Бап. Арыз беру
1. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген жағдайларда жылжымалы мүлікті иесіз деп тану туралы арыз осы мүлікті иеленуге кіріскен жеке тұлға тұратын жердегі немесе ұйым орналасқан жердегі сотқа беріледі.
2. Жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы арызды коммуналдық мүлікті басқаруға уәкілетті орган сол мүлік орналасқан жердегі сотқа береді.
3. Егер коммуналдық мүлікті басқаруға құқық уәкілеттігі берілген орган жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органның осы мүлікті есепке алған күнінен бастап бір жыл өткенге дейін сотқа арызбен жүгінсе, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 242-бабы 3-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген жағдайды қоспағанда, сот жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы арызды кері қайтарады.
Ескерту. 314-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
315-бап. Арыздың мазмұны
1. Жылжымалы мүлікті иесіз деп тану туралы арызда қандай мүліктің иесіз деп тануға жататындығы көрсетілуге, оның негізгі ерекше белгілері сипатталуға, сондай-ақ мүлікке меншік құқығын сақтау ниетін көздемей, сол мүлікті меншік иесінің тастап кетуін куәландыратын дәлелдер және арыз иесінің мүлікті иеленуге кіріскенін куәландыратын дәлелдер келтірілуге тиіс.
2. Коммуналдық мүлікті басқаруға құқық уәкілеттігі берілген органның жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы арызында қандай мүліктің иесіз деп танылатыны, оның иесіз мүлік ретінде қай уақытта есепке қойылғаны көрсетілуге, сондай-ақ осы мүлікке меншік құқығын сақтау ниетін көздемей, меншік иесінің осы мүлікті тастап кеткенін куәландыратын дәлелдемелер келтірілуге тиіс.
316-бап. Арызды қарау
Жылжымалы мүлікті иесіз деп тану туралы немесе жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы арызды сот арыз берушінің және іс бойынша барлық мүдделі адамдардың қатысуымен қарайды.