Жалпы ережелер

11.2 ҚР-да қызметін тұрақты мекеме құрмай жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалардың табыстарына салық салу тәртібі

11.3 ҚР-да қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғалардың табыстарына салық салу тәртібі

ҚР резиденттерi ҚР-да ҚР-дағы және одан тысқары жерлердегi көздерден түсетiн табыстарынан салықтар төлейдi. ҚР-да резидент еместер ҚР-дағы көздерден түсетiн табыстардан салық төлейді. ҚР-да кәсіпкерлік қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент еместер ҚР-да мұндай тұрақты мекеменің қызметіне байланысты ҚР тысқары жерлердегі көздерден түсетiн табыстардан да салық төлейді.

ҚР-да тұрақты болатын немесе ҚР-да тұрақты болмайтын, бірақ өмірлік мүдделерінің орталығы ҚР-да орналасқан жеке тұлғалар ҚР резиденттері деп танылады.

Егер жеке тұлға ағымдағы салық кезеңiнде аяқталатын кез келген үздiксiз он екi айлық кезеңде кемiнде күнтiзбелiк бiр жүз сексен үш күн (келу және кету күндерiн қоса алғанда) ҚР-да болса, ол ағымдағы салық кезеңi үшiн ҚР-да тұрақты болған жеке тұлға деп танылады.

Бір мезгілде мынадай талаптар орындалған кезде жеке тұлғаның өмірлік мүдделерінің орталығы ҚР-да орналасқан деп қарастырылады:

1) жеке тұлғада ҚР азаматтығы немесе ҚР-да тұруға рұқсаты (ықтиярхаты) болса;

2) жеке тұлғаның отбасы және (немесе) жақын туыстары ҚР-да тұрса;

3) жеке тұлғаның ҚР-да кез келген уақытта тұруы және (немесе) оның отбасы мүшелерінің тұруы үшін қолжетімді, оған және (немесе) оның отбасы мүшелеріне меншік құқығында немесе өзге де негіздерде тиесілі жылжымайтын мүлкі болса.

ҚР азаматтары болып табылатын, сондай-ақ ҚР азаматтығына қабылдау туралы немесе ҚР азаматтығына қабылдамай, ҚР-да тұрақты тұруға рұқсат ету туралы өтініш берген жеке тұлғалар ҚР-да тұрған уақытына және басқа да кез келген өлшемдерге қарамастан, резидент жеке тұлғалар деп танылады:

1) мемлекеттік билік органдары шет елге іссапарға жіберген адамдар, оның ішінде дипломатиялық, консулдық мекемелердің, халықаралық ұйымдардың қызметкерлері, сондай-ақ аталған жеке тұлғалардың отбасы мүшелері;

2) тұрақты халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын ҚР заңды тұлғаларына немесе азаматтарына тиесілі көлік құралдарының экипаж мүшелері;

3) ҚР-нан тысқары жерлерде орналасқан әскери базалардың, әскери бөлімдердің, топтардың, контингенттердің немесе құрамалардың әскери қызметшілері мен азаматтық персоналы;

4) ҚР-нан тысқары жерлерде орналасқан және ҚР немесе ҚР субъектілерінің меншігі болып табылатын объектілерде (оның ішінде концессиялық шарттар негізінде) жұмыс істейтіндер;

5) оқу немесе практикадан өту мақсатында ҚР-нан тысқары жерлерде жүрген студенттер, тағылымдамадан өтушілер мен практиканттар оқу немесе практикадан өтудің бүкіл кезеңінде;

6) сабақ беру, консультациялар беру немесе ғылыми жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында ҚР-нан тысқары жерлерде жүрген оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер сабақ берудің немесе аталған жұмыстарды орындаудың бүкіл кезеңінде;

7) емделу немесе сауықтырудан өту, профилактикалық ем алу мақсатында ҚР-нан тысқары жерлерде жүрген.

Мыналар резидент еместер деп танылады:

1) резидент болып табылмайтын жеке және заңды тұлғалар;

2) қосарланған салық салуды болғызбау туралы халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес резидент еместер болып танылатын шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар.

 

Қызметiн тұрақты мекеме құрмай жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаның табыстарына шегерiмдер жүзеге асырылмай, төлем көзiнен табыс салығы салынады.

Төлем көзінен табыс салығын салық агенті табысты төлеуді жүзеге асырудың нысаны мен орнына қарамастан, резидент емес заңды тұлғаға табысын төлеу кезінде ұстайды.

Төлем көзінен табыс салығын бюджетке есептеу, ұстау және аудару жөніндегі міндет пен жауапкершілік резидент емеске табысты төлейтін және салық агенттері деп танылған мынадай тұлғаларға жүктеледi:

1) дара кәсіпкерге;

2) егер филиал, өкілдік қосарланған салық салуды болғызбау туралы халықаралық шартқа немесе тұрақты мекеме құрмаған жағдайда, ҚР-да қызметін филиал, өкілдік арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлғаға;

3) заңды тұлғаға, оның iшiнде ҚР-да қызметiн тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емеске.

 

12-тақырып. Әлеуметтік салық