Зат есім.

Практикалық (семинарлық) сабақтың жоспары

1. Білім - байлығымыз. Білім атасы – Ы.Алтынсарин. Кітап – білім бұлағы – жаңа сөздермен таныстырып, сұрақ-жауап арқылы әңгімелеу.

2.Зат есім.( қайталап, сөйлемдер құрастыру)

БІЛІМ – БАЙЛЫҒЫМЫЗ

«Әр халықтың дамуы үшін, ең алдымен, азаттық пен білім керек», - деген екен Ш.Уәлиханов. Ел азаматтығын алысымен тарихи-әлеуметтік болмысына сай жаңа білім жүйесін құрудың аса қажеттілігі туды. Бұл міндетті атқару бұрынғы білім проблемалары институты үшін салмағы ауыр жүк болатын.

Мемлекетіміздегі үздіксіз білімді дамыту мақсатында құрылған Академия құрамындағы үш ғылыми-зерттеу институттарының (Жоғары білім институты, Кәсіптік білім институты, Орта білім институты) құрылуы да Республиканың білім беру болашағынан үлкен үміт күтетіні сөзсіз.

Ғылым мен практика, бейнелеп айтқанда, құстың қос қанатындай немесе ашық мұхиттағы қайықтың ескексіз жүзе алмайтындай бір-бірімен тығыз байланысты. Ертеңгі ұрпақтың мектеп қабырғасынан сапалы білім, саналы тәрбие алып шығуына осы байланыстың әсері мол.

Қазақстандық экономиканың жетістігі, көбінесе, бәсекелесуге қабілетті жоғары технологиялық экономика үшін мамандардың жаңа буынын дайындауды қамтамасыз етуге арналған жоғары білім беру жүйесін қайта құру. Біздің Республикамызда қоғамдағы және еліміздің білім беру саясатындағы қазіргі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерден туындайтын жалпы стратегиялық міндеттерді бейнелейтін жоғары білім берудің мемлекеттік стандартының тұжырымдамасы дайындалды.

Тапсырмалар:

1.Мәтіннен жаңа сөздерді тауып, аударыңыздар.

2.Мәтін бойынша сұрақтар дайындаңыздар.

3.Мәтінді аударып, әңгімелеңіздер.

4.Мәтіннен жалқы зат есімдерді теріп жазыңыздар.

5.Мәтіннен туынды зат есімдерді теріп жазыңыздар.

 

Ыбырай Алтынсарин

(1841-1889)

Ыбырай Алтынсарин – қазақ халқының аса көрнекті ағартушысы, жаңашыл педагог, жазушы, ауыз әдебиетін зерттеуші, этнографы.

Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы Торғай облысының Қостанай уезіндегі Арқақарағай облысында, қазіргі Затобол ауданында туған. Ата-анасынан ерте айрылған Ыбырай белгілі би, атасы Балқожаның тәрбиесінде болған. Ол өз бетінше оқып, білім алған. Ыбырайдың білім алуына атасы Балқожа бидің игі ықпалы, Шығыс зеттеушісі, ғалым В.В. Григорьевтің де үлкен әсері болды.

Ы. Алтынсарин орыс әдебиетін көп оқыды. Ол халыққа білім беруді арман етті, қазақ ауылдарында орысша-қазақша мектеп ашты. Ыбырай қазақ балаларына арнап 1879 жылы «Қазақ хрестоматиясы» деген кітап, бастауыш класқа арналған орыс тілі оқулығын жазды.

Жаңалыққа ұмтылған Ы.Алтынсарин орыс графикасын негізге алып, қазақ алфавитін жасады. Оның «Қыпшақ Сейітқұл», «Бай баласы мен жарлы баласы» т.б. әңгімелері, ертегілері, өлеңдері бар. Ы. Алтынсарин көптеген публицистикалық мақалалар жазды. Оларды үш топқа бөлуге болады: хаттар, этнографикалық тақырыпқа жазылған очектер, экономикалық және саяси-әлеуметтік мәселелерді көтерген мақалалар. Қазақ халқы Ы.Алтынсаринді тұңғыш педагог деп ерекшелесе, Қазақстанның мәдени және ғылыми-педагогикалық қауымы оны «Ұстаздардың ұстазы» деп біледі.

Тапсырмалар:

1. Мәтіннен жаңа сөздерді теріп жазып, аударыңыздар.

2. Мәтін бойынша сұрақтар дайындаңыздар.

3. Мәтінді аударыңыздар, әңгімелеңіздер.

4. Кім? Не? сұрақтарына жауап беретін зат есімдерді теріп жазыңыздар.

5. Жалқы есімдерді теріп жазыңыздар.

 

Кітап – білім бұлағы

…Жақсы кітап – жан азығы. Кітапты сүйіп дәріптемеген адам жақсы бола алмайды. Кітапқа ең жақын досым, ақылшым деп қарау керек. Кітапты жазушы – халқы үшін, жастар мен балалар үшін жазады. Егер оқымаса, жазудың да, еңбектенудің де қажеті жоқ.

«Біздің заманда кино, телевизор, театр, радио да бар, кітап оқуға уақыт жетпейді», – деген қате пікірлер кездеседі. Ол дұрыс емес. Әрқайсысының өзінің орны бар. Кино да, телевизор да кітаптай бола алмайды, сырласа алмайды. Оқушы жас күнінен бастап кітап оқуға құнығуы керек. Әйтпесе күнде кітап оқу қиын болады. Аспай-саспай, әуелі кітаптың ырғағына түсіп, жаттығып, оқиға ішіне кіре оқымаса, ауыр тиеді. Әр кітаптың өзінің ырғағы бар, сол ырғақты тауып оқу құнығудан туады. Балалар әуелі ертегі кітаптардан бастап қызыға оқыса, біртіндеп құмартып оқуды жақсы көріп алады. (З.Шашкин)

Тапсырмалар:

1. Мәтінді оқыңыздар.

2. Жаңа сөздерді көшіріп жазып, аударыңыздар.

3. Мәтінді аударыңыздар.

4. Мәтіннен тұйық етістіктерді табыңыздар.

5. Мәтіннен болымсыз етістіктерді табыңыздар.

Ұсынылатын әдебиеттер

1. Күзекова З. Қазақ тілі. Жоғары оқу орындарына арналған оқулық (тілдерді оқытып үйретудің ортаңғы кезеңі үшін). Астана: Таным, 2003.

2. Күзекова З., Қарақұсова Г. Қазақ тілі (ЖОО экономика факультеттеріне арналған). Алматы: Қаржы-қаражат, 1997.

3. Аяпова Т. Қазақ тілі (Негізгі оқулық, үй кітабы, мұғалім кітабы). Алматы, 1998.

4. Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.

6-тақырып Мемлекет және біз. Менің Отаным – Қазақстан. ҚР рәміздері. Көмекші есімдер.

Практикалық (семинарлық) сабақтың жоспары

1.Мемлекет және біз. Менің отаным – Қазақстан. ҚР рәміздері тақырыптарын талдау.

2.Көмекші есімдерді еске түсіріп, мәтіндерден тапқызу.

 

МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ БІЗ

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев былай деді: «Біз – қазақстандықтармыз және мұны зор мақтанышпен айтамыз. Қазақстан мемлекетін құру, қазақстандық болу – бізге тағдыр сыйлаған ұлы бақыт. Біз оны әрдайым зор мақтаныш сезіммен ұрпақтан ұрпаққа табыстайтын боламыз».

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы елімізді Президенттік басқару формасындағы мемлекет деп, Президентті мемлекет басшысы деп жариялады. Дүниежүзі елдерінің көпшілігінде билік заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну ұстанымына негізделіп құрылды. Президенттік осы тармақтардың ешқайсысына жатпайды, солай болса да, Президент мемлекеттік биліктің барлық тармақтарымен тығыз байланыста болады.

Президент мемлекет басшысы болғандықтан, елдің ішінде де, халықаралық қатынастарда да, халық пен мемлекет атынан сөйлеуге құқықты. Халықтың қалаулысы ретінде Президент халық мүддесіне қызмет етеді.

ҚР Парламенті – Қазақстан Республикасындағы заң шығару қызметін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган. Ол екі палатадан тұрады: Сенат пен Мәжіліс.

Сенат – ҚР Параламентінің жоғарғы палатасы. ҚР Парламентінің Сенаты екі жолмен жасақталады. Оның біріншісі - әр облыстан, қалалардан сайланатын депутаттардан, екіншісі – ҚР Президенті тағайындаған жеті депутаттан тұрады.

Мәжілістің қазіргі құрамы аймақтық, партиялық тізімі бойынша сайланатын депутаттардан тұрады.

Сот билігі – мемлекеттік биліктің дербес тармағы болып табылады. Сот билігі азаматтардың, мемлекеттік ұйымдардың құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғайды. Халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз етеді.

Тапсырмалар:

1.Жаңа сөздерді аударыңыздар.

2. Мәтінді бөлімдерге бөліп оқыңыз, аударыңыз.

3. Мәтінді оқып, мазмұнын түсіндіріңіз.

4. Мәтіннен көмекші есімдерді табыңыздар.

5. Мәтін бойынша сұрақтар дайындаңыз.

 

МЕНІҢ ОТАНЫМ - ҚАЗАҚСТАН

Қазақстан Республикасы- Еуразия континентінің ортасында орналасқан тәуелсіз мемлекет. Қазақстан жері батыстан шығысқа қарай 2800км созылып жатыр. Жалпы көлемі 2,7млн км. Қазақстан солтүстікте Ресеймен, шығыста Қытаймен, оңтүстікте Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстанмен және батыста Каспий теңізі арқылы Әзірбайжан, Иран т.б. мемлекеттермен шектеседі.

Қазақстанның табиғаты әр түрлі. Мұнда тауда, орман да, қыр да, шөл де бар. Экономикалық және климаттық жағдайы бойынша Қазақстан басты бес аймаққа бөлінеді. Бұл - Шығыс, Солтүстік, Орталық, Оңтүстік, Батыс аймақтары. Соңғы халық санағының мәліметтері бойынша 1997 жылдың аяғында Қазақстан халқының саны 15,5млн, қала бойынша 55%, ауыл бойынша 45% құрайды.

Тапсырмалар:

1.Мәтінді оқып, жаңа сөздерді аударыңыз.

2. Мәтінді аударыңыздар.

3. Көмекші есімдерді табыңыз.

4.Мәтінді әңгімелеңіздер.

5. Мәтін бойынша сұрақтар дайындаңыздар.

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕЛТАҢБАСЫ

Біздің Елтаңбамыз – шеңбер ішінде. Шеңбер мағынасы – тіршілік, шексіз өмір дегенді білдіреді. Елтаңбадағы ең негізгі белгі – шаңырақ. Шаңырақ – үй, Отан деген ұғымды білдіреді. Қазақ халқында «Отан отбасынан басталады» деген мақал бар. Отбасы – шаңырақ, сіздің үйіңіз. Шаңырақ – қазақ елінің белгісі, рәмізі.

Шаңырақ - әлемдік геральдика тарихында тұңғыш рет пайдаланып отырған бейне. Шаңырағы бар Елтаңба тарихта болған емес.

Елтаңба композициясында – ай мүйізді, алтын қанатты пырақ бар. Ұлттық өрнек қазақ халқының тұрмысымен өте байланысты, ал ат, жылқы, тұлпар – қазақ тұрмысының негізі.

Елтаңбаның жоғары жағында жұлдыз орналасқан, ал төменгі жағында Қазақстан деген жазу бар.

Елтаңбаның реңдік бейнесі алтын және көгілдір түстес.

Елтаңбаның авторлары танымал суретшілер – Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов.

 

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТУЫ

Мемлекеттік Туымыздың түсі – ашық аспан түстес зеңгір көк.

Зеңгір көк – табиғаттағы жеті түстің бірі. Көк түс - аспанның, ауа мен құрылықтың белгісі. Көк түс адалдықтың, тазалықтың белгісі.

Тудағы күн бейнесі, геральдика заңы бойынша, байлық пен берекенің белгісі. Тудағы қыран бейнесі – еркіндіктің белгісі. Ұлттық өрнек – қазақ халқының мәдениетін, өнерін білдіреді.

Қасиетті көк байрақтың авторы халқымыздың талантты ұлдарының бірі Шәкен Оңдасынұлы Ниязбеков.

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘНҰРАНЫ

Мемлекеттік Әнұран – тәуелсіздік пен егемендіктің музыкалық рәмізі. Мемлекеттік Әнұран әр елде бар, ол мемлекеттің рәмізі болып табылады. Әнұран – мемлекеттің бірлік белгісі ретінде қабылданған салтанатты ұран өлең. Әнұран қоғамдасуға үндейтін, бірлескен іс-қимылға шақыратын, сана-сезімге психологиялық әсер ету жолымен жігерлендіруге, рухтандыруға бағытталады. Елдің намысын оятып, елдікке, бірлікке, еркіндікке шақыратын үндеу, ортақ қимыл-әрекетке шақыратын дабыл.

Қазақстан Республикасының Әнұранының сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.

Әнұранның музыкасын жазған: Шәмші Қалдаяқов.

Тапсырмалар:

1. Жаңа сөздерді аударыңыздар.

2. Мәтінді әңгімелеңіздер.

3. Мәтіннен көмекші есімдерді табыңыздар.

4. Танысыңыз. Есіңізде сақтаңыз.

9-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекетік Рәміздері – Туы, Елтаңбасы және Әнұраны бар. Олардың сипаттамасы және ресми пайдалану тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» 1996 жылғы қаңтардың 24-індегі Жарлығынан:

4-бап.Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранын қорлауға кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘНҰРАНЫ

Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов

Нұрсұлтан Назарбаев

Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов

Алтын күн аспаны,

Алтын дән даласы. .

Ерліктің дастаны,

Еліме қарашы.

Ежелден ер деген,

Даңқымыз шықты ғой.

Намысын бермеген,

Қазағым мықты ғой!

Қайырмасы:

Менің елім, менің елім,

Гүлің болып егілемін.

Жырың болып төгілемін, елім!

Туған жерім менің – Қазақстаным!

Ұрпаққа жол ашқан,

Кең байтақ жерім бар.

Бірлігі жарасқан,

Тәуелсіз елім бар.

Қарсы алған уақытты,

Мәңгілік досындай.

Біздің ел бақытты,

Біздің ел осындай!

 

Тапсырмалар:

1. Әнұранды жаттаңыздар.

2. Сөздік жұмысын жасаңыздар.

Ұсынылатын әдебиеттер

1. Күзекова З. Қазақ тілі. Жоғары оқу орындарына арналған оқулық (тілдерді оқытып үйретудің ортаңғы кезеңі үшін). Астана: Таным, 2003.

2. Күзекова З., Қарақұсова Г. Қазақ тілі (ЖОО экономика факультеттеріне арналған). Алматы: Қаржы-қаражат, 1997.

3. Аяпова Т. Қазақ тілі (Негізгі оқулық, үй кітабы, мұғалім кітабы). Алматы, 1998.

4. Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.

7-тақырып Диктант. Сын есім. Табиғат. Табиғаты ғажап Қазақстан.

Практикалық сабақтың жоспары:

1. Диктант жазу.

2.Сын есім туралы түсінік беру.

3.Табиғат. Табиғаты ғажап Қазақстан тақырыптарына байланысты жаңа сөздермен таныстыру.

 

Табиғат

Қазақстанның территориясы батысында Волганың төменгі ағысынан, шығысында Алтайға дейін 3000 км созылып жатыр. Ал солтүстікте Батыс Сібір жазығынан оңтүстікте Тянь-Шаньға дейін 2000 км-ге жуық қашықтыққа созылады. Қазақстанның оңтүстік-шығысында биіктігі 7000 м жететін Хан-Тәңірі тау массиві бар. Қазақстан Республикасы Евразия материгінің ортасында орналасқан.

Қазақстанның жер беті әр алуан. Онда басын мұз басқан биік таулар да, биіктігі орташа таулы қыраттар да, кең-байтақ жазықтар мен ойпаттар да бар.

Республиканың оңтүстік-батысында Маңқыстау түбегі орналасқан. Маңқыстаудың шығысында Үстірт шөлді қыраты (биіктігі 340 м-ге дейін) бар. Каспий маңы ойпатының солтүстік-шығысында Орал тауының оңтүстік сілемдері мен Мұғалжар (биіктігі 657 м) таулары бар. Ал Мұғалжардың солтүстік-шығысында Торғай қыраты (биіктігі 200-400 м) бар, бұл қырат оңтүстікте Тұран ойпатына Қызылқұм (биіктігі 53-332 м) кіреді.

Арал теңізінен солтүстікке қарай Үлкен және Кіші Борсыққұм массивтері және Арал маңы Қарақұмы жатыр.

Қазақстанның орталық бөлігін Сарыарқа алып жатыр. Ол ескі таулардың жұрнағы сияқты. Сарыарқада Қарқаралы (1,366 м), Ұлытау (1,133 м) т.б. тау массивтері бар. Сарыарқаның оңтүстік бөлігі бірте-бірте сусыз шөл Бетбақдалаға ұласады. Оның оңтүстігінде Мойынқұм жатыр. Бетбақдаланың шығысында үлкен аймақ бар. Ол аймақ Балқаш көліне құятын 7 өзенге байланысты Жетісу аталады.

Республиканың шығысында, оңтүстік-шығысында Алтай тауларының сілемдері, Тарбағатай мен Жоңғар Алатауының (4,463 м) жоталары орналасқан.

Тапсырмалар:

1. Мәтінді оқыңыздар.

2. Жаңа сөздерді көшіріп жазып, аударыңыздар.

3. Мәтінді аударыңыздар.

4. Мәтіннен зат есімдердің септік жалғауларын анықтаңыздар.

5. Мәтіннен зат есімдердің түрлерін анықтаңыздар.

 

 

ТАБИҒАТЫ ҒАЖАП ҚАЗАҚСТАН

Қазақстанның жер қойнауында әлемдегі табиғи қазба байлықтарының барлық түрі кездеседі. Қазақстандағы Тянь-Шань тауының Хан Тәңірі шыңы. Оның биіктігі - 6996 метр. Республиканың ең көрікті жерлерінің бірі Қарқаралы. Қарқаралы Қарағанды облысына қарайды. Қарқаралы көрікті де әдемі жер. Орманды, тоғайлы жер. Қаланы орман, тоғай қоршап тұрады. Тоғай ішінің ауасы мен жемісі адамға шипа. Сондықтан да бірнеше демалыс орындары, санаторий салынған. Олардың іші таза, жарық, кең, биік. Бұл демалыс орындары мен санаториге жылына жүздеген адамдар келіп дем алады, емделеді.

Қазақстан территориясының ауқымдығына қарай ауа райы да әр түрлі. Табиғаттың әсемдігін көріп, сүйе білетін адам, оны қорғаудың қажеттігін сезініп, түсінеді. Қоғамның материалдық және рухани байлықтарының қайнар көзі –табиғат. Табиғаты әсем сұлу қалалардың қатарында Алматы қаласын жатқызуға болады. Алматы - Алатаудың қасында орналасқан. Алатау - биік, әдемі тау. Алатауда Медеу спорт кешені бар. Халық әр жексенбіде Медеуге барып демалды. Оқушылар, студенттер Медеуге көп барады. Медеуге үлкен кісілер де, сырттан келген қонақтар да барды. Алатаудың басында қасы-жазы қар жатады. Қазақстандағы ең биік тау - Алатау тау.

Тапсырмалар:

1.Мәтінді оқып, жаңа сөздерді аударыңыз.

2.Орталық Қазақстанның табиғаты қандай? Суреттеп беріңіз.

3.Мәтін бойынша сұрақтар құрастырыңыз.

4.Мәтіннен сын есімдерді табыңыз.

5.Мына сөздермен сөйлемдер құраңыздар: көрікті, әдемі, таза, жарық, кең, сұлу, әсем, үлкен.

6.Берілген өлеңді мәнерлеп оқыңыз. Өлеңнен табиғат құбылыстарына қатысты сөздерді тауып аударыңыз.

 

Тал бесігім - табиғат

Табиғат - алтын күнім, күміс айым,

Шашылған жұлдыз - меруерт түні сайын.

Сөйлеші жерде бұлақ, көкте бұлт боп,

Тіліңді түсінуге тырысайын.

 

Табиғат - көркем жырым, асқақ әнім,

Сен - ана, мен - қашанда жас баламын.

Үңілем таңнан тұрып терезеге,

Ашық па, жабық па деп қас-қабағың.

 

Табиғат - мөлдір жаңбыр, ұлпа қарым,

Сергимін салып төске қыр самалын.

Түлетіп ұшырса да ана құшақ,

Сен жайған алақанда тұр табаным.

 

Табиғат - айна көлім, орман бағым

Түйе өркеш айнала тау қорғандарым.

Құптаймын шыңдарыңнан бұлт қана емес,

Қанатын қыранның да қомданғанын.

Оразақын Асқар

 

Ұсынылатын әдебиеттер

1. Күзекова З. Қазақ тілі. Жоғары оқу орындарына арналған оқулық (тілдерді оқытып үйретудің ортаңғы кезеңі үшін). Астана: Таным, 2003.

2. Күзекова З., Қарақұсова Г. Қазақ тілі (ЖОО экономика факультеттеріне арналған). Алматы: Қаржы-қаражат, 1997.

3. Аяпова Т. Қазақ тілі (Негізгі оқулық, үй кітабы, мұғалім кітабы). Алматы, 1998.

4. Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.

 

8-тақырып Жер – Ананы аяла. Туған жер .Қазақстанның қорықтары. Сын есімнің шырайлары.

Практикалық сабақтың жоспары

1.Жер – Ананы аяла.Туған жер. Қазақстанның қорықтары- (жаңа сөздермен таныстыру, әңгімелеу).

2 Сын есімнің шырайлары (қайталау, мәтіндерден тапқызу) .