Жалпы ережелер

Ауылшаруашылық машиналарының эксперименті мен сынағының негізгі әдістемелік ережелері мемлекеттік стандартта көрсетілген. Бірақ стандартты әдістемеден басқа жекелеген эксперименттерге жеке әдістемелер әзірленеді.

Машинаны зерттеу не сынау кезіндегі эксперимент әдістемесі келесі элементтерден тұрады:

Техникалық сараптама. Ауылшаруашылық машиналарының техникалық сараптамасына машинаны дайындау сапасын сараптау, конструкциясын бағалау және олардың техникалық жағдайына сәйкестік дәрежесін анықтау жатады.

Энергетикалық бағалау. Ауылшаруашылық агрегаттарды энергетикалық бағалау мақсаты олардың энергетикалық құндылығын анықтау болып табылады. Энергетикалық құралдар мен оларды бағалау әдісі төрт топқа бөлінеді: тракторлар, іштен жану қозғалтқыштары, ауылшаруашылық агрегаттар, электр жетегі.

Еңбек шартын бағалау. Бұл бағалау сынақтың барлық кезеңдерінде жүргізіледі, бірақ басты назар алғашқы техникалық сараптама және зертханалық-егістік эксперимент кезінде аударылады. Бұл кезде келесі санитарлық-гигиеналық және эргономиялық көрсеткіштер анықталады: сәйкесінше аймақтардағы шаңдану, шу, жоғары жиілікті діріл, жұмыс орнының жарықтандырылуы, орналасу ыңғайлылығы, климат жағдайлары, көрінуі және т.б.

Сенімділікті бағалау. Машина сенімділігін бағалау кезінде жұмысқа жарамдылығы, ұзақ мерзімді жұмыс істеуі, жөндеуге келуі (техникалық қызмет пен жөндеуге қабілеттілігі), сақталуы анықталады.

Агротехникалық көрсеткіштерді бағалау. Бұл берілген технологиялық үдерісті орындау сапасын сипаттау көрсеткіштерін бағалау. Бұл машиналар мен агрегаттарды сынаудағы негізгі мәселе болып табылады. Ондай көрсеткіштер көп. Олардың әрқайсысын анықтау үшін әр зерттелетін және шығарылатын машинаға арналған стандарттарда жазылған нақты арнайы әдістер қолданылады.

Агротехникалық көрсеткіштерді анықтауға арналған барлық әдістерді төртке бөлуге болады.

Көрсеткіштердің бірінші тобына ауылшаруашылық машиналарының технологиялық мүмкіндіктері, мәселен, машиналық технологиялық үдеріс қанағаттанарлық деңгейде орындалатын фонның шектеулі көрсеткіштері, машинаның жұмыс режимінің шекті көрсеткіштері, және олардың өзгеріс (ылғалдылығы, қоқыстануы, өңделетін материалдың қаттылығы, егіннің шығымы, нанның жапырылуы және басқа да көрсеткіштер) диапазоны жатады.

Екінші топқа аймақтағы оңтайлы және шектеулі жағдайларда қолайлы барлық машиналар жұмысының сапасын сипаттайтын көрсеткіштер кіреді.

Үшінші топқа жататын агротехникалық бағалау көрсеткіштері технологиялық үдерістердің жүру теңдігі дәрежесін сипаттайды. Ауыл шаруашылығында көптеген үдерістер ықтималдық сипатта болады, сондықтан зерттеу кезінде өлшенетін шамалардың вариациялық қатары қалыптасады. Осы қатарларды өңдеу үдерісінде технологиялық үдерістің (зерттелетін соқаның оталуы, комбайнның роторлы соққы-сеператор органымен жасалған бастыру сапасының) тұрақтылығы мен тегістігі деңгейін сипаттайтын статистикалық көрсеткіштер (математикалық күтулер, дисперсия, вариация коэффициенті, корреляциялық функция, спектрлі жазықтық) алынады.

Энергетикалық құндылықтарды бағалау. Әдістеменің бұл элементі зерттелік отырған үдерісті, техниканы энергетикалық көрсеткіштері бойынша бағалауды қарастырады. Құрылатын тарту құралы, мәселен, тракторлар, тартқыштар – ілмекті қуат, ілмекті күш, ілініс күші, үйкеліс күшінің дамуы бойынша бағаланады. Әзірленген ауылшаруашылық машиналары, мәселен, соқалар, жазықкескіштер, аударғыш-тығыздағыштар жалпы жұмыс органының тартылыс кедергісі бойынша бағаланады. Үйлестірілген жұмыс органдарын пайдалану кезінде оларды құрайтын жекелеген орындаушы элементтердің кедергісі (мәселен, соқалы жұмыс органда – түреннің, қайырманың, егіс тақтасының т.б. кедергісі) анықталады.

Энергетикалық құндылықтарды бағалау негізінен динамометрлеу (тензометрлеу) жолымен жүзеге асырылады.

Энергетикалық құндылықтарды бағалау әдістемесі динамикалық жүйеде жұмыс істейтін барлық күштер мен олардың талдамасын (соқаның, сепкіштің, комбайнның, астық ұсатқыштың т.б. жүйелердің күштік талдамасын) анықтауды, сондай-ақ олардың құрамдас бөліктерінің, жекелеген жинақ бірліктері мен бөлшектерінде әрекет ететін бөліктердің күшін анықтауды қарастырады.

Бағалау көрсеткіштерінің осы тобының әдістемесімен барлық мықтылыққа сынау жұмыстары қарастырылған.

Көрсеткіштердің аталған топтарымен барлық қажетті бағалау көрсеткіштері қамтыла бермейтінін де атап өту керек. Кейбір көрсеткіштер бірнеше топпен сипатталады. Мәселен, машинаның жүріс тұрақтылығы сияқты маңызды көрсеткіш бір жағынан, аспа жүйесінде, трактор элементтерінде және ауылшаруашылық машиналар элементтерінде орын алатын күштермен анықталса, екінші жағынан, өзі агрегат жұмысының, сапалық көрсеткіштері мәнінің тұрақтылығын, мәселен, қазу тереңдігі мен тұқым салу тереңдігі мәнінің тұрақтылығын т.б.анықтайды.

Зерттеудің нақты деректерін алуға негізделген объективті эксперимент жүргізу үшін жалпы әдістеме мұқият таңдалып, негізделеді және дербес әдістеме әзірленеді. Дербес әдістемеде нақты эксперименттің барлық ерекшеліктері қарастырылып, ескерілуі керек және машина мен өндірістік жағдайды сынау шартының ұқсастықтары сақталуы қажет.

Эксперимент жүргізудің дербес әдістемесі үдерісінде стандартты таңдау, ол болмаған жағдайда құралдар мен құрылғыларды әзірлеу мәселесі шешіледі.

 

 

Тарау

Ғылыми-зерттеу жұмысындағы ұйымдастырушылық-психологиялық аспектілер

 

7.1 Ғалымның жұмыс уақыты

Адамдар еңбегін екі сыныпқа жіктейтін, аса шартты болып табылатын жіктеме бар: дене күші басым жұмсалатын және ой күші басым жұмсалатын. Ой күші жұмсалатын еңбек түрінде ойлау және басқа да психикалық қызметке баса назар аударылатын, жүйке жүйесі мен психикалық және эмоциялық күш түсетін еңбек жатады.

Ой еңбегі адамының жұмысқа қабілеттілігі (ғалымдар осы топқа жатады) жұмыс күні бойында өзгеріп отырады және уақыт бойынша 7.1-суретте көрсетілгендей бөлінеді. Бастапқы тік сызықты бөлігі (0-1) жұмысқа қабілеттің қалыптаса бастауын, 1’-3’ қисық сызығы аралығы оңтайлы қабілеттілікті; 3’-4’ аралығы жұмысқа деген қабілеттің төмендеуін білдіреді. 4’-тен оңға қарайғы қисық учаске жұмысқа қабілеттіліктің қарқынды төмендеуін білдіреді.

Жұмысқа қабілеттілік ғалымның еңбек ету жағдайына байланысты болады, еңбек жағдайы жұмыс орнының жайлылығы, жарықтандырылу деңгейі, бөтен алаңдатушы заттардың болмауы, температура мен ауаның тазалығынан тұрады.

Сонымен бірге жұмысқа қабілеттілікке жұмыс күні барысында қысқа мерзімді демалысты ұйымдастырып отыру да әсер етеді. Бұл жағдайда адамның жұмысқа қабілеттілігі динамикасы қысқа мерзімді демалыс арасындағы жұмыс кезінде де, барлық жұмыс күні барысында да сипатына қарай аса жоғары деңгейдегі болмаса да, негізгі қисыққа сай келеді.

Жоғарғы 1–2–3–4–5 қисығы ой жұмысымен айналысатын, жұмысқа қабілеттілікті арттыру үшін қысқа мерзімді демалыстар режимінде (1-2 және 3-4) жұмыс істейтін адамның жұмысқа қабілеттілігін сипаттайды.

Дегенмен жұмыс күнінің кезеңдері барлық адамда бірдей бола бермейтінін ескеру керек. қысқа мерзімді демалыстардан болатын пайда да әртүрлі. Қысқа мерзімді демалыс кезінде барлық адам бірдей және үнемі ойша шешілмеген мәселеден «кете алмайды». Жұмысқа қабілеттілікті арттырып, денсаулыққа келер зиянды төмендететін, оңтайлы режимде жұмыс істеуге үйрену аса маңызды.

Теріс эмоциялық жүктемені азайтуға психикалық гигиена және оның сақтандыру қызметі де көмектеседі. Адам егер өзіне мүмкін болар күйзелістерден сақтайтын тиімді психологиялық қорғаныш жасап алса, қарқынды қызмет кезінде де өз жүйкесін қорғай алады. Мысалы, мұндай қорғаныштың бірі ғалым мақсатқа жету жолында сәтсіздікке ұшыраған жағдайда бағытын ауыстыруы, бұл жағдайда адам бір мақсаттан екіншісіне оңай ауыса алатындай болуы керек. Егер теориялық зерттеу барысында сәтсіздік орын алса, тәжірибе әдістемесін жасауға ауысып кетуге болады. Тәжірибе кезінде теориялық жоспардың жаңа идеялары туындайтыны жиі кездеседі. Қол жеткізе алмағанды ойша «бағалай» білу де маңызды – шағын шығындарды үлкеніне қарағанда аз уайымдаймыз. Мүмкіндігінше ойша ықтимал сәтсіздіктерді болжап, бағалай білу қабілетін де қалыптастыру керек. Бұл ғалым жағдайын жақсартады, ол сәтсіздік туа қалған жағдайда моралды тұрғыдан дайын болады.

Қатты шаршаған кезде шаршауды релаксациялық (босаңсу) үзілістердің көмегімен де басуға болады, сондай-ақ өз әріптестерімен сенімді әңгіме құру, өзінің ішкі уайымын, сезімін бөлісу де сәтсіздікті дұрыс қабылдауға негіз болады. Организмді уайымнан, мәселелерден, дау-дамайдан уақытша демалдыру үшін ғылыми жұмыста әзіл де қажетті, тиімді болады.

Кей жағдайда бірнеше келеңсіз оқиға қатар орын алғанда, ғалымда жұмысты тиімсіз орындау, нәтижесінің көрінбеуі сияқты сәттер жиілейді, тапсырманың орындау уақытының жақындап қалғанын сезіну де кері әсер етеді, осы кезде ғалым (тәжірибесіз ғалым, мысалы, аспирант) түнгі уақытта да жұмыс істеуге кіріседі, бұл өз кезегінде адамның тез шаршауына әкеліп, денсаулығына зиян келтіріп, ғалымның жұмысқа қабілеттілігін азайтады.

Бұндай жағдайда өзін қолға алып, тез шешім қабылдап, жұмысты уақытша (бір-екі күнге, қажет болса, бір аптаға) тоқтата тұрып, демалу қажет, бұл адамның жұмысқа қабілеттілігін тез қалпына келтіріп, демалысқа жіберілген уақыттың орнын тез толтыруға мүмкіндік береді.

Көріп отырғанымыздай, ой еңбегінің режимін, ғалым жұмысының режимін ұйымдастыру мен орындауды сауатты тұрғыда жоспарлау керек.

Психика-гигиеналық жетістіктің алғышарты болып адамның өзін объективті тани білуі, өз мүмкіндіктерін дұрыс бағалауы, шама-шарқын күн сайын дамытуы және соның негізінде міндетті сауатты қойып, шеше білуі табылады.

 

 

7.2 Ғалымның этикасы мен моралы

 

Ғалым алдында тек ғылыми-зерттеу мәселелері ғана емес, сонымен бірге ұжым жұмысындағы моралды және этикалық рөлді арттыру тапсырмасы да тұр.

Өткен заман ғылымының жоғары моралдық құндылықтарына селсоқ қарау және ғылыми жастар арасында адамгершілік-этикалық тәрбиенің әлсіз болуы жас ғалымның мінез-құлқындағы түрлі теріс бағыттағы моралдық қасиеттердің туындауына негіз болады. Осыған орай және қойылған міндеттің сапалы әрі дер кезінде орындалуын арттыру мақсатында ғылыми ұжымның әр мүшесіне тапсырылған жұмысқа жауапкершілікті үнемі ескертіп отыру керек. Ғылым мақсаты – табиғат заңдарын зерттеу, шындықты іздеу болып табылады. Осыған байланысты ғалым бізді қоршаған ортаның мәнін түсініп, барлық механизмдер мен құбылыстардың өзара байланысын зерттеуі керек. Алайда жауапкершілік төмендеген жағдайда тіптен адамның дарыны мен іскерлік қабілеттері сияқты қасиеттер оның артықшылығы ретінде емес, өзімшілдік және іштарлық мақсаттары мен мүддесі жолында шындықты бұрмалау құралына айналатын кездер де ұшырасады.

Алынған ғылыми деректер немесе айтылған ғылыми идеялар олар айтылған не жарияланған жағдайдан бастап өмір сүрмейді, ол одан кейінгі жаңа зерттеу циклімен дәлелденгенде немесе басқа деректер мен идеялар жазылған қолданыстағы циклге енгізілгенде не өндірісте қолданысқа енгізілгенде ғана өмір сүре бастайды.

Осыған орай бірқатар нақты ұйымдастырушылық салдарлар орын алады:

- зерттеу ізденісіндегі қайталанулардың болуы зиянсыз ғана емес, қажет;

- ғылыми шындықтың қалыптасуы кезінде табиғи ағымдылықты өзгерту мүмкін емес.

Осыдан ғылыми көзқараста субъектизмге жол берілетіні шығады, кейде ғылыми этика зерттеушіге қателесуге рұқсат береді, сөйтіп, ғылым бұл ғалым жұмысының нәтижесінен тиімді тәжірибе жинайды.

Ғылым негізі болып зерттелетін материалдың нақтылығы табылады. Жоғары этикалы ғалым материалдың бұрмалануына жол бермейді. Бұл жағдайда кәсіпқой ғалымды деректі баяндау кезіндегі кішкене ғана жаңылысу да сипаттай алады. Бұл қағидадан ауытқу ғылыми зерттеу нәтижелерінің құнсыздануына және сұраныстың жойылуына әкеледі. ҒЗЖ нәтижесінде кейде жаңсақтықтан айыру қиындық туғызатын, кейде әділетсіз бұрмаланудан қорғайтын, объективті шындықты табу керек. ақпараттың жалпы ағынында тексерілмеген жалған деректер пайда болып отырады, алайда бұған қарамастан олармен үнемі және тұрақты күресу керек, ол үшін мұндай деректерге шынайы ғылыми деректерді қарсы қою әдісін, шынайы ғылыми ережелерді насихаттау әдісін қолдануға болады.

Ғылымға толық берілген адамға қойылатын басты талап – жоғары кәсібилік. Этика мен кәсібилік жалпы ғылымда жетістікке итермелейтін қасиеттердің ең тиімді үйлесімі. Кәсібилік кәсіби этикасыз құр сөз болып қалады. Көбіне Ампер мен Фарадейдің арнайы білімі болмағанын, Вольт иезут мектебінде оқығанын, Джоуль сыра қайнатқыш, Коперник пен Гельмгольцтің дәрігер болғандарын алға тартып, бұл пікірге қарсы келіп жатады. Бұл деректерді де ескеруіміз керек, дегенмен де ғұлама ғалымдар білімді маман болып, кәсіби тәжірибе жинағаннан, көптеген жылдар аянбай тер төккеннен кейін ғана қандай да бір ғылым саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізген.

Алынған нәтижелерді жариялай отырып, автор өзінің жеке көзқарасына қарамастан, осыған ұқсас барлық еңбектерге сілтеме жасауы керек. Кез келген ғалымның өзіне дейін шыққан еңбектерге қатысты өз пікірін білдіруі орынды, алайда қолданылған еңбек туралы жасырып қалу этикетке жатпайды.

Этикет нормасын өрескел бұзу – плагиат, яғни біреудің еңбегіне өзін әдейі автор ретінде ұсыну немесе автордың өз еңбегінде біреудің маңызды нәтижелерін зерттеуі, бұл адамды ғалым деп атану құқынан моралды түрде айырады. Плагиат кез келген өркениетті елде заңмен қудаланады, бұл жоғары аттестаттау комиссиясына плагиат орын алған диссертациялар бойынша теріс шешім қабылдауға құқық береді.

Ұжымдық зерттеу кезінде ұжыммен орындалған жұмысқа авторлардың жеке үлесі бойынша қатынас орнауы керек. егер бұл қағида сақталмаса, ғылыми ұжым ішінде жалған қатынас орын алады да, бұл жұмысқа кедергі болып, кейде тіпті ұжымның таралуына әкеледі. Алайда жұмыстың кез келген түріне байланысты автор деп саналуға болмайды. Мәселен, өнертабысты жасау кезінде техникалық жұмысты атқарған (сызбалар мен үлгілерді дайындаған, есептеулерді орындаған, құжат рәсімдеген, тәжірибелік сынақ жүргізген т.б.) тұлғалар авторлар қатарына жатпайды. Деректерге қағидалы қатынас және әріптестеріне деген адалдық – ұжым жұмысына серпін беретін кез келген жағдайдағы этикалық норма.

Ғылыми қағидалылық – ғалымның маңызды қасиеті. Ғылыми қағидалылық ғалым көзқарасының кеңдігін, ғылымды дамыту әдістерін терең түсінуін, оның болашақ дамуына мүддесін көрсетеді. Ол ғалымнан қандай да бір сұрақта өз құзырлығының жетпейтіндігін уақытында мойындауды, өзінің жеке көзқарасын (ұнату не ұнатпау) жеңуді, сондай-ақ қажет болғанда өз қызығушылығына қайшы келетін әрекеттерге баруды талап етеді. Ғылыми қағидалылық ғалымнан жалған ғылыми қорытындыға, этикаға қайшы басқа да әрекеттерге қарсы тұруды талап етеді.

Өз өмірін ғылымға арнағысы келген әр адамға ғылым жолының ауыр екенін, жүйкеге, ойлау жүйесіне күш түсіретінін, қатаң қағидалылықты талап ететінін жете түсінуі керек, содан кейін ғана осы қиын да жауапты, бірақ құрметті ғалым жолын толық жүріп өтуге өзінің іштей дайындығын тексеруі қажет.

 

7.3 Ғылыми ұжым жұмысын ұйымдастыру

 

Жалғыз жұмыс істейтін ғалымдардың рөлі бірте-бірте төмендеп келеді. ҒЗЖ нәтижелерінің басым көпшілігі ғалымдар ұжымына тиесілі. Ұжым жұмысының нәтижесі ұжым мүшелері күштерінің қарапайым қосындысы емес, түрлі ғылым саласындағы ғалымдардың ортақ еңбегінің жемісі болып табылады. Ал бұл үшін ұжымды дұрыс, ғылыми негізде басқару керек. Конституцияда көрсетілген еңбек ұжымын басқарудың жалпы қағидаларына сай ғылыми ұжымды басқару қағидалары әзірленген, онда орындаушыларды іріктеу, тәрбиелеу, ұжымдағы психологиялық жағдай, басқару стилі, жұмыс орнының теңдігі, басшының моралдық қасиеттері сияқты мәселелер қамтылған.

Ғылыми ұжымның, әсіресе, ЖОО сияқты негізінен аспиранттардан тұратын жас ғылыми ұжымның басшысы оның мүшелерімен қатынас кезінде қарапайым, демократияшыл және қағидашыл болуы керек. Егер оқушылардың пікірі дұрыс болса, оларды қолдап, егер қате болса, онда күшпен емес, тек ғылыми дәлелдермен қателігін мойындату керек. Ғылыми жетекші өз пікірін оқушыларының мойындауын міндеттемеуі керек, тек оқушы (ұжым мүшелері) бұл пікірге әңгімелесу кезінде өзі келгендей сезінетін жұмыс жасауы қажет. Зерттеу тақырыбын өзгерту қажеттігі туындағанда, ұжым мен мемлекеттің әр мүшесіне жаңа тақырыптың маңыздылығын дәлелдей білуі керек. Ұжымды басқару жұмысына көп көңіл бөлмей, ұжымға өздері бастама көтеруіне, қиындықты өздері жеңе білуіне, өз мақсаттарына өзіндік жолмен жетуіне мүмкіндік беру керек.

Бір мақсатқа жұмылу – ұжымдағы психологиялық жағдайдың дұрыстығын білдіреді, психологиялық жағдай бұдан басқа ынтаның еңбекпен бірге жеке қажеттілікке де бірдей бейімделуімен негізделеді. Әр мүшені материалдық тұрғыдан ынталандырумен бірге, олардың бойында өзінің дарынына, кәсібилігіне, шеберлігіне мақтаныш сезімі, өзін еңбекте шығармашыл тұрғыда көрсете білуге ұмтылуы, ұжым жоспары мен істеріне өзінің тікелей қатысын сезінуі, жоғарыдағы басшыларға жұмыс нәтижесінің әлеуметтік маңыздылығын мойындауы (еңбегіне қарай құрмет), әріптестерін сыйлауы сияқты жеке тұлғаның адамгершілік қасиеттерін да қанағаттандыру керек.

Тиімді ұйымдастыру зерттеудің негізгі міндеттерін ұжымның қоғамдық жұмысымен үйлесімді байланыстыра алғанда орын алады, бұл адамдардың көпшілікпен қарым-қатынас жасауын жетілдіріп, интеллект және адамгершілік қасиеттерін анықтауға мүмкіндік береді.

Ұжымды біріктіру және оның жұмысының нәтижелігін арттырудың маңызды факторының бірі техникалық шығармашылық, өнертабыскерлікті, ортақ спорт сайыстарын, мәдени шараларды, демалыстарды ұйымдастыру болып табылады.

Ұжымды басқару кезінде басшы әрқашан белгілі бір қызметтік этиканы, норманы және өзін ұстау ережесін ұстануы керек, адам мен жағдайдың ортақ және дербес қырларын анықтай білуі, жағдайдың даму логикасын түсінуі, бір жағдайдағы жақсы тәжірибені екінші жағдайға ауыстыра білуі керек. ұжымды біріктіруде жақсы нәтижеге басшының қол астындағы қызметкерлермен сөйлесуі кезінде жағдайын түсінуі, өзінің стратегиялық мақсаттарын іске асыруда табандылық танытуы және адамға әсер ететін мойындалған әдістерді меңгеруі кезінде қол жеткізіледі.

Ғылыми ұжымды басқаруда ұсақ дүние болмайды. Тіпті ұжым мүшесінің жұмысқа кешігуіне де бірдей қарауға болмайды. Тәртіп бұзушыға да, барлық ұжымға да түсінікті болатын, дұрыс шешім қабылдау үшін басшыға жұмыскердің кешігу себебін, кешігу уақытын, кешігу жиілігін, ұжымның бұндай кешігуге көзқарасын, кешігудің жұмыс нәтижесіне әсерін, ұжымдағы іскерлік және моралдық жағдайды, кешігушінің кәсіби қабілетін, жасын т.б. ескеруі керек. Келтірілген мысалдан көргеніміздей, дұрыс шешім қабылдау бір қарағанда оңай көрінетін осындай қарапайым жағдайдың өзін оны оймен, жан-жақты талдау арқылы шешуді талап етеді.

Басшы қызметкердің жұмысын теріс бағалау кезінде өз сезімін, көзқарасын шектей білуі керек. Басшының сыны қандай формада болғаны да өте маңызды: мысалы, басшы өз сынын тәртіп бұзушылықтан кейін бірден не бірнеше уақыт өткен соң; көптің алдында не жеке; жазбаша не ауызша; біреудің атынан (жоғарыда тұрған басшының атынан, өзінің атынан, қоғамдық ұйым атынан) айтуы мүмкін. Тәртіп бұзушыға сын айтпас бұрын, онымен жұмыс күнінің соңында сөйлескен дұрыс. Өзіне бағынатын кісіге өзге кісілердің алдында сын айтуға болмайды. Басшы бағынышты қызметкерлерді тыңдай білу, қысқа сөйлеу, әңгімелесу алдында ойланып алу, өз қателіктерін кешіру, мүмкіндігінше, басқалардан ақылды болу, бірақ бұларды өзгелерге білдіртпеу сияқты қасиеттерді қалыптастыра білу керек.

Ұжымда келіспеушіліктер орын алады. Келіспеушілікті қайшылықтың көзі, қарама-қарсы пікірлер, тенденциялар, күштердің соқтығысы ретінде қандай да бір дамудың алғышарты түріндегі пайдасы туралы ғылыми ереже бар. пікірталас кезінде шындық ашылады. Алайда кез келген келіспеушілік ұжымның, ғылымның дамуына, техника мен технологияның жетілуіне жағымды әсер ете бермейді. Осыған байланысты басшы ұжымдағы келіспеушілікті басқара алып, оны қажетті, шығармашылық бағытта жұмсай білуі керек.

Ғылыми ұжым жұмысының нәтижесіне ғалымның (тұлғаның) жүйке жүйесінің типі де әсер етеді.

Жүйке жүйесі мықты кісілер жұмыс күні бойында қарқынды және жақсы жұмыс істеуге бейім, олар кейде өз денсаулықтарына келіп жатқан зиянды сезбей, жүйкелерін бұзады да, соның әсерінен ұжымда келіспеушілік тудырады.

Жүйкесі жұқа кісілерге жұмыс және демалыс режимін дұрыс сақтау керек. Басшы тек жоғарыда айтылған жағдайларды ғана емес, қызметкерлер арасындағы жас ерекшеліктерін де ескеруі қажет. Жас қызметкерлер көбінесе өндіріс талабына, еңбек тәртібіне шыдай алмағандықтан, өз мүддесін ұжым мүддесінен жоғары қоятындықтан, ұжымдағы келіспеушілікті туындатады. Адамның жасы үлкен болған сайын, ол өндіріс талабына шыдамды келеді.

Ұжым жұмысында адамдар арасындағы шығармашылыққа әсер етпейтін келіспеушіліктер – шешілмеген дау, дауды шешудегі әділетсіздік, ренжіту, қарым-қатынастың бұзылуы сияқты келіспеушіліктер аса қорқынышты емес. Даулы жағдайларды дұрыс шешуге, оларды жұмыс пайдасына бағыттауға және мүмкін болар салдарларын жоюға тырысу керек.

Басқару – ұжым жұмысында жоспарланған нәтижеге қол жеткізуге негіз болатын жағдайды құру. Егер ұжым міндетін әр мүшесі өз міндетіндей қабылдаса ғана ғылыми ұжым жұмысында үлкен жетістікке қол жеткізуге болады.