндігін атап өткен жөн.

Қоғамның саяси жүйесі сипатының оның әлеуметтік-экономикалық негіз арқылы тұжырымдалатынын да атап көрсету керек. Саяси жүйеде өндірістік қатынастарды өзгерту мен жетілдіру өндірістік күштер мен өндірістік қатынастар арасында пайда болатын қарама-қайшылықтардың бетін ашу және оны шешу жолы арқылы жүзеге асырылады. Міне, осы қарама-қайшылықты шешу – қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуын тездетудің маңызды көздерін құрайды.

Қоғамның даму үрдісінде пайда болатын осы қарама-қайшылықты шешу заңғарлығына ие болу үшін ең алдымен қоғамдық жүйенің өзі сол өзінің алдында тұрған міндеттер деңгейіне көтеріле алуы керек. Бұл – оны ұдайы жетілдіруді, дамудың экстенсивті факторларын жеңіп шығу кезінде, яғни осының алдындағы кезеңдерден сақталып қалған оның жекелеген буындары мен институттарындағы әлі де қолданыстан түспей келе жатқан енжарлықты жеңіп шығуды меңзейді.

Қоғамның осы заманғы дамуында пайда болатын қарама-қайшылықтарды шешу және нақты қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін экономикалық тетіктерді, жоспарлау жүйесін түбегейлі жақсартуды, қоғамдық өндірістің және қоғамның тыныс тіршілігінің барлық жақтарын елеулі түрде арттыруда қамтыған қолданыстағы өндірістік қатынастарды айтарлықтай деңгейде одан әрі жетілдіру керек. Қоғамның саяси жүйесі таптың табиғаты, әлеуметтік кұрылыс, басқарудын формасы, мемлекеттің түрі, саяси режимнің, әлеуметтік-саяси қатынастардың сипаты, мемлекеттің саяси-құқықтық мәртебесі, қоғамдағы саяси-идеологиялық және мәдени қатынастардың сипаттары мен мемлекеттің тарихи түрі, тарихи және ұлттық құрылымдар мен саяси өмір салтының дәстүрлері және басқалар арқылы анықталады.