ЖЕР-АНАНЫ АЯЛА!
Біріккен Ұлттар Ұйымы жыл сайын әлем жұртшылығын қоршаған ортаны қорғауға арналған мерекеге шақырады. Қоршаған ортаны қорғау күні 1972 жылдан бастап мерекеленуде. Сол жылдан бастап әлем жұртшылығын ағаш отырғызу, көше тазалау, мектептерде шығарма конкурсын өткізу, күл-қоқыстарды қайта өңдеу жұмыстарына жұмылдырып отырады.
Экология - әлем халқының кезек күттірмес ең ауқымды міндеттердің алдыңғы қатарында тұр. Табиғаттың адамға берген сабағы – тек айналаңды ластауды ғана емес, Жер, Су, Ауаны сақтап, қорғауға өзіндік көзқарастарын қалыптастырудан басталады. Табиғатты қорғауды үйретуді бесіктен бастау керек. Халқымыз ежелден-ақ өсімдіктер мен жануарлардың табиғаттағы, адам өміріндегі қадір-қасиетін, маңызын жақсы білген. Жас ұрпақтың көкейіне құйып, оларды сақтап, қорғауға баулып, тәрбиелеген. Мысалы: «Ер – елдің көркі, орман –тоғай жердің көркі», «Бір тал кессең, он тал ек», «Дәрі шөптен шығады, дана көптен шығады», «Тау бұлағымен көрікті, бұлақ құрағымен көрікті», «Дала көркі – мал, өзен көркі - тал» сияқты табиғат тақырыбына арналған мақал-мәтелдер толықтай осыған дәлел. Сонымен қатар халқымыздың өз ұрпағын, табиғатты аялап, сақтауға тәрбиелейтін алуан түрлі өсиеттері де бар. Солардың бірі - тыйым салатын сөздер: «Көк шөпті жұлма, таптама», «Көктемде жан-жануарға тиіспе», «Құс ұясын бұзба» және тағы басқа сөздер өзіміз өмір сүріп отырған қоршаған ортаны, табиғатты, Жер -Ананы аялауға, экологияны жақсартуға өз үлестерін қосуға үйретеді.
Тапсырмалар:
1.Мәтінді оқып шығып, жаңа сөздерді аударыңыз.
2.Сұрақтарға жауап беріңіз:
-Қоршаған ортаны қорғау күні қай жылдан басталды?
-Табиғатты қорғауды қайдан бастау керек ?
-Қоршаған ортаны қорғау үшін қандай үлес қостың?
-Сен табиғатты сүйесің бе?
-Өзіңіз ағаш отырғыздыңыз ба?
3. Мәтін бойынша сұрақтар құрастырып, ауызша жауап беріңіздер.
4. Мәтіннен сын есімдрді теріп жазып, сын есімнің шырайларын жасаңыздар.
5. Мәтінде берілген мақал-мәтелдер мен тыйым сөздерді оқып, дәптерге жазып, жаттап алыңыз.
ТУҒАН ЖЕР
Туған жеріміз – Қазақстанда теңіз де, басын мәңгі қар басқан зеңгір тау да, көкпеңбек орман – тоғай да баршылық. Көз жеткісіз жазықтар мен қыраттар да аз емес.
Әрбір адам үшін туған жерден ыстық, қадірлі, қымбат ештеңе жоқ. Болуы да мүмкін емес! Өйткені сен ең алғаш жарық дүниеге келген сәттен бастап, осы өлке саған алтын бесік – атамекен болып саналады. Сенің ғана емес, сенің әкең мен шешеңе, атаң мен әжеңе, одан арғы бабаларыңа да осы өңір құтты мекен болған. Сенен кейінгі ұрпақтарға да құтты қоныс болып қала бермек.
Жер-ана бізге бәрін береді, оның жомарттығында шек жоқ: аппақ ұнынан иісі бұрқыраған ақ нан пісірілетін ақ бидай да жерден өніп шығады. Күлте жал жылқы, семіз қой, шаңырақ мүйіз сиыр, күші мен төзімділігіне адам таң қалатын түйе де сен туған жерден өніп-өседі, адамға қызмет етеді. Сол төрт түлік малдың ең басты қорегі – боз жусан менкөк шалғын, жасыл бидайық та жер-ананың төсінде желкілдейді. Өзің шөлдегенде ішетін, шешең әлсін-әлсін шай қайнатып, ас пісіретін, күнде сен жуынатын, өсімдік атаулының тіршілік көзі боп табылатын суды да біз жерден аламыз. Су ішетін кесең, тамақ жейтін қасығың, балабақшада өзің ойнаған алуан түрлі ойыншықтар да жер қойнынан шыққан заттардан істеледі. Оқитын кітабың, жазатын дәптерің, қолыңа ұстайтын қалам мен қарындашың да сондай.
Тапсырмалар:
1. Мәтінді оқып, жаңа сөздерді табыңыз.
2. Жаңа сөздерді сөздікке сүйеніп аударыңыз.
3. Мәтінді аударып, мазмұнын түсініңіз.
4. Мәтін бойынша бір-біріңізбен пікірлесіңіздер, ол үшін бір-біріңізге сұрақ қойып, жауап беріңіздер.
5. Әркім өз туған жеріңіз туралы әңгімелеңіздер.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚОРЫҚТАРЫ
Елімізде өсімдіктер мен жануарларды арнайы қорғайтын тұтас табиғи аймақтар – қорықтар ұйымдастырылған. Елімізде 9 мемлекеттік қорық бар. Көптеген жануарлар мен өсімдіктер үкімет қамқорлығында.
Бұлардан басқа өсімдіктер мен жануарлардың жекелеген түрлерін қорғау мақсатында 57 қорықша, 7 ұлттық саябақ (Баянауыл, Көкшетау, Іле Алатауы, Қарқаралы, Катонқарағай, Шарын) ұйымдастырылған. Табиғат қазынасы сарқылмас қор емес. Адам игілігіне пайдалану, қайта қалпына келтіру ісі адамның қамқорлығының арқасында жүзеге асады.
Марқакөл қорығы - Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданындағы мемлекеттік қорық. 1976 жылы ұйымдастырылған. Негізгі мақсаты-бағалы хайуанаттарды, құстарды, балықтарды және сүтқоректілер мен өсімдіктерді табиғи қалпында сақтау мақсатында құрылған. Орманы аң мен құсқа бай. Онда балықтың-4, сүтқоректілердің-59, құстардың-250-ден аса түрі мекендейді. Қорық жерінде алуан түрлі палеонтол, қазба байлықтар көп. Бүгінде қорық аумағындағы табиғи кешендерді ғылыми тұрғыдан тексеріп, бұрынғы қалпында сақтау жұмыстары жүргізілуде.
Қорғалжын қорығы- Ақмола облысының Қорғалжын ауданында орналасқан мемлекеттік қорық. 1958 жылы ұйымдастырылған. Оған Теңіз - Қорғалжын көлдері енеді. Қорық орналасқан аумақта қыста ауаның температурасы -41 -42°С суық болса, шілдеде температура -38 -39°С-қа жетеді. Қорық жан-жануарлар дүниесіне бай. Мұнда сүтқоректілердің 37 түрі, құстардың 294, қос мекенділердің 2, балықтардың 10-нан астам түрлері тірішілік етеді. 1960жылдары қорықта қоқиқаздың саны 45-60 мыңдай болса, 2000 жылдары 10-15 мыңдай ғана қалды. Қазір қорықта экологиялық туризм саласы дамып келеді. Осындай аймақтарға байланысты көп жылдан бері «Табиғат шежіресі» күнделігі жазылып келеді.
Тапсырмалар:
1.Мәтінді оқып шығып, жаңа сөздерді аударыңыз
2.Сұрақтарға жауап беріңіз:
Ø Қорық деген не?
Ø Еліміздегі басты қорықтарды атаңыздар. Өзіңіз қайсысында болдыңыз? (болсаңыз қысқаша әңгімелеп беріңіз).
Ø «Наурызым» қорығы туралы әңгімелеп беріңіз.
Ø Экологиялық аймаққа қандай облыстар жатады?
Ø Орталық Қазақстанның табиғаты туралы баяндаңыз.
Ø Қорықтар туралы әңгімелеңіз?
3.Мәтіннен сын есімнің шырайларын тауып, анықтаңыз.
4.Мына сын есімдермен шырай түрлерін жасаңыздар: бай, әдемі, көп, суық
Ұсынылатын әдебиеттер
1. Күзекова З. Қазақ тілі. Жоғары оқу орындарына арналған оқулық (тілдерді оқытып үйретудің ортаңғы кезеңі үшін). Астана: Таным, 2003.
2. Күзекова З., Қарақұсова Г. Қазақ тілі (ЖОО экономика факультеттеріне арналған). Алматы: Қаржы-қаражат, 1997.
3. Аяпова Т. Қазақ тілі (Негізгі оқулық, үй кітабы, мұғалім кітабы). Алматы, 1998.
4. Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.
9-тақырып Жер тұрғындары. Қазақстанның халқы. Тарихи мұра – Алтын адам. Есімдік.
Практикалық сабақтың жоспары
1.Жер тұрғындары. Қазақстан халқы. Тарихи мұра – Алтын адам.(сұрақтар дайындау, жаңа сөздермен таныстыру).
2.Грамматикалық тақырыпқа мысалдарды мәтіндерден табу
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛҚЫ
2009 жылдың 25 ақпанында елімізде Ұлттық халық санағы өтті. Бұл акция Қазақстан тәуелсіздігін алғанан бері екінші рет өткізіліп отыр. Өткен санақтан бері он жыл өтті. Бұл еліміз үшін аза жауапты әрі маңызды іс-шара болып табылды.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Ұлттық халық санағының үндеуінде «Адам ресурсы дегеніміз, ол – сіз бен біздер, Қазақстанның азаматтары. Ол – қоғамның басты байлығы, қозғаушы күші және дамуының қайнар көзі», -деп айтылған.
Халқымыздың өсіп-өркендеуі, мемлекетіміздің нығаюы – баршамыз үшін ең маңызды міндет. 1994 жылы өткен тәуелсіз Қазақстан Республикасында 16 млн. 854 мың адам болды. Ал қазіргі өткізілген санақтың нәтижесі бойынша 16402861 адамның тіркелгенін хабарлайды.
Еліміздің өсіп-өркендеуі мақсатында, болашақты болжап, стратегиялық бағыттарымызды тағы да айқындай түсу үшін, халықтың әл-ауқатын одан жақсарту үшін мемлекетке ел, жер, экономика, әлеуметтік жағдай жөнінде нақты мәліметтер қажеттілігінен елімізде Ұлттық халық санағы жүргізілді.
Тапсырмалар:
1. Мәтін бойынша сөздік құрыңдар.
2. Сіз Ұлттық халық санағына қатыстыңыз ба? ситуативтік жағдай.
3. Мәтінді орыс тіліне аударыңдар.
4. Мәтіннен есімдіктерді тауып, түрлеріне қарай ажыратыңыздар.
Жер тұрғындары
Жер планетасы жеті құрлықтан тұрады: Австралия, Антарктида, Африка, Азия, Европа, Солтүстік Америка, Оңтүстік Америка. Құрлықтардың әрқайсысында түрлі елді мекендер, таулар, өзендер, көлдер, шөл далалар, шалғынды жазықтар, ормандар, қалалар сияқты ландшафттар бар.
Құрлықтарда 6 миллиардтан астам тұрғындар өмір сүреді. Олардың қоныстануы әр түрлі. Мәселен, тұрғындары ең аз қоныстанған құрлық – Австралия. Ал, Европа құрлығы аумағы ең кіші құрлық болғанменен, халқы тығыз қоныстанған. Жер тұрғындары нәсіліне қарай төртке бөлінеді.
Ұлттар, ұлт өкілдері ортақ тарихы, генетикалық жақындығы, дәстүріне орай белгілі бір мемлекеттерді құрайды. Әр халықтың өз салты, тілі, діні бар. Кейбір тілдер кең таралған. Мысалы, ағылшын тілі – әлемнің барлық елінде қолданылады. Сол сияқты өлі тілдер, жасанды тілдер де бар.
Салт-дәстүрлер әр елде әр түрлі. Ол сол халықтың наным-сенімімен, тарихымен тығыз байланысты.
Әлем халықтары әртүрлі діндерге табынады. Табынушылар саны көп діндер – ислам, христиан, иудаизм, буддизм, конфуциандық, индуизм, синто және даосизм діндері. Өзге діндерге сикхизм, джайнизм, бахаизм және зороастризм, тағы басқалар жатады.
Тапсырмалар:
1. Жаңа сөздерді.
2. Жаңа сөздердің синонимдерін жазыңыз.
3. Жаңа сөздермен сөз тіркестерін құрастырыңыз. Мәтінді түсініп оқыңыз.
4. Мәтіндегі тірек сөздерді жазыңыз. Сол бойынша жоспар құрыңыз.
5. Мәтін ішінен жалғау түрлерін ажыратып көрсетіңіз.
6. Етістіктерді болымсыз етістік формасына айналдырыңыз.
7. Мына шағын мәтінді оқыңыз, түсініңіз.
· Әр елдің салт-дәстүрі, мәдениеті әр басқа. Мысалы, Таиландта аяқты айқастырып отыру – басқаларды сыйламағандық. Жапонияда шай ішу – маңызды дәстүр. Шайды арнайы құралдармен дайындайды, арнайы ыдыспен ұсынады. Шай ішу салтанатына адамдар жақсы киімдерін киіп барады. Астан соң бір-біріне тілектерін айтады.
8. Халықтар, олардың мәдениеті, тілі, діні, нәсілі туралы мәліметтер жинаңыз. Оны әңгімелеп беріңіз.
ТАРИХИ МҰРА - АЛТЫН АДАМ
Қазақ даласынан табылып жатқан археологиялық ескерткіштер өз ғажайыптарымен бүкіл әлемді таңқалдырып келеді, өйткені бұлардың барлығы – көне тарихымыздың куәлары.
«Алтын адам» деген атқа ие болған ғажайып ескерткіш 1969-1970 жылдары Алматы қаласынан 50 шақырым жердегі есік қорғанынан табылды. Оны алғаш ашып, әлемге танытқан – ғалым, археолог Кемел Ақышев. Бұл обаға б.з.д. V-IV ғасырда өмір сүрген 17-18 жас шамасындағы сақ жауынгері, сол кездегі дәстүр бойынша киімімен, тұрмыстық заттарымен қоса жерленген. Оның салтанатты биік бас киімі, бешпенті, шалбары мен етігіне дейін 200-ден астам аң, құс сипатты алтын әшекейлермен безендірілген. Қару-жарағы мен сақинасы да алтыннан жасалған, сондықтан ол «алтын адам» аталған. Бұлардан басқа оның жанына қыш құмыралар, ағаш ыдыс-аяқтар тағы да басқа заттар қойылған. Соның бірі -26 таңбадан тұратын жазуы бар күміс тостаған. Оны ғылымда «Есік жазуы» деп атайды. Бұл ескерткіштер қазақ жерін мекендеген бабаларымыздың осыдан 2500 жыл бұрын өзіндік жазу-сызуы мен өркендеген мәдениетінің болғандығын дәлелдейді.
Тапсырмалар:
1.Мәтіннен жаңа сөздерді теріп жазып, аударыңыздар.
2.Мәтінді мәнерлеп оқып, аударыңыздар.
3.Мәтін бойынша сұрақтар дайындаңыздар.
4.Мәтіннен есімдіктерді теріп жазып, түрлерін анықтаңыздар.
5.Мәтінді мазмұндаңыздар.
Ұсынылатын әдебиеттер
1. Күзекова З. Қазақ тілі. Жоғары оқу орындарына арналған оқулық (тілдерді оқытып үйретудің ортаңғы кезеңі үшін). Астана: Таным, 2003.
2. Күзекова З., Қарақұсова Г. Қазақ тілі (ЖОО экономика факультеттеріне арналған). Алматы: Қаржы-қаражат, 1997.
3. Аяпова Т. Қазақ тілі (Негізгі оқулық, үй кітабы, мұғалім кітабы). Алматы, 1998.
4. Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.
Есімдік түрлерін қайталап,мысал келтіріп, сөйлемдер жазу.
10-тақырып Ғалам және ғасыр. ХХІ ғасырдың жетістіктері. Қазақстан және ғарыш. Етістік (дара, күрделі, негізгі, көмекші, болымды, болымсыз, тұйық).
Практикалық сабақтың жоспары
1. Ғалам және ғасыр. ХХІ ғасырдың жетістіктері. Қазақстан және ғарыш (жаңа сөздермен таныстыру).
2.Грамматикалық тақырыптарға мысалдарды мәтіндерден табу.
ҒАЛАМ ЖӘНЕ ҒАСЫР
XXI ғасыр да айқара есігін ашты. XXI ғасыр ғылым мен техниканың ақпараттық-технологиялардың дамыған, әрі өркендеген заманы. Бұл ғасырда әр түрлі механикалық, электроникалық, нанотехнологиялар пайда болды. Ғаламда көптеген ғылымы мен технологиясы дамыған мемлекеттер бар. Атап айтатын болсақ Жапония, Германия, Қытай, АҚШ, Франция, Ресей т.б. мемлекеттер. Адамзат мәдениетінде тарихи тұрғыдан алып қарағанда үзілмес байланыс, сабақтастық бар. Мәдениеттің бір бөлігі есептелетін ғылымның даму жолы мұның айқын айғағы болса керек. Ғылымның, білімнің зәулім сарайы салынып салтанат құру ісіне көп халықтың озық ойлы, ұшқыр қиялды ардагер азаматтары ат салысқан: бірі іргетасын қаласа, екіншісі қабырғасын тұрғызды, үшіншісі басқа бір кем-кетігін толтырды.
Қазіргі таңда бүкіл ғалам идеясы жаратылыстанушы ғалымдардың арасында қарсылық тудырмай, қабылдануда. Бірақ, бұл жағдай бірден пайда бола салған жоқ. Кез келген ұлы ғылыми идея секілді, ол да ғылымда басты орынға ие болуының алдында ұзақ та күрделі сынақтардан өтті.
Ғалам эволюциясы - физика ғылымының теориялық базисіне және көптеген астрофизикалық бақылауларға негізделіп дәлелденген ғылыми факт. Ғалам эволюциясы жайлы қазіргі заман ғылымының негізін 1916 жылы салыстырмалылық теориясын ойлап тапқан Альберт Эйнштейн салып кеткен. Ол жұлдыздармен толтырылған әлем үшін теңдеу құрып, кеңістіктің қисаюы ақырында өзіне өзі тірелетіндігін есептеп шығарды. Осындай “тұйық” ғаламның көлемі шектелген болып, оның шекаралары болған жоқ. Бірақ Эйнштейннің бұл теориясында бір кемшілік болды, яғни осы теория шынайы болған жағдайда жұлдыздар тартылыс күшінің әсерімен бір нүктеге жиналып қалуға тиіс болды. Сол себепті Эйнштейн ғаламды бір-біріне сығылуынан сақтайтын, әлдебір “антигравитациялық” өрісті ойлап табуға мәжбүр болып, теңдеуін осы өріспен толықтырды.
Қазіргі заманғы ғаламның өмір сүруінің үш түрлі вариантын көрсетуге болады:
1) Ғалам өткен уақытта да, болашақта да шексіз мәңгі тіршілік ете алады.
2) Ғаламның басы мен соңы бар.
3) Ғалам уақыт аралығында үнемі өзгеріп отырады.
Тапсырмалар:
1. Мәтіннен жаңа сөздерді теріп жазып, аударыңыздар.
2. Мәтін бойынша сұрақтар дайындаңыздар.
3. Мәтінді өз сөздеріңізбен аударыңыздар.
4. Мәтіннен етістіктерді теріп жазып, түрлерін ажыратыңыздар.
Астана – ХХІ ғасыр жетістігі.
Қазақстан Республикасының астанасы – Астана. Ол – бұрынғы Ақмола қаласы. Қала 1824 жылы салынған. 1961 жылға дейін қала – Ақмол, 1961 жылдың 24 сәуірінен бастап Целиноград деп аталады. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1997 жылдың 16 желтоқсанынан бастап Ақмола қаласы Қазақстан республикасының жаңа астанасы болып жарияланды. Ал Президенттің 1998 жылдың 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып өзгертілді.
Қала Сарыарқада, Есіл өзенінің екі жағасында орналасқан. Ертеден Еуропа мен Азияны байланыстырып тұрған ірі тасымал торабы.
«Астананың өркендеуі - Қазақстанның өркендеуі» деп аталатын бағдарлама бойынша бой түзеген көрікті үйлер, «Океанариум», «Дарын орталығы», «Салтанат сарайы», «Бәйтерек», Астана әуежайы, Елбасының резиденциясы - Ақорда осының бәрі ғажайып ертегілерді еске салады.
Қазір Астанада С.Сейфуллин атындағы аграрлық университеті, Е.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана мемлекеттік медицина академиясы, педагогикалық, медициналық колледждер, бірнеше кәсіптік білім беретін оқу орындары бар.
Астана ХХ ғасырдың ең жас астанасы ретінде тарихқа енді.
Тапсырмалар:
1. Мәтіннен жаңа сөздерді теріп жазып, аударыңыздар.
2. Мәтін бойынша сұрақтар дайындаңыздар.
3. Мәтінді өз сөздеріңізбен аударыңыздар.
4. Мәтіннен етістіктерді теріп жазып, түрлерін ажыратыңыздар.
ҒАРЫШТЫҢ ҚОС ҚЫРАНЫ.
ХХ ғасыр... Тарлан тарихқа төңкерістер дәуірі, адамдар психологиясындағы арпалыс, қырғи-қабақ соғыс жылдары, атом дәуірі деген аттармен енген бұл кезеңнің біздің халқымызға берген екі үлкен сыйы бар. Оның біріншісі – қазақ елінің ұйытқи соққан заман желінің қатал да қатігез екпініне қайыспай шыдас беруі арқылы «мың өліп, мың тіріліп» жүріп, өз тәуелсіздігін жеңіп алуы болса, екіншісі – «ай нұрын ұстап мінсе де қызыққа тоймас адамзат» деген бабалар арманының орындалып, ғарышқа қос қазақ ұлының барып қайтуы.
ХХ ғасырдың соңғы он жылдығындағы осы екі ірі оқиға арқылы кешегі Ұлы даланың перзенттері бүкіл әлемге жаңа қырынан танылды. Тарихқа осылай олжа салуының нәтижесінде еліміз өзінің жігерлі де қуатты, әлеуеті мықты, қабілеті мол екенін көрсетті.
Ол елдің аты – Қазақстан!
Ғарыш атты шексіз кеңістікке самғаған оның ұлдарының есімдері – Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев!
Сондықтан біз бүгінгі таңда ғарышқа алғаш қазақ жерінен түрен салынғанын, айлақтың аты «Байқоңыр» екенін қалай мақтан етсек, тұңғыш ғарышкер қазақ атанған Тоқтар Әубәкіров пен тұңғыш қазақ корабль командирі Талғат Мұсабаевты солай мақтан тұтамыз.
ТОҚТАР ОҢҒАРБАЙҰЛЫ ӘУБӘКІРОВ
Сынаушы ұшқыш, СССР Қорғаныс министрлігі әскери-әуе күштерінің Микоян атындағы конструктор бюросының қызметкері, Совет Одағының Батыры атағын 1988 жылы алған.
Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров 1946 жылы Қарқаралы ауданындағы «1 Май» совхозында туды. Ол ауыл мектебінен сегізжылдық білім алды, мектепте алғыр, пысық оқушы ретінде көзге түсті.
Тоқтар жас кезінен-ақ ұшқыш болуды армандаған еді. Тіпті оның балалық ойындарының өзі тәуекелге толы, қиын да күрделі жағдайлардан тайсақтамайтын болған. Ұшқыштар даярлайтын оқу орнына түсудің оңай емес екендігін білген арманшыл бала өзін осы кәсіпке жасынан дайындады. Бірақ тағдыр адамның айтқанымен жүрмейді ғой. Үйдегі бас көтерер жалғыз өзі болған соң он бес жасында еңбекке араласты. Тұрмыс тауқыметі қиындап, Теміртаудағы әпкесінің үйіне көшіп келді.
1963 жылы Тоқтар заводта жұмыс істей жүріп кешкі мектепте оқыды. Оның үстіне Қарағандыдағы Нұркен Әбдіров атындағы аэроклубта дәріс алды.
1965 жылы ол Теміртау қалалық эскери комиссариатына өтініш беріп, Армавирдегі әуе училищесіне окуға кетті. Оны 1969 жылы инженер-ұшқыш мамандығы бойынша лейтенант шенімен тәмамдады. Бұдан кейін Қиыр Шығыста әскери бөлімдерде қызмет етті.
Тапқыр да табанды, білімді әрі жүректі жігіт жолдастарының көзіне бірден түсті, 1976 жылы сынаушы-ұшқыш - мектебін бітіргеннен кейін Қорғаныс министрлігінің Микоян атындағы конструктор бюросына жұмысқа шақырылды. Қазір сонда істеп жүр.
1988 жылдың қараша айында «Правда» газетінде бүкіл облыс жұртшылығына қуаныш әкелген хабар шықты. Онда Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтың Кремльде Совет Одағы Батырының Алтын жұлдызы мен Ленин орденін алғаны жазылған.
Тапсырмалар:
1. Сөздікпен жұмыс жасаңыз.
2. Мәтінді аударыңыздар.
3. Мәтін бойынша сұрақтар дайындаңыздар.
4. Мәтіннен 10 етістікті теріп жазып, болымсыз етістіктер жасаңыздар.
Ұсынылатын әдебиеттер
1. Күзекова З. Қазақ тілі. Жоғары оқу орындарына арналған оқулық (тілдерді оқытып үйретудің ортаңғы кезеңі үшін). Астана: Таным, 2003.
2. Күзекова З., Қарақұсова Г. Қазақ тілі (ЖОО экономика факультеттеріне арналған). Алматы: Қаржы-қаражат, 1997.
3. Аяпова Т. Қазақ тілі (Негізгі оқулық, үй кітабы, мұғалім кітабы). Алматы, 1998.
4. Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.
11-тақырып Азаматтық қалай анықталады ? Қазақстан Республикасының Конституциясы. Мен Қазақстан азаматымын. Етістіктің шақтары (етістіктің осы шағы, келер шағы, өткен шағы).
Практикалық сабақтың жоспары
1.Азаматтық қалай анықталады. Қазақстан Республикасының Конституциясы.( жаңа сөздермен таныстыру, сұрақтар қою)
2. Мәтіндерден грамматикалық тақырыптарды тапқызып, түрлерін ажырату
.
АЗАМАТТЫҚ ҚАЛАЙ АНЫҚТАЛАДЫ?
Адам туғаннан соң азамат болып қалыптасады. Өйткені оған мемлекеттің егемендігіне байланысты құқықтары мен міндеттері беріледі. Азамат – ұғымы публистикалық мағынасында жиі қолданылады, ол адам - өз Отанының ұлы (немесе қызы) деген ұғымды білдіреді.
Азаматтық проблемалардың мәні - жеке тұлға құзыреттілігінің қажеттіліктері мен маңызды конституцияның міндеттері тығыз байланыста болуымен анықталады. Ата Заңда «Адам, оның құқығы мен бостандығы жоғары құнды байлық. Адамның бостандығы мен құқығын қорғау және сақтау мемлекет міндетіне жатады», - деп айтылған.
Азаматтықтың түсінігі мен оның принциптері.
«Азаматтық» түсінігінің мазмұны туралы сұрақтар конституциялық құқықтардың күрделі проблемасы болып келеді. Қазіргі уақытқа дейін азаматтықтың онымен байланысты құқықтық әрекеттердің нақты берілген анықтамасы жоқ.
Азаматтық сөзіне алғашқылардың бірі болып, анықтама беруге әрекет жасаған орыстың белгілі заңгері С.С. Кишкин. Айтылған проблемаларды талдаудың нәтижесінде ол «азаматтық мемлекеттің саясат жүйесінің және барлық құқықтық элементтерін анықтау мүмкіндігіне негізделген мемлекетпен байланысқан жеке тұлға».
Азаматтық қалай анықталады? дегенде мемлекет азаматтарға толық құқықтары мен бостандықтарын белгілеп берсе, ал азаматтар заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдары және өзге де міндетті төлемдерді төлеу сияқты жүзеге асырады.
Тапсырмалар:
1. Мәтін бойынша жаңа сөздерге сөздік жасаңыз.
2. Мәтінді орыс тіліне аударыңыз.
3. Азаматтық қалай анықталады? дегенге тақырыпқа сұқбат құрыңыз.
4. Сіз өз еліңіздің азаматығыңыз туралы не айта аласыз?
МЕН ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫМЫН
Менің туып-өскен жерім – Қазақстан. Қазақстан – Еуразия құрлығындағы ең үлкен мемлекеттердің бірі. Қазақстан Республикасы - өз аумағында тұратын барлық азаматтардың ортақ Отаны.
Отаншылдық өз үйіңнен басталады. Кімде-кім ата-анасын ардақтаса, бірге тұрған бауырларымен тату болса, өзінің өскен ауыл, қаласын, туған ұлтын сыйлап, қадірлесе, сол адам отаншыл болады.
Қазақстанның кең даласын, биік тауларын, ормандары мен көлдерін көрген адам оны еш уақытта ұмыта алмайды. Біз жер шарының осындай сұлу, бай өлкесінде тұрамыз. Ол – біздің Отанымыз.
Мен Қазақстанда тұратынымды мақтаныш етемін. Қазақстан азаматы ретінде туған Отанымды, халқымды құрмет тұтамын.
Әрбір Қазақстандық азамат атамекенін, ел намысын қорғайтын, ата салтын бұзбайтын, қайырымды болуы керек.
Қазақстандық азамат отанды сүйетіндігін сөзбен емес, іспен дәлелдеуі қажет.
Тапсырмалар:
1.Мәтіннен жаңа сөздерді көшіріп жазыңыз, аударыңыз.
2.Мәтінді мәнерлеп оқып, мазмұнын түсініңіз.
3.Мәтін бойынша мына сұрақтарға жауап беріңіз:
а) Қандай адам өз отанының патриоты бола алмайды?
ә) Отаншылдық қандай қасиет?
в) Қазақстан жері қандай?
г) Қазақстан азаматы қандай болуы керек?
4. Мәтіннен етістіктің шақтарын тауып,түрлерін анықтаңыздар.
Қазақстан Республикасының Конституциясы.
Әрбір мемлекет қоғам тіршілігінде тәртіп болуын қадағалайды. Тәртіп болу үшін заң шығарады.
Біздің алғашқы Ата заңымыз 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. 1995 жылы 30 тамызда қазіргі Ата заңымыз қабылданды. Яғни ең негізі, ең басты заң – «Ата Заң» немесе «Конституция» (латын сөзі «constitutio»).
Қазақстан Республикасында адам құқықтары мен бостандықтары әркімге туғанынан тиесілі. Республика азаматтарының құқықтары мен міндеттерін Конституция анықтайды.
Қазақстан Республикасының Конституциясы республикалық құрылыстың негізін, мемлекеттік билік жүйесін және Қазақстан мемлекеті мен оның азаматтарының қарым-қатынасын белгілейді.
Конституцияда Қазақстан азаматтарының құқықтары мен міндеттері, бостандықтары белгіленген. Конституцияның 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостаңдықтары» делінген.
Қазақстан Республикасының 1993 жылғы қабылданған Констиуциясымен салыстырғанда жаңа Конституция барынша жетілдірілген. Қазіргі заманға демократиялық құндылықты, еліміздің даму тенденцияларын, мемлекет биліктерінің шегін белгілеп берген.
Тапсырмалар:
1.Сөздікпен жұмыс жасаңыз. Сөздерді оқып, аударыңыз.
2. Мәтіннен етістіктерді теріп жазып, шақ түрлеріне ажыратыңыздар.
3. Мәтіндегі етістіктерді сөз құрамына талдаңыз.
4. Синоним сөздердің мағынасын түсініп, сөйлем құраңыз.
Ата заң – Конституция;
пайда болу – туу- шығу –жарық көру;
ыдырау – күйреу – жабылып қалу;
әділеттілік - әділдік – шындық – ақиқат;
билік – басқарушылық – иелік – қожалық;
билеу – басқару – меңгеру – иелену – үстемдік жасау;
ереже – қағида – тәртіп – жол – жоба.
5.Мәтін бойынша түсінгеніңізді әңгімелеңіз.
Ұсынылатын әдебиеттер
1. Күзекова З. Қазақ тілі. Жоғары оқу орындарына арналған оқулық (тілдерді оқытып үйретудің ортаңғы кезеңі үшін). Астана: Таным, 2003.
2. Күзекова З., Қарақұсова Г. Қазақ тілі (ЖОО экономика факультеттеріне арналған). Алматы: Қаржы-қаражат, 1997.
3. Аяпова Т. Қазақ тілі (Негізгі оқулық, үй кітабы, мұғалім кітабы). Алматы, 1998.
4. Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.
12-тақырып Біздің университет. Ә.Сағынов – ғалым, академик. Сәулет-құрылыс факультеті. Рай формасы( бұйрық, қалау, шартты рай).
Практикалық сабақтың жоспары
1. Біздің университет. Ә.Сағынов – ғалым, академик. Біздің факультет.(жаңа сөздермен таныстыру, мазмұндату).
2.Грамматикалық тақырыптарды мәтіндерден тапқызу.
БІЗДІҢ УНИВЕРСИТЕТ
Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті (ҚарМТУ) Қазақстан Республикасының тарихымен және өмірімен тығыз байланысты жоғары оқу орны.
Университеттің құрылуы Қазақстанның көптеген өнеркәсіп салаларының қарқынды дамуымен, әсіресе көмір өнеркәсібімен байланысты.
1953 жылы күзде Қарағанды қаласында тау-кен институты ашылды. ҚарМТУ ректоры болған адамдар: Нұрмұхамедов Юнас Қадырұлы, Сағынов Әбілқас Сағынұлы (1955-1987 ж.ж.), Лазуткин Александр Григорьевич, Пивень Генадий Григорьевич (1994-2008 ж.ж.). ҚарМТУ-дың қазіргі ректоры Ғазалиев Арыстан Мәуленұлы – профессор, химия ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі.
Университетте 9 факультет және 34 кафедра бар. Сонымен қоса Астана, Балқаш қалаларында университеттің филиалдары бар.
1996 жылдан бастап техникалық лицей, дарынды балалар оқитын "Мұрагер" мектебі жұмыс істейді.
Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті – инженер кадрларды даярлайтын Қазақстан мен ТМД-дағы ірі жоғары оқу орындарының бірі.
Университетте әскери кафедра, Республикадағы ең ірі кітапхана бар. ҚарМТУ 1976 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен, 2005 жылы Швейцарияның Женева қаласында алтын медальмен марапатталды.
Тапсырмалар:
1. Мәтінді түсініп оқыңыз..
2. Жаңа сөздерді аударыңыз.
3.Мәтіннен етістіктерді теріп жазып, бұйрық рай, қалау рай, шартты рай жасаңыздар.
4. Мына сөздерді бұйрық райға айналдырыңыздар: даму, жұмыс істеу, болу, марапатталу, оқу, даярлау.
5. Етістіктің райларының жасалу жолдарын айтып беріңіздер.
Ә.С.САҒЫНОВ - АКАДЕМИК, ҒАЛЫМ
Әбілқас Сағынұлы Сағынов 1915 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауылында туған. 1939 жылы Днепропетровск тау-кен институтын "Пайдалы кен орындарын қазу" мамандығы бойынша оқып, үздік бітіріп шығады.
Институтты бітірген соң, 1948 жылға дейін Қарағанды көмір бассейнінің шахталарында учаске бастығы, шахты директоры, техника бөлімінің көмір тресінің басшысы болды. 1948 жылдан 1951 жылға дейін басқарма бастығы, "Қарағанды көмір тілігі" тресінің бас инженері қызметтерін атқарды.
Сағынов Әбілқас Сағынұлы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы. Социалистік Еңбек Ері, Қарағанды тау-кен институтының (1953-1958 ж.ж.) ректоры, Қарағанды политехникалық институтының ректоры(1958-1987 ж.ж.) болды.
1955 жылы Ә.С.Сағынов 1958 жылы политехникалық болып ұйымдастырылған Қарағанды тау-кен институтының ректоры болып тағайындалды.
Оның басшылығымен институт Қазақстанның өнеркәсіптік аймақтары үшін мамандар даярлайтын жоғарғы категориядағы Жоғарғы Оқу орнына айналды.
Оқу, ғылым саласындағы жоғарғы нәтижелері үшін Қарағанды политехникалық институты Жоғарғы үкіметтік наградаларға ие болды. 1976 жылы Еңбек Қызыл Ту Ордені, 1972 жылы Мерейтойлық Құрмет белгісі, Қазақстан Республикасы Алтын Құрмет кітабына екі рет жазылған, Ауыспалы Қызыл Ту орденімен тоғыз рет және бірнеше Құрмет Грамоталарымен марапатталған.
Қазақстан Республикасы халық шаруашылығын, Жоғарғы білім беруді дамытудағы, білікті мамандар даярлаудағы еңбектері үшін Ә.С.Сағыновқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Ә.С.Сағынов Мемлекеттік сыйлықтардың екі мәрте лауреаты, екі рет Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен, Халықтар достығы орденімен, медальдармен, грамоталармен марапатталған.
Біздің Республикамыздың жетекші ғалымы болғандықтан, Ә.С.Сағынов Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының толық мүшесі болып сайланды.
Ә.С.Сағынов - 200 ғылыми мақаланың, 18 монографияның авторы.
Ә.С.Сағынов 2006 жылы қыркүйек айында қайтыс болды.
Тапсырмалар:
1.Мәтінді оқыңыз, қысқаша мазмұнын айтыңыз.
2.Мәтінге сұрақ қойып, сұраққа жауап беріңіз.
3 Ә.С.Сағынов атындағы көрме туралы айтып беріңіз.
4Мәтіннен етістіктерді теріп жазып, рай түрлерін жасаңыздар.
СӘУЛЕТ-ҚҰРЫЛЫС ФАКУЛЬТЕТІ
Сәулет- құрылыс факультеті университеттің базалық факультетінің бірі, 1957 жылы құрылған. Студенттерді оқытуға және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған факультеттің арнайы құрылыс зертханасы, пәндік дәрісханалары, компьютерлер класы бар.
Факультеттің құрамында төрт кафедра бар, оларды тәжірибелі оқытушылар басқарады. Инженерлік - құрылыс факультетін бітірген түлектер қазір еліміздің жоғары басшылық органдарында қызмет етіп жүр.
Кафедрада техника ғылымдарының кандидаттары мен докторлары көп.
Құрылыстық өндіріс және сәулет технологиясы кафедрасы.
Құрылыс материалдары және бұйымдары технологиясы кафедрасы.
Сәулет құрылысы және ғимараттар кафедрасы.
Материалдар мен құрылыс кедергісі кафедрасы.
Тапсырмалар:
1.Мәтінді оқып шығыңыз. Аударыңыз.
2.Мәтін бойынша сұрақтар қойыңыз.
3.Университеттің факультеттерін айтып шығыңыз. Өз
4 Өзфакультетіңіз жайлы әңгімелеңіз.
5.Факультет ғимаратын, оның әр қабатын суреттеңіз.
Ұсынылатын әдебиеттер
1. Күзекова З. Қазақ тілі. Жоғары оқу орындарына арналған оқулық (тілдерді оқытып үйретудің ортаңғы кезеңі үшін). Астана: Таным, 2003.
2. Күзекова З., Қарақұсова Г. Қазақ тілі (ЖОО экономика факультеттеріне арналған). Алматы: Қаржы-қаражат, 1997.
3. Аяпова Т. Қазақ тілі (Негізгі оқулық, үй кітабы, мұғалім кітабы). Алматы, 1998.
4. Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.
13 - тақырып Кәсіби бәсекелестік. Бәсекеге қабілетті азаматтар – Қазақстанның болашағы. Қазақстан – 2030 – стратегиялық бағдарлама. Етіс категориясы.
Практикалық сабақтың жоспары
1. Кәсіби бәсекелестік. Бәсекеге қабілетті азаматтар – Қазақстанның болашағы. Қазақстан – 2030 – стратегиялық бағдарлама.(жаңа сөздермен таныстыру, мазмұндату).
2. Етістер туралы қайталау.
КӘСІБИ БӘСЕКЕЛЕСТІК
ХХІ ғасырда тәуелсіз Қазақстанның болашағы білім мен ғылымда.Елбасы өзінің Жолдауында білім беру мәселесіне айрықша мән берген. Мемлекетіміздің инновациялық стратегиясын жүзеге асыруды – болашақтың бағдарламасы деп атаған.
Еліміз егемендік алып, қоғамдық өмірдің барлық салаларында, соның ішінде, білім беру саласында да, жаңа технологияларды енгізу, компьютерлендіру бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыруға жол ашуда. Жоғары білімді дамытудың негізгі мақсаты мамандар даярлау сапасын арттыру, инновациялық білімді дамыту, жоғары оқу орындары зерттеулерінің әлеуметтік сала мен экономиканың қажеттіліктерімен тығыз байланысы, білім беру және ақпараттық технологияларды жетілдіру болып табылады.
Ұлы Абайдың адамның үш қасиеті “нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек” деген пайымы осы замандағы басымдықтарды – ғылым және білімді /ақыл-парасаттылық аспект/, инновациялық жүйені /қызметтік аспект/, ұлттың рухани әлеуеті мен мәдениетін /құндылықты аспект/ дамытудың қажетті шарттары болып табылады.
Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі дегеніміз – бұл әрбір қазақстандықтың, барша қоғамның және мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі. Әрқайсымыз да бәсекелестікті үйренуіміз және бәсеке жағдайында жеңімпаз бола білуіміз керек.
Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі – бұл әрбір қазақстандықтың, барша қоғамның және мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі. Әрқайсымыз да бәсекелестікті үйренуіміз және бәсеке жағдайында жеңімпаз бола білуіміз керек.