Бап. Кешенді сараптама
1. Кешенді сараптама іс үшін маңызы бар мән-жайларды анықтау үшін әртүрлі білім саласының негізінде зерттеулер жүргізу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны мамандығы әртүрлі сарапшылар өздерінің құзыреті шеңберінде жүргізеді.
2. Кешенді сараптаманың қорытындысында әрбір сарапшының қандай зерттеуді, оны қандай көлемде жүргізгені және оның қандай қорытындыға келгені көрсетілуге тиіс. Әрбір сарапшы қорытындының осы зерттеулер мазмұндалған бөлігіне қол қояды.
3. Әрбір сарапшы жүргізген зерттеулер нәтижелерінің негізінде олар анықтау үшін сараптама тағайындалған мән-жайлар туралы ортақ қорытынды (қорытындылар) тұжырымдайды. Ортақ қорытындыны (қорытындыларды) алынған нәтижелерді бағалауға құзыреті бар сарапшылар ғана тұжырымдайды және оған қол қояды. Егер комиссияның түпкілікті қорытындысына немесе оның бір бөлігінде сарапшылардың бірі (жекелеген сарапшылар) анықтаған фактілер негіз болса, онда бұл туралы қорытындыда көрсетілуге тиіс.
4. Сарапшылар арасында келіспеушіліктер болған жағдайда зерттеулердің нәтижелері осы Кодекстің 94-бабының үшінші бөлігіне сәйкес ресімделеді.
5. Сот сараптамасы органына тапсырылған кешенді сараптама жүргізуді ұйымдастыру оның басшысына жүктеледі. Сот сараптамасы органының басшысы сондай-ақ табыс етілген материалдар бойынша кешенді сараптама жүргізу туралы өз бетінше шешім қабылдауға және оны жүргізуді ұйымдастыруға құқылы.
96-бап. Сарапшының қорытындысы
1. Сарапшының қорытындысы - сот немесе тараптар сарапшының алдына қойған мәселелер бойынша сараптама объектілерін арнаулы ғылыми білімді пайдалана отырып жүргізілген зерттеуге негізделіп, осы Кодексте көзделген жазбаша нысанда ұсынылған қорытындылар.
2. Сарапшы (сарапшылар) қажетті зерттеулер жүргізгеннен кейін оның нәтижелерін ескере отырып, өз атынан қорытынды жасайды, оны өз (өздерінің) қол қоюымен және жеке мөрімен куәландырып, сараптама тағайындаған сотқа жібереді. Сараптаманы сот сараптамасы органы жүргізген жағдайда сарапшының (сарапшылардың) қолы аталған органның мөрімен расталады.
3. Сарапшының қорытындысында: оның ресімделген күні, сараптаманың жүргізілген мерзімдері және орны; сот сараптамасын жүргізудің негіздері; сот туралы мәліметтер, сараптама жүргізу тапсырылған сот сараптамасы органы және (немесе) сарапшы (сарапшылар) туралы мәліметтер (тегі, аты, әкесінің аты, білімі, мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс стажы, ғылыми дәрежесі және ғылыми атағы, атқаратын қызметі); көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылық туралы өзінің ескертілгені туралы сарапшының қолымен куәландырылған белгі; сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер: сараптама жүргізу кезінде процеске қатысқан қатысушылар және олар берген түсіндірмелер туралы мәліметтер; зерттеу объектілері; пайдаланылған әдістемелер көрсетіле отырып, зерттеулердің мазмұны мен нәтижелері; жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін бағалау, сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер бойынша қорытындылардың негіздемесі мен тұжырымы көрсетілуге тиіс.
4. Егер осы Кодекстің 97-бабында көрсетілген мән-жайлар зерттеу барысында анықталса, қорытындыда қойылған сұрақтардың бәріне немесе олардың кейбіреуіне жауап берудің мүмкін еместігінің негіздемесі қамтылуға тиіс.
5. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген тәртіппен куәландырылған, сарапшының қорытындысын көрнекілейтін материалдар (фотокестелер, схемалар, графиктер, кестелер және басқа да материалдар) қорытындыға қоса беріледі және оның құрамдас бөлігі болып табылады. Сондай-ақ қорытындыға зерттеуден кейін қалған объектілер, оның ішінде үлгілер қоса берілуге тиіс.
6. Осы Кодекстің 98-1-бабында көзделген тәртіппен жүргізілген жауап алу барысында сарапшының берген айғақтары ол бұрын берген қорытындыны түсіндіру, толықтыру не нақтылау бөлігінде ғана дәлелдемелер болып табылады.
7. Сарапшының қорытындысы сот үшін міндетті болып табылмайды, алайда оның қорытындымен келіспеуі дәлелді болуға тиіс.
Ескерту. 96-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.01.20 № 241-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.
97-бап. Қорытынды берудің мүмкін еместегі туралы
хабарлама
Егер сарапшының зерттеу жүргізгенге дейін оның алдына қойылған мәселелер өзінің арнайы білімдерінің шегінен тыс екеніне не оған ұсынылған материалдар қорытынды беру үшін жарамсыз немесе жеткіліксіз екеніне және олардың толықтырылуы мүмкін емес екеніне, не ғылым мен сараптама практикасының жай-күйі қойылған сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік бермейтініне көзі жетсе, ол қорытынды берудің мүмкін еместегі туралы дәлелді хабарлама жазып, оны сотқа жібереді.
98-бап. Қосымша және қайталама сараптама
1. Қосымша сараптама қорытынды жеткілікті түрде айқын немесе толық болмаған, сондай-ақ алдыңғы зерттеуге байланысты қосымша мәселелерді шешу қажеттілігі туындаған кезде тағайындалады.
2. Қосымша сараптама жүргізу сол сарапшының өзіне немесе басқа сарапшыға тапсырылуы мүмкін.
3. Қайталама сараптама сарапшының алдыңғы қорытындысы жеткілікті түрде негізделмеген не оның қорытындылары күмән тудырған, не сараптама жүргізудің іс жүргізу нормалары елеулі бұзылған кезде дәл сол объектілерді зерттеу және дәл сол мәселелерді шешу үшін тағайындалады.
4. Қайталама сараптама тағайындау туралы ұйғарымда алдыңғы сараптаманың нәтижелеріне келіспеудің дәлелдері келтірілуге тиіс.
5. Қайталама сараптама жүргізу сарапшылар комиссиясына тапсырылады. Алдыңғы сараптаманы жүргізген сарапшылар қайталама сараптама жүргізілген кезде қатысып, комиссияға түсініктемелер бере алады, алайда олар сараптамалық зерттеуге және қорытынды жасауға қатыспайды.
6. Қосымша және қайталама сараптама жүргізу тапсырылған кезде сарапшыға (сарапшыларға) алдыңғы сараптамалардың қорытындылары табыс етілуге тиіс.
7. Егер екінші немесе реті бойынша келесі сараптама бірнеше негіздер бойынша тағайындалып, олардың бірі - қосымша, ал басқалары қайталама сараптамаға жататын болса, мұндай сараптама қайталама сараптама жүргізу ережелері бойынша жүргізіледі.
Ескерту. 98-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.01.20 № 241-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.