Бап. Сарапшыдан жауап алу

1. Сарапшыдан жауап алу, егер сарапшының қорытындысы жеткілікті түрде айқын болмаса, толықтыру үшін қосымша зерттеулер жүргізу талап етілмейтін олқылықтары болса немесе сарапшы қолданған әдістер мен терминдерді нақтылау қажет болса, оның қорытындысы жарияланғаннан кейін ғана жүргізілуі мүмкін.
2. Сарапшыдан тірі адамдарға қатысты сот-психиатриялық, сондай-ақ сот-медициналық сараптама жүргізуге байланысты оған белгілі болған, оның қорытындысына қатысты емес мән-жайлар бойынша жауап алуға болмайды.
3. Өтініші бойынша сараптама тағайындалған тарап сарапшыдан бірінші болып жауап алады.
4. Егер сараптама тараптар арасындағы келісім бойынша немесе соттың бастамасы бойынша жүргізілсе, сарапшыға бірінші болып талапкер, содан кейін жауапкер сұрақтар қояды.
5. Сот жауап алудың кез келген сәтінде сарапшыға сұрақ қоюға құқылы.
Ескерту. Кодекс 98-1-баппен толықтырылды - ҚР 2010.01.20 № 241-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

99-бап. Маманды іс жүргізу әрекеттеріне
қатыстыруға тарту

1. Сот ғылыми-техникалық құралдарды қолдануға консультациялар (түсiндiрмелер) беру және көмектесу арқылы дәлелдемелердi жинауда, зерттеуде және бағалауда жәрдем көрсету мақсатында сот отырысына немесе iс жүргiзу әрекеттерiне қатыстыру үшiн iстiң нәтижесiне мүдделi емес, арнаулы білiмi бар кәмелетке толған адамды маман ретiнде тартуы мүмкiн.
Сот тараптың өтініші бойынша да мамандарды тартуға құқылы. Iске қатысатын адамдар арнаулы бiлiмi бар нақты адамды маман ретiнде тарту туралы сотқа өтiнiш жасай алады.
2. Маманды тағайындау сот ұйғарымымен ресімделеді.
3. Маман ретінде шақырылған адамның: өзінің шақырылуы мақсатын білуге; егер арналуы білімі мен дағдысы болмаса, іс бойынша іс жүргізуге қатысудан бас тартуға; соттың рұқсатымен іс жүргізу әрекетіне қатысушыларға сұрақтар беруге; іс жүргізу әрекетіне қатысушылардың назарын дәлелдемелердi жинауға, зерттеуге және бағалауға жәрдем көрсету кезінде, ғылыми-техникалық құралдарды қолдану, сараптама тағайындау үшін материалдарды дайындау кезінде өзінің іс-әрекетіне байланысты мән-жайларға аударуға; өзі қатысқан іс жүргізу әрекетінің хаттамасымен, сондай-ақ сот отырысы хаттамасының тиісті бөлігімен танысуға және өзінің қатысуымен жүргізілген әрекеттердің барысы мен нәтижелері көрсетілуінің толымдығы мен дұрыстығына қатысты хаттамаға енгізілуге тиісті мәлімдемелер мен ескертпелер жасауға; соттың іс-әрекетіне шағым жасауға; өзінің іс жүргізу әрекеттеріне қатысуға байланысты өзіне келтірілген шығындарға өтем және іс бойынша іс жүргізуге қатысу оның қызметтік міндеттерінің шеңберіне кірмейтін болса, орындалған жұмыс үшін сыйақы алуға құқығы бар.
4. Маман болып тағайындалған адам: соттың шақыруы бойынша келуге; арнаулы білімді, дағдылар мен ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, іс жүргізу әрекеттерін жүргізуге және сот ісін қарауға қатысуға; консультациялар беруге, өзі орындаған әрекеттер бойынша түсініктемелер беруге міндетті.
Ескерту. 99-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.04. N 151 Заңымен.

8-тарау. Сот шығындары

100-бап. Сот шығындары ұғымы және олардың құрамы

Сот шығындары мемлекеттік баж бен іс жүргізуге байланысты шығындардан тұрады.