Сурет салу

Мақсаты: мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың шығармашылық құзыреттілігінің қалыптастыру міндеттеріне сәйкес бейнелеу өнерінің мазмұнын толықтыру, сурет салудың барлық түрлеріндегі іскерліктерін жетілдіру, бейнеленетін бейнелерді түсіну қабілеттерін тәрбиелеу мен эстетикалық сезімдерін қалыптастыру.

Міндеттері:

1. Заттар мен қоршаған ортадағы құбылыстарды түсінуі мен затқа қарап, пішінін, заттардың қатынасын, бөліктерінің орналасуы мен түсін бейнелеу тәсілдеріне үйретуді жалғастыру.

2. Қиялын, байқағыштығы мен әлемді бейнелі қабылдауын дамыту.

3. Бейнелеу өнерінің техникаларын, іскерлігі мен дағдыларын қалыптастырып, сурет салу барысында дұрыс отыру, қылқаламмен және қарындашпен жұмыс істеу дағдыларын бекіту.

4. Бейнелеу өнерінің материалдары мен құралдарының қасиеттерімен таныстыру.

5. Балалар әдебиеті суретшілерінің шығармаларымен, бейнелеу өнерінің алуан түрлерімен таныстыру.

6. Іс-әрекет мәдениетіне тәрбиелеу, ынтымақтастық дағдыларын қалыптастыру, ұжыммен жұмыс істеуге үйрету. Балалардың аналитикалық-синтетикалық қабілеттерін дамыту: қойылған міндеттерге сәйкес өз жұмысының нәтижесін бағалай білу іскерлігі.

Мазмұны:

Затқа қарап сурет салу

Балаларды елестету және заттарға қарап гүлдер, көкөністер, күрделі емес ойыншықтар сұлбасын өздеріне тән ерекшеліктерін сақтай отырып салуға үйрету.

Пішіндер (шеңбер, сопақша, тіктөртбұрыш) туралы білімдеріне сүйене отырып негізгі пішінін, заттар мен олардың бөліктерінің үйлесімділігін нақты беруге, бөліктердің салыстырмалы көлемі мен орналасуына, түстер туралы біліміне (қызыл, қызыл-сары, сары, жасыл, көк, күлгін, қоңыр, қара, ақ және олардың реңктері) сүйене отырып заттардың түстеріне, өз талғамымен түстерді таңдауға үйрету. Акварельмен жұмыс істеу тәртібімен, бояудың қажетті қоюлығын алу үшін акварель бояуын су тақтайшасында сумен араластыра білуге үйрету, бояуларды араластыруға, колоритті беру үшін бояулардың үйлесімділігі мен қағаздың түсін таңдаумен таныстыру, заттардың шынайы түстері мен бейнелетін затқа өзінің қарым-қатынасын қолдана білуге үйрету.

Бірнеше біркелкі заттардың мөлшеріндегі ерекшеліктерін (үлкен және кішкентай үйлер, ағаштар, көкөністер, жануарлар мен олардың төлдері және т.б.) жеткізе білу іскерліктерін қалыптастыру.

Түрлі жануарларға тән ерекшеліктерді байқау және олардың суреттерін сала білу іскерліктерін қалыптастыру. Жануарлардың бейнелерін жеңіл қозғалыстар мен қалыптарды бейнелеу арқылы мәнерлі бере білуге үйрету. Балаларға жүн мен қауырсынға тән бейнелерді келесі тәсілдер: түрлі штрихтар, түрлі басулар, қатты қылқаламмен, тушь арқылы сала білуге үйрету. Қажетті түсті алу үшін қарындашты әртүрлі басып қолдануға, қарындашпен жеңіл контурларды салуға үйрету.

Құстардың сыртқы бейнесі, барлық құстардың сыртқы ерекшеліктеріне қарамастан құрылымы жағынан ұқсастығы, пішіні мен бөліктерінің шамаларынан жалпы түсініктерін қалыптастыру. Суретте түрлі құстарға тән ерекшеліктерін бере білуге үйрету.

Суретте адамның қарапайым қимылдарын, қозғалу барысындағы қол мен аяқтарының қалыптарын бере білуге үйрету.

Серуен кезінде байқағандары бойынша ағаштарды, үйлерді, трамвай мен автобустарды және мереке күндерінен, қарапайым табиғат суреттерінен алған әсерлерін салғызу.

Ағаштардың бұтақтары (қызыл тал, шырша, мимоза, терек), жапырақты немесе гүлдеген бұталарға, кейбір дала және бақша гүлдеріне (түймедақ, бақбақ, қызғалдақ, лалагүл) қарап сурет салу.

Сәндік сурет салу

Қарапайым пішіндерде (шеңбер, сопақша, шаршы) өрнектерді құрастыра білу іскерліктерін бекіту. Дөңгелектерде, розеталарда, үшбұрыштар мен алтыбұрыштарда ортасы мен жиектерін көрсете отырып сәнді өрнектерді құрастыру. Пішіндері мен түстері әртүрлі 2-3 элементті алмастырып, ақ және түрлі-түсті фондарды қалауынша қолдану. Геометриялықпішіндер мен өсімдік элементтерінен өрнектерді ырғақпен орналастыруға үйрету (шеңберлер, үшбұрыштар, ирек сызықтар, жуан және жіңішке сызықтар, жағыстар, нүктелер, гүлдер, жидектер, жапырақтар және т.б.).

Балаларға түрлі материалдар: қарындаштарды (графитті және түсті), бояуларды (гуашь, акварель) қолдануды үйрету.

Қарындаштармен сурет салу барысында саусақтарға күш түсірмей, көлбеу ұстау қажет, штрихтарды біркелкі жеңіл қимылмен бір бағытта әрі-бері сызу. Сызықты контурдың сыртына шығаруға болмайды.

Бояумен сурет салу барысында қылқаламды бояуға жақсы сіңіру қажет. Қағазға жуан сызықтарды сызарда қылқаламды көлденең, ал жіңішке сызықтар мен нүктелерді сызу үшін тігінен ұстап, суреттерді бояғанда бір бағытта солдан оңға қарай, жоғарыдан төмен қарай, қиғашынан жүргізіледі, қылқаламмен қағазға басып салу тәсілдерін қолдануда (жапырақтар мен гүлдерді салу), қағаздың ортасын, бұрыштарын, жоғарғы, төменгі, оң және сол жақтарын ажыратуға үйрету.

return false">ссылка скрыта

Түрлі халықтардың қолданбалы өнеріне тән өрнектердің элементтерімен және түстердің үйлесімділіктерімен таныстыру. Қазақ мәдениетіндегі зергерлік, ағашты ойып, өрнектеу, киімге кестелеп және алтынмен тігу өнерлері туралы түсінік беру. Табиғат күйлері, гүлдер, қауыздар, төселіп жатқан өркендер мен дәндердің қазақтың әшекей өнеріндегі киіз басу, кілем тоқу, тоқыма заттарында кездесетінін атап өту.

Түзу сызықтардың түрлі байланыстарымен құрылған қазақтың «Тұмар», «Балта», «Шаршы», «Ілгек», «Жұлдыз», «Ботагөз», «Бес жапырақ» «Гүл» өрнектерінің суретін салу. Элементтерді пішіндер мен сұлбалардың ортасы мен шеттеріне орналастыра білуге үйрету.

Қазақтың оюларының көптүрлілігі туралы түсініктерін кеңейту, ерекшеліктері мен оларға тән элементтерін қолдана отырып құрастыра білу іскерліктерін дамыту. Қазақ оюларының элементтерін құрастыру: имек және доға пішіндерінен құрастырылған «Қызғалдақ гүлі», «Қойдың ізі», «Құстың қанаты» өрнектерін сұлбаларға орналастыру. Қазақ оюларына тән түрлі түстердің үйлесіміне құрылған тапсырмаларды орындау, таныс элементтерден композициялар құрастыру, ұжымдық жұмыстарды орындау.

Орамалдарды, сулықтарды, сүлгілерді ұлттық сәнді маталардың желісімен суреттерді салу барысында іскерліктері мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндіктер туғызу. Элементтерді кезектестіру арқылы маталарға өрнектер құрастыру (жолақша, торлы өрнек, ірі және кіші пішіндерді 2-3 элементті кезектестіру арқылы бүкіл парақты толықтыру) іскерліктерін дамыту.

Қазақ ою-өрнектерінің сипаты (арқар мүйіз, сонымен қатар, бес бейнелік пішіндер, қиықтар) мен оның үйлесімділігін бере отырып, жапсырылған және қатырма қағаздан жасалынған көлемді пішіндерді (қораптар, бокалдар және т.б.) безендіру. Заттарды балалардың ойынша безендіру.

Дымков ойыншықтарымен (аттар, лақтар, шелектер), ағаштағы ас тақтайшалары, панно, сәнді табақтарды городец көркем суретімен таныстыру.

Ұжымда жұмыс істеуге, халық шеберлерінің еңбегін құрметтеуге тәрбиелеу.