Бап. Еріксіз келтіру
1. Еріксіз келтіру – бұл жауапкерді, куәні, сарапшыны, маманды және аудармашыны олар сотқа келуден дәлелді себептерсіз жалтарған жағдайда, сотқа мәжбүрлеп әкелу.
2. Еріксіз келтіруді сот ұйғарымы бойынша сот приставтары немесе ішкі істер органдары жүзеге асырады.
120-бап. Сот залынан шығарып жіберу
Сот отырысында тәртіп бұзушыларға сот осы Кодекстің 179-бабында көзделген жағдайларда және тәртіппен сот залынан шығарып жіберуді қолданады.
121-бап. Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін
жауаптылық шаралары
1. Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін жауаптылық шараларын сот барлық адамдардың сот алдында теңдігінің конституциялық принципін және сот төрелігі міндеттерін іске асыру мақсатында қолданады.
2. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 513-бабында көзделген іс-әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасағаны үшін бұған кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 648-бабының 1-1-бөлігінде көзделген тәртіппен әкімшілік жауаптылыққа тартылады.
3. Егер сот отырысында тәртіп бұзушының іс-әрекеттерінде қылмыс белгілері болса, сот тәртіп бұзушыға қатысты қылмыстық іс қозғау мәселесін шешу үшін материалдарды прокурорға жібереді.
122-бап. Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін мәжбүрлеу
және жауаптылық шараларын қолдану. Оларға
шағымдану және наразылық беру тәртібі
1. Заңға қарсы жасалған іс-әрекет (әрекетсіздік) үшін бір ғана мәжбүрлеу шарасы және (немесе) бір ғана жауаптылық түрі қолданылады.
2. Соттың мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы ұйғарымына (қаулысына) жеке шағым берілуі және наразылық келтірілуі мүмкін.
10-тарау. Іс жүргізу мерзімдері
123-бап. Іс жүргізу әрекеттерін жасау мерзімдері
1. Іс жүргізу әрекеттері заңда белгіленген мерзімдерде жасалады.
2. Егер іс жүргізу әрекеттерін жасауға арналған мерзім заңда белгіленбеген жағдайда, оны сот тағайындайды.
124-бап. Іс жүргізу мерзімдерін есептеу
1. Іс жүргізу әрекеттерін жасауға арналған мерзімдер сөзсіз болуға тиіс оқиға көрсетіле отырып, дәлме-дәл күнтізбелік күнмен немесе жылдармен, айлармен немесе күндермен есептелетін уақыт кезеңімен белгіленеді. Соңғы жағдайда әрекет бүкіл кезеңнің ішінде жасалуы мүмкін.
2. Кезеңмен есептелетін іс жүргізу мерзімінің ағымы оның басталуы белгіленген күнтізбелік күннен немесе оқиға болған күннен кейінгі күні басталады.
125-бап. Іс жүргізу мерзімдерінің аяқталуы
1. Жылдармен есептелетін мерзім сол мерзімінің соңғы жылының тиісті айында және күнінде бітеді. Айлармен есептелетін мерзім сол мерзімінің соңғы айының тиісті ай мен күнінде бітеді. Егер айлармен есептелетін мерзімнің соңы тиісті күні жоқ айға сәйкес келсе, мерзім осы айдың соңғы күнінде бітеді. Күндермен есептелетін мерзім белгіленген кезеңнің соңғы күні бітеді. Мерзімнің соңғы күні демалыс күніне тап келген жағдайда мерзімнің аяқталатын күні одан кейінгі жұмыс күні болып есептеледі.
2. Жасалуына мерзім белгіленген іс жүргізу әрекеті мерзімнің соңғы күніне жиырма төрт сағат қалғанға дейін орындалуы мүмкін. Егер шағым, құжаттар не ақша сомалары мерзімнің соңғы күніне жиырма төрт сағат қалғанға дейін почтаға, телеграфқа тапсырса немесе байланыстың өзге де құралдары бойынша берілсе, мерзім өтіп кеткен болып есептелмейді.
3. Егер іс жүргізу әрекеті тікелей сотта немесе басқа ұйымда жасалуы тиіс болса; белгіленген ереже бойынша бұл ұйымдарда жұмыс аяқталатын немесе тиісті операциялар тоқтатылатын сағатта мерзім бітеді.
126-бап. Іс жүргізу мерзімдерін өткізіп алу салдары
1. Іс жүргізу әрекеттерін жасау құқығы заңда белгіленген немесе сот тағайындаған мерзімінің аяқталуымен жойылады. Іс жүргізу мерзімдері аяқталғаннан кейін берілген шағымдар мен құжаттарды, егер өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш берілмесе, сот қараусыз қалдырады және оларды берген адамға қайтарылады.
2. Іс жүргізу мерзімдерінің бітуі іс жүргізу міндеттерін орындаудан босатпайды.
127-бап. Іс жүргізу мерзімдерін тоқтата тұру
1. Барлық аяқталмаған іс жүргізу мерзімдерінің ағымы іс жүргізуді тоқтата тұрумен тоқтатыла тұрады. Мерзімдерді тоқтата тұру іс жүргізуді тоқтата тұру үшін негіз болған мән-жайлар туындаған уақыттан басталады.
2. Іс жүргізу қайта басталған күннен бастап іс жүргізу мерзімдерінің ағымы жалғасады.
128-бап. Іс жүргізу мерзімдерін ұзарту және
қалпына келтіру
1. Сот тағайындаған мерзімдерді сот ұзарта алады.
2. Егер заңмен белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін. Егер мерзімді қалпына келтіру туралы арыз шешім қабылданған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей берілсе, сот апелляциялық шағым беру мерзімін қалпына келтіруі мүмкін.
3. Өткізіліп алынған мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш іс жүргізу әрекеттерін жасауға тиісті болатын сотқа беріледі. Сот бұл өтінішті мәселенің қаралатын орны мен уақыты хабарланатын іске қатысушы адамдардың қатысуымен қарайды, алайда олардың келмей қалуы соттың алдына қойылған мәселені шешу үшін кедергі болып табылмайды.
4. Мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш берумен қатар ол бойынша мерзімі өткізіліп алынған қажетті іс жүргізу әрекеттері жасалуға (құқық қорғау туралы талап қойылуға, шағым берілуге, құжаттар табыс етілуге және т.б.) тиіс.
4-1. Осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген сот өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша процеске қатысушының мүмкіндігін шектеген заңды бұзушылық кезінде (сот отырысының хаттамасын уақтылы жасамау, сот ісін жүргізу тілін білмейтін іске қатысушы адамға сот актісінің аудармасы жоқ көшірмесін табыс ету, сот актісінің қарар бөлігінде шағымдану мерзімін дәл көрсетпеулер), сондай-ақ оған уақытында шағым немесе наразылық келтіруге объективті түрде кедергі жасаған өзге де мән-жайлар болған кезде апелляциялық (жеке) шағым берудің, наразылық келтірудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтіруге міндетті.
5. Соттың өткізіліп алынған іс жүргізу мерзімін ұзартудан және қалпына келтіруден бас тарту туралы ұйғарымына жеке шағым берілуі және наразылық келтірілуі мүмкін.
Ескерту. 128-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.12.10 № 227-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.02.17 N 565-IV (2012.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
11-тарау. Сот хабарлаулары мен шақырулары
129-бап. Соттың хабарлаулары мен шақырулары
1. Сотқа қатысушы адамдар, олардың өкілдері, сондай-ақ куәлар, сарапшылар, мамандар және аудармашылар сот отырысының немесе жекелеген іс жүргізу әрекеттерін жасаудың уақыты мен орны туралы хабарландырылады және соттың шақыру қағаздарымен сотқа шақырылады.
2. Қажет болған жағдайларда, іске қатысушы адамдар, сондай-ақ куәлар, сарапшылар, мамандар және аудармашылар тапсырылғаны туралы хабарлай отырып, тапсырыстық хат, телефонограмма немесе жеделхат, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі немесе электрондық мекенжай бойынша қысқа мәтіндік хабарлама арқылы, сондай-ақ хабарлаудың немесе шақырудың тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалану арқылы хабарландырылуы немесе шақырылуы мүмкін.
3. Хабарлаулар мен шақырулар хабарландырылған немесе шақырылған адамның сотқа уақтылы келуі және іске даярлануы үшін жеткілікті мерзімі болуы есептеле отырып жолдануға тиіс.
4. Хабарлау немесе шақыру хабарландырылатын немесе шақырылатын адамға тарап немесе іске қатысатын басқа да адам көрсеткен мекенжай, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі немесе электрондық мекенжай бойынша жіберіледі. Егер сотқа хабарланған мекенжай бойынша азамат іс жүзінде тұрмайтын болса, хабарлау немесе шақыру оның жұмыс орнына жіберілуі мүмкін. Ұйымға арналған хабарлау немесе шақыру оның орналасқан жеріне жіберіледі.
Ескерту. 129-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 N 565-IV (2012.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
130-бап. Шақыру қағазының немесе өзге де хабарлаудың,
шақырудың мазмұны
1. Шақыру қағазында немесе өзге де хабарлауда, шақыруда мыналар болуға тиіс:
1) сотқа хабарланатын немесе шақырылатын адамды көрсету (тегі, аты, әкесінің аты және олар жолданатын адамның тұрғылықты жері не ұйымның атауы мен орналасқан жері);
2) соттың атауы мен нақты мекен-жайы;
3) келетін жері мен уақыты;
4) адресатқа хабарлау немесе оны шақыру жүргізілетін істің атауы;
5) адресат кім ретінде хабарланып немесе шақырылып отырғандығын көрсету;
6) іске қатысушы тұлғаларға іс бойынша оларда бар барлық дәлелдемелерді табыс етуді ұсыну;
7) адресаттың болмауына байланысты шақыру қағазын немесе өзге де хабарламаны, шақыруды алған адамның оны алғашқы мүмкіндік болған кезде адресатқа тапсыруға міндеттілігін көрсету;
8) хабарланатын немесе шақырылатын адамның сотқа келмей қалу салдарын және оның келмеу себебін сотқа хабарлауға міндетті екенін көрсету;
9) шақыру қағазын немесе өзге де хабарлауды, шақыруды жіберуші адамның қолы. Хабарлау немесе шақыру туралы телефонограмма жіберген адам оны кімге және қай уақытта бергендігін көрсете отырып өзінің қол қоюымен куәландыруы тиіс.
2. Шақыру қағазымен бірге судья жауапкерге талап арыздың көшірмесі мен арызға қоса берілген құжаттардың көшірмесін жібереді. Талап қоюшыға жіберетін шақыру қағазымен бірге судья жауапкердің жазбаша түсініктемелерінің көшірмесін және оған қоса, егер олар сотқа түскен болса, оларға қоса тіркелген құжаттардың көшірмесін жібереді.
3. Ұялы байланыстың абоненттік нөмірі немесе электрондық мекенжай бойынша жіберілетін хабарламада:
1) хабардар етілетін немесе сотқа шақырылатын адамды көрсету (хабарлама жолданатын адамның тегі, аты, әкесінің аты не ұйымның атауы);
2) соттың атауы мен нақты мекенжайы;
3) келетін жері мен уақытын көрсету;
4) адресатқа хабарлау немесе оны шақыру жүргізілетін істің қысқаша атауы;
5) адресат кім ретінде хабарланып немесе шақырылып отырғандығын көрсету;
6) хабарлама жіберген адамның тегі мен аты қамтылуға тиіс.
Хабарламаның жіберілгендігін растайтын құжат істің материалдарына қоса тіркеледі.
Ескерту. 130-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.17 N 565-IV (2012.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
131-бап. Шақыру қағазын жеткізу
1. Шақыру қағаздары хабардар етіліп, тапсырысты хатпен почта арқылы жеткізіледі немесе мұны судья тапсырған адамдар жеткізеді. Шақыру қағазын адресатқа тапсыру уақыты шақыру қағазының сотқа қайтарылуға тиісті түбіршегінде белгіленеді.
2. Сот іске қатысушы адамның келісімімен оның қолына хабарланатын немесе іс бойынша шақырылатын адамға тапсыру үшін шақыру қағазын беруі мүмкін.
3. Шақыру қағазын жеткізу тапсырылған адам оны тапсырған күні көрсетілген және адресаттың шақыру қағазын алғандығы жөнінде қолы қойылған шақыру қағазының түбіршегін сотқа қайтаруға міндетті.
132-бап. Шақыру қағазын тапсыру
1. Шақыру қағазы жіберілген азаматқа табыс етіліп, сотқа қайтарылуға тиісті түбіршегіне оның өз қолы қойылады. Ұйымға жіберілген шақыру қағазы оның өкіліне немесе басқару қызметін атқаратын тиісті адамға табыс етіледі, ол шақыру қағазының түбіршегіне оны алғандығы жөнінде өзінің қызметін, тегін және аты-жөнін көрсетіп қол қояды.
2. Егер шақыру қағазын жеткізуші адам іс бойынша хабарланатын немесе шақырылатын азаматты тұрғылықты жерінен немесе жұмысынан таба алмаса, онда шақыру қағазы олардың келісімімен - онымен бірге тұратын отбасының ересек мүшелерінің біріне, ал олар болмаған жағдайда тұрғын үй-пайдалану ұйымына, жергілікті өзін-өзі басқару органына немесе адресаттың тұрғылықты жері бойынша тиісті атқарушы органға немесе оның жұмыс орнындағы әкімшілікке тапсырылады. Бұл жағдайларда шақыру қағазын қабылдап алған адам шақыру қағазының түбіршегіне өзінің тегін, атын, әкесінің атын, сондай-ақ адресатқа қатыстылығын немесе атқаратын қызметін көрсетуге міндетті. Шақыру қағазын қабылдап алған адам мүмкіндігінше кідіртпей шақыру қағазын адресатқа тапсыруға міндетті.
3. Адресат уақытша болмаған жағдайда, шақыру қағазын жеткізуші адам шақыру қағазының түбіршегіне адресаттың қайда кеткендігін және оның қашан қайтып келуі мүмкін екендігін белгілейді. Бұл мәліметтерді - тұрғын үй-пайдалану ұйымы, жергілікті өзін-өзі басқару органы немесе адресаттың тұрғылықты жері бойынша тиісті атқарушы орган немесе оның жұмыс орны бойынша әкімшілік, ал оларда бұл мәліметтер болмаған жағдайда онымен бірге тұратын отбасының ересек мүшелерінің бірі растауға және куәландыруға тиіс.
133-бап. Шақыру қағазын немесе өзге хабарлауды,
шақыруды қабылдаудан бас тартудың салдары
1. Адресат шақыру қағазын немесе өзге хабарлауды, шақыруды қабылдаудан бас тартқан жағдайда оны жеткізуші немесе табыс етуші адам сотқа қайтарылатын шақыру қағазына немесе хабарлауға, шақыруға тиісті белгі соғады. Адресаттың шақыру қағазын немесе хабарлауды, шақыруды қабылдаудан бас тартуы туралы белгіні тұрғын үй-пайдалану ұйымы, жергілікті өзін-өзі басқару органы немесе шақырылған адамның тұрғылықты жері бойынша тиісті атқарушы орган немесе оның жұмыс орны бойынша әкімшілік куәландырады.
2. Шақырылған адамның шақыру қағазынан немесе өзге де хабарлаудан, шақырудан бас тартуы істі қарауға немесе жасалған жекелеген іс жүргізу әрекеттерін жасауға кедергі болмайды.
134-бап. Іс бойынша іс жүргізу кезінде мекенжайды, ұялы
байланыстың абоненттік нөмірін және электрондық
мекенжайды ауыстыру
Іске қатысатын адамдар мен олардың өкілдері іс бойынша іс жүргізген уақытта сотқа өз мекенжайының, ұялы байланыстың абоненттік нөмірінің, электрондық мекенжайының ауысқаны туралы хабарлауға міндетті. Мұндай хабарлау болмаған жағдайда шақыру қағазы немесе өзге де хабарлау, шақыру сотқа белгілі соңғы мекенжай, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі немесе электрондық мекенжайы бойынша жіберіледі және адресат бұл мекенжай бойынша енді тұрмаса да немесе болмаса да, ұялы байланыстың бұл абоненттік нөмірін немесе электрондық мекенжайды пайдаланбаса да, жеткізілді деп есептеледі.
Ескерту. 134-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.02.17 N 565-IV (2012.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
135-бап. Жауапкер болған жердің белгісіздігі және
оны іздестіру
1. Жауапкердің іс жүзінде болған жері белгісіз болған жағдайда тұрғын үй-пайдалану ұйымының, жергілікті өзін-өзі басқару органының, немесе жауапкердің соңғы белгілі тұрғылықты жері бойынша тиісті атқарушы органның немесе оның соңғы белгілі жұмыс орны бойынша әкімшіліктің шақыру қағазын немесе өзге де хабарлауды, шақыруды алғанын куәландыратын жазбамен олар сотқа келіп түскеннен кейін сот істі қарауға кіріседі.
2. Мемлекет мүдделеріне орай, сондай-ақ алименттерді өндіріп алу, асыраушысының жарақат алуымен немесе денсаулықтың өзгедей зақымдануымен немесе қайтыс болуымен келтірілген зиянды өтеу туралы талап қою бойынша жауапкердің болған жері белгісіз болған жағдайда сот жауапкерді ішкі істер органдары немесе қаржы полициясы арқылы іздестіру жариялауға міндетті. Соттың жауапкерді іздестіруді жариялауы істі қарауға кедергі болмайды.
Iздестiру шаралары барысында жауапкердiң жүрген жерi анықталған кезде оған сотқа шақыру туралы соттың шақыру қағазы табыс етiледi.
3. Жауапкерді іздестіру жөніндегі шығындарды өндіріп алу ішкі істер органының немесе қаржы полициясының мәлімдеуі бойынша сот бұйрығын беру жолымен жүргізіледі.
Ескерту. 135-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.07.11. N 238 Заңымен .
12-тарау. Заңды тұлғалар, заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік
қызметті жүзеге асыратын азаматтар болып табылатын
тараптардың мүліктік дауларды сотқа дейінгі реттеуі
Ескерту. 12-тарау алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2001.07.11. N 238 Заңымен .
2-бөлім. Бірінші сатыдағы сотта іс жүргізу
1-бөлімше. Бұйрық арқылы іс жүргізу
13-тарау. Бұйрық арқылы іс жүргізу
139-бап. Сот бұйрығының негізінде берешекті өндіріп алу
1. Сот бұйрығы өндіріп алушының ақшалай сомаларды өндіріп алу немесе мүлікті борышкерді немесе өндіріп алушыны олардың түсіндірмелерін тыңдау үшін шақырмай-ақ және сотта іс қарамай-ақ, даусыз талаптар бойынша борышкерден талап ету туралы арызы бойынша шығарылған судьяның актісі болып табылады.
2. Сот бұйрығының мазмұны осы Кодекстің 146-бабымен белгіленеді.
3. Сот бұйрығының атқарушылық құжат күші болады. Ол бойынша өндіріп алу бұйрық берілгеннен кейін және сот шешімдерін атқару үшін белгіленген тәртіпте жүргізіледі.
Ескерту. 139-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2000.07.05. N 75 Заңымен .
140-бап. Сот бұйрығы шығарылатын талаптар
Сот бұйрығы:
1) егер талап нотариатта куәландырылған мәмілеге негізделсе;
2) егер талап жазбаша мәмілеге негізделсе және оны жауапкер таныса;
3) егер талап төленбеген вексельге, акцептің болмауына және нотариус жасаған акцептің күні белгіленбеуіне білдірілген наразылыққа негізделсе;
4) егер әкеліктің белгіленуіне немесе үшінші тұлғаларды тарту қажеттігіне қатысы жоқ, кәмелетке толмаған балалар үшін алименттерді өндіріп алу туралы талап мәлімделген болса;
5) егер азаматтардан және заңды тұлғалардан салықтар мен басқа да міндетті төлемдер бойынша бересіні өндіріп алу туралы талап мәлімделген болса;
6) егер қызметкерге аударылған, бірақ төленбеген жалақы мен өзге де төлемдерді өндіріп алу туралы талап мәлімделген болса;
7) егер жауапкерді немесе борышкерді іздестіру жөніндегі шығындарды өндіріп алу туралы талаптарды ішкі істер органдары немесе қаржы полициясы мәлімдеген болса;
7-1) егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес лизинг нысанасын даусыз талап ету туралы талап мәлiмделген болса;
8) алып тасталды
9) алып тасталды
10) егер кепіл беруші-борышкерге кепілге салынған затынан өндіріп алу туралы ломбардтың талабы мәлімдеген болса;
11) егер кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған міндетті шығыстарға қатысудан жалтарған үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелерінен берешекті өндіріп алу туралы талап мәлімделген болса, шығарылады.
Ескерту. 140-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2000.07.05 N 75, 2001.03.01 N 162, 2001.07.11 N 238, 2004.03.10 N 532, 2011.07.22 № 479-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
141-бап. Сот бұйрығын шығару туралы арыздың
нысаны мен мазмұны
1. Сот бұйрығын шығару туралы арыз осы Кодекстің 3-тарауында белгіленген соттылықтың жалпы ережелері бойынша сотқа беріледі.
2. Арыз жазбаша нысанда беріледі. Арызда:
1) арыз берілетін соттың атауы;
2) өндіріп алушының аты, оның туған күні, айы, жылы, тұрғылықты жері немесе тұрған жері, заңды тұлғаның реквизиттері;
3) борышкердің аты, оның туған күні, айы, жылы, тұрғылықты жері немесе тұрған жері, заңды тұлғаның реквизиттері;
4) өндіріп алушының талаптары және ол негізделген мән-жайлар;
5) мәлім етілген талаптарды растайын қоса тіркелетін құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.
3. Мүлік талап етілген жағдайда арызда осы мүліктің құны көрсетілуге тиіс.
4. Арызға өндіріп алушы немесе оның өкілі қол қояды. Өкіл беретін арызға оның өкілеттігін куәландыратын құжат қоса тіркелуге тиіс.
Ескерту. 141-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2000.07.05 N 75, 2010.04.02 N 262-IV (2010.10.21 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.