Kk.wikipedia.org

 

2. Мәтіні төмендегі жоспар бойынша баяндаңыз.

1) Құрманғазының туып-өскен жері, ата-анасы;

2) Құрманғазының домбыра тартуға әуестігі;

3) «Кішкентай» күйінің шығу тарихы

4) Өмірінің қиын сәттерінде шығарған күйлері;

5) Қуатты, сезімге арналған күйлері;

6) Құрманғазының мұрагерлерін тәрбиелеуі.

 

3. Мәтіндегі күрделі сөздер мен тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын есте сақтаңыз.

топырақ бұйырған орны – жерленген жері

өнерге мойын бұра алмаған - өнері жоқ

домбыраға тіл бітірген өнерпаз – керемет күйші

от тілді, орақ аңызды, сөз дарыған– тілі өткір, сөзге шешен

даланың ерке желіндей еркін- ерке

(домбыраны) құныға тартып – құмарлана тартып

дауылпаз ақын - өткір ақын

тіршіліктің нұрлы сәттері - әдемі уақыт, кезең

қалтқысыз сезім – шынайы сезім

өмірге іңкәр жан - өмір сүруге құмар адам

қоныс аударады - көшеді

мирасқор - мұрагер

 

4. Сөйлемдерді, қажетті шылауларды қойып, толықтырыңыз.

1) Құрманғазы Орал облысында туған ... , Астрахань (Ресей) облысында дүниеден өткен.

2) Құрманғазы - керемет күйші, ... оның бесінші атасы Балтабай әулеті шетінен домбыраға тіл бітірген өнерпаз болса керек.

3) Құрманғазының әкесі Сағырбай ... шаруа адамы болыпты.

4) Құрманғазының анасы Алқа да қыз кезінен-... өнерлі болып, ойын - тойдың шырайын келтірген.

5) Құрманғазы ..... сахараның атақты күйшісі Соқыр Есжанды алғаш көpiп, оны ұйып тыңдайды.

6) Құрманғазының ұстазы - Ұзақ ... дауылпаз күйші болғысы келеді.

7) Құрманғазы көп рет тұтқындалады, ... ол шындықты күй тілімен жеткізетін күрескер күйші болған.

8) Құрманғазы түрме тақырыбына ... , өмірдің шаттық кезеңіне ... күйлер арнаған.

Қажетті шылаулар: тек қана, сияқты, өйткені, -ақ, да, де, сондықтан, өйткені.

5.Берілген мақалдарды жаттап алыңыз.

    Жігітке жетпіс өнер де аз. Жігіт көркі - өнер Өнерліге есік ашық Қол өнері – кілемде, сөз өнері - өлеңде. Өнер алды қызыл тіл  

 

Үшінші сабақ (1 сағат)

1. Мәтінді оқып, мазмұнын өз сөзіңізбен баяндаңыз.

Ұлттық байлық

Ұлттық байлық - бұл материалдық және рухани игіліктердің жиынтығы және осы уақытта барлығы қоғам меншігінде болады. Ұлттық байлықты өзінің құрамы бойынша екі топқа бөлуге болады: ұлттық мүлік және табиғи ресурстар.

Материалдық игіліктердің заттай жиынтығы ұлттық мүлікті құрайды. Онда бұрынғы кезеңдегі барлық ұрпақ өміріндегі адамдардың қорланған еңбегінің бейнесі толық бар. Табиғи ресурстар елдегі табиғат берген табиғи байлықтарды қамтиды. Сондықтан ұлттық байлық құрамына пайдалы қазбалар, орман, су, гидроэнергоресурстар мен жер көлемі және т.б. кіреді.

Ұлттық байлыққа елдегі ескерткіштер, архитектуралық ежелгі құрылыстар, сурет галереясы, мұражай экспонаттары және т.б., алмаз бен валюталық қорлар да жатады.

Ұлттық байлықтың элементіне тұрғындардың мүлкі де жатады және ол барлық ұлттық байлықтың шамамен 15 бөлігін құрайды. Тұрғындардың өз бастарының мүлкінің құрамына ұзақ мерзімге қолданатын заттар енеді –олар: үй жиһазы, картина, жеңіл машиналар және т.б.

Қазақстан өзінің ауқымы бойынша ұлттық байлықтың үлкен көлемін иеленген. Біздің республикада жалпы жер көлемі 222,5 млн.га мөлшерді құрайды, оның ішінде 82%-ауыл шаруашылығы жеріне жатады. Қазақстанда 21,7 млн.га орман мен табиғи егістіктер, 11 мың өзен, 7 мыңнан астам көл мен су қоймалары бар.Өсімдіктер қоры 6 мыңнан астам түрлерден тұрса, ал жануарлар әлемі алуан түрлі.

Шабындықтар мен жайылым (162млн. га) көлемі бойынша Қазақстан Австралиядан, АҚШ-тан және Қытайддан кейін ғана үшінші орын алады. Қазақстан пайдалы қазбалар қоры мен олардың алуан түрлері бойынша –ТМД- дағы ең бай аймақтың бірі.

referat kz.

 

2. Жаңа сөздерді біліп алыңыз.

Ұлттық байлық –национальное богатство

рухани игіліктер –духовные ценности

қоғам меншігі –общественная собственность

ұлттық мүлік –национальное имущество

табиғи ресурс –природный ресурс

негізгі өндірістік қор –основной производственный фонд

шабындықтар –орашаемые земли

жайылым - пастбища

 

3. Қазақстанның үлттық байлығына не жататынын көрсетіңіз.

 

Үлгі: жер, орман, ...

2. Мәтіннен шылауларды тауып, олардың мағыналық түрін анықтаңыз.

Үлгі: және – жалғаулық шылау, т.б.

5. Берілген сұрақтарға жауап жазыңыз.

1) Ұлттық байлыққа не жатады және ол қанша түрге бөлінеді?

2) Ұлттық мүлік пен табиғи ресурстарға нелер жатады?

3) «Негізгі өндірістік қор» деп нені айтамыз?

4) Бүгінгі күні еліміздің ұлттық байлығы қандай?

 

6.Сұхбаттасыңыз.

- Қазақстандағы қандай ескерткіш, ежелгі құрылыстарды білесіз?

- ................................................................................................................... .

- Сіздің туған өлкеңізде өзен-көлдер бар ма, болса, қандай?

- ................................................................................................................... .

- Сізді таулы аймақ қызықтыра ма, қызықтырса, неліктен?

- ............................................................. .

- Сіз өз туған жеріңізді неліктен жақсы көресіз?

- ......................................................................................... .

- Қазақстан ормандарының бүгінгі жайы туралы оқыдыңыз ба, ол қандай?

- ................................................................................................ .

- Біздің еліміздің ұлттық байлығы туралы не айтар едіңіз?

- ................................................................................................ .

 

7.Берілген мақал-мәтелдердің мағынасын айтыңыз, жаттап алыңыз..

 

Байлықтың атасы — еңбек, анасы - жер.
***
Еңбегің қатты болса,
Татқаның тәтті болар.
***
Жаңбырменен жер көгерер,
Еңбекпенен ел көгерер.
***
Еңбек етсең — емерсің,
Ерінбесең — жеңерсің.
***

 

Жігіттің түсін айтпа, ісін айт.
***
Алғыр жігіт ақылына қарай іс қылар,
Олақ жігіт оңай жұмысты күш қылар.
***

 

БӨЖ тапсырмасы: Төменде берілген мәтінді оқып, «Қазақ халқының этномәдениеті – ұлттық құндылықтың негізі» деген тақырыпта шығарма жазыңыз.

Ұлттық құндылықтар

 

Әр халықтың өзіне тән, тарихи-әлеуметтік даму ерекшеліктері мен өмір-тіршілігіне, тұрмыс-салтына, дәстүрлеріне байланысты ұлттық мәдени құндылықтары қалыптасады. Қазақ халқы - бай тарихтың иесі. Қазақ даласы әлемге «Екінші ұстаз» атанған Әл Фарабиды, Ж.Баласағұн, Ахмет Иассауи, М.Қашқари, Қадырғали Жалаири сияқты ғұламаларды берді. Олардың қажырлы еңбектері – жастардың патриоттық тәрбиесінің асыл арналары.

Есік қаласынан табылған «Алтын адам» ескерткіші, Орхон-Енисей тас жазулары, ежелгі мәдениет жәдігерлері, көне сәулеттік ескерткіштер, халық шеберлерінің қолөнер туындылары – осының бәрі бүгінгі ұрпақтың рухани білім көзіне айналды.

Халқымыздың ауыз әдебиеті - мәнділігімен, мазмұндық өткірлігімен аса құнды қазына. Сол бай құндылықтардың ішінде, патриотизмді дәріптейтін «Алпамыс», «Қобыланды», «Қамбар батыр», «Едіге», «Сырым батыр» т.б., елін, жерін сырт даулардан қорғаган Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сияқты мыңдаған қазақ батырларына арналған көптеген дастандар - халқымыздың этномәдениетінің асыл қазыналары.

Қазақтың музыкалық құндылықтары, өткен ғасырларда Қазақстанда болған шетел ғалымдары мен саяхатшыларын (П.Паллас, Г.Клапорт, В.Радлов, А.Левшин, А.Янушкевич, А.Алекперов т.б.) таң қалдырғаны белгілі. Бұған дәлел ретінде тек Затаевичтің «Қазақтың 500 әні», «Қазақтың 1000 әні» еңбектерін, Ерзаковичтың, Брусиловскийдің шығармашылығын айтсақ та жеткілікті.

Қазақтың ұлттық, этномәдени құндылықтарының бір саласы - халықтың кәсіби және тұрмыстық фольклоры. Халқымыздың тарихи-шаруашылық, тұрмыс-тіршілік болмысына байланысты: аңшылығы, саятшылығы, ағаш, тері, жүн өңдеуге қатысты қолөнері, зергерлік өнері т.б. сан-алуан өнерлері.

Ата Заңымыздың мазмұнында мемлекет ретіндегі белгіленген басты идеал - «Еркіндік, теңдік, татулық». Бұл - халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған, ерлікпен қол жеткізген және қорғаған асылы. Демек, бүгінгі күні қоғам алдында еліміздің елдігі мен бірлігін сақтайтын, Отаны, халқы алдындағы парызын жауапкершілікпен өтейтін, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр.

 

Ә.О. Қамақ

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты.

Пайдаланылған әдебиеттер.

1. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ж.

2.Тарихи тұлғалар. Танымдық - көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009 ж.

3. Жұмабаев М. Педагогика. – Алматы: Рауан, 1994.

 

ОН ТӨРТІНШІ АПТА

ӨЛЕҢ – СӨЗДІҢ ПАТШАСЫ (3 сағат)

Грамматика. Есімше.

Бірінші сабақ(1 сағат)

Есімше – зат есім, сын есім, сан есімдердің орнына жүретін сһөз табы. Есімшенің жұрнақтары: -ған, -ген, -қан, -кен; -тын, -тін, -атын, -етін, -қалы, -келі, -ғалы, - гелі.

1 Сөйлемдерді есімшелермен толықтырыңыз.

1. Біздің туыстарымыз «Семей полигоны» деп атал... аймақтан көшіп келді.

2. Денсаулықтың жақсы бол... қандай жақсы!

3. Өсіп келе жат... ұрпақ өз денсаулығын ойлауы керек.

4. Жаңа өмірді жалғастыр... – дені сау жас ұрпақ.

5. Өмірге бақытты болып кел... соң, сол өмірді мәнді етіп сүру керек.

6. Салауатты өмір салтын ұстан... азамат әрдайым бақытты болады.

 

Хакім Абайдың философиясы.

 

1.Абайдың қарасөздерін оқып, сөздіктің көмегімен мағынасын түсінуге тырысыңыз.

Оныншы қарасөзінен:

Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма?

Құдай тағала саған еңбек қылып, мал табарлық қуат берді. Ол қуатты кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың.... Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенім – сол. Бұл – құдайдан тілеген емес. Бұл – абыройын, арын сатып, адам жаулағандық, тіленшілік.

 

Жиырма тоғызыншы қарасөзінен:

Қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгілі, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтыны бар.

Әуелі «Жарлы болсаң, арлы болма» дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүргені құрысын.

«Қалауын тапса, қар жауады», «Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ» деген ең барып тұрған құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп қорлықпенен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой.

 

Жаңа сөздер:

Қартаю –стареть

Түңілмей іздеу –искать.

Қорқыту – пугать

Алдау – обманывать

Іске татырлық – пригодный

Жарамайтын– не пригодный

Жарлы – бедный

 

2. Мәтіннен есімшелерді теріп жазыңыз.

Үлгі: ерінбей, түңілмей...

 

3. Абайға төмендегі мақалдар ұнамайды. Себебін түсіндіріңіз.

· «Түстік өмірің болса, кештік мал жи»;

· «Өзіңде жоқ болса, әкең де жат»;

· «Малдының беті – жарық, малсыздың беті - шарық»;

· «Қарның ашса, қаралы үйге шап»;

· «Мал – адамның бауыр еті».

 

Жаңа сөздер:

Түстік өмір – жить до полудня

Шарық– точило

Қаралы үй – дом, где поминки

Бауыр еті – плоть от плоти его.

 

1-Сұрақ: Адам не үшін өмір сүруі керек?

А) мал жинау үшін;

Б) тамағын тойдыру үшін;

С) ғылым-білім үшін;

Д) сәнді өмір сүру үшін.

 

2-Сұрақ: Сөйлемді толықтырыңыз.

Тек қана тамағының тоқтығын ойлаған адам ... бірдей.

А) аурумен;

Б) ақымақпен;

С) жас баламен;

Д) қарт кісімен.

3. Сұхбаттасыңыздар.

- Арман, Абайдың қанша қарасөзі бар, білесің бе?

- Оны бәріміз білеміз ғой, Абайдың .... .

- Арман, неліктен Абай «Өмірім қайшылықта өтті» дейді?

- Себебі ... .

- Арман, Абайдың қарасөз жазуының себебі не?

- Оның себебі ... .

- Абайдың қарасөздерінің рөлі қандай?

- Абайдың қарасөздері .... .

Екінші сабақ (1 сағат)

Жамбыл шығармаларындағы батырлық концепция

1.Мәтінді оқып, мағынасын үғып алыңыз.

Жабаев Жамбыл (1846-1945) – қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы. Туған жері – Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегі. Жас Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның батасын алады. Жас талап, он төрт-он бес жасында біржолата ақындық жолына түседі. Ол Айкүміс, Бақтыбай, Сары, Сарбас, Досмағанбет, Шашубай, Құлманбет сияқты ақындармен айтысқа түскен. Құлмамбет елінің байлығын тізбелеп мақтауға көшкенде, Жамбыл:

Адамдықты аайт, ерлікті айт, батырлықты айт,

Ел бірлігін сақтаған татулықты айт.

Қарынбайдай сараңдар толып жатыр,

Оны мақтап әуре болмай, жөніңе қайт, - дейді.

 

Адамдық, батырлық, елдік жоқ жерде малдың көптігінде ешқандай қасиет болмайтынын дәлелді, қисынды етіп алға тартады. Осылайша қарсыласын жеңеді. Елдің тәуелсіздігі үшін күрескен Сұраншы, Сауырық батырларды нағыз ерлер, халық қалаулылары етіп көрсетеді.

Батыр Сауырық, Сұраншы жауда өлген,
Халық үшін шайіт болып, жанын берген.
Елді қорғап өлгеннің арманы не,
Қалың қазақ құрметтеп, соңына ерген.

 

Жамбылдың батырлықты дәріптеген «Сұраншы батыр»,
«Өтеген батыр», «Алғадай туралы әрбір ой», «Аттандыру» «Ленинградтық өренім» атты шығармаларының тәрбиелік мәні зор.

Революция туралы Жамбыл «Менің бақытым» деген әңгімесінде: «Мен шыңыраудан шығып, тамаша гүлдерді, жұпар иісті шөптерді, қыруар араларды, сымбатты үйлерді көрдім. Мен нағыз күнді көрдім. Таудың асыл тасындай таза ауада дем алдым. Менің жаным да алма ағашындай гүлдеді. Көзім жұлдыздай жайнап, кеудемді шаттық кернеді. Өлеңдерім Іле өзеніндей тасыды. Мен жасардым, 18 жасар жігіттей болып шыға келдім», - дейді.

Жамбылдың өміріне Ұлы Отан соғысы үлкен қиындықтар әкелді. Ақынның үлкен екі баласы ертеректе қайтыс болады. Ал екі ұлы Ізтелеу мен Алғадай Ұлы Отан соғысына аттанады. 1942 жылы Жамбыл Алғадайды майданға шығарып салады. 1943 жылы «Алғадай ерлікпен қаза тапты» деген қара қағаз келеді. Ұлының қайғысы ақынның жанына қатты батады.

Ұлы Отан соғысында жүзге таянған Жамбыл да елімізге опасыздықпен басып кірген неміс-фашистеріне деген кегі мен оғын отты өлең жыры арқылы жаудырды. Жамбыл домбырасын қолға алып, «Ленинградтық өренім» атты жырын жазды. Қала тұрғындары Жамбылдың бұл жырын жаттап алған еді.Ленинградтық ақын, Социалистік Еңбек Ері М.А. Дудин: «Ауыр күндердегі, қоршаудағы Ленинград әлі менің көз алдымда. Қираған үйлердің қабырғаларында Жамбылдың жыры жазылған плакат қағаздарын топ-топ халық аспаннан жауған бомбадан қаймықпай оқып жататын. Сол кездегі Жамбылдың бұл өлеңі арқылы бізге тыңнан күш қосылғандай болып, ашыққан халықтарға әл-қуат берді. Ұлы Жамбылдың жан тебірентер «Ленинградтық өренім!» атты өлеңі маған арналып айтылғандай әсер қалдырды. Жігерімді жанып, жауға деген өшпенділігімді бұрынғыдан да арттырды, – деді ол.

«Заман жаршысы» газеті.

Жамбыл мен ленинградтықтардың достығы

08 Желтоқсан 2012ж.

2.Жаңа сөздердің мағынасын, сөздікті пайдаланып, біліп алыңыз. Оларды тұлғасына қарай талдаңыз.

 

Тұлға, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы, батасын алу, татулық, қиындықтар, опасыздық, жан тебірентер, өшпенділік.

 

3.Берілген жоспар бойынша әңгімелеңіз.

1.Бала ақын.

2.Батырлықтьы дәріптеу.

3.Жаңа заман жаршысы.

4.Жауға атылған оқ.

 

4.Өлеңді жаттап алыңыз.

Ленинградтық өренім

 

Ленинградтық өренім,
Мақтанышым сен едің,
Нева өзенін сүйкімді,
Бұлағымдай көремін.
Көпіріне қарасам,
Көмкерген су көлемін.
Өркеш-өркеш жарасқан,
Шоқылардай дер едім.
Жауда қалып Ленинград,
Жаралған жоқ көнгелі.
Жасағанмын өмірді –
Жау біткенді жеңгелі!
Саудыратып сүйегін,
Топыраққа көмгелі.
Қазақстан жерінен,
Тұтанғандай ел кегі!
Құс ұйқылы көнемін,
Қайтып ұйқы көремін!
Жетсін деймін сендерге,
Жыл құсындай өлеңім!
Қаласында Лениннің,
Сайыпқыран өренім!..


4.Сұрақтарға жауап беріңіз.

1) Ақын неліктен ленинградтықтарды «мақтанышым» деген?

2) Ақынның жауға оқ боп атылған сөздері қай шумақтан аңғарылады?

3)Ақын Ленинград халқына деген ыстық ықыласын қалай білдірген?

5.Сөйлемдерді жалғастырыңыз.

Жамбыл – өмірімен де, шығармашылығымен де екі ғасырды молынан тұтастырып жатқан ұлы ... . 13 - 14 жасынан бастап сөзінің көбін өлеңмен айтқан ақынның XIX ғасыр шегінде шығарған өлең - жырлары мен айтыстары да өте ... . Олардан дәуір шындығы, Жамбылдың ақындық мұраты мен зор таланты айқын ... . Жамбыл ақын ерлікті, елдікті .,.. , халықтың жоғын жоқтап, әлсіздерді күштілердің зорлығынан ... . Жамбыл сынды тұлғаларымыз өз ғасырында қазақ әдебиетінде көрнекті ... . Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев Жамбыл бабамыздың туып - өскен жері Ұзынағашта өткізілген 150 жылдық мерейтойына арнайы қатысып, жамбыл рухына ... .

 

Керекті сөздер: орын алады, тұлға, бас иді, арашалаған, аңғарылады, өте мол болған, дәріптеген.

6. Төмендегі сөздерді орыс тіліне аударыңыз.

1. Мен Жамбыл шығармаларын сүйіп оқимын.

2. Біздің облысымыз Жамбыл ақынның атымен аталады.

3. Жамбыл шығармаларының бірнеше томы жарық көрді.

4. «Сұраншы батыр» - Жамбылдың күрделі эпикалық шығармасы.

 

7-тапсырма. Мәтіннен есімшелерді теріп көшіріңіз.

Үшінші сабақ (1 сағат)

Шәкәрім өлеңдеріндегі имандылық концепциясы

 

1.Мәтінді оқып, мағынасын үғып алыңыз. Мазмұндап айтыңыз.

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) – ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор. Абаймен замандас әрі інісі, әрі ол негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін алға апарушы ізбасары. Шәкәрімнің әкесі Құдайберді Құнанбайдың Күнке деген бәйбішесінен туған, яғни Абайдың туған ағасы. Шәкәрім бес жасында ауыл молдасына оқуға беріледі де онда жеті жасына дейін оқиды. Жеті жасында өкеден жетім қалған ол бұдан былайғы кезде Абайдың тікелей тәрбиесінде болады.

Құдайбердіұлы заманында қазақ арасындағы аса білімдар адамдардың бірі болды. Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білді. Ол «Өмір», «Сәнқойлар», «Ызақорлар», «Құмарлық», «Қалжыңбас», «Тойымсыз нәпсі» сияқты дидактикалық өлең-жырларында боямалы ажарлы, жасанды мінез бен жағымсыз қылықты сынға алады. «Жастарға» деген өлеңінде жастарды адамгершілік ақ жолға, өнер-білімге үндейді.

1905 жылы Шәкерім қажылық сапар шекті. Меккеге барған бұл сапарын пайдаланып, ақын өзінің байырғы арманын жүзеге асырды. Стамбұл, Париж кітапханаларынан туған халқының тарихына байланысты кітаптарды оқыды. Осылай жинаған материалдар негізінде «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» (1911) кітабын, қисындарын халық мүддесіне түсіндіру мақсатымен «Мұсылмандық шарты» деген еңбек жазды (1911).

 

2.Шәкәрімнің ғибадаттарын ұғып алыңыз (ықшамдалып алынды).

І Өзімшілдік.

Бір байдың қызына шешек шығып, бетін тыртық қылғандықтан, бір соқырға беріпті. Досы байға келіп: «Сондай дәрігер келіпті, күйеуіңіздің көзін неге қаратпайсыз?»-десе, бай: «Күйеуімнің көзі ашылған соң, қызымның бетіндегі тыртығын көріп, шығарып жібереді ғой. Қызым байдан шыққаннан да күйеуім соқыр қалпында қалғаны артық»,-депті.

 

Жаңа сөздер:

тыртық – шрам қарату– здесь: лечить

соқыр қалпында қалғаны – оставаться слепым

 

 

ІІІ Шәкәрім айтқан:

Бір еңбекші қызметкер қандай тастақ жер болса да жалаң аяқ жүре берген соң, бай: «Сен неге дәйім жалаң аяқ жүресің?» - дейді. Сонда қызметкер былай дейді: «Жалданған бай мені тақтай алып кел деп жұмсаған соң, барсам, екі аяғы тобығынан жоқ бір бишара еңбектеп жоңқа жонып отыр екен. Соны көргенде, мынаның башпағы түгіл, башпақ киетін аяғы да жоқ, мен башпағым жоқ деп асып жүр екем ғой деп, содан бері жалаң аяқ жүруге әбден әдеттендім»,- депті.

 

Жаңа сөздер:

Тастақ – каменистый жалаң аяқ – босяком

дәйім – постоянно жұмсау – посылать

тобық - еңбектеу – ползать

жоңқа – дерево башпақ - обувь

әбден әдеттену – очень привыкать мүсәпір – инвалид.

Сұрақ: «Қанағат қарын тойдырар, қанағатсыздық жалғыз атыңды сойдырар» деген мақалдың осы мәтінге қатысы бар ма?

 

3. Сұрақтарға жауап беріңіз.

1. Шәкәрім кім?

2. Шәкәрәм кімнің тәрбиесін көрді?

3. Шәкәрім өлеңдерінде кімдерді сынады?

4. Шәкәрәм білімін қалай толықтырды?

5. Байдың өзімшілдігі неде?

6. Қызметкер неліктен тастақ жерде жалаңаяқ жүрді?

 

4. Өлеңді жаттап алыңыз.

Құмарлық

Құмарлық деген бір ит бар,
Жаныңа жау шын ит бар.
Алды-артыңа қаратпас,
Рахымы жоқ тым ит бар.

Дойбы, қарта - бәрі бар,
Жүз құбылған әні бар.
Киім біткен қынаулы,
Таңырқарлық сәні бар.

Мен де осындай болам ба,
Бола алмасам оңам ба?
Бар малымды шашсам да,
Жетпей қойсам соған ба!

Жеттім, оздым - жер білді,
Маңайдағы ел білді.
«Бәрекелді, батыр», - деп,
Қыз-бозбала сол күлді.

Әлі келем далақтап,
Қызыл тілім салақтап.
Менен озған кім бар деп,
Алдыңғы жаққа алақтап.

 

Заман өтті, жас өтті,
Қайрат, өнер бос кетті.
Абұйыр жоқ, сана жоқ,
Өз басыңа не жетті?

Естігенді ұға бер,
Ыдысың болса - тыға бер.
Пайдасыз болса құмарың,
Сілкініп тастап шыға бер.

БӨЖ тапсырмасы:Өзіңіз оқыған классик жазушылардың шығармалары жайлы баяндау.

 

Пайдаланылған әдебиеттер.

 

1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998.

2. Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011.

3.Құдайбердұлы Ш. Өлеңдер мен поэмалар /Құраст.: Х.Сүйіншалиев.- Алматы: Рауан, 1990.

4. Мұхамедханов Қ. Абай мұрагерлерi.- Алматы: Атамұра, 1995.