Негiздерi

Саяси партиялар туралы

Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 15 шілдедегі N 344 Заңы

 

МАЗМҰНЫ

 

Осы Заң саяси партияларды құрудың құқықтық негiздерiн, олардың құқықтары мен мiндеттерiн, қызметiнiң кепiлдiктерiн белгiлейдi, саяси партиялардың мемлекеттiк органдармен және басқа ұйымдармен қатынастарын реттейдi.

 

Тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Саяси партия ұғымы

 

1. Азаматтардың, әртүрлi әлеуметтiк топтардың мүдделерiн мемлекеттiк билiктiң өкiлдi және атқарушы, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында бiлдiру және оларды қалыптастыру iсiне қатысу мақсатында олардың саяси еркiн бiлдiретiн Қазақстан Республикасы азаматтарының ерiктi бiрлестiгi саяси партия деп танылады.

2. Саяси партияның халық атынан билiк жүргiзуге құқығы жоқ.

 

2-бап. Қазақстан Республикасының саяси партиялар

туралы заңдары

1. Қазақстан Республикасының саяси партиялар туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актерлерiнен тұрады.

2. Саяси партиялар заң алдында бiрдей.

 

3-бап. Саяси партияларға бiрiгу құқығы

 

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының саяси партияларға бiрлесу бостандығына құқығы бар.

2. Қазақстан Республикасының азаматы тек бiр саяси партияға мүше бола алады.

3. Саяси партияға мүше болу Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен бостандықтарын шектеуге негiз бола алмайды.

4. Әркiм өзiнiң қандай партияға жататынын көрсетуге немесе көрсетпеуге құқылы.

 

4-бап. Мемлекет және саяси партиялар

 

1. Мемлекет саяси партиялардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын қамтамасыз етедi.

2. Мемлекеттiң саяси партиялардың iстерiне және саяси партиялардың мемлекет iстерiне заңсыз араласуына жол берiлмейдi. Саяси партияларға мемлекеттiк органдардың функцияларын жүктеуге де жол берiлмейдi.

3. Азаматтардан кез келген нысанда, оның iшiнде ресми құжаттарда да, қандай партияға жататынын көрсетудi талап етуге тыйым салынады.

4. Парламент депутаттарының, мемлекеттiк қызметшiлердiң саяси партиялардағы ақы төленетiн қызметтерде болуына құқығы жоқ.

5. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдық мiндеттерiн атқару кезiнде Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын басшылыққа алады және саяси партиялар мен олардың органдарының шешiмдерiмен байланысты болмайды.

6. Саяси партиялардың тұрақты жұмыс істейтін органдарында қызмет атқаратын адамдарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы, Қазақстан Республикасының әлеуметтік қамсыздандыру және сақтандыру туралы заңнамасы қолданылады.

Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.15. N 253 Заңымен.

 

5-бап. Саяси партиялардың құрылу және қызмет ету

негiздерi

1. Саяси партиялардың қызметi ерiктiлiк, тең құқықтылық, өзiн-өзi басқару, заңдылық және жариялылық принциптерiне негiзделедi. Осы Заңмен белгiленген шектеулердi қоспағанда, саяси партиялар iшкi құрылымын, мақсаттарын, қызмет нысандары мен әдiстерiн еркiн анықтайды.

2. Саяси партиялардың қызметi адам мен азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында кепiлдiк берiлген құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға тиiс.

3. Саяси партиялар Қазақстан Республикасының саяси партияға мүше болып табылатын азаматтарына саяси партиялардың басшы органдарында, депутаттыққа және мемлекеттiк билiк органдары мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарындағы өзге де сайланбалы қызметтерге кандидаттардың тiзiмiнде өкiлдiк етуi үшiн бiрдей мүмкiндiктер жасауға тиiс.

4. Саяси партиялардың ұйымдық құрылымы аумақтық принцип бойынша құрылады.

5. Саяси партиялар мен олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) басшы органдары Қазақстан Республикасының аумағында болуға тиiс.

6. Қазақстан Республикасының аумағында басқа мемлекеттердiң саяси партияларының қызметiне жол берiлмейдi.

7. Мақсаттары немесе iс-әрекеттерi Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, тұтастығын бұзуға, мемлекеттің қауiпсiздігiне нұқсан келтiруге, әлеуметтiк, нәсiлдiк, Ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты тұтатуға бағытталған саяси партияларды құру мен олардың қызметiне тыйым салынады.

8. Азаматтардың кәсiби, нәсiлдiк, ұлттық, этникалық және дiни белгiлерi бойынша саяси партиялар құруға, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында саяси партиялардың бастауыш партия ұйымдарын құруға жол берiлмейдi.

9. Әскерилендiрiлген саяси партиялар, сондай-ақ саяси партиялар жанынан әскерилендiрiлген құралымдар құруға және олардың қызметiне тыйым салынады.

10. Бiлiм беру ұйымдарының оқу процесiнде саяси партиялардың бағдарламалық, жарғылық талаптарын насихаттауға жол берiлмейдi.

2-тарау. САЯСИ ПАРТИЯНЫ ҚҰРУ, ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ

ЖӘНЕ ТАРАТУ

 

6-бап. Саяси партияны құру

1. Саяси партия саны бiр мың адамнан кем емес, саяси партияның құрылтай съезiн (конференциясын) шақыратын және облыстардың, pecпубликалық маңызы бар қаланың және астананың үштен екiсінің атынан өкілдiк ететiн Қазақстан Республикасы азаматтары тобының бастамасы бойынша құрылады. Азаматтар саяси партияның құрылтай съезiне (конференциясына) жеке өзi қатысады. Азаматтардың сенiмхат бойынша саяси партияның құрылтай съезiнде (конференциясында) өкiлдiк етуiне жол берiлмейдi. Саяси партияның құрылуын, соның iшiнде құрылтай съезiнiң (конференциясының) өткiзiлуiн ұйымдастыруды қаржыландыру осы Заңның 18-бабының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

2. Азаматтардың саяси партия құру жөнiндегi бастамашы тобының электрондық және қағаз жеткiзгiштегi тiзiмдерi тiркеушi органға ол белгiлеген нысан бойынша табыс етiледi.

3. Құрылтай съезiн (конференциясын) әзiрлеу және өткiзу үшiн құрамында кемiнде он адам бар ұйымдастыру комитетi құрылуы мүмкін.

4. Құрылтай съезiнде (конференциясында) саяси партияны құру, оның атауы, жарғысы, бағдарламасы туралы шешiмдер қабылданады және оның басшы органдары құрылады.

5. Саяси партия жарғылық қызметiн мемлекеттiк тiркеуден өткеннен кейiн жүзеге асырады.

Ескерту. 6-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 67-ІІІ Заңымен (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз).

 

7-бап. Саяси партияның атауы мен рәмiзi

1. Саяси партияның атауында "саяси партия" немесе "партия" деген сөздер болуға тиiс, оларды саяси партиялардың атауында ғана пайдалануға жол берiледi.

Саяси партияның толық және қысқартылған атауы мен оның рәмiзi мемлекеттiк органдардың, Қазақстан Республикасында тiркелген саяси партиялардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарын бұзушылыққа байланысты таратылған саяси партиялардың атауы мен рәмiзiн толық немесе олардың елеулi бөлiгiн қайталамауға тиiс.

2. Саяси партияның атауында ұлттық, этникалық, дiни, аймақтық, қауымдық және гендерлiк белгiлердi көрсетуге, оның лидерлерiнiң, тарихи тұлғалардың есiмдерi мен фамилияларын пайдалануға жол берiлмейдi.

3. Саяси партияның өз рәмiзi ретiнде Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердiң мемлекеттiк нышандарын пайдалануға құқығы жоқ.

4. Саяси партия рәмiз ретiнде эмблемаларды, туларды, гимндердi, вымпелдердi, значоктарды пайдалануға құқылы.

5. Саяси партияның рәмiзi Конституцияға қарсы және заңға қарсы мақсаттарды насихаттауға қызмет етпеуге тиiс.

6. Саяси партия рәмiзiнiң сипаттамасы мен эскиздерi жарғыда болуға тиiс.

Ескерту. 7-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 67-ІІІ Заңымен (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз).

 

8-бап. Саяси партияға мүше болу

1. Қазақстан Республикасының жасы он сегiзге толған азаматы саяси партияның мүшесi бола алады.

2. Саяси партияға шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың мүше болуына, сондай-ақ ұжымдық мүшелiкке жол берiлмейдi.

3. Әскери қызметшiлер, ұлттық қауiпсiздiк органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi және судьялар саяси партияда болмауға, қандай да болсын саяси партияға қолдау көрсетпеуге тиiс.

4. Саяси партияға мүшелiк ерiктi, жеке және тiркелетiн тәртiпте болады.

5. Саяси партияға қабылдау жазбаша өтiнiш негiзiнде жүзеге асырылады.

6. Саяси партияға мүше болу кәсiби, әлеуметтiк, нәсiлдiк, рулық, ұлттық немесе дiни белгiлер бойынша, сондай-ақ жынысына және мүлiктiк жағдайына байланысты шектелмеуге тиiс.

7. Саяси партияның мүшелерi саяси партияның басшы органдарына сайлауға және сайлануға, саяси партия мен оның басшы органдарының қызметi туралы ақпарат алуға құқылы.

8. Қайтыс болу, партиядан шығу, партиядан шығарылу, басқа партияға кiру саяси партияға мүше болуды тоқтатуға негiз болып табылады.

 

9-бап. Саяси партияның жарғысы

 

1. Саяси партияның жарғысында мыналар болуға тиiс:

1) саяси партияның атауы, мақсаттары мен мiндеттерi, сондай-ақ рәмiзiнiң сипаттамасы;

2) саяси партияның орталық аппаратының орналасқан жерi;

3) саяси партияға мүше болудың және мүшелiктен шығып қалудың шарттары мен тәртiбi, оның мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерi;

4) саяси партия мүшелерiн есепке алу тәртiбi;

5) саяси партияны және оның құрылымдық бөлiмшелерiн (филиалдары мен өкiлдiктерiн) құру, қайта ұйымдастыру мен тарату тәртiбi;

6) саяси партия мен оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) басшы және бақылау-тексеру органдарын сайлау тәртiбi, аталған органдардың өкiлеттiк мерзiмi мен құзыреті;

7) саяси партияның жарғысына және оның бағдарламасына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу тәртiбi;

8) депутаттыққа және мемлекеттiк билiк органдары мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарындағы өзге де сайланбалы қызметтерге саяси партиядан кандидаттар (кандидаттар тiзiмiн) ұсыну тәртiбi;

9) бiрыңғай жалпыұлттық сайлау округiнiң аумағы бойынша саяси партия ұсынған Мәжiлiс депутаттығына кандидаттарды керi шақырып алу немесе ротациялау негiздерi;

10) саяси партия мен оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) ақшаны және өзге де мүлiктi басқару саласындағы құқықтары, саяси партия мен оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) қаржылық жауапкершiлiгi және саяси партия мен оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) есептiлiк тәртiбi.

2. Саяси партияның жарғысында өзiнiң қызметiне жататын және Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де ережелер болуы мүмкiн.

3. Саяси партияның жарғысына енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулар мемлекеттiк тiркелуге жатады.