Статья IV. 6 страница

Әрине, тек насихатпен адамдардың енжар мінез-құлқын белсенділікке айналдыру оңай емес. Ең алдымен белсенділік жастайынан қалыптасатын қасиет. Оның негізгі шарты — еңбекке баулу. Заңдар да адал, ақ ниетпен істелген жұмыс үшін көтермелеу шараларын белгілесе, ол құқықтық белсенділікке негіз болады.

Заңды мінез-құлық бірнеше түрде болуы мүмкін.

Құқықтық сананың деңгейіне байланысты заңды мінез-құлық (жүріс-тұрыс) төмендегідей түрлерге жіктеледі:

1. Маргиналдық (маргинал - жік аралық) заңды мінез-құлық - бұл мінез-құлық бәрінен бұрын заң бойынша жазаланудан қорқу мен өз есебінен жаңылып қалмау мақсатына негізделеді. Маргиналдық мінез-құлықты адамдар қайсы сәтте де болса заңды оп-оңай аттайды (бұзады), сәті келсе, ыңғайлы жағдай туа қалса құқықтық талаптарды орындамауға да дайын тұрады.

2. Конформистік құқыққа сай мінез-құлық. Мұндай мінез-құлық адамның құқықтық талаптарға конформистік түрде бас июіне (көніп бағынуына) негізделеді. Мұндай мінезді адамның ұстанатын қағидаты "бәрі қандай болса, мен де сондаймын" болады. Мұндай мінез-құлық құқықтық нормаларды жете түсінбей, олардың байыбына бармай бұлжытпауға (сақтауға) негізделеді.

2. Жағымды құқыққа сай мінез-құлық - мұндай мінез-құлық қоғамда бар құқық нормаларының әділ және әділеттілігіне деген мызғымас сенімге, құқықты құрметтеуге және оны терең білуге негізделеді. Мұндай мінез-құлық құқықтың әдеттегі қалып бойынша, әртүрлі себептермен дәлелдердің іштей арпалысуынсыз орындалуынан (атқарылуынан) көрінеді.

5. Құқыққа сай, әлеуметтік тұрғыдан белсенді мінез-құлықтың мұндай түрі құқықтың құндылығының қажеттілігі жөніндегі мызғымас сенім мен құкықты құрметтеуге ғана емес, сонымен бірге құқыққа дәлелді түрде қарау мен оны жете түсінуге негізделген.

 

 

 

       
   
 

 


 

           
 
 
     
 

 


 
 

 

 
 

 


 
 

 

 


Пысықтау сауалдары

1. Заңды мінез-құлықтық (жүріс-тұрыстың) ерекшеліктерін атап көрсетіңіз.

2. Мінез-құлықтың (жүріс-тұрыстың) заңдылығы айтарлықтай дәрежеде не нәрсеге тәуелді болады?

3. Заңды жүріс-тұрыстардың (мінез-кұлықтардың) түрлерін баяндаңыз.

 

Жиырма екінші тақырып.ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ЗАҢ АЛДЫНДАҒЫ ЖАУАПТЫЛЫҚ

return false">ссылка скрыта

 

Құқық бұзушылық дегеніміз құқықтық талаптарды бұзудағы немесе оларды орындамау барысындағы әрекеттер (әрекеттіліктер немесе әрекетсіздіктер).

Адамдардың қандай да әрекеттері (әрекеттіліктері немесе әрекетсіздіктері) қоғамға қауіп тудырған немесе туындататын болса ондай әрекеттілік немесе әрекетсіздік құқық бұзушылық деп бағаланады.

Адамның әрекеті (әрекеттілігі немесе әрекетсіздігі) қоғамға қауіпті болмаса, онда мұндай әрекеттілік немесе әрекетсіздік құқық бұзушылық қатарына жатқызылмайды. Әрекеттің (әрекеттілік немесе әрекетсіздіктің) қоғамға қауіптілігі ұғымы екі сәттен тұрады, олар: зиянның болуы және оның қоғам тарабынан бағалануы. Құқық бұзушылық дегеніміз, адамның қоғамға, мемлекетке немесе жеке тұлғаға зиян келтіретін кінәлі, соңы заң алдындағы жауаптылыққа апаратын құқыққа қайшы әрекеті немесе әрекетсіздігі.

Құқық бұзушылықтың белгілері (нышандары):

а) қоғамға зияндылығы, қауіптілігі - құқық бұзушылықтың негізгі объективтік нышаны, айырымдық белгісі және оның заңнан құқыққа қайшы болу шегін ажыратуға негіз болатын объективтік тұғыры. Құқық бұзушылықтың қоғамға келтіретін зияны мен оның қауіптілігі қоғамға маңызды құндылықтар мен оның тіршілік ету жағдайларына қол сұғулардан тұрады;

б) кұқыққа қайшы келушілік - әрекеттің немесе әрекетсіздіктің қоғамға қауіптілігін, зияндылығын заң атауы арқылы білдірілуі. Құқыққа қайшы (қарсы) келудің және ол үшін жауапты болудың шегін, мөлшері мен шамасын мемлекет анықтайды, әрі оны бекітеді де;

в) кінәлілік - басқаша айтқанда - құқық бұзушылыққа бару құқық бұзушының тысқарыдан ешбір ықпалсыз-ақ өзінің ерік-ықтиярын әлгіндей түрде білдіруі, ал мұның өзі кінәлі жүріс-тұрыс (мінез-құлық). Егер де жеке адамды таңдау еркі (ықтияры) болмаса, егер ол өзінің жүріс-тұрысының құқыққа қайшы келетінін жете түсінуге қабілеті болмаса, онда оның кінәлі әрекеті құқық бұзушылық болмайды да, ол объективті түрдегі құқыққа қайшы әрекеттік болып шығады. Сондықтан мұндай адам заң алдындағы жауаптылыққа тартылмайды;

г) әрекеттілік немесе әрекетсіздік түріндегі әрекеттер. Мұндағы әрекетсіздік түріндегі құқық бұзушылық - тұлға заңдық талаптарды орындауға міндетті бола тұрып, оларды орындамаған жағдайда болады;

д) жазаланушылық - мемлекет тарапынан мәжбүрлеу шараларының қолданылу мүмкіндігі.

Құқық бұзушылықтар әлеуметтік қауіптілігіне байланысты және зиян келтіру дәрежелеріне қарай қылмыстар және теріс қылықтар деп жіктеледі.

Қылмыстар қоғамға қауіптілігі (зияндылығы) жағынан барынша жоғары дәрежеде болатындығымен ерекшеленеді. Олар қоғамның ең маңызды, едәуір мәнді мүдделеріне нұқсан келтіреді. Мұндай ең маңызды, едәуір мәнді мүдделерге нұқсан келтірулер мен қол сұғулардан қылмыстық заңдар қорғайды. Жасалған қылмыстар үшін заң аса қатал жазалау шараларын белгілейді,

Формалды түрде қылмыстың барлық белгілері бар болса да қайсы бір қылмыстар қылмыс болып саналмайды. Олай болатын себебі кейбір жағдайларда әлгі қылмыстардың коғамдық қауіптілігі мен зияндылығының маңызы мардымсыз болып келеді.

Теріс құқықтар - әлеуметтік зияндылығы мен қоғамдық қауіптілігі төмен дәрежеде болатындығымен ерекшеленетін құқық бұзушылықтар.

Бұлардың нұқсан келтіретін объектілері мен заңдық салдары да түрлі-түрлі болып келеді жөне де олар қоғам болмысының әр түрлі салаларында болып жатады.

Теріс қылықтардың қоғамдық қауіптілік дәрежесін анықтауда төмендегідей айырымдық белгілері ескеріледі:

а) нұқсан келтірілген қоғамдық қатынастардың объект түріндегі маңыздылығының дәрежесі;

ә) келтірілген зиянның мөлшері;

б) құқыққа қарсы (қайшы) әрекеттің жасалу тәсілі, уақыты мен орны;

г) құқық бұзушының өз басы.

Теріс қылықтардың жіктелуі:

1. Мүліктік және кейбір жекелік мүліктік емес қатынастар аясындағы құқық нормаларын бұзу азаматтық-құқықтық нормаларды бұзушылықтар деп аталады;

2. Заң белгілеген қоғамдық тәртіпке, мемлекет органдарының атқару-орындау саласындағы қатынастарға нұқсан келтіруін әкімшілік құқық бұзушылықтар деп аталады;

3. Еңбек қатынастары аясындағы кәсіпорындар, мекемелер, ұйымдардың ішкі еңбек ұйымдастыру тәртібіне нұқсан келтіруін тәртіптік құқық бұзушылықтар деп аталады;

4. Заң арқылы белгіленген рәсімдерді әділсоттың жүзеге асыруына (куәлардың сотқа келмей қалуы) нұқсан келтіруін жүргізу қатынастарындағы құқық бұзушылықтар деп аталады.

Құқық бұзушылықтың заңдық құрамы:

1. Құқық бұзушылықтың субъектісі – кінәлі, құқыққа қайшы (қарсы) әрекет жасаған адам. Мұндай субъект ретінде деликт қабілеттілігі бар адам және заңды тұлға танылады.

2. Құқық бұзушылықтың объектісі - қандай затқа құқық бұзушылық бағытталып, оған нұқсан келтірілсе сол зат аталған объект болып табылады. Мұндағы тектік объекті - қоғамдық қатынастар, ал түрлік объект - өмір, ар-намыс, денсаулық, т.б.

3. Объективтік жағы - құқыққа қайшы (қарсы) әрекеттің (әрекетсіздіктің) сыртқы көрінісі.

Объективтік жақтың элементтеріне сол әрекеттің (әрекетсіздіктің) өзі, одан туындаған зиянды нәтиже және осы әрекетсіздіктен пайда болған зиянды нәтижесінің себеп-салдарлық байланысы жатады.

Әрекет (әрекеттілік, әрекетсіздік) - адамның ерік-ықтияры мен ақыл-парасатының қадағалауы мен бақылауындағы жүрісі-тұрысы (мінез-құлқы) және ол адамның әрекеттілігі немесе әрекетсіздігінен көрінеді.

Ерік-ықтияр еместігіне қарамастан адамды күштеу арқылы құқық бұзуға итермелеп көндіруден туындаған әрекет құқық бұзушылыққа жатпайды.

Әрекеттің құқыққа қайшы келушілігі - тікелей, жанама тыйымдар мен жарасымды (оңды) заңды жүріс-тұрыстың (мінез-құлықтың) құқық нормасында жіктелуінен көрінеді.

Зиян - қолайсыз салдар, бұлар мүліктік, мүліктік емес, ұйымдық, жекелік (дербес) және басқалай да сипаттар түрінде болуы мүмкін. Зиянның объективтік жағына сондай-ақ құқық бұзушылықтың болған орны мен уақыты да кіреді.

4. Субъективтік жағы - бұған өзінің жасаған әрекетіне және оның салдарына сол тұлғаның субъективтік қатынасын (қарауын) сипаттайтын үлгілердің (нышандардың) жиынтығы жатады. Мұнда басты категориялары болып – кінә, себеп және мақсаттар көрінеді.

Кінәнің - қасақаналық және абайсыздық деген екі түрі ажыратылып көрсетіледі. Құқық бұзуға ниеттенген адам өз әрекетінің құқыққа қайшы және оның зиянды салдарын біле тұра сондай әрекетке баруы қасақаналық деп бағаланады. Құқыққа қайшы әрекетке баруда адам оның зияндылығын жете түсініп тұрып сондай салдардың болуын тілеген болса бұл тікелей (әдейі) қасақаналық болып шығады. Ал енді сондай әрекетке баруда құқық бұзушы адам сол әрекетінің нәтижесінде зиянды салдардың болуын болжалдаған болса, онда бұл әрекет жанама қасақаналық болады.

Абайсыздық қылмыс астамшылдық және қылмыстық астамшылық (менменсу) деп жіктеледі. Қылмыстық ұқыпсыздық болғанда адам өз әрекетінің құқыққа қайшы екендігіне мән бермейді, ол әрекетінің салдары қандай болатындығын да болжай алмайды.

Қылмыстық астамшылықта адам өз әрекетінің құқыққа қайшы келетіндігін түсінеді, оның қандай салдарға апарып соқтыратынын да, оның қауіпті нәтиже беретінін де болжайды, дегенмен жеңілтектік жасап ондай салдарды болдырмауға тырысады, үміттенеді.

Себеп - құқық бұзуға іштей талаптану. Мақсат - құқыққа қайшы әрекетке барудағы құқық бұзушының ұмтылыс жасап жетсем, алсам деген түпкілікті ойындағы көздеген нәтижесі.

Кінә және казус - факт ұғымы тығыз байланысты, ол адамның ерік-ықтияры қалауына байланысты туындамайды.

4. Заң алдындағы жауаптылық - құқық бұзушылыққа барған жағдайда оны жасаған адамның мемлекеттік мәжбүрлеу шараларына тартуының қажеттілігі.

Заң алдындағы жауаптылық белгілері:

а) құқықтық ұйғарымдар түрінде мемлекет белгілейді;

ә) құқық нормасының санкциясын жүзеге асыру түрінде көрінеді;

б) мемлекеттің мәжбүрлеуіне негізделеді;

в) құқық бұзушылықтың жасалуын нәтижесінде ғана туындайды;

г) құқық бұзушылық жасаған адамға қолайсыз салдар – жаза түрінде қолданылады;

д) міндет жүктеумен байланысты болады;

е) іс жүргізу нысанында (түрінде) жүзеге асырылады;

ж) мемлекеттің құзырлы органдары арқылы ғана қолданылады.

5. Заң алдындағы жауаптылық қай салаға жататындығына байланысты мынадай түрлерге бөлінеді.

- әкімшілік – әкімшілік сипаттағы теріс қылық жасалған жағдайда туындайды және шара қолдану (жаза қолдану) немесе айыппұл салу түрінде болады;

- азаматтық — заң алдындағы жауаптылық міндеттеме шарттарының бұзылу нәтижесінде туындайды;

- қылмыстық – заң алдындағы жауаптылық қылмыс жасалуының нәтижесінде ғана қолданылады;

- материалдық (дүниемен байланысты) – қандай бір мемлекеттік кәсіпорындар, мекемелер ұйымдарға зиян немесе залал келтірілген жағдайда заң алдындағы жауаптылық туындайды;

- тәртіптік — заң алдындағы жауаптылық әскери, еңбек, оқу орнындағы тәртіптер бұзылған жағдайда туындайды, бұлар шара қолдану, сөгіс жариялау, ескерту жасау түрлерінде болады.

Заң алдындағы жауаптылықты, оны анықтап жүктейтін органдарға байланысты мынадай түрлерге бөлуге болады:

- сот арқылы анықталып жүктелетіндері;

- мемлекеттік басқару органдары арқылы анықталып жүктелетіндері;

- басқа құрылымдар арқылы жүктелетіндері.

Заңдық жауапкершілік жүктеудің мақсатын, қызметтері (функциялары) мен қағидаттарын қарастырайық.

Заңды жауапкершіліктің мақсаты осы құқықтық амал, тәсіл арқылы кайсындай нәтижелерге қол жеткізуге болатынын көрсетеді, анықтайды. Және де осы нәтижелердің қандай болатынын анықтайды. Сөйтіп олардың мәнін терең ұғынуға мүмкіндік береді. Заңдық жауапкершіліктің негізгі мақсаты субъектілердің құқықтарымен бостандықтарын қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау әрі қорғау болып табылады. Атап айтқанда осы заңдық жауапкершілік аспабы құқық субъектілерінің мүдделерін қанағаттандыру және әлеуметтік байланыстардың әділетті түрде реттелінуіне бола белгіленеді.

Заңды жауаптылықтың қызметтерін оның алдына қойылған мақсаттар анықтайды, әрі содан туындайды.

Жазалау қызметі (функциясы) - орын алып отырған құқық бұзушылыққа мемлекеттік жаза қолдану түріндегі жауабы. Бұл жаза түріндегі жауап кінәлі адамға, оның жеке басына мүліктік немесе ұйымдық тауқымет тартқызу немесе мұқтаждыққа ұшырату, сөйтіп қолайсыз зардаптар шектіру арқылы сазайын беру түрінде білдіріледі.

Құқықты қалпыңа келтіру қызметі (функциясы) - құқыққа өкілетті субъектінің мүддесін қамтамасыз етудің барысында кінәліден келтірілген зиянды өндіріп алуға, шыққан шығынды, шеккен залалды өткізуге, жоғалған мүліктің орнын толтыртқызуға мүмкіндік береді.

Тәрбиелік қызметі (функциясын) – заңға теріс жүріс-тұрыстардың, құқық бұзушылықтардың алдын алудың, ондайларды болдырмаудың қажеттілігі дәлелдерін субъектілердің саналарында қалыптастыру, күнделікті болмыстағы қызметтерінде әдетке айналуын қамтамасыз етуге күш салу болып табылады.

Осы қызметтер заңдық жауапкершілік белгілеген мақсаттарға жетуге қолғабыс етіп көмектеседі.

Заңдық жауапкершілік қағидаттары (принциптері) - осы институттың іргетасын құрайтын ең басты негіздері, идеялары, тезистері болып табылады.

Заңдық жауапкершіліктің қағидаттарын төмендегідей етіп бөліп көрсетуге болады.

а) әділеттілік - мұның өзі тағайындалатын жазаның болған құқық бұзушылыққа мөлшерлестігі арқылы, теріс кылық үшін қылмыстық санкцияның белгіленуін болдырмау арқылы, жауапкершілікті бекітетін немесе оны күшейте түсетін заңның кері күшін жоққа шығару арқылы, кінәлыға бір бұзықшылығы үшін тек бір ғана жаза түрінің жүктеліп (қолданылуы) арқылы білдіріледі.

ә) заңдылық — заңдық жауаптылық кінәлы адамға қатал түрде заң бойынша жөне заңда көзделген әрекеттері немесе әрекетсіздіктері) үшін жүктеледі (қолданылады).

б) дәлелділік - істің нақты жағдайын жан-жақты және әділдікпен қарап, әрі тек жинақталған дәлелдемелер байынша шешудің қажеттілігін, адамның құқық бұзушылық жасаудағы айғақтарын, құқық бұзушылығының нақты түрін, соған сәйкес келетін құқық нормасын анықтау бойынша білдіріледі.

в) жазадан құтылмайтындық - құқық бұзушылық үшін заң алдындағы жауаптылықтың болмай қоймайтындығы; құқық бұзушылықтың ашылуының ұтымдылығы, сапалылығы және толықтығы, кінәлы адамдарға мемлекет тарапынан жазалау түріндегі жауаптылықтың міндетті және ұтымды түрде жүктелетіндігінің сөзсіз болатындығы.

г) мақсатқа лайықтылық - жазаның заңдық жауаптылық мақсаттарына сәйкестігі, санкцияларды даярлау; жасалған әрекеттердің (әрекетсіздіктердің) түрлі жағдайларын есепке алуда оны жұмсартатын да, ауырлататын да жақтарын ескеру.

Заңдық жауаптылықпен қатар құқық негізімен соның шегінде жүзеге асырылатын мемлекеттік ырықтандырудың басқа да түрлері атқарылады, оларға қорғау шаралары, бұлтартқызбау шаралары, тәрбиелік ырықтандыру шаралары, медициналық сипаттағы ырықтандыру шаралары жатады.

Егер заңдық жауаптылық, қосымша заңдық міндет жүктеумен байланысты болса (мысалы: еркінен айырумен), онда қорғау шарасы "ескі" яғни, "бұрынғы" осы субъектіге жүктелген міндетті орындаумен байланысты болады. Қорғау шарасының мақсаты - жазалау емес, тек құлық бұзушылық жасаған адамды жауаптылыққа тартпай, бұзылған құқықты қалпына келтіру болып табылады (мысалы, балаларын бағып-қағу үшін оның әкесінен нәпақа өндіруді заң жолымен еріксіз түрде алу.

Қылмыстық, әкімшілік, азаматтық істер бойынша өндірістің қалыпты жүргізілуін қамтамасыз етуге бағытталған бұлтартпау шаралары (ешқайда кетпейтіндік қолхаты, ұстау), сондай-ақ бұлардан басқа іс жүргізу шараларында (дербес тексеріс, куәландыру, күш қолданып тінту және т.б.) заңдық жауапкершілік шараларына қарағандағы айырмашылығы, олар тек құқық бұзушылықтың алдын алып болдырмау мақсатында қолданылады. Осы айтылып (жоғарыда мысал түрінде келтірілген) отырған жағдайда құқық бұзушылықтың орын алмауы себебінен жазалаудың да болуы орын алмайды.

Жаза қолданумен сипатталмайтын ырықтандыру шараларына: еріксіз түрде сақтандыру (алдын алу) шаралары (мысалы, карантин жағдайында жүріп-тұру еркіндігін шектеу); қоғамға қауіпті әрекеттерге (әрекеттіліктерге немесе әрекетсіздіктерге) барғаны үшін кәмелет жасына толмаған жастарға (әрекет қабілеттігі жоқ) қолданылатын тәрбиелік ырықтандыру шаралары; мемлекеттің немесе қоғамның мүддесіне бола құнының өтемін төлеп меншік иесінен мүліктерін төтенше, шұғыл жағдайларда (апатты ауыр жағдайларда, аварияларда, эпидемия-эпизоотия таралғанда) және басқа да төтенше сипаттағы жағдайларда қолданылатын алып қою шаралары жатады.