Бап. Арыз беру
1. Бағалы қағаздарды көрсетушіге берілетін бағалы қағазды немесе ордерлік бағалы қағазды (бұдан әрі - құжат) жоғалтқан адам заңда көрсетілген жағдайларда соттан жоғалған құжатты жарамсыз деп тану туралы және ол жөніндегі құқықтарды қалпына келтіру туралы өтініш жасай алады. Тиісінше сақтамау салдарынан немесе басқа да себептермен құжаттың төлем төлеу белгілері жоғалтылған жағдайда да құжат жөніндегі құқықтардың қалпына келтірілуі мүмкін.
2. Жоғалған құжатты жарамсыз деп тану туралы арыз құжатты берген мекеме (адам) орналасқан жердегі сотқа беріледі.
325-бап. Арыздың мазмұны
Арызда жоғалған құжаттың ерекше белгілері, оны берген мекеменің (адамның) атауы көрсетілуге, сондай-ақ құжат жоғалған кездегі мән-жайлар жазылуға тиіс.
326-бап. Судьяның арыз қабылданғаннан кейінгі
іс-әрекеттері
1. Судья арыз қабылданғаннан кейін құжат берген мекемеге (адамға) ол бойынша төлем жүргізуге немесе ақша беруге тыйым салу туралы ұйғарым шығарады және ұйғарымның көшірмесін құжатты берген мекемеге (адамға), тізілімді ұстаушы мен тіркеушіге жібереді.
2. Судья арыз беруші есебінен жергілікті газетке жарияланым беру туралы да ұйғарым шығарады.
3. Жарияланымда:
1) құжаттың жоғалуы туралы арыз келіп түскен соттың атауы;
2) арыз берген адамды көрсету және оның мекен-жайы;
3) құжаттың атауы мен ерекше белгілері;
4) жоғалғаны туралы мәлімделген құжатты ұстаушыға жарияланым шыққан күннен бастап үш ай мерзімде сотқа осы құжатқа өз құқықтары туралы арыз беруге жасалған ұсыныс болуға тиіс.
4. Ұйғарым шығарудан бас тартуға, сол сияқты ұйғарымның өзіне де жеке шағым, наразылық беруге болады.
327-бап. Құжатты ұстаушының арызы
Жоғалғаны туралы мәлімделген құжатты ұстаушы жарияланым шыққан күннен бастап үш ай мерзім өткенге дейін ұйғарым шығарған сотқа құжатқа деген өз құқықтары туралы арыз беруге және бұл орайда құжаттың түпнұсқасын табыс етуге міндетті.
328-бап. Құжатты ұстаушыдан арыз келіп
түскеннен кейінгі судьяның іс-әрекеттері
1. Жарияланым шыққан күннен бастап үш ай мерзім өткенге дейін құжатты ұстаушыдан арыз келіп түскен жағдайда сот құжатты жоғалтқан адамның арызын қарамай қалдырады және құжатты берген мекемеге (адамға) ол бойынша төлем төлеу мен ақша беруге тыйым салынатын мерзім белгілейді. Бұл мерзім екі айдан аспауға тиіс.
2. Сонымен бірге сот арыз берушіге оның сол құжатты талап ету туралы құжатты ұстаушыға жалпы тәртіппен талап қою құқығын, ал құжатты ұстаушыға оның қолданылған тыйым салу шаралары арқылы келтірілген залалдарды арыз берушіден өндіріп алу құқығын түсіндіреді.
3. Соттың ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін.
329-бап. Жоғалған құжатты жарамсыз деп тану туралы
арызды қарау
Егер құжатты ұстаушыдан осы Кодекстің 328-бабында көрсетілген арыз келіп түспесе, жоғалған құжатты жарамсыз деп тану туралы істі судья жарияланым шыққан күннен бастап үш ай мерзім өткеннен кейін қарайды.