Жоспарлау стратегиялары

3. Стратегияларды бағалау

4. Маркетинг қаржысы

1. Стратегиялық жоспарлау үдерісі

Стратегиялық жоспарлау үдерісі фирманың мақсаты мен әлуетті мүмкіндіктері арасындағы стратегиялық сәйкестікті келтіруді және оны қолдауды басқару үшін жүргізіледі. Стратегиялық жоспарлау:

1) ұйым жұмысының бағытын анықтауға және маркетинг зерттеулері құрылымын, тұтынушыларды зерттеу және өнімді жоспарлау үдерісін жақсы игеруге мүмкіндік береді;

2) фирманың жалпы мақсаты мен оның бөлімшелерінің міндеттерін дұрыс үйлестіруді қамтамасыз етеді;

3) фирманың және бәсекелестердің мықты және әлсіз жақтарын бағалауға мүмкіндік береді;

4) қолдана алатын баламалы әрекеттерді анықтауға жағдай жасайды;

5) фирма қорларын дұрыс бөліп пайдалануға негіз жасайды.

Стратегиялық жоспарлау үдерісі келесі өзара тығыз байланысты тараулардан тұрады:

I. Мекеменің мақсатын белгілеу тарауы. Бұл тарауда фирма мақсатын орындау нәтижесінде қандай тұтынушылар тобына қызметтер көрсетілетіні, қандай қызметтер түрлері орындалатыны және қандай өндіріс үдерістері қолданылатыны анықталады.

ІІ. Стратегиялық шаруашылық бөлімшелерін (СШБ) құру тарауы. Стратегиялық шаруашылық бөлімшелері дегеніміз фирма құрамындағы белгілі рынокқа әрекетін шоғырландырып және барлық іс-қимылын бір стратегияға бағындырып, толық жауапкершілікпен ассортименттік топ не тауар бөліміне байланысты жұмысын жүргізетін тәуелсіз фирма бөлімшелері болады. Бұл бөлімшелер стратегиялық жоспарлаудың негізгі элементін құрайды. Олардың жалпы сипаттамалары мыналар: нақтылы белгілі әрекетке бейімделуі; дәл мақсатты рынокты игеру; фирма басшыларының біреуі СШБ-ны басқаруы; өз ресурстарын өздері бақылауы; жеке өзінің стратегиясының болуы; анық белгіленген бәсекелестерінің болуы; өзіне тән ерекшеліктерінің болуы. СШБ тұңғыш концепциясын 1971 жылы "Дженерал электрик" фирмасына "Маккинси" компаниясы дайындап берген болатын. Әрбір фирмадағы СШБ саны оның мақсатына, ресурстарына және басшылары пікіріне байланысты болады. Әдетте мамандандырылған фирмада жалғыз СШБ болуы мүмкін, ал көп салалы бизнес жүргізетін үлкен фирмаларда 30-ға дейін СШБ болуы мүмкін.

ІІІ. Маркетинг мақсатын белгілеу тарауы. Әрбір СШБ өзінің маркетинг мақсатын белгілейді. Олмақсаттар сан (мысалы, сату көлемі, табыстың өсу пайызы т.б.) және сапа (тауар бейнесі, инновациялылығы, саладағы жағдайы т.б.) көрсеткіштерімен анықталады. Қазіргі кезде сан және сапа көрсеткіштерін біріктіріп мақсатты белгілеу бағыты байқалған. Мысалы, фирманың өндіріс саласындағы жағдайы рыноктағы оның үлесімен бағаланады, тауардың инновациялылығы тіркелген жаңа патенттердің санымен анықталады. Демек, мұнда сан көрсеткіштері арқылы сапа көрсеткіштері де анықталуда.

IV. Жалпы фирма жағдайын талдау тарауында маркетинг мүмкіндіктері және кездесетін мәселелері анықталады. Бұл тарауда екі сұраққа жауап табу керек: 1. Фирманың қазіргі жағдайы қандай? 2. Ол қандай бағытта өзгеруі мүмкін? Осы сұрақтарға жауап іздеу барысында қоршаған орта зерттелінеді, фирманың мүмкіндіктері, қабілеті бағаланады, бәсекелестермен салыстырғанда мықты және әлсіз жерлері анықталады, фирманың стратегиясына бәсекелестердің жауап қайтару әсерлігі зерттелінеді.

V. Маркетинг стратегиясын дайындау тарауы. Маркетинг стратегиялары мақсатты рынокты тауарға қалай қызықтыруға, оның қажетін қалай қанағаттандыруға және фирманың мақсатына жету үшін маркетинг кешенін қалай қолдануға болатынын анықтайды. Негізінде стратегиялық жоспарлаудың келесі тәсілдері қалыптасқан: тауар/рынок мүмкіндіктері қалыптамасы, "Бостон консалтинг тобы" қалыптамасы, Портер стратегиясының үлгісі (бұлар кейініректе талданылады).

VI. Тактиканы қолдану тарауы. Тактика дегеніміз қабылданған маркетинг стратегиясын іске асыру үшін орындалатын нақты әрекеттерді қамтиды. Тактика шешімдерінде маркетинг әрекеттерін жүзеге асыру уақыты және маркетинг қызметіне қажет қаржысы белгіленеді.

VII. Нәтижелердің орындалуын бақылау тарауы. Бұл тарауда жоспарланған көрсеткіштер белгілі бір мерзім аралығында қол жеткен нәтижелермен салыстырылады. Ол үшін қаржының жұмсалуы, жұмыс кестесінің орындалуы, тауарды өткізу мәліметтері және шығындар талданылады. Егер жүмыс жоспары орындалмаған болса, фирма оның себептерін анықтап, тиісті шаралар белгілейді. Кейбір жағдайда өткізуге және шығындарға теріс әсер ететін факторлар фирмаға тәуелсіз болады. Сондықтан ондай факторларға фирманың әсер етуі қолынан келмейді. Бұл жағдайда жоспарлар қайтадан қарастырылады.