Бап. Арыз беру

1. Азаматты спиртті ішімдіктерге немесе есірткі заттарға, психотроптық заттарға немесе солар тақылеттестерге құнығуы салдарынан әрекет қабілеттілігі шектеулі деп тану туралы іс оның отбасы мүшелерінің, прокурордың, қамқоршы және қорғаншы органның арызы бойынша қозғалуы мүмкін.
2. Психикалық науқастану немесе психиканың бұзылуы, ақылының кемістігі немесе психикасының өзге де сырқатты хал-жайы салдарынан азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану туралы іс сотта онымен бірге тұратынына қарамастан отбасы мүшелерінің, жақын туыстарының (ата-анасының, балаларының, аға-інілерінің, апа-қарындастарының), прокурордың, қамқоршы және қорғаншы органның, психиатриялық (психоневрологиялық) емдеу мекемесінің арызы бойынша қозғалуы мүмкін.
3. Азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп тану туралы іс қамқоршы белгілеу (тағайындау) жолымен әрекет қабілеттілігі шектеулі, әрекетке қабілетсіз адамның да, осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде аталған адамдардың да мүдделерін қорғау мақсатында қозғалады.
4. Азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп тану туралы арыз сол азамат тұратын жердегі, ал егер адам психиатриялық (психоневрологиялық) емдеу мекемесіне жатқызылса, сол мекеме орналасқан жердегі сотқа беріледі.

303-бап. Арыздың мазмұны

1. Азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі деп тану туралы арызда спиртті ішімдіктерге немесе есірткі заттарға, психотроптық заттарға немесе солар тақылеттестерге құнығып кеткен адамның өз отбасына материалдық жағынан ауыр жағдай жасайтындығын куәландыратын мән-жайлар жазылуға тиіс.
2. Азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану туралы арызда өз әрекеттерінің нақты сипаты мен маңызын түсінбеуі немесе не істегенін білмеуі салдарынан азаматтың психикалық ауруы немесе психикасының бұзылуы, ақылының кемістігі немесе психикасының өзге де сырқатты хал-жайы болуын куәландыратын мән-жайлар жазылуға тиіс.

304-бап. Судьяның ресми өкіл-адвокат тағайындауы

1. Азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі деп тану туралы арыз қабылданғаннан кейін судья процесте қозғалған іс бойынша азаматтың мүдделерін білдіру және қорғау үшін ресми өкіл-адвокат тағайындайды.
2. Ресми өкіл-адвокаттың заңды өкіл өкілеттігі болады. Заңға сәйкес мұндай адвокаттың заң көмегі бюджет қаражаты есебінен тегін көрсетіледі.
Ескерту. 304-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.12.11 N 230-IV (01.01.2010 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 N 123-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

305-бап. Азаматтың психикалық хал-жайын анықтау
үшін сараптама тағайындау

1. Судья азаматтың психикалық ауруы немесе психикасының бұзылуы, ақылының кемістігі немесе психикасының өзге де сырқатты хал-жайы туралы деректер жеткілікті болған жағдайда істі соттың қарауына әзірлеу тәртібімен оның психикалық жай-күйін анықтау үшін сот-психикалық сараптама тағайындайды.
2. Әрекетке қабілетсіз деп тану туралы іс қозғалған адам сараптамадан өтуден көрінеу жалтарған жағдайда сот психиатрдың қатысуымен өтетін сот отырысында азаматты сот-психиатриялық сараптама мәжбүрлеп жіберу туралы ұйғарым шығара алады.
3. Сот психиатриялық сараптаманы психиатриялық стационарларда жүргізудің тәртібі Қазақстан Республикасының сот сараптамасы туралы заңнамасында белгіленген.
Ескерту. 305-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.01.20 № 241-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

306-бап. Арызды қарау

1. Азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі деп тану туралы істі сот, егер азаматтың денсаулық жағдайы мүмкіндік берсе, оның өзінің, прокурордың және қамқоршы және қорғаншы орган өкілінің қатысуымен қарайды.
2. Азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану туралы істі сот қамқоршы және қорғаншы орган өкілінің және прокурордың міндетті түрде қатысуымен қарайды. Әрекетке қабілетсіз деп тану туралы ісі қаралып жатқан азамат, егер денсаулық жағдайы мүмкіндік берсе, сот отырысына шақырылуы мүмкін.
3. Азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану туралы істі қарауға байланысты сот шығындарын төлеуден арыз беруші босатылады.
4. Арыз берген отбасы мүшелерінің, жақын туыстардың, азаматты әрекетке қабілетсіз деп көрінеу негізсіз таныту мақсатымен теріс пиғылды әрекет жасағанын анықтаған сот олардан барлық сот шығындарын өндіріп алады.
Ескерту. 306-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.29 N 374-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

307-бап. Арыз бойынша соттың шешімі

1. Егер азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп тануға негіздердің болмау фактісін анықтаса, сот арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарады.
2. Азаматты әрекет қабілеттілігі шектеулі деп таныған сот шешімі қамқоршы және қорғаншы органның әрекет қабілеттілігі шектеулі азаматқа қорғаншы тағайындауына негіз болып табылады.
3. Азаматты әрекетке қабілетсіз деп таныған сот шешімі қамқоршы және қорғаншы органның әрекетке қабілетсіз азаматқа қамқоршы тағайындауына негіз болып табылады.
4. Қамқоршы және қорғаншы орган әрекет қабілеттілігі шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз азаматқа тиісінше қорғаншы немесе қамқоршы тағайындалғаны туралы сотқа он күн мерзім ішінде хабарлауға тиіс.

308-бап. Азаматты әрекетке қабілетті деп тану

1. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі 27-бабының екінші тармағында көзделген жағдайда сот азаматтың өзінің, оның отбасы мүшесінің, қорғаншының, қамқоршы және қорғаншы органның, психиатриялық диспансердің арызы бойынша азаматтың әрекет қабілеттілігі шектеулі екенінің күшін жою туралы шешім шығарады. Сот шешімінің негізінде оған белгіленген қорғаншылық күшін жояды.
2. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі 26-бабының үшінші тармағында көзделген жағдайларда сот қамқоршының, психиатриялық емдеу мекемесінің, отбасы мүшесінің, прокурордың, психиатриялық (психоневрологиялық) мекеменің, қамқоршы және қорғаншы органының арызы бойынша сот-психиатриялық сараптаманың тиісті қорытындысы негізінде сауыққан немесе денсаулығы едәуір жақсарған адамды әрекетке қабілетті деп тану туралы шешім шығарады. Сот шешімінің негізінде азаматқа белгіленген қамқоршылық күшін жояды.

33-1-тарау. Кәмелетке толмағандарды арнаулы білім беру ұйымдарына немесе ерекше режимде ұстайтын ұйымдарға жіберу туралы істер бойынша іс жүргізу

Ескерту. Кодекс 33-1-тараумен толықтырылды - ҚР 2010.11.23 N 354-IV(алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

308-1-бап. Кәмелетке толмаған баланы арнаулы білім беру
ұйымына және ерекше режимде ұстайтын ұйымға
орналастыру

1. Кәмелетке толмаған баланы арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру туралы өтінішті баланың тұрғылықты (болатын) жері бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа қорғаншылық және қамқоршылық органы не ішкі істер органы береді.
2. Кәмелетке толмаған баланы арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру туралы өтініште мән-жайлар баяндалуға және арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына жіберу үшін заңмен көзделген негіздердің бар екендігі туралы және кәмелетке толмаған баланың оны көрсетілген білім беру ұйымдарында ұстауға және оқытуға кедергі келтіретін ауруының жоқ екендігі туралы куәландыратын құжаттар ұсынылуға тиіс.

308-2-бап. Кәмелетке толмаған баланы арнаулы білім беру
ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын ұйымға
орналастыру туралы өтінішті қарау

1. Сотқа кәмелетке толмаған бала, оның заңды өкілдері, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының өкілдері, сондай-ақ соттың қалауы бойынша өзге де адамдар шақырылады.
2. Кәмелетке толмаған баланы арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын ұйымға орналастыру туралы өтінішті қарауға прокурордың қатысуы міндетті болып табылады.
3. Өтініш беруші кәмелетке толмаған баланы арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын ұйымға жіберу туралы істі қарауға байланысты сот шығындарын төлеуден босатылады.

308-3-бап. Кәмелетке толмаған баланы арнаулы білім беру
ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын ұйымға
орналастыру туралы өтініш бойынша сот шешімі

1. Судья кәмелетке толмаған баланы арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын ұйымға орналастыру туралы өтінішті мәні бойынша қарап, шешім шығарады, ол бойынша өтініш қабылданбайды не қанағаттандырылады.
2. Өтінішті қанағаттандыру туралы шешім кәмелетке толмаған баланы арнаулы білім беру ұйымына не ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру үшін негіз болып табылады.
3. Кәмелетке толмаған баланың арнаулы білім беру ұйымына немесе ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына келу мерзімі шешім заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі.

34-тарау. Азаматты психиатриялық стационарға мәжбүрлеп
жатқызу туралы істер бойынша іс жүргізу

309-бап. Ауруханаға мәжбүрлеп жатқызу

1. Азаматты ауруханаға мәжбүрлеп жатқызу туралы арызды прокурор психиатриялық мекеме орналасқан жердегі сотқа береді.
2. Психиатриялық стационарға мәжбүрлеу тәртібімен жатқызу үшін заңда көзделген негіздер көрсетілуге тиісті арызға психиатр дәрігерлер комиссиясының психиатриялық стационарға болу қажеттігі туралы дәлелді қорытындысы қоса тіркеледі.