Бап. Шешiмді жария ету

1. Соттың шешімі қабылданғаннан және оған қол қойылғаннан кейін, судья сот отырысы залында сот шешімінің қарар бөлігін жария етеді және шешімге шағым жасаудың тәртібі мен мерзімдерін түсіндіреді.
2. Шешім шығарылған кезде судья іске қатысушы адамдарға және өкілдерге оның көшірмесін қашан алуға болатынын жариялауға міндетті.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген әрекеттер жасалғаннан кейін төрағалық етуші сот отырысын жабық деп жариялайды.
Ескерту. 216-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.17 N 565-IV (2012.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

18-тарау. Сот шешімі және оны атқару тәртібі

217-бап. Шешім шығару

1. Істі мәні бойынша шешетін бірінші сатыдағы сот қаулысы шешім нысанында шығарылады.
2. Шешім кеңесу бөлмесінде шығарылады. Бұл бөлмеде өзге адамдардың болуына жол берілмейді. Жұмыс уақытының аяқталуына қарай, сондай-ақ жұмыс күні ішінде сот (судья) кеңесу бөлмесінен шығып демалу үшін үзіліс жариялауға құқылы.

218-бап. Шешімнің заңдылығы және негізділігі

1. Сот шешімі заңды және негізді болуға тиіс.
2. Сот шешімді сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге ғана негіздейді.

219-бап. Шешім шығарған кезде шешілетін мәселелер

1. Шешім шығарған кезде сот дәлелдемелерге баға береді, іс үшін маңызы бар қандай мән-жайлардың анықталғанын және қандай мән-жайлардың анықталмағанын, тараптардың құқықтық қатынастарының қандай екенін, осы іс бойынша қандай заң қолданылуға тиісті екенін және қойылған талаптың қанағаттандырылуға жататынын-жатпайтынын айқындайды.
2. Сот істі талап қоюшы талаптардың шегінде шешеді. Алайда талап қоюшының келісуімен сот, егер бұл талап қоюшының құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін қажет деп таныса, сондай-ақ көзделген басқа да жағдайларда, талап қоюшы мәлімдеген талаптардың шегінен шығуы мүмкін.
3. Сот іс үшін маңызы бар жаңа мән-жайларды анықтауды немесе дәлелдемелерді қосымша зерттеуді қажет деп тапса, істі мәні бойынша қарауды қайта жалғастыру туралы ұйғарым шығарады. Сот істі мәні бойынша қарау аяқталғаннан кейін сот жарыссөздерін, ал осы Кодекстің 213-бабында көзделген жағдайда прокурордың қорытындысын да қайта тыңдайды.

220-бап. Шешімнің түрлері мен құрылымы

Ескерту. 220-бап алып тасталды - ҚР 2012.02.17 N 565-IV (2012.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

221-бап. Шешімнің мазмұны

1. Шешім Қазақстан Республикасының атынан шығарылады.
2. Шешім кіріспе, сипаттау, дәлелдеу және қарар бөліктерінен тұрады.
3. Шешімнің кіріспе бөлігінде шешімнің шығарылған күні мен орны; шешім шығарған соттың атауы; соттың құрамы; сот отырысының хатшысы; тараптар; іске қатысушы басқа адамдар және өкілдер; даудың нысанасы немесе мәлімделген талап көрсетіледі.
4. Шешімнің сипаттау бөлігі талап қоюшының талаптарын, жауапкердің наразылығын және іске қатысушы басқа адамдардың түсініктемелерін қамтуға тиіс.
5. Шешімнің дәлелдеу бөлігінде істің сот анықтаған мән-жайлары, құқықтар мен міндеттер туралы соттың қорытындылары негізделген дәлелдемелері; сот қабылдамай тастаған белгілі бір дәлелдемелердің негіздері, және сот басшылыққа алған заңдар көрсетіледі. Жауапкер талап қоюды мойындаған жағдайда дәлелдеу бөлігінде талап қоюдың танылғаны және оны соттың қабылдағаны ғана көрсетілуі мүмкін.
6. Шешімнің қарар бөлігі талап қоюды қанағаттандыру туралы немесе талап қоюдан толық немесе оның бір бөлігінен бас тарту туралы сот қорытындысын, сот шығындарының бөлінуін, шешімге шағым беру мерзімдері мен тәртібін көрсетуді, сондай-ақ өзге де қорытындыларды қамтуға тиіс.
7. Сот шешімді орындаудың белгілі бір тәртібі мен мерзімін белгілеген немесе шешімді дереу орындауға жіберген немесе оның орындалуын қамтамасыз етуге шаралар қолданған жағдайда, бұл туралы шешімде көрсетіледі.
8. Судья шешімді жазбаша түрде жазады және оған қол қояды. Шешімге түзету судьялардың қол қоюының алдында айтылуға тиіс.
Ескерту. 221-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.12.10 № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

222-бап. Мемлекеттік органдардың, жергілікті
өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың және
лауазымды адамдардың әрекеттері
(әрекетсіздіктері) мен шешімдерін заңсыз деп
тану туралы шешім

1. Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың және лауазымды адамдардың әрекеттері (әрекетсіздіктері) мен шешімдерін заңсыз деп тану туралы талап қоюды қанағаттандыру кезінде сот дауға түсіп отырған әрекетті (әрекетсіздікті) немесе шешімді заңсыз деп таниды, азаматтың талабын қанағаттандыруды міндеттейді, оған қолданылған жауаптылық шараларын жояды не оның нұқсан келтірілген құқықтары мен бостандықтарын өзгедей әдіспен қалпына келтіреді. Нормативтік құқықтық актіні заңсыз деп тану туралы шешімнің қарар бөлігінде ол қабылданған кезден бастап бұл акті қолданылмайды деп есептелетіні көрсетілуі мүмкін.
2. Соттың нормативтік құқықтық актіні заңсыз деп тану туралы шешімі немесе ол туралы хабарлама нормативтік құқықтық акт жарияланған бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.

223-бап. Ақша сомаларын өндіріп алу туралы шешім

Сот ақша сомаларын өндіріп алу туралы шешім шығарған кезде шешімнің қарар бөлігінде өндірілетін ақша сомасының мөлшерін және валюта түрін цифрмен және сөздермен көрсетеді.

224-бап. Атқару құжатының немесе өзге құжаттың
күші жойылды деп тану туралы шешім

Өндіріп алу даусыз (акцептсіз) тәртіппен, оның ішінде нотариустың атқарушы жазбасының негізінде жүргізілетін атқару құжатының немесе өзге құжаттың күші жойылды деп тану туралы дау бойынша талап арызды қанағаттандыру кезінде шешімнің қарар бөлігінде атқарылуға тиісті емес құжаттың атауы, нөмірі, күні және есептен шығарылуға жатпайтын сома көрсетіледі.

225-бап. Шартты жасасу немесе өзгерту туралы шешім

Шарт жасасу немесе өзгерту кезінде туындаған дау бойынша қарар бөлігінде шарттың әрбір даулы жағдайы бойынша шешім көрсетіледі, ал шарт жасасуға мәжбүрлеу туралы дау бойынша шарттың түрі және тараптар шарт жасасуға міндетті талаптар көрсетіледі.

226-бап. Мүлікті немесе оның құнын алып беру
туралы шешім

Мүлік заттай алып берген кезде сот шешімде оның дербес - белгілі бір белгілерін және, егер шешімді орындау кезінде алып берілетін мүлік болмай қалса, жауапкерден өндірілуге тиіс мүліктің құнын көрсетеді.

227-бап. Жауапкерді белгілі бір әрекеттер жасауға
міндеттейтін шешім

1. Жауапкерді мүлік немесе ақша сомаларын берумен байланысты емес белгілі бір әрекеттер жасауға міндеттейтін шешім шығарған кезде сот сол шешімде, егер жауапкер шешімді белгіленген мерзім ішінде орындамаса, онда талап қоюшының бұл әрекеттерді соттың ұйғарымы бойынша жауапкердің есебінен қажетті шығындарды өндіріп ала отырып жасауға құқылы екенін көрсете алады.
2. Егер аталған әрекеттерді тек жауапкер жасай алатын болса, сот шешімде шешім орындалуға тиіс мерзімді белгілейді.

228-бап. Бірнеше талап қоюшының пайдасына немесе
бірнеше жауапкерге қарсы шешім

1. Бірнеше талапкердің пайдасына шешім шығарғанда сот шешімнің олардың әрқайсысына қандай үлесі қатысты екенін көрсетеді немесе өндіріп алу құқығы ортақ болатынын көрсетеді.
2. Бірнеше жауапкерге қарсы шешім шығарғанда сот әр жауапкердің шешімнің қандай үлесін орындауға тиіс екенін көрсетеді немесе олардың жауаптылығының ортақ болатынын көрсетеді.