Бап. Арыз беру
1. Шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды іске қатысқан адамдар, құқықтары мен заңды мүдделерін шығарылған сот актісі қозғаған өзге де мүдделі тұлғалар немесе прокурор шешім, ұйғарым немесе қаулы шығарған сотқа береді.
2. Мұндай арызды іске қатысушы адамдар қайта қарау үшін негіз болатын мән-жайлар анықталған күннен бастап үш ай ішінде бере алады.
Ескерту. 406-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.12.10 № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
406-1-бап. Арыздың нысаны мен мазмұны
1. Сот актісін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арыз сотқа жазбаша нысанда беріледі. Арыз берген тұлға немесе оның уәкілетті өкілі арызға қол қояды.
2. Сот актісін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызда:
1) арыз берілген соттың атауы;
2) арыз берген тұлғаның және іске қатысатын басқа тұлғалардың атауы, олардың тұрған жері немесе тұрғылықты жері;
3) арыз беруші жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы өтініш жасап отырған сот актісін қабылдаған соттың атауы; сот актісінің қабылданған күні; даудың нысанасы;
4) арыз берген тұлғаның талаптары; осы Кодекстің 404-бабында көзделген және осы мән-жайлардың ашылуын немесе анықталуын растайтын құжаттарға сілтеме жасала отырып, арызданушының пікірі бойынша жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша сот актісін қайта қарау туралы мәселені қою үшін негіз болған жаңадан анықталған мән-жайлар;
5) қоса тіркелген құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.
Арызда іске қатысатын тұлғалардың телефон, факс нөмірлері, электронды почтаның мекенжайлары және өзге де мәліметтер көрсетілуі мүмкін.
3. Арыз берген тұлға іске қатысатын басқа тұлғаларға оларда жоқ арыздың және қоса берілген құжаттардың көшірмелерін жіберуге міндетті.
4. Арызға:
1) жаңадан анықталған мән-жайларды растайтын құжаттардың көшірмелері;
2) арызданушы қайта қарау туралы өтініш жасаған сот актісінің көшірмесі;
3) іске қатысатын басқа тұлғаларға оларда жоқ арыздың және құжаттардың көшірмелері жіберілгенін растайтын құжат;
4) тұлғаның арызға қол қою өкілеттігін растайтын сенімхат немесе өзге де құжат қоса тіркелуге тиіс.
Ескерту. Кодекс 406-1-баппен толықтырылды - ҚР 2009.12.10 № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
406-2-бап. Арызды соттың іс жүргізуіне қабылдау
1. Арыздың мазмұны мен нысанына қойылатын талаптарды сақтай отырып берілген сот актісін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арыз тиісті соттың іс жүргізуіне қабылданады.
2. Арызды соттың іс жүргізуіне қабылдау туралы мәселені ол сотқа келіп түскен күннен бастап бес күн мерзімде тиісті соттың судьясы жеке-дара шешеді.
3. Тиісті соттың судьясы арызды іс жүргізуге қабылдау туралы ұйғарым шығарады.
4. Ұйғарымда арызды қарау жөніндегі сот отырысын өткізудің күні мен орны көрсетіледі.
5. Ұйғарымның көшірмесі іске қатысатын тұлғаларға жіберіледі.
Ескерту. Кодекс 406-2-баппен толықтырылды - ҚР 2009.12.10 № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
406-3-бап. Сот актісін жаңадан анықталған мән-жайлар
бойынша қайта қарау туралы арызды қайтару
1. Егер тиісті соттың судьясы арызды іс жүргізуге қабылдау туралы мәселені шешу кезінде:
1) арыздың осы Кодекстің 405-бабында белгіленген қағидалар бұзыла отырып берілгенін;
2) арыздың белгіленген мерзім өткеннен кейін берілгенін және оны қалпына келтіру туралы өтініштің жоқ екенін немесе арыз берудің өткен мерзімін қалпына келтіруден бас тартылғанын;
3) арыздың нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптардың сақталмағанын анықтаса, арыз беруші берген сот актісін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды оған қайтарады.
2. Арызды қайтару туралы ұйғарым шығарылады.
Ұйғарымның көшірмесі арызбен және оған қоса тіркелген құжаттармен бірге ұйғарым шыққан күннен кейінгі келесі күннен кешіктірілмей арыз берушіге жіберіледі.
3. Арызды қайтару туралы соттың ұйғарымына шағым жасалуы, наразылық берілуі мүмкін.
Ескерту. Кодекс 406-3-баппен толықтырылды - ҚР 2009.12.10 № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
407-бап. Арыз беруге арналған мерзімнің есептелуі
Арыз беруге арналған мерзім:
1) осы Кодекстің 404-бабының 1-тармақшасында көзделген жағдайларда - іс үшін елеулі маңызы бар мән-жайлар анықталған күннен бастап;
2) осы Кодекстің 404-бабының 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда - қылмыстық іс жөніндегі үкім заңды күшіне енген күннен бастап;
3) осы Кодекстің 404-бабының 4) тармақшасында көзделген жағдайларда - сот үкімі, шешімі, ұйғарымы, қаулысы заңды күшіне енген немесе мемлекеттік немесе өзге де орган қайта қаралатын шешім, ұйғарым немесе қаулы негізге алынған үкімге, шешімге, ұйғарымға немесе қаулыға өз мазмұны бойынша қайшы келетін қаулы шығарған күннен бастап есептеледі.
408-бап. Арызды қарау
Сот жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны қайта қарау туралы арызды сот отырысында қарайды. Арыз берушіге және іске қатысушы адамдарға отырыстың өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарланады, алайда олардың келмеуі арызды қарауға кедергі болмайды.
409-бап. Соттың істі қайта қарау туралы ұйғарымы
1. Сот шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды қарай келіп, не арызды қанағаттандырады және шешімнің, ұйғарымның немесе қаулының күшін жояды, не оны қайта қараудан бас тартады.
2. Бірінші, апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттардың жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша сот актісінің күшін жою туралы және сот актісін жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімдеріне белгіленген тәртіппен шағымдануға және наразылық беруге болады.
3. Шешімнің, ұйғарымның немесе қаулының күші жойылған жағдайда сот істі осы Кодексте белгіленген қағидалар бойынша қарайды.
Ескерту. 409-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.12.10 № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
4-бөлім. Жойылған сот ісін немесе атқару ісін жүргізуді қалпына келтіру