Антуан де Сент -Экзюпери

1. Су көздерінің жалпы сипаттамасы.

Жер шарындағы судың мөлшері 16 млрд. км3, бұл планета массасының 0,25% құрайды. Бірақ 13 млрд. км3 су жердің мантия түзуші терең қабаттарында шашырап орналасқан және сенімді қорғалған. Судың көп бөлігі, жер қыртысын түзетін тау жыныстары мен минералдардың құрамына кіреді, 1,45 млрд. км3 су Жер гидросферасын құрайды. Гидросфераның - біздің планетамыздың су қабықшасының - негізгі бөлігі мұхит екеніне сөз жоқ. Әр түрлі мәліметтер бойынша, Әлемдік мұхиттың үлесі гидросфераның 94,0% - 96,5% құрайды, қалған бөлігі жер асты сулары, мұздар, топырақ ылғалы, атмосфералық су булары мен өзен суларының үлесіне тиеді.

Егер планетадағы тұщы сулардың көлемі туралы айтатын болсақ, олар негізінен, мұздарда (68,7%), жер асты көздерінде (30,9%) және ең азы (0,006%, 4.1.-кесте) - өзендерде жиналған (Авакян А.Б. және басқалар 1999 ж.). Мұндай мәліметтерді ертерек басқа ғалымдар да келтірген. Олардың берген мәліметтері бойынша, гидросфераның көлемі 1460 млн. км3, оның 90 млн. км3, немесе 6,1% құрлық сулары, 13-15 мың км3, немесе 0,1% атмосфера сулары болып табылады. Атмосфера сулары, немесе «атмосфера булары», жыл сайын 520 км3 жауын-шашын суларын береді, олардан құрлықтағы тұщы сулар қалыптасады (Зарубин Г.П., 1971; Кульский Л.А., 1978 ).

Су адамзаттың барлық көз жетерлік болашағына толық жетеді деген сенімнің үстемдік еткеніне көп уақыт өткен жоқ. Бірақ, жоғарыда айтылғандардан анық көрініп тұрғандай, жер шарындағы судың қоры шексіз емес, өнеркәсіптің, ауылшаруашылығының қарқынды дамуына байланысты, көп жерлерде судың жеткіліксіздігі туындап отыр. Бүгінгі күні таза судың жеткіліксіздігі туралы мәселе барған сайын өткір болып тұр. Әлемдік жүйенің бүтіндігі, оның сақталуы мен эволюциясына байланысты біртұтас шаралар жүйесі жөнінде жорамалдар бар. Дәл осы тұрғыдан Рио-де-Жанейрода өткен (1992 ж.) қоршаған орта және даму жөніндегі БҰҰ конференциясында жарияланған тұрақты даму концепциясы адамзатта жаңа дүние тану қалыптасып келе жатқанын білдіреді. Тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуде су ресурстары маңызды роль атқарады. Бірақ Қазақстан - Еуразия кеңістігіндегі суы ең тапшы елдердің бірі (4.1.-сурет). Меншікті қамтамасыз етілуі бойынша, біздің мемлекетіміз ТМД мемлекеттері арасында соңғы орында тұр.

ҚР су ресурстарының қоры шамамен 539 км3 құрайды, оның ішінде 190 км3 - өзендерде. Өзендердің, бөгендердің су ресурстары әрқайсысына сәйкес 100,5 км3 және 95,5 км3, мұздардың ғасырлық қоры – 95 км3, ал жер асты суларының болжам бойынша қоры – 58 км3.

Қазақстанның жер беті суларының тек 58% ғана республиканың аумағында қалыптасады, қалғандары шекаралас елдердің аумағынан келеді. Қазақстанның жер бедері әр түрлі болуына байланысты, ішкі сулары Республика аумағында біркелкі таралмаған. Шөл және шөлейт аймақтарда көлдер мен өзендер аз, ал далалық және орманды далалық аймақтарда олар едәуір көбірек. Республиканың ішкі сулары төрт типке: көлдер, өзендер, жер асты сулары және мұздарға бөлінеді. Қазақстанның кең аумағында 48 мыңнан астам үлкен және кіші көлдер бар.

Кесте

Жер шары гидросферасының әр түрлі бөліктеріндегі

судың көлемі мен су алмасудың белсенділігі

Гидросфераның бөлігі Судың көлемі, мың км3 Барлық сулардың жалпы көлеміндегі % Тұщы сулардың жалпы көлеміндегі % Шартты түрдегі су алмасу уақытының ұзақтығы
Әлемдік мұхит 96,5 - 2500 жыл
Жер асты сулары 1,7 30,9 1400-10000 жыл
Мұздар 1,7 68,7 9700 жыл
Көлдер 0,013 0,26 17 жыл
Топырақ ылғалы 16,5 0,001 0,05 1 жыл
Атмосфера булары 12,9 0,001 0,037 8 тәулік
Батпақ 11,5 0,0008 0,033 5 жыл
Бөгендер 0,0004 0,016 0,5 жыл
Өзендер 0,0002 0,006 17 тәулік

 

Каспий, Арал теңіздері және Балхаш көлі сияқты ірілерінен басқа, ауданы 1 км2 дейінгі көлдер (94%) көбірек кездеседі. Барлық көлдерді ағысы жоқ, тұйық деп айтуға болады. Олар су деңгейінің күрт ауытқуларымен ерекшеленеді. Көпшілік көлдердің суы тұзды, олардың ішінде көбі тұнба тұзды, тұз алу үшін пайдаланылады. Қазақстанда, ауданы 100 км2 асатын, 21 көл бар. Олар республикадағы көлдердің жалпы ауданының 60% құрайды.

Қазақстанның көлдерінің географиялық жағынан өз ерекшеліктері бар. Олардың біріншісі – территорияда біркелкі таралмағандығы. Климат жағдайларына байланысты, солтүстіктен оңтүстікке қарай көлдердің саны азаяды. Мысалы, Солтүстік Қазақстанда көлдердің саны 21580 (45%) болса, Орталық және Оңтүстік Қазақстанда - 17550 (36%) көл бар. Алып жатқан ауданы жағынан солтүстіктегі көлдердің үлесі барлық көлдердің 35% болса, ал орталық пен оңтүстіктегі көлдердің үлесі - 10%.

Көлдер барлық табиғи аймақтарда кездеседі, бірақ жылу мен ылғалдылықтың қатынасына байланысты, олардың орналасуы, суының мөлшері мен сапасы зоналық заңдылықтарға бағынады. Ылғалдық жоғары аудандарда көлдер саны көбірек болып, олардың суы да тұщы болып келеді. Құрғақ климатты аудандарда көлдер саны аз болып, әдетте, олардың суы да аз, ағыссыз, суы тұзды болады, кейде бұндай көлдер кеуіп те кетеді. Мысалы, орманды-далалы аймақта ауданы 1 км2 артық 740 көл бар, оның ішінде суы тұщы және тұздылау көлдердің саны, суы тұзды көлдерге қарағанда, 6 есе көп. Далалық зонада ауданы осындай көлдердің саны - 1875, олардың ішінде суы тұщылары, тұздыларына қарағанда, 4 есе артық.

 

4.1.- сүрет. Қазақстан аумағындағы жер бетіндегі суаттар

 

Шөлейт аймақта көлдердің саны 216, олардың ішінде, тұзды көлдерге қарағанда, суы тұщы көлдердің саны 1,3 есе көп. Шөлді аймақта - 142 көл бар, олардың барлығын да суы ащы көлдер деуге болады.

Қазақстандағы көлдердің екінші ерекшелігі – олардың пайда болу мерзімдерінің әр түрлілігі. Көлдер түрліше кезеңдерде түзілген. Жазықтық- аласа тау бөлігіндегі көлдердің көпшілігі қазір дамуының соңғы кезеңдерінде. Орманды-далалық және далалық аймақтардағы көлдер біртіндеп бос шөгінділірге толуда, шөп басуда. Шөлейтті және шөлді аймақтардағы көлдер тез сортаңдалады және өздігінен тұнба шөгетін көлдерге айналады.

Бұндай көлдердің көпшілігі әр түрлі жойылу кезеңдерінде. Қазақстанның биік таулы аудандарындағы көлдер жас көлдерге жатады. Бұл көлдердің ең көбі теңіз деңгейінен 1400-2800 м биіктікте орналасқан. Көлдердегі судың деңгейі көлге судың түсуіне және жұмсалуына байланысты болады. Су балансының жыл бойында біршама өзгерістерге ұшырап отыратындығына байланысты көлдердегі судың деңгейі де үнемі ауытқып отырады. Көктемге қарай қардың еруі кезінде Қазақстандағы көптеген көлдердегі судың деңгейі біршама көтеріледі. Ал жазда судың деңгейі біртіндеп төмендеп, жауын-шашын кезінде аз уақытқа қайтадан көтеріледі. Кей уақыттарда су деңгейінің күрт ауытқуы салдарынан, суы аз көлдер құрғап та қалады. Қазақстандағы көлдердің суының жалпы көлемі 190 км3.

Қазақстандағы көлдер су жиналатын қазан шұңқырлардың шығу тегіне байланысты төмендегідей типтерге бөлінеді.

Тектоникалық көлдер, жер қыртысының ішке қарай ойылып, төмен түсуі нәтижесінде түзілген, олар Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда және Сарыарқа өңірінде көбірек кездеседі. Оларға Зайсан, Қарасор, Теңіз-Қорғалжың, Көкшетау көлдерінің топтары, бұрынғы Есік көлі, т.б.жатады.

Реликт (ескіден қалған) көлдер, негізінен жазық жерлерге тән, атап айтатын болсақ - Каспий маңындағы ойпатына. Қазақстандағы негізгі ескіден қалған көлдерге Каспий теңізі мен Арал теңізі жатады. Бұл тектоникалық көлдер жер қыртысының иілген жердерінде пайда болған. Олардың шығу тегі ертедегі Тетіс теңізінің геологиялық тарихымен тығыз байланысты. Мезозой эрасының орта кезінде Оңтүстік Европа мен Орта Азия арқылы Тетіс теңізі бассейндерінің жүйесі созылып жатты. Батыста ол Қара теңіз бен Жерорта теңізін қамтыған, Атлант мұхитымен, ал шығыста - Тынық мұхитпен қосылған. Неогенде күрделі тектоникалық қозғалыстар нәтижесінде Тетіс теңізі алдымен Тынық мұхиттан бөлініп, одан соң Атлант мұхитынан да ажырады. Осылайша Тетіс теңізінің қалдықтарынан Каспий және Арал теңізі пайда болған.

Каспий теңізі – әлемдегі аса ірі жабық теңіздердің бірі, ол Қазақстанның батыс бөлігін қоршаған (4.2 - сурет).

 

 

4.2.-сүрет. Каспий теңізі - әлемдегі ең ірі көл

 

Теңіздің аты «каспий» тайпасының атымен байланысты, бұл тайпа оның жағалауларында ерте заманнан – ақ қоныс тепкен. Теңіз бұдан басқа Гиркан, Хазар, Хвалын сияқты атаулармен де аталған. Каспий теңізі мен оның жағалауларында мекендеген тайпалар туралы ең алғашқы мәліметтер Геродот еңбектерінің өзінде кездеседі. Каспий теңізі солтүстіктен оңтүстікке қарай 1200 км-ге созылып жатыр, оның орташа ені – 320 км, жағалауларының ұзындығы – 7000 км болады, акваториясы - 371000 кв.км; теңіздің ең жоғарғы тереңдігі – 1025 м (оңтүстігінде), теңіздің қазақстандық бөлігі - терең емес, солтүстік жағасындағы тереңдігі, шамамен 15-20 м ғана.

Каспийдің Қазақстан аумағындағы ең ірі шығанақтары - Маңғыстау, Қара-Бұғаз-Гол және т.б. Теңіз суының орташа тұздылығы - 12,7 - 12,8%, шығыс жағалауында – 13,2%, Еділ мен Жайық өзендерінің сағаларына жақын аудандарда - 0,1 - 0,2%. Теңіз суының деңгейі кейде 2,5 м дейін жоғары көтеріледі, кейде 2 м дейін төмендейді. Теңіз деңгейінің маусымдағы стандартты ауытқуы 30 см шамасында. Тарихта теңіздің деңгейі VII-ХI ғасырларда ең төменгі көрсеткішке (қазіргі деңгейінен 2-4 м төмен) жеткендігі туралы мәліметтер бар.

Арал теңізі немесе ескі аты - Көк теңіз, Орта Азия шөлдерінің орталық бөлігінде орналасқан (4.3 – сурет).

 

 

4.3.- сурет. Арал теңізі -XX ғасырдың 50-ші жылдарында

 

Су беті ауданының мөлшері 68700 км2 болады, ол ТМД елдеріндегі теңіздердің ішіндегі ең шағын теңіздердің бірі болып табылады (одан кіші тек Азов теңізі), алайда көлдердің арасында ол Каспий теңізі мен Солтүстік Америкадағы Жоғарғы көлден кейін әлемде үшінші орын алады. Ауданының үлкендігіне қарамастан, Арал теңізі, суы аз теңіздер қатарына жатады. Оның ең жоғары тереңдігі батыс жағалауларының бойымен созылып, 68 м – ге дейін жетеді, бірқатар жерлерде көбінесе 30 м – ден аспайды. Арал теңізі ағысы жоқ су көзі болып табылады. Оған екі өзен - Амудария мен Сырдария құяды.

Арал теңізінің қазіргі таңдағы қалыптасып отырған жағдайының түп тамыры ерте кезеңдерден басталады. Бірақ оның осы кездегі аса күрделі жағдайы ХХ ғасырдың 60 –шы жылдарында басталды. Жаңа жерлерді көптеп игеру, суармалы егін шаруашылығының қарқынды дамуы, бұл үшін Орталық Азия территориясында жаппай ирригациялық жүйелердің құрылысы мен тұрмыс пен өндірісте суға деген қажеттіліктің үздіксіз артуы, сол сияқты, бірнеше жыл қатарынан болған құрғақшылық, тарихтағы ең жаһандық экологиялық апаттардың бірі болып саналатын, бір кездері планетадағы ең әсем теңіздердің бірі болған теңіздің құрғап, суының сарқыла бастауына себеп болды. Соңғы елу жылда Арал теңізінің акваториясы 4 еседен аса қысқарып, суының көлемі 10 есе азайып, суы да осынша есе минералданған. (4.4 - сурет).

4.4.-сурет. Арал теңізінің қазіргі кездегі жағдайы

 

Су деңгейінің ғасырлар бойындағы ауытқулары (4.5 – сурет) циклді түрде қайталанып отырады: бір жылдар тобында судың жоғары тұрған деңгейі жылдап судың деңгейнің төмен тұруымен алмасып отырады. Судың ең төменгі деңгейі, Л.С. Бергтің мәліметтері бойынша, 1880 ж. байқалған. Арал теңізінің деңгейінің бірнеше жылдардағы ауытқуы - 326 см.

1993 жылдың мамыр айында Қызылорда қаласында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуі болды. Бұл кездесуде Арал теңізінің апаттық жағдайына байланысты мәселелерді бірлесіп шешуге арналған Келісімге қол қойылды. Бұл мәселе 2008 ж. маусым айында БҰҰ қоршаған орта жөніндегі Бағдарламасы шеңберінде де қарастырылды. Арал өңіріндегі қалыптасып отырған апаттық жағдайға байланысты туындап отырған проблемаларды халықаралық деңгейде бірлесіп шешуге бағытталған іс шараларды жүзеге асыру жөнінде мәлімдеме жасалды. Осыған байланысты Жапония үкіметі ЕО бірге су проблемаларымен қатар мыңжылдықтағы даму мақсаттарына арналған жоғары деңгейдегі іс шараларды жүзеге асырудың жоспарын жасады.

 

4.5.- сурет Арал теңізінің деңгейінің ғасыр бойына ауытқуы

БҰҰ Бас ассамблеясының «Су тіршілік үшін» атты Халықаралық онжылдықты (2005-2015 жж.) ресми түрде жариялауы, біздің жалпы планетамыздың тұрғындары үшін сумен қамтамасыз ету мәселесінің аса өзекті мәселе екендігін дәлелдейді.

Сумен қамтамасыз ету гигиенасы тұрғысынан қарағанда, әрине, ұзындығы 600 км асатын Балқаш көлінің маңызы өте зор. Балқаш көлі теңіз деңгейінен 340 м биіктікте орналасқан. Табиғаттың тартуы деуге болар, көлдің әрі ерекшелігі, әрі жұмбақ бір қасиеті – оның суының екі бөлігінде екі түрлі, бір жағы тұщы болса, екінші жағының суының тұзды болуы. Жіңішке ғана Ұзын Арал бұғазы арқылы көлдің суын екі түрлі бөлікке - батыс бөлігінде суы тұщы және шығыс бөлігінде суы тұзды болып бөлінеді. Көлдің батыс бөлігінің суы көп емес және арнасы кең болып, оның жағалаулары кішігірім шығанақтармен шектеледі. Ал шығыс бөлігі жіңішке, әрі ұзын болып, оның жағалаулары біртегіс болып келеді. Көлдің түбі тегіс, негізінен шөгінді қалдықтар көп, олар суы азайған жерлерде құмдарға ауысады.

Көлге барлық өзендер дерлік (Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі) оңтүстіктен құяды. Балқаш көлі бассейнінің негізгі су көзі болып саналатын - Іле өзені. Бұл өзеннің Балқашқа беретін суының мөлшері, көлге құйылатын барлық судың 73% құрайды. Алайда, ХХ ғасырдың 60- шы жылдарынан бастап, яғни сол кездегі Кеңес Одағы құрамындағы мемлекеттерде өнеркәсіп өндірістерінің қарқынды дамуына байланысты, Балқаштың суы біртіндеп тартыла бастады. Бар болғаны, 30-40 жылдың ішінде көлдің ауданы 2000 км2 қысқарды, жағалауы екі метрден аса азайды. Кейбір шығанақтардың орнында сор топырақ пайда болды.

Мұздық көлдер, жоғарғы таулы аймақтарда кездеседі, олар ертедегі мұздану аудандарына сәйкес келеді. Бұл көлдерге: Іле Алатауындағы Үлкен Алматы көлі,Жоңғар Алатауының солтүстігінде орналасқан Жасылкөл көлі, т.б. жатады. Таудың биік төбелеріне жақын бөліктерінде кішігірім мұздықтардың және желден мүжілу әсерінен тостағанша тәрізді ойықтар түзіледі. Олар суға толғанда, өте көп ,өлшемі үлкен емес, көлдер пайда болады.

Қазақстанның солтүстігінде, борпылдақ тау жыныстарының шөгуі нәтижесінде суффозиондық көлдер пайда болады, оларды «дала тостағаншалары» деп те атайды.

Бұнымен қатар, алқаптық-арналық көлдер де кездеседі, олар өзеннің бұрынғы арнасынан бөлініп қалған өзеннің кішігірім бөліктері (4.6.-сурет) болып табылады.

Қазақстанның территориясында 85000 аса өзендер мен уақытша түзілген су көздері бар, олардың ішінде көпшілігінің ұзындығы - 100 км дейін, 305 – 500 км дейін, 23 өзеннің ұзындығы 500-1000 км асады.

Ертіс – Қазақстандағы ең сулы өзендердің бірі. Оның республика территориясындағы ұзындығы 1700 км (жалпы ұзындығы 4248 км). Көлемі жөнінен Қазақстанда екінші орында - Сырдария өзені, республика территориясындағы ұзындығы 1400 км (жалпы ұзындығы 2219 км).

 

 

4.6.- сурет. Алқаптық-арналық көлдер

 

Іле өзені, жоғарыда айтып өткендей, Балқаш көліне құяды. Оның ұзындығы 1001 км, Қазақстанның территориясында - 815 км. Ең үлкен өзендерге Жайық, Есіл, Тобыл, Елек, Шу, Торғай, Сарысу, Талас, Нұра, Ембі, т.б. өзендер жатады.

Қазақстан өзендері сумен қоректену сипаты бойыша 3 типке бөлінеді: басын еріген қарсуынан алатын, мұздардан алатын және аралас типті. Осыған байланысты, республиканың өзендерінің көпшілігінде су тасқыны көктемде, қар еруі кезінде байқалады, мұздықтардан қоректену үлесі үлкен болған кезде ғана, су тасуы жаз айларында болады.

Қазақстан өзендерінің негізгі су көзі мұздықтар болып табылады. Қазақстан тауларында барлығы 2724 мұздық бар екені белгілі болды, олардың мұзға айналған жалпы ауданы - 2033,3 км2. Мұзға айналған барлық ауданының жартысы дерлік Жоңғар Алатауының үлесіне тиеді.

Сонымен, жоғарыда аталған су нысандарының барлығы да жер беті су нысандарына (су нысаны – шеғаралары, көлемі және су режимінің ерекшеліктері бар, судың құрлық бетінде жер бедерінің пішінінде және жер қойнауында жиналуы) немесе жер беті суларға жатады. Бұл сулар табиғи сулар болып табылады, өйткені олар табиғи үрдістер нәтижесінде түзілген. Оларға сол сияқты бұғаздар, шығанақтар, теңіздер мен мұхиттардың қойнаулары, батпақтар, бұлақтар, гейзерлер, т.б жатады.

Жер асты сулары, олардың жиналған жерінің, таралу, қоректену, қорының қалыптасу жағдайларына, химиялық құрамына, су жиналатын жыныстардың су өткзгіштігіне байланысты жарық арасындағы, жарықаралық - қабаттық және қабаттық болып бөлінеді. Жарық арасындағы жер асты сулары таулы және кішігірім тау жоталы аймақтарда кең таралған. Бұндай сулар 30-50 м тереңдікте орналасып, тұздылығы төмен (0,1-0,5 г/л) болады. Қабат типті сулар жазық территориялардың барлығына, өзен аңғарларына тән.

Жер асты суларынан басқа, құрлықтың жоғарғы қабаттарының үлкен кеңістіктерінің астында тағы жер асты мұздары да таралған. Олардың жалпы массасы 500000 км3 шамасында бағаланады. Ресей территориясының жалпы ауданының 47% осындай жер асты мұздары (көпжылдық мәңгі тоң аймағы) алып жатыр. Мәңгілік мұз басқан грунттардың қалындығында мұз өзіне тән цемент тәрізді қызмет атқарып, тау жыныстарындағы жарықтар мен саңылауларды толтырады. Кейбір жерлерде мұздар тұтас қалың қабаттар мен линзалар, мұзды талшықтар мен штоктар (мұздың бұрыс пішінді құрылымын) түзеді. Мұз қабатының қалыңдығы 50 м дейін жетеді. Мәңгілік мұз аймағында ерекше жер асты сулары – криопегтер де кездеседі. Криопегтер деп, концентрациясы жоғары, төмен температурада да сұйық күйінде сақталатын, жер астындағы тұздықтарды айтады. Әдетте, олардың қату температурасы -10ºС төмен болмайды, бірақ сұйық күйіндегі тұздықтар кейбір аймақтарда -36ºС кезінде де табылған.

Криопегтер, 200-300 м тереңдікте орналасып және тау жыныстары қабаттарында қозғалу мүмкіншілігі болып, жерге 1 км артық тереңдікке созылған және Сібір платформасының 2/3 бөлігін, Солтүстік мұзды мұхиттың аралдары мен жағалауларын, шельфін қоса, қамтыған, табиғи мұздатқыш түзеді. Жер қойнауында криопегтердің түзілуі, бұл аймақтардағы тұрғындарды сумен қамтамасыз етуде біршама қиындықтар туғызады, мұнай мен газ өндіруді қиындатады: төмен температурада жердің терең қабаттарында мұнай өте тұтқырлы болады, ал газ (метан) сумен мұз тәрізді кристаллогидраттар түзеді. Ғалымдардың болжауы бойынша, бұндай криопегті аймақтар Антарктиданың мұз құрсауының астында да түзілуі мүмкін.

Атмосфералық сулар, атмосферадағы су буларының қоюланып, олардың жер бетіне жаңбыр, не қар түрінде түсуінен пайда болады. Олар құрлықтың бетімен аға отырып, жер беті суларын түзеді, ал екінші бір бөлігі топыраққа сіңіп, жер асты суларына қосылады.

Елді мекендердегі тұрғындарды сумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру үшін, жер беті сулармен (ашық су көздері) бірге жер асты сулар да қолданылады. Осы суларға қысқаша санитарлық-гигиеналық сипаттама береміз.

Жер беті сулары өздерінің қалыптасу сипатымен ерекшеленеді. Олар негізінен, атмосфералық жауын-шашын суларының есебінен, еріген қар суларынан және аз ғана мөлшерде жер асты суларының қосылуынан түзіледі. Оларға тән ерекшелік - күн сәулесі энергиясының үнемі әсерінде және атмосферамен тікелей жанасуда болатын, су бетінің үлкен болуы. Бұл жағдай суда өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің дамуына қолайлы жағдайлар туғызады.

Ашық су көздерінің негізгі ерекшелігі, олардың суының дебиті біршама тұрақты және тұздылық дәрежесі орташа болғандықтан, оларды тек шаруашылық, техникалық мақсаттарға ғана емес, сонымен қатар ауыз су ретінде де пайдалануға болады.

Алайда, ашық су көздеріне, әдетте, сыртқы ортадан ластаушы заттар көп түсетіндіктен (шаң, түрлі қалдықтар, топырақ бетінен ағып келетін сулар) көбірек ластанады. Сондықтан, ашық су көздерінің сулары ауыз су үшін тек қана алдын ала арнайы өңделгеннен кейін ғана пайдаланылады (бұл сұрақ кейінірек жеке қарастырылады). Ашық су көздерінен алатын суларға алдын ала өңдеу жүргізуді қажет етендігі, оларды жеке адамдар пайдалануы үшін қиындықтар туғызады.

Жер бетілік суаттардың ішінен, сумен қамтамасыз ету үшін, көбінесе өзендердің суы қолданылады. Түрлі өзендердің суы, кейде тіпті бір өзеннің әр түрлі бөліктерінің суының өзі, жыл мезгіліне және жер бетіндегі ағынды сулардың (өндірістік, шаруашылық-тұрмыстық, мал шаруашылық кешендерінен шыққан ағынды сулардың) сипатына байланысты физикалық қасиеттері мен химиялық құрамы және ластану дәрежесі бойынша бір бірінен айырмашылықтары болуы мүмкін. Алайда, өзен суларының өздігінен тазару қабілеті өте жоғары. Өзенге су ағып келіп құйылатын жердің беткі қабаты, осы өзеннің сумен қоректенетін аймағы деп аталады.

Кішігірім елді мекендерде, жер асты суын пайдалану мүмкін болмайтын жерлерде, тұрғындарды сумен қамтамасыз ету үшін көлдер мен тоғандар пайдаланылады. Әдетте, олардың ағысы жоқ деп айтуға болады. Бұл суаттардың түбінде суға араласқан заттардың тұнбаға түсуінен біршама шөгінділер түзіледі. Бұл сулардың, ластану деңгейі жоғары және өздігінен тазару қабілеті нашар болғандықтан, шаруашылық-ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жарамдылығы аздау. Оларда балдырлар қаулап дамып, судың «гүлдеуі» жиі байқалады, ал бұл құбылыс судың органолептикалық қасиеттерін нашарлатады.

Жер беті су көздеріне сондай-ақ жасанды су қоймалары (бөгендер) дажатады. Олар өзендердегі судың ағысын бөгейтін бөгеттер құру арқылы жасалады. Көбінесе, олар бірнеше кешенді мақсатта (өндірістік, энергетикалық, сумен қамтамасыз ету үшін, т.с.с.) қолданылады. Жасанды су қоймаларын өзендерге шектесіп жатқан үлкен аумақтарға су жаю жолымен жасайды. Бұндай су қоймаларындағы судың сапасы, оны құрайтын өзен суы, еріген қар суы және жер асты суларының құрамына байланысты болады. Сонымен бірге, жасанды су қоймасындағы судың сапасына, әсіресе, пайдаланудың бірінші жылдарында оның жататын арнасын (түбін) санитарлық тұрғыдан дайындау да үлкен әсер етеді. Әдетте, жасанды су қоймасы салынатын орын, әсіресе, елді мекендер, зираттар, ауруханалар орналасқан, мал өлігі көмілген жерлер, т.б. территориялар ұқыпты түрде және толық санитарлық өңдеуден өтуі керек. Бұл судың эпидемиялық қауіпсіздігіне және органолептикалық қасиеттерінің жақсы болуына кепілдік береді.

Алматы қаласының жанындағы Қапшағай су қоймасы бірегей жасанды суат болып табылады, оған Іле өзенінен су толтырылуы 1970 жылдан басталды. Бұл қолдан жасалған суат суы гидравликалық энергия алу үшін қолданылады: тек ГЭС турбиналары арқылы жыл сайын 720-750 миллиард куб км су өтеді. Қазіргі кезде осы жасанды теңіздің жағалауларында көптеген демалу орындары орналасқан (4.7 – сурет).

 

4.7.- сурет. Қапшағай жасанды су қоймасы мен ГЭС

Каналдар – жерден қазылған, су ағатын жасанды құрылымдар. Олар кейде жүздеген километрлерге дейін созылады. Негізінен, халық шаруашылығында пайдаланылады, бірақ кейбір, санитарлық жағдайы жақсы, учаскелерінде, ауыз суы және халықтың демалуы үшін де қолданылады. Бұндай каналдардың бір мысалы -Үлкен Алматы каналы (ҮАК).

Біздің планетамыздағы судың едәуір бөлігі оның бетінің астыңда орналасқан. Оларды ерте кезден жер асты сулары деп атаған және қазір де осылай атайды, алайда, бұл суларға жер ішілік немесе топырақ астылық деген атаулар дәлірек болар еді. Бұл сулардың салыстырмалы түрде аз ғана бөлігі кішкене бұлақтар, таулы жерлердегі жылғалар немесе ыстық су булары атқылаған – гейзерлер түрінде жердің бетіне шығады. Ал олардың негізгі, біраз бөлігі жер қойнауында су өтпейтін қабаттардың арасындағы сырт көзге көрінбейтін қоймаларда, жер бетіне бір жерден жол тауып шыққанша немесе адам қолымен жасалған әрекеттердің әсерінен кеңістікке шыққанша, мыңдаған жылдар бойы жинақтала береді.

Көптеген ауылдық және қалалық елді мекендерді сумен қамтамасыз ету үшін, жер асты суларын пайдаланады. Олар негізінен, атмосфералық жауын-шашын суларының топырақ арқылы сүзіліп өтуі есебінен түзіледі; аз бөлігі - ашық су көздеріндегі (өзен, көл, жасанды су қоймалары, т.б.) судың арнасынан сүзіліп, өтуі нәтижесінде пайда болады.

Жер жыныстарының әр түрлі қабаттарынан бірті-бірте өтуі арқылы, су біртіндеп араласып жүрген заттардан, сонымен бірге микроорганизмдерден де тазарады және жыныстардың құрамындағы минералды тұздарды ерітеді. Сондықтан, бұл суларда араласқан заттар өте аз болады, яғни басқа су көздеріне қарағанда, суы таза, бірақ минералдану дәрежесі (тұздылығы) жоғары болуымен ерекшеленеді. Жер асты сулары, сол сияқты, дебітінің тұрақтылығы жоғары болғандықтан, сумен қамтамасыз етуді жеткілікті дәрежеде дәл жоспарлауға мүмкіндік береді.

Жер асты суларының жиналуы мен қозғалысы жыныстардың құрылысына байланысты, оларды суға қатысты су өткізбейтін және су өткізетін деп бөледі. Су өткізбейтін жыныстарға гранит, саз балшық, ізбестас, ал су өткізгіш жыныстарға - құм, қиыршық тас, малтатастар, жарықтары бар жыныстар жатады. Су, бұл жыныстардың жарықтары мен саңылауларын толтырады.

Жер асты суларының жоғарғы шекарасы әр түрлі тереңдікте болады - бірнеше метрден бірнеше ондаған және жүздеген метрге дейін жетеді. Бұл шекарадан төмен жатқан тау жыныстарының, мұнай-газ кен орындарындары бар жеке учаскелеріндегі мұнай мен газға толған саңылаулары мен жарықтарынан басқа, барлық дерлік саңылаулары мен жарықтары суға толған.

Жүргізілген есептеулер бойынша, континенттердегі жер қыртысының жоғарғы бес километрлік қабатындағы судын мөлшері 84,4•106 км3. Оның 60•106 км3 ауырлық күші әсерінен қозғалуға қабілетті, еркін қозғалатын (гравитациялық) су құрайды. Бүкіл жер қыртысында судын мөлшері - 1,5•109 км3 шамасында, ол Әлемдік мұхит көлеміне тең (Кульский Л.А. және басқалар бойынша, 1982).

Жер асты сулары – қоршаған ортамен өзара тығыз қарым-қатынастағы аса күрделі динамикалық жүйе болғандықтан, пайдалану үрдісінде қайта қалпына келе алатын, пайдалы қазбалардың жалғыз ғана түрі болып саналады. Сондықтан жер асты суларының қоры статикалық (ғасырлық деп аталатын) және динамикалық (жаңарып отыратын) болып бөлінеді. Жер асты суларының пайдаланылатын қоры белгілі бір уақыт бірлігінде үнемі жұмсалатын су мөлшерімен анықталады.

Жер асты суларының әлемдік динамикалық қоры 12000 км3, оның ішінде ТМД елдерінде - 880 км3. Бұл, белсенді су айналымы зонасы деп аталатын, зонасындағы жер асты сулары, бұл сулар өзендермен дренаж арқылы байланысып, өзен ағысының тұрақты бөлігін құрайды. Өзендерге дренаж арқылы қосылатын деңгейден төменгі деңгейінде, су айналымының белсенділігі өте әлсіз, ғасырлық жер асты суларының жалпы қорының 9/10 кем емес бөлігі болатындығы жорамалданады.

Жер асты тұщы сулардың қоры туралы, олардың өзендерге қосылатын ағысының мөлшері бойынша пайымдауға болады. ТМД елдерінде бұл көрсеткіш 30000 м3/с артық, бұл жалпы өзен ағысының төрттен бір бөлігін құрайды.

ТМД елдерінің аумағындағы жер асты сулары Ресей, Украина, Қазақстанда ең көп таралған, олардағы су қоры бірнеше Арал теңізінің су қорына тең болатындығы анықталды. Сол сияқты, жер асты тұщы судың үлкен қоры Орта Азия мемлекеттері территорияларында да табылды.

Жер асты сулары жердің бетіне табиғи жолмен (бұлақ, бастау түрінде) шығады немесе оларды әр түрлі құдықтар қазу арқылы алады.

Жер асты сулары жататын орнына қарай - топырақ, грунт және қабат аралық сулар болып бөлінеді.

Топырақ сулары (жер бетіне ең жақың сулар) атмосфералық сулар өтетін аймақта болады, жер бетіне ең жақын, бірінші су тұтқыш горизонтта линза түрінде жиналады. Олар, әсіресе, атмосфералық жауын-шашын кезінде көп жиналып, бірақ жазда құрғап кетеді, ал қыста қатып қалады. Бұл су көздерінің, біріншіден, салыстырмалы түрде дебиті аз, екіншіден, су өткізбейтін қабаты түріндегі қорғауы жоқ, соған байланысты, оңай ластанады, олардың құрамы сыртқы факторлар (климаттық, антропогендік) әсерінен жылдам өзгереді, сондықтан да, елді мекендерді сумен қамтамасыз ету үшін іш жүзінде қолданылмайды.

Грунт сулары бірінші су өткізбейтін қабаттының үстінде жиналады, бірақ, жоғарғы жағында су өткізбейтін қабаты болмайды, сондықтан, олар мен жер бетілік сулар арасында су алмасу үрдістері жүреді. Олар атмосфералық жауын-шашын суларының топырақ қабаттары арқылы өтуі нәтижесінде түзіледі, сондықтан, әр түрлі жылдарда және жыл мезгілдерінде судың деңгейінде үлкен ауытқулар болады. Әр түрлі жерлерде олардың тереңдігі 1,5 - 2 м және одан да артық болуы мүмкін.

Әдетте, бұндай сулар ауылдық елді мекендерде көп қолданылады - су түрлі құдықтар (шахталық, құбырлы, т.б.) арқылы алынады. Олардың кейбіреулері улкен емес су тасымалдау құбырлары үшін де қолданылады. Бұл сулар қысымды болмағандықтан, олардың құдықтағы деңгейі, судың жер астылық қабатының деңгейінде болады.

Жер бетілік суларға қарағанда, грунт сулары салыстырмалы түрде тұрақты құрамымен және жақсы сапасымен ерекшеленеді. Топырақтың қалың қабаттары арқылы сүзіліп өтетіндіктен, олар өзен мен көлдердің суларына қарағанда, мөлдірлеу, түссіз және бактериологиялық тұрғыдан да қауіпсіздеу болып келеді. Грунт сулары ластануының алдан алуда топырақты ластанудан санитарлық қорғау үлкен рөл атқарады.

Су жағалауларындағы жерлерде грунт сулары өзендер мен басқа да ашық су көздерінің суларымен гидравликалық байланыста болуы мүмкін. Бұндай жағдайларда өзен суы топырақ қабаттарынан өтіп, грунт суларына қосылады да олардың мөлшерін көбейтеді. Бұндай сулар арна астылық сулар деп аталады. Арна астылық сулар кейде инфильтрациялық құдықтар жасау арқылы ауыз су мақсатында да қолданылады. Алайда, бұл сулар ашық су көздерімен тікелей байланысты болғандықтан, олардың құрамы тұрақсыз және санитарлық жағынан да, жақсы қорғалған грунт суларына қарағанда, сенімділігі аздау.

Тау беткейлерінде немесе үлкен жыралар түбінде, яғни жер бедерінің сай-салалы жерлерінен грунт сулары қысымсыз немесе төмен қарай түсетін бұлақ (бастау) түрінде жердің бетіне шығуы мүмкін. Бұндай бұлақ суларының құрамы мен сапасында, оларды қоректендіретін грунт суларының құрамымен мен сапасынан айырмашылығы болмайды және жергілікті жердегі тұрғындарды сумен қамтамасыз ету үшін пайдалануы мүмкін.

в). Қабат аралығындағы (аралық) сулар дегеніміз, су өткізбейтін екі жыныстың аралығында орналасқан сулар. Кабат аралағындағы сулар – қысымды және қысымсыз сулар деп бөлінеді. Бұлардың екеуінде де, су өткізбейтін «төбе жабыны» және«айдыны» болады. Бірақ, қабат аралық қысымды сулар, олардың арасындағы кеңістікті толық толтырып, оның ішінде жоғары кысыммен жылжиды, ал қысымсыз қабат аралық сулардың бетімен «төбе жабынының» арасында біраз бос кеңістік болады, сондықтан судың қысымы да төмен болады.

Бұл сулар қысымның әсерінен құдықтарда жоғарыға қарай көтеріліп, кейде өздігінен бұрқақ болып атқылауы да мүмкін (артезиан сулары).

Су өткізбейтін жабыны болғандықтан, қабат аралық сулар атмосфералық жауын-шашын суларынан және жоғарырақ қабаттағы грунт суларынан жақсы оқшауланған болады. Қабат аралық сулар су тұтқыш қабатының жер бетіне шыққан жерлерінде сумен толығады, әрі, бұндай жерлер қабат аралық сулардың негізгі қорының орналасқан жерінен біраз қашықта болады.

Егер, су өткізбейтін қабаттың үстіңде орналасқан су тұтқыш қабат жылғамен бөлінсе, онда қабат аралық сулар табиғи жағдайда жердің бетіне, ағыны жоғары көтерілетін, бұлақ немесе бастау түрінде шығуға мүмкіндік алады. Бұл бұлақ суының сапасы оларды қоректендіретін қабат аралық сулардың сапасынан айырмашылығы болмайды.

Жоғары қысымдағы судың еріткіштік қасиеті жоғары болатындықтан, жер астылық қабат аралық сулар иондық, молекулалық және коллоидты қоспалардың әр түрлі кешендеріне бай, және жиі газдарға қаныққан болады.

Ең тұщы жер асты суы, әдетте, биік таудағы су көздерінде кездеседі. Кейде, олардағы тұздардың мөлшері 0,1 г/л – ден де төмен болады. Жазық жерлерде орналасқан жер астылық ащы суларында, керісінше, тұздардың массасы судың мөлшеріне тең болады. Мысалы, Түркменстанда, тұздылығы 547 г/л болатын, ащы су көзі табылған.

Жер асты суларының химиялық құрамы басым мөлшерде кездесетін иондардың үйлесімі бойынша анықталады: гидрокарбонатты – кальций, хлоридті – натрий және т.б. Жер асты суларының минералдану дәрежесі, әдетте, олардың химиялық құрамына байланысты болады.

Мысалы, тұщы сулар – негізінен, гидрокарбонатты болып табылады. Орташа концентрациядағы (100 г/л 150 г/л) ащы суларда, көбінесе, натрий хлориді көп болады. Бұдан да жоғары қаныққан ащы суларда хлор аниондарымен бірге кальций және магний катиондары көп болады. Жер асты суларының иондық құрамына оларда кейбір газдардың, әсіресе, көмірқышқыл газының мөлшері де байланысты болады. Судағы карбонаттық тепе-теңдік (сутек, кальций катиондары мен гидрокарбонат, карбонат аниондарының қатынасы) осы көмірқышқыл газына байланысты. Құрамында көмірқышқыл газының мөлшері жоғары болатын жер асты сулары құрылыс қондырғыларына, әсіресе, құрамында бетоны бар, қондырғыларға. агрессивті болады.

Жер асты суларының құрамында Д.И. Менделеевтің периодты системасындағы барлық дерлік элементтер, тіпті сирек кездесетін элементтер де кездеседі. Сондықтан, олар бағалы химиялық шикізат көзі болуы мүмкін. Ертеде, ХI ғасырдың өзінде – ақ, адамдар ас тұзын жер астылық ащы суды буландыру арқылы алғандығы белгілі. Ал қазір, жер асты суларынан иодты түгелдей және бромның біраз бөлігін алады.

АҚШ мен Италияда жер астылық ащы сулардан, иод пен бромнан басқа, бор қышқылын, вольфрам, литий мен германийді алады. Карловы Вары минералды су көздерінен жыл сайын 1300 т глаубер тұзы және 800 т сода өндіріледі.

Жер асты суларының құрамында, сол сияқты, топырақтың жоғарғы қабаттарында жүріп жататын немесе жанғыш пайдалы қазбалармен қосылғанда жүретін биохимилық үрдістер нәтижесінде түзілетін органикалық заттар да кездеседі.

Жақын арада жер асты суларының құрамында газ тәрізді қоспалар түріндегі төменгі сатыдағы көмірсутектердің де кездесетіні анықталды. Әсіресе, олар мұнай-газ бассейндері орналасқан жерлердің суларында көп кездеседі. Ғалымдардың есептеулері бойынша, тек қана ТМД мемлекеттерінің территориясындағы қабат аралық сулардың құрамында осы аса бағалы шикізаттың 4000 триллион куб метр қоры бар екені анықталды. Бұл, бүкіл дүние жүзіндегі мұнай мен газдың қазіргі таңдағы белгілі өндірістік қорынан бірнеше жүз есе артық.

Жер асты сулары, соңғы кездері болашақта табиғи газ өндірудің маңызды көзі ретінде қарастырыла бастады. Мысалы, Жапонияда қазірдің өзінде табиғи газдың 30% дәл осы жолмен алынады. Қабат аралық жер асты суларында басқа да, өте бағалы химиялық компоненттердің көп екендігін ескере отырып, жер астылық суларды өңдеуді кешенді, көп салалы, қалдықсыз және рентабельділігі жоғары өндіріс түрінде жүзеге асыруға болады.

Микроағзалар жер асты суларында, әдетте, өте аз болады, ал ауру тудырушы бактериялар мүлдем кездеспейді. Қабат аралық сулар өте терең қабаттарда жататындықтан, олардың физикалық қасиеттері мен химиялық құрамы тұрақты болады. Қабат аралық сулардың антропогендік ластануы өте сирек болады, мысалы, су өткізбейтін қабаттардың бұзылуы кезінде, ескі, пайдаланбайтын ұңғымаларға бақылау жүргізілмегенде ғана байқалуы мүмкін. Қабат аралық горизонттардағы су сапасының аз ғана өзгерісінің өзі, сол жердегі санитарлық жағдайдың нашарлағанын білдіреді.

Ерте кезден таза, мөлдір бұлақ суы өте жоғары бағаланатын. Миллион тұрғыны бар қалада - Ертедегі Римде тек осындай суларды пайдаланатын, өйткені римдіктер ең таза деген өзен суының өзін елемейтін. Егіс далалары құрғап жатқанда, бұлақ сулары бақылаусыз қала үшін алынатын. Рим қаласының қарқынды даму кезеңінде, оның әрбір тұрғынына тәулігіне судың 1000 л дейін мөлшері келетін. Ешқашан, еш жерде өте таза, ауыз суды моншалар, шомылу, т.б. мақсаттар үшін дәл осылай ысыраппен пайдаланбаған.

Жер асты сулары, ең алдымен ауыз су үшін қолданылады, өйткені, әдетте, олар арнайы тазартуды, ал көп жағдайларда тіпті зарарсыздандыруды да қажет етпейді.

Алайда, жер асты суларының стерильді болуының, қазіргі кездегі түсініктер бойынша, біршама қауіптілігі де бар. Артезиан, бұлақ немесе құдық суларының «қарсы тұру күші» болмағандықтан, олар ластанған кезде адам денсаулығы үшін ұзақ уақыт қауіпті болып қала береді.

Парадокс ретінде болса да, ашық суаттардың жағдайы жақсырақ деуге болады: бұл суларда басқа граммтеріс бактериялар денесінде паразитті тіршілік ететін бактериялар табылған. Неміс зерттеушісі Г.Штольп (1963), Штольп вибрионы деп белгілі болған, туыс ішіндегі Bdellovibrio bacteriovorus (bdellо – латынша: сүлік) түрді анық сипаттаған. Бұл бактерия басқа бактерияларға еніп, оларда көбейеді (4.8 – сурет).

 

 

4.8.- сурет. Штольп вибрионының судағы микробты «жеп қоюы»

Бұл бактериялар өздеріне қорек ретінде судағы басқа микробтарды, олардың арасында, холера вибриондарын және сүзек таяқшаларын да пайдаланады. Осы Штольп вибриондарының болуымен табиғи сулардың өздігінен тазаруға қабілетінің өте күшті болуын түсіндіреді. Әдетте, бұл вибриондар жер асты суларында болмайды. Сондықтан, бұндай сулардың аз ғана дәрежеде ластануының өзі, адамдар мен үй жануарлары үшін ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Жер асты суларының көбі, олардың құрамында түрлі тұздар көп болғандықтан, ауыз су үшін және шаруашылықты сумен қамтамасыз етуге жарамсыз болады, бірақ олар да әр түрлі мақсатта қолданыс табады.

Минералданған жер асты сулары өте ерте кезден – ақ емдік мақсаттарда қолданылады. Олардың емдік әсері, көбінесе құрамындағы биологиялық белсенді заттардың жоғары мөлшерде болуына байланысты. Емдеу практикасында, әдетте, температурасы 40ºС-тан аспайтын, жер асты суларын пайдаланады.

Атмосфералық сулар (жауын-шашын) тұрғындарды сумен қамтамасыз ету үшін сирек қолданылады, негізінен, сусыз, құрғақ климатты аймақтарда (Өзбекстан, Түркменстан, Қырым), яғни, ашық су көздері жоқ, ал өте тереңде орналасқандығынан, жер асты суларын алу қиын аймақтарда ғана қолданылады. Атмосфералық суларда аз ғана мөлшерде Ca мен Mg тұздары болады, яғни, олардың минералдану дәрежесі өте төмен болып, дистильденген суға жақындайды, сондықтан олар тек шаруашылық және техникалық мақсаттар үшін қолданылады. Бұл суларды ауыз су үшін пайдаланғанда, оларды барлық санитарлық ережелер сақталып, сырттан ластаушы заттар түспейтін, таза ыдыстарға жинау керек.

Атмосфералық жауын-шашын суының тазалық дәрежесі, атмосфераның жағдайына, ауаның ластану деңгейіне, желдің күші мен бағытына, жауын-шашынның түсу ұзақтығына, оның қарқындылығы мен тағы да басқа факторларға байланысты күрт өзгеріп отыруы мүмкін. Қатты құйынды желдер мен вулкандардың атқылауы кезінде, толып жатқан ластаушы заттардың ауаға көтерілуінен, олардың атмосфералық жауын-шашын құрамынан анықталған жағдайлары (құрамында қызыл түсті тау жыныстарының қоспасы бар, «қанды жаңбырлар» деп аталған, жаңбырлар және т.б.) белгілі.

Ірі өнеркәсіптік қалалардың атмосферасына күкірт қышқылы, тұз қышқылы және басқа да қышқылдар, Na, Ca, Mg тұздары, күйе, шаң, микроағзалар түсуінен, жауын-шашын сулары, осы заттармен ластанған атмосферадан өтіп, өздері ластанады да және ауыз су үшін пайдалануға жарамсыз болып қалады.

Атмосфералық сулардың сапасы сондай-ақ, климаттық жағдайларға және судың қай кезде - қатты жаңбыр кезінде немесе құрғақшылық кезде жиналғандығына байланысты болады. Әдетте, жаңбыр жауғанда, судың алғашқы тамшылары соңғы тамшыларына қарағанда, көбірек ластанады, ал соңғылары ең тазасы болып келеді.

Қар немесе мұз ерігеннен соң пайда болатын еріген қар сулары, өте сирек - сусыз жерлерде қолданылады, олар да атмосфералық жауын-шашын сулары сияқты ластанады.

2. Судың адам ағзасы үшін және оның өмір сүруін қамтамасыз етудегі рөлі

Барлық тірі ағзалардың судан шыққандығы белгілі. Қазіргі кезде де сусыз тіршілік ету мүмкін емес. Өсімдіктер мен жануарлардың денесі 60-75% судан тұрады. Тірі ағзалар үшін сусыздану немесе судың жетіспеуі қауіпті, өлімге әкеп соғады. Адам денесінің үштен екі бөлігі дерлік судан тұрады, оның мөлшері жас шамасына қарай елеулі өзгеріп отырады. Мысалы, эмбрион денесінің (жасына қарай) 85 - 97%, жаңа туылған нәрестенің денесінің - 70 - 75%, үлкен адам денесінің - 60 - 65% судан тұрады , ал адам қартайған сайын, ағзасындағы судың қоры үсті-үстіне азая береді. Көптеген ғалымдардың пікірінше, адамның қартаюының себептерінің бірі – коллоидтардың, әсіресе, белоктардың, суды байланыстыру қасиеттерінің төмендеуі болып табылады.

Үлкен адамның мүшелері мен тіндеріндегі судың мөлшері біршама тұрақты болады, олардың сандық мәні, шамамен төмендегіше болады: бас мидың үлкен жарты шарында – 83,3%, дәнекер тіңде – 80%, бүйректерде – 82%, теріде - 72%, қанда – 79,3%, май тінінде - 29%, қаңқада – 22%, тіс эмалында - 0,2% (4.9. – сурет). Ағзадағы су алмасу үрдісі өте қарқынды жүреді. Қоршаған ортаның орташа температурасының өзінде және физикалық жүктеме аз болған кезде, ересек адам шамамен 2-2,5 л су бөледі, оның ішінде, кіші дәретпен тәулігіне - шамамен 1400 мл, деммен шығарылатын ауадағы су булары түрінде – 400 мл жуық, тері бетінен тер түрінде – 500 мл жуық және үлкен дәретпен – шамамен 200 мл суды сыртқа бөліп шығарады.

 

 
 

 


4.9.-сурет. Ересек адамның кейбір мүшелері мен тіндеріндегі судың мөлшері

 

Ауа температурасы жоғарылағанда және дене еңбегі қарқынды болған кезде, судың бөлінуі, әсіресе, тер түрінде біршама артады. Кейбір жағдайларда, тәулігіне тердің бөлінетін мөлшері 6 және тіпті 10 литрге дейін жетуі мүмкін.

Қалыпты жағдайда ағзаның суды қабылдайтын және бөліп шығаратын мөлшерлері арасында қатаң тепе – теңдік сақталуы керек. Егер, ересек адамға тәулігіне судың қажет мөлшері дене массасының 1 килограмына 40 грамм (г /кг) болса, емшек жасындағы балаларда, ол едәуір жоғары – 120-150 г/кг болады. Тәулігіне 2-2,5л сұйықты бөле отырып, адам ағзасы осынша сұйықты қабылдауы да керек.

Қабылдайтын судың мөлшерін келесі су мөлшерлері құрайды: ішілетін су (шәй, компот, кофе, т.б.) – 800-1000 мл; сорпалар – 450-500 мл; қатты азық – түлік өнімдеріндегі су – 700 мл; ағзаның өзінде түзілетін су - 300-400 мл (эндогенді су). Эндогенді су түрлі заттардың биологиялық тотығуы кезінде түзіледі. Мысалы, 100 г майлар тотыққанда 107 мл, 100 г көмірсулардан – 55 мл, 100 г белоктан - 41 мл су бөлініп шығады.

Әртүрлі тірі ағзаларда судың жаңару үрдісі жүріп отырады. Мысалы, кактустарда су түгелдей 28 жылда жаңарады, адам ағзасында – бір айдың ішінде, тасбақада – бір жылда, түйеде – үш айда жаңарып тұрад