Жеделдетiлген нормалау . 5 страница
Ластаушылардың адам ағзасына атмосфера арқылы түсуі негізгі түсетін жолы болып табылады, себебі тыныс алу - үзіліссіз үрдіс, осыған байланысты тәулік ішінде өкпе арқылы ауаның өте үлкен, 10-12 м3 дейінгі, көлемі өтіп отырады. Альвеолалар бетінің үлкен ауданы ауаның ғана емес, сонымен бірге, оның құрамындағы ластаушылардың да еш кедіргісіз қанга тез өтуіне жағдай жасайды. Осы жолмен түскен ластаушылардың қолайсыз әсерлері, басқа жолдармен түсуіне қарағанда, тез және айқын білінеді, себебі зиянды заттар улануды жоятын табиғи тосқауыл – бауыр арқылы өтпей, қанмен бүкіл ағзаға тарайды.
Атмосфераны ластаушылар адам ағзасына жедел және созылмалы әсер етуі мүмкін. Жедел әсері ластаушылардың бір рет өте жоғары концентрациясында әсер етуі кезінде байқалады, ал созылмалы әсері – ұзақ уақыт, бірақ аз концентрацияларында, әсер еткенде білінеді. Ауа массаларының табиғи қозғалу және араласу үрдістері әдетте ластаушылардың көп жиналуына кедергі жасайды, сондықтан олардың жедел әсер ететін үлкен концентрациялары тек белгілі бір жағдайларда орын алады: өздігінен тазаруына қолайсыз ауа райы кезінде, нашар желдетілетін жерлерде, ластаушы шығарындылар атмосфераға өте көп мөлшерде түскенде, авария жағдайларында және т.б.
Атмосфераны ластауышалардың жедел әсерінің классикалық мысалына адам ағзасына улы әсер ететін тұмандардың – смогтардың (смог - түтінмен араласқан тұман) әсерін жатқызуға болады. Тұмандардың 2 түрін ажыратады: бұлтты, тұманды және желсіз ауа райы кезінде пайда болатын, лондондық типті (қысқы) және ашық ауа райы кезінде болатын лос-анджелестік типті тұмандарды. Олар өзінің атын 20 ғасырдың ортасында тұмандардың жоятын әсері ерекше байқалған қалалардың аталуы бойынша алған. Лондондық типті тұмандар 1930 жылының өзінде ақ Бельгияда, Маас өзенінің алқабында, ал 1931 жылы – Англияда Манчестер мен Солфорд аудандарында, 1948 жылы АҚШ Донор қаласында байқалған. Олар тұрғындардың жаппай ауруларына әкеліп, ондаған, жүздеген адамдардың өмірін алып кетті. Ал ең қайғылы жағдайды тудырған тұман, 1952 жылы Лондонда желтоқсан айында, Темза өзенінің алқабында болды, ол 2 аптаның ішінде 4 мыңнан астам адамның өмірін қиды. Тығыз тұман болды, көз көрерлік қашықтығы 10 м аспады. Ауа, отынды жағу нәтижесінде түзілген өнімдермен - жанатын газдармен, күлмен, күйемен қанықты. Бірнеше күн бойына абсолюттік штиль (желсіз, тымық) тұрды. Лондондық типті тұманның негізгі әсер ететін құрам бөлігі күкіртті газ болып табылды, ол ауа ылғалымен өзара әрекеттесіп, улылығы одан да жоғары күкірт қышқылының түзілуіне әкеп соқты. Зардап шеккен адамдарда көздерінің ашуы мен жас ағуы, кеуде торының ауыру сезімі, қатты жөтел, тыныс алудың қиындауы, тұншығу ұстамаларымен жүретін, көздің және жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабықтарының айқын тітіркенуі байқалды. Әсіресе, бронх демікпесі мен тыныс мүшелерінің созылмалы қабыну ауруларымен және жүрек қан тамырлары жүйесінің ауруларымен ауратын науқастар, балалар мен қарт адамдар тұманға сезімтал болып шықты.
Тұманның дамуында температуралық инверсия ерекше рөл атқарды. соның салдарынан ауаның қалыпты айналымы бұзылып, барлық улы шығарындылар, жоғары көтеріле алмай, тікелей жердің үстінде жиналды. Температуралық инверсия қыс уақытында, қатты аяз кезінде ғана емес, сонымен бірге, ауаның температурасы жоғарылау болған кезде де байқалады. Ол түнде жер салқындағандықтан (түнгі инверсия) және тау алқаптарындағы таудан соққан суық ауа алқаптағы ауаның жылы қабаттарының астына ығысуы нәтижесінде пайда болады.
Лос-Анджелесс типті, фотохимиялық деп аталатын, тұман алғаш рет АҚШ кейбір қалаларында 20 ғасырдың 40-ншы жылдарында байқала бастады. Ең қиын жағдай Тынық мұхиты жағалауында орналасқан, желдетілмейтін, шығыс пен солтүстіктен таулармен жабылған, Лос-Анджелесте пайда болды. Жағалаудан соққан жел ауаны тауға апарады, сол жерде ауа ұзақ уақыт тоқтап қалады. Ауаның ұзақ уақыт тоқтап қалуына жылына 260 күн болатын температуралық инверсия да әсерін тигізеді. Осы жағдайлар және сонымен қатар, ауаның өнеркәсіп кәсіпорындарының және автокөліктердің шығарындыларымен қатты ластануы, өте күшті және жиі фотохимиялық тұмандардың пайда болуына себеп болды. Мұндай тұмандардың бірінің ұзақтығы 60 күннен астам болды және Лос-Анджелесті фотохимиялық тұмандардың отаны деп атауға мәжбүр етті.
Фотохимиялық тұмандардың негізгі құрам бөліктері азот және көміртек тотықтары мен қос тотықтары, көмірсутектер, фенолдар және т.б., сонымен қатар, күн радиациясының әсерінен фотохимиялық реакциялар нәтижесінде түзілген, фотооксиданттар деп аталатын, қосылыстар болып табылады. Ультракүлгін сәулелері азоттың қос тотығымен өзара әсерлесіп, оныңыдырауына және соның нәтижесінде азот тотығы мен атомарлы оттегінің түзілуіне әкеледі. Атомарлы оттегі молекулярлы оттегімен қосылып, негізгі фотооксиданттардың бірін – озонды түзеді, ол ауадағы көмірсутектерді және басқа да органикалық ластаушыларды тотықтырып, басқа да фотооксиданттардың: пероксиацетилнитрат, пероксибензолнитрат, бос радикалдар, альдегидтер, кетондар және т.б. түзілуіне әкеп соғатын, тізбектік химиялық реакцияларға бастама береді.
Фотооксиданттар көздің және жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабықтарына айқын тітіркендіргіш әсер етеді, тұншығу ұстамаларына, бронх демікпесі дамуына және бронхөкпелік аппараттың қабыну-дистрофиялық зақымдануына әкеп соғады. Уланудан болған эффектілерінің де білінуі, сонымен қатар, тыныс мүшелірінің және басқа мүшелер мен жүйелердің созылмалы ауруларының қозуы байқалуы мүмкін. Фотохимиялық тұмандар кезіндегі озонның концентрациясы ауаның тазалығын емес, керісінше, оның ластану дәрежесін сипаттайды. Оның концентрациясы неғұрлым жоғары болса, соғұрлым тұман айқын және ұзақ болады.
Ластаушылардың жедел және өте қауіпті әсері әр түрлі кәсіпорындарда техногенді авариялар болған уақытта байқалады. Мысал ретінде, 1984 жылы Бхопал қаласында (Үндістан) пестицидтер өндіретін фабрикада 30 т фосген мен метилизоцианат қоспаларының қоршаған ортаға шығып кетуінен болған ірі масштабты апатты келтіруге болады. 3 мыңдай адам өлді, 20 мыңға жуық адам соқыр болып қалды, 200 мыңында бас миының ауыр органикалық зақымдануы дамыды, ал катастрофадан кейін туылған балаларда әр түрлі кемтарлықтар байқалды.
Атмосфераны ластаушылардың адам ағзасына созылмалы әсері, жедел әсеріне қарағанда, жиі кездеседі, себебі, созылмалы әсері, жедел әсері білінетін экстремалды жағдайларда емес, ауаның ластану деңгейі өте жоғары мөлшерге жетпейтін жағдайларда жүреді. Алайда, тіпті қарқындылығы аз, бірақ, рұқсат етілген деңгейінен асатын әсері, белгілі бір уақыттан кейін спецификалық және бейспецификалық эффектілерінің дамуына әкеп соғады.
Спецификалық әсері әрбір ластаушының түріне тән симптомдардың кешендері дамуымен байқалады. Бейспецификалық әсеріне жалпы аурушаңдылықтың өсуін, ағзаның сенсибилизациясын, балалардың дамуы мен өсу көрсеткіштерінің төмендеуін, қоршаған ортаның түрлі факторларына ағзаның қарсы тұру қабілетінің төмендеуін жатқызады. Ауа ортасын негізгі ластаушылардың (поллютанттар) бірі қазіргі уақытта күкірт, көміртек, азот тотықтары, қорғасын, сынап, кадмий, галогенді қосылыстар және ПАК болып табылады. Олардың ішінде атмосфераға тусетін шығарындылардың көлемі бойынша (жылына 6000 млн/т) көмірқышқыл газы бірінші орын алады. Бұл қосылыс ұзақ өмір сүретін заттардың қатарына жатады, бірақ, ауада болатын концентрациясында оның химиялық агрессивтілігі мен ағзаға әсері үлкен емес. Алайда, ол атмосферадағы СО2 мен басқа да парниктік газдардың концентрацияларының біртіндеп жоғарылауына байланысты парниктік эффектінің дамуында негізгі рөл атқарады. Иіс газының шығарылу көлемі едәуір көп, оның, көмірқышқыл газына қарағанда, агрессивтілігі жоғарылау, бірақ, тұрақты емес, көмірқышқыл газына және басқа қосылыстарға тез айналады. Сонымен бірге, автомагистральдар аймағында, металлургиялық кәсіпорындар маңайында, ЖЭС, қазандықтар және т.б. аумақтарда жиі байқалатын концентрациясы жоғары көміртек тотығының ұзақ уақыт әсер етуі, астениялық құбылыстардың, вегетативті-тамырлық дисфункциялардың дамуына, ұйқының бұзылуына, жүрек қыспасының жиілеуіне, бас ауруы, жүрек тұсындағы ауыру сезімінің пайда болуына әкеп соғады. Бұл эффектілері, көміртек тотығы, карбоксигемоглобин түзіп, оксигемоглобинді байланыстыруы салдарынан пайда болатын гипоксиямен де, және көміртек тотығының жалпы уланыдыратын әсерімен де байланысты.
Жылуэнергетикалық кәсіпорындары, автокөлік және технологиялық үрдісінде отынды жағу үрдістері жүргізілетін әр түрлі өнеркәсіп кәсіпорындары көміртек тотығы мен көміртек қос тотығының негізгі көздерінің бірі болып табылады.
Осы көздерден де атмосфералық ауаға күкірттің қос тотығы шығарылады, шығарылу көлемі (жылына 150-200 млн/т) бойынша ол басқа ластаушылардың ішінде негізгі орындардың бірін алады. Сонымен қатар, күкірт газының көп мөлшері ауаға күкіртті кендерді қайта өңдегенде және мыс пен никельді балқытқанда түседі. Жоғары химиялық агрессивтілігімен едәуір тұрақтылығы және атмосфераға елеулі көлемде шығарылуы, оның адам ағзасына да, және биота мен ортаның басқа элементтеріне де әсерінің қауіптілігін анықтайды. Сол себептен оны әлемдік ластаушы немесе № 1 ластаушы зат деп айтады. Жоғарыда айтылғандай, күкіртті газ лондондық типті тұмандардың негізгі әсер ететін бастамасы болып табылады, жедел әсер еткенде ол жаппай улануды тудыру мүмкін. Күкірттің қос тотығы (ШРЕК -0,05 мг/м3) ұзақ уақыт әсер еткен кезде, жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабықтарында атрофиялық үрдістер, риниттер, бронхиттер, коньюктивиттердің дамуына және тіс эмальдарының бұзылуына әкеледі. Күкіртті газдың концентрациясының жоғарылауы респираторлық аурулардың, бронх демікпесінің, созылмалы бронхиттердің қозуының жиілеуіне және жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастардың жағдайының нашарлауына әкеп соғады.
Күкіртті газдың басқа тірі ағзалардың - өсімдіктердің, ормандардың, гидробионттардың жойылуында да рөлі аз емес. Оның әсері тікелей де, сонымен бірге, қышқылды жаңбырлардың пайда болуына қатысуымен де жүреді. Күкірттің қос тотығының қышқыл жауындардың пайда болуына қосатын үлесі шамамен 70% құрайтыны көрсетілген.
Автокөліктердің пайдаланылған жанармай газдарының және өнеркәсіп кәсіпорындарынын, ЖЭС, әр түрлі от жағылатын қондырғылардың шығарындыларының құрамында көміртек және күкірт тотықтарымен бірге тұрақты түрде, NO, NO2, N2O қоспасы түрінде азот тотықтары кездеседі. Олар ауадағы су буларымен жеңіл қосылып, азотты және азот қышқылдарына айналады. Сонымен бірге, азоттың шала тотығы, топырақта және суда жүретін денитрификация үрдістерінде, органикалық қалдықтардың және адам топыраққа енгізген құрамында азот бар тыңайтқыштардың ыдырауы нәтижесінде түзіледі. Ал, азоттың қос тотығы негізінен техногенді болады. Атмосфераға азот тотықтарының түсуі жыл сайын өсіп келеді. Соңғы жылдарда олардың атмосфераға шығарылу деңгейі, негізінен автокөлік есебінен, 30-40% жоғарылады. Ірі қалаларда азот тотықтарының ауаға түсетін шығарындылардың көлеміне автокөліктің қосатын үлесі өте үлкен болғандықтан, ауадағы азот қос тотығының концентрациясы орташа тәуліктік ШРЕК-тен 2-3 есе артық болады. Азот тотықтары күшті тотықтырғыш болып табылады, сондықтан, олар тыныс жолдарының шырышты қабықтарына және өкпе тініне тікелей әсер етіп, ринит, фарингит, бронхит, пневмосклероз, өкпе эмфиземасының дамуына әкеп соғады.
Азот тотықтарының үлкен концентрациялары уланудан болатын өкпенің сулы ісігін тудыруы мүмкін. Уландыратын әсері, сонымен қатар, миокардиттер, гастриттер, гепатиттердің дамуымен білінеді. Метгемоглобин түзетін әсерінің нәтижесінде гипоксия дамуы мүмкін. Азот тотықтары, сондай-ақ, фотохимиялық тұмандардың негізгі құрам бөліктерінің бірі болып табылады, олар және улылығы өте жоғары фотооксиданттар түзілу үрдістерінің басталуына қозғаушы болады, ал азот қышқылы түрінде жоғары агрессивті қышқылды жаңбырлардың түзілуіне қатысады. Атмосфераның ластануына және қолайсыз эффектілерінің дамуына басқа да газ түріндегі қоспалар (метан, фреондар, күкіртсутек, күкірттегі) өз үлесін қосады.
Ауаны ластайтын заттардың арасында тұрғындардың денсаулығына айқын әсер ететін жетекші орындарының бірін қорғасын алады. Оның көздері автокөлік, түсті металлургия, машина жасау, аккумулятор жасайтын, құрамында қорғасын бар бояулар өндіретін кәсіпорындар.
Ірі қалалардың көбінде байқалатын ауаның қорғасынмен жоғары деңгейде ластануы жағдайында тұрғындарда қорғасыннан созылмалы уланудың әр түрлі белгілері анықталуы мүмкін. Мысалы, гипохромдыанемияның, астено-вегетативтік бұзылыстардың дамуы, балалардың ой өрісінің, мінез-құлық реакцияларының және оқуға қабілеттілігінің төмендеуі, бауыр мен бүйректің, асқазан-ішек жолдарының уланудан зақымданулары, жүктілік және босану барысының бұзылулары байқалады. Гипертония ауруының және миокард инфарктарының, энцефало- және полинейропатиялардың даму қаупі едәуір жоғарылайды. Ауадағы қорғасынның жоғары концентрациясы, оның ана сүті мен сүйектерде жиналуына әкеп соғады. Қазіргі адамдардың сүйегінің құрамындағы қорғасынның мөлшері, бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген адамдарға қарағанда, 700-1200 есе жоғары екендігі көрсетілген. Сүйектердегі қорғасынның қоры улануды үзбей жалғастырып отыратын фактор болып табылады және бұдан басқа, ол сүйектерде қорғасынның өзіне тән өзгерістері дамуына ықпал етеді. Қорғасынның ана сүтімен шығарылуы рұқсат етілген деңгейден ондаған есе жоғары болуы мүмкін, бұл емшектегі балалардың психомоторлық дамуының тежелуіне және басқа да уланудан болатын көріністердің дамуына әкеп соғады.
Басқа, қауіптілігі қорғасыннан кем емес, жаһандық таралу алған, атмосфералық ауаны ластайтын заттарға сынап пен кадмий жатады. Олар ауаға түсті металлургия кәсіпорындарының, коксохимиялық, химиялық және аспап жасайтын зауыттарының шығарындыларымен түседі. Мысалы, тек 1 тонна мысты қорытқан кезде, ауаға 80 кг дейін сынап шығарылады.
Бұл жағдайда сынаптың концентрациясы селитебті аймақтың ауасында максималды бір реттік ШРЕК-тен 2-40 есе және одан да артық асуы мүмкін. Сынап орталық, шеткі жүйке және жүрек қан тамыр жүйелерін, асқазан ішек жолдарын, бүйректі зақымдайтын улы зат болып табылады. Атмосфералық ауамен сынаптың аз мөлшерде ұзақ уақыт ағзаға түсіп отыруы, микромеркуриализмнің (меркуриализм - сынаптан улану) дамуына әкелу мүмкін. Микромеркуриализм неврастения синдромы, вегетативтік - қан тамырлары дисфункциясы, миокардиодистрофия, ишемия кұбылыстары, артериялық қан қысымының жоғарылауы, жүйке-психикалық бұзылыстар, саусақтардың треморы, қызыл иекте сынаптын әсерінен пайда болған жиек, гингивиттер, стоматиттер түрінде және өздігінен болатын түсіктер жиілігін көбеюі және басқалар түрінде байкалады.
Улылығы өте қауіпті токсиканттарға кадмий жатады. Атмосфералық ауаның және басқа да қоршаған орта нысандарының кадмиймен жоғары деңгейде ластануы әлемнің көптеген елдерінде байқалған. Кадмий айқын уландыратын әсерін бүйрекке тигізеді, бұл әсері; сонымен қатар, қатерлі артериялық гипертония мен остеомаляцияның дамуына әкеп соғады. Тұрғындардағы протеинурия жиілігінің соңғы жылдарда жоғарылауы кадмийдің әсерімен байланысты деп есептейді. Бүйрек эпителийінің некрозы нәтижесінде бүйректегі реабсорбция үрдістерінің бұзылуы сүйектердің сынғыштығының жоғарылауына және олардың сынуына ықпал етеді. Сонымен қатар, кадмийдің канцерогендік қасиеттері де бар.
Суперэкотоксиканттарға, ең уытты заттардың бірі болып табылатын және канцерогенді әсері өте жоғары, ПХДД жатады. Диоксиндердің жартылай ыдырау кезеңі 5-7 жылды құрайды, олар органикалық фазаға тез өтіп, ағзадағы зат тасымалдану үрдістеріне қосылады. Олардың негізгі көздері - гербицидтер өндірісі, целлюлоза-қағаз өнеркәсібі, отынды жағу үрдістері, соның ішінде, тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды жағу, әр түрлі химиялық өндірістер. Диоксиндердің халыққа қарқынды әсерінің салдары туралы алғашқы мәліметтер өткен жүзжылдықтың 60-ншы жылдарында жарияланды. Бұл жағдай Вьетнамда АҚШ соғыс кезінде болған. Америка әскерлері, өсімдіктерді жойып, вьетнамдықтардың жүріп отырған жолдарын білу үшін, өсімдіктерді жоятын дефолиант гербицидтерді қолданған. Бұл гербицидтерде диоксиндердің қоспалары бар екендігі анықталды. Олар туа біткен кемістіктерімен (қолсыз, аяқсыз туылуы) туылатын балалар санының күрт жоғарылауына, өздігінен болатын түсік жиілігінің көбеюіне, бедеуліктін және қөптеген мүшелерде қатерлі ісіктердің дамуына себеп болды. Көптеген мүшелер мен жүйелердің: орталық жүйке, жүрек – қан тамырлары, зәр шығару, тыныс алу, эндокриндік жүйелерінің және жыныс бездерінің зақымдануы байқалды. Ондаған жылдар бойы жойылмайтын терідегі безеу тәріздес бөртпелердің (хлоракне) пайда болуы да диоксиндердің әсеріне тән белгі болды.
Диоксиндердің әр түрлі көздерден сыртқа түсетін шығарындылардың құрамында болуы мүмкін екендігі анықталғанда, олардың әсер ету мүмкіндігінің қауіпі 20 ғасырдың 70-нші жылдарының өзінде ақ, жалпы планетарлық масштабқа жетті. Тұрғындардың денсаулығына ортаның диоксиндермен ластануының теріс салдарға ұшырататын әсері, олардың тек жоғары қауіптілігі мен улылығына байланысты емес екендігі көрсетілген. Сонымен қатар, диоксиндер ағзадағы ксенобиотиктердің детоксикациялау үрдістерін бұзып, оның ксенобиотиктердің әсеріне сезімталдылығын күрт жоғарылататындығы, сондай-ақ, диоксиндер көптеген улы қосылыстардың синергистері мен активаторлары болып табылатындығы анықталды.
Ауаның ластануы бронх-өкпе жүйесінің обырмен және дененің басқа жерлеріндегі қатерлі ісіктерімен аурушаңдылығының жоғарылауына әкеп соғатын ең маңызды факторлардың бірі болып табылады. Ауаның құрамында бенз(а)пирен, ПХДД, ПХДФ, бензол, асбест, N-нитрозоқосылыстар, радионуклидтер және т.б. сияқты канцерогендер үнемі кездесетін, ірі қалалардың тұрғындарының ішінде өкпенің қатерлі ісігінің даму мүмкіндігі, кіші-гірім елді мекендердің тұрғындарына қарағанда, 20-30% жоғары болады.
Ауаның ластаушы қатты бөлшектердің күрделі қоспасының тұрақты компоненті - шаң болып табылады. Шаңның адам ағзасына әсері оның құрамымен анықталады, ол осы аумақтағы табиғи немесе антропогенді шаң түзуші көздердің болуына байланысты. Көбінесе шаңның құрам бөліктері отынның жануы кезінде түзілетін ұшқыш күл, күйе, түрлі металдар мен олардың тотықтары, силикаттар, кремнийдің қос тотығы, әр түрлі органикалық аэрозольдер, т.б. болып табылады.
Өте шаңданған ауамен тыныс алу, тұрғындарда жоғарғы тыныс алу жүйелерінің әр түрлі қабыну-дистрофиялық аурулардың, бронхиттер, бронх демікпе, өкпенің қатерлі ісігі, әр түрлі аллергиялық реакциялардың дамуының қауіп-қатер факторы болып табылады. Мысалы, асбестпен кәсіби қатынаста болмаған, бірақ құрамында асбесті бар ауамен тыныс алған адамдарда, өкпенің қатерлі ісігі, өкпе қабының мезотелиомасы дамуы мүмкін. Ауа жоғары деңгейде күлмен ластанғанда, өкпеде силикоз алдындағы өзгерістер байқалады. Сонымен қатар, ауаның шаңдылығы күн радиациясының ультракүлгін бөлігінің сіңірілуіне, жалпы жарықтығының төмендеуіне және тұмандардың пайда болуына әкеледі.Ауасы өте жоғары деңгейде шаңмен ластанған қалада тұратын әрбір адам, орта есеппен алғанда, 4 жылға жуық өмірін жоғалтатыны анықталды.
Қазақстанның көптеген өнеркәсіп орталықтары мен ірі қалаларының ауасы шаңмен, күкірт және азоттың қос тотықтарымен, көміртегі тотығымен, бенз-а-пирен, қорғасын, формальдегид, фенол, көмірсутектермен жоғары деңгейде ластануымен ерекшеленеді.
Ластану деңгейі бойынша бірінші орынды Алматы қаласы алады, мұнда 5 зат бойынша есептелген ластанудың кешенді индексі (АЛИ5) 12,1 құрайды, ал ауада, ең жоғары концентрациялары ШРЕК –тен 1,5-13,6 есе жоғары болатын, араласқан қатты бөлшектер, көміртегі тотығы, азоттың қос тотығы, фенол, формальдегид кездеседі. Алматыда ауаны ластайтын негізгі көздер автокөлік және жылу электростанциялары болып табылады.
Көмір шығаратын өнеркәсіптерден, жылу энергетика, қара металлургия кәсіпорындарынан және автокөліктерден шыққан шығарындылардан ауаның ластануының жоғары деңгейі (АЛИ5- 10,7) Қарағанды қаласына тән. Шымкент, Темиртау; Ақтөбе және Өскемен қалаларының ауа ортасы да едәуір ластанған. Шымкентте түсті металлургия мен мұнайхимиялық өнеркәсіп кәсіпорындары жұмыс істеуде, Теміртау мен Өскемен қалаларында Қазақстанның түсті металлургиясының негізгі кәсіпорындары, ал Ақтөбеде қара металлургия мен хром қосылыстарының кәсіпорындары шоғырланған.