Валеология

Мақсаты: денсаулықты нығайту, бала ағзасы мен табиғи-әлеуметтік орта арасындағы тепе-теңдігін сақтауға тиімді жағдай жасау, балаларды салауатты өмір салтының құндылықтарына бейімдей отырып, валеология ғылымын дене және эмоционалдық денсаулық ғылымы ретінде түсінігін қалыптастыру.

Міндеттері:

1. Балаларды денсаулық туралы ғылым - валеология негіздерімен таныстыру.

2. Өзінің денесі, оны сезіну туралы түсініктерін қалыптастыру.

3.Өзіне, өзінің ағзасы мен денсаулығына құндылықпен қарауға тәрбиелеу.

4. Салауатты өмір салты: өзіне күтім жасау, дұрыс тамақтану, аурудың алдын-алу, табиғаттағы еңбек пен демалысты алмастыру іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыру және дамыту.

5. Қиын жағдайда көмек көрсету тәсілдерін үйрету.

6. Тұрмыста, көшеде, табиғатта қауіпсіздік ережелерін сақтау дағдыларын қалыптастыру.

Мазмұны:

Өзіңді таны. Адамдардың сезім мүшелері мендене мүшелері бар екенінін білу. Олардың көмегімен қимылдай алады, айналадағы қоршаған ортаны таниды. Адамдардың әр дене мүшесі белгілі тәртіпте жұмыс істейді. Олардың қызметі үйлесімде болғанда ғана адам өзінің сау екенін сезінеді. Біздің денеміздің ішкі ағзалары бар. Олардың әрқайсысы өз қызметін атқарады. Біз оларға күтім жасауымыз қажет.

Жүрек, асқазан, тіл, өкпе, бүйрек адамның маңызды мүшелері болып табылады.

Сезім мүшелері. Олардың жұмысы. Сезім мүшелерінің жұмысы мен оларға күтім жасау.

Түрлі дене мүшелеріне көңіл қоя білу. Не сезінеді? Қандай ықылас пайда болады? Әр уақытта біз әр түрлі жағдайда боламыз: мейірімді, ашулы, көңілді, мұңлы. Көңілді, мейірімді болған кезде, біз өзімізді жақсы сезінеміз.

Тамақтану. Ашығудың белгісі. Ашығу сезімін, шөлді қалай жеңуге болады? Тәттіні көп жеуге болмайды, денсаулыққа зиян.

Тамақтану мәдениеті мен ережесі. Азық-түлік сапасын түсіне, иісіне, пішініне қарай ажырата білу. Дәрумендер - табиғи қорғаушылар. Су. Суды пайдалану қауіпсіздігі.

Тамақ түрлері. Жемістер, жидектер, тәттілер, жаңғақтар, шекілдеуік, ет, балық. Олардың пайдасы мен зияны. Азық-түліктерді қолдануға дайындау ережелері: жуып-тазалау, қайнату. Тамақтан уланудың алдын алу.

Аурудың алдын алу. Денсаулықты нығайтудағы шынығу және оның маңызын түсіндіру. Күн, ауа және су — біздің нағыз досымыз. Табиғи факторлар көмегімен шынығудың маңызы мен ережесі. Күн тәртібі.

Сымбат. Әдемі сымбат денсаулықты сақтайды.

Ұйқы және оның адам өміріндегі маңызы.

Пайдалы және зиянды әдеттер. Темекі мен арақтың зияны.

Өзіңе және басқаға көмектес. Өзінің және құрдасының түріне, көзіне, қолына, денесіне қарап оның жағдайын анықтай алу. Науқастанып, ауырған кезде дереу ересектерге хабарлау. Науқас адамға мүмкіндігінше көмектесу. Азын-аулақ жарақаттанғанда алғашқы көмек көрсету ережесін білу.

Дененің ауырғанын жеңілдететін тәсілдер. Дененің ауырғанын жеңілдете білу: ауыртып алған жерін сипау (уқалау), салқын затты басу (су орамал), зейінін басқа жаққа аудару, жұбату, қорқынышын сейілту.

Дене шынықтыру жаттығулары арқылы әлсіреу кезінде 1-2 тыныштандыратын кешенді меңгеру.

Дауларды шеше білу. Басқаларды ренжітпеу. Қол көтеру — жанжалды шешудің тиімді тәсілі емес екендігін есте сақтаған жөн. Бірлесіп жұмыс істеу – қарсыласудан жақсы. Дөрекілер мен бұзақылардан алыс жүру қажет.

Өзінен кішілерге, әлсіздерге қамқорлық көрсету. Басқа біреудің көмектесуін күтпей-ақ, көмек керек сәтте басқаларға көмектесу.

Табиғат

Үй жануарлары. Жанауарларды күтіп-баққанда қауіпсіздік шараларын білу (мысық, ит, атжалман, құстар және т.б.).

Жабайы аңдар. Жәндіктер. Жәндіктердің келтіретін зиянын білу (шыбын, маса, тарақандар). Олардан қалай сақтанатынын білу. Көшеде және бөтен үйде жануарлармен қарым-қатынас жасағанда қауіпсіздік ережелерін сақтау.

Саңырауқұлақтар. Шикі саңырауқұлақтарды аузына салмау керек. Оларды жинамау керек. Саңырауқұлақ тергеннен кейін қолды тазалап жуу.

Ауа райы. Ауа райы өзгерген жағдайда өзін қалай ұстау керектігін білу (қар жауғанда, жаңбыр жауғанда, күн ысығанда, суығанда).

Қурап қалған ағаштар мен бұталардың қаупі. Оларға өрмелеп шығуға, айналасында ойнауға болмайды. Дәрілік шөптер. Улы өсімдіктер.

Дәрілік шөптер. Улы өсімдіктер.

Әлеуметтік өмір. Қиын жағдайда өзін-өзі ұстау тәртібі. Шұғыл жағдайда өзін-өзі ұстау ережесін білу:

- егер адасып қалсаң немесе бейтаныс жерге тап болсаң, полиция қызметкерлерінен, кассирден, сатушыдан және басқа да қызметкерлерден көмек сұра;

- үйдің есігі қағылған сәтте, есікті ашпастан бұрын кішкене тесігіне қара; егер есіктің кішкене тесігі сыртынан жабық болса, тіпті ашпа; пәтерден танымайтын адамға шықпа; есікті тек құлыппен жауып қана қоймай, ысырмамен, шынжырмен жап;

- бейтаныс адамның көлігіне отырма; егер, көшеде немесе есік алдында бейтаныс адам сені алып кетпекші болса, «Мен сені танымаймын» деп дауыстап, қашып шығудың амалын жаса; жедел сатыға (лифт) танымайтын адаммен бірге кірме.

Үйдегі қауіпсіздік ережесі. Үйде балалар немен ойнамау керек? Бәлеге ұшырамас үшін қандай заттарды ұстамау керек? Біздің үйде не қауіпті? Электр аспабын, газды, суды қалай дұрыс қолдану керек? Үйде қандай қауіп төнуі мүмкін? Шұғыл қызмет телефондары.

Балабақша ауласы. Сенің үйіңнің ауласынан айырмашылығы қандай? Әр түрлі құрал-саймандарды қолдана білу ережелерімен таныстыру.

Ауладағы қауіпті жерлер: өсіп кеткен бұталар, қурап кеткен ағаштар, көлік жүретін жолдар, қоқыс тастайтын жәшік. Ұқыпты және абай болу керек. Аулада өзін-өзі ұстау ережесі: ластамау, шуламау, терезеге және балкон жанына жақын ойнамау, шыны сындырмау.

Жақын жердегі айналаны, балабақша орналасқан шағын ауданды, өзі тұратын үйді бағдарлай білу. Ненің қай жерде орналасқанын білу. Үйге және балабақшаға баратын мейлінше қауіпсіз жолды білу. Нақты жол бағытын білу.

Жол белгілерімен таныстыру: «Балалар», «Жаяу кісі өтетін өткел». Жаяу кісілер тек белгі қойылған жерден ғана өтеді. Екі жақты қозғалыста алдымен сол жаққа, жолдың ортасына жеткенде - оң жаққа қарау. Көше және жол белгілері. Өз ауданындағы көліктермен танысу. Жүріп бара жатқан кез-келген көлік адамға қауіп төндіруі мүмкін.

Қоғамдық орындарда өзін мәдениетті ұстай білу және қауіпсіздік ережелерін сақтау. Жалпыға ортақ құрал-саймандарды ұқыпты және дұрыс қолдана білу (жеделсатылар, телефон-автоматтар).

Жыл соңында валеология бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:

- адамның дене құрылысын, маңызды мүшелердің қызметін;

- негізгі азық-түліктерді білуді және атауды, олардың сапалылығын анықтауды;

- жеке бас заттарын қолдануды;

- жұқпалы аурулар мен олардың белгілері туралы;

- аурудың алдын алудың негізі шаралары және денсаулықты нығайту (шынығу, күн тәртібін сақтау, дене сымбатын сақтау) туралы;

- жануарлармен, жәндіктермен қатынас жасау қауіпсіздік тәсілдерін, сақтық шараларын сақтауды;

- улы және дәрілік өсімдіктер туралы түсінікті;

- үйде, көшеде, қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау қауіпсіздігін және ережесін;

- өзінде және басқаларда байқалған аурудың алғашқы белгілерін ересектерге өз уақытында айтып көмек сұрауды;

- өз уақытында полиция, кассир, сатушы және басқа да қызмет ететін адамдардан көмек сұрауды;

- дененің ауырған жерін жеңілдетуді;

- жедел жәрдем қызметін шақыруды;

- жақын жердегі айналаны, балабақша орналасқан шағын ауданды, өзі тұратын үйді бағдарлауды;

- жалпыға ортақ құрал-саймандарды ұқыпты және дұрыс қолдануды (жеделсатылар, телефон-автоматтар);

- қоғамдық орындарда өзін өзі ұстау қауіпсіздігі мен мәдени ережелерді сақтай білуі тиіс.

 

Өздігінен қозғалу белсенділігі

Ойынды түрлендіріп, қызықты өткізуге мүмкіндік беретіндей түрлі құрал-жабдықтармен, спорттық құралдармен жабдықталған қимыл-қозғалыс әрекетін дамытатын орта құру. Зауыттық спорт құрал-жабдықтарымен қатар жүйелі түрде массажерлер, жүру мен жүгіруге арналған, ептілікті, үйлесімділікті дамытуға бағытталған жасанды құрылғыларды пайдаланған жөн.

Ойын алаңын басқа да ойындарды ойнауға ыңғайлы болатындай етіп ұйымдастыру керек. Ойындардың, қимыл-қозғалыстардың, жаттығулар түрі жазылған карточкалар жиынтығы болуы қажет.

Балаларды құрдастарымен жарыс ұйымдастыру барысында ережеге бағынуға үйрету.

Балалардың қалауы бойынша қимылды ойындар ұйымдастыруға жағдай жасау. Серуен кезінде меңгерген қимыл-қозғалыс іскерліктері мен дағдыларын жетілдіру. Серуендеу орынын дұрыс жабдықтау.

Қыс мезгілінде мұз жолдарымен сырғанау, шаңғымен жүру, хоккей ойнау, шанамен сырғанау, ал жылдың жылы мезгілінде велосипедпен жүру, футбол, бадминтон, баскетбол ойындарын ойнауға қолайлы жағдай туғызу керек. Ойын алаңдарында кедергі жолдары болғаны дұрыс.

Айына бір рет дене шынықтыру ойын-сауығын, жылына 2 рет – қыста және жазда дене шынықтыру мерекелерін ұйымдастыру.

Сауықтыру және шынықтыру жұмыстары

Топ бөлмесінің ауасын жүйелі түрде тазартып отыру арқылы қалыпты температура ұстап отыру.

Балаларды ауа райына байланысты киіндіріп, күн сайын жеткілікті мөлшерде таза ауаға шығару.

Балалармен қарапайым су процедураларын өткізу. Біртіндеп судың температурасын төмендету арқылы дене шынықтыру.

Аяққа дене температурасына қарсы су құю жаттығуларын жүргізу.

Шынықтыру өткізу барысында дене шынықтыру құралдарын пайдалану - баланың денсаулық жағдайын ескере отырып жүргізілуі керек.

Ертеңгілік жаттығуларды (10-12 мин) орындауға қызықтыру. Балаларға жаттығуларды реттілікпен орындауға үйрету: бастапқы қалыпқа сәйкес тұру, жай қарқынмен қол, аяқ, кеудеге арналған жаттығуларды орындау, белгіленген тәртіп бойынша дем шығару жүйесі жаттығуларын жасау.

Дұрыс дене сымбаты мен аяқ табанының дұрыс қалыптасуына көңіл бөлу.

Серуен кезінде меңгерілген біліктер мен дағдыларды қолдана отырып, қимылды ойындар мен дене шынықтыру жаттығуларын өз еріктерімен ұйымдастыра білуге үйрету, бірлесіп, ережелерді сақтай отырып, ойнау дағдыларын қалыптастыру. Балаларды күнделікті өмірде жыл мезгілдеріне сай табиғат ерекшеліктерін қолданып ойнауға үйрету.

Балаларды баскетбол, бадминтон, хоккей ойындарын ойнауға үйрету. Шаңғымен, велосипедпен жүру және т.б. дағдыларын жетілдіру.

Қажет жағдайда сабақтарда ұзақтығы 1-3 минут болатын сергіту сәттерін ұйымдастыру: жүру, жүгіру, бір орында секіру жаттығулары, тартылу, бұрылу, еңкею, отырып-тұру, қолдың саусақтарын ашып-жұму және т.б. қиын емес жаттығулар.

Дене шынықтыру сабағында құрдастарымен әсерлі қарым-қатынас жағдайында өзінің қимылдау тәжірибесін қолдану, әртүрлі іс-әрекеттерінде шығармашылық таныту.

Дене шынықтыру мерекелеріне, мереке кезінде ұжымдық ойындарға, сауықтарға, жарыстарға белсенді қатысуға қызықтыру. Өзінің жетістіктерін, меңгерген қимыл түрлерін, ептілігін, шыдамдылығын, батылдығын, тапқырлығын керек жерде көрсете білуге, жолдасының сәтсіздігіне жанашырлықпен қарауға тәрбиелеу. Жетістігіне қуануға, достық қарым-қатынасын нығайтуға, кішкентай бөбектерге қамқор болуға тәрбиелеу.

Мәдени-гигиеналық дағдылар

Ұқыпты тамақтану мен үстел басында өзін-өзі ұстау, асхана құралдарын еркін қолдану дағдыларын жетілдіру.

Өзінің жеке бас гигиенасы дағдылары мен ережелерін сақтауы мен оны орындауын қадағалап отыруға дағдыландыру. Дене тазалығын сақтауға, қолын, аяғын жууға, тісін ұқыпты тазалауға, ешкімнің ескертуінсіз-ақ тамақтанар алдында қолын жуып және тамақтанып болған соң ауыз қуысын шаюға, бет орамалын уақытылы ауыстырып, үстін, шашын ретке келтіріп отыруға, беліне дейін ылғалды сүртінуге дағдыландыру. Осы шаралардың маңыздылығын түсіндіру. Жеке заттарын ұқыпты ұстаудың қажеттіліктері мен ережелерін түсіну. Жеке гигиеналық заттарды білу және дұрыс қолдану (сүлгі, бет орамал, тарақ).

Гигиеналық шараларды орындау кезінде балалардың бір-біріне көмек көрсетуін мадақтау.

Өз-өзіне қызмет көрсету дағдылары мен киіміне күтім жасауға дағдыландыру.

Баланың шамасына қарай жұмыс түрлеріне (асханада, оқу бөлмесінде кезекші, тәрбиешіге көмектесу т.б.) тарту арқылы еңбек етуге қызығушылығын арттыру.

Қоғамдық орындарда тазалық сақтау. Бөлмеде өзін-өзі ұстау тәртібін сақтау. Бөлменің ішін ұқыпты ұстау (қабырғаларды шимайламау, жарық беретін аспаптарды, баспалдақ сүйеніштерін бүлдірмеу). Ересектерден бүлінген заттарды жөндеуге көмек сұрау.

Қоғамдық орындарда тазалық ережесін сақтай білу.

 

 

«Қатынас» білім беру саласы

Мақсаты: ана тілінің базалық құндылықтарын меңгерген, мемлекеттік және басқа да тілдерде мәдени-әлеуметтік өзара қатынасқа дайын, айналасындағылармен тілдесу арқылы қарым-қатынас жасауға қабілетті мектеп жасына дейінгі көптілді тұлғаны тәрбиелеу.

Мектепке дейінгі ересек жаста «Қатынас» білім беру саласының базалық мазмұны ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінің түрлері:

- тіл дамыту;

- көркем әдебиет;

- сауат ашу және жазу негіздері;

- мемлекеттік, орыс және басқа тілдер арқылы жүзеге асады.