Бап. Сот отырысы
Азаматтық істі қарау іске қатысушы адамдарды міндетті түрде хабардар ете отырып, сот отырысында жүргізіледі.
176-бап. Сот отырысында төрағалық етуші
1. Төрағалық етушінің міндетін судья атқарады. Төрағалық етуші істің барлық мән-жайының толық, жан-жақты және объективті анықталуын, іс жүргізу әрекеттерінде дәйектіліктің және тәртіптің сақталуын, процеске қатысушылардың өздерінің іс жүргізу құқықтарын жүзеге асыруын және олардың өз міндеттерін орындауын, процестің тәрбиелік ықпалын қамтамасыз ете отырып, отырыстың барысына басшылық жасайды, қаралатын іске қатысы жоқ мәселелердің барлығын сот қарауынан шығарып тастайды.
2. Процеске қатысушылардың қайсыбірі төрағалық етушінің іс-әрекетіне қарсылық білдірген жағдайда бұл қарсылық білдірулер сот отырысының хаттамасына енгізіледі. Төрағалық етуші өзінің іс-әрекеттеріне қатысты түсініктеме береді.
3. Төрағалық етуші сот отырысында тиісті тәртіптің қамтамасыз етілуіне қажетті шаралар қолданады. Оның өкімі процеске қатысушылардың барлығы үшін, сондай-ақ сот отырысы залында қатысып отырған азаматтар үшін міндетті.
177-бап. Сотта іс қараудың тікелей және
ауызша жүргізілуі
1. Істі қарау кезінде сот іс бойынша дәлелдемелерді тікелей зерттеуге: тараптардың және іске қатысушы басқа да адамдардың түсініктерін, куәлардың айғақтарын, сарапшылардың қорытындыларын, мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қорытындыларын тыңдауға, құжаттармен танысуға, заттай дәлелдемелерді қарап шағуға, дыбыс жазбаларын тыңдауға және бейне жазбаларды, кино-, фотоматериалдарды көруге, ақпаратты қайта құрудың өзге де құралдарының материалдарымен танысуға міндетті. Қажет болған жағдайларда іс бойынша дәлелдемелерді зерттеген кезде сот маманның консультациялары мен түсіндірмелерін тыңдайды.
2. Істі қарау ауызша жүргізіледі. Істі қарау процесінде судья ауысқан жағдайда істі қарау басынан бастап жүргізілуге тиіс.
178-бап. Сот отырысындағы тәртіп
1. Судья сот отырысы залына кірген кезде залдағы барлық қатысушылар орындарынан тұрады. Іс шешім шығарусыз аяқталатын сот шешімін немесе сот ұйғарымын сот отырысы залындағы жұрттың барлығы түрегеп тұрып тыңдайды.
2. Процеске қатысушылар судьяға түрегеп тұрып жүгінеді және өздерінің айғақтары мен түсініктемелерін айтады. Осы ережені орындамауға төрағалық етушінің рұқсатымен ғана жол берілуі мүмкін.
3. Процеске қатысушылар, сондай-ақ сот отырысы залындағы барлық азаматтар белгіленген тәртіпті сақтауға міндетті.
179-бап. Сот отырысында тәртіп бұзушыларға
қолданылатын шаралар
1. Істі қарау кезінде тәртіп бұзған адамға төрағалық етуші соттың атынан ескерту жасайды.
2. Тәртіпті қайталап бұзған кезде іске қатысушы адам сот ұйғарымы бойынша сотта іс қараудың барлық уақытына немесе оның бір бөлігіне сот отырысы залынан шығарылып жіберілуі мүмкін. Соңғы жағдайда төрағалық етуші отырыс залына қайта жіберілген адамды ол жоқ кезде жасалған іс жүргізу әрекеттерімен таныстырады.
3. Іске қатыспайтын және істі қарау кезінде қатысушы азаматтар тәртіпті қайталап бұзғаны үшін төрағалық етушінің өкімімен отырыс залынан шығарылып жіберіледі.
4. Алынып тасталды - ҚР 2009.12.10 № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
5. Алынып тасталды - ҚР 2009.12.10 № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
6. Істі қарау барысында оған қатысушы азаматтар жаппай тәртіп бұзған кезде сот іске қатыспайтын азаматтардың барлығын сот отырысы залынан шығарып, істі жабық отырыста қарауы немесе істі қарауды кейінге қалдыруы мүмкін.
Ескерту. 179-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.06.29 N 270, 2009.12.10 № 227-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.