Компания 2 страница

 

Студенттердің білімін бағалау

Баға Әріптік эквивалент Пайызбен % Балмен
Өте жақсы А А- 95-100 90-94 3,67
Жақсы В+ В В- 85-89 80-84 75-79 3,33 3,0 2,67
Қанағаттанарлық С+ С С- D+ D 70-74 65-69 60-64 55-59 50-54 2,33 2,0 1,67 1,33 1,0
Қанағаттандырарлықсыз Ғ 0-49

I-VIII модульдар бойынша бақылау жүргізуге арналған сұрақтар:

1. Жер туралы білім қашан пайда болған?

2. Тас, қола, көмір ғасырында не өндірген?

3. Қазіргі геологияның дамуы қай кезден басталады?

4. Минералдың физикалық қасиеттерін немен анықтады?

5. Геологиялық түсірім жұмыстары қандай кезеңдерге бөлінеді?

6. Масштабына қарай геологиялық түсірімдер қалай анықталады?

7. Геология сөзі қайдан шыққан?

8. Жалпы геологияның маңызды бағыты қандай?

9. Геологиялық процестер қандай өзгерістер әкеледі?

10. Жалпы геология қандай мамандар даярлайды?

11. Институттың қандай елдермен халықаралық байланыстары бар?

12. Кімдермен қандай мақсатта келісімшарт жасалған?

13. Қаратай Тұрысов кім? Геолог ретінде қандай еңбегін бағалар едіңіз?

14. Пайдалы қазба кенорындарын барлау қаншалықты маңызды?

15. Геологиялық барлау нені анықтайды?

16. Пайдалы қазбаларды іздеу мен барлау қандай жағдайларда іске асады?

17. Геологияның халық шаруашылығындағы маңызы қандай?

18. Мұнайдан қандай өнімдер алынады?

19. Мұнай тектес газдардан не алынады?

20. Ертеде мұнайды не үшін пайдаланған?

IX-XV модульдар бойынша бақылау жүргізуге арналған сұрақтар:

1. Мұнай өнеркәсібінің рөлі қандай?

2. 1960 жылдары қандай кенорындары ашыла бастады?

3. Мұнайды игеру үшін ашылған қанша кәсіпорынды білесіздер?

4. Іздеу жұмыстары неше кезеңнен тұрады.

5. Алғашқы кезеңде қандай жұмыстар атқарылады?

6. Жер қабаттарының көнелігі мен аумағын қалай анықтайды?

7. Барлау әдісі арқылы нені анықтайды?

8. Бұрғылау жұмыстарының маңызы қандай?

9. Бұрғы қондырғыларының түрлерін атаңыздар?

10. Бұрғылау ұңғыларын қайда орнатуға болады?

11. Ұңғы дегеніміз не?

12. Мұнайдың тығыздығы қалай анықталады?

13.Тұтқырлығы дегеніміз не?

14.Табиғатта мұнай қандай күйде кездеседі?

15. Мұнайлы қабаттарды анықтау үшін қандай әдістер қолданған?

16. Мұнайға серік газдарды қалай пайдаланған?

17. Мұнай кәсіпшілігі немен айналысады?

18. Жанар майға қандай майлар жатады?

19. Мұнай майлары дегеніміз не?

20. Мұнай мен газды өңдеу өнеркәсібі қай уақыттан дамыды?

Аралық аттестацияға арналған сұрақтар

1. Қазіргі геологияның дамуы қай кезден басталады?

2. Геологиялық барлау жұмыстарының алдында қандай мәселе тұр?

3. Пайдалы қазба кенорындарын іздеу маңызды ма?

4. Ғылыми-техникалық процесте геологияның рөлі қандай?

5. Қазақ даласында кен өндіру қандай тәсілмен жүргізілген?

6. Кен өндіру қазақ даласында қашан басталған?

7. Кенорындар туралы алғашқы мәліметтерді қай ғалымдардың

еңбектерінен көруге болады?

8. Іздеу элементтері дегеніміз не?

9. Кенорнына айналмаған шоғырлар дегеніміз не?

10. Кен орындары қалай бөлінеді?

11. Барлау міндеттері қандай геологиялық жұмыс түрлерін қамтиды?

12. Геология қандай ғылымдар түріне жатады?

13. Қандай ғылымдармен тығыз байланысты?

14. Тұңғыш мұнай өңдеу зауыты қай жылы қай жерде құрылды?

15. Мұнайды ертеде не деп атады?

16. Мұнайдан қандай өнімдер алынады?

17. Мұнай тектес газдардан не алынады?

18. Мұнай өнеркәсібінің рөлі қандай?

19. 1960 жылдары қандай кенорындар ашыла бастады?

20. Мұнайды игеру үшін ашылған қанша кәсіпорынды білесіздер?

1.11 Курстың саясаты мен тәртібі

Курстың саясаты мен тәртібі оқытушылардың студенттерден міндетті түрде сабаққа қатысуын, барлық бақылау түрі бойынша уақытында есеп беру, сабаққа қатыспаған күндерін қайта тапсыру барысында оқытылатын пәннің бірізділігін сақтау қажет. Әрбір оқушы бақылау түрлерін бірізділікпен тапсыруын негіздеуі қажет. Студенттер өз уақытысында өзіндік жұмысын орындап, оқытушыға тапсырып отыруы керек.

2. Негізгі таратылатын материалдар мазмұны

2.1. Курстың тақырыптық жоспары:

Тақырып атаулары Академиялық сағат саны
  Тәжірибелік сабақтар СОӨЖ СӨЖ
1. Геология және оның даму тарихы
2. Геология және мұнай-газ ісі институты
3. Геологиялық барлау, іздеу және міндеттері
4. Геология ғылымының салалары, зерттелуі
5. Жер қойнауы және мұнай туралы Заңдар
6. Мұнай мен газ геологиясы
7. Мұнай өндіру, игеру және іздеу, барлау
8. Кенорындарын бұрғылау және оның түрлері
9. Мұнай-газдың құрамы және қасиеттері
10. Мұнай өнімдері және оның тасымалдануы
11. Мұнай кәсіпшілігін сумен қамтамасыз ету
12. Мұнай-газ өнімдерін шығаратын кәсіпорындар
13. Мұнай-газ компаниялары
14. Мұнай-газ кенорындары және ғылыми-зерттеу институттар
15. Кен өндірудегі экологиялық проблемалар
Барлығы: 135 сағат

1-апта. 1-тәжірибелік сабақ

1-тапсырма. Жалпы геология туралы мәтінді оқып, оның жаратылыстану ғылымдарының ішінде алатын орнын өз тараптарыңыздан толықтырып, мазмұндаңыздар.

Геология және оның даму тарихы

* * * * *

Геология туралы ұғым

Геология – Жер туралы ғылым (грекше ге – Жер, логос – ілім). Бұл қысқа анықтаманың мәні өте үлкен, мазмұнды және жан-жақты. Геология қазіргі кезде жаратылыстанудың ең маңызды бағыты болып саналады және ғылымдар жиынтығы болып табылады. Бұл жиынтықтың әр бөлімі геология салалары арасында өзіндік ғылыми пән ретінде танылады.

Жалпы геология Жердің оның ғаламда орналасуынан бастап, әртүрлі геологиялық процестерге дейінгі жалпы мәліметтерді қарастырады. Бұл процестер Жер бетінде де, оның терең қойнауларында да орын алып, минералдар, таужыныстар, пайдалы қазбалар, бедер пішіндері мен құрылымдарының жаралуына әкеледі.

Геология – жаратылыстану ғылымдарының ішіндегі ең маңыздыларының бірі. Ол жердің құрылысын, құрамын, жаралу тегін және дамуын, сол сияқты жер қыртысының, оны құрайтын минералдардың, тау жыныстарының, рудалардың, Жердегі тіршілік атаулының пайда болу және даму тарихын зерттейді. Сонымен қатар, ол жер қойнауында кездесетін алуан түрлі пайдалы қазбалардың құралу және орналасу заңдылықтарын анықтайды. Жердің ішкі терең қабаттарын зерттеу әдістерінің әлі жетілмегендігінен жердің ең жоғарғы қабаттарын (жер қыртысын) ғана зерттеумен шектеліп отыр.

Жер динамикасы немесе жалпы геология геолог, геофизик, гидрогеолог, сейсмолог, геоэколог және техникалық бұрғылаушы, кенші-технолог, механик, жобалаушы, құрылысшы салалары бойынша Жер қойнауын зерттейтін және шаруашылық мақсатта пайдаланатын мамандар даярлауға негіз болады. Екінші жағынан, геологияның тарихи ғылым ретінде танымдық мәні де өте үлкен.

Қазіргі кезде геологиялық ортаны тиімді пайдалану мен қорғауға қатысты жаһандық проблеманың өткірлігі арта түсуде. Ол жер қойнауын пайдаланушылардың барлығының алдында тұрған мәселе. Бұл проблеманы шешу толығымен геология біліміне, геологиялық ғылымдар жиынтығына негізделеді. Осыған байланысты жалпы геологияны жер қойнауын пайдаланушылар ғана емес, сондай-ақ пайдалы қазбалардың геологиясына және олардың кен орындарын барлау мен игеруге, қоршаған ортаны қорғауға байланысты мамандықтарда оқитындар білуі тиіс.

2-тапсырма. Сөйлемдерді меңгеріп, сөздіктің көмегімен орыс тіліне аударыңыздар.

Геология Жер қыртысының тарихы және дамуы жөніндегі ғылым және ғылымдар жиынтығы. Бұл циклді құрайтын ғылымдар өзара біте қайнасқан және тығыз байланысты. Олар Жердің дамуы мен қалыптасу процесінің әртүрлі жақтары мен нәтижелерін зерттейді. Ол әртүрлі мақсатты көздейді және әртүрлі әдістерді пайдаланады. Жер қойнауын, орман және су ресурстарын, өсімдік және жануарлар дүниесін пайдалану мен қорғау жөніндегі қатынастар арнайы заңдармен реттеледі.

3-тапсырма. Торда берілген сөздер және сөз тіркестерімен сөйлемдер құрастырыңыздар.

терең қойнау барлау жер асты ғылым ретінде сапалы
кен орындары жобалаушы сейсмолог жаһандық шаруашылық
бұрғылаушы игеру қауіпсіз жаратылыстану таужыныстары

4-тапсырма. Өлеңді мәнерлеп оқып, жаттап алыңыздар.

Жапан түзде жүреді Тылсым сырын зерттейді,

Байлық іздеп елі үшін, Кен табу – бар арманы.

Күндей болып күледі Жігерді ат қып ерттейді,

Көрсе істің жемісін. Ол қай тұсқа бармады?

Күзде, қыста, көктемде Елсіз шөлден өтеді,

Мейлі ыстық жазды күн. Адастырмас мақсаты.

Алыс сапар шеккенде, Жапан дала мекені,

Жер қыртысын қазды мың Баспанасы – ақ шатыр.

Алтын, қола, темірді, Қажымайды, талмайды,

Қорғасынды, жақұтты. Жұмсап жігер, Ай – күнін.

Тапқан және көмірді, Табуға тек арнайды,

Геолог шын бақытты. Туған жердің байлығын.

Ж.Рахымов

5-тапсырма. Өлеңнің мазмұнына берілген сұрақтарға жазбаша жауап беріңіздер.

а)Жер қыртысы, істің жемісін көру, сапар шегу, тылсым сырдеген сөздердің мағынасын түсіндіріңіздер. ә) Өлеңде қандай кендер аталған? б) Геолог мамандығы қалай сипатталған?

6-тапсырма. Мәтін бойынша сөздікті жаттап алыңыздар.

ғалам – вселенная игеру – освоение

терең қойнау – глубокие недра барлау – разведка

құрылым – строение жер қойнауы – недра земли

жобалаушы – проектировщик қорғау – защищать

танымдық – познаваемость жаһандық – оповещенность

7-тапсырма. Есте сақтаңыздар! Терминдерге берілген түсініктемелер.

Кенорны – пайдалы қазбалар табиғи шоғырланған Жер қойнауының бөлігі;

Минералдық шикізат – жер үстіне шығарылған, құрамында пайдалы қазбалар бар Жер қойнауының (тау жынысы, кен шикізаты т.б.) бөлігі.

Өндіру – пайдалы қазбаларды Жер қойнауынан жер үстіне шығарумен және мемлекеттік меншіктегі Техногендік минералдық түзілімдерден алумен, минералдық шикізатты өңдеуге дейінгі барлық технологиялық операцияларды қоса алғанда, байланысты жұмыстар;

Әдістемелік ұсыныс: Геология туралы жалпы ұғымды меңгеру.

Әдебиет:Нег.: 3[40-48]; Қос.: 21[26-32]

Бақылау сұрақтары:

1. Геология сөзі қайдан шыққан?

2. Жалпы геологияның маңызды бағыты қандай?

3. Геологиялық процестер қандай өзгерістер әкеледі?

4. Жалпы геология қандай мамандар даярлайды?

5. Мамандар нені білуі тиіс?

1-апта. 2-тәжірибелік сабақ

8-тапсырма. Геологияның даму тарихынан мәлімет алып, мағынасын меңгеріп, мазмұндаңыздар.

Геологияның даму тарихы

Геология ерте кезден-ақ белгілі болған. Адамдар біздің эрамызға дейін де металл қорытып, минералдық суларды пайдалана білген. Табиғи құбылыстардың кейбір сырлары туралы сол кездің өзінде-ақ дұрыс тұжырым жасалынған. Тас ғасырында адамдар Жер қойнауында тастардың белгілі бір сорттарын, қола ғасырында – мыс пен қалайыны, көмір ғасырында – темірді өндірген. Осы аталған материалдарды өндіру үшін адамдар жер қыртысының құрылысын, оның ерекшеліктерін мұқият зерттегені көрінеді.

Орта ғасырларда Шығыс ғалымдарының арасында прогрессивтік бағыттағы көзқарас қалыптаса бастайды. Мысалы, Абу Рейхан аль-Буруни (973-1048), Абу Али Ибн Сина (Авицена 980-1037), Мухаммед Насирэддин (Туси 1201-1274) сол кездің өзінде-ақ, жер уақыт өткен сайын өзгеріп, дамып отырады деп түсінген.

Қайта өрлеу заманында геология жылдам қарқынмен дамыса да, алғашқы ғылыми тұжырымдар ХVIII ғасырдың екінші жартысында ғана жасалынды.

Россияда геологиялық білімнің негізін қалаған М.В.Ломоносов (1711-1765), ал Батыс Европада Д.Геттон (1726-1797) мен Вернер (1750-1817) болды.

1875 жылы геологтардың халықаралық ұйымы – Геологиялық конгресс ұйымдастырылды. Жеке елдерде де ұлттық геологиялық ұйымдар құрыла бастады. Ресейде геологиялық комитет 1882 жылы құрылып, алғашқы геологиялық картаға түсіру жұмыстары жүргізіле бастады. Нәтижесінде көптеген жаңа кенорындары ашылды.

XIX ғасырдың екінші жартысында жүргізілген геологиялық картаға түсіру жұмыстарының нәтижесінде жеке аудандар мен аймақтарды, тіпті бүкіл континентті қамтитын геологиялық ірі тұжырымдар мен қорытындылар жасауға мүмкіндік туа бастайды.

Геология айтарлықтай жетістіктерге XX ғасырда жетті. Осы ғасырдың басында радиобелсенділік құбылысы ашылды. Геологияда жержылнамалық әдісті қолдану таужыныстарының абсолюттік жасын есептеуге жол ашты.

Геологияның қазіргі даму сатысының басы 1950-ші жылдар болып саналады. Жаңа техникалық жарақтар мен әдістерге теңізде және құрылықта терең бұрғылау, океанографиялық зерттеулер, Жерді жасанды серіктер мен пилотты ғарыш кемелерінің көмегімен зерттеу, петрологиялық-минералогиялық эксперименттер жатады. Жердің терең қойнауларына тән аса жоғары қысым мен температура жағдайларында минералдың физикалық қасиеттерін анықтау үшін жаңа аппаратура пайда болды. 1960-шы жылдардың басында мұхит түбінің құрылымы мен мұхит аралық жоталар табиғатын зерттеу саласында маңызды жаңалықтар ашылды. Осы кезде «жаңа жаһандық тектоника» немесе «тақталар тектоникасы» гипотезасының негізі қаланған болатын.

9-тапсырма. Мәтінге берілген сөздікті жаттап алыңыздар.

қойнау – ложбина, лощина

кен – месторождение; недра; полезные ископаемые

шикізат – сырье; сырое вещество

қоршаған әлем – окружающий мир

өндірістің артуы – нагрузка производства

жерді зерттеу – изучение земли

жержылнама – геохронология

қола – бронза

жер қыртысы – твердый слой земли, кора земли

қолдану – применять

таужыныстар – горные породы

жарақ – снаряжение, оружение

10-тапсырма. Сұрақтарға жауап беріп, мәтінді пысықтаңыздар.

1. Адамдар Жерді қай уақыттан бастап зерттеген? 2.Тас, қола, көмір ғасырында не өндірген? 3. Радиобелсенділік құбылысты қолдану арқылы қандай жетістіктерге жетті? 4. Қазіргі геологияның дамуы қай кезден басталады? 5. Оған қандай зерттеулер мен эксперименттер жатады? 6. Минералдың физикалық қасиеттерін немен анықтады? 7.Тағы да қандай маңызды жаңалықтар ашылды?

11-тапсырма. Сөз тіркестерімен сөйлемдер құрастырыңыздар.

 
 

 

 


12-тапсырма. Берілген сөз тіркестерінің мағынасын түсіндіріп, сөйлемдер құрастырыңыздар.

Халық шаруашылығы, шикізат қоры, экономикалық тиімділігі, геологиялық ұйымдар, кенорындары, геологиялық карта, жер қойнауы, жоғарғы қабат, қамтамасыз ету.

13-тапсырма. Берілген сөйлемдердегі көп нүктенің орнына тиісті сөздерді қойып жазыңыздар.

1. Геологияның негізгі әдісі ... ол белгілі бір аумақтың ... мен пайдалы қазбаларын жан-жақты ... қажет геологиялық жұмыстардың жиынтығы болып табылады. 2. Геологиялық ... сондай-ақ геологиялық карталау деп те атайды. зерттеуге геологиялық құрылысы геологиялық түсіру суреттер
3. Геологиялық карталау кезінде көптеген және әртүрлі геофизикалық, геохимиялық әдістер, аэрофото түсіру мен ғарыштық ... қолданылады. түсіруді
4. Әртүрлі тереңдіктерге дейін жететін ... жасауға мүмкіндік беретін қуатты қазіргі техника кең қолданылады. “ғарыштық әдістер”
5. Соңғы жылдары Жерді өте жоғары биіктіктерден ... және оны Күн жүйесінің басқа планеталарымен салыстыруға мүмкіндік беретін ... материалын пайдалану барған сайын артуда. байқауға жасанды ашылымдар

14-тапсырма. Терминдерге берілген анықтаманың мағынасын меңгеріп, есте сақтаңыздар.

Жер – заңдарға сәйкес меншік және жер пйдалану обьектісі (жылжымайтын мүлік) болып табылатын табиғи шаруашылық жүргізу обьектісі.

Жер ресурстары – экономиканың салаларында пайдаланылатын немесе пайдалануы мүмкін жер.

Әдістемелік ұсыныс:Геологияның тарихы және оның даму сатысымен танысып, есте сақтау. Жоғарыдағы жаттығуларды орындай отырып жазбаша тілдің дағдысын қалыптастыру.

Әдебиет:Нег.: 1[22-35 ]; Қос.: 21[32-45]

Бақылау сұрақтары:

1. Жер туралы білім қашан пайда болған?

2.Тас, қола, көмір ғасырында не өндірген?

3. Қазіргі геологияның дамуы қай кезден басталады?

4. Минералдың физикалық қасиеттерін немен анықтады?

1-апта. 3-тәжірибелік сабақ

15-тапсырма. Мәтіннің мазмұнымен мұқият танысып, мағынасын меңгеріп, сабақ барысында талқылаңыздар.

Геологиялық түсіру

 

Геологиялық түсіру – геологиялық карта жасау және жаңа кенорындарын ашу үшін дала жағдайында жүргізілетін геологиялық зерттеу жұмыстары. Геологияның негізгі әдісі геологиялық түсіру, ол белгілі бір аумақтың геологиялық құрылысы мен пайдалы қазбаларын жан-жақты зерттеуге қажет геологиялық жұмыстардың жиынтығы болып табылады. Геологиялық түсіруді геологиялық карталау деп те атайды. Өйткені бұл жұмыс геологиялық карта жасаумен жалғасады.

Геологиялық түсіру жұмыстары үш кезеңге бөлінеді: даярлық, далалық зерттеу және тыңғылықты өңдеу. Даярлық жұмыстары кезінде бұрын жүргізілген жұмыстар толық сарапталады; орындалатын жұмыстардың мақсаты мен міндеттері белгіленеді; түсіруге қажетті аэрофото материалдар, топографиялық карталар даярланады. Далалық зерттеу кезінде тау жыныстарының жер бетіне шығып жатқан белгілері жүйелі, жан-жақты зерттеліп, олардың құрамы, жасы, тегі, пішіні, геологиялық шекаралары анықталып, топографиялық картаға түсіріледі. Тыңғылықты өңдеу барысында дала жұмыстары кезінде жинақталған геологиялық материалдар одан әрі нақтыланады. Әртүрлі сынамалар мен үлгілер лабораториялық жағдайларда талданады. Геологиялық карталар жаңа мәліметтермен толықтырылып, жобалар жасалынып, геологиялық құжаттар толтырылады.

Геологиялық түсірулер масштабына қарай ұсақ, орта, ірі болып бөлінеді. Ұсақ масштабты геологиялық түсірім кенорындары көп ашылған жерлер бойынша жасалады. Орта масштабты геологиялық түсірім кезінде белгілі бір ауданның геологиялық құрылысы анықталады. Бұрын ашылған кен байлықтарына тиісті баға берумен қатар, келешекте олардың жаңа түрлерінің ашылуы мүмкіндігіне болжау жасалынып, картаға түсірілетін жерде жан-жақты зерттеу жүргізіледі. Ұңғымалар бұрғыланады, кен байлықтарының барлық түрлері ізделінеді. Ірі масштабты геологиялық түсірім кенорындары ашылуы мүмкін аудандарда жаңа құрылыстар салынатын жерлерде жүргізіледі. Барлау жұмыстары нәтижесінде жаңа кенорындары болуы ықтимал жерлер анықталып, табылған кен байлықтары алғаш рет бағаланады.

Геологиялық түсіру жұмыс ерекшеліктеріне қарай маршруттық, алаңдық және аспаптық болып бөлінеді. Маршруттық геологиялық түсірімде байқау нүктелері мен геологиялық объктілердің бәрі топографиялық карталар мен аэрофотосуреттерде белгіленеді. Алаңдық геологиялық түсірімде байқау нүктелері түсірілетін жер аумағына біркелкі орналастырылады. Аспаптық геологиялық түсірімде барлық геологиялық объектілер картаға геодезиялық аспаптармен түсіріледі.

16-тапсырма. Сөздікті жаттап алыңыздар.

даярлық – подготовка

далалық зерттеу – полевое исследование

тыңғылықты өңдеу – тщательная обработка

алаңдық – площадочный

аспаптық – инструментальный

байқау нүктелері – смотровые точки

сынамалар – пробы

сараптау – эксперт

17-тапсырма. Мәтіннің мазмұнына берілген сұрақтарға жауап беріңіздер.

1. Геологиялық түсірім деген не? 2. Геологиялық түсірім жұмыстарының кезеңдерін атаңыздар? 3. Даярлық, далалық зерттеу және тыңғылықты өңдеу кезеңінде қандай жұмыстар атқарылады? 4. Геологиялық түсірімдер масштабына қарай қалай бөлінеді? 5. Жұмыс ерекшеліктері түрлеріне не жатады?