Реперфузия.

Реперфузия - деп белгілі бір мерзімнен кейін ишемияға іліккеи ағзалар мен тіндерде қан айналымның қалыпты жағдайға оралуын айтады. Бұндай жағдай жиі ангиоспазмдық ишемиядан кейін немесе емдік шаралардың нәтижелерінде артериядағы қан ұйындысының тез ыдырауынан және клиникалық өлімнен тірілтілген организмде пайда болады. Коронароспазмнан кейін жүрек етінің реперфузиясы жиі кездеседі. Ишемиядан кейін қанның қайта қалыпты мөлшерде келуі оттегінің ағзаларға көп тасымалдануына әкеледі. Бұл оттегі тез пайдаланылып үлгермей, бос радикалдардың (синглетті оттегі, супероксиданион, гидроксил тобы, сутегінің асқын тотығы) жиналуына әкеліп соқтырады. Осының салдарынан мембраналарда май қышқылдарының асқын тотығуы байқалып, мембранамен байланысқан жасушанын барлық қызметтері бұзылады. Сондықтан ұзақ ишемиядан кейінгі реперфузиядан жүрек қызметінің бұзылуы байқалады, Клиникалық өлімнен тірілтілген адамдарда мидың, жүректің, бүйректің, бауырдың т.с.с. ағзалардың қызметтері қайта бұзылады. Бұндай ауруларды посгреанимациялық дерттер дейді.

Стаз.

Стаз (грек. Stasis - тоқтау). – деп ұсақ артериялар мен көктамырларда және қылтамырларда қан ағымының мүлде тоқтап қалуын айтады.Ол нағыз (қылтамырлық), ишемиялық және веналық болып бөлінеді. Нағыз (қылтамырлық) стаз қанның аққыштық (реологиялык) қасиеті бұзылуынан немесе қылтамырлардың бүліністерінен дамиды. Ишемиялық стаз қылтамырлар арқылы артериялардан қан келудің тоқтауынан болады. Веналық стаз – көктамырлармен қанның ағып кетуі бұзылудан, қанның қылтамырларда іркілуінен дамиды.

Нағыз стаз: физикалық (суық, ысгық температура); химиялық (улар, ас тұзының артықшылыгы, скипидар, кротон майы т. б.); биологиялық (бактериялар) ықпалдардың әсерлерінен дамиды. Оның дамуында қылтамырлардың ішінде эритроцитгердің шоғырланысы (агрегациясы) қан ағуды қиындатып, тоқтатуы маңызды. Эритроциттердің шоғырланысы қылтамырлар ішіне енген агрегация туындататын ықпалдардың тікелей әсерлерінен дамиды. Олар эритроциттердің сыртқы мембранасында физикалық-химиялық өзгерістерге ұшыратады.

Нағыз стаздың патогенезінде қанның қоюлануынан қылтамырларда қан ағу жылдамдығы баяулауы маңызды орын алады. Бұл кезде қылтамырлардың қабырғаларының өткізгіштігі көтерілуінің маңызы үлкен. Оған тіндердегі зат алмасуларының өнімдері (органикалық қышқылдар, төмен рН), биологиялық белсенді заттар (серотонин, брадикинин, гистамин т.б.) әкеледі. Осыдан тамыр қабырғаларының өткізгіштігі көтерілуі, ұсақ тамырлардың кеңуі, қанның қоюлануы, оның ағу жылдамдығының баяулауы, эритроциттердің өзара жабысуына әкеліп, стаз дамытады. Қан тамырлары қабырғаларының өткізгіштігі көтерілуінен әлбуминнің тамыр сыртына шығуы артып, қан сұйығында әлбумин / глобулин арақатынасы төмендейді. Содан эритроциттердің сыртқы беттерінде электр дәрмені (заряды) азаюы олардың бір-біріне жабысуына мүмкіншілік жасайды.

Стаздың нәтижесінде тіндерге қан келу тоқтап, олар қоректік заттармен, оттегімен қамтамасыз етілмейді. Тін жасушалары тіршілігін жоғалтады. Бірақ стаздың бастапқы кезінде эритроциттердің агрегациясы қайтымды болады. Артынан эритроциттердің гемолизі, қан ұю үрдістері қосылып, стаз қайтымсыз сатысына ауысады. Бұл саты «сладж» (ағылш. Sludge - кір, балдыр) деп аталады. Эритроциттер сыртқы қабықтарын жоғалтып, біркелкі массаға айналады. Мидың, жүректің, бүйректің майда тамырларында стаз дамуы организм үшін өте қауіпті.