Бап. Тиісті емес жауапкерді ауыстыру
Бап. Тараптар
1. Талап қоюшы мен жауапкер азаматтық процесте тараптар болып табылады. Өз мүдделерін немесе талап қойылған мүдделерді көздеп талап қоюшы азаматтар мен заңды тұлғалар талап қоюшылар болып табылады. Өздеріне қуыным талабы қойылған азаматтар мен заңды тұлғалар жауапкерлер болып табылады.
2. Заңда көзделген жағдайларда заңды тұлғалар болып табылмайтын ұйымдар да тараптар болуы мүмкін.
3. Басқа тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінуге заң бойынша құқығы бар адамдардың өтініші бойынша мүдделері қозғалып іс басталған адамға сот пайда болған процесс туралы хабарлайды және ол адам сотқа талап қоюшы ретінде қатысады.
4. Азаматтық процесте мемлекет бір тарап болуы мүмкін.
5. Тараптар іс жүргізу құқықтарын тең пайдаланады және бірдей іс жүргізу міндетін мойынына алады.
49-бап. Талап қоюдың негіздемесі мен нысанасын өзгеру,
талап қоюдан бас тарту, талап қоюды тану,
бітімгершілік келісім, дауды (жанжалды) медиация
тәртібімен реттеу туралы келісім
Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.28 N 402-IV (2011.08.05 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Талап қоюшы талаптың негіздемесін немесе нысанасын өзгертуге, талап қою талабының мөлшерін ұлғайтуға не азайтуға немесе талап қоюдан бас тартуға құқылы. Талап қоюдың негіздемесі мен нысанасын өзгерту, талап қою талабының мөлшерін ұлғайту немесе азайту, талаптан бас тарту жазбаша өтініш беру жолымен жүргізіледі және оларға бірінші сатыдағы сот шешім қабылдағанға дейін жол беріледі. Жауапкер талап қоюды тануға құқылы, бұл жөнінде одан қолхат алынады. Тараптар істі бітімгершілік келісіммен немесе дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқтай алады, оларға тараптар қол қояды және сот бекітеді.
2. Соттың өз бастамасы бойынша талап қою нысанасын немесе негіздемесін өзгертуге құқығы жоқ. Егер бұл іс-әрекет заңға қайшы келсе немесе басқа біреулердің құқықтарын,бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін бұзатын болса, сот талап қоюшының талап қоюдан бас тартуын, жауапкердің талап қоюды тануын қабылдамайды және тараптардың бітімгершілік келісімін немесе тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін бекітпейді.
Ескерту. 49-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.28 N 402-IV (2011.08.05 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
50-бап. Іске бірнеше талап қоюшының немесе
жауапкердің қатысуы
Талапты бірнеше талап қоюшы бірлесіп қоюы немесе оның бірнеше жауапкерге қойылуы мүмкін. Талап қоюшылардың немесе жауапкерлердің әрқайсысы екінші тарапқа қатысты процесте дербес болады. Тараптар іс жүргізуді тиісінше тең талап қоюшылардың немесе тең жауапкерлердің біреуіне тапсыра алады.
бап. Тиісті емес жауапкерді ауыстыру
1. Сот істі дайындау үстінде немесе бірінші сатыдағы сотта оны қарау кезінде талап бойынша жауап беруге тиісті емес адамға талап қойылып отырғанын анықтаса, істі тоқтатпай талап қоюшының өтініші бойынша тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен ауыстыра алады. Тиісті емес жауапкерді ауыстырғаннан кейін істі дайындау және қарау басынан бастап жүргізіледі.
2. Егер талап қоюшы тиісті емес жауапкерді басқа тұлғамен ауыстыруға келіспесе, сот істі ұсынылған талап қою бойынша қарайды.
52-бап. Даудың нысанасына дербес талаптарын
мәлімдейтін үшінші тұлғалар
Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар бір немесе екі тарапқа талап қою арқылы бірінші сатыдағы сот шешім шығарғанға дейін процеске кірісе алады. Олар талап қоюшының барлық құқықтарын пайдаланады және оның барлық міндеттерін атқарады.
53-бап. Даудың нысанасына дербес талаптарды
мәлімдемейтін үшінші тұлғалар
Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар, егер іс тараптардың біреуіне қатысы өздерінің құқықтарына немесе міндеттеріне әсер етуі мүмкін болса, іс бойынша бірінші сатыдағы соттың шешімі шыққанға дейін талап қоюшы немесе жауапкер жағында іске кірісе алады. Олар сондай-ақ тараптардың және іске қатысушы басқа адамдардың өтінішімен немесе соттың бастамасымен іске қатысуға тартылуы мүмкін. Дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар тараптардың талап қоюдың негіздемесі мен нысанасын өзгерту, талап қою талабының мөлшерін ұлғайту немесе азайту, сондай-ақ талап қоюдан бас тарту, талап қоюды мойындау не бітімгершілік келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді жасау, қарсы талап қою, соттың шешімін мәжбүрлеп орындатуды талап ету құқықтарынан басқа іс жүргізу құқықтарын пайдаланады және іс жүргізу міндетін мойнына алады.
Ескерту. 53-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.28 N 402-IV (2011.08.05 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
54-бап. Іс жүргізу құқық мирасқорлығы
1. Даулы немесе шешіммен белгіленген құқық қатынастарынан тараптардың біреуі шығып қалған жағдайларда (азаматтың қайтыс болуы, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы, таратылуы, талапқа жол беру, борышты ауыстыру және материалдық құқық қатынастарындағы тұлғалардың басқа да өзгеру жағдайы) сот ол тарапты оның құқық мирасқорлығымен ауыстырады. Құқық мирасқорлығы процестің кез келген сатысында мүмкін болады.
2. Құқық мирасқоры процеске кіргенге дейін жасалған барлық әрекеттер құқық мирасқоры үшін бұл әрекеттер құқық мирасқоры ауыстырған тұлғаға қаншалықты міндетті болса, сондай шамада міндетті.
55-бап. Прокурордың сот ісін жүргізуге қатысуы
1. Азаматтық сот ісін жүргізуде заңдардың дәлме-дәл және бір үлгіде қолданылуына жоғары қадағалау жүргізу ісін мемлекет атынан Қазақстан Республикасының Бас прокуроры тікелей өзі және өзіне бағынатын прокурорлар арқылы жүзеге асырады.
2. Прокурордың азаматтық сот ісін жүргізуге қатысуы бұл заңда көзделген, прокурордың осы іске қатысу қажеттілігін сот таныған жағдайларда, сондай-ақ прокурордың бастамасы бойынша қозғалған, мемлекеттің мүдделерін қозғайтын, жұмысқа қайтадан алу, жалақыны өндіріп алу, азаматты басқа тұрғын үй-жай берместен тұрғын үйден шығару, өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы істер бойынша міндетті.
Прокурор өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында іс бойынша қорытынды беру үшін және азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін процеске өз бастамасы бойынша немесе соттың бастамасы бойынша қатысуға құқылы.
Прокурордың көрсетілген өкілеттіктері соттың қарауға белгіленген барлық істер туралы уақтылы хабарлауы арқылы қамтамасыз етіледі.
3. Прокурор азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерiн, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн, қоғамдық немесе мемлекеттiк мүдделердi қорғау туралы талап қойып, арыз беріп сотқа жүгінуге құқылы. Әлеуметтік саладағы шектелмеген адамдар тобының еңбек, тұрғын үй және өзге де құқықтары мен бостандықтарын қорғау туралы, сондай-ақ әрекетке қабілетсіз азаматтың мүдделерін қорғау үшін прокурор мүдделі адамның өтінішіне және арызына қарамастан талап қоюы мүмкін.
4. Егер талап қоюшы прокурор мәлімдеген талапты қолдамаса, егер үшінші тұлғалардың құқықтары, бостандықтары және заңды мүдделері қозғалмаса, онда сот талап қоюды (арызды) қараусыз қалдырады.
5. Талап қойған прокурор, бітімгершілік келісім және дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасау құқығынан басқа, талап қоюшының барлық іс жүргізу құқықтарын пайдаланады, сондай-ақ барлық іс жүргізу міндеттерін мойнына алады. Прокурордың басқа тұлғаның мүдделерін қорғау үшін талап қоюдан бас тартуы ол тұлғаны істің мәнісі бойынша қарауды талап ету құқығынан айырмайды.
6. Сот қарайтын дауда талап қоюшы немесе жауапкер ретінде прокуратура органдарының мүддесін білдіретін прокурор тараптардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін пайдаланады.
Ескерту. 55-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.12.10 № 227-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2010.12.29 N 374-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2011.01.28 N 402-IV (2011.08.05 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
56-бап. Басқа тұлғалардың құқықтарын, қоғамдық және
мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін
сотқа жүгіну
1. Заңмен көзделген жағдайларда мемлекеттік органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар немесе жекелеген азаматтар олардың өтінуімен басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін, сол сияқты қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін талап қойып сотқа жүгіне алады. Әрекетке қабілетсіз азаматтың мүддесін қорғау үшін мүдделі адамның өтінішіне қарамастан талап қойылуы мүмкін.
2. Бөгде мүдделерді қорғау үшін талап қойған адамдар, бітімгершілік келісім және дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасау құқығынан басқа, талап қоюшының барлық іс жүргізу құқықтарын пайдаланады және барлық іс жүргізу міндеттерін мойнына алады. Аталған органдар мен адамдардың талап қоюдан бас тартуы мүдделеріне сай іс қозғалған адамды істі мәні бойынша қарауды талап ету құқығынан айырмайды. Егер мүдделеріне сай іс қозғалған адам мәлімделген талапты қолдамаса, үшінші тұлғалардың құқықтарына қысым жасалмаса, сот талап қоюды (арызды) қараусыз қалдырады.
Ескерту. 56-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.28 N 402-IV (2011.08.05 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
57-бап. Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі
басқару органдарының іс бойынша қорытынды беру
үшін процеске қатысуы
1. Заңмен көзделген жағдайларда мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары өздеріне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру және азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қорғау мақсатында іс бойынша қорытынды беру үшін бірінші сатыдағы сот шешім шығарғанға дейін өз бастамашылығы бойынша, іске қатысушы тұлғалардың бастамашылығы бойынша, сондай-ақ соттың бастамашылығы бойынша процеске қатыса алады.
2. Осы бапта көрсетілген органдар өз өкілдері арқылы осы Кодекстің 47-бабында көзделген іске қатысушы адамдардың барлық құқықтарын пайдаланады.
6-тарау. Сотта өкілдік ету
58-бап. Істі өкілдер арқылы жүргізу
1. Азаматтар өз істерін сотта өздері немесе өкілдері арқылы жүргізуге құқылы. Азаматтың іске өзінің қатысуы оның бұл іс бойынша өкілі болу құқығынан айырмайды.
2. Ұйымдардың ісін сотта оларға заңмен, өзге нормативтік құқықтық актілермен немесе құрылтай құжаттарымен берілген өкілеттіктердің шегінде іс-әрекет жасайтын олардың органдары және тиісті өкілеттіктер берілген олардың өкілдері жүргізеді. Заңды тұлғалардың басшылары сотқа олардың қызметтік жағдайын немесе өкілеттіктерін куәландыратын құжаттар береді. Заңды тұлғаның органы тиісті өкілеттік берілген басқа өкілдермен бірге іске қатыса алады.
Сенімхатқа, заңдарға, сот шешімдеріне не әкімшілік актісіне негізделген істі сотта жүргізуге тиісінше ресімделген өкілеттігі бар әрекетке қабілетті кез келген адам сотта өкіл бола алады.
59-бап. Тапсырма бойынша өкілдік ету
Мына адамдар:
1) адвокаттар;
2) заңды тұлғалардың қызметкерлері - осы заңды тұлғалардың істері бойынша;
3) кәсіптік одақтардың уәкілетті адамдары - құқықтары мен мүдделерін қорғауды осы кәсіптік одақтар жүзеге асыратын жұмысшылардың, қызметшілердің, сондай-ақ басқа да адамдардың істері бойынша;
4) заңмен, жарғымен немесе ережемен осы ұйымдар мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау құқығы берілген ұйымдардың уәкілетті адамдары;
5) заңмен, жарғымен немесе ережемен басқа адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау құқығы берілген ұйымдардың уәкілетті адамдары;
6) басқа тең қатысушылардың тапсырмасы бойынша тең қатысушылардың біреуі;
7) іске қатысушылардың өтінуімен сот рұқсат еткен басқа да адамдар тапсырма бойынша сотта өкіл бола алады.
60-бап. Сотта өкілдер бола алмайтын тұлғалар
1. Судьялар, тергеушілер, прокурорлар мен өкілді органдардың депутаттары, олардың процеске тиісті ұйымдардың уәкілеттік берілген адамдары немесе заңды өкілдер ретінде қатысу жағдайынан басқа жағдайда сотта өкіл бола алмайды.
2. Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет туралы заңнамасының талаптарын бұза отырып, заң көмегін көрсету туралы тапсырма алған адвокаттар сотта өкіл бола алмайды.
3. Адам, егер мүдделері өзі өкіл болып отырған адамның мүдделеріне қайшы келетін адамдарға осы іс бойынша заң көмегін көрсетсе немесе бұрын көрсеткен болса немесе судья, прокурор, сарапшы, маман, аудармашы, куә немесе айғақшы ретінде қатысса, сондай-ақ егер ол істі қарауға қатысушы лауазымды адаммен туыстық қатынастарда болса, өкіл бола алмайды.
Ескерту. 60-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.12.11 N 230-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
61-бап. Өкілдің өкілеттіктері
1. Сотта іс жүргізуге өкілеттіктер, қуыным арызға қол қоюды, медиация жүргізу туралы шарт жасасуды не iстi төрелікке немесе аралық сотқа беруді, қуыным талаптарынан толық немесе iшiнара бас тартуды және қуынымды мойындауды, қуыным нысанасын немесе негiзiн өзгертудi, бiтiмгершiлiк келiсiм жасасуды, өкiлеттiктердi басқа адамға берудi (сенімді басқа біреуге аудару), соттың қаулысына шағым жасауды, сот қаулысын мәжбүрлеп орындатуды талап етудi, берiлген мүлiктi немесе ақшаны алуды қоспағанда, өкілге өкiлдiк берушiнiң атынан барлық iс жүргiзу әрекеттерiн жасауға құқық бередi.
2. Өкілдің осы баптың бірінші бөлігінде аталған іс-әрекеттердің әрқайсысын жасауға өкілеттігі өкілдік беруші берген сенімхатта арнайы көзделуі тиіс.
Ескерту. 61-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.01.28 N 402-IV (2011.08.05 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.02.17 N 565-IV (2012.07.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 125-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
62-бап. Өкілдің өкілдіктерін ресімдеу
1. Өкілдің өкілеттіктері заңға сәйкес берілген және ресімделген сенімхатта көрсетілуге тиіс.
2. Кәсіптік одақтар мен басқа ұйымдардың уәкілеттік берілген адамдары сотқа осы іс бойынша өкілдікті жүзеге асыруға арналған тапсырманы куәландыратын құжаттарды беруі тиіс (осы Кодекстің 59-бабының 3), 4) және 5) тармақшалары).
3. Адвокаттың нақты істі жүргізуге арналған өкілеттігі заң консультациясы немесе адвокаттық кеңсе берген ордермен, ал ол өз қызметін заңды тұлғаны тіркемей жеке жүзеге асырған жағдайда – адвокаттар алқасының төралқасымен куәландырылады.
4. Заңды тұлғаның атынан сенімхатты тиісті заңды тұлғаның басшысы немесе өзге уәкілетті адамы береді.
5. Осы Кодекстің 59-бабының 6) және 7) тармақшаларында аталған өкілдің өкілеттігі сенімхатта немесе сот отырысының хаттамасына кіргізілген сенім білдірушінің сотта берген ауызша түрдегі өтінішінде көрініс табуы мүмкін.
Ескерту. 62-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.12.28 N 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
63-бап. Заңды өкілдер
1. Әрекетке қабілетсіз азаматтардың, әрекет қабілетіне толық ие емес немесе әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған адамдардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сотта өздерінің өкілеттіктерін куәландыратын құжаттарды сотқа көрсететін ата-аналары, асырап алушылары, қамқоршылары, қорғаншылары, патронат тәрбиелеушілері немесе оларды алмастыратын басқа да адамдар қорғайды.
2. Хабар-ошарсыз кеткен деп белгіленген тәртіппен танылған азамат қатысуға тиісті іс бойынша, оның өкілі ретінде хабар-ошарсыз кеткен адамның мүлкіне қамқорлықты жүзеге асыратын адам қатысады.
3. Қайтыс болған немесе қайтыс болды деп белгіленген тәртіппен жарияланған адамның мұрагері қатысуға тиісті іс бойынша, егер мұраны әлі ешкім қабылдамаса, мұрагердің өкілі ретінде мұралық мүлікті қорғау мен басқару үшін тағайындалған сақтаушы немесе қамқоршы қатысады.
4. Заңды өкілдер заңда көзделген шектеулермен өкілдік етушілердің атынан жасау құқығы өкілдік берушіге тиесілі барлық іс жүргізу әрекеттерін жасайды. Заңды өкілдер істі сотта жүргізуді басқа өкілге тапсыра алады.
Ескерту. 63-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
7-тарау. Дәлелдемелер және дәлелдеу
64-бап. Дәлелдемелер
1. Заңмен көзделген тәртіпте сот тараптардың талаптары мен қарсылықтарын негіздейтін мән-жайлардың бар-жоғын, сондай-ақ істі дұрыс шешу үшін өзге де маңызы бар мән-жайларды солардың негізінде анықтайтын заңды түрде алынған нақты деректер іс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
2. Бұл нақты деректер тараптардың және үшінші тұлғалардың түсініктемелерімен, куәлардың айғақтарымен, заттай дәлелдемелермен, сарапшылардың қорытындыларымен, іс жүргізу әрекеттерінің хаттамаларымен, iс жүргiзу әрекеттерiнiң барысын және нәтижелерiн көрсететiн сот отырыстары хаттамаларымен және өзге де құжаттармен анықталады.
Ескерту. 64-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.07.04. N 151 Заңымен.
65-бап. Дәлелдеу міндеті
Әр тарап өзінің талаптарының және қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуі тиіс.
66-бап. Дәлелдемелерді ұсыну
1. Дәлелдемелерді тараптар мен іске қатысушы басқа да тұлғалар береді.
2. Істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайларды тараптардың және іске қатысушы басқа да тұлғалардың тараптары мен қарсылықтарының негізінде, материалдық және іс жүргізу құқығының қолданылуға тиіс нормаларын ескере отырып, сот анықтайды.
3. Сот тараптарға және іске қатысушы басқа да тұлғаларға істі дұрыс шешу үшін қажетті қосымша дәлелдемелер табыс етуді ұсынуға құқылы.
4. Тараптар мен іске қатысушы басқа да тұлғалар үшін дәлелдемелерді ұсыну қиындық келтірген жағдайда, сот олардың өтініші бойынша дәлелдемелерді сұратып алдыруға жәрдемдеседі.
5. Дәлелдемелерді сұратып алдыру туралы өтінішінде сол дәлелдемелер көрсетілуге, сондай-ақ осы дәлелдеме арқылы іс үшін маңызы бар қандай мән-жайлар анықталатыны немесе бекерге шақырылатыны, дәлелдемені өз бетінше алуға кедергі келтіретін себептер және оның тұрған жері көрсетілуге тиіс.
6. Қажет болған жағдайда сот өтініш берген адамға дәлелдемені алу үшін сұрату береді. Соттың талап еткен дәлелдемесі бар тұлға оны тікелей сотқа жібереді немесе сотқа табыс ету үшін тиісті сұратуы бар адамның қолына береді. Корпоративтік даулар бойынша дәлелдемелерді сот қана талап етуге және олар тікелей сотқа жіберілуге тиіс.
7. Сот дәлелдеме талап еткен, оны жалпы немесе сот белгілеген мерзімде беруге мүмкіндігі жоқ лауазымды немесе өзге тұлға соттың сұратуын алған күннен бастап бес күн мерзім ішінде себебін көрсетіп, бұл туралы сотқа хабарлауға міндетті.
8. Хабарламаған, сондай-ақ егер дәлелдеме беру туралы соттың талабы сот дәлелсіз деп таныған себептер бойынша орындалмаған жағдайда, кінәлі лауазымды немесе іске қатыспайтын өзге де тұлғаларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдарға сәйкес әкімшілік жазаға қолданылады.
9. Әкімшілік жаза қолдану талап етілген дәлелдемесі бар адамды оны сотқа беру міндетінен босатпайды. Соттың талабын қасақана орындамаған жағдайда аталған тұлғалар қылмыстық жауапқа тартылады.
10. Егер тарап сот сұратқан дәлелдемені өзінде ұстап қалса және оны соттың сұратуы бойынша ұсынбаса, ондағы мәліметтер осы тараптың мүдделеріне қарсы бағытталған деп ұйғарылады және ол тарап таныған деп есептеледі.
Ескерту. 66-бап өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.07.05 N 58-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
67-бап. Дәлелдемелердің қатыстылығы
Егер дәлелдеме іс үшін маңызды мән-жайлардың бар екендігі туралы тұжырымдары растайын, теріске шығаратын не оларға күмән келтіретін нақты деректер болса, сот дәлелдемені іске қатысты деп таниды.
68-бап. Дәлелдемелерге жол беру
1. Егер осы Кодексте көзделген тәртіппен алынса, дәлелдемеге жол беруге болады деп танылады.
2. Заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиіс істің мән-жайлары ешқандай басқа дәлелдемелермен расталуға тиіс емес.
69-бап. Дәлелдемелер ретінде жол беруге болмайтын
нақты деректер
1. Нақты деректер, егер олар заң талаптарын бұза отырып, іске қатысушы тұлғалардың заңмен кепілдік берілген құқықтарынан айыру немесе оларды ығыстыру арқылы немесе істі сотта қарауға дайындау кезінде немесе сотта қарағанда азаматтық процестің өзге де ережелерін бұза отырып, оның ішінде:
1) күш қолдану, қорқыту, алдау, сол секілді өзге де заңсыз іс-әрекеттерді қолдана отырып;
2) оларға түсіндірмеудің, толық немесе дұрыс түсіндірмеудің салдарынан туындаған іске қатысушы адамдардың өз құқықтары мен міндеттеріне қатысты жаңылуын пайдалана отырып;
3) осы азаматтық іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыруға құқығы жоқ адамның іс жүргізу іс-әрекетін жүргізуіне байланысты;
4) қарсылық білдіруге жататын адамның іс жүргізу іс-әрекетіне қатысуына байланысты;
5) іс жүргізу іс-әрекетінің тәртібін айтарлықтай бұза отырып;
6) белгісіз көзден немесе сот отырысында анықтала алмайтын көзден;
7) дәлелдеу барысында қазіргі ғылыми білімге қайшы келетін әдістерді қолдана отырып алынған болса, олар нақты деректердің растығына әсер етсе немесе әсер етуі мүмкін болса, оларды сот дәлелдемелер ретінде пайдалануға жол беруге болмайды деп тануға тиіс.
2. Іс бойынша іс жүргізу кезінде нақты деректерді дәлелдемелер ретінде пайдалануға жол беруге болмайтындығын, сондай-ақ оларды шектеп пайдаланудың мүмкіндігін өз бастамашылығы бойынша немесе іске қатысушы адамдардың өтініші бойынша сот белгілейді.
3. Заңды бұза отырып алынған дәлелдемелер заңдық күші жоқ деп танылады және сот шешімінің негізіне жатқызыла алмайды, сондай-ақ іс үшін маңызы бар кез келген мән-жайды дәлелдеу кезінде пайдаланыла алмайды.
4. Осы баптың бірінші бөлігінде аталған тәртіп бұзушылықтармен алынған нақты деректер тиісті тәртіп бұзушылықтардың және оларға жол берген адамдардың кінәлілігінің дәлелдемесі ретінде пайдаланылуы мүмкін.
70-бап. Дәлелдемелердің растығы
Тексеру нәтижесінде дәлелдеменің шындыққа сәйкес келетіні анықталса, дәлелдеме рас деп есептеледі.
71-бап. Дәлелдеуден босатудың негіздері
1. Сот жалпыға белгілі деп таныған мән-жайлар дәлелдеуді қажет етпейді.
2. Соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен белгіленген мән-жайлар сот үшін міндетті және сол адамдар қатысатын басқа азаматтық істерді талқылау кезінде қайтадан дәлелденбейді.
3. Соттың қылмыстық іс бойынша күшіне енген талап қоюды қанағаттандыру құқығы танылатын үкімі оған қатысты соттың үкімі болған тұлға әрекеттерінің азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарайтын сот үшін міндетті. Заңды күшіне енген сот үкімі мұндай азаматтық істі қараған сот үшін, осы іс-әрекеттер орын алды ма және оларды осы адам жасады ма деген мәселелер бойынша, сондай-ақ үкіммен белгіленген мән-жайларға және олардың құқықтық бағасына қатысты да міндетті болып табылады.
4. Заңға сәйкес анықталды деп ұйғарылған фактілер азаматтық істі талқылау кезінде дәлелденбейді. Мұндай ұйғарым жалпы тәртіппен теріске шығарылуы мүмкін.
5. Егер тиісті құқықтық ресімдер шеңберінде керісінше дәлелденбесе, мына мән-жайлар:
1) осы заманғы ғылымда, техникада, өнерде, кәсіпшілікте жалпы қабылданған зерттеу әдістерінің дұрыстығы;
2) адамның заңды білуі;
3) адамның өзінің қызметтік және кәсіби міндеттерін білуі;
4) олардың бар екендігін растайын құжатты ұсынбаған және арнаулы даярлық немесе білім алған оқу орнын немесе басқа да мекемені көрсетпеген адамда арнаулы даярлықтың немесе білімнің болмауы дәлелдемелерсіз анықталған мән-жайлар болып есептеледі.