Бап. Арыз беру
1. Азаматтық іс бойынша толық не бөлігінде жойылған, шешім шығару немесе қысқарту арқылы аяқталған сот ісін немесе атқару ісін жүргізуді қалпына келтіруді сот осы бөлімде белгіленген тәртіппен жүргізеді.
2. Жойылған сот ісін немесе атқару ісін жүргізуді қалпына келтіру туралы іс іске қатысушы адамдардың не прокурордың арызы бойынша қозғалады.
3. Сот ісін жүргізуді қалпына келтіру туралы арыз даудың мәні бойынша шешім не іс бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы ұйғарым шығарған сотқа беріледі.
4. Жойылған атқару ісін жүргізуді қалпына келтіру туралы арыз атқарылатын жеріндегі сотқа беріледі.
5. Арызда: арыз беруші нақ қандай іс жүргізуді қалпына келтіруді өтінетіні, мәні бойынша соттың шешім қабылданғаны немесе іс бойынша іс жүргізу қысқартылғаны, онда арыз берушінің іс жүргізуде қандай жағдайда болғаны, іс бойынша тағы да кімдердің қатысқаны және іс жүргізуде қандай жағдайда болғаны, олардың орналасқан немесе тұратын жері, арыз берушіге жоғалған іс жүргізудің мән-жайларынан ненің белгілі екені туралы, іс жүргізу құжаттары көшірмелерінің немесе ол туралы мәліметтердің жатқан жері, нақты қандай құжаттарды арыз беруші қалпына келтіруді қажет деп есептейтіні, оларды қалпына келтіру қандай мақсат үшін қажет екені көрсетілуге тиіс.
6. Сақталып қалған және іске қатысты құжаттар немесе олардың көшірмелері, тіпті олар белгіленген тәртіппен куәландырылмаса да, арызға қоса тіркеледі.
7. Жойылған істі қалпына келтіру туралы арызға мемлекеттік баж төленбейді.
411-бап. Арызды қарау
1. Арызда жойылған істі қалпына келтіру туралы мәселе бойынша сотқа жүгіну мақсаты көрсетілмеген жағдайда сот арызды қозғалыссыз қалдырады және арыз берушінің оны жазуына қажетті мерзім береді.
2. Егер арыз беруші көрсеткен жүгіну мақсаты оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға байланысты болмаса, сот істі қалпына келтіру туралы іс қозғаудан бас тартады, не, егер ол іс қозғалған болса, оны дәлелді ұйғарыммен қарамай тастайды.
3. Жойылған сот ісін жүргізу мәні бойынша қаралғанға дейін осы тарауда белгіленген тәртіппен қалпына келтіруге жатпайды. Талап қоюшы мұндай жағдайда жаңадан талап қоюға құқылы. Сот ісін жүргізудің жоғалтылуына байланысты жаңа талап қою бойынша іс қозғау туралы сот ұйғарымында осы мән-жайлар міндетті түрде көрсетілуге тиіс.
4. Істі қарау кезінде сот іс жүргізудің сақталған бөліктерін, іс жүргізу жоғалғанға дейін істен азаматтар мен ұйымдарға берілген құжаттарды, бұл құжаттардың көшірмелерін, іске қатысы бар басқа да материалдарды пайдаланады.
5. Іс жүргізу іс-әрекеттерін жасау кезінде қатысқан адамдардан, ал қажет болған жағдайларда - жоғалған іс бойынша істі қараған сот құрамына кірген адамдардан, сондай-ақ сот шешімін орындаған адамдардан соттың куә ретінде жауап алуына болады.