Бап. Арыз бойынша сот шешімі

1. Іс жүргізуді қысқарту туралы соттың шешімі немесе ұйғарымы, егер олар іс бойынша шығарылса, міндетті түрде қалпына келтірілуге тиіс.
2. Іс бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы жойылған сот шешімін немесе ұйғарымын қалпына келтіру туралы сот шешімінде сотқа табыс етілген және жойылған іс бойынша процеске барлық қатысушылар қатысқан сот отырысында зерттелген қандай нақты деректер негізінде сот қалпына келтірілетін сот актісінің мазмұны анықталды деп есептейтіні көрсетіледі.
3. Жойылған іс жүргізуді қалпына келтіру туралы іс бойынша шешімнің дәлелдеме бөлігінде қандай дәлелдемелерді соттың зерттегені және жойылған іс бойынша қандай іс жүргізу іс-әрекеттері жасалғаны дәлелденгені туралы да сот қорытындысы көрсетіледі.
4. Жойылған іс бойынша сот қаулысын дәлме-дәл қалпына келтіру үшін жиналған материалдар жеткіліксіз болған жағдайда сот ұйғарымымен іс жүргізуді қалпына келтіру туралы арызды қарауды тоқтатады және іске қатысушы адамдарға жалпы тәртіппен талап қою құқығын түсіндіреді.
5. Жойылған іс бойынша сот қаулысын қалпына келтіру туралы арызды қарау оның сақталу мерзімімен шектелмейді. Алайда орындау мерзімі біткен және сот қалпына келтірмейтін атқару парағын ұсыну үшін оны орындау мақсатында жойылған іс жүргізуді қалпына келтіру туралы арызбен жүгінген жағдайда сот арыз бойынша іс жүргізуді де қысқартады.
6. Егер шешім орындалса, жойылған атқару ісі қалпына келтіріледі.
7. Сот шешімін орындау туралы акт орындау кезінде сот орындаушысы жасаған және актіде көрсеткен іс-әрекеттердің мәні көрсетіле отырып, сот шешімімен қалпына келтіріледі.
8. Шешім орындалғанға дейін атқару ісі жойылып, атқару қағазының дубликаты берілуі мүмкін жағдайда, сот жойылған атқару ісін жүргізуді қалпына келтіру туралы іс қозғаудан дәлелді ұйғарыммен бас тартады.
9. Жойылған істі қалпына келтіру туралы арыз бойынша сот қаулыларына заңда белгіленген тәртіппен шағым жасалады.
10. Көрінеу жалған арыз берілген жағдайда жойылған іс жүргізуді қалпына келтіру туралы арыз бойынша іс қозғауға байланысты сот шығындары арыз берушіден өндіріліп алынады.

5-бөлім. Халықаралық процесс

45-тарау. Шетелдік тұлғалар қатысатын істер бойынша іс жүргізу

413-бап. Шетелдік тұлғалардың іс жүргізу құқықтары
мен міндеттері

1. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік және халықаралық ұйымдардың (бұдан әрі – шетелдік тұлғалар) өздерінің бұзылған немесе даулы болып отырған құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін Қазақстан Республикасының соттарына жүгінуге құқығы бар.
2. Шетелдік тұлғалар Қазақстан Республикасының азаматтарымен және ұйымдарымен бірдей іс жүргізу құқықтарын пайдаланады және іс жүргізу міндеттерін орындайды.
3. Соттарда шетелдік тұлғалар қатысатын істер бойынша сот ісін жүргізу осы Кодекске және өзге де заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
4. Қазақстан Республикасы азаматтары мен ұйымдарының іс жүргізу құқықтарына арнайы шектеулер қойылатын мемлекеттердің шетелдік тұлғаларына қатысты Қазақстан Республикасы соған сәйкес шектеулер белгілеуі мүмкін.
Ескерту. 413-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 125-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

414-бап. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ
адамдардың азаматтық іс жүргізуге әрекет
қабілеттілігі

Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 125-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

1. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың азаматтық іс жүргізуге әрекет қабілеттілігі олардың жеке заңы бойынша айқындалады.
2. Азаматтың жеке заңы өзі азаматы болып табылатын мемлекеттік құқығы болып табылады. Егер азаматта шет мемлекеттің азаматтығымен қатар Қазақстан Республикасының азаматтығы да болса, оның жеке заңы Қазақстан Республикасының заңы болып есептеледі. Мұндай адамда шет мемлекет азаматтығының болуын Қазақстан Республикасының соттары танымайды.
3. Азаматта бірнеше шет мемлекеттің азаматтығы болса, бұл адам неғұрлым тығыз байланыстағы мемлекеттің құқығы оның жеке заңы болып табылады.
4. Азаматтығы жоқ адамның тұрғылықты тұратын жері бар мемлекеттің заңы сол адамның жеке заңы, ал мұндай болмаған жағдайда - оның әдетте тұрып жатқан мемлекетінің заңы болып табылады.
5. Өзінің жеке заңы бойынша іс жүргізу әрекетіне қабілетті болып табылмайтын адам, егер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес іс жүргізу қабілетіне ие болса, ол Қазақстан Республикасының аумағында іс жүргізу әрекетіне қабілеті бар деп танылуы мүмкін.
Ескерту. 414-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 125-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

415-бап. Шетелдік халықаралық ұйымның іс жүргізу
құқығына қабілеттілігі

1. Шетелдік ұйымның іс жүргізу құқығына қабілеттілігі ұйым соған сәйкес құрылған шет мемлекеттің заңы бойынша белгіленеді. Бұл заң бойынша іс жүргізу құқығына қабілеті жоқ шетелдік ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында құқық қабілеті бар деп танылуы мүмкін.
2. Халықаралық ұйымның іс жүргізу құқығына қабілеті ұйым соған сәйкес құрылған халықаралық шарт, оның құрылтай құжаттары немесе Қазақстан Республикасының құзыретті мемлекеттік органымен келісім негізінде белгіленеді.

416-бап. Шетелдік тұлғалар қатысатын істер бойынша
Қазақстан Республикасы соттарының құзыреті

1. Егер Қазақстан Республикасының аумағында жауапкер-ұйым орналасқан болса немесе жауапкер-азаматтың тұрғылықты жері болса, шетелдік тұлғалар қатысатын істі Қазақстан Республикасының соттары қарайды.
2. Қазақстан Республикасының соттары, сондай-ақ шетелдік тұлғалар қатысатын істерді мына жағдайларда:
1) Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік тұлғаның басқару органы, филиалы немесе өкілдігі болғанда;
2) жауапкердің Қазақстан Республикасы аумағында мүлкі болғанда;
3) алиментті өндіріп алу туралы және әке екенін анықтау туралы іс бойынша талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болғанда;
4) мертігу, денсаулыққа өзге де зақым келтіру немесе асыраушысының қайтыс болуы арқылы келтірілген зиянды өтеу туралы іс бойынша зиян Қазақстан Республикасы аумағында келтірілгенде немесе талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болғанда;
5) мүлікке келтірілген зиянды өтеу туралы іс бойынша зиянды өтеу туралы талап қоюға негіз болған іс-әрекет немесе өзге де мән-жайлар Қазақстан республикасының аумағында орын алғанда;
6) талап қою, оның толық немесе ішінара орындалуы Қазақстан Республикасы аумағында орын алуға тиіс болған немесе орын алған шарттан туындағанда;
7) талап қою Қазақстан Республикасы аумағында орын алған негізсіз баюдан туындағанда;
8) неке бұзу туралы іс бойынша талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болғанда немесе ерлі-зайыптылардың ең болмағанда біреуі Қазақстан Республикасының азаматы болғанда;
9) ар-ожданды, абыройды және іскерлік беделді қорғау туралы іс бойынша талап қоюшының Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болған жағдайларда қарайды.
3. Қазақстан Республикасының соттары, егер Қазақстан Республикасының заңдарымен өз құзыретіне жатқызылса, басқа істерді де қарайды.
Ескерту. 416-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.11. N 238 Заңымен .

417-бап. Айрықша құзырет

1. Қазақстан Республикасы соттарының айрықша құзыретіне:
1) Қазақстан Республикасында орналасқан жылжымайтын мүлік құқығына байланысты істер;
2) тасымал шартынан туындайтын тасымалдаушыға талап қою жөніндегі істер;
3) егер ерлі-зайыптылардың екеуінің де Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болса, Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некесін бұзу туралы істер;
4) осы Кодекстің 25-29-тарауларында көзделген істер жатады.
2. Қазақстан Республикасының соттары ерекше іс жүргізу ісін:
1) фактілерді анықтау туралы іс бойынша арыз берушінің Қазақстан Республикасы аумағында тұрғылықты жері болған немесе анықталуы қажетті факт Қазақстан Республикасының аумағында орын алған немесе орын алатын;
2) әрекетке қабілеті шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп тану туралы, психиатриялық стационарға мәжбүрлеп жатқызу туралы мәселе қойылатын азамат Қазақстан Республикасының азаматы болған не Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері болған;
3) хабар-ошарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы мәселе қойылған азамат Қазақстан Республикасының азаматы болған не Қазақстан Республикасының аумағында соңғы белгілі тұратын жері болған және бұл орайда Қазақстан Республикасының аумағында белгілі тұратын жері болса және мұнда Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері немесе орналасқан орны бар азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен міндеттерін анықтау осы мәселенің шешілуіне байланысты болған;
4) иесіз деп тану туралы арыз берілген зат Қазақстан Республикасы аумағында болған;
5) бағалы қағазды жоғалды деп тану туралы және оған тиісті құқықтарды (шақыртып іс жүргізу) қалпына келтіру туралы берілген арызды Қазақстан Республикасының аумағында тұратын немесе орналасқан азамат немесе ұйым берген;
6) жаңсақтығын анықтау туралы арыз берілген азаматтық хал актілерін жазуды Қазақстан Республикасының азаматтық хал актілерін жазу органдары жасаған;
7) шағым жасалып отырған нотариаттық іс-әрекеттерді (оларды жасаудан бас тартуды) Қазақстан Республикасының нотариусы немесе басқа органы жасаған жағдайларда қарайды.
Ескерту. 417-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 125-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

418-бап. Соттылық

Қазақстан Республикасының заңдарымен Қазақстан Республикасы соттарының құзыретіне жатқызылған істердің соттылығы осы Кодекстің 3-тарауында белгіленген соттылық ережелері бойынша анықталады.

419-бап. Шарттық соттылық

Шетелдік соттың құзыреті осы Кодекстің 33-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, тараптардың жазбаша келісіммен көзделуі мүмкін. Мұндай келісім болған жағдайда сот жауапкердің өтінішімен, егер мұндай өтініш істі мәні бойынша қарау басталғанға дейін мәлімделсе, арызды қарамай тастайды.

420-бап. Құзыреттің өзгермейтіндігі

Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құзыреттілік ережелерін сақтай отырып, Қазақстан Республикасының соты іс жүргізуге қабылданған іс ол кейіннен тараптардың азаматтығы, тұрғылықты жері өзгеруіне және құзыретке әсер ететін басқа да мән-жайларға байланысты басқа мемлекет сотының соттауына жатқызылса да, мәні бойынша шешіледі.

421-бап. Шетелдік сотта іс жүргізудің маңызы

1. Егер сол мәселе туралы және сол негіздер бойынша сол тараптар арасындағы дау жөнінде Қазақстан Республикасының сот шешімдерін өзара тану және сот шешімдерін орындауды көздейтін халықаралық шарты бар шет мемлекеттің соты бұрын шешім шығарып қойған болса, Қазақстан Республикасының соты арызды қарамай тастайды, ал іс бойынша іс жүргізуді қысқартады.
2. Егер шет мемлекеттің сотында сол тараптар арасындағы, сол мәселе туралы және сол негіздер бойынша шешімді Қазақстан Республикасында танылуға тиісті дау жөнінде бұрын қозғалған іс болса, Қазақстан Республикасының соты арызды қарамай тастайды, ал іс бойынша іс жүргізуді қысқартады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының ережелері бұл іс Қазақстан Республикасы соттарының айрықша құзыретіне жатқызылатын жағдайларды қозғамайды.

422-бап. Шет мемлекеттерге талап қою. Соттық иммунитет

Ескерту. 422-бап алынып тасталды - ҚР 2010.02.05 249-IV Заңымен.