Лекция 8. Тарихи деректерді сыныптау проблемалары

Тарихи деректерді сыныптаудың қажеттілігі мен жолдары. Тарихи деректерді типтерге және түрлерге бөлудің негізгі принциптері. Жазба деректердің негізгі типтері. Жазба деректерді түрлік сыныптау. Ерекше (қайталанбайтын) және көпшілік (қайталанатын) деректер және олардың деректік маңызы. Тарихи деректер эволюциясы. Қазақстан тарихы деректерінің түрлік өзгерістерге ұшырауының өзіндік ерекшеліктері. Деректер дамуының тенденциялары.

 

Әдебиеттер:

1. Источниковедение истории СССР: Учебник. М.: 1981. – 496 (8).

2. Источниковедение: Теория. История. Метод. Источники Российской истории: Учеб. Пособие,.М.: РГГУ, 1998. С.-702.

3.Абусейтова М.Х. К проблеме источниковедения средневекового Казахстана//Отечественная история. 1998. № 1. С.42.

4.Ключевский В.О. Соч. В десяти томах. Т. VІІ. Специальные курсы. М.: 1989. С.7.

5.Тихомиров М.Н. Источниковедение истории СССР. Ч.1.-М.: Соцэкгиз, 1940.

6.Источниковедение истории СССР/ Под ред. Ковальченко И.Д. /-М.: 1981. С.12.

7.Пушкарев Л.Н. Типологическая классификация русских письменных источников по отечественной истории. –М.: 1969.С.474-478.

8.Атабаев Қ.М. Қазақстан тарихының деректанулық негіздері. А., 2002 ж.

9.Источниковедение: теория, история, метод. Источники Российской истории: Учебное пособие. М., РГТУ. 1998.

Қосымша

1.Вопросы историографии и источниковедения Казахстана. А., 1988.

2.Казахстан в начале ХХ века: методология, историография, источниковедения. Сб.статей. А., 1993, 1994.

3.Проблемы источниковедения и историографии. Материалы научных чтений. М., 2000.

 

Тарихи деректер өзінің саны, көлемі жағынан аса көп, мазұны, түрі жағынан әр алуан. Оның бәрін қамту аса қиын. Сондықтан тарихи деректер теңізінде дұрыс жол табу, тарихи зерттеулерде оларды тиімді және пайдалы етіп қолдана білу қажеттілігі оларды сыныптау проблемасын туғызады. Басқаша айтқанда, деректерді ортақ қасиеттері бар, бірақ бір-бірінен ерекше белгілерімен айырылатын категорияларға бөлу.

Деректерді сыныптаудың біздегі бүгінгі жайы туралы тарих ғылымдарының докторы Меруерт Абусейтова, ортағасырлық Қазақстан тарихының деректану мәселесіне тоқтай келе: “Важнейшие вопросы казахстанского источниковедения еще не получили удовлетворительного разрешения. Речь идет пержде всего о классификации источников, выработке общих принципов их типологизации. Задача систематизации источников по истории Казахстана связана с необходимостью выработки общих теоретических принципов типологии, что потребует привлечения некоторых формальных методов анализа” [10] -деп, жалпы Қазақстан тарихының маңызды бір проблемасының әлі шешімін таппай отырғандығын айтады.

Орыс деректану мектебінде бұл мәселе ұзақ жылдарға созылған ізденістер нәтижесінде біршама шешімін тапқан деп айтуға болады. Сондықтан, сол мектептің тәжірибесіне сүйенсек сыныптау зерттеушіге тәуелсіз объективті өлшемдерге негізделуі керек, олар объективті деректердің өзіне тән қасиеттерінен шығуы қажет және онда деректердегі шындықтың ену және бейнелену заңдары көрінуге тиіс.

Демек, сыныптау проблемасы тек таза техникалық емес, методологиялық та проблема болып табылады және тек қалың деректер арасында бағыт көрсету функциясын атқарып қана қоймайды, сонымен қатар оларды зерттеу тәсілі қызметін де атқарады.

Орыс деректану мектебіне қарасақ, онда тарихи білімнің тарих ғылымына айнала бастаған кезден бастап, яғни В.Н. Татищевтің еңбектерінен бастап орыс тарихнамасында аса көп мөлшерде сақталан жазба және басқа да тарихи деректерді әр түрлі белгілеріне қарап топтау, сыныптау әрекеттері жасалынған. Мыслалы, В.Н. Татищев еңбектерді жинау, оларды тіркеу және жариялау ісін аса маңызды мемлекеттік іс деп қараған. Ол ғылым үшін төмендегідей ескерткіштерді ашқан:

-Орыс Правдасы;

-Судебник 1550;

-лкен сызба кітабы;

-көптеген жылнамалар т.б.

Ол деректерді жариялаудың жобасын жасады және біразына алғы сөз жазып баспаға дайындады. Өкінішке орай, В.Н. Татищевтің көзі тірісінде оның бірде-бірі жарық көрген жоқ. Ол тарихи деректерді негізінен жылнамалар және шетелдіктердің Ресей туралы жазғандары деп екі сыныпқа бөлді.

Жалпы қазан төңкерісіне дейінгі тарих ғылымында деректерді екі топқа бөлу әдеті қалыптасты. Батыс Еуропадағы деректерді екі топқа бөлген сияқты, орыс тархшыларының еңбектерінде де тарихи деректер екі категорияға бөлінді. Мысалы, француз ғалымы Шарль Сеньобос деректерді “өткеннің тікелей ізі және өткеннің қосымша ізі” деп екіге бөлсе, орыс ғалымы А.С. Лаппо - Данилевский “мәдениеттің қалдығы” және “фактілерді тарихи суреттеу, айту” деп бөлді.

Белгілі орыс тарихшысы В.О. Ключевский “Тарихи дерек-ол жеке адамдардың не тұтас қоғамның өткен өмірін бейнеленетін не жазба, не заттай ескерткіштер. Заттай ескерткіштер деп кезінде адамдар пайдаланған, олардың қажеттілігін өтеген, сондықтан олардың тұрмыс жағдайын, салт-дәстүрін көрсете білетін заттарды айтамыз. Жазба ескерткіштер- өткен кезеңді, оқиғаларды сөз арқылы жеткізу, суреттеу…” [11] деп жазды.

Жазба деректердің өзін баяндаушы (жылнамалар, дастандар т.б.) және құжаттар (заңдар және жеке актілер) деп бөлді. Төңкеріске дейінгі тарихшылардың ең басты кемшіліктері: деректерді сыныптауға олардың әлеуметтік табиғатын ескермеуі, деректер мен оларды дүниеге әкелген қоғамдық-экономикалық ортаның тығыз байланыстығын байқамауы.

Кеңес дәуірінде тарихи деректерді сыныптау проблемалары өз дамуында бірнеше кезеңнен өтті.

Кеңес өкіметі алғашқы жылдарында (1917-1924 жж.) тарихшылар тарихи деректерді сыныптауға негізінен төңкеріске дейінгі деректанушылардың пікірлерін қолдады.

return false">ссылка скрыта

2-ші кезең (1925-1940 жж.) кеңес тарихшылары деректерді әр түрлі белгілеріне қарап, оның ішінде тақырыбы бойынша да (мемлекет, идеология, қоғамдық қозғалыс тарихы тақырыптары бойынша) бөлуге болады деген пікір айтты.

3-ші кезең (1940-1956 жж.) М.Н. Тихомировтың деректерді бес топқа бөлумен ерекшеленеді. Академиктің деректерді бөлудегі бұл принциптері теориялық жағынан негізделді, оның ұсынған сыныптауы ғылымға терең енді. Олар: заттай, лингвистикалық, этнографиялық, ауызша , жазбаша. Жазба деректерді құжаттық және баяндаушы деп екіге бөледі. Н.М. Тихомиров жазба деректерді сыныптау кезінде бірінші рет хронологиялық принципті пайдаланады: ерте дүние тарихы бойынша, Киев Русі тарихы бойынша т.б. Ал хронологиялық шектеулері ішінде деректер шығу тегіне қарай бөлінеді (халдейлік, греко-римдік, византиялық) [12].

а) Деректердің типтік сыныпталуы.

Типтік сыныпталудың тарихи деректерді түрлік сыныптаудан айырмашылығы ол деректердің мазмұны мен формасының сәйкестігі принципіне негізделген. Тип ақпаратты салу және сақтау тәсілдерімен ерекшеленген деректерді біріктіреді. Негізінен деректердің жеті типін айтуға болады: жазба, заттай, этнографиялық, фольклорлық, лингвистикалық, фотокино-құжаттар, фоноқұжаттар. Мұндай сыныптау дерекке тән ерекше белгілерін (пайда болу, мазмұны, формасы) ескереді, дегенмен бұл шартты сыныптау. Өйткені, фольклорлық (ауызша) деректер қазіргі кезде, көп жағдайда жазба түрінде таралған, ал этнографиялық деректер-заттай ескерткіштер немесе кинофотоқұжаттар түрінде беріледі.

Сондықтан бұлардың арасында айқын аралық жоқ.

Осындай ерекшеліктерін ескере келе 1981 жылы И.Д. Ковальченконың басшылығымен шыққан “Источниковедение истории СССР” оқулығында әлеуметтік ақпараттарды бекіту формасына қарап, деректерді мынандай типтерге бөлген: заттай, көркем-сурет және графикалы сурет, жазба және фотоқұжаттар [13].

Сонымен қатар деректерді пайда болу тегіне, сыртқы ерекшеліктеріне қарай үлкен типтік топтар сыныпына, оның ішінде шағын топтарға бөлуге болады:

-заттай деректер – археологиялық ескерткіштерден бастап қазіргі машиналар мен техникаға дейін;

-көркем сурет деректері-сурет өнерінің, жалпы өнер саласының барлық туындылары;

-сөздік деректер – күнделікті сөйлеу мәнерінен бастап халықтың ауызша шығармашылық ескерткіштері толығымен;

-жазба деректер-этнографиялық материалдардан бастап мазмұны мен формасы сан алуан болып келетін жазба ескерткіштерінің бәрі;

-дыбысты деректер – сөзсіз немесе сөзбен бірге орындалатын (саз, әуен, ән т.б.);

-салттық деректер – тұрмыста, мінез-құлыққа қалыптасқан дәстүрлер, әдет-ғұрыптар.

Көптеген тарихи деректер тобы белгілі бір типтерге жатпайды, олар аралық типтерді, аралас типтерді құрайды. Мысалы, теңгелер – ол заттай да, бейнелеу де, жазба да топтарына жатады, кинофильмдер-онда бейнелеу де, сөз де, дыбыс та бар.

Демек, деректерді сыныптаудың шартты екенідігі айқын. Оны әр зерттеуші өз шығармашылығына, жұмыс істеу ыңғайына қарай бөлуге болады.

б) Жазба деректер түрлері мен олардың эволюцияға ұшырау факторлары.

Барлық типтік сыныптаулар кезінде негізгі топқа жататын жазба деректер. Жазба деректердің аса көп мөлшерде кездесетіндігінен, олармен жүйелі жұмыс істеуге мүмкіндік алу үшін зерттеушілер оларды әр түрге бөледі. Мұндағы негізгі принцип жазба деректердің пайда болуының, формасы мен мазмұнының және арналған мақсатының бірлігі. Осыған сай зерттеуші Л.Н. Пушкарев жазба деректерді екі жікке бөле отырып, оның бірнеше түрлерін көрсетті.

Құжаттық (документальные) Баяндаушы (повестовательные)
картографиялық жеке адамдық (хаттар, күнделіктер, естеліктер, заманхаттар)
Статистикалық көркем (очерктер, романдар, лирика т.б.).
Актілік Тарихи (тарихи повестер, жылнамалар, әдебиет)
іс қағаздық (концелярные) Ғылыми (тарихи, философиялық, әлеуметтік еңбектер)

Жазба деректерді түрге бөлу кезінде, әсіресе ескеретін нәрсе олардың әлеуметтік фукнциялары, олардың жасалу кезіндегі арналған мақсаты. Дәл осы жағдай деректердің ішкі құрылымына көп ықпал етеді. Сонымен, түрлер деп жазба деректердің ішкі құрылымының бірлігіне негізделген үлкен де тұрақты топтарын айтамыз, Олардың тұрақтылығы ең алдымен әлеуметтік функцияларының ортақтығымен айқындалады. Түр тарихи реальдылықтың жемісі және деректанудың танымдық категориясы ретінде қаралады.

Жазба деректердің мынандай түрлерін атауға болады: жылнамалар, заң актілері, жеке актілері, іс қағаздық құжаттар, жеке адамдық деректер (хаттар, күнделіктер, заманхаттар), әдеби ескерткіштер, публицистикалық және саяси шығармалар, ғылыми еңбектер мерзімді басылымдар. Бұрынғы совет халқының 70 жылдан астам өмірінде өшпес қайғылы із қалдырғандықтан марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектері, КОКП-ның құжаттары, партия көсемдерінің еңбектері де жазба деректердің түрі болып табылады.

Дегенмен, жазба деректердің бұл түрлері мәңгі бақи қатып қалған түрлер емес. Кей түрлер біртіндеп дамуы бәсеңдейді және жойылады (жылнамалар), кей түрілер керісінше тез қарқынмен дамиды, сөйтіп түрлер ішінде құжаттар кешенін құрайды. Бір сөзбен айтқанда, түрлер эволюциясы жүріп жатады. Бұл эволюция негігі екі бағытта жүреді:

-біріншісі,түрлер ішінде жаңа топтар мен әр түрліліктердің пайда болуы, бұл деректердің жалпы дифференциялану процесінің, олардың сандық әр алуандылығының өсуінің көрінісі. Мысалы, баспасөздің, мерзімді басылымының пайда болуының алғашқы кезеңінде олар өте әлсіз мамандандырылған болса, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап салалы мерзімді басылым тез қарқынмен дами бастады. Соңғы жылдары көптеген тәуелсіз газеттер пайда болды.

-екіншісі, тарихтың әр түрлі кезеңінде деректің әлеуметтік функцияларының трансформациялануы. Бұл оның мазмұнының елеулі өзгерістерге ұшырауына әкеліп соғады. Мысалы, мерзімді басылым пайда болған кезінде негізінен ақпарат тарату функциясы атқарса, ХІХ ғасырда идеологиялық қару функциясын атқарып, ал “социализм” кезеңінде баспасөз бүкіл мемлекет көлемінде халықты алдау, жаппай мәңгүрттендіру міндетін атқарады.

Жазба деректердің эволюцияға ұшырауы әр түрлі факторлар кешенінің мақсаты әсер етуімен жүреді:

а)Әлеуметтік-экономикалық формацияның өзгеруі-жазба деректердің түрлік өзгеріске ұшырауының маңызды факторы.

ә)Түрлердің эволюцияға ұшырау процесінде әр түрлі формацияның жеке кезеңдері мен дәуірлері де үлкен роль атқарады, бұл ең алдымен қоғамның әлеуметтік-саяси құрылымының өзгеруіне байланысты.

б)Кейбір түрлердің эволюцияға ұшырауына ірі тарихи оқиғалар, құбылыстар да әсер етеді. Мысалы, қазан төңкерісі, КСРО-ның күйреуі, Қазақстанның тәуелсіздік алуы т.б.

в)Байланыс-қатынас құралдарының дамуына байланысты ғылым мен техника саласында болған ірі жаңалықтар да түрлер эволюциясына әсер етті.

Сонымен, өзінің тарихи даму барысында жазба деректердің әр алуан түрлері үнемі эволюциялық өзгерістерге ұшырап отырады, бірақ ол өзгерістер деректердің формасына және мазмұнына әсер еткенімен, олардың әлеуметтік функцияларын едәуір өзгерістерге ұшыратқанымен, олардың негізгі түрлік ерекшеліктерін сақтайды. Демек, түрлердің өзгеруі –ол табиғи-тарихи процесс.

Соңғы жылдары ғылыми айналымға статистикалық деректер кешенінің, іс-қағаздық құжаттардың көптеп түсуіне байланысты деректерді тағы үлкен екі сыныпқа бөлуге болады деген пікір айтылып жүр. Олар: қайталанбайтын (уникальные) және қайталанатын (массовые) деректер. Қайталанатын деректер статистикалық деректер, іс қағаздық құжаттар, халықтың демографиялық санын алуға немесе соңғы жылдары қоғамдық пікірді анықтау мақсатында кеңінен пайдаланылып жүрген әлеуметтік зерттеу мәліметтері. Ал басқа деректердің бәрін қайталанбайтын деректерге жатқызуға болады. Дегенмен, бұл салада әлі зерттеушілер пікірі толық айқындалған жоқ.

Сонымен қорыта айтқанда, тарихи деректерді типтік сыныптау да, жазба деректерді түрлерге бөлу де зерттеу қажеттілігінен, зерттеушінің деректер теңізінде дұрыс бағыт ұстау мақсатында жүргізіледі.

 

Лекция 9. Халық ауыз әдебиеті

Халық ауыз әдебиетінің туындылары тарихи дерек ретінде. Олардың түрлері. Фольклордың тарихи дерек ретіндегі ерекшелігі. Қазақ халқында ауызша тарихи айту дәстүрінің қалыптасуы және дамуы. Фольклорлық туындыларды деректанулық талдау методтары: тарихи типологиялық, тарихи-генетикалық, тарихи-салыстырмалық. Ш.Уәлиханов, Ә.Марғұлан аңыз-әңгіме, жыр-дастандардың пайда болу, сақталу және деректік ерекшеліктері туралы.

Әдебиеттер:

1. Қасқабасов С. Миф пен әпсананың тарихилығы //Қазақ фольклорының тарихилығы. – Алматы: Ғылым, 1993. 82 б.

2. Марғұлан Ә. Ежелгі жыр аңыздар. – Алматы: Жазушы, 1985. 352 б.

3. Кенжебаев Б. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері. Алматы, 1973, 16 б.

4. Қазақ фольклорының тарихылығы. 151 б.

5. Бердібаев Р. Алғы сөз //Қазақ фольклорының тарихы. 5 б.

6. Сыдықов Т. Қазақтың тарихи жырлары және бүгінгі ғылым //Қазақ фольклорының тарихилығы. 147 б.

7. Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Алматы, 1958. 7-8 б.

8. Сейдімбек А. Қазақ жырлары: кеше, бүгін, ертең //Қазақ әдебиеті. 1994, № 11-12

9. Уәлиханов Ш. Таңдамалы. – Алматы. 1985. 115 б.

10. Бердібаев Р. Қазақ эпосы. Алматы, 1982. 198 б.

11. Марғұлан Ә. Қазақ фольклорының тарихилығы. 132-133 бб.

12. Орлов А.С. Казахский географический эпос. М. 6 1945. С.-287.

13. Бердібай Р. Эпос мұраты. – Алматы, 1997. 205 б.

14. Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. Алматы, 1994. 41-42 бб.

 

Ауыз әдебиеті – фольклор әр түрлі тарихи дерек көздері арасында қазақ халқының өткен өмірін бейнелеу жағынан теңдесі жоқ деректер тобын құрайды. Тарихымызды қамтитын хроноло-гиялық шеңберінің кеңдігі, беретін мәліметтерінің молдығы, көлемінің көптігі жағынан фольклор басқа дерек көздері арасында ерекше орын алады. Фольклор ағылшынша «folk-lore» - халық даналығы, халық білімі деген ұғым білдіреді.

Бұл термин 1843 ж. Ағылшын археологы Джон Томсом ойлап тапты. 1879 жылдан бері ресми айналымда. Ертегі, мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаш, батырлар жыры, аңыз әңгімелер, өлең жырлар жатады. Бұлар халықтың ортақ туындысына айналып отырған. Бұл ұзақ процестерге созылған. Қалыптасуына тарихи жағдайлар себеп болды. Бұлардың әрқайсының шығу тарихы хронологиялық жағынан халықтың тарихы, санасы тұрмыс тіршілігі, орнын білдіреді. Сондықтан ауыз әдебиеті деректердің қатарынан орын алады. Ауыз әдебиетінің жанырлары: Ертегі, аңыз-әңгіме, мақал-мәтел, тұрмыс-салт өлеңдері- жырлары, шешендік сөздер, эпостар, айтыстар, өлеңдер.

Фольклор халық өмірінің белгілі бір кезеңінде пайда болмай қоймайтын барлық халықтарға тән табиғи құбылыс. Ол туралы белгілі фольклортанушы ғалым С. Қасқабасов: «Фольклорлық ойлау, фольклорлық дәстүр, фольклорлық шығарма – міне, осының бәрі тарихта болатын нәрсе, оны аттап өту мүмкін емес. Бұлардың бәрі тарихтың белгілі бір кезеңінде болуы тиіс, сол дәуірдің жемісі, адамзат мәдениетінің бір сатысы деп танылуы керек» - дейді [1].

Дегенмен, әр халықтың өзіндік даму ерекшеліктеріне байланысты фольклордың бір халықтарда ерте, бір халықтарда кеш пайда болуы, біреулерінде ұзақ уақыт тарих айтудың негізгі түрі ретінде сақталуы, біреулерінде жазба тарихқа жол беруі мүмкін. Академик Ә. Марғұланның айтуынша: «Ғасырлар бойы айтылып келген ертегі-жырды, аңызды, әңгімені ең алғаш шығарып таратқан көшпелі түрік тілдес елдер» [2]. Ол: «Сақ, ғұн, үйсін, қаңлы заманынан басталады» [3]. Ал, ол тайпалардың қазіргі Қазақстан жерінде б.з.д. І-І ғасырларда мекендегені және қазіргі қазақ ұлтының өз негізін солардан алатындығы тарихтан белгілі. Олай болса, фольклор қазақ халқының кемінде 2,5 мың жылдық тарихының дерек көзі болып табылады деп айтуға болады. Себебі, халқымыздың өмір салтының ерекшелігіне байланысты оның мыңдаған жылғы тарихы негізінен сол ауызша тарих айту арқылы, яғни фольклор арқылы бүгінге жеткен.

Егер, филология ғылымдарының докторы, зерттеуші С. Қасқабасовтың сөзімен айтсақ: «Фольклор адам тіршілігімен тікелей байланысты, оның болмысының бір бөлшегі. Сондықтан ол адам өмірінің барлық жағын бейнелейді, шаруашылығынан, тұрмысынан, әдет-ғұрпынан, салт-санасынан толық мәлімет береді… халық тарихындағы маңызды оқиғаларды қамтып, солардың негізінде жаңа шығармалар туындап, тарихи қайраткерлер жайында әңгімелейді… Фольклор халықтың өзінің тарихқа қатысын, көзқарасын танытады, маңызды оқиғалар мен көрнекті тұлғаларға берген халықтың бағасын, қарым-қатынасын көрсетеді» [4].

Фольклордың түрлік ерекшеліктері (сыныптау проблемалары)

Ауыз әдебиеті туындыларының мыңдаған жылдарға созылған пайда болу, қалыптасу және даму процессінің барысында уақыт ерекшеліктері мен қоғамдық өзгерістерге байланысты, әр алуан түрлері мен жанрлары дүниеге келді. Олар негізінен: ертегі, миф, әпсана, аңыз-әңгіме, батырлар жыры, тарихи жырлар, романдық эпостар, толғау, арнау, тұрмыс-салт жырлары, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, айтыс, шежіре т.б. болып бөлінді.

Ертегі – халықтың шығарған көркем әңгімесі. Ол қола дәуірінен басталып, қазіргі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Бұлар,қиял-ғажайып, тұрмыс салт, жануарлар шыншыл ертегілер болып бөлінеді.

Миф - Мифология дүние туралы фантастикалық түсінік. Аңызды зерттейтің ғылым.

Мифология – адамның рухани мәдениетінің алғашқы формасы. Арғы тарих кезінде пайда болды.Адам қоршаған ортаны түсіну үшін қолданды. Құдай мен батыр іс-әрекетін айтушы. Аңыз- халық қиялынан туған ғажайып қызық оқиға, әңгіме. Ел ауызындағы ертегі аңыз. Аты жыр, Халқымыздың мақтанышы батыр ұл. Мерекелі, Мүшеліңді құттықтап, Сырбайыңның жазған сәлім хаты бұл.

«Естіп ем ел аузынан бір аңызды

Сол аңызды жүрегімен жыр ағызды.

Сырламай сол қалпында ұсынайын,

Кешір дос, олақ айсақ мына бізді» М.Әлімбаев.

Аңыз болды. Жақсы атағымен ел арасында тарады, жайылды. Аңыз етті. Белгілі бір оқиғаны, жағдайды әңімелеп айтты. Аңыз қылды. Әңгіме етті, сөйледі.

Мақал-мәтел. Мәнді-мағыналы аз сөзді жеткізу. Үлкен ойды жеткізу. Мақал-мәтел – дегеніміз халықтың нақыл сөздері, белгілі бір-ойды ықшам түрде, ұғымды өткір айтып, беретін сөз. Мақал-адам өмірінің тәжірбиесінен туған, қоғамдағы сан қилы құбылыстарға берілген баға, қорытынды, түйін. Бұлардың тақырыптары әр түрлі.

- Білім және ғылым туралы;

- Еңбек туралы;

- Ерлік туралы;

- Адамның қасиеттері.

Тұрмыс-салт өлеңдері жырлары.

Ең бастысы, олардың бәрі де нақты бір оқиға немесе қоғамдық құбылыс негізінде пайда болған объективті дүниелер. Демек, олардың бәрінде де халық өмірінің көрінісі белгілі бір дәрежеде бейнеленеді. Мәселе, тек қай жанрдың оқиғаны қалай, қай деңгейде, қай қырынан бейнелейтіндігінде. Сондықтан зерттеушілер ең алдымен сол жанрлардың түрлік ерекшеліктерін, олардың пайда болуының алғышарттарын, нақты тарихи жағдайларын, сипатын т.б., тек сол жанрға ғана тән қасиеттерін жете білулері керек. Бұл, біріншіден, зерттеушіге өз жұмысын тиімді ұйымдастырып, деректер теңізі арасынан дұрыс жол табу мақсатында фольклорлық туындыларды сыныптауға көмектессе, екіншіден, олардан ғылыми құндылығы жоғары мәліметтер алуға көмектеседі.

Осылар, және басқа да фольклорлық жанрлардың түрлерін, олардың халқымыз тарихының дерек көздері ретінде ерекшеліктерін, маңызын, сипатын т.б. қасиеттерін жете білудің өз тарихымызды объективті зерттеуге көмектесері күмәнсіз.