Бап. Арыз беру
1. Өздерiне нормативтiк құқықтық актiнiң күшi қолданылатын, мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның заңда көзделген тәртiппен қабылданып, жарияланған нормативтiк құқықтық актiсiмен азаматтардың немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтарында кепiлдiк берiлген құқықтары және заңмен қорғалған мүдделерi бұзылып отыр деп санайтын азамат немесе заңды тұлға бұл актiнi заңға толық немесе жекелеген бөлiгiнде қайшы келедi деп тану туралы арызбен сотқа жүгiнуге құқылы.
2. Тексерілуі Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің құзыретіне жатқызылған нормативтік құқықтық актілердің заңдылығына дау айту туралы арыздар сотта қаралуға тиісті емес.
3. Арыз осы Кодекстің 3-тарауында белгіленген сотта қаралуға жататын іс бойынша беріледі.
4. Азаматтың және заңды тұлғаның арызы осы кодекстің 150-бабында көзделген талаптарға сай келуге және онда нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік органның атауы немесе лауазымды адам, оның қабылданған күні туралы қосымша деректер болып, осы акт немесе оның жекелеген ережелері арқылы азаматтың және заңды тұлғаның нақты қандай құқықтары, бостандықтары және заңмен қорғалатын мүдделерi бұзылып отырғаны, дау туғызып отырған актінің Қазақстан Республикасы Конституциясының қандай баптарына, заңдардың, Қазақстан Республикасы Президенті жарлықтарының қандай ережелеріне қайшы келетіндігі көрсетілуге тиіс.
5. Арызға дау айтылып отырған актінің немесе оның бір бөлігінің көшірмесі қоса тіркеліп, нормативтік құқықтық актіні қандай бұқаралық ақпарат органы және оны қашан жарияланғаны көрсетіледі.
6. Сотқа арыз беру нормативтік құқықтық актінің қолданылуын тоқтатпайды.
Ескерту. 283-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.11. N 238 Заңымен .
284-бап. Арызды қарау
1. Сотқа арызбен жүгiнген азаматқа немесе заңды тұлғаға, сондай-ақ нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік органға (лауазымды адамға) сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарланады.
2. Іс арыз берілген күннен бастап он күн мерзімде азаматтың немесе заңды тұлға өкiлiнiң, прокурордың, нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік орган немесе лауазымды адам өкілінің міндетті түрде қатысуымен қаралады. Алайда істің мән-жайларына байланысты сот істі сот отырысына келмеген кейбір мүдделі адамдар болмаған жағдайда да тыңдай алады.
3. Сот отырысында сот нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның құзыреттілігін, бүкіл нормативтік құқықтық актінің немесе оның жекелеген бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарға және Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарына сәйкестігін тексереді.
4. Нормативтік құқықтық актіні заңға қайшы деп тану туралы арызды қараған кезде аталған актіні қабылдауға негіз болған мән-жайларды дәлелдеу міндетті актіні қабылдаған мемлекеттік органға немесе лауазымды адамға жүктеледі.
Ескерту. 284-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.11. N 238 Заңымен .
285-бап. Соттың арыз бойынша шешімі
1. Арызды негізсіз деп тани келіп, сот оны қанағаттандырудан бас тарту жөнінде шешім шығарады.
2. Арыз негізді болған жағдайда сот өз шешімінде нормативтік құқықтық актіні толық немесе оның жекелеген бөліктерін акт қабылданған кезден бастап жарамсыз деп таниды, бұл туралы шешімнің қарар бөлігінде көрсетіледі.
3. Арыз қанағаттандырылған жағдайда сот шешімнің қарар бөлігінде бұқаралық ақпарат құралдарының редакциясы, егер жарамсыз деп танылған нормативтік құқықтық акт бұрын сол бұқаралық ақпарат құралында жарияланса, сот шешімі туралы сот белгілеген мерзімде хабарлама жариялауға міндетті екенін көрсетеді.
4. Нормативтік құқықтық акті тұтастай немесе оның жекелеген бөлігін жарамсыз деп таныған сот шешімі осы актіні қабылдаған мемлекеттік орган немесе лауазымды адам үшін, дау айтылған нормативтік құқықтық актінің күші құқықтары мен бостандықтарына қолданылған азамат және белгісіз адамдар тобы үшін міндетті болып есептеледі. Оның преюдициялық күші бар және нормативтік құқықтық актінің заңдылығы туралы басқа азаматтар оның сот тексеруінің объектісі болмайтын бөлігінде ғана қайтадан дауласа алады.
29-тарау. ПРОКУРОРДЫҢ ОРГАНДАР МЕН ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАРДЫҢ
АКТIЛЕРI МЕН IС-ӘРЕКЕТТЕРIН ЗАҢСЫЗ ДЕП ТАНУ
ТУРАЛЫ ЖYГIНУІ
Ескерту. 29-тараудың атауына өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.11. N 238 Заңымен .
286-бап. Наразылықтың қабылданбауына байланысты
прокурордың жүгінуі
1. Заңға сәйкес келмейтiн нормативтiк құқықтық актiге және (немесе) жеке қолданылатын құқықтық актiге, сондай-ақ мемлекеттiк органның немесе лауазымды адамның iс-әрекетiне прокурордың наразылығын заңсыз акт шығарған немесе заңсыз iс-әрекет жасаған орган немесе лауазымды адам не жоғары тұрған орган немесе лауазымды адам қабылдамаған жағдайда, прокурор наразылық келтiрiлген актiнi немесе iс-әрекеттi заңсыз деп тану туралы арызбен сотқа жүгiнедi. Сотқа арыз наразылықты қарау нәтижелері туралы хабарлама алынған кезден бастап он күн мерзімде немесе оны қараудың заңда белгіленген мерзімі өткеннен кейін беріледі.
2. Прокурордың сотқа жүгінуі наразылық келтірілген актінің күшін сот қарағанға дейін тоқтата тұрады.
Ескерту. 286-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.11. N 238 Заңымен .
287-бап. Прокурордың арызын сотта қарау
1. Сот прокурордың арызын он күн мерзімде қарайды.
2. Прокурордың арызы оның қатысуымен және наразылықты қабылдамау туралы шешім шығарған органның, лауазымды адамның немесе оның өкілінің қатысуымен қаралады.
3. Сот отырысына наразылықты қабылдамау туралы шешім шығарған орган басшысының, лауазымды адамның немесе оның өкілінің келмеуі прокурордың арызын қарауға кедергі бола алмайды, алайда сот бұл адамның келуі міндетті деп тануы мүмкін.
288-бап. Прокурордың арызы бойынша соттың шешімі
1. Сот прокурор арызының негізді екендігін анықтай отырып, өтінішті қанағаттандыру және нормативтік құқықтық актіні, жеке қолданылатын құқықтық актiнi немесе iс-әрекеттi заңсыз деп тану туралы шешім шығарады.
2. Егер сот наразылық келтiрiлген актiнi немесе iс-әрекеттi заңға және органның немесе лауазымды тұлғаның өкiлеттiгiне сәйкес деп таныса, ол арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiм шығарады.
Ескерту. 288-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.11. N 238 Заңымен.
4-бөлімше. Ерекше іс жүргізу
30-тарау. Жалпы ережелер
289-бап. Сот ерекше іс жүргізу тәртібімен
қарайтын істер
1. Сот ерекше іс жүргізу тәртібімен қарайтын істерге:
1) заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы;
2) азаматты хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы және азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы;
3) азаматты әрекетке қабілеті шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп тану туралы;
3-1) кәмелетке толмағандарды арнаулы білім беру ұйымдарына немесе ерекше режимде ұстайтын ұйымдарға жіберу туралы;
4) азаматты психиатриялық стационарға мәжбүрлеп жатқызу туралы;
4-1) қаржы ұйымдарын және бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарды қайта құрылымдау туралы;
5) заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің банкроттығы туралы;
5-1) заңды тұлғаларды оңалту туралы;
5-2) заңды тұлғаларды жеделдетілген оңалту туралы;
6) жылжымалы затты иесіз деп тану және жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы;
7) азаматтық хал актілері жазуларының дұрыс еместігін анықтау туралы;
8) нотариаттық әрекеттерге немесе оларды жасаудан бас тартуға шағымдар бойынша;
9) бағалы қағаздар көрсетуші адамның жоғалған бағалы қағаздар және ордерлік бағалы қағаздар (шақырту ісін жүргізу) бойынша құқықтарын қалпына келтіру туралы;
10) бала асырап алу туралы;
11) Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттің аумағында экстремизмді немесе террористік қызметті жүзеге асыратын шетелдік немесе халықаралық ұйымды экстремистік немесе террористік ұйым деп тану туралы, соның ішінде оның өз атауын өзгерткенін анықтау туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын ақпараттық материалдарды экстремистік деп тану туралы;
11-1) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу туралы;
12) Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне қайшы келетін ақпараты бар шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өнімін заңсыз деп тану туралы істер жатады.
2. Заңда ерекше іс жүргізу тәртібімен басқа да істерді қарау көзделуі мүмкін.
Ескерту. 289-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2001.07.11 N 238, 2005.02.23 N 33, 2005.07.08 N 67-ІІІ(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.10 N 178-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптанқараңыз), 2009.07.11 N 185-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.10 № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), 2010.04.08 № 266-IV, 2010.11.23 N 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.03.01 N 414-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.07.22 № 478-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.17 № 564-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
290-бап. Ерекше жүргізілетін істерді қарау тәртібі
1. Ерекше жүргізілетін істерді осы Кодекстің 31-38-тарауларында белгіленген алыныстармен және толықтырулармен қоса талап қою ережелері бойынша соттар қарайды. Ерекше жүргізілетін істерді сот арыз беруші мен мүдделі адамдардың қатысуымен қарайды.
2. Егер істі ерекше іс жүргізу тәртібімен қарау кезінде соттың қарауына жататын құқық туралы дау туындаса, сот істі талап қою тәртібімен қарау туралы ұйғарым шығарады. Іс талап қою тәртібімен оның қозғалу орны бойынша қаралады. Арыз беруші мен басқа да мүдделі адамдарға осы Кодекстің 150, 151-баптарында көзделген талаптарды сот белгілеген мерзімде орындау қажет екендігі түсіндіріледі. Мүдделі адамдардың қарсылықтары болған жағдайда сот істі аумақтық сотта қарау ережелері бойынша басқа соттың қарауына беруі мүмкін.
3. Сот ұйғарымы белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда арыз қаралмай қалдырылады, ал мүдделі адамдарға олардың жалпы негіздерде талап қою құқығы түсіндіріледі.
31-тарау. Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау
291-бап. Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау
туралы істер
1. Сот азаматтардың немесе ұйымдардың жеке не мүліктік құқықтарының туындауына, өзгеруіне немесе тоқтатылуына байланысты болатын фактілерді анықтайды.
2. Сот мынадай фактілерді:
1) адамдардың туыстық қатынастарын;
2) адамның біреудің асырауында болуы;
3) тууды, бала асырап алуды, некелесуді, ажырасуды және қайтыс болуды тіркеу;
4) құқық белгілейтін құжаттардың (әскери құжаттарды, паспорттарды, жеке куәліктерді және азаматтық хал актілерін жазу органдары беретін куәліктерді қоспағанда) құжатта көрсетілген аты, әкесінің аты немесе тегі осы адамның паспортында немесе жеке куәлігінде, немесе туу туралы куәлігінде көрсетілген атқа, әкесінің атына немесе тегіне сәйкес келмейтін адамдікі екендігі;
5) мүлікті меншік, шаруашылық жүргізу және оралымды басқару құқықтарымен иелену, пайдалану және (немесе) оған билік ету;
6) жазатайым жағдай;
7) азаматтық хал актілерін жазу органдары қайтыс болу
оқиғасын тіркеуден бас тартқан жағдайда адамның белгілі бір уақытта белгілі бір мән-жайларда қайтыс болуы;
8) мұрагерлікті қабылдау және мұрагерліктің ашылу орны;
9) егер заңдарда оларды анықтаудың өзгеше тәртібі көзделмесе, басқа да заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істерді қарайды.
292-бап. Заңдық маңызы бар фактілерді анықтауға
қажетті шарттар
Сот арыз берушінің осы фактілерді куәландыратын тиісті құжаттарды өзге тәртіппен алуы мүмкін болмаған жағдайда, не жоғалған құжаттарды қалпына келтіруі мүмкін емес болған кезінде ғана заңдық маңызы бар фактілерді анықтайды.