КІРІСПЕ

1. Аурудың алдын алу жөніндегі негізгі медициналық ғылым ретіндегі гигиена. Мақсаты, міндеттері, зерттейтін тақырыбы.

Адам денсаулығы, тек сапалы өмір сүрудің ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің саясаты мен ұлттық қауіпсіздігінде жетекші жүйе түзуші фактор болып табылады және оны қамтамасыз етуде ең маңызды, бірінші дәрежелі рөл алдын алу медицинасына беріледі. 19-ғасырдың өзінде кемеңгер хирург Н.И. Пирогов «Келешек, сақтандыратын медицинанікі» деген, ал атақты клиницист-ғалым Г.А. Захарьин - «Практикалық дәрігер кемеліне келген сайын гигиенаның құдіретін және емдеудің, терапияның, салыстырмалы түрде әлсіз екенін, ол көбірек түсінеді» деген. Адамға, тек табиғи факторлар ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаның химиялық, биологиялық және физикалық ластануымен, табиғатты жөнсіз пайдаланумен, әлеуметтік ортаның сипатымен және қалыптасу ерекшеліктерімен, әскери шамданулармен және басқалармен байланысты, антропогенді факторлардың бірқатар кешені әсер етіп жатқан қазіргі заманда, олардың айтқандары бұрынғыдан да өзекті болып отыр. Адамда дағдыланған бейімделу механизмі жоқ, бұрын белгісіз болған факторлардың көздері – жаңа технологиялар пайда болды. Әр түрлі салаларда гендік инженерия енгізілуде, сондай-ақ қауіпсіз емес болып табылған компьтерлерді, ұялы телефондарды және электромагнтиттік сәулеленулердің басқа да көздерін қолдану жаһандық масштаб алуда, әлеуметтік факторлардың әсері ұлғаюда. Бұл факторлардың әсері, тіпті қарқындылығы аздарының өзі де, адамның денсаулығына едәуір қауіп тудырады, себебі, көптеген аурулардың, оның ішінде қатерлі ісіктердің, жүрек-қан-тамыр, жүйке-психикалық аурулардың, иммундық тапшылық жағдайлардың және басқа да патологиялардың себебі немесе дамуының қауіп-қатері болуы мүмкін, оларды емдеуде клиникалық медицинаның барлық жетістіктеріне қарамастан, көбінде, қажетті тиімділікке жете алмайды. Мұндай жағдайда, адамның өмір сүру жағдайын сауықтыруға бағытталған тек алдын алу шаралары ғана аурулардың даму қауіп-қатерін төмендетуге, популяцияның денсаулығын сақтауға қабілетті. Гигиена ғылымының негізін қалаушы Ф.Ф. Эрисман осыған байланысты, «Егер ауру түрін дұрыс анықтау және оны дұрыс емдеу әдісі өте маңызды және елеулі деп саналса..., осы аурулар мен өлімнің себебі болып табылатын, қоғамның санитарлық сырқаттарын анықтау және жоя білу барлық рецепттер мен дәрілерді бірге алғандағыдан да, неге жоғары дәрежеде маңызды және елеулі деп айтпасқа» деген. Алдын алу жөніндегі медицина тек дәрігер-гигиена мамандарының ғана еншісі емес, аурудың алдын алу жөніндегі шараларсыз, кез-келген емдеу саласындағы дәрігердің жұмысы мүмкін емес. Гигиеналық ойлау тәсілі және бұл саладан кең танылымдар студенттік кезеңнен бастап қалануы керек, ал алдын алу жөніндегі медицина болашақ дәрігерлерді дайындауда өзіне лайықты орын алуы тиіс.

Аурудың алдын алу жөніндегі негізгі ғылым - гигиена болып табылады. Гигиена, іске асырылғанда адамның қолайлы өмір сүру жағдайын, денсаулығының нығаюын және ауруларының алдын алуды қамтамасыз ететін, гигиеналық нормативтерді, санитарлық ережелер мен шараларды негіздеу мақсатында, қоршаған ортаның адам ағзасы мен қоғам денсаулығына әсер ету заңдылықтарын зерттейді

Гигиена, өзінің атын «hygieinos» – «денсаулық әкелуші» деген грек сөзінен алады. Ежелгі грек мифологиясына сәйкес, дәрігерлік іспен айналысатын құдайы Асклепийдің (Эскулапа) Гигиея деген қызы болған, ол аурудың пайда болуының алдын алып, адамдарға денсаулық сыйлаған. Ежелгі гректер Гигиеяны аса дәріптеп, денсаулық құдайы деп санаған. Осы денсаулық құдайының атымен аурудың алдын алу жөніндегі медицина ғылымы «гигиена» деп аталған.

Гигиенаның мақсаты - адамның денсаулығын сақтау және нығайту, аурудың алдын алу. Англиядағы эксперименттік гигиенаның негізін қалаушы Эдвард Паркс гигиенаның мақсатына өте кең мағыналы және айқын анықтама берген: «Ғылым ретінде гигиена үлкен және игілікті мақсат көздейді – адам ағзасының өсіп-дамуын - әбден жетілген, өмір сүруін - күшті, қартаюын - әбден баяу жүретін ету, өлімін ең ұзаққа созу» деген.

Гигиена адамды қоршаған ортасын - тіршілік ортасы мен өндірістік іс-әрекет ортасын - қорғауға және сауықтыруға бағытталған, ғылыми тұрғыдан негізделген гигиеналық нормативтерді, санитарлық ережелерді, алдын алу жөніндегі шараларды дайындау және оларды іс жүзіне асыру арқылы өз мақсатының жүзеге асуына қол жеткізеді. Ол үшін, гигиена ғылымы келесі міндеттерді шешеді:

1. Адамның денсаулығына әсер етеін қоршаған ортаның табиғи және антропогенді факторларын зерттейді.

2. Бұл факторлардың адамның немесе популяцияның денсаулығына әсер ету заңдылықтарын зерттейді.

3. Адам денсаулығына қолайлы әсер ететін қоршаған орта факторларын максималды пайдалану және қолайсыз әсер ететіндерін жою немесе қауіпсіз деңгейге дейін шектеу жөнінде гигиеналық нормативтерді, ережелерді және шараларды ғылыми тұрғыдан негіздейді және дайындайды.

4. Дайындалған ұсыныстарды, ережелерді және нормативтерді денсаулық сақтау практикасына және халық шаруашылығына енгізеді, олардың тиімділігін бағалайды және жетілдіреді.

5. Жақын және қашық болашақтағы санитарлық жағдайға болжау жүргізеді.

Қоршаған орта факторларын зерттеу деп, олардың табиғатын, жаратылысын, қасиеттерін, әсер ету деңгейлерін, қоршаған ортадағы құбылыстарын және басқаларын сипаттауды түсінеді. Мысалы, жаңадан синтезделген химиялық қосылысты өндіріске енгізу ұсынылады. Бұл кезде гигиена маманының міндеті - заттың химиялық құрылысы мен құрылымын, оның физико-химиялық қасиеттерін, реакцияласу қабілетін, тез ыдырау қабілетін, қоршаған ортада көшу жолдарын, олардың көзі болатын технологиялық тізбектегі звеноларын анықтау, өндірісте қолданылып жүрген аналогтарының болуы, олардың қасиеттері мен нормативтері туралы ақпараттар іздестіру, т.б. болып табылады. Сөйтіп, адамға әсер етуі сипатын шамалауға мүмкіншілік беретін қосылыстың толық сандық және сапалық сипаттамасы беріледі.

Заттың өзі туралы барлық қажетті мәліметтерді алғаннан кейін, оның адам ағзасына және қоршаған ортаға әсері зерттеледі. Заттың адам ағзасына түсу жолдары, зат алмасуында айналымға түсуі, ағзада және жеке мүшелерде жиналу мүмкіншілігі, улылық және қауіптілік дәрежесі, улылық әсерінің механизмі және басқалар анықталады, ол үшін, әдетте, жануарларға гигиеналық эксперимент қойылады. Алынған мәліметтер, берілген заттың қауіпсіз әсері деңгейін (гигиеналық нормативін) дайындау үшін ғылыми негіз ретінде қолданылады. Мұнымен қатар, жүзеге асырылғанда берілген зат пен қоршаған орта ластануының алдын алуға немесе ластану деңгейін төмендетуге мүмкіндік беретін шаралар жазылған ұсыныстар, ережелер, нұсқаулар, т.б. дайындалады.

Факторларды гигиеналық нормалау, алдын алу шаралары негізделетін негізгі буыны (звеносы) болып табылады. Гигиеналық нормалау деп, адамға бүкіл өмірі бойына немесе бүкіл еңбек іс-әрекеті бойына күнделікті әсер еткен кезде, денсаулығына және оның ұрпағының денсаулығына тікелей немесе басқа орта арқылы әсер етпейтін, табиғаты әр түрлі факторлардың концентрацияларын, дозаларын және деңгейлерін анықтауды түсінеді. Гигиеналық нормативтер ретінде химиялық факторлар үшін ШРЕК (шектік рұқсат етілген концентрация) және ӘШАҚД (әсерінің шамамен алынған қауіпсіз деңгейі), физикалық факторлар үшін - ШРЕД (шектік рұқсат етілген деңгей), биологиялық факторлар үшін ШРЕК қолданылады.

Келесі міндеті - дайындалған нормативтерді, ұсыныстарды, ережелерді іс жүзіне (практикаға) енгізу және олардың тиімділігін бағалау. Тиімділігі, технологиялық үрдісінде біз келтірген мысалдағы жаңадан синтезделген затты қолданатын нысанды санитарлық тексеру, жұмыс зонасының ауасындағы және басқа да ортадағы ол заттың концентрациясын анықтау, жұмысшылардың денсаулығын және жұмысқа қабілеттілігін зерттеу арқылы бағаланады. Медициналық-әлеуметтік тиімділігі аурушаңдықтың азаюымен, жұмысқа қабілетінің жоғарылауымен көрсетіледі. Сондай-ақ, экономикалық тиімділігі де анықталады, яғни дайындалған нормативтер мен шараларды іс жүзіне енгізу нәтижесінде, жұмысқа жарамсыздық қағазы бойынша төлем ақының төмендеуі, еңбек өнімділігінің артуы есебінен, т.б. алынған кіріс анықталады. Егер нысанның санитарлық жағдайында теріс динамика байқалса, кәсіби ауру-сырқау көбейгені белгілі болса, жұмысшылардың жұмыс қабілеті төмен болса, дайындалған нормативтер мен шаралар түзетулерді қажет етеді.

Және ең соңғы, математикалық модельдер көмегімен іске асырылатын жақын және қашық болашақтағы санитарлық жағдайды болжау, қажетті алдын алу шараларын өз уақытында жоспарлауға және жүргізуге мұмкіндік береді.

Гигиенаның зерттейтін тақырыбы (нысаны), іс жүзінде дені сау адамдар, олардың жеке басының, ұжымының, қоғамның денсаулықтары, сондай-ақ белгілі бір әлеуметтік жағдайларда адам ағзасына әсер ететін қоршаған ортаның физикалық, химиялық, биологиялық және психогендік (ақпараттық) факторлары.

Қоршаған ортаның физикалық, химиялық және биологиялық факторлары табиғи және антропогенді (әлеуметтік) болуы мүмкін. Мысалы, табиғи химиялық факторларға атмосфералық ауаның, судың, топырақтың, тағамның және басқалардың табиғи химиялық құрамына кіретін заттар жатады, ал антропогенді факторларға, ортаның осы нысандарына адамның әр түрлі іс-әрекеттері нәтижесінде түсетін химиялық ластаушы заттар жатады. Табиғи және антропогенді химиялық факторлар адам денсаулығына әсер етеді. Адам үшін көптеген табиғи құрам бөліктерінің өмірлік маңызы бар, олардың жеткіліксіздігі немесе артық болуы, аурудың дамуына әкеп соғуы мүмкін. Антропогенді химиялық факторлар, заңды түрде улы болып табылады және адамның денсаулығына теріс әсер етеді.

Күн сәулесі, ауаның температурасы, ылғалдылығы, қозғалысы, атмосфералық қысым, геомагниттік өрістер және басқалар табиғи физикалық факторлар болып табылады. Бұл факторлар адамның тіршілігі үшін қажетті, бірақ олардың экстремальды деңгейлері терең өзгерістер, аурулар тудыруы, тіпті ағзаның өліміне әкеп соғуы мүмкін. Антропогенді физикалық факторлар – діріл, шу, лазерлік сәулелену, иондағыш сәулелену, т.б., бұлар көбінде адам ағзасына зиянды әсер етеді.

Биологиялық факторларға, әр түрлі тірі ағзалар (бактериялар, вирустар, қарапайымдылар, микроскопиялық саңырауқұлақтар, гельминттер, жеуге жарамды және жарамсыз саңырауқұлақтар, өсімдіктер, т.б.), сондай-ақ олардың тіршілік өнімдері (токсиндер, вакциналар, антибиотиктер, т.б.) жатады. Олардың ағзаға әсері бір мағыналы емес. Мысалы, шартты түрде патогенді және патогенді микробтар әр түрлі жұқпалы және паразиттік аурулар дамытуы, улы өсімдіктер мен саңырауқұлақтар уланулар тудыруы мүмкін. Сонымен бірге, ашытқан сүт өнімдерінің құрамындағы сүт қышқылдық бактериялар, адамның денсаулығына қолайлы әсер ететін пробиотиктер (симбионттар) болып табылады.

Психогенді факторлардың табиғаты таза әлеуметтік болып келеді. Оларға жататындары - адамға екінші сигналдық жүйе арқылы әсер ететін факторлар: сөз, сөйлеу, дыбыстар, музыка, түрлі түстер, хат, баспа өнімдері, ұжымдағы арақатынастар, т.б. жатады. Бұл факторлар әр түрлі көңіл-күй тудырып, психикалық жағдайын өзгертіп, адамға оң немесе теріс әсер етеді.

Адам биоәлеуметтік жаратылыс болып табылады, сондықтан оның денсаулығы әлеуметтік ортамен байланысты жағдай, яғни көбінесе әлеуметтік факторлармен: жұмыс жағдайымен, тұрғын үй жағдайымен, материалдық жағдайымен, тамақтануымен, биологиялық-генетикалық ерекшеліктерімен, жынысымен, салауатты емес өмір салтымен (темекі шегу, арақпаздық, нашақорлық), т.б. анықталады. Бұл әлеуметтік жағдайдың адам денсаулығына әсері, әлеуметтік ортаның химиялық, физикалық, биологиялық және психогендік факторлары арқылы беріледі. Мысалы, темекі шегу, химиялық фактор ретіндегі темекінің ағзаға әсері салдарынан, онымен байланысты аурудың дамуына әкеп соғады, т.с.с.

Шынайы өмірінде адам, бір мезгілде көптеген факторлардың әсеріне ұшырайды, олардың қабаттасқан әсерлерінің сипаты әр түрлі болуы мүмкін: қолайлы, бейтарап немесе зиянды және қауіпті.

2. Гигиенаның басқа ғылымдармен байланысы. Гигиенаның бөлімдері. Гигиеналық зерттеулердің әдістері.

Гигиена басқа ғылымдармен тығыз байланысты. Қоршаған орта факторларын және олардың адам ағзасына әсерін зерттеу мақсатында, ол іргелік медицина пәндерінің – анатомияның, гистологияның, қалыпты және патологиялық физиологияның, патологиялық анатомияның, биохимияның, биологияның, микробиологияның, эпидемиологияның және климатология, метеорология, агрохимия, топырақтану, агрономия, математика, т.б. сияқты медициналық емес ғылымдардың мәліметтерін және зерттеу әдістерін қолданады.

Барлық клиникалық пәндермен өзара байланыссыз гигиенаның болуы, мүмкін емес, себебі, денсаулық жағдайын бағалау үшін өзінің зерттеулерінде гигиена, клиникалық зерттеу әдістерін және қоршаған орта факторларының әсерінен пайда болатын патологиялардың клиникалық көріністері мен ағымының сипаты туралы мәліметтерді кеңінен қолданады. Сонымен қатар, қоршаған орта факторларының гигиеналық сипаттамасы, гигиена дайындаған нормативтер, ұсыныстар, ережелер емдеу медицинасының барлық емдеу- алдын алу іс-әрекеттері тұрғызылатын негіз болып табылады.

Қазіргі кездегі гигиена көп салалы пән, оның құрамына коммуналдық гигиена, тамақтану гигиенасы, еңбек гигиенасы, балалар мен жасөспірімдер, емдеу-алдын алу мекемелерінің гигиенасы, әлеуметтік гигиена, радиациялық гигиена, әскери гигиена және басқалар кіреді. Бұл бөлімдердің әрбіреуі гигиена ғылымы мен практикасының өз алдына жеке салаларын қамтиды. Болашақ дәрігер-гигиенист мамандар үшін пропедевтикалық гигиеналық пән және болашақ емдеуші дәрігерді гигиеналық білімдермен қаруландыратын пән болып табылатын жалпы гигиена, олардың ішінде айрықша орын алады.

Гигиена өзінің міндеттерін шешу үшін, тек гигиенаның өзіне тән зерттеу әдістерін де және басқа да медициналық, медициналық емес пәндердің де, әдістерін қолданады. Гигиенаның өзіне тән әдістеріне санитарлық тексеру, эпидемиологиялық, санитарлық сараптау және гигиеналық эксперимент әдістері жатады. Бұл әдістердің ішінде біреулері- қоршаған орта факторларын бағалауға мүмкіндік береді, басқалары- олардың адам денсаулығына әсерін бағалауға мүмкіндік береді. Бұл әдістердің бәрі де спецификалық емес әдістердің кең спектрін: физикалық, химиялық, биологиялық, статисткалық, клинникалық әдістерді және басқаларды қолдануды қарастырады.

Санитарлық тексеру әдісі - адамдардың денсаулығына және олардың санитарлық-тұрмыстық жағдайына әсер ететін факторларды зерттеуге мүмкіндік беретін негізгі әдістердің бірі болып табылады. Ол екі түрден: санитарлық бейнелеп жазудан және тереңдетілген санитарлық тексеруден тұрады. Нысанды санитарлық бейнелеп жазу көзбен көріп байқау, төлқұжаттық мәліметтерін және нысанға қатысты басқа да құжаттарды зерттеу мәліметтері бойынша, сондай-ақ нысандағы адамдардан немесе берілген аумақта тұратын халықтан сұрау немесе анкеталық мәліметтері бойынша жүргізіледі. Мысалы, аурулардың емдеу-алдын алу мекемелерінде болуы кезінде жағдайын бағалау үшін, оның орналасуы, ғимаратының қанша қабат екені, жоспарлануы, патологиясы әр түрлі аурулардың дұрыс орналастырылуы, палаталардың өлшемі, терезелерінің бағытталуы, жарығы, микроклимат жағдайының қолайлылығы, аурухананың жер телімінің көгалдандырылуы және басқалар ескеріледі. Бірақ санитарлық бейнелеп жазу нысаның санитарлық жағдайын тек субъективті түрде (сапа жағынан) сипаттауға мүмкіндік береді. Ол зиянды факторлар туралы және олардың әсер ету деңгейлері жөнінде толық ақпарат бермейді. Сондықтан, тереңдетілген санитарлық тексеру жүргізіледі, бұл кезде санитарлық бейнелеп жазудан алынған мәліметтер, адамның денсаулығына тікелей немесе жанама түрде зиян келтіретін факторларды аспаптық-зертханалық зерттеу мәліметтерімен барлық уақытта да толықтырып отырады. Тереңдетілген санитарлық тексеру, нысанның санитарлық жағдайын объективті түрде, саны жағынан бағалауға мүмкіндік береді. Тереңдетілген санитарлық тексеру кезінде қандай факторлар зерттеледі, соған байланысты әр түрлі әдістер қолданылады, атап айтқанда, физикалық, химиялық, физико-химиялық, биологиялық, географиялық және басқа әдістер. Мысалы, шудың деңгейін зерттеу үшін шуды өлшеу қолданылады, химиялық құрамын және олардың мөлшерін анықтау үшін – газды-сұйықты хроматографияны, атомдық-абсорбциялық спектрофотометрияны және т.б. қолданылады.

Тереңдетілген саиитарлық тексеруді бітіргеннен кейін, жойылуы керек кемістіктері көрсетілген, толық жазылған нысанның санитарлық төлқұжаты жазылады. Дәрігер - гигиенист маман ұсынған сауықтыру шараларының жоспары, санитарлық ұйғарым түрінде нысанның әкімшілігіне жіберіледі.

Эпидемиологиялық әдіс - гигиенаның негізгі әдістерінің бірі болып табылады және әр түрлі факторлардың тек бір адамның денсаулығына ғана емес, сонымен қатар адамдар тобыныңұжымның, тұрғындардың, популяцияның да, денсаулығына тигізетін әсерін зерттеу үшін қолданылады. Осы мақсатта:

· халықтың денсаулық жағдайын санитарлық-статистикалық зерттеу;

· халық топтарына медициналық тексерулер жүргізіледі.

Халықтың денсаулық жағдайын санитарлық-статистикалық зерттеу үшін денсаулық сақтау органдары мен мекемелерінің ресми есепке алу құжаттарының, Орталық статистика басқармасының, кәсіподақтардың, жеке кәсіпорындардың мәліметтерін пайдаланады. Денсаулық жағдайын аурушаңдық, демографиялық көрсеткіштер (туып-көбею, өлім-жітім, халықтың табиғи өсімі және басқалар), балалар мен жасөспірімдердің дене дамуы және мүгедектік бойынша бағалайды. Халықтың денсаулық жағдайын санитарлық-статистикалық зерттеудің белгілі бір кемістіктері болса да, кеңінен қолданылады. Статистикалық көрсеткіштер, әсіресе аурушаңдықтың көрсеткіштері, шынайы денсаулық жағдайын толық көрсетпейді, себебі, ауырғандардың бәрі бірдей медициналық көмек алуға келмейді, мысалы, сырқаттың жеңіл түрімен ауырған немесе созылмалы, әлсіз түрде өтетін аурулармен ауыратындар. Бірақ халықтың үлкен топтарының денсаулық көрсеткіштері туралы мәліметтерді, іс жүзінде тек статистикалық зерттеу әдісінің көмегімен алуға болады.

Санитарлық-статистикалық әдістің көп кемшіліктері, денсаулықты санитарлық-статистикалық зерттеумен қатар, бір уақытта халықтың жеке топтарына медициналық тексерулер жүргізу кезінде жойылады. Медициналық тексеруді құрамына терапевт, хирург, педиатр, акушер-гинеколог, невропатолог, оториноларинголог, дерматолог, және басқалар кіретін арнайы ұйымдастырылған, әр түрлі салалардағы дәрігерлер тобы жүргізеді. Тексеру, тек маман дәрігерлердің қарауын қамтып қоймайды, сонымен қатар ағзаның жеке мүшелері мен жүйелерінің бағалауға мүмкіндік беретін әр түрлі клиникалық-функционалдық және зертханалық зерттеу әдістерін де қамтиды. Сонымен, медициналық тексеру үрдісінде зерттеуге алынған топтардың денсаулық жағдайы туралы жаңа ақпараттар пайда болады, себебі, аурудың алдындағы жағдайлар, аурудың ерте пайда болатын белгілері, бұрын бұл ауруы жөнінде медициналық көмек алуға келмеген созылмалы аурулар анықталады. Алынған мәліметтер, аурушаңдықтың шынайы деңгейін көрсететін және денсаулықты зерттеудің санитарлық-статистикалық кезеңінде және медициналық тексерулер кезінде анықталған аурулардың қосындыларын қамтитын аурушаңдықтың жаңа көрсеткіштерін есептеп табуға мүмкіндік береді.

Зерттеуге алынған адамдар тобының денсаулығын және оған фактордың тигізетін әсерін бағалауды, халықтың бақылаудағы тобының көрсеткіштрімен салыстыру арқылы жүргізеді. Халықтың бақылаудағы тобында зерттелетін фактордан басқа, тәжірибелік тобындағыдан ешқандай айырмашылық болмауы тиіс. Қателіктер жібермеу және дұрыс нәтижелер алу үшін тәжірибелік және бақылаудағы топтарда зерттелетін адамдардың санын математикалық әдіспен есептеу арқылы табады.

Эпидемиологиялық зерттеу әдісі екі түрде жүргізілуі мүмкін: көлденеңінен және ұзынынан зерттеу түрінде. Ең қарапайым түрі- көлденеңінен (бірсәттік) зерттеу, бұл кезде әр түрлі факторлардың халық денсаулығына тигізген әсері, зерттеу кезінде бағаланады, яғни динамикасында бақылау жүргізілмейді. Көлденеңінен зерттеуді барлық уақытта жүргізуге болады, бірақ оның мүмкіншілігі шектеулі, себебі, тереңірек зерттеулерді қажет ететін мәселелерді салыстырмалы түрде тез анықтауға мүмкіндік берсе де, ол халықтың денсаулық жағдайының бұзылуы мен факторлардың әсерінің арасындағы байланысты дәлелдеу үшін жеткіліксіз. Ұзынынан зерттеулер деп, жеткілікті дәрежеде ұзақ уақыт бойына жүргізілетін зерттеулерді түсінеді. Оларды ретроспективті және проспективті деп бөледі. Ретроспективті зерттеулер, аурудың даму себептерін іздеуге бағытталған, яғни берілген сәттегі (уақыт кезеңінде) байқалған аурулардан зерттеуші, бұрын болған әсерлерді талдауға өтеді. Проспективті зерттеулер кезінде белгілі бір уақыт аралығы өткеннен кейін пайда болатын денсаулық жағдайындағы өзгерістер мен факторлардың әсері арасындағы себеп-салдарлық байланысты анықтау мақсатында, белгілі бір фактордың әсеріне ұшыраған және ұшырамаған халықтың топтарына ұзақ уақыт динамикалық бақылау жүргізіледі.

Гигиеналық эксперимент әдісі.Гигиеналық экспериментті табиғи немесе зертхана жағдайында жүргізеді. Табиғи эксперимент деп, сыртқы орта факторларының адамдардың денсаулығына тигізетін әсерін зерттеуді немесе шынайы еңбек жағдайында немесе тұрмыстық іс-әрекет жағдайы мен өмір сүру жағдайындағы сыртқы орта факторларын зерттеуді айтады. Табиғи эксперимент жағдайында алынған мәліметтерді, әдістемелік ұсыныстарды, нұсқауларды, санитарлық ережелерді дайындау үшін, өндіріс өнеркәсіптеріне жаңа технологиялық үрдістерді енгізу үшін, санитарлық қорғаныс аймақтарының өлшемін анықтау және басқалар үшін қолданады. Сонымен бірге, табиғи экспериментте адамға және қоршаған ортаға көп факторлар әсер етуі кезінде, олардың ішінен денсаулықтың бұзылыстары дамуында қандай да бір жеке фактордың маңыздылығын бөліп көрсету, оның әсер ету сипаты мен қауіпсіз деңгейін анықтау, фактордың сыртқы ортада қандай өзгерістерге түсетінін, т.б. бағалау қиынға соғады.

Сондықтан, бұл сұрақтарды шешу кезінде зертханалық гигиеналық эксперимент жоғары бағаланады. Зертханалық экспериментте үрдістер модельденеді, олар келесі мәселелерді зерттеуге мүмкіндік береді:

· факторлардың халықтың денсаулығына әсері тікелей ме, әлде басқа орта арқылы ма;

· сыртқы орта факторларының өздерін және олардың қоршаған ортаның сандық және сапалық параметрлеріне тигізетін әсерін зерттеуге мүмкіндік береді.

Гигиеналық зертханалық эксперименттің мақсаты- факторлардың қауіпсіз мөлшері мен деңгейлерін, яғни гигиеналық нормативтерді орнату үшін, олардың әсер ету сипаты мен қауіптілігін анықтау болып табылады. Фактордың адамның денсаулығына әсерін зерттеуүшін, әдетте, екі түрлі эксперимент қойылады: өз еркімен келіскен адамдарға және жануарларға. Жануарларға жүргізілген эксперименттен алынған мәліметтерді әрі қарай адамдарға экстраполяциялайды. Адамдарға зерттеулер жүргізуге, тек толық қауіпсіздік кепілдігі болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Мұндай зерттеу түрлеріне, мысалы, атмосфера ластануының иіс табалдырығын (иіс сезуін) анықтау, жарықтың, шудың немесе дірілдің және т.б. әсеріне көру және есту реакцияларын зерттеу жатады.

Жануарларға эксперимент, химиялық факторларды гигиеналық нормалау мақсатында жиі жүргізіледі. Әдетте, бұл факторлардың жедел, жеделдеу және созылмалы әсерлері зерттеледі, жедел және созылмалы әсерлерінің табалдырығы минималды әсер ететін мөлшері анықталады, ағзада жиналатын қабілеті, спецификалық және әсерінен біраз уақыт өткеннен кейінгі салдары – мутагендік, эмбриотоксиндік, канцерогенді әсерлері зерттеледі, содан соң алынған мәліметтердің негізінде, әсерінің қауіпсіз деңгейін – ШРЕК есептеп табады.

Ортаның факторларының өзін зерттеу және олардың қоршаған орта нысандарына әсерін зерттеу жөніндегі зертханалық эксперимент, зертханалық модельдік құрылғыларда немесе жартылай өндірістік құрылғыларда жүргізіледі. Мысалы, экзогенді химиялық заттардың топырақтан өсімдіктерге өтуін зерттеу үшін, арнайы фитоклиматтық камера жасайды, ол жерде топыраққа зерттелетін химиялық затты қосады да, содан соң, осы топырақта өсірілген өсімдікте сол химиялық заттың мөлшерін анықтайды.

Санитарлық сараптау әдісі.Санитарлық сараптау – бұл санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келуі туралы зерттеулер жүргізу және қорытынды беру. Санитарлық сараптау әдісі, негізінен алдын алу (сақтық) мақсатындағы бақылауды жүргізу кезінде қолданылады, яғни нысанды пайдалануға беруге дейін немесе әр түрлі өнім түрлері, материалдарды, өнімдерді тұтынушыларға өткізгенге дейін бақылау жүргізу кезінде қолданылады. Санитарлық сараптауға жататындар:

· елді мекендердің жоспары мен құрылысының жобалары;

· коммуналдық, тұрғын үй және өнеркәсіп құрылыстарының жобалары;

· құрылысқа жер телімін таңдау және бөлу;

· нысандардың құрылысы, қайта құру және пайдалануға беру кезеңдері;

· ауыз суы, сусындар, тағамдық азықтар;

· ыдыстың, жабдықтардың және буып-түйетін заттардың жаңа түрлері, құрылыс материалдары;

· жаңа технологиялық үрдістер;

· балалардың ойыншықтары, кітаптары және киімдері және басқалар.

Санитарлық сараптау, әдетте бірнеше кезеңдерді қамтиды. Тағамдық азықтарды санитарлық сараптауда, алдымен жолдама құжаттарынан азық-түлік туралы мәліметтер зерттеледі, содан соң өз орнында азықтардың партиясын қарау және зертханалық зерттеулер үшін сынама алу жүргізіледі. Зертханалық зерттеу кезінде алдына қойған міндетіне байланысты, әр түрлі әдістер – физико-химиялық, бактериологиялық, гельминтологиялық және басқа да әдістер қолданылады. Зертханалық зерттеу мәліметерін алғаннан кейін, санитарлық сараптау актісі, жазылады, онда азықтың сапасы бағаланады және оның тамақтануға жарамдылығы және өткізу жолдары туралы қорытынды жасалады.

Сонымен, санитарлық сараптау, халықтың денсаулық жағдайы өзгеруінің (бұзылуының) алдын алуға мүмкіндік беретін тиімді әдістердің бірі болып табылады, себебі, оның көп бөлігі зиянды факторлардың алдын алуға мүмкіндік беретін кезеңдерінде жүргізіледі.

3. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және оның халықтың денсаулығын сақтау мен нығайтудағы рөлі.

Гигиена санитарлық-гигиеналық және эпидемияға қарсы шараларды ғылыми тұрғыдан негіздеумен айналысады. Гигиеналық іс-әрекеттердің практикалық жағы - санитария деп аталады (латын сөзінен «sanitas» -«денсаулық»). Жалпы алғанда, санитария – бұл, гигиеналық нормативтердің, талаптардың, ережелердің сақталуын бақылайтын жүйе, оны санитарлық –эпидемиологиялық қызмет іске асырады. Қазақстан Республикасындағы санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің органдары мен мекемелер жүйесіне кіретіндері: ҚР денсаулық сақтау Министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау Комитетінің қарамағына кіретін Қазақ Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық станциясы, қалалық департаменттер мен басқармалар, аудандық сан-эпид бақылау басқармасы. Әрбір басқарма өздеріне тиісті сан-эпид сараптау Орталықтарымен қатар жұмыс істейді.

Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің негізгі міндеті санитарлық заңнамалардың сақталуын және

· қоршаған табиғи ортаның – атмосфералық ауаның, су көздерінің және топырақтың ластануының алдын алуға және оны жоюға;

· елді мекендердің, өнеркәсіп кәсіпорындарының, тұрғын үйлердің, мәдени-тұрмыстық және емдеу-алдын алу мекемелерінің құрылысын салу және абаттандыру кезінде санитарлық нормалар мен ережелердің сақталуын қамтамасыз етуге;

· жалпы және кәсіби аурушаңдықтың алдын алу және оны азайту мақсатында халық шаруашылығының әр түрлі салаларында жұмыс істейтіндердің жұмыс жағдайын сауықтыруға;

· балалар мен жасөспірімдердің дамуы, оларды оқыту және тәрбиелеу үшін қолайлы жағдай жасауға;

· халықтың тұрмысын санитарлық қорғауға және халықты санитарлық ағартуға;

· халықтың әр түрлі топтары үшін ұтымды тамақтануды ұйымдастыруға, тамақтану жағдайын сауықтыруға, алиментарлық аурулардың, оның ішінде, тамақтан уланулардың да алдын алуға;

· санитарлық-эпидемиологиялық аман-саулықты, яғни жұқпалы және паразиттік аурулардың алдын алу мен жоюды, карантиндік инфекциялардың елге кіруінің алдын алуды қамтамасыз етуге;

· мемлекеттің шекараларын санитарлық қорғауға бағытталған санитарлық-гигиеналық және санитарлық-эпидемияға қарсы шаралардың жүргізілуі мемлекеттік санитарлық қадағалау болып табылады.

Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарының жұмысы мемлекеттік сипатта болады. Елдің аумағында іске асырылатын шаралардың бәрі де, тек санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары міндетті түрде гигиеналық тұрғыдан бағалағаннан кейін ғана жүргізіледі. Санитарлық-эпидемиологиялық мекемелер тек гигиеналық нормалар мен ережелердің сақталуына ғана бақылау жүргізіп қоймайды, сонымен қатар аймақтың санитарлық жағдайын және қызмет көрсететін халықтың денсаулығын зерттеп, тиісті шаралар дайындайды, оларды жүргізеді, сондай-ақ олардың тиімділігін бағалайды.

Санитарлық бақылауды алдын алу (сақтық) мақсатындағы және ағымдағы (күнделікті) бақылау деп екі түрге бөледі. Алдын алу мақсатындағы санитарлық бақылау, жоғарыда айтылғандай, нысандарды пайдаланудың алдындағы немесе өнімді тұтынушылар қолдануының алдындағы кезеңдерінде іске асырылады. Ағымдағы санитарлық бақылау пайдаланып отырған нысандарға жүргізіледі және олардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктеріне сәйкес кезеңмен жүргізіледі. Ағымдағы санитарлық бақылауды жүргізуге емдеу-алдын алу мекемелерінің дәрігерлері мен ортаңғы медицина қызметкерлері кеңінен қатыстырылады. Мысалы, дәрігерлер халықтың жеке топтарына диспансерлік бақылау жүргізеді, аурудың себептерін анықтау және олардың дамуының алдын алатын шаралар қолдану мақсатында, денсаулық жағдайына тереңдетілген медициналық зерттеулер жүргізеді.

Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет іске асыратын барлық шаралар, адамның денсаулық жағдайы бұзылуының алдын алуға бағытталған. Мазмұны мен міндеттері бойынша, аурулардың алдын алуды біріншілік, екіншілік, үшіншілік деп бөледі. Біріншілік алдын алу - аурудың себебі немесе қауіп-қатер факторы болып саналатын факторларды жоюға немесе қауіпсіз деңгейге дейін төмендетуге бағытталған. Бұл қоршаған ортаны сауықтыруды, халықтың салауатты өмір салтын ұтымды жұмыс режимі мен демалу режимін ұйымдастыру жөнінде шаралар жүргізуді және т.б. қарастырады. Екіншілік алдын алу - сырт көрінісі бойынша, дені сау адамдарда патологияның алдындағы жағдайды ерте анықтаудан және бұл жағдайлардың ауруға өтуінің алдын алу жөнінде шаралар жүргізуден тұрады. Мұндай шараларға жататындар, мысалы, жеке басты қорғайтын заттарды қолдану, жұмыс істеушілер мен халыққа қауіпсіз жұмыс тәсілдерін үйрету, антидоттық тамақтану және басқалар. Үшіншілік алдын алу (қалпына келтіру)- ауырған адамдарға жүргізіледі. Оның мақсаты - ауруды ерте анықтау және емдеу, аурудың әрі қарай үдеуінің және оның салдарының – асқынуының, қайталануының, созылмалы түріне өтуінің және басқалардың алдын алу. Ең тиімдісі, дені сау адамда ауру пайда болуының алдын алатын біріншілік аурудың алдын алу, ал ең тиімділігі азы – үшіншілік алдын алу, себебі, ол ауру дамыған кезде жүргізіледі. Сонымен, қоршаған ортаны және өмір сүру салтын сауықтыру, ауршаңдық пен өлім-жітімді 20-50% төмендететіні белгілі, ал емдеу үрдісі болса – тек 10 % азайтады.

Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өзінің күнделікті жұмысында, адамдардың тіршілігінің барлық тұстарын қамтитын мемлекеттің заңдарының, үкімдерінің, жарлықтарының, нормативтік және нұсқаулық құжаттардың және басқалардың жинағы түріндегі санитарлық заңнамаларға сүйенеді. Атап айтқанда, санитарлық заңнамаларға кіретіндер:

· «ҚР азаматтардың денсаулығын қорғау туралы», «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық аман-саулығы туралы», «ҚР Экологиялық кодексі» және басқа да ҚР заңдары;

· ҚР Президентінің Жарлықтары және ҚР үкіметінің Қаулылары;

· Гигиеналық нормативтер: ШРЕК. ШРЕД, ӘШАҚД, ДШ (доза шектері – иондағыш сәулеленулер үшін) және басқалар;

· Әр түрлі нысандарды орналастыруға, жоспарлауға, салуға, керек-жарақпен жабдықтауға және пайдалануға қойылатын гигиеналық талаптар жазылған санитарлық ережелер мен нормалар (СанЕменН), құрылыс нормалары мен ережелері (ҚНменЕ) әдістемелік нұсқаулар мен ұсыныстар, ереже жиынтықтары, нұсқаулар;

· Тағамдық азықтардың, су құбырлары суларының және басқалардың сапасына арналған мемлекеттік стандарттар (ГОСТ-тар), салалық стандарттар (ССТ-тар), шикізаттарға, өнімдерге, жабдықтарға арналған техникалық шарттар.

Заңнамалық құжаттарға кіретін құжаттарды гигиеналық ғылыми зерттеу мекемелері немесе гигиена мамандарының қатысуымен, басқа ведомстволар дайындайды және бұл құжаттардың барлық кәсіпорындар, мекемелер және ұйымдар үшін заңдық күші бар.

 

 

I - ТАРАУ. ГИГИЕНАНЫҢ ДАМУ ТАРИХЫ

1. Алғашқы қауымдық және құл иеленушілік қоғамдардағы гигиенаның дамуы.Гигиенаның пайда болуы мен дамуының көп ғасырлық тарихы бар. Алғашқы қауымдық құрылыста, оның негізгі бастауы көптеген ұрпақтардың бүкіл өмірі бойында байқау арқылы алынған эмпирикалық (тәжірибелі) білім болды. Осы білімдердің негізінде дағдылар, дәстүрлер, денсаулықты сақтау мен аурудың алдын алуға септігін тигізген діни өкімдер пайда болды. Ерте уақыттардың өзінде-ақ, алдын алу шараларының маңызды ролін жете түсінді. Үйлерді, денені таза ұстау, топырақты ластамау, тамаққа қауіпсіз өсімдік және жануар текті азықтарды пайдалану, ауыз суды алу үшін, батпақталмаған өзендер мен көлдерді таңдау, жұпалы аурулары бар науқастарды оқшаулау және т.б. ұсынылды.

Құлиеленушіліккезеңдегі эмпирикалық гигиенаның дамуы туралы Ертедегі Шығыс (Ертедегі Үндістан, Ертедегі Қытай, Ертедегі Мысыр), Ертедегі Греция және Ертедегі Рим елдерінде кеңінен таралған алдын алу шаралары жөніндегі ойлар айқын куә бола алады.

Біздің эраға дейінгі (б.э.д.) 4-3 мың жылдары Ертедегі Үндістанда қолданылған гигиеналық ережелер кейінірек (б.э.д. 1000-500 жылдары) Ману мен Аюрведу заңдары жинағына және басқа да тарихи заңнама көздердің құрамына кірді. Ол заңдарда үйлерді таза ұстау, тұрмыстық қалдықтарды тұрғын үйлерден қашық жерге төгу, тамақты артық ішпеу ұсынылған. Сонымен қатар, денені, ас ішетін ыдыстарды қалай таза ұстау керектігі жөнінде нақты дайындалған ережелер келтірілген. Сүт, бал, балауса өсімдікті тағамды пайдалану, пайдалы деп есептелген, адам денсаулығына жыл мезгілінің, ауа райы мен климаттың әсер ететіндігі көрсетілген. Қоғамдық гигиенаға да көп көңіл бөлінген. Б.э.д. 4-3 мың жылдар бұрын Үндістанның Солтүстік Батысындағы Мохенджо-Даро қаласында қалалық канализация, құдықтар, шомылатын хауыздар, сонымен қатар, ыстық ауамен қыздырылған моншалар да болған.

Балшық құбырлардан жасалған су құбырлар мен канализация құбырларының, қатты зат төселген жолдардың қалдықтары Вавилон және Мессопатамиядағы Ниневияда қазу жұмыстары кезінде табылған. Ал, Ассиро-Вавилон мемлекетінің құжаттарында б.э.д. 3-4 мың жылдары эпидемия кезінде жұқпалы ауруы бар науқастарды оқшаулау туралы заңдары болған.

Ертедегі Мысырда б.э.д. 4-5 мың жылдар бұрын аурудың алдын алу мақсатында уқалау, дәрет алуды кеңінен қолданған, іш айдайтын, зәр айдайтын және тер шығаратын заттарды қолданған. Сол уақыттың өзінде-ақ жеке бас гигиенасы, жыныс гигиенасы, науқастарды оқшаулау, өлген адамдарды жерлеу сұрақтарына қатысты ұсыныстар болған. Көшелерді құру және күтіп ұстау, топырақты құрғату жөнінде арнайы ережелер болған. Ақсүйектер тұратын сарайлар мен аумақтарда су құбырлары және санитарлық тұрғыдан абаттандырудың басқа да элементтері жасалған. Б.э.д. 5 ғасырда өмір сүрген, Мысырда саяхат жасаған грек тарихшысы Геродот мысырлықтарды «ең дені сау адамдар» деп тұжырымдаған.

Ертедегі Қытайда «денсаулық үшін пайдалы және зиянды көптеген жағдайлар туралы» және «адам денесінде әлі де жоқ» аурулардың алдын алу қажеттілігі туралы анық және саналы түсініктер қалыптасты. Денсаулықты нығайту мақсатында су процедуралары, ашық күн көзінде болу, уқалау, жаттығулар, әр істе саналы түрде шектен шықпау, дұрыс күн тәртібі, рационалды ем-дәмдер ұсынылды. Қоғамдық абаттандыру элементтеріне де аз көңіл бөлінген жоқ. Елді мекендерді, үйлерді рационалды орналастыру, ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрмыстық қалдықтарды жою ережелері болды.

Ертедегі Грецияда гигиеналық білім кеңінен дамыды. Ертедегі гректер жеке бас гигиенасын сақтаумен қатар, қоғамдық гигиенаны сақтауда да табысқа жетті. Жекелеген аумақтарда (қалалар-мемлекеттерде) б.э.д. VII ғасырдың өзінде- ақ су алатын орындары бар су құбырлары болған. Б.э.д. VI ғасырда қалалардың жаңа жоспарлары пайда болды, мұнда тұрғын аумақтар кең, тік көшелермен қиылысты. Мұндай жоспар тұрғылықты аумақтардың жақсы желдетілуіне және жарық түсуіне септігін тигізді. Афиныда канализация салынды. Тағамдық азықтар мен сусындардың сатылуына, ғимараттардың орналасуы мен құрылысына санитарлық бақылаулар жүргізіліп отырды.

Ертедегі гректер «дене күштерінің жоғарғы деңгейде дамуына, ағзаның бүтіндігі мен сұлулығына, әсіресе, жастарда ұмтылыс болғандығымен» ерекшеленді. (Ф.Ф.Эрисман). Оған дене жаттығуларына, гимнастикаға, шынығуға негізделген спартандық тәрбие арқылы, жарыстарға қатысу, «гигиастиктер» деп аталатын, дені сау адамдарға арналған «диететиктерді» сақтау арқылы қол жеткізген.

Б.э.д. V-IV ғасырларда Ертедегі Грецияда жиналған гигиеналық білімдерді қорытатын, жүйеге келтіретін бірінші еңбектер пайда болды. Ол еңбектердің авторы, ертедегі атақты дәрігер Гиппократ (б.э.д. 460-377 жж.) болды. Өзінің атақты «Ауа, су және жергілікті жерлер жөніндегі», «Салауатты өмір сүру салты» трактаттарында Гиппократ адамның тіршілігі үшін ауа, су және топырақтың маңызын қарастырды және дәрігерлерге климатты, жергілікті жердің жағдайларын, өмір сүру салтын, халықты тамақтандыру және т.б. зерттеуді ұсынды. Ол дені сау адамдардың ауырмауы үшін жағдай жасаулары жөнінде кеңес берді.

Ертедегі Римде қоғамдық гигиенаның дамуы бұрынғыдан да өркендеді. 30-ға жуық акведуктар, яғни су құбырлары тартылды. Олардың біріншісі б.э.д. 614 жылы арканың үстінде орнатылды, олардың биіктігі 30 м-ге дейін жетті. Қалаға тәулігіне, адам басына 1000 л дейін тау суы беріліп отырды. Сұйық лас заттар және жауын-шашын сулары тармақтанған жасырын құбырлар арқылы алысқа ағызылып, ені 4 метр, биіктігі 5 метрді алатын үлкен құбырлық коллекторға жиналып, Тибр өзеніне ағызылып жіберіліп отырды. Акведуктар және канализациялық құрылыстар Римде қазіргі уақытқа дейін сақталған. Олар көне замандағы санитарлық-техникалық құрылыстардың көрнекті ескерткіштері болып табылады.

Тамаша сауықтыратын кешендер - термалар (моншалар) болды. Бұндай моншаларға, бір уақытта 1800 және 3200 адам суға түсуге болатын. Термаларда суық және ыстық моншалар, хауыз, уқалауға арналған арнайы бөлмелері, серуендеуге арналған жолдар, гимнастика залы, стадиондары болды.

Ертедегі Римде құрылысқа, тағамдық өнімдерді сатуға, әскерлердің тамақтануына, Тибр өзенінің суын пайдалануға, өлген адамдарды жерлеуге қойылатын талаптарды анықтайтын заңдар болды. Бұл талаптардың орындалуын бақылауды арнайы бөлінген қалалық чиновниктер жүргізді. Күмәнсіз жетістіктеріне қарамастан, Ерте дүниедегі мемлекеттерде гигиеналық білімдердің деңгейі әлі де төмен болды. Ал, енгізілген қоғамдық және жеке бас санитарияларының элементтері, тек бай адамдар үшін ғана болды. Сондықтан, қырғын эпидемиялық жағдайлар болып тұрды, ал адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы 25-30 жасты ғана құрды.

2. Гигиеналық білімдердің орта ғасырлардағы (б.э.д. VI­XIVжж.) және феодализм мен өндірістік капитализмге өту кезеңіндегі (б.э.д. XV-XVIII жж.)дамуы.

Феодализм дәуірінде Батыс Еуропада өмір сүрудің барлық салаларында, оның ішінде гигиенаның дамуында да, қараңғы дағдарыс және құлдырау кезеңі басталды. Құдіретті шіркеу ауруларды емдеуге тыйым салды, себебі, бұл «құдайдың ісіне араласу» деп есептеді, ал емдеген адамдарды қатаң қуғынға ұшыратты, аскетизмді уағыздап, барлық гигиеналық шаралардан бас тартуға шақырды. Осының нәтижесінде, ертедегі гигиенаның барлық ережелері ұмытыла және жойыла бастады, ал орта ғасырлық қалалар жұқпалы аурулардың нағыз ордасына айналды. Тұрғын үйлер тар, қисық, лас көшелерде сығылыса орналасты. Қалдықтар мен жуындылар терезелерден тасталды. Жарықтандыру үшін май шамдары мен шырақтар қолданылды, нәтижесінде мүңкіген сасық түтін тұрды, ал айналаның бәрін қара күйе басты. Сирек, су құятын ағаш ыдыста жуынды, қоғамдық моншалар болмады.

Санитарияның мүлдем болмауы, орта ғасырды тітіренткен обаның, сүзектің, тырысқақтың, шешектің, дизентерияның қырғын эпидемияларының басты себептерінің бірі болды. 14-ші ғасырда оба ауруынан Еуропадағы 100 миллион халықтың төрттен бір бөлігі өлді.

Еуропада осы кезеңде тек қана Салернода, Неапольге жақын жерде, бір медицина мектебі болды. (XII ғ.). Ол мектептің ғалымдары жүздеген жылдар бойына, құрамына гигиеналық сипаттағы мыңдаған өлеңдер кіретін, «Салерндік денсаулық кодексін» жинақтады. «Кодекс» еуропалық тілдерге аударылып, жүздеген рет қайта басылып шығарылды.

Орта ғасырда, Еуропаға қарағанда, Шығыста білімнің әр түрлі салаларының, оның ішінде медицина ғылымы мен гигиенаның да, өркендеген кезеңі болды. Сол уақыттарда өмір сүрген (980-1037жж.) ірі ғалым, атақты дәрігер - тәжік Әбу Әли Ибн-Сина (Авиценна) бүкіл әлемге белгілі болды. Оның 5 томдық іргелі шығармасында «Дәрігерлік ғылымның Канонында» гигиенаның көптеген сұрақтары баяндалады. Мысалы, Авиценна мекендейтін жерінің адамдардың денсаулығына көп әсер ететініне үлкен көңіл бөледі және қазіргі талаптарға жақын ұсыныстар береді: «Кімде-кім өзіне мекендейтін жер таңдайтын болса, ол жердегі топырақтың қандай екенін, жер қаншалықты төмен немесе биік, ашық па немесе жабық па, ол жердің суы қандай екенін..., сол жер жақсы желдетіле ме немесе шұңқыр жерде орналасқан ба, ол жердің желі денсаулыққа жайлы ма, немесе суық па, сондай-ақ, жанындағы теңіз, батпақ, тау, кен орны қандай екенін білгені жөн. ...Шығыстан соққан жел ғимараттарға енуі және күн сәулесі олардың кез келген жеріне түсуі үшін, терезелері мен есіктері шығысқа және солтүстікке бағытталуы қажет».

Ибн-Сина жекелеген аурулар мен жыл мезгілдері, климат арасында байланыс бар екенін айрықша атап көрсетеді. Ол ластанған ауаның әсері жөнінде сұрақтарды қарастырды, су арқылы ғана емес, сонымен қатар ауа арқылы да берілетін көзге көрінбейтін аурудың қоздырғыштары сөзсіз бар екенін болжаған. «Каноны» кітаптарының бірінде су, ағза үшін қандай роль атқаратыны, ішетін суды қалай таңдау керек екені туралы ғалымның айтқан сөздері келтіріледі. Ибн-Сина «ең жақсы су – бұлақ суы, бірақ барлық бұлақ емес, таза жермен аққан бұлақ суы» және де су «күн үшін ашық» болуы қажет екендігін атап айтқан. Ғалым судың сапасын жақсарту жөнінде де ұсыныстар береді: «нашар суды айдау және айыру арқылы тазартуға, ал егер ол мүмкін болмаса, қайнату керек» екендігі жөнінде айтқан. Қазіргі су токсикологиясы жағынан алып қарағанда, құбырдың суын пайдаланбау жөнінде берген кеңесі өте қызықты. Себебі, ол уақыттарда су қорғасыннан жасалған құбырлармен тасымалданған және осыған байланысты «су қорғасынның күшін өзіне алып, ішектерде ойық жараларды жиі тудыратын».

Ибн Синаның көптеген гигиеналық ойлардың ішінде тамақтану гигиенасы да едәуір орын алады. Ол тағамның сапа, құрамына, тамақтану тәртібіне, астың қорытылуына қолайлы жағдай жасауға, тамақтану тәртібі мен дене шынықтыру сабақтары, жаяу жүру, моншаларға бару, кейбір дәрілік заттарды қабылдау, жыл мезгілі арасындағы байланысқа көп көңіл бөлген. Ибн-Сина шектен тыс артық тамақтану «зиянды» деп есептеген, егде жастағы адамдарға сүт, көк өсімдіктерді, жемістерді, інжірді, қара өріктерді тағамға қолдануды ұсынды, ал ащы және шөлдететін өнімдерді (маринадтар мен тұздықтар, тұздалған және қақталған өнімдер) қабылдамау керектігін айтты.

Ибн-Синаның көзқарастары мен ғылыми мұ