Кіріспе лекция

Кілт сөздер

Дерек, сын, тарихи синтез, әдіс, әдіснама, деректану пәні.

1. Деректану теориясы пәні, мақсаты мен міндеті.

2. Деректанудың ғылым ретінде пайда болуының алғышарттары және ортақ

заңдылықтары.

3. Деректанудың қалыптасу және дамуының негізгі кезеңдері.

 

1. Деректану теориясы пәні, мақсаты мен міндеті.

Деректану, тарихнамамен қатар тарихшыларды теориялық методологиялық дайындауда негізгі фундаментальдық пәндердің қатарына жатады. Деректанудың фундаментальдығы тарих ғылымының тарих обьектісіндегі-өткен қоғам ретіндегі тарихшыға тікелей берілген емес, ол тарихи деректерді таным арқылы тану арқылы тарих ғылымының субьектісі ретінде қаралады.

Деректану тарихи зерттеудің практикалығынан туындаған. Алғашқы кезде жазба деректер зерттеліп, деректанудың қолданбалы фактілік жағы ескерірілді, ол деректерді тануда нақты тарихи фактілерге жүгінді.

Жаңа деректердің ғылыми айналымға түсуіне байланысты, тарихи деректер және сол тарихи деректердің оқиғалары, процестері әр деректе, әр қырынан көрсетіледі. Деректің оқиғаларды қалай баяндауына байланысты, эмперикалық және апробиралық практикалық жолмен алынған деректер жазба деректерді әдістемелік зерттеу нақты фактілік матиралдарды алуда зерттеу обьектісіне айналды. Жазба деректер заттай деректерден тармақталып бөліне бастады (археологиялық).

Курстың мақсаты – деректердің тарих ғылымындағы табиғатын зерттеу, белгілі әлеуметтік жағдайдағы оның туындау себептерін, осы жағдайдағы деректердің гносологиялық табиғатын тарихи танымның зерттеу обьектісіне айналдыру.

Курстың мақсатты жұмыстары.

- Деректерді таңдау, сыни анализ жасау және зерттеу жұмыстарын жүргізу.

- Тарихи зерттеуде деректілік-ақпараттық базалық негізін жасау.

- Тарихи зерттеуде терминалогиялық аппаратты негіздеу.

- Деректерде анализ жасауда әдістеме жүйесін білу және оның тәжірибеде қолдану мүмкіндігі.

- Аймақтық тарихи деректерді зерттеумен танысу. Дерктану пәні архивпен және қосалқы тарихи пәнімен тығыз байланысты.

 

2.Деректанулық ұғымдар мен терминдер туралы.

Деректанудың жалпы мазмұны, теориялық негіздері, мақсаты және мәні барлық жерде бірдей болғанымен, оның белгілі бір ұлттың тарихын зерттеуде, сол ұлттың төл деректерінің негізінде және, ең бастысы, сол ұлттың тілінде жазылғанда ғана өзінің міндетін дұрыс атқара алатындығы анық. Орыс ағартушысы Н.Г.Чернышевскийдің: “Верный призник удовлетворительного или неудовлетворительного состояния науки удовлетворительность или неудовлетворительность ее терминологии” [1]-деген қағидасы бізден алдымен деректанудың қазақша ұғымдары мен терминдеріне көңіл бөлудің қажет екендігін көрсетеді.

Алғаш қазақ халқының өз тіліндегі ғылыми терминдерін қалаптастыру қажеттігін айтып, мәселе көтерген алаш арда- герлері болды. “Қазақ” газетінің бірінші нөмірінің бас мақаласында: “Сөз қару, мұны бұзуға жұмсақ бұзады, түзеуге жұмсақ түзейді” –[2] деп, сөз құдіретін жоғары бағалаған А. Байтұрсынұлы мен М. Дулатұлы алты жыл бойы газет арқылы өз халқын сөздің мағынасын дұрыс ұғынып, орынды пайдалана білуге үйретті.

Қазақ тіліндегі ғылыми терминдер қалыптастыру ісі кеңес өкіметі тұсында да жалғастырылды. Мысалы, 1926 жылы Бакуде өткен Бүкілодақтық екінші тюркология съезінде А. Байтұрсынұлы термин сөздерді мынадай үш қайнардан алып қалыптастыруды ұсынды: “1) ана тілінің өзінен 2) тектес, жүйелес түркі тілдерінен 3) басқа тілдерден” (6). Сонымен қатар ол алғашқы терминдер жасауға да қатысты. 1935 жылы бірнеше тілді жетік меңгерген қазақтың лингвист ғалымы Құдайберген Жұбановтың басшылығымен қазақша терминдер сөздігі жасалынды. Ұзақ жылдар бойы Қ. Жұбановтың аты аталмағынымен сөздіктің өзі ғылымның көптеген салаларында пайдаланылып келді.

Ұғым-зерттеушілердің тәжірибелік-эмпирикалық және ғылыми-танымдық іс әрекеттерінің барысында қалыптасқан, зерттеудегі объектер мен құбылыстардың мәні мен ерекше белгілерін тұтас және жалпылама ашатын ойлау формасы. Терминдер – сол ұғымның сөздік, табиғи тілдік айтылуы. Олар не бөлек сөздерден, немесе белгілі бір сөз сәйкестіктерінен тұрады. Терминология әлі қалыптаспаған жағдайда ұғымның мазмұны суреттеу арқылы ашылуы мүмкін.

Дерек термині бүгінгі күні екі мағынада қолданылып жүр. Біріншісі: Дерек-хабар-ошар, мәлімет, мағлұмат сөздерінің сининимі ретінде. Екіншісі дерек көзі шежіре, жылнама, ретінде жиі қолданып жүр. Тарихи деректер өзінің саны, көлемі жағынан аса көп, мазмұны, түрі жағынан әр алуан.

Демек, «деректану» түсінік ретінде нақты уақиғалар туралы зерттеушіге жеткен деректерді, (хабар, мағлұмат, мәліметтерді) немесе сол деректерді жеткізген дерек көздерін (шежіре, жылнама) зерттеу, талдау мағынасын білдіреді.

 

Бақылау сұрақтары

1. Теориялық деректану пәні дегеніміз не?

2. Деректанудың алдына қойған міндеттерін атаңыз?

3. Зерттеу міндетттерін жүзеге асырғанда деректануға қандай қосалқы тарихи пәндер көмектеседі?

Әдебиет

1. Қаби Есімов. Қазақстан тарихы деректануы. Қарағанды, 1999.

2. Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3-том. -А: Атамұра, 2002.

3. Атабаев Қ. Қазақстан тарихының деректанулық негіздері: Оқу құралы. - Алматы: Қазақ университеті, 2002. - 302 б.

4. Қазақтың көне тарихы (Дайындаған М.Қани). А: Дәуір, 1993.

5. Источниковедение истори СССР. Под. Ред. И.Д. Ковальченко. 2-е изд. – М.: Высшая школа, 1981.

6. Иванов Г.М., Коршунов А.М., Петров Ю.В. Методологические проблемы исторического познания. М., 1981.

7. Голиков А.Г., Круглова Т.А. Источниковедение Отечественной истори. – М., 2002.

8. Источниковедение: теоритечиские и методологические проблемы (отв. Шмидт С.О. ред.). - М: Наука, 1969.

 

Лекция 2. Деректанудың қалыптасуы және дамуы

Деректанудың ғылым ретінде пайда болуының және қалыптасуының алғышарттары. Орыс жылнамаларын зерттеуші А.Л.Шлецер (1735-1809), неміс ғалымы Ф.Шлейермахер (1768-1834), Г.Ф.Штейн, неміс тарихшылары Б.Нибур (1766-1831), Л.фон Ранке (1795-1886), француз тарихшысы П.Дону (1761-1840) т.б. – деректану ғылымыны негізін қалаушылар.

 

Әдебиеттер:

1. Лаппо-Данилевский А.С. Методология истории СПб., 1910. Ч.І. 1913. Ч.ІІ –С. –365.

2. Источниковедение истории СССР: Учебник. М.: 1981. – 496 (8).

3. Источниковедение: Теория. История. Метод. Источники Российской истории: Учеб. Пособие,.М.: РГГУ, 1998. С.-702.

5. Медушевская О.М. Современное зарубежное источнико- ведение. М.: 1983. С.-8-17.

6. Абусейтова М.Х. К проблеме источниковедения средневекового Казахстана//Отечественная история. 1998. № 1. С.42.

7. Ключевский В.О. Соч. В десяти томах. Т. VІІ. Специальные курсы. М.: 1989. С.7.

8. Тихомиров М.Н. Источниковедение истории СССР. Ч.1.-М.: Соцэкгиз, 1940.

9. Источниковедение истории СССР/ Под ред. Ковальченко И.Д. /-М.: 1981. С.12.

10. Пушкарев Л.Н. Типологическая классификация русских письменных источников по отечественной истории. –М.: 1969.С.474-478.

11. Атабаев Қ.М. Қазақстан тарихының деректанулық негіздері. А., 2002 ж.

 

Деректанудың ғылым ретінде қалыптасу тарихын зерттеу ХІІІ-ХІХ ғғ. Еуропаның барлық өркениетті елдерінде болып өткен түбегейлі қоғамдық өзгерістер салдарында ұлттық сананың оянуының, сол елдерде тарих ғылымының, оның ішінде деректанудың да пайда болып қалыптасуына алып келгендігін көрсетеді. Мысалы, қазіргі Германияда кезінде Пруссияның Наполионмен соғыстағы жеңілісі үкіметі либеральдық реформалар жүргізуге, герман мемлекеттерін біріктіруге ұмтылуға итермелеген. Ұлттық сананың қалыптасуында неміс халқының тарихи құжаттарын жинап жариялаудың да ролі өте үлкен болды. Бұл істің бастауында белгілі мемлекет қайраткері, либераль-реформатор Г.Ф Штейн тұрды. Соның ұйымдастыруымен 1819 жылы «Ежелгі тарихи деректерді зерттеу қоғамы» атты ғылыми ұйым құрылды.

Ұйымның негізгі міндеті герман тарихының қайнар көздерін-тарихи құжаттарды іздеп табу, жинау және сыни талдаудан өткізу арқылы жариялау болды. Деректерді жинаудың, ғылыми талдаудың және жариялаудың жалпы перспективалық жоспарын тарихшы Г.Г Пертец жасаған. Осылай, күні бүгінге дейін сәтті жалғасып келе жатқан атақты “Герман тарихының ескерткіштері” сериясының негізі қаланған. Бірінші басылым 1826 жылы жарық көрді. Басылым деректерді зерттеудің, оларды ғылыми талдаудың шын мәніндегі мектебіне айналды.

1830 жылы неміс тарихшысы Г. Вайцтің жетекшілігімен «Герман тарихының деректануы» атты библиографиялық еңбек жарық көрді. Еңбекте «деректану» деген термин бірінші рет қолданылды. Мамандар жоғары бағалаған бұл еңбектің толықтырылған оныншы басылымы 1980 жылы шықты. Еңбектің үздіксіз толықтырылып қайта басылып отыруы, оның ғылыми құндылығының жоғары екендігін көрсетеді.

Бір жағынан тарихи шығармаларға деген қызығушылықтың артуына, екінші жағынан Еуропа елдеріндегі ұлттық сананың өсуіне байланысты тарихи құжаттардың жаңа кешеніне ерекше көңіл аударушылық - ХІХ ғасырдың басында тарихи зерттеуге деген қажеттілікті едәуір арттырды. Тарихи зерттеу ісімен айналысатын мамандар даярлаудың қажеттілігі айқын көріне бастады. Сол уақыттағы жалпы типтегі университеттік білім бұл мақсатты іске асыруға жеткіліксіз болды. Сонымен қатар бұл проблема мұрағаттар алдында да тұрды. Бұған бәрінен бұрын Францияда көз жеткізді. Мұнда Ұлы француз буржуазиялық революциясының нәтижесінде әкімшілік аппаратында, меке-мелерде, саяси жұйелерде түбірлі өзгерістер жүргізілді. Ескі мұрағат мекемелерінің өмір сүруін тоқтатуына байланысты ұлттың меншігіне айналған жаңа орталықтандырылған мұрағаттар құру мүмкіндігі және қажеттілігі пайда болды.

Ескі типтегі тарихи білім жаңа міндеттерді атқаруға қабілетсіз болып шықты. Сондықтан Парижде мұрағатшылар және аса көп мөлшердегі орта ғасырлық Франция тарихының құжаттарымен жұмыс істей алатын мамандар даярлау мақсатында 1821 жылы Хартия мектебі ашылды. Осы Хартия мектебінде алғаш рет құжаттарды дерек көзі ретінде зерттеуге көмектесетін пәндерден дәріс оқытыла бастады. Хартия мектебінің ізімен, сол сияқты жоғары мектептер, ХІХ ғ. елуінші жылдарында басқа да Батыс Еуропа елдерінде ашыла бастады. Мысалы, 1854 жылы Вена қаласында неміс тарихшысы Т.фон Зиккель Австрия тарихи зерттеу институтының негізін қалады. Онда деректерді сыннан өткізу проблемасына ерекше көңіл бөлінді. Мұндай институттар 1856 жылы Мадритде, 1857 жылы Флоренцияда ашылды.

Деректанудың қалыптасу және дамуының негізгі кезеңдері.

Деректану тарихи зерттеу тәжірибесі барысында пайда болды. Алғаш жазба деректер тек нақты-тарихи фактілерді тануға көмектесетін құрал ретінде пайдаланылып зерттелді. Тарихи деректер қорының кеңеюі мен ғылыми айналымға жаңа деректердің біртіндеп енуіне байланысты, бір тарихи оқиғаның, құбылыстың не процестің әр түрлі деректерде әр түрлі дәрежеде, тіптен кейде қарама-қайшы дәрежеде бейнеленетіні көріне бастады. Сондықтан, ол деректерді зерттеу, бір-бірімен салыстыру, сол арқылы шындықты іздеу қажеттілігі пайда болды. Ұзақ жылдардағы зерттеу тәжірибесі барысында қолданылған әр түрлі тәсілдер негізінде деректерді зерттеу методикасы қалыптасты. «Дерек оқиғаны қалай бейнелейді?» деген сұрақ негізгі мәселеге айналды. Жазба деректер заттай деректерден (археологиялық) бөлек зерттеле бастады.

Ежелгі әдебиет авторының ойын, шығарма мәнін дұрыс түсінуге және оны дұрыс түсіндіруге (интерпретациялауға) деген ұмтылушылық деректану негізінің қалыптасуына алып келді. Мысалы, ежелгі орыс жылнамаларын зерттеуші А.Л. Шлецердің (1735-1809) «тазартылған Несторды» қалпына келтірмек болған әрекеті шығарма авторына, автор ойына деген ерекше көңіл бөлудің жарқын көрінісі болды. Август Шлецер - ұлты неміс, орыс тарихшысы және филологы, Петербург ғылым академиясының адьюнкті, кейіннен Геттенген университетінің профессоры «Бағы замандар хикаясының» тек Киев-Печерскі монастырының монахы Нестордың ғана емес, оның ісін жалғастырушылардың және хикаяны көшіріп жазушылардың да туындысы деген қортындыға келді [1].

Тарихи сынның дамуына неміс тарихшысы Б.Г. Нибур (1766-1831) үлкен үлес қосты. Ол тарихты зерттеудің ғылыми-сындық методының негізін қалады. Өзінің «Рим тарихы» деген классикалық еңбегінде Нибур тарихи мәліметтерді сыни талдау методын пайдалану арқылы Римнің ежелгі тарихының аңыз екенідігін дәлелдеді. Тағы бір неміс тарихшысы Л.фон Ранке (1795-1886) тарихты “Ол шындығында қалай болды” солай жазу үшін деректер мен фактілерді объективті сыннан өткізудің қажеттілігін жариялады. Басқа да көптеген неміс тарихшылары осы бағытта еңбек етті [3].

Француз тарихшыларының ішінде деректерді сынау проблемасына тарихшы-медиевист П. Дону (1761-1840) ерекше көңіл бөлді. Ірі мұрағатшы ретінде Дону ұлттық мұрағаттар құжаттарын сыныптау принциптерін жасаумен белгілі болды. Сонымен қатар, бірнеше жылдар бойы ол деректерді тарихи сынау курысынан дәріс оқыды [4].

Тарихи деректерді талдау методының дамуына ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы ірі ғылыми жаңалықтардың ашылуы да үлкен әсер етті. Олар көптеген тарихи деректерді зерттеуге және оларды сыни талдаудың методын жетілдіруге ықпалын тигізді. Сонымен, “Деректану” тарихи деректерді іздеп тауып жинау, зерттеу және жүйеге келтіріп жариялау нәтижесінде пайда болып қалыптаса бастады.

Дегенмен, Батыс Еуропада деректану ғылымының дамуы неміс тарихшысы Э. Бернгейм (1850-1942) мен француз ғалымдары Ш.В. Ланглуа (1863-1820) және Ш. Сеньобостың (1854-1942) аттарымен тікелей байланысты. 1889 жылы Грейсвиль университетінің профессоры Э. Бернгейм “Тарих ғылымына кіріспе” атты. 1898 жылы француз ғалымдары Ш. Ланглуа және Ш. Сеньобос “Тарихи зерттеуге кіріспе” атты оқулық жариялады. Оқулық ретінде дайындалған екі еңбек те бірнеше рет қайта басылып шықты және екеуі де орыс тіліне аударылды. Бір қызығы екеуі де пайда болған күндерінен бастап үздіксіз сынға ұшырап келеді. Дегенмен, содан бері бұл еңбектерге сілтеме жасалынбай бір де бір деректанушылық еңбек жазылған жоқ деп айтуға болады. Олар тарихтың позитивтік методологиясының, әсіресе тарихи фактілер мен оларды ғылыми еңбектерде пайдаланудың өзіндік эталонына айналды деуге болады. Көптеген жағдайда бұл еңбектер әлі де өз маңызын жойған жоқ.

Э. Бернгейм өзінің деректерді сыныптау принципін, өз сөзімен айтсақ: “фактіға жақындық дәрежесіне қарай” қарастырды [5]. Өсы өлшемге сай ол деректерді – тарихи қалдықтар және тарихи дәстүрлер – деп екі үлкен сыныпқа бөлді. Бернгейм бойынша тарихи қалдықтарға “сөздің өз мағынасындағы қалдықтар” (антропологиялық және “ас үйлік” қалдықтар) және “басқалар” [6] - адамдардың материалдық және рухани қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында жасалынған нәрселердің бәрі жатады. Ал тарихи дәстүрге Бернгейм өткен туралы белгілі бір дәрежеде мәлімет сақтаған тарихи материал болып табылатын – бейнелеу, ауызша, жазбаша деректердің бәрін жатқызды.

Бернгейм бойынша деректің шынайылық дәрежесін анықтауда деректің фактіға дайындық дәрежесі бойынша сыныптаудың маңызы үлкен. Оның ойынша тарих қалдықтары үшін олардың түпнұсқасын анықтау тәсілдерін қолданужеткілікті. Егер түпгұсқалық анықталса онда қалдықты сол өзі қалдығы болып табылатын фактіні зерттеу үшін пайдалануға толық болады. Тарихи дәстүр үшін керісінше, деректердің шынайылығын тексеру керектігін айтады. Себебі зерттеудегі факт тікелей жетпеген, басқа арадағы адамдардың айтуымен жеткен. Сондықтан олардың айтқанын тексеру қажет болады.

Деректерді осылай қалдықтармен тарихи дәстүрлер деп бөлу кейін де көптеген деректанушылық әдебиеттерде жиі қолданылып келді.

Ланглуа мен Сеньобостың кітабы-“Тарихты зерттеуге кіріспе” оқулық ретінде жазылғанымен, жоғарыда айтылғандай, тарихнамаға кеңінен танымал еңбек ретінде енді. Тарихи зерттеу методын ерекше тақырып ретінде қарастыру қажеттігі туралы өз көзқарастарын жан-жақты негіздей және дәлелдей келе авторлар бірнеше сұрақтар қойады. Өткенді қалай тануға болады? Құжат дегеніміз не? Тарихи шығармалар дайындауда құжаттарды қалай пайдалануға болады? Тарихи фактілер деген не? Оларды тарихи шығармаларда қалай топтауға болады? [7] Міне, осындай сұрақтарға Ланглуа мен Сеньобос жас тарихшылардың көңілін аударғысы келді. Бірақ іс жүзінде бұл сұрақтар тек жас зерттеушілерді ғана емес, бір ғасырдан аса уақыт бойы, жалпы барлық кәсіпқой тарихшылардың көңілін өзіне аударып келеді.

Кітап үш бөлімнен тұрады. Оларда: алғашқы мәліметтер, аналитикалық процестер, синтетикалық процестер қаралған. “Алғашқы мәліметтер” деген жалпы тақырыппен деректерді табу туралы анықтамалық материалдар, құжаттардың жинағы мен коллекциялары, көрсеткіштер мен каталогтар, библиографиялар туралы мәліметтер берілген. Сонымен қатар қосымша ғылымдар: эпиграфия, полеография, дипломатика т.т. туралы мәліметтер бар.

“Аналитикалық процестер” бөлімінде құжаттармен жұмыс істеу методикасы айтылған. Бұл бөлімнің маңызы өте үлкен. Себебі авторлық концепцияда құжаттарға ерекше орын беріледі. “Құжат – тарихи білімнің бірден бір қайнар көзі. Тарих құжаттар бойынша жазылады. Олар жоқ болса – тарих та жоқ” [8] -кітаптың басты тезистерінің бірі осындай. Құжаттар бір кезде өмір сүрген адамдардың іс әрекеттерінің, ақыл ойларының қалдырған іздері ретінде қаралады.

Бұл жерде авторлар жазба деректер, оның ішінде зерттеушілер жиі пайдаланатын нормативті құжаттар туралы айтып отырғандарын және өз методикасын солар үшін жасағандықтарын ескертеміз. Олардың ойынша ең бастысы құжат мәлімет жеткізіп отырған факті мен құжат арасындағы қатынасты анықтау. Бұл қатынастағы басты нәрсе - құжаттың дүниеге келуіне әсер еткен себепті анықтау. Зерттеушілердің пікірінше деректі зерттеудің екі кезеңі бар. Бірінші кезең -сыртқы сын. Оның міндетіне: мәтінді қалпына келтіру мен деректің пайда болуын сынау кіреді. Екінші кезең- ішкі сын. Оның міндетіне: деректің мазмұнын, оның шынайылығын сынау кіреді [9].

Құжаттың пайда болуын сынаудағы мақсат, құжат авторының еңбек еткен жағдайы туралы мәлімет алу, автордың шындықты қаншалықты айтқысы келетінін не келмейтінін немесе шындықты айта алатындығын не айта алмайтындығын және оның фактіні қаншалықты дәл бере алғындығын анықтау [10].

Ішкі сында екі негізгі ереже басшылыққа алынады: біріншісі-қаншалықты сенуге болатындығына көз жеткізу мақсатында әр бір мәліметті зерттеу, екіншісі-құжаттағы әр бір мәліметті жеке қарастыру [11].

Зерттеудің келесі кезеңінде деректің шынайылығын анықтау фактілерді бір-бірімен салыстыру арқылы жүреді. Осылай деректер мәлімет беріп отырған фактілердің бірімен бірінің сәйкестігі немесе бірімен бірі қарама қайшы келетіндігі анықталынады. Фактілердің сәйкес келуі мәліметтердің шынайылық дәрежесінің жоғары екендігін көрсетсе, керісінше бірін бірі жоққа шығаруы олардың шынайылығына күмән тудырады. Авторлардың айтуынша деректанулық талдау жүргізу қорытындысына, тексерілген, шындыққа жақын жекелеген тарихи фактілердің белгілі бір жиынтығы анықталуы керек [12]. Тарихи зерттеудің келесі кезеңі кітапта “Синтетикалық процестер”- деп аталғын. Бұл бөлімде тарихшы қалайша әр түрлі фактілердің басын біріктіріп біртұтас еңбек етіп шығара алатындығы туралы айтылған. Қарастырылған бұл еңбектер өз кезінде ғалымдардың көңілін тарихшылардың деректермен, тарихи фактілермен жұмыс істеу методының ортақ мәселелеріне аударды, тарихшының кәсіби еңбегінде деректану ғылымының қандай орын алатындығын көрсетті. Университет профессорлары дайындаған бұл кітаптар “дерек”, “құжат”, “деректану”, “деректерді сынау” сияқты түсініктерді ғылыми айналымға кеңінен ендірді. Тарихи құжаттарды сақтау орындары (ішінде мұарағат құжаттарын да), жазба, ауызша, заттай деректердің әр түрлері туралы мол мәлімет берді.

Ал соңғы жылдары шет ел ғалымдарының көңілін өзіне аударған еңбектердің ішінен, 1961 жылы Парижде жарық көрген, тарихи зерттеу методының қазіргі концепциясын көрсеткен “Тарих және оның методы” – атты арнаулы басылымды атауға болады. Ол әр түрлі бөлімдерін көрнекті француз ғалымдар жазған ұжымдық еңбек. Кітаптың дайындалып жарыққа шығуына басшылық жасаған академик Ш. Самаран еңбектің алғы сөзінде: «Біздің ғылымда да басқа тілде де әлі баламасы жоқ бұл шығармада тарихи түсініктерді талдауға және жете анықтауға, оларды мүмкіндігінше жүйелі доктринаға біріктіруге әрекет жасалынған» [13] - деп жазса кітапқа берілген бір рецензияда: «Кітап өзінің іргелілігі жағынан ескі Ланглуа мен Сеньобосты толығымен ауыстырады. Оны оқу талапты студенттің тарихшыға айналуының бастапқы қадамы болады» [14] - деп жазылған.

Лекция 3. Қазақ ғалымдары мен ойшылдарының деректанушылық көзқарастары

Ш.Уәлиханов - қазақтың тұғыш деректанушы ғалымы. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлыны деректанушылық ойлары. Қазақ зиялыларының ұлттық деректерді іздеп тауып табу және жинау мақсатында жасаған әрекеттері. Қазақтың кәсіпқой тарихшысы Е.Бекмахановтың деректанушылық көзқарастары. О.Сүлейменовтың “АЗиЯ”-сы және деректің түпнұсқалық проблемасы. Қазақтың деректанушы ғалымдары және олардың еңбектері. Қазақстан тәуелсіздігі және деректану ғылымы.

Әдебиеттер:

1.Атабаев Қ.М. Қазақстан тарихының деректанулық негіздері. А., 2002 ж.

1.Марғұлан А.Х. Комментарии к сочинениям Валиханова Ч.Ч. Собр. соч., в пяти томах. Алма-Ата, т.1. 161.

2.Уәлиханов Ш. Таңдамалы. Алматы, 1985, 115 б..

3.Молдабаев И.Б. Эпос. “Манас” – как источник изучения духовной культуры киргизского народа. Фрунзе, 1989,с.5.

4.Бөкейхан Ә. Таңдамалы. Алматы. 1995. 421-бет.

5. “Қазақ”, 1913. № 12. 28 апрель.

6.Бөкейханов Ә. Шығармалар. 299-300 бб.

7.Байтұрсынов А. Ақ жол. 399 б.

8. “Қазақ тарихы”, 1997, № 4, 42-б.

9. Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында. Алматы, 1994, 31-б.

10. Сүлейменов О. Аз и Я. Алматы. 1992. “Жазушы”. 5-б.

11. Рыбаков А.Б. “Игорь жасағы туралы жыр” және оның замандастары. М.: 1971. Б.-31.

 

Төл деректерімізді ғылыми «сыннан» өткізу арқылы халқымыздың шынайы тарихын жазуға мүмкіндік беретін біртұтас және жүйелі деректанудың елімізде қалыптасып, тарих ғылымындағы өз орнын ала қоймағынымен қазақ ғалымдары барлық уақытта ұлттық деректерімізді «сыннан» өткізудің қажеттігін жақсы түсінген. Соған байланысты өз ойларын айтып, өздерінің деректанулық көзқарастарын білдірді. Тарих ғылымының маңызды саласының бірі болып табылатын деректанумен тікелей айналыспағандарымен, ұлтымыздың үлкен ғалымдары ғылыми сезімталдықпен белгілі бір дәрежеде деректанулық ойдың дамуына өз үлестерін қосты.

Осындай, өз ұлтының тума деректері туралы ғылыми негізделген ой айтқан қазақ ғалымдарының алғашқысы Шоқан Уәлиханов (1835-1865) болды. Деректану ғылымы тарихи деректерді іздеп табудан, оларды бір жүйеге келтіріп жариялаудан басталады десек, бұл ретте Ш. Уәлиханов қазақ-қырғыз халықтарының тарихына қатысты деректерді іздестіріп, оларды бір жүйеге келтіріп орыс тіліне аудару арқылы ғылыми айналымға қосу саласында үлкен істер атқарды. Ш. Уәлихановтың жинаған тарихи деректерінің маңызы, оның тарихшы ғалым ретіндегі орны, тарихи көзқарастарды көптеген тарихшылар еңбектерінде жан-жақты зерттелді. Бұл ретте, әсіресе ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның сіңірген еңбегі ерекше [1]. Дегенмен Ш. Уәлиханов тек тарих туралы ғана емес, сонымен қатар тарихи деректер туралы да өз ойын білдірген.

Ұлы ойшыл бабамыз өз халқының жүріп өткен жолын, сан асудан өткен бұралаң тарихын тануға көмектесетін деректерді аса ыждаһаттықпен жинап қана қойған жоқ, сонымен қатар ол ғалымға тән қасиетімен тарихи деректерді ой елегінен өткізудің, ғылыми талдау жасаудың (деректанулық сынның - Қ.А.) қажеттігін де жақсы түсінді. Осыған байланысты Шоқанның тарихи деректер туралы айтқан ойлары, әр түрлі деректер тобына берген бағасы, деректерді талдауда қолданған тәсілдері, сол арқылы деректерде сақталған ақпараттардың ғылыми құндылығын айқындауы деректану ғылымында бүгінгі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Мысалы, “Қазақ шежіресі” деген еңбегіндегі қазақ халқының даму ерекшелігіне сай, ел арасына кең тараған тарихи деректер тобына жататын аңыз-дастандар туралы осыны айтуға болады.

Қазіргі деректану ғылымының деректерді талдауда зерттеушілер алдында қоятын басты талаптарының бірі, ол тарихилық принципіне сай қандай деректі болмасын сол уақытпен, өзін қоршаған қоғамдық ортамен тығыз байланыстыра отырып талдау десек, ол туралы Шоқан Уәлиханов: “ХІІІ ғ. жүз жылдық шапқыншылықтың ауыр зардабы мен ішкі қырқыстың қайғылы заманы болды. Осы кезде туған аңыз-жырлардың (тарихи деректердің- Қ.А.) мазмұны қасіретті шерге толы. Мейірімсіз жау оларды атамекенінен ысырып, қазақ пен ноғайды екі айырды…. Қазақ пен ноғайлардың жылап айырылысуы, сол кездегі дүниеге келген аңыз-дастандарда, күйшілердің қобызында ойнаған күйлерінде өшпес ізін қалдырды” – дейді [2].

Сондықтан тарихи деректерде сол субъекттердің қолтаңбасы, әлеуметтік орыны, дүниеге көзқарасы т.б. сақталады. Ол туралы Шоқан: “Сол заманда туған-қазақ жыр-дастандары қаншалықты мұңды болса, қалмақ дастандары соншалықты көтеріңкі көңіл күйде айтылады”-дейді [3].

Әрине, қалмақ ақыны жеңіс тойлап, көңілі толып өздерінің бастапқы кезеңдегі жеңісін жырға қосса, қазақ ақыны, қазақ жырауы халқының басына түскен зұлматты, қайғы-қасіретті өз жырына, өз әніне қосып халқымен бірге зарлады. Оған дәлел сан ұрпақтың жүрегін сыздатқан “Елім-ай” әні.

Ауызша деректер тобына жататын аңыз-әңгімелер, жыр-дастандармен қатар Ш. Уәлиханов жазба деректер туралы да өз ойын айтып, олардың деректік маңызын көрсетті. “Күмән жоқ, қазақтар туралы ең алғаш дерек Березин бастырып шығарған “жылнамалар жинағында” кездеседі. (Казань, 1854 ж.) Осы басылым қазақтардың өткені туралы ең құнды, алғашқы жазба ескерткіш. Мұнда нақты тарихи деректер аз болғанымен, қазақ хандары мен сұлтандарының ата тегі бар” –дей келе, қазіргі қолда бар деректерді, ел ауызындағы аңыздармен, ноғайлармен қарым-қатынасы жайлы орыстың елшілік актылары Жалайридің “Жамиғ-ат-тауарихымен” салыстырған жөн” деп зерттеушілерге кеңес береді [4].

Деректану ғылымы үшін дерек авторын анықтаудың маңызды екенідігін ескерсек, ол туралы Ш. Уәлиханов: “Жылнама кітап авторының сөзіне қарағанда, ол Ораз Мұхамедтің жерлесі екендігі және автордың (тарақ таңбалы) Жалайыр руынан екендігі айтылады. Борис Феодоровичтің ханзадаға деген кішіпейіл ілтипаты мен мейірімі арқасында осы кітап дүниеге келді” – дейді автор. Автордың өзі туралы осы сөздеріне жүгінсек, оның Ораз-Мұхаммед сұлтанның жерлесі, шыққан тегі тарақ таңбалы, ең басты жалайыр руынан екенін білеміз”.- деп, өте дұрыс ғылыми қорытынды жасайды [5].

Ш. Уәлиханов өзінің ғылыми ойларын дәлелдеу мақсатында қазақ деректерімен қатар басқа да деректерді кеңінен пайдаланғандығына оның мына жазбалары дәлел: - “Қазіретті Иакинфтің (Н.Я. Бичуриннің - Қ.А.) Сібір қазақтары болмашы бір қалмақ ұрпағы болыпты деген пікірінің теріс екендігін дәлелдеп жатудың да қажеті жоқ. Қазақтардың едәуір күшті және жоңғарларға ешбір қатысы жоқ, мүлде басқа халық болғаны Сібір шежірелерінен айқын көрінеді”.

Тарихи деректердің әртүрлі топтарымен қатар Ш. Уәлиханов жеке деректерге де талдау жасап өз бағасын берді. Мысалы, қырғыз халқының асыл қазынасына, ұлттық мақтанышына айналған “Манас” туралы: “Алатау қырғыздарының поэзиялық ең басты және жалғыз десе де болғандай данышпандық халық шығармасы “Манас туралы” дастан екені күмәнсіз. “Манас” – бір кезеңге және бір адамның - Манас” батырдың төңірегіне топтастырылған барша халық ертегілерінің хикаялары мен аңыздарының, география, дін және салт-сана, әдет-ғұрып жөніндегі түсініктердің энциклопедиялық жинағы. “Манас” – бүтін бір халықтық шығармасы, соның көп жылдық творчествосының жемісі – Илиадасы десе де болғандай” – дейді [6].

Ш. Уәлихановтың “Манастану” ісіне қосқан үлесін қырғыз ғалымы И.Б. Молдабаев: “Одним из первых, кто специально обратил внимание на культуру киргизского народа, был славный сын казахского народа Ч.Ч. Валиханов, который не только записал отрывки из эпоса “Манас”, он и написал несколько квалифицированных работ…. Работы Ч.Ч. Валиханова не потеряли актуальности и сейчас” – деп, өте жоғары бағалаған [7].

Сонымен, қорыта айтқанда, жоғарыда келтірілген дәлелдер бізге Шоқан Уәлихановты тарихи деректерді деректанулық “сыннан” өткізудің қажет екенідігін түсінген, деректердің әр түрлі топтарының ерекшелігін, олардың ғылыми маңызын көрсеткен, деректерді ғылыми негізде кәсіпқойлық дәрежеде талдай білген қазақтың тұңғыш деректанушы ғалымы деп айтуға мүмкіндік берді.

Ә. Бөкейханның деректану саласындағы еңбектері.

Қазақстан тарихының деректану саласында өзіндік із қалдырған Шоқан Уәлихановтан кейінгі қазақ ғалымдары, Ә. Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы болды. Ә. Бөкейханның деректану ғылымына қосқан үлесін негізінен үш салаға бөліп қарауға болады. Біріншісі, ХХ ғасырдың басындағы, демек, ең бір күрделі кезеңдегі, қазақ халқының өмірінің сан алуан қырынан мағлұмат беретін дерек көзі ретінде Әлихан Бөкейханның өз еңбектері. Ол еңбектердің ұлт тарихының құнды деректер тобын құрайтындығына қазір ешкімнің күмәні жоқ деп ойлаймыз. “Ә. Бөкейханның шығармашалық мұрасы” деген мақалада: “Ғалымның негізгі, басты еңбектері қазақ халқының тарихына, экономикасына, мәдениетіне, шаруашылық жүргізу тәсілдеріне, ру-тайпалар шежіресіне, тұрмыс-салтына, қазақ жерлерінің отарлау тағдырына арналған. Бұл еңбектерде мың сан деректер, цифрлар, таблицалар, қысқасы, ұшан-теңіз материал бар” – деп [8], әділ айтылған. Бұған қосарымыз бүгінгі күні Ә.Бөкейхан еңбектерін тарихи дерек ретінде пайдаланбай, ХХ ғасыр басындағы қазақтар тарихы туралы бірде-бір ғылыи – зерттеу жұмысы жазылмайтындығы. Келешекте де солай болатындығы.

Екінші саласы, деректану ғылымының талатарына сай, тарихи құжаттарды іздеп тауып (эвристика - Қ.А.) жариялауы. Ол: “Из бумаг султана Большой Киргизской Орды Сюка Аблайханова”, “Из переписки хана Средней Киргизской Орды Букея и его потомков”, “Из переписки киргизских ханов, султанов и проч.” секілді құжаттарды жинап бастырды. Алаш ардагерінің бұл салада атқарған ғылыми ізденістерінің қазақ тарихы үшін маңызының зор екендігі де күмәнсіз.

Әлихан Бөкейханның тарихи деректану ғылымына қосқан үлесінің келесі бір бөлігі, ол оның өз шығармаларында айтқан тарихи деректанушылық ойлары, нақты төл деректерімізді сынауға байланысты білдірген көзқарастары.

“Қара қыпшақ Қобыланды” кітабына арналған әдеби сында деректану ғылымының күрделі проблемаларының бірі, деректің, сол деректе бейнеленген уақиғаның уақытын анықтау (датировка - Қ.А.) мәселелсін шешуге әрекеттенеді. Әлихан Бөкейхан Тоқтамтас ханның өзінің тоғыз батырының бірі қара қыпшақ Қобыландыдан ақыл сұрағанын айта келе: “Тоқтамыс хан Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы нәсілінен. Бұл Ақсақ Темірмен соғысып, жеңіліп қашқан. Бұл Қобыландының ісі ХІ ғасыр ортасы болуға лайық. Тоқтамысқа болысқан Литва князы Витофты Воркесала өзені бойында (бұл Полтава губерниясында Днепр ашасы) Ақсақ Темірдің қол басшысы Едіге алған. Бұл соғыс 1339-ыншы жылы болған. Бұған қарағанда Едіге Тоқтамыстан кеткен соң Ақсақ Темірге қол басы болса керек. Мұнан көрінеді: Қобыландының Тоқтамыс, Едігелермен замандас болғаны” – деп, негізделген қорытынды жасайды [10].

Әрине, Қобыландының өмір сүрген уақыты туралы мәселері автор толық шешті деп айта алмаймыз. Дегенмен, бұл келтірілген мысал Ә. Бөкейханның деректану ғылымының тиімді тәсілдерінің бірін пайдаланып, өмір сүрген уақыты дәл белгілі тарихи тұлғалар арқылы уақыты белгісіз тұлғаның өмір сүрген мезгілін анықтамақ болғандығын көрсетеді.

Біріншіден, барлық халықтар сияқты қазақ тарихына да тән кемшілік соғыстардың көбірек айтылып, ал халықтың негізгі тарихы болып табылатын күнделікті бейбіт өмірін суреттейтін деректердің аз кезедесетіндігін айтуы. Ә. Бөкейхан ойының дұрыстығын біздің заманымыздың зерттеушісі Олжас Сүлейменов: “Бейбітшілік тарихтан тыс тұр. Оны сипаттау қиын. Европаның да Азияның да жылнамаларында адамзаттың өткені сұрапыл соғыстар, қанды сарай төңкерістері арқылы ғана бейнеленеді. Ал мәдениет тарихы үзді-жұлды, жол – жөнекей ұшырайды”-деп бекіте түседі [12].

Шәкәрім шежіресінен алынған бұл жыр жолдары туралы Ә. Бөкейхан: “Міне мәдениет тарихы пайдаланатын жыр сөзі. Бес ауыз өлеңде жұрт салты айнаға түскендей көрініп тұр. Жеккен арба , жемтік іздеп ұшқан қарға, өрмек тоқыған қатын, жылаған бала, қайғырған ару-бәрі мұнда бар. Осы жырдан бұл жерде айтылған істің қашан болғаны көрініп тұр: Шыңғысхан жорығында һәм онан бұрынғы жорықтарда жұрт қатын-баланы алып, малды айдап, ауып жүріп соғысқан”- деп [14] жырдың көркемділігіне, ондағы қарапайым халық өмірінің бейнелену дәрежесінің жоғарылылығына ризашылық білдіреді. Келтірілген жыр жолдарын Ә. Бөкейхан “Қобыланды” жырымен салыстыра келе бұл жырды баспаға дайындаушылардың жіберген кемшіліктерін сынға алды. Ол: “Қобыланды” кейінгі айтушының тепкісін көп көріпті. Бұл айтушылар өз жандарынан көп сөз қосқан” – деп, ескерткіштерді жатқа айту, көшіру кезінде іс жүзінде жиі кездесетін құбылыстан, жатқа айтушының не көшірушінің көп жағдайда тек механикалық орындаушы емес кейде редакторлық, тіпті кейде қосымша авторлық міндеттер атқаратын әдеттерінен “Қобыланды” жырының да аман қалмағандығын көрсетеді [15].

Сонымен, жоғарыда келтірілген фактілер Ә. Бөкейханның тарихи деректану ғылымы саласында өзіндік із қалдыраған, қазақ деректану ғылымына қомақты үлес қосқан ғалым екендігін көрсетеді.

А. Байтұрсынұлы тарих және тарихи деректер туралы.

ХХ ғасыр басында Шоқанның ғылыми ізденістерін, Абай ойын, Абай ісін үзбей жалғастырып алып кетушілердің бірі және бірегей Ахмет Байтұрсынұлы болды. А. Байтұрсынұлының Абайдан соңғы дәуірде еліне, ұлтына еткен еңбектері, сіңірген бейнеті туралы соңғы жылдары аз айтылған жоқ. Дегенмен, уақыт өткен сайын оның қызметінің кей қырлары өзін аша түсуді, маңызын тереңірек ұғынуды қажет етеді.

Осындай Ахмет Байтұрсынұлының ерекше назар аударуды қажет ететін қырларының бірі, оның тарих ғылымына, тарихи деректануға қосқан үлесі.

Өз халқының келешегін ойлаған ойшыл ретінде ол тарихқа қатысты өзінің ойларын білдірді, пікірлерін жазды. Қазақ тілінің жұрт мойындаған маманының, қазақ сөзін зерттеушісінің: “Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы- тарих” – деп артында қанатты сөз қалдыруы, оның халық келешегінің халық жады-тарихпен тікелей байланысты екенідігін терең түсінгендгінің белгісі.

А. Байтұрсынұлының тарих ғылымы туралы, тарихи деректану туралы негізгі ойлары, оның 1926 жылы жазған “Әдебиет танытқыш” деп аталатын ғылыми – зерттеу еңбегінің “Әуезе түрлері” деп аталатын бөлімінде айтылған.

Бүгінгі күні-тәуелсіз Қазақстанның төл тарихының қалыптасу кезеңінде, өз бастауымызға көз салсақ, кезінде А. Байтұрсынұлының тарих туралы, әсіресе тарих ғылымының аса бір күрделі саласы, тарихи деректану ғылымы туралы айтқан ойлары, білдірген пікірлері өзінің дәлелдігімен, ғылыми құндылығымен ерекшеленетіндігін байқауға болады. Мысалы, тарихтың атқарар қызметі, оның ғылым ретінде алдында тұрған міндеттері мен мақсаттары туралы: “Тарихтың қызметі-бүтін адам баласының, яки бүтін бір жұрттың, я бір таптың өткен өмірін болған кұйінде айнытпай айту; тарихтың мақсаты – бүтін адам баласының өмірі нендей табиғат заңымен өзгеретінін білу” – деуі [18], тарих ғылымының белгілі бір табиғи заңдылықтарға негізделгені, оның жалпы адамзаттық құндылықты басшылыққа алған методологиялық бағдары туралы өте дұрыс, ғылыми негізделген пікір айтса, одан әрі тарихи деректану ғылымның негізгі принципті қағидаларының бірі – кез келген деректің деректанулық талдауды қажет ететіндегі туралы: “тарихшылар халық басынан кешкен түрлі уақиғалардың мағлұматын сымға тартқандай, сынға салып, мінсіз етіп, дұрыстап өткізеді” – деп [19], тарихшылардың өздеріне жеткен мағлұматтарды, яғни тарихи деректерді “сынға салып”, демек деректанулық талдаудан өткізіп, “мінсіз етіп”, яғни ғылыми құндылығын анықтап алатындығын айтады.

Ахмет Байтұрсынұлы тарихи деректердің табиғатта “таза” күйінде кездеспейтіндігі, олардың түрлері қоспалардан тұраттындығының себептері туралы: “Шежіре жазушылар естіген-білгенін сол қалпында, шикі түрінде тізеді.”- десе [20], ғылымның жай шежіре жазудан айырмашылығын “Тарихшылар құр естігенімен қанағаттанбай, рас, өтірігін тексеріп, расын ғана алады” – деп көрсетіп берді [21].

Тарих ғылымының негізін тарихи деректер құрайтындығын, деректерде салынған ақпараттарды алып, ғылыми еңбектерде пайдалану үшін тарихи деректану ғылымының қажеттілігін, “Шежіре, заман хат, өмірбаян, мінездеме-бәрі да тарихтың жемі есебіндегі нәрселер. Тарих олардың айтқанының бәрін ала бермейді. Аударып, ақтарып түрлі жағынан қарап, түрлі мағлұматтармен салыстырып, сипатталған мағлұматтарды ғана алады”- деп, [22] қарапайым ғана сөздермен, аса маңызды ғылыми проблеманың шешімін түсіндіре білді.

Бұл ретте қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының докторы, профессор Ермұхан Бекмахановтың еңбегін ерекшеайтуға болады. Ол 1947 жылы жарық көрген, сол үшін 1952 жылы 2 желтоқсанда 58 статья бойынша 25 жылға сотталған (ХХ съезден кейін ақталады) “Казахстан в 20-40 годы ХІХ века” – деген еңбегінде өзінің тамаша деректанушы екендігін көрсете білді.

Монографиялық зерттеудің кіріспе бөлімінде Е. Бекмаханов жұмысты дайарлау барысында пайдаланған деректерге кәсіби дәрежеде деректанулық талдау жасап, маңызды да қызықты ойлар айтқан. Ұлттық жәдігерлеріміздің түрлік ерекшеліктерінен шыға отырып деректанулық сынның әр түрлі тәсілдерін пайдаланған . Қазақ тарихшысы кәсіпқойлық дәрежеде деректану ғылымының талаптарына сай, Қазақстанның ХІХ ғасырдағы 20-40 жылдарындағы тарихынан мағлұмат беретін деректерді, өмір сүру формасына қарай әдеби деректер, мұрағат деректері және фольклорлық деректер деп үлкен үш сыныпқа бөлген.

Мұрағат деректерінің ішінде қазақтардың шаруашылық құрылымын және әлеуметтік қатынастарын зерттеуде ХІХ ғасырдың 40-шы жылдарындағы Орынбор әскери губернаторы Обручевтың тапсыруымен қазақтың би-сұлтандарынан арнайы жазылып алынған жазбалардың ғылыми маңызының үлкен екендігін айта келе Е. Бекмаханов “… бұл материалдар қазақтардың әдеттегі құқығының білгірі болып саналатын сол қазақтардың өздерінің айтуымен жазылғандықтан оларда хабарланатын фактілердің айна қатесіз дұрыстығына шек келтірмейсің. Сонымен қатар, өздерінің айтуымен жазылған жазбалардың бәрін сұлтандар мен билер оқып шыққан, сонан кейін мұның дұрыс-бұрыстығына қатаң жауапкершілікті мойынындарына алып, осы жазбалардың астына қолдарын қойған”- деп, бұл жазбалардағы ақпараттардың шынайылық дәрежесінің жоғары болуына әсер ететін факторларды атап көрсетеді [2].

Дегенмен, бұл материалдарды ғылыми тұрғыда пайдалану үшін “… әдеттегі құқық жазбаларына айрықша сыни көзбен қарау керек. Мұнда ең алдымен бұл жазбаны қашан, кім және кімнен есітіп жазғанын анықтау өте маңызды. Қазақ сұлтандарының, билері мен ақсақалдарының өздері жинаған жазбалары анағұрлы дұрыс болып табылады” [3]- деп, зерттеушілерге деректің пайда болуының субъективті факторларында да көңіл аударудың қажеттілігін ескертеді.

Әр түрлі мұрағаттарда сақталған деректердің бір бөлігін ресми құжаттардан тұратындығын, олардың деректік маңызын, қашан, қалай дүниеге келгендігін, кімдердің не мақсатпен жазғандығын айта келе ғалым: “Ресми сипаттағы бұл хат жазысулар Қазақстан туралы және Ресей самодержавиесінің отарлау саясатының мақсаттары жөнінде әрқашан объективті түсінік бере бермейді. Сөйтсе де бұларда патшаның отарлау саясатының шын сипатын суреттейтін құпия құжаттар жиі ұшырасады… Ресми хат жазысулар да патша отаршыларының қазақтарға көзқарасын көрсететін көптеген деректер бар”[4] – деп, өз пікірін нақты мысалдар келтіру арқылы дәлелдейді.

Мұрағат құжаттарының үлкен бір тобын қазақтардың дала билеушілерінің патшаға жазған хаттарынан тұратындығын, олардың деректік орнын көрсетіп тарихшы: “Өзінің отарлау саясатында патша өкіметінің сұлтандарға және ру шонжарлары- билерге арқа сүйегені белгілі. Бұл жағынан қазақ шонжарларының хаттары, көрсетінділері және өтініштері назар аудартады… Қазақ шонжарларынан түскен құжаттар қазақ және татар тілдерінде жазылған. Шекаралық Комиссияда бұл хаттар орыс тіліне аударылған, көбінесе мүлде қате аударылыпты.

Сондықтан бұл құжаттардың ведомстволық аудармаларын пайдаланған кезімізде біз оларды түпнұсқаларымен салыстырып шықтық”[5]-дейді.

Бұл, Е.Бекмахановтың кәсіпқой тарихшы ретінде зерттеу жұысының барысында деректану ғылымының тиімді тәсілдерін пайдалана білгендігін байқатады.

Сонымен, Ш. Уәлихановты қазақ халқының төл деректеріне ғылыми талдау жасаған қазақтың тұңғыш ғалымы десек, Ермұхан Бекмахановтың Қазақстанның ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы тарихының деректеріне байланысты айтқан ойларына деректанулық талдау жасау, оны қазақтың тұңғыш кәсіпқой деректанушы ғалымы деп айтуымызға мүмкіндік береді.

О. Сүлейменовтың “Аз и Я”- сы және деректанудың түпнұсқалық проблемасы.

Халықтар татулығы-еліміздің тағдыры үшін өмірлік мәні бар қағида. Мұны бұдан көп бұрын көре білген, сол татулықтың терең тамырларын сонау тарих қойнауынан іздеп, бұлтартпас айғақтармен дәлелдей білген ақын Олжас Сүлейменов – оның империя аспанында найзағайдай жарқ еткен. “Аз и Я”-сы еді.

Ғылыми еңбекке қарсы сол кездегі Одақтың айдарынан жел ескен ірі-ірі журналдарында: “Молодая гвардия”, желтоқсан, 1976-ж., “Русская литеатура”. № 1, 1976 – ж., “Москва”, № 3, 1976 ж., “Звезда”, № 6, 1976 ж. т.б. академик Д.С. Лихачев бастаған мамандардың сыны қарша борады. Жұмыс 1976-жылдың 13-ші ақпанында КСРО Ғылым академиясында арнаулы талқыланды. Оның стенограммасы “Вопросы истории” және “Вопросы языкознании” журналының 9-шы сандарында “Олжас Сүлейменовтың кітабын талқылау” деген атпен жарияланды. Ақырында кітапқа саяси баға берген, оның “қателіктерін” жан-жақты ашып көрсеткен Қазақстан Коммунистік партиясының 1976-жылғы 17-шілдедегі арнайы қаулысы шықты. Соңында , автордың өзінің айтуынша, еш уақытта жазбаған, өз “қателіктерін” мойындаған хаты жарияланды.

Өз уақытында үлкен шу көтерген кітап славян халықтарының ХІІ-ғасырда дүниеге келген жазба ескерткіші, жыр өнерінің інжу-маржаны, ғылым үшін аса құнды тарихи дерегі “Игорь жасағы туралы жырды” зерттеуге арналған. Автор тарихи деректану ғылымында деректерді зерттеудің ең бір күрделі тәсілі-тілді негізгі зерттеу объектісі ретінде ала отырып, сол арқылы “Жырдың” пайда болған уақытының ерекшеліктерін, сол кезеңде Русь пен Даланы мекендеген халықтардың санқырлы қарым-қатынасының дамуын, оладың бір-біріне тигізген табиғи әсерін көрсеткен.

“Тарихи мәліметтердің қайнар көзі – тіл. Ол -өткен дәуірдің ең сенімді, шежірелердің “өз көзқарасынан” мүлде ада. Құжат тіл-уақыт мүддесінен тыс, идеологиялық толқуларға бағынбайды, нағыз дәл дерек” [7]- деген қағидаға сүйенген автор “Жырдың” бүгінгі күнге дейін жеткен бірнеше тізімдерінің (Ипатьев, Лаврентьев тізімдері, әсіресе “Задонщина”) түпнұсқаларын, салыстыра отырып мынандай қорытындыға келеді. “Күтпеген жерден тіл куәлік береді екен. Христиан дәуіріне дейін славяндардың түркілермен бейбіт қатынаста болғанына тіл дәлел болады. Олар бірге мал бағып, жер жыртқан, кілем тоқып, киім тіккен, бір-бірімен сауда жасасқан, ортақ жауға бірігіп қарсы шапқан, ортақ әріптермен жазған. Бірге ән салып, ортақ аспаптарда ойнаған. Сенімді де ортақ болған” [8]. Оған дәлел “Жырдың” өзі – “Игорь жасағы туралы жырдың” тілі”.

“Жыр” авторы текске өз замандастарының күнделікті өмірде жиі пайдаланатын түркі сөздерін ғана емес, өмірде бар түркі атаулары мен сөз тіркестерін де табиғи түрде пайдалана білген. ОЛ ШЫҒАРМАСЫН ХІІ-ші ҒАСЫРДЫҢ ЕКІ ТІЛДІ ОҚЫРМАНЫНА АРНАҒАН” [9].

Иә, бүгін біздің өмірімізде орыс тілінің, орыс мәдениетінің ықпалының зор екендігі қандай тарихи шындық болса, Х-ХІІ-ші ғасырларда славян халықтарының тілі, мәдениеті, дәстүрі үшін далалықтардың да ықпалының мол болғандығы сондай тарихи шындық. Оны О. Сүлейменов өзінің “Аз и Я”- сында бұлтартпас нақты деректермен дәлелдей білді.

Сонымен, бүгінгі күні елімізді мекендеген халықтардың жалпыұлттық татулығы тек бүгінгі күннің қажеттілігіне ғана емес, олардың ортақ тарихына, ортақ мүдделеріне де негізделген. Олардың татулығының, бірлігінің терең тамырлары туралы, ол татаулықтың тек еліміз үшін емес, жалпы Еуразия үшін маңыздылығы туралы Олжас Сүлейменов: “Мың жыл бұрынғы Еуразия тағдыр-талайын түркілер мен славяндардың өзара байланыстары, өзара тәуелділігі шешетін. Болашақта да славяндар мен түркілердің өзара қарым-қатынасы жер қыртысының алтыншы бөлігіндегі әлеумет тіршілігіне деген ықпалы үдей түскен”,- дейді [10]. Одан әрі ол: “Өмір тағылымын санамызда тұтпасақ, өзара туған-туыстығын танымайтын Иван мен Ахметше қазіргі өмірімізді де адасып өткізбекпіз” деп ескертеді [11].

Егер “Аз и Я” халықтар бірлігі туралы қасиетті құбылыстың негізін іздеуге арналған ғылыми-зерттеу жұмысы болса, онда ол неге саяси қуғынға ұшырады? Иә, автордың сөзімен айтсақ “Оған сол кзеңнің саясаты, уақыт, заман кінәлі болатын” [12].