Бап. Шешімді орындау

1. Шешім, дереу орындалатын жағдайлардан басқа, ол заңды күшіне енгеннен кейін, заңмен белгіленген тәртіп бойынша орындалады.
2. Сот шешiмi заңды күшiне енгеннен кейiн атқару парағы жазылады, ол өндiрiп алушыға берiледi не оның жазбаша өтiнiшi бойынша сот оны аумағы бойынша атқарушылық iс жүргiзудiң тиiстi органына орындау үшiн жiбередi. қараңыз.U101039
Мүлік тәркіленген, мемлекет кірісіне өндіріп алынған, сондай-ақ қылмыспен келтірілген залал өндіріп алынған, алимент өндіріп алынған, тарабы мемлекет болып табылатын мертігуден немесе денсаулыққа өзге де зақым келуден, асыраушысынан айрылуынан келтірілген зиянның орны толтырылған жағдайларда сот өз бастамасымен атқару құжатын аумағы бойынша тиісті атқарушылық іс жүргізу органына орындауға жолдайды.
3. Соттың дереу орындалуға тиісті шешімі бойынша атқару парағы жазылып, шешім шығарылғаннан кейін дереу орындауға жіберіледі.2012.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
4. Атқару парақтарын (бұдан әрi - атқару құжаттарын) бiрiншi сатыдағы сот шешiм заңды күшiне енген немесе iс жоғары тұрған соттан қайтқан күннен бастап үш тәулiк iшiнде жазады және оларда:
атқару құжатын берген соттың атауы;
істің нөмірі және шешім шығарылған күн;
шешімнің қарар бөлігі (сөзбе-сөз);
шешімнің күшіне енген уақыты;
атқару құжаты берілген күн;
өндiрiп алушының тегi, аты және әкесiнiң аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетiлген болса), туған күні, айы, жылы, оның тұрғылықты жерi немесе тұрған жерi, оның тұрғылықты жерi бойынша тiркелгенi туралы мәлiметтер мен сәйкестендiру нөмiрi, немесе, егер өндiрiп алушы заңды тұлға болып табылса, оның атауы, нақты орналасқан жері не Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінен мәлiметтер, банк реквизиттерi мен сәйкестендiру нөмiрi;
борышкердiң тегi, аты және әкесiнiң аты (eгep ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетiлген болса), туған күні, айы, жылы, оның тұрғылықты жерi немесе тұрған жерi, оның тұрғылықты жерi бойынша тiркелгенi туралы мәлiметтер, оның жұмыс орны мен жұмыс орнының банк реквизиттерi туралы мәлiметтер (eгep iстiң материалдарында бар болса), оның банк реквизиттерi мен сәйкестендiру нөмiрi (eгep iстiң материалдарында бар болса) немесе, егер борышкер заңды тұлға болып табылса, оның атауы, нақты орналасқан жері не Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінен мәлiметтер (егер iстiң материалдарында бар болса), банк реквизиттерi мен сәйкестендiру нөмiрi көрсетiлуге тиiс.
Атқару парағының нысанын атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөнiндегi уәкiлеттi орган бекiтедi. қараңыз.U101039
5. Соттың әрбір шешімі бойынша бір атқару парағы беріледі. Егер сот талап қоюды қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдаса, атқару құжатына талап қоюды қамтамасыз ету жөнiнде қабылданған шаралар туралы құжаттардың көшiрмелерi, егер оның iшiнде талапты қамтамасыз ету үшiн тыйым салынған мүлiктiң тұрған жерi және оның сақталуына жауапты тұлғалар туралы мәлiметтердi қамтитын құжаттардың көшiрмелерi iс материалдарында бар болса, қоса тiркеледi. Егер атқару әртүрлі орындарда жүргізілетін болса не егер шешім бірнеше талап қоюшының пайдасына немесе бірнеше жауапкерге қарсы шығарылған болса, сот өндіріп алушылардың өтініші бойынша атқару орнын дәл көрсетіп не осы атқару құжаты бойынша атқарылуға тиіс шешімнің сол бөлігін көрсете отырып, бірнеше атқару құжатын жазады. Сот атқару парағына сот актiсiнiң көшiрмесiн не соттың мөрiмен куәландырылған оның үзiндi көшiрмесiн қоса тiркейдi.
6. Атқарушылық іс жүргізу органдары сот шешімі орындалған жағдайда он жұмыс күні ішінде шешім шығарған сотты бұл туралы хабардар етуге, не орындаудың белгіленген іс жүргізу мерзімі өткен соң орындалмаудың себептері туралы жазбаша ақпарат беруге тиіс.
Атқарушылық құжат мәжбүрлеп орындатуға ұсынылғанға дейін сот шешімін орындаған борышкер шешім шығарған сотты бұл туралы үш жұмыс күні ішінде хабардар етуге тиіс.
Сот атқарушылық құжатты аумағы бойынша тиісті атқарушылық іс жүргізу органына жіберген немесе егер өндіріп алушыға сот шешімінің орындалуы туралы хабарланғанға дейін атқарушылық құжат оған берілген жағдайда, борышкер өндіріп алушыны хабардар етеді.
Ескерту. 236-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2001.07.11 N 238, 2003.05.05 N 409, 2006.06.22 N 147, 2007.01.12 N 224 (2012.01.01 бастап күшіне енеді), 2010.04.02 N 262-IV (2010.10.21 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.01.12 № 538-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.12.24 N 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 15.01.2014 № 164-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

237-бап. Дереу орындауға жататын шешімдер

Мынадай:
1) алимент алып беру туралы;
2) қызметкерге жалақы, бірақ үш айдан аспайтын уақытқа алып беру туралы;
3) жұмысқа қайта орналастыру туралы;
4) мертігуден немесе денсаулықты өзгедей зақымдаудан, сондай-ақ асыраушысынан айрылуынан келген зиянды, бірақ үш айдан аспайтын уақытқа өтеу туралы;
5) ереуілді заңсыз деп тану туралы;
6) қаржы ұйымдарын және бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және қаржы ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарды қайта құрылымдау туралы шешімдер дереу орындалуға тиіс.
Ескерту. 237-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.15. N 253 , 2009.07.11. N 185-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.03.01 N 414-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

238-бап. Соттың шешімді дереу орындауға жіберу құқығы

1. Егер айрықша жағдайлардың салдарынан шешімді орындаудағы кідіріс өндіріп алушыны елеулі зиянға әкеп соғуы мүмкін болса немесе шешімді орындау мүмкін болмаса, сот талап қоюшының өтінуі бойынша шешімді дереу орындауға жібере алады.
2. Шешім дереу орындауға жіберілген кезде сот талап қоюшыдан сот шешімінің күші жойылған жағдайда шешімнің кері орындалуын қамтамасыз етуді талап ете алады.
3. Шешімді дереу орындау туралы мәселе, шешімі шығарылған кезде шешілмесе, сот отырысында қаралады. Іске қатысушы адамдарға отырыстың уақыты мен орны хабарланады, алайда олардың келмеуі сот шешімін дереу орындау туралы мәселені шешуге кедергі болмайды.
4. Шешімді дереу орындау туралы мәселе жөніндегі сот ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін. Шешімді дереу орындау туралы ұйғарымға жеке шағым, наразылық беру бұл ұйғарымдардың орындалуын тоқтата тұрады.

239-бап. Шешімнің орындалуын қамтамасыз ету

Сот дереу орындауға жіберілмеген шешімді орындауды осы заңда белгіленген ережелер бойынша қамтамасыз ете алады.
Сот бұл іс-әрекеттерді сот қаулыларын орындауға құқығы бар органға атқару парағын орындау үшін жібергенге дейін жүргізеді. қараңыз.U101039

240-бап. Сот шешімінің орындалуын кейінге қалдыру және
мерзімін ұзарту, оны орындау әдісі мен тәртібін
өзгерту, бітімгершілік келісімді бекіту

Ескерту. Тақырыпқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.04.02 N 262-IV (2010.10.21 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

1. Іс бойынша шешімге қаулы қабылдаған немесе бұйрық шығарған сот, сондай-ақ сот қаулысы орындалатын жердегі сот өндіріп алушысы мемлекет болып табылатын атқарушылық іс жүргізу бойынша мемлекеттік сот орындаушысының өтінішхаты бойынша және атқарушылық іс-әрекеттер жасауды қиындататын немесе мүмкін емес ететін мән-жайлар болған кезде атқарушылық іс жүргізудегі тараптардың өтініші бойынша оны орындау тәсілін немесе тәртібін өзгерте алады.
Сот атқарушылық іс жүргізу тараптарының өтініші бойынша сот қаулысын орындауды кейінге қалдыра алады немесе мерзімін ұзарта алады, сондай-ақ бітімгершілік келісімді бекіте алады.
2. Сот орындаушысының өтініші немесе атқару ісін жүргізудегі тараптардың арызы сот отырысында қаралады. Іске қатысушы тұлғаларға отырыс өтетін уақыт және орын хабарланады, алайда олардың келмеуі соттың алдына қойған мәселені шешуіне кедергі болмайды.
3. Орындауды кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту туралы, сондай-ақ оның орындалу әдісі мен тәртібінің өзгеруі туралы мәселе бойынша соттың ұйғарымына жеке шағым жасалуы немесе наразылық келтірілуі мүмкін.
4. Осы баптың ережелері бойынша кейінге қалдыру, мерзімін ұзарту немесе тараптардың сот бекіткен бітімгершілік келісім немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім әдісін өзгерту жүргізілуі мүмкін.
Ескерту. 240-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.04.02 N 262-IV (2010.10.21 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.01.28 N 402-IV (2011.08.05 бастап қолданысқа енгізіледі); 15.01.2014 № 164-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

240-1-бап. Сот шешiмiнiң орындалуын қайта бұрып атқару

Заңды күшiне енiп, толық немесе iшiнара орындалған сот шешiмiнiң күшi жойылған және сот талап қоюдан толық немесе бiр бөлiгiнде бас тарту туралы жаңа шешiм шығарған не iс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы немесе талап қоюды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарған жағдайда талапкерден күшi жойылған шешiм бойынша алғанының бәрi өндiрiлiп алынады (шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқару).
Ескерту. 240-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.07.11. N 238 Заңымен .

240-2-бап. Сот шешiмiнiң орындалуын қайта бұрып
атқару туралы мәселенi қарау

1. Күшi жойылған шешiмдi орындау орын алған iс бойынша жаңа шешiм шығарған сот жауапкердiң жазбаша арызы бойынша орындауды қайта бұрып атқару туралы мәселенi қарайды және бұл мәселенi жаңа шешiммен шешедi.
2. Егер сот iстi жаңадан қараған кезде күшi жойылған шешiм бойынша орындауды қайта бұрып атқару мәселесiн шешпесе, жауапкердiң шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқару туралы арызы iске қатысушы адамдарды, ал қажет болған жағдайда күшi жойылған шешiмдi орындаған органды да хабарландыра отырып, соттың бөлек отырысында қаралады. Аталған адамдар шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқару туралы арызды қараудың орны мен уақыты туралы хабарландырылады, алайда олардың сот отырысына келмей қалуы орындауды қайта бұрып атқару туралы мәселенi шешу үшiн кедергi болмайды.
3. Шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқару туралы мәселе бойынша сот ұйғарымына жеке шағым немесе наразылық келтiрiлуi мүмкiн.
Ескерту. 240-2-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2001.07.11. N 238 Заңымен .

240-3-бап. Апелляциялық, кассациялық немесе қадағалау
сатысы сотының шешiмнiң орындалуын қайта
бұрып атқару туралы мәселенi шешуi

Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.12.10 № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

Апелляциялық, кассациялық немесе қадағалау сатысындағы сот бiрiншi сатыдағы сот шешiмiмен бұрын күшi жойылған шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқару туралы мәселе шешiлмеген iстi қараған кезде, бұл мәселенi iсте бiрiншi сатыдағы соттың күшi жойылған шешiмiнiң орындалғаны туралы анық деректер болғанда ғана шешедi. Басқа жағдайда орындауды қайта бұрып атқару туралы мәселе осы Кодекстiң 240-2-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен шешiледi.
Ескерту. 240-3-баппен толықтырылды - ҚР 2001.07.11 N 238, өзгерту енгізілді - ҚР 2009.12.10 № 227-IV(2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

240-4-бап. Сот орындаушысының ұсынуларын қарау

1. Судья сот орындаушысының ұсынуын сотқа келіп түскен күннен бастап он күн ішінде шешеді. Сот борышкерді және өндіріп алушыны сот орындаушысының ұсынуы келіп түскені туралы хабардар етеді, сот отырысының өткізілетін уақыты мен орнын хабарлайды. Сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы тиісінше хабардар етілген борышкердің немесе өндіріп алушының келмей қалуы істі қарауға кедергі болмайды. Судья сот орындаушысының ұсынуын қарап, ұйғарым шығарады.
Сот ұйғарымының көшірмесі борышкер мен өндіріп алушыға үш күн мерзімде жіберіледі.
2. Соттың ұйғарымына осы Кодексте белгіленген тәртіппен шағым жасалуы немесе наразылық білдірілуі мүмкін.
Ескерту. Кодекс 240-4-баппен толықтырылды - ҚР 2006.06.22 N 147 Заңымен, жаңа редакцияда - ҚР 2010.04.02N 262-IV (2010.10.21 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

240-5-бап. Сот орындаушысының шешiмдi орындау кезiндегi
әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым жасау

1. Өндiрiп алушы немесе борышкер сот орындаушысының атқарушылық iс жүргiзу процесiндегi әрекетiне (әрекетсiздiгiне) не осындай iс-әрекеттер жасаудан бас тартуына шағым жасауы мүмкiн. Шағым iс-әрекет жасалған (iс-әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының iс-әрекет жасау уақыты, орны туралы хабардар етiлмеген өндiрiп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгiлi болған күннен бастап он күн iшiнде сот орындаушысы қызмет көрсететiн учаскедегi аудандық сотқа берiледi.
Жоғары тұрған органдарға және жоғары тұрған лауазымды тұлғаға бағыныштылық тәртiбiмен алдын ала жүгiну сотқа шағымды беру мен оны соттың қарауға қабылдауы үшiн мiндеттi шарт болып табылмайды.
2. Сот шағымды он күн мерзiмде қарайды. Сот өндiрiп алушыны, борышкердi және сот орындаушысын сот отырысының уақыты мен орны туралы хабардар етедi, алайда олардың келмей қалуы шағымды шешу үшiн кедергi болып табылмайды.
3. Сот шағымды негiздi деп тауып, сот орындаушысы iс-әрекетiнiң күшiн жою немесе оны жарамсыз деп тану туралы не сот орындаушысының жiберiлген қателiктi толық көлемде жоюға мiндеттiлiгi туралы не өндiрiп алушының немесе борышкердiң бұзылған құқықтары мен бостандықтарын өзгеше тәсiлмен қалпына келтiру туралы шешiм шығарады.
Егер аталған iс-әрекеттердi тек қана сот орындаушысы жасай алатын болса, сот шешiмде мерзiм белгiлеуi мүмкiн, шешiм сол мерзiм iшiнде орындалуға тиiс.
4. Сот, егер шағым жасалған әрекет (әрекетсiздiк) сот орындаушысының өкiлеттiгi шегiнде заңға сәйкес жасалғанын және өндiрiп алушы мен борышкердiң құқықтарының, бостандықтарының және заңмен қорғалатын мүдделерiнiң бұзылмағанын анықтаса, шағымды қанағаттандырудан бас тартады.
Соттың шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiмiне осы Кодексте белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
5. Егер сот шешiмде өзгеше мерзiм белгiлемесе, шешiмнiң орындалғаны туралы сотқа, өндiрiп алушыға немесе борышкерге сот шешiмiн алған күннен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей хабарлануға тиiс.
Ескерту. 240-5-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.06.22. N 147 Заңымен.

240-6-бап. Шешiмдi орындаған кезде басқа тұлғалардың
құқықтарын қорғау

1. Сот орындаушысы мүлiкке тыйым салу iсiн жүргiзу кезiнде мүлiктiң борышкерге немесе басқа тұлғаларға тиесiлi болуына қарамастан тыйым салудың күшiн жоюға негiз болып табылатын заң бұзушылыққа жол берген жағдайда, сот борышкердiң немесе басқа тұлғалардың мүлiкке тыйым салудың күшiн жою туралы өтiнiшiн осы Кодекстiң 240-5-бабында көзделген тәртiппен қарайды. Осындай өтiнiш тыйым салынған мүлiктi сатқанға дейiн берiлуi мүмкiн.
Сот өндiрiп алу қолданылған мүлiктiң тиесiлiгiне байланысты азаматтық құқық туралы басқа тұлғалар мәлiмдеген дауды талап қою бойынша iс жүргiзу ережелерi бойынша қарайды.
2. Мүлiктiң меншiк иелерi немесе мүлiкке шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару, тұрақты жер пайдалану құқығымен не заңнамалық актiлерде немесе шартта көзделген өзге де негiз бойынша иелiк ететiн тұлғалар мүлiктi тыйым салудан босату туралы талаптар қоя алады.
3. Мүлiктi тыйым салудан босату туралы талаптар борышкерге және өндiрiп алушыға қойылады.
4. Егер мүлiкке тыйым салу мүлiктi тәркiлеуге байланысты жүргiзiлсе, сотталған адам және республикалық меншiкке айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және оны одан әрi пайдалану бойынша жұмысты ұйымдастыруға уәкiлеттi тиiстi орган жауапкер ретiнде тартылады. Талап қою талаптары негiздi деп танылған жағдайда, егер тәркiленуге тиiс мүлiк республикалық меншiкке айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және оны одан әрi пайдалану жөнiндегi жұмысты ұйымдастыруға уәкiлеттi органда тұрған болса және ол оны сауда ұйымдарына, басқа ұйымдарға сату, қайта өңдеу үшiн не өтеусiз берген болса, онда ол мүлiк заттай түрде қайтарылуға тиiс. Бұл жағдайда республикалық меншiкке айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және оны одан әрi пайдалану бойынша жұмысты ұйымдастыруға уәкiлеттi органнан басқа аталған ұйымдар iске қатысуға тартылады және оларға мүлiктi қайтару жөнiнде мiндет жүктеледi.
Егер мүлiктi тәркiлеуге байланысты тыйым салу жүргiзiлген мүлiк сатылған немесе қайта өңдеуге жiберiлген болса, мүлiктi сатудан түскен сома талапкерге өтеледi.
5. Судья осы баптың бiрiншi бөлiгiндегi аталған мүдделi тұлғалардың өтiнiшiне қарамастан, мән-жайды белгiлеп, мүлiкке тыйым салудың күшiн жоюға мiндеттi.
Ескерту. 240-6-баппен толықтырылды - ҚР 2006.06.22 N 147 Заңымен.

240-7-бап. Сот орындаушысының қаулысын санкциялау

1. Заңмен белгіленген жағдайларда сот орындаушысы соттың санкциялауына жататын атқарушылық әрекеттерді жүргізу туралы қаулы шығарады. Қаулыда санкцияланатын әрекеттерді қабылдау қажеттілігін туғызған дәлелдер мен негіздер жазылуға тиіс.
2. Санкциялауға жататын атқарушылық әрекеттерді жүргізу туралы қаулыны сот орындаушысы сотқа ұсынады. Қаулыға санкцияланатын іс-әрекеттерді қабылдаудың негізділігін растайтын атқарушылық іс жүргізу материалдары қоса тіркеледі.
3. Сот орындаушысының қаулысын сотқа материалдар түскен күні сот қарауға тиіс.
4. Сот орындаушысының қаулысын және оған қоса тіркелген атқарушылық іс жүргізу материалдарын қарап, сот атқарушылық әрекеттерді жасауға санкция береді немесе санкция беруден бас тартады.
Санкция беру сот орындаушысының қаулысына судьяның қолымен расталатын «Санкциялаймын» деген сот мөртаңбасын қою арқылы жүзеге асырылады.
Санкция беруден бас тартқан жағдайда судья атқарушылық әрекеттерді жүргізуге санкция беруден бас тарту туралы дәлел келтірілген ұйғарым шығарады.
5. Соттың ұйғарымына осы Кодексте белгіленген тәртіппен шағымдануға немесе наразылық білдіруге болады.
Ескерту. Кодекс 240-7-баппен толықтырылды - ҚР 2010.04.02 N 262-IV (2010.10.21 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

241-бап. Іске қатысушы адамдарға сот шешімінің
көшірмелерін жіберу және беру

Іске қатысушы, сот отырысына келмеген тараптар мен басқа да адамдарға түпкілікті нысандағы шешім шығарылған күннен бастап бес күннен кешіктірілмей шешімнің көшірмелері жіберіледі немесе беріледі.

18-1-тарау. Аралық сот шешiмiн орындау

Ескерту. 18-1-тараумен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.28. N 24 (қолданысқа енгiзiлу тәртібін 2 баптан қараңыз) Заңымен.

241-1-бап. Аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындату

1. Егер аралық соттың шешiмi онда белгiленген мерзiмде ерiктi түрде орындалмаған жағдайда, аралық соттың шешiмi пайдасына шығарылған аралық сотта талқылау тарапы (өндiрiп алушы) аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындату туралы арызбен аралық сот дауды қараған жердегi не борышкердің тұрғылықты жеріндегі немесе заңды тұлғаның органы орналасқан жердегі, егер тұрғылықты жері немесе орналасқан жері белгісіз болса, онда борышкердің мүлкі орналасқан жердегі сотқа жүгiнуге құқылы.
2. Атқару парағын беру туралы арызға мыналар қоса тiркеледi:
1) аралық сот шешiмiнiң түпнұсқасы немесе көшiрмесi. Тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сот шешiмiнiң көшiрмесiн осы аралық соттың төрағасы растайды, нақты дауды шешу үшiн аралық сот шешiмiнiң көшiрмесi нотариатта куәландырылуға тиiс;
2) заңда белгiленген тәртiппен жасалған аралық келiсiмнiң түпнұсқасы немесе нотариат растаған көшiрмесi.
3. Атқару парағын беру туралы арыз аралық соттың шешiмiн ерiктi түрде орындауға арналған мерзiм аяқталған күннен бастап үш жылдан кешiктiрiлмей берiлуi мүмкiн.
4. Белгiленген мерзiмiн өткiзіп алған не оған қажеттi құжаттар қоса тiркелмей берiлген атқару парағын беру туралы арызды сот қарамай керi қайтарады, бұл туралы ұйғарым шығарылады, оған осы Кодексте белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
5. Егер сот аталған мерзiмдi өткiзiп алу себептерiн дәлелдi деп тапса, атқару парағын беру туралы арызды беру мерзiмiн қалпына келтiруге құқылы.
6. Судья атқару парағын беру туралы арызды сотқа арыз түскен күннен бастап он бес күн iшiнде жеке-дара қарайды.
7. Өндiрiп алушының аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындату туралы түскен арызы, сондай-ақ оны соттың отырысында қарау орны мен уақыты туралы сот борышкердi хабардар етедi. Оның арызын қарау орны мен уақыты туралы өндiрiп алушы да хабардар етiледi. Егер борышкерден сот отырысына келуi мүмкiн болмауының дәлелдi себептерi көрсетiлiп, арызды қарауды кейiнге қалдыру туралы өтініш түспесе, борышкердiң немесе өндiрiп алушының сот отырысына келмей қалуы арызды қарауға кедергi болмайды.
8. Сот аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы арызды қараған кезде аралық соттың шешiмiн мәнi бойынша қайта қарауға құқылы емес.
9. Сот арызды қарау нәтижелерi бойынша атқару парағын беру туралы не оны беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
Атқару парағын беру туралы соттың ұйғарымы дереу орындалуға тиiс.
Ескерту. 241-1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 125-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

241-2-бап. Атқару парағын беру

1. Сот аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы ұйғарым шығарған кезде атқару парағы осы Кодекстiң 236-бабының ережелерi бойынша берiледi.
2. Аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы арыз бойынша шығарылған соттың ұйғарымына осы Кодексте сот актiлерiне шағым жасау үшiн көзделген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.

241-3-бап. Атқару парағын беруден бас тарту

Сот, егер:
1) аралық соттың шешiмi өзiне қарсы қабылданған тарап сотқа:
аралық келiсiмнiң жарамсыз болып табылатындығының;
аралық соттың шешiмi аралық келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн дау бойынша қабылданғанының немесе аралық келiсiмнiң шегінен шығатын мәселелер жөнiндегi қаулылардан тұратындығының, сондай-ақ даудың аралық соттың ведомстволық қарауында еместігінiң дәлелдемелерiн табыс еткен жағдайда, аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады. Егер аралық соттың аралық келiсiмде қамтылатын мәселелер жөнiндегi қаулылары мұндай келiсiмде қамтылмайтындардан бөлiнiп шығарылуы мүмкiн болса, онда аралық соттың аралық келiсiмде қамтылатын мәселелер жөнiндегi қаулылардан тұратын шешiмiнiң сол бөлiгiн мәжбүрлеп орындатуға атқару парағын беруден бас тартуға болмайды;
аралық соттың құрамы немесе аралық сотта iс қарау Қазақстан Республикасының аралық сотта iс қарау туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуiнің;
аралық соттың шешiмi өзiне қарсы қабылданған тарап аралық судьялардың сайлануы (тағайындалуы) туралы немесе аралық сот отырысының уақыты мен орны туралы тиiстi түрде хабардар етiлмегенiнiң не аралық сотқа басқа да себептермен өз түсiндiрмелерiн бере алмағанының;
тараптардың бiрiнiң аралық келiсiм жасау кезiнде әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi екендігінiң;
соттың немесе аралық соттың сол тараптардың арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша заңды күшiне енген шешiмiнiң не талапкердiң талап қоюдан бас тартуына байланысты iс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы соттың немесе аралық соттың ұйғарымы болғандығының;
соттың шешiм шығаруы сот үкiмiмен белгiленген қылмыс жасау нәтижесiнде мүмкiн болғандығының дәлелдемелерiн табыс еткен жағдайларда, аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады;
2) сот:
дау Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе осы дау бойынша аралық келiсiмдi тараптар бағындырған басқа құқыққа сәйкес аралық сотта iс қараудың нысанасы бола алмайтынын;
аралық соттың шешiмi осы баптың 1), 2) тармақшаларында белгiленген талаптар мен Қазақстан Республикасының жариялылық тәртiбiне қайшы келетiнiн анықтаса, аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.

19-тарау. Іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру

242-бап. Соттың іс жүргізуді тоқтата тұру міндеті

Сот:
1) егер даулы құқық қатынасы құқық мирасқорлығына жол беретін болса, істе тарап болып табылатын азамат қайтыс болғанда немесе заңды тұлға қайта құрылған, таратылған;
2) тарап әрекет қабілеттілігінен айырылған;
3) жауапкер Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік іс-қимылдарға қатысушы бөлімдерінде, басқа әскерлері мен әскери құрамаларында болған немесе Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік іс-қимылдарға қатысушы бөлімдерінде, басқа әскерлері және әскери құрамаларында жүрген талап қоюшылардың өтініші болған;
4) азаматтық, қылмыстық немесе әкiмшiлік сот iсiн жүргiзуде қаралып жатқан басқа істің шешілуіне дейін бұл істі қараудың мүмкіндігі болмаған;
5) егер ол осы іс бойынша қолданылуға тиісті заң немесе басқа нормативтік құқықтық акті адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтындығын байқаған және осы актінің конституцияға сай еместігін тану туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне өтініш жасаған, сондай-ақ Конституциялық Кеңес басқа соттың бастамашылығымен осы іс бойынша қолданылуға тиісті нормативтік құқықтық актінің конституциялылығын тексеріп жатқандығы белгілі болған;
6) құқықтық көмек көрсету жөніндегі тапсырмамен шет мемлекеттің сотына өтініш жасаған;
7) тараптар медиацияны жүргізу туралы келісім жасаған жағдайда іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға міндетті. Медиацияны жүргізу мерзімі ұзартылған кезде тараптар бұл туралы бірлескен жазбаша хабарламамен сотқа хабарлауы тиіс.
Ескерту. 242-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2001.07.11 N 238, 2011.01.28 N 402-IV (2011.08.05 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.02.17 N 565-IV (2012.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

243-бап. Соттың іс жүргізуді тоқтата тұру құқығы

Сот:
1) тарап Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа әскерлерінде және әскери құрамаларында шақыру бойынша әскери қызметте болған немесе ол басқа да мемлекеттік міндетті орындауға тартылған;
2) заңды тұлғалардың өкілдері іске қатысқан жағдайларды қоспағанда, тарап істі қарау мерзімінен асатын мерзімде қызметтік іссапарда болған;
3) заңды тұлғалардың өкілдері іске қатысқан жағдайларды қоспағанда, тарап емдеу мекемесінде болған немесе оның сотқа келуіне кедергі жасайтын ауруы болған және ол медициналық мекеменің құжатымен расталған;
4) жауапкер осы Кодекстің 135-бабында көзделген жағдайларда іздеуде болған;
5) сот сараптама тағайындаған;
6) қаралып жатқан іс бойынша құқықтық көмек көрсету жөнінде сотқа тапсырылған өтінішті;
7) қорғаншылық және қамқоршылық орган бала асырап алу ісі жөнінде асырап алушылардың тұрмыс жағдайын зерттеуді белгіленген жағдайларда іске қатысушы адамдардың өтініші бойынша немесе өз бастамашылығымен іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұра алады.
Ескерту. 243-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 N 565-IV (2012.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

244-бап. Іс жүргізуді тоқтата тұру мерзімдері

Іс бойынша іс жүргізу:
1) Осы Кодекстің 242-бабының 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда - шығып қалған адамның құқықтық мирасқоры анықталғанға дейін немесе әрекетке қабілетсіз адамға өкіл тағайындалғанға дейін;
2) Осы Кодекстің 242-бабының 3) тармақшасында және 243-бабында көзделген жағдайларда - тарап Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамында болуын тоқтатқанға дейін, ол мемлекеттік міндетті орындауды аяқтағанға дейін, қызметтік іссапардан оралғанға дейін, емдеу мекемесінен шыққанға немесе сырқатынан айыққанға дейін, жауапкер іздестіріліп болғанға дейін немесе сарапшының қорытындысы немесе қорғаншылық және қамқоршылық органның қорытындысы сотқа табыс етілгенге дейін;
3) осы Кодекстің 242-бабының 4) тармақшасында көзделген жағдайларда - сот шешімі, үкімі, немесе соттың қаулысы шығарылғанға дейін;
4) осы кодекстің 242-бабының 5) тармақшасында көзделген жағдайларда - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің шешімі күшіне енгенге дейін;
5) осы Кодекстің 242-бабының 6) тармақшасында, 243-бабының 6) тармақшасында көзделген жағдайларда - сот құқықтық көмек көрсету туралы тапсырманы орындағанға дейін;
6) осы Кодекстің 242-бабының 7) тармақшасында көзделген жағдайларда – медиация тоқтатылғанға дейін тоқтатыла тұрады.
Ескерту. 244-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2001.07.11 N 238, 2011.01.28 N 402-IV (2011.08.05 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

245-бап. Соттың іс жүргізуді тоқтата тұру туралы
ұйғарымына шағымдану немесе наразылық келтіру

Соттың іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы ұйғарымына жеке шағым берілуі немесе наразылық келтірілуі мүмкін.

246-бап. Іс жүргізуді қайта бастау

Істі тоқтата тұруды туғызған мән-жайлар жойылғаннан кейін іске қатысушы адамдардың арызы бойынша немесе соттың бастамашылығымен іс жүргізу қайта басталады. Іс жүргізу қайта басталған кезде сот іске қатысушы адамдарға азаматтық сот ісін жүргізудің жалпы ережелері бойынша хабарлайды.

20-тарау. Іс бойынша іс жүргізуді қысқарту

247-бап. Іс бойынша іс жүргізуді қысқартудың
негіздемелері

Сот, егер:
1) іс азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса;
2) сол тараптардың арасындағы сол мәселе туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша шығарылған, заңды күшіне енген сот шешімі немесе талап қоюшының өз талабынан бас тартуына немесе тараптардың бітімгершілік келісімін, тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін орнықтыруына байланысты іс бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы соттың ұйғарымы болса;
2-1) сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша төреліктің немесе аралық соттың қабылдаған шешімі болса;
3) талап қоюшы өз талабынан бас тартса және бас тартуды сот қабылдаса;
4) тараптар бітімгершілік келісімін жасаса және оны сот бекітсе;
4-1) тараптар дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасаса және оны сот бекітсе;
5) іс бойынша тараптардың бірі болып табылатын азамат қайтыс болғаннан кейін даулы құқықтық қатынас құқық мирасқорлығына жол бермесе;
6) іс бойынша тарап ретінде әрекет жасайтын ұйым қызметі тоқтатылуына және құқық мирасқорлары болмауына байланысты таратылса, іс бойынша іс жүргізуді қысқартады.
Ескерту. 247-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.01.28 N 402-IV (2011.08.05 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 125-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

248-бап. Іс бойынша іс жүргізуді қысқартудың
тәртібі мен салдары

1. Іс бойынша іс жүргізу сот ұйғарымымен қысқартылады.
2. Іс бойынша іс жүргізу қысқартылған жағдайда сол тараптар арасындағы, сол мәселе туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша екінші рет сотқа жүгінуге жол берілмейді.
3. Осы Кодекстің 247-бабының 1), 2) және 2-1) тармақшаларында көзделген негіздерде іс бойынша іс жүргізуді тоқтата отырып, сот ұйғарымда мемлекеттік бажды қайтару туралы және қуынымды қамтамасыз ету жөнінде қолданылған шаралар күшінің жойылғандығы туралы көрсетеді.
4. Соттың іс жүргізуді қысқарту туралы ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін.
Ескерту. 248-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 125-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

21-тарау. Арызды қараусыз қалдыру

249-бап. Арызды қараусыз қалдырудың негіздемелері

Сот, егер:
1) талап қоюшы осы санаттағы істер үшін заңда белгіленген дауды алдын ала сотқа дейін шешудің міндетті тәртібін сақтамаса және осы тәртіпте қолданудың мүмкіндігі жоғалмаса;
2) арызды әрекетке қабілетсіз адам берсе;
3) арызға қол қойған және оны берген адамның арызға қол қоюға және оны беруге өкілеттігі жоқ болса;
4) осы немесе басқа бiр соттың не төреліктің немесе аралық соттың iс жүргiзуiнде сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша бұрын қозғалған iс болса;
5) егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, тараптар арасында заңға сәйкес осы дауды төреліктің немесе аралық соттың шешуіне беру туралы келісім жасалса;
6) өздерінің қатысуынсыз істі қарауды өтінбеген тараптар екінші шақыру бойынша сотқа келмесе;
7) өзінің қатысуынсыз істі қарауды өтінбеген талап қоюшы екінші шақыру бойынша сотқа келмесе, ал жауапкер істі мәні бойынша қарауды талап етпесе;
8) өзінің мүддесіне сай іс қозғалған адам мәлімделген талапты қолдамаса;
9) талап-арызды қайтарып алу туралы өтініш берілсе, ал жауапкер істі мәні бойынша қарауды талап етпесе;
10) көрсетушіге арналған күші жойылған бағалы қағаздар және ордерлі бағалы қағаздар бойынша құқықты қалпына келтіру туралы істер жөніндегі өтініш жарияланымнан бастап үш ай мерзім аяқталғанға дейін берілсе, арызды қараусыз қалдырады.
Ескерту. 249-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.12.28 N 24 (қолданысқа енгiзiлу тәртібін 2 баптанқараңыз), 2010.02.05 249-IV; 03.07.2013 125-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

250-бап. Арызды қараусыз қалдырудың тәртібі
мен салдары

1. Іс бойынша іс жүргізу арызды қараусыз қалдырған жағдайда соттың ұйғарымымен аяқталады. Бұл ұйғарымда сот осы Кодекстің 249-бабында аталған істі қарауға кедергі келтіретін мән-жайларды қалай жоюды көрсетуге міндетті. Осы Кодекстің 249-бабының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша арызды қараусыз қалдыра отырып, сот ұйғарымда мемлекеттік бажды қайтаруды және талапты қамтамасыз ету жөнінде қолданылған шаралардың тоқтатылатындығын көрсетеді.
2. Соттың арызды қараусыз қалдыру жөніндегі ұйғарымына жеке шағым берілуі немесе наразылық келтірілуі мүмкін.
3. Арызды қараусыз қалдыруға негіз болған мән-жайлар жойылғаннан кейін мүдделі адам жалпы тәртіп бойынша сотқа тағы да арыз беруге құқылы.
4. Егер тараптар өздерінің сот отырысында болмауының дәлелді себептерін растайтын дәлелдемелер ұсынса, сот осы Кодекстің 249-бабының 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша қуынушының немесе жауапкердің өтінішхаты бойынша арызды қараусыз қалдыру туралы өз ұйғарымының күшін жояды. Сот арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарымның күшін жою туралы өтінішхатты ол сотқа келіп түскен кезден бастап он күн ішінде өтінішхатпен жүгінген адамның қатысуымен сот отырысында қарайды.
5. Соттың осындай өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан ұйғарымына жеке шағым берілуі мүмкін.
Ескерту. 250-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 121-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.

22-тарау. Сот ұйғарымы

251-бап. Сот ұйғарымы және оны шығарудың тәртібі

1. Іс мәні бойынша шешілмейтін бірінші сатыдағы сот актісі ұйғарым түрінде шығарылады.
2. Ұйғарымды осы Кодекстің 217-бабында көзделген тәртіппен дербес іс жүргізу құжаты түрінде сот шығарады.
3. Күрделі емес мәселелерді шешкен кезде сот отырыс залынан шықпай-ақ ұйғарым шығара алады. Мұндай ұйғарым сот отырысының хаттамасына енгізіледі.
4. Ұйғарым шығарылғаннан кейін дереу жарияланады.

252-бап. Ұйғарымның мазмұны

1. Ұйғарымда:
1) ұйғарымның шығарылған күні мен орны;
2) ұйғарым шығарған соттың атауы, сот отырысындағы судьяның және хатшының тегі, аты-жөні;
3) іске қатысушы адамдар, даудың нысанасы немесе мәлімделген талап;
4) ұйғарым шығарылған мәселе;
5) соттың өз қорытындыларын шығару себептері және сот басшылыққа алып сілтеме жасаған заңдар;
6) соттың қаулысы;
7) егер ұйғарым бойынша шағымдануға болатын болса, шағым берудің тәртібі мен мерзімі көрсетілуге тиіс.
2. Сот отырысы залында сот шығаратын ұйғарымда осы баптың 4)-6) тармақшыларында аталған мәліметтер болуға тиіс.
Ескерту. 252-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.12.10 № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

253-бап. Соттың жеке ұйғарымдары

1. Сот отырысында заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны тиісті ұйымдарға, басқару қызметін атқаратын лауазымды немесе өзге де адамдарға жіберуге құқылы, олар өздері қабылдаған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.
2. Қабылданған шаралар туралы хабарламау заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Әкімшілік жаза қолдану тиісті адамдарды соттың жеке ұйғарымы бойынша қабылданған шаралар туралы хабарлау міндетінен босатпайды.
3. Егер істі қарау кезінде сот тараптардың, процеске басқа қатысушылардың, лауазымды немесе өзге де адамдардың әрекетінен қылмыс белгілерін тапса, ол туралы прокурорға хабарлайды.
4. Мүдделерiне қатысы бар жеке ұйғарымға адамдар осы Кодекстiң 344-бабының төртiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен шағым бере алады.
Ескерту. 253-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2001.07.11 N 238 Заңымен.

254-бап. Іске қатысушы адамдарға сот ұйғарымының
көшірмесін жіберу

Іске қатысушы, сот отырысына келмеген тараптар мен басқа адамдарға іс бойынша іс жүргізудің тоқтатыла тұруы немесе тоқтатылуы туралы, не арыздың қараусыз қалдырылуы туралы сот ұжүргізудің тоқтатыла тұруы немесе тоқтатылуы туралы, не арыздың қараусыз қалдырылуы туралы сот ұйғарымының көшірмесі ұйғарым шығарылғаннан бастап бес күннен кешіктірілмей жіберіледі.

23-тарау. Хаттамалар

255-бап. Хаттама жүргізудің міндеттілігі

Бірінші сатыдағы соттың әрбір сот отырысы туралы, сондай-ақ отырыстан тыс жасалған әрбір жеке іс жүргізу әрекеті туралы хаттама жасалады.

256-бап. Хаттаманың мазмұны

1. Сот отырысының немесе отырыстан тыс жасалған жеке іс жүргізу әрекетінің хаттамасы істі қараудың немесе жеке іс жүргізу әрекетін жасаудың барлық елеулі сәттерін көрсетуге тиіс.
2. Сот отырысының хаттамасында:
1) сот отырысының жылы, айы, күні және орны;
2) сот отырысы басталған және аяқталған уақыт;
3) істі қарайтын соттың атауы, сот отырысы судьясының, хатшысының тегі мен аты-жөні;
4) істің атауы;
4-1) соттың аудио-, бейнежазба құралдарын және (немесе) стенографиялауды қолдануы туралы мәліметтер;
5) іске қатысушы адамдардың, өкілдердің, куәлердің, сарапшылардың, мамандардың, аудармашылардың келгені туралы мәліметтер;
6) іске қатысушы адамдарға, өкілдерге, сондай-ақ аудармашыға, сарапшылар мен мамандарға олардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттерінің түсіндірілгені туралы мәліметтер;
7) төрағалық етушінің өкімдері және сот отырысы залында соттың шығарған ұйғарымы;
8) іске қатысушы адамдардың және өкілдердің арыздары, өтініштері және түсініктемелері;
9) куәлардың айғақтары, сарапшылардың өз қорытындыларын ауызша түсіндірулері, мамандардың түсіндірмелері;
10) құжаттардың жария етілуі туралы мәліметтер, заттай дәлелдемелерді қараудың, дыбысжазбаларды тыңдаудың, бейнежазбаларды, киноматериалдарды көрудің деректері;
11) осы Кодекстің 57-бабы негізінде іске қатысушы мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қорытындылары туралы мәліметтер;
12) сот отырысы залында болған сұрақтар мен жауаптардың мазмұны;
13) сот жарыссөздерінің мазмұны;
13-1) осы Кодекстің 55-бабы негізінде іске қатысқан прокурордың қорытындысы;
14) шешім мен ұйғарымдардың мазмұны жария етілгені және түсіндірілгені, оларға шағым беру тәртібі мен мерзімі түсіндірілгені туралы мәліметтер;
15) іске қатысушы адамдарға хаттамамен танысу және оған ескертулер беру құқықтарының түсіндірілгені туралы мәліметтер;
16) хаттаманың жасалған күні көрсетіледі.
Ескерту. 256-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.12.10 № 227-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2010.12.29 N 374-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.