Тіл дамыту

Мақсаты: мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың жас ерекшелігіне байланысты ана тілінің ережелері мен базалық нормаларын игеруі, оларды нақты жағдайларда қолдана білу іскерлігін қалыптастыру, негізгі коммуникативті қабілеттерді меңгерту.

Міндеттері:

1. Мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың активті және пассивті сөздік қорын қалыптастыру (тілді түсіну және сөйлеу).

2. Дыбыстарды дыбысталу, тілдік естілу артикуляциясын сақтап айту мен сөздерге дыбыстық талдау жасау біліктілігін қалыптастыру.

3. Сөйлеу барысында тілдің грамматикасын сақтауға үйрету.

4. Әңгімелеу (монологтік ) және сөйлеу (диалогтік) тілін қалыптастыру.

5. Тілдің мәнерлілігін арттыратын ырғақтық құралдарын (қарқын, екпін, ырғақ және т.б.) қолдану іскерлігін арттыру.

Мазмұны:

Тілдің дыбысталу мәдениетін тәрбиелеу

Тілдің дыбысталу мәдениетінің барлық қырын жетілдіру. Дыбыстардың айқын артикуляциясын меңгерту. Дыбыстарды дұрыс айтуға үйрету. Тілдік естуін дамыту (тілдегі дауысты және дауыссыз дыбыстарды ажырата білу іскерлігі, дыбыстың сөздегі орнын анықтау, сөздегі дауысты дыбыстарды ажырату, сөздегі буын саны мен сөйлемдегі сөздер санын анықтау). Берілген дыбысқа сай сөздерді айтылуына қарай салыстыра білуді, сөзге дыбыстық талдау жасау дағдыларына үйрету.

Сөздік жұмыс

Мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың сөздік қорын қоршаған орта туралы білімдерін қалыптастыру барысында дамыту. Тілін зат есім, етістік, сын есім, сан есім, есімдіктер, үстеулер, демеуліктер, ыңғайлас салалас және бағыныңқылы шылаулармен толықтыру.

Үйрету:

- жалпылауыш сөздерді қолдана білуге (киімдер, аяқ киімдер, бас киімдер, ыдыс-аяқ, жиһаз, электр құралдары, спорт жабдықтары, музыкалық аспаптар, көкөністер, жемістер, жидектер, гүлдер, ағаштар, саңырауқұлақтар, құстар, балықтар, жануарлар, жәндіктер және т.б.);

- түрлі логикалық топтарға жататын (жинақтау) заттарды атай білу іскерлігіне, сөйлемге көпмағыналы, синоним, антоним сөздерін қолдануға; белгілі бір заттың белгілеріне қарай, затқа әрекет етуді және берілген әрекетке зат таңдай білуге.

Қажетті сөздерді дұрыс түсіну және қолдануын қалыптастыру, оларды өз тәжірибесінде белсенді қолдану. Сөзге қызығушылығы мен зейінін арттыру.

Тілдің грамматикалық құрылысын қалыптастыру

Тілдің грамматикалық дұрыстығын қалыптастыру. Жай сөйлем, салалас және сабақтас құрмалас сөйлемдерді қолдана білуге жаттықтыру. Дауыс ырғағына қарай сөйлем түрлерін ажырата білу іскерлігін дамыту (хабарлы, сұраулы, лепті), оларды тілде қолдану.

Бала тілінің морфологиялық қырын қалыптастыру. Етістіктерді дұрыс қолдана білу, сөздерді септіктер мен шақтарда үйлестіріп, кеңістік қатынасын білдіретін cөздерді дұрыс қолдана білу іскерліктерін бекіту. Балаларды зат есім, сын есім, етістіктердің күрделі түрлерін жасауға жаттықтыру.

Туынды сөздердің жасалу жолдарымен таныстыру: тәрбиеші, жазушы, қойшы; ойна, тұзда, тазар; мақташақ, еріншек, сүзеген.

Сөздердегі дұрыс емес дауыс ырғағындағы қателерді байқауға үйрету.

Жаңа сөз түрлерінің пайда болуына, қызығушылығы мен сыни қатынасына, дұрыс сөйлеуге талпынысын арттыру, қателерін жөндеу іскерлігі мен грамматикалық нормаларын білу қажеттілігіне тәрбиелеу.

Әңгімелеуге үйрету (монологтік тіл)

Негізгі ойды дұрыс жеткізе білу, монологтік мәтіндерді байланыстырып айту, мәтін мазмұнын дұрыс, рет-ретімен айту, белгілі бір түсінікті сипаттап, хабарлы сөйлем түрінде жеткізе білу шеберлігін қалыптастыру.

Сөйлеу мәдениетіне үйрету. Таныс емес ортада, көпшілік алдында сөйлей білуге, өнер көрсетуге үйрету (мерекелерде, өзге топ балаларының және ата-аналардың алдында).

Сөйлеу тілінің қалыптасуы (диалогтік)

Өзіне қаратылып айтылған сөздерді тыңдап түсінуге, әңгімені қолдауға, сұрақтарға жауап беруге және сұрауға, әңгімелесу кезінде өзін мәдениетті, әдепті, байсалды ұстау іскерліктерін дамыту. Өзге балалардың әңгімесінің маңыздылығына әсер етіп, бір-бірінен жаңалықты білуге ықыласын арттыру.

Шығармашылықпен әңгімелеу

Тәрбиешінің ұсынған «Күз», «Менің досым» тақырыптары бойынша әңгіменің жалғасы мен аяғын ойлап табу іскерліктерін үйрету. Балалардың шығармашылық қабілеттерін арттыру.

Тәрбиешінің ұсынған тақырыптарын («Қыс қызығы», «Менің сүйікті күшігім», «Қыс келбеті», «Менің атам», «Жарқын жаз» және т.б.) бір-бірімен байланысқан сюжет бойынша суреттеу мен әңгімелер ойлап табуға, сөйлемдеріне бейнелеу сөздерін, эпитеттер, салыстырулар қолдануға үйрету.

Өмірден («Менің анам», «Наурыз – көктем мерекесі», бақылау бойынша («Көңілді тамшылар»), сурет бойынша (Ә. Қастеевтің «Дала») әңгімелер құрастыру іскерліктеріне үйрету.

Жыл соңында тіл дамыту бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:

- тілдің компоненттері (дыбыс, сөз, сөйлем) туралы қарапайым түсініктерін;

- сөздің басындағы дыбысты анықтауды;

- дыбыс пен әріпті ажыратуды;

- қазақ әліпбиінің әріптерін танып атауды;

- дыбыстарды буынға қосуды;

- сөз тіркесі мен сөйлемді құрастыруды, соның ішінде жаңа сөздерді;

- педагогтің сұрақтарына жауап беруді, өздері сұрақтар қоюды;

- жайылма жай сөйлемдермен айтуды;

- суреттерге сүйеніп (шағын мазмұнды) ертегі, әңгімелерді айтуды;

- сурет, сюжеттік суреттер топтамасы бойынша ауызша әңгіме құрастыруды,

- түрлі оқиғаларды айтуды, ертегілер, ойынға өлең ұйқастары мен сөздер құрастыруға қызығушылық білдіруді;

- тілде көп мағыналы және жалпылауыш, антоним, синоним, теңеу сөздерді қолдануды;

- құрдастарымен және ересектермен сұхбатқа еркін қатыса алуды, өз сезімдері мен ниеттерін сөзбен және вербалды емес түрде жеткізуді, қарым-қатынаста сыпайы болуды білуі тиіс.

Көркем әдебиет

Мақсаты: мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың әдебиетке өнердің бір саласы ретінде қызығушылығын қалыптастырып, сауатты оқырман тәрбиелеу.

Міндеттері:

1. Балалар көркем әдебиеті жанрларын ажырата білуге үйрету.

2. Баланың шығарма мазмұнын меңгеріп, оларды дұрыс түсінуін қамтамасыз ету.

3. Әдеби шығармалардағы көркем сөздерді дамытудың негізгі тәсілдерін үйрету.

4. Қазақ өнерінің бастауына баулу.

Мазмұны:

Балаға жеткілікті деңгейде мәтінді талдау, шығарманың ерекшелігі туралы түсінік беру арқылы әдебиет теориясының кейбір қарапайым ұғымдарын жеткізе отырып, әдебиетке қызығушылығын ояту.

Көркем шығармаларды қалай қабылдайтынын, оларға қалай әсер ететіндігін байқап, шығарма туралы балалардың пікірін ескеріп, қажет болғанда түзетулер енгізіп, баланың адамгершілік әлеуетін қалыптастыру.

Шығармалардың жанрларын анықтай білуге (өлең, әңгіме, ертегі), тілдің көрнекті бейнелілігінің үлгілерін (айқындау, теңеу және т.б.) байқауға үйрету.

Бағдарламада берілген шығармалардан үзінділер жаттау (өлеңдер, шағын ауыз әдебиетінің жанрлары), тақырыпқа сай шығарманы таңдай білуге (түсінік айту) үйрету.

Қазіргі көркем шығармаларды енгізу есебінен балалар оқуының шеңберін кеңейту.

Ұлттық әдеби шығармалармен, жазушылардың, ұлттық тілді жақтаушылардың немесе нақты аймақтың жазушыларының шығармаларымен таныстыру.

Бірігіп тыңдау дағдыларын, сұрақтарға ұйымдасқан түрде жауап беруге және оқығаны туралы сұрауға, талқылауға, суреттерді мұқият қарап, таныс мәтіндермен сәйкестендіруге тәрбиелеу.

Көркем тілдік және театрландырылған ойын әрекеттері арқылы балалардың дербестігін қалыптастыру, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Әдеби сюжеттер бойынша драмалық-ойындарын сахналаудағы рөлдерді орындау тәсілдеріне үйрету.

Көркем әдебиеттің күнделікті өмірге қажеттілігін сезіндіріп, көркем шығармаларды іріктеуге, кітаптар әлемінде өзіне қажет көркем шығарманы таңдай білуге дағдыландыру.

Кітапқа ұқыптылықпен және құнттап қарауға дағдыландыру. Кітапты құрметтеуге үйретіп, оның адам өміріндегі рөлін түсіндіру.

Жыл соңында көркем әдебиет бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:

- көркем мәтінді тыңдауды және естуді;

- әдеби шығармалардың мазмұнын эмоционалды, белсенді түрде сезінуді, әдебиет кейіпкерлеріне жаны ашуды;

- мәтіннің мазмұнына сәйкес ойын әрекеттерін орындауды;

- мәтін мен суреттердің мазмұны бойынша қарапайым сұрақтарға жауап беруді;

- бағдарлама шығармаларын жатқа айтуды (тақпақтар, шағын халық ауыз әдебиетінің жанрлары);

- жеке сөздерді еске сақтауды, мәтіннің ішіндегі сөздерді; оқылған, естігендерге өзінің ниетін білдіруді;

- кейбір әдеби жанрларды танып, атауды;

- ұжымдық шағын театр қойылымға қатысуды;

- кітапқа қызығушылық білдіруді, бірнеше атақты әдеби шығармаларды, сонымен қатар қазақ жазушыларының шығармаларын, халық ауыз әдебиетін атауды;

- кітапқа ұқыпты қарауды білуі тиіс.

 

Сауат ашу және жазу негіздері

Мақсаты:мектепке дейінгі ересек жастағы балаларға сауат ашу негіздері мен алғашқы оқу дағдыларын меңгерту, жазуға дайындау.

Міндеттері:

1. Тілдің негізгі бірліктері туралы түсінік беру (дыбыс, буын, сөз, сөйлем).

2. Қоршаған ортадағы дыбыстардың түрлілігін айтылған сөз арқылы таныстыру.

3. Қатаң, ұяң дауыссыз дыбыстарды есту арқылы ажырата білуге жаттықтыру.

4. Баспа әріптерімен таныстыру.

5. Ұсақ қол моторикасын дамыту, қарындаш, қаламды дұрыс ұстауға үйрету.

Мазмұны:

Алғашқы оқу дағдыларын қалыптастыру

«Сөз» және «дыбыс» «буын», «жуан және жіңішке дауысты дыбыс» туралы алғашқы түсінік беру.

Тілдегі дауысты және дауыссыз дыбыстардың негізгі ерекшеліктерімен таныстыру.

Балаларға сөздегі дыбыстардың бірізділігін құра білуге үйрету. Қатаң және ұяң, үнді дауыссыз дыбыстарды ажырата білу іскерліктерін жаттықтыру.

Дыбыстық құрылымы әртүрлі үш-төрт сөзге дыбыстық талдау жасауға үйрету, дыбыстардың айтылу ерекшеліктерін (еріннің, тіл мен жақтың қатысына қарай) талдау.

Әріптер таңбасымен (баспа әріп) таныстыру, әріптерді дыбыспен (дыбыстармен) салыстыра білуге жаттықтыру. Олардың толық бейнесін есте сақтауларын жаттықтыру.

Буындарды оқудың негізгі тетігі туралы практикалық түсінік беру, яғни, оқу барысында буындағы дауысты дыбысқа сүйену арқылы жаттықтыру.

Жай сөйлемдерден буындарды және жеке сөздерді оқуға жаттықтыру.

Сөйлем туралы алғашқы түсініктерін қалыптастыру (жалаң және жайылма сөйлемдер құру, оларды дұрыс әрі нақты айта білуге, сөйлесу барысында жеке сөйлемдерді ажырата білу, сөйлемді сөздерге бөліп, олардың санын анықтай білуге жаттықтыру).

Жазуға дайындық

Дәптерді, қолды, қарындашты үстел үстіне қою және жазу кезіндегі ережелермен таныстыру.

Қарындашты, қаламды дұрыс ұстауға үйрету.

Ұзын-қысқа таяқшалар мен ирек сызықтарды сызу арқылы ұсақ қол қимылдарын дамыту.

Сызбалар (штрих) жасауға үйрету.

Кеңістікті анықтай білу және қағаз бетінің жазықтығын бағдарлай білу іскерліктерін (графикалық диктант) үйрету.

Сурет салу арқылы әріп элементтерін құрайтын ырғақты қарапайым жиектерді сала білуге үйрету.

Жазу барысында қол қозғалысының ырғақтылығын сақтай білуге жаттықтыру.

Әріптердің таңбалары туралы білімдерін қалыптастыруды жалғастыру, дыбыстарды әріптермен сәйкестендіру іскерліктерін дамыту.

Жыл соңында сауат ашу және жазу негіздері бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:

- тілдің негізгі бірліктері (дыбыс, буын, сөз, сөйлем) туралы түсініктерін;

- қазақ тілінің дыбыстарын айтып, дұрыс айтылу мен жағымды дауыс мәнері белсенді қарым-қатынас жасауға ықпал ететінін;

- айтылуы, қарқыны және қаттылығы жағынан өз дауысының дыбысталуын бағалауды;

- барлық дыбысты дұрыс айтып, сөздерді анық және нақты айтуды;

- сөздерден дыбыстарды ажыратып, белгілі дыбысы бар сөздерді табуды және сөзде дыбыстың орнын анықтауды;

- әртүрлі дыбыстық құрылымның үш-төрт дыбысты сөздеріне дыбыстық талдау жасап, дыбыстарды (дауысты-дауыссыз, жуан-жіңішке) сипаттауды;

- cөйлем туралы бастапқы түсініктерді;

- берілген тапсырма бойынша тірек сөздерімен сөйлем құрастыруды;

- баспа әріптерінің нұсқасын;

- жазу жазарда дұрыс отыру ережесін,

- қарындаш пен қаламды дұрыс ұстау, қағаз бетінің жазықтығын бағдарлауды, негізіне кейбір элементтердің ырғақты орналасуы жататын қарапайым жиектерді сызуды, салуды білуі тиіс.

 

«ТАНЫМ» БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ

Мақсаты:жас ерекшелігіне сайтанымдық іс-әрекет дағдыларын меңгерген, әлемнің тұтас бейнесін түсінуге, ақпаратты күнделікті өмірлік мәселелерді шешуде қолдануға қабілетті тұлғаны қалыптастыру.

Мектепке дейінгі ересек жаста «Таным» білім беру саласының базалық мазмұны ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінің түрлері:

- қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру;

- қоршаған ортамен таныстыру;

- экология негіздері;

- құрастыру арқылы жүзеге асады.

 

Қарапайым математикалық

ұғымдарды қалыптастыру

Мақсаты: мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың көңілін заттардың саны, уақыт пен кеңістікке қатысты және қоршаған орта құбылыстарына аударту негізінде математикалық ойлауын, олардың танымдық қызығушылығының белсенділігін қалыптастыру.

Міндеттері:

1. Заттардың әр түрлі топтарын санау, оның саны мен сапасын анықтау дағдысын, олардың бір-бірімен арақатынасын анықтау іскерлігіне үйрету.

2. Кеңістікті, уақытты қағаз бетінде бағдарлау дағдыларын дамыту.

3. Геометриялық пішіндер мен денелер, өлшемдер туралы түсініктерін қалыптастыру.

Ақыл-ой әрекетінің (талдау, жинақтау, салыстыру, қорыту, топтастыру, үлгі жасау, құрастыру, байланыстың себеп-салдарын орнату) тәсілдерін үйрету.

4. Зейін, ес, түйсік, шығармашылық қабілеттерін, қиялын, ойлау вариативтілігі сияқты танымдық процестерін дамыту.

5. Ақыл-ой әрекеттерінің тәсілдерін үйрету (талдау жасау, салыстыру, бекіту, жүйелеу, үлгілеу, құрастыру, себеп-салдар байланысын орнату).

6. Мектеп жасына дейінгі баланың сөздік қорына математикалық атауларды енгізу, ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде алған білімдері мен іскерліктерін күнделікті өмірде қолдану.

Мазмұны:

Көп

Санның белгілі бір заттың өлшемін көрсететін көрсеткіш екендігі жайлы түсінігін қалыптастыру.

Көп элемент бір заттан, сонымен қатар, тұтас топтан құралатыны туралы түсініктерін дамыту.

«Көп», «аз», «біреу» деген ұғымдармен таныстыру. «Бір» деген ұғымның бір ғана заттың санын ғана емес, сонымен қатар бүтін бір топтың жиынтығын да білдіретіндігін ұғындыру.

Көп заттың ішінен белгілі бір ерекшеліктеріне қарай заттарды іріктеп алып топтастыру қабілетін дамыту. Көп және оның құрамы арасындағы қатынастарды орнату іскерліктерін жаттықтыру. Бүтін өзінің бөліктерінен үлкен екендігін, бірдей сандардың өзара бірыңғай сәйкес екендігі туралы түсінік беру.

Сан және санау

10 саны көлеміндегі сан мен цифр туралы ұғымдарын қалыптастыру. Оларды танып және атау іскерліктеріне үйрету.

Көрнекі негізінде 10 санының пайда болуымен таныстыру.

10 көлеміндегі санды тура және кері санауға үйрету.

Сөздік қорына математикалық атауларды енгізіп, «Қанша?», «Нешінші?» сұрақтарына дұрыс жауап беру іскерліктерін қалыптастыру.

10 көлеміндегі сандарды қасында тұрған сандармен салыстыруға, теңсіздіктен теңдік алуға (теңдіктен теңсіздік алуға), саны азға бір затты қосу, ал көп заттан бір затты шегеру арқылы («6 саны 7-ден кіші, егер 6-ға 1 затты қосса, онда екеуі тең болады», «7 саны 6-дан артық, егер 7-ден – затты шегерсе, онда екеуі тең болады») үйрету.

Қарапайым мысалдар мен тапсырмаларды орындауға жаттықтыру.

Теңдік туралы ұғымдарын қалыптастыру. Топтағы әр түрлі заттардың тең мөлшерін анықтау іскерліктеріне үйрету. Санау мен салыстыру арқылы санның мағынасын дұрыс қорыту («Мұнда барлық ойыншыққа тең алты сәбіз, алты қоян, алты тәрелке»).

Сан заттың көлеміне, ара қашықтығына, орналасу кеңістігіне және санау бағытына (оңнан солға, солдан оңға) байланысты емес екендігін түсіндіру.

Заттарды (алма, парақ қағаз, дөңгелек және т.б.) бірнеше бірдей бөлікке бөлуге болатыны туралы түсінік беру, бұл бөліктерді атап, бүтін мен бөліктерді салыстыруға үйрету. Бөліктен бүтін үлкен, ал бөлік бүтіннен кіші.

Қарапайым мысалдар мен тапсырмаларды орындауға жаттықтыру.

Көлем

Заттардың (5 және одан артық) ұзындығын, биіктігін, ені мен жуандығын белгілеу іскерлігіне үйрету. Заттарды көлеміне қарай өсу және кему ретімен орналастыру.

Заттардың көлемдерінің бір-бірінен айырмашылықтарын математикалық терминдерді қолдана отырып, анықтап айту шеберлігін қалыптастыру. Мысалы, («Жасыл қарындаш – ең биігі, қызыл – аласалау, сары одан аласа, бірақ көктен биігірек, ал қызғылт сары бәрінен де аласа және т.б.).

Шартты өлшемнің көмегімен екі заттың көлемін (ұзындығы, ені, биіктігі) салыстыруға үйрету.

Шартты өлшеммен өлшеуде заттың бөлігін бөліп көрсетуге үйрету, өлшенетін нысанда шартты өлшем қанша рет орналасатынын анықтау.

Шартты өлшеуіштің көмегімен заттың көлемін (ұзындығын, енін, биіктігін) салыстыру дағдыларын бекіту.

Арнайы ұйымдастырылған жағдайда заттардың ұзынырақ (қысқа), жоғары (төмен), кең (тар), қалың (жұқа) үлгісінде және оларға тең екендігін табу іскерлігіне үйрету. Баланың көзбен өлшеуін дамыту.

Геометриялық пішіндер

Пирамида мен көпбұрыштарпен таныстыру.

Геометриялық денелер – куб, шар туралы білімдерін кеңейту. Геометриялық пішіндер (дөңгелек, сопақша, үшбұрыш, шаршы, тіктөртбұрыш, төртбұрыш) мен денелерді (шар, куб, цилиндр, пирамида) дұрыс атап оларды бір-бірінен ажырату іскерліктеріне жаттықтыру.

Шаршы мен тіктөртбұрыш төртбұрыштың түріне жататындығы туралы түсіндіру.

Айналасына қарап геометриялық пішіндерді табу, олардың пішіндеріне талдау жасау іскерліктерін қалыптастыру. Геометриялық пішіндер мен денелерді атап, ажыратуға жаттықтыру.

Кеңістікті бағдарлау

Кеңістікті бағдарлау (оң жақта, сол жақта, жоғарыда, төменде, алдында, артында, алыс, жақын, арасында, қасында) туралы білімдерін бекіту.

Қағаз бетінде (ортасында, оң жақтағы жоғарғы бұрышта, сол жақтағы жоғарғы бұрышта, оң жақтағы төмен бұрыш, сол жақтағы төменгі бұрыш, төменде, жоғарыда, оң жақта, сол жақта) бағдарлай білу дағдыларын қалыптастыру.

Заттың қай жерде, қалай, өзіне немесе қай затқа жақын орналасқандығын ауызша жеткізе білу шеберлігін қалыптастыру.

Белгілі бір бағытта келе жатып, белгі бойынша бағытын өзгерте білуге жаттықтыру.

Уақытты бағдарлау

Уақытты бағдарлау (күн, таңертең, сәске түс, бесін, ақшам, ымырт, бүгін, кеше, ертең, бүрсігүні) туралы білімдерін бекіту.

Таңертең, күн, кеш, түн мезгілдері тәулікті құрайтыны туралы ұғымдарын қалыптастыру.

Кеше қай күн болғаны, бүгін қай күн екенін, ертең қай күн болатынын анықтап, бұрын не болғанын, одан кейін не болатыны, аптаның қай күні екені туралы түрлі жағдайларды ретімен орналастыра білуге үйрету.

Бір жыл 12 айдан тұратынын, оларды ретімен дұрыс айта білу шеберлігін қалыптастыру.

Заттың салмағын анықтау

Зат өлшемін анықтай білу сезімдерін дамыту («салмақ сезімі»).

Заттардың салмағын өлшеміне қарай тең және тең еместігін алақанына салып өлшеп, анықтауға үйрету.

Заттың салмағы оның көлеміне байланысты емес екендігін түсіндіру.

Заттарды салмағына қарай анықтай білу, оларды өлшемдеріне қарай орналастыру шеберлігін дамыту.

Заттың салмағын таразының көмегімен өлшеу дәлірек болатынын түсіндіру.

Дүкенде қолданылатын таразы туралы ұғымдарын қалыптастыру. Заттың салмағын өлшеуге қызықтыру.

Жыл соңында қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:

- көп элемент бір заттан, сонымен қатар, тұтас топтан құралатыны туралы;

- жиынның құрамдас бөліктерін бөліп көрсетуді, жұп құру және санау негізінде бөліктерді салыстыруды;

- 10 саны көлеміндегі сан мен цифр туралы ұғымдарды;

- 10 көлеміндегі санды тура және кері санауды;

- қарапайым мысалдар мен тапсырмалар орындауды ;

- сөздерінде «Қанша?», «Нешінші?» деген математикалық атауларды қолдануды;

- заттарды бірнеше бірдей бөлікке бөлуді, бүтін мен бөліктерді салыстыруды;

- түрлі көлемдегі заттарды өсу (кему) мөлшері ретімен салыстыруды;

- сөздерінде көлеміне байланысты заттар арасындағы қарым-қатынасты көрсететін математикалық терминдер қолдануды;

- көлеміне байланысты екі затты шартты өлшем көмегімен салыстыруды;

- геометриялық пішіндерді (шеңбер, шаршы, үшбұрыш, төртбұрыш, тіктөртбұрыш, сопақша, көпбұрыш) және денелерді (шар, куб, цилиндр, пирамида) атауды және оларды бір-бірінен ажыратуды;

- жақын айналадағы геометриялық пішіндегі заттарды тауып, олардың пішіндерін талдауды;

- бір заттың екінші затқа қарағандағы орнын, заттар мен адамдар арасындағы өзінің орнын сөзбен анықтауды және белгілеуді, қағаз бетінде бағдарлай алуды;

- түрлі жағдайларды ретімен орналастыруды, тәулік бөліктерін, апта күндерін, жыл айларын;

- заттарды өсу және кему ретімен орналастыра отырып, салмағы бойынша анықтауды, заттың салмағы оның көлеміне байланысты емес екендігін білуі тиіс.

 

Құрастыру

Мақсаты: қағаздан, құрастыру бөлшектерінен, құрылыс және табиғи материалдардан әртүрлі заттарды құрастыру дағдыларын қалыптастыру арқылы мектепке дейінгі ересек балалардың логикалық ойлауын дамыту.

Міндеттері:

1. Құрылыс материалдарынан, конструктор бөліктерінен, табиғи және қалдық материалдардан құрастыруға үйрету.

2. Өзі жоспарлаған құрылыстың құрастыру кезеңдерін жоспарлап, құрастырушылық шешім қабылдай білу іскерлігін дамыту.

3. Қажетті бөлшекті таңдап алу, оларды тиісті орнына дұрыс қою, бір бөлшекті екінші бөлшекпен ауыстыру шеберліктерін қалыптастыру.

4. Желіммен, қайшымен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру.

5. Құрастырған затын безендіруге үйрету арқылы ұқыптылыққа, әдемілікке баулу.

6. Шығармашылық қиялы мен көркемдік талғамын дамыту.

Мазмұны:

Құрылыс материалдары мен конструктор бөлшектерінен құрастыру

Әр түрлі пішіні мен көлемі бойынша пластинаның, қырлы бөрененің, цилиндрдің (ұзын, қысқа, жалпақ, жіңішке, шаршы және үшбұрыш) жаңа бөлшектерімен, олардың ерекшеліктерімен таныстыру.

Құрылыс жиынтығының элементтерін атау, олардың міндеттері мен құрастыру қасиеттері бойынша бір бөлігін басқа бөліктермен ауыстыру іскерліктеріне үйрету.

Конструктордың бөлшектеріне тән және негізгі бөліктерін атауға, оларға талдау жасауға, оның құрастыру нысанының реттілігін сақтауға үйрету.

Үлкен емес жазықтықты үлкен етіп біріктіру, кірпіштердің, қырлы бөренелердің араларын бірін-біріне жиі қойып құрылысты берік ету, биіктігі қиын құрылысты бөлу сияқты құрастырудың жаңа әдістерін меңгерту.

Құрастырудың жаңа әдістерін меңгерте отырып, үлкен емес жазықтықты үлкен бір майда бөліктерді біріктіріп үлкен және берік етіп жасау шеберлігін қалыптастыру.

Ұйымшылдықпен жұмыс істеу, құрылыстарын ортақ оймен біріктіру, құрбыларымен жұмысты бөліп алып орындау іскерліктерін бекіту.

Ойдан шығарып, шығармашылық ынта білдіру, ауызша суреттеу, берілген тақырып бойынша, талапқа байланысты, сурет, фотосурет бойынша құрылыс салуға үйрету.

Қағаздан құрастыру

Қағазды ортасынан, төртке бөліп бүктеу, түрлі бағытта, тегістеп бүктеу іскерліктеріне үйрету.

16 бірдей бөлікке қиғаштай бөлінген (бұрыштарының басын дәл қосу) ұсақ-түйектерді дайындауда шаршы қағазын бүктеу іскерліктерін қалыптастыру.

Қағазды қатпарлап бүктеуге және симметриялық пішіндерді кесуге, қағаздан құрастыру әдістерін (конусты жартылай айналдырып бұрау, тіктөрбұрышты цилиндрге, шаршыны кубке өзгерту, шырмау) қолданып көлемді формадағы жазық материалды өзгерту іскерліктерін бекіту.

Ұжымдық сюжеттік құрастыру сезімдерін ояту.

Дайын пішілген кескіндермен жұмыс жасау, күрделі емес сызба сызу, қайшымен нұсқаны тілік етіп кесу мен ойып алу іскерліктерін қалыптастыру.

Шығармашылық ойлау мен қиялын дамыту.

Табиғи және қалдық материалдардан құрастыру

Табиғи және қалдық материалдардың түрлерімен және пенопласт, поролон, сым темір, пластиканың қасиеттерімен таныстыру.

Ұсақ-түйек заттар мен сіріңкенің қораптарынан әртүрлі үйлестіру жолдары арқылы құрастыру іскерліктерін қалыптастыру.

Түрлі ұсақ-түйектер дайындауда табиғи материалдарды орынды қолдану іскерліктерін қалыптастыру.

Желімнің, сіріңкенің, ермексаздың көмегімен жеке бөлшектерді жалғау дағдыларын қалыптастыру.

Шығармашылық қиялын, ұсақ-түйек заттар жасауды көрнекіліктерді қолдану арқылы және ойдан шығару, өзінің көз алдына елестету арқылы жасау іскерлігін дамыту.

Жыл соңында құрастыру бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:

- құрылыс материалдарының негізгі бөлшектерін: кірпіш, қырлы бөрене, цилиндр, кубик, пластинаны атауды және ажыратуды;

- заттардың қарапайым құрастыру бөлшектерінің санын анықтауды және олардың өзара орналасуын;

- құрылысты талдауды, сындарлы шешім табуды;

- дайын бөлшектерден шарты бойынша, өз ойы бойынша құрастыруды;

- құрдастарымен тілектестік қарым-қатынас құру, ұйымшылдықпен жұмыс істей білуді;

- қағаздан құрастыру амалдары мен тәсілдерін қолдана отырып, жазықтық қағаз пішіндерді көлемді пішіндерге өзгерте білуді;

- үлгілерді, трафареттерді және жұмыс жасауда дайын пішілген кескіндерді дұрыс қолдануды;

- құрал-жабдықтарды – қайшыларды, желімді дұрыс пайдалану: мақсаты бойынша қолдану, оларды дұрыс ұстауды және олармен әрекет етуді;

- табиғи және қалдық материалдардан құрастыруды, желімнің, сіріңкенің, ермексаздың көмегімен жеке бөлшектерді жалғау дағдыларына ие болуды;

- еңбек мәдениеті ережелерін, жұмыс орны тәртібін сақтауды;

- ұсынылған затты қарастыру, өзіндік ерекшелігін көру, сондай басқа да бөлек ерекшелігі бар: мөлшері, түсі, пішіні, материалы, құрылымы бойынша заттармен салыстыруды;

- өзіндік ойы бойынша түрлі материалдардан құрылыс жасауды;

- нәтижеге жету үшін түрлі құралдарды (схема, модельдер, суреттер, үлгілер және т.б.) қолдануды;

- функционалды мақсатына қарай (мереке, қойылым үшін, интерьерді әшекейлеу үшін, ойын үшін және т.б.) түрлі қолдан жасалған заттарды жасауға қатысуды білуі тиіс.